ЕРКЕ ҚЫЗ БЕН МЫСЫҚТЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕН ҒАЖАЙЫП ОҚИҒАЛАРЫ
Ерке қыз бен мысық
Кең жайылған Қазақ елінде бір шағын ғана ауыл бар. Ауыл биік таудың баурайында орналасқан. Қыс болса ақ көрпеге оранып, Қар патшалығына айналады. Ал жазда жұпар гүлдің иісі жаныңды сергітіп, самал жел көк майсаны тербетіп жап-жасыл Ертегі әлеміне енгендей болады. Әсіресе, өткінші жауыннан кейінгі күй керемет. Аспан күмбезіне керілген кемпірқосақты айтсаңшы! Қызыл-жасыл, көздің жауын алады. Сол кемпіросаққа шығып анау аспандағы ақша бұлттарға мініп, көк аспанның көгінде саяхат жасасаң шіркін!
Осы тамаша ауылда бір кішкентай қыз бала тұрыпты. Әрине, өзі жалғыз емес. Атасы, апасы, анасы және әкесі, сүп-сүйкімді інісі барлығы бірге тұрады. Ол қыздың аты – Ерке қыз. Өзі сондай сүйкімді. Кішкене ғана қоңыр көздері күлімдеп, үнемі көңілді жүреді. Шашын анасы бұрым қылып өріп қояды. Үнемі етек-жеңі қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген көйлек киіп жүреді. Оның қасынан бір елі қалмай ілесіп жүретін мысығы да бар екен. Өзі сондай ақылды, аппақ мысық. Ерке қыз оны «Аппағым» деп еркелетеді. Екеуі үнемі бірге ойнайды. Мысық тіпті былай әндете де алады.
Мен мысықпын, мысықпын,
Ерке қыздан қалмаймын
Өзім сондай пысықпын.
Көрдің бе мен, қандаймын!
Ал балақай, егер дайын болсаң, мен саған Ерке қыз бен мысықтың басынан кешкен ғажайып оқиғаларын айтып берейін.
Ерке қыз, мысық және ғажайып дүкен
Ерке қыз өте ақылды, елгезек қыз. Әрине, кейде еркелеп, болмашы нәрсеге бұртиып өкпелеп қалады. Бірақ онысы ұзаққа созылмайды. Күні бойы өкпелеп жүргеннің несі жақсы? Ешкіммен ойнай да алмайсың. Онан да тез арада татуласып алған жөн. Ерке қыз анасының тапсырып кеткен жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп орындап қойды. Өз бөлмесін және інісі шашып тастаған ойыншықтарды жинау соншалықты қиын жұмыс емес қой. Оны тіпті сен де істей аласыңдар. Сонда анаң «Қолқанатым» деп қуанатын болады.
Мысығым, жүрші, «Ғажайып дүкенге» барып келейік, - деді Ерке қыз бір кезде. «Ғажайып дүкенде» адамға, табиғатқа пайдалы заттар ғана сатады. Ол жердегі Дүкенші ағай өте мейірімді. Балаларды қатты жақсы көреді. Екеуі дүкенге келген кезде Дүкенші ағай көңілденіп, әндетіп отыр екен:
Бұл ғажайып дүкенге,
Келіңдер ме, ал,тұрма
Не қаласаң берейін,
Тек пайдалы зат мұнда.
Денсаулыққа пайдалы,
Сүт пен қымыз болып тұр,
Жеміс деген әнекей,
Көкөніс те толып тұр.
Айналыссаң спортпен,
Денің сау боп жайнасаң
Асық та бар, доп та бар.
Шахмат бар ойнасаң.
Ауырмайсың ешқашан,
Таза жүрсең балақай,
Щетка, жөке, сабын бар,
Алақай-ау, алақай!
О, Ерке қыз келіпті ғой!- деп ерке қыз бен мысықты көріп, дереу әнін аяқтады. Әрине, олар келмегенде әлі де біраз әндетер еді.
Сәлеметсіз бе ағай,- деп Ерке қыз бен мысық Дүкенші ағайға сәлем берді.
Сәлемет пе, Ерке қыз. Қалың қалай, Мысықжан. Дүкеніме қош келдіңдер! Ал, не қалайсыңдар, айта қойыңдар.
Ағай маған газды сусын мен қытырлақ картоп беріңізші.
Жо-жоқ, мен де ондай денсаулыққа зиян тағамдар жоқ. Ерке қыз, білесің бе, газды сусын да, қытырлақ картоп та сен сияқты өсіп келе жатқан кішкентай балаларға өте зиян. Денеңдегі барлық дәрумендерді жойып жібереді. Сен онан да, қарашы, мұнда тәтті айран, сүт, кепкен жемістен жасалған сусындар бар. О! Бұлардың ішсең денің сау, ақылың көөөп болады.
Солай ма? Жарайды, онда ақылды қыз болып өсуім үшін маған әне бір әдемі құтыдаға айран, құрт және тәтті бәліштен беріңізші.
Екеуі дүкеннен шықты. Айран шынымен де дәмді екен. Бірақ, жүріп бара жатып ас ішуге, тіпті су ішуге болмайды. Отырып ішу керек. Олар дүкен жанындағы саябаққа барып, сол жердегі сәкіге отырып, қолдарындағы тәттілерін жеп алды. Әрине, сол жерде ойнап жүрген достарымен де бөлісті. Үйлеріне келе жатып, Ерке қыз мысығының бірнәрсе шайнап жүргенін байқады.
Сен сағыз алғанбысың? Ол зиян ғой!
Жоқ, бұл тіске нағыз пайдалы, шайырдан жасалған сағыз, -деп маңғаздана жауап берді мысығы.
Иә, балақайлар, ақылды, шымыр болып өсу үшін тек қана пайдалы ас ішуге дағдыланыңдар.
Ғажайып қап
Ерке қыздың достары көп. Олармен ойнаған өте қызық. Бүгін де мысығы екеуі достары ойнап жүрген ойын алаңына барды. Мұнда әткеншек те, сырғанақ та, белтемір де бәрі-бәрі бар. Қалағаныңша ойнауға болады. Тек, достарыңмен таласып, өкпелетіп алмасаң болғаны.
Ерке қыз келді! – деп қуанды Айна қыз.
Кел, кел! Бәріміз бірге ойнаймыз, - деп басқа балалар да қуанып жатыр. Ерке қыз олармен ойынға кірісіп те кетті. Айна қаз қолындағы тәттісін жеп, содан кейін қағазын жерге тастай салды. Ал Батыр болса, бананның қабығын лақтырып жіберді. Ерке қыз енді байқады, бұлардың ойын алаңында қағаздар, кейбір сынған ойыншықтар, бөтелкелер шашылып жатыр екен. Кейде анасымен көшенің басында тұратын әкпесіне барғанда, жол бойы шашылып жатқан пакеттерді, қағаздарды, бос құтыларды, қалбырларды көретін. «Неге тазалық сақтамайды екен?» деп үлкендерге таң қалатын. Мұны мысық та байқаған сияқты. Ерке қыздың аяғына орала еркелеп,
Ерке қыз қарашы, мына жер ластанып кетіпті ғой.
Иә, рас айтасың. Мұны қалай тазалауға болады? Ақыл қосшы, мысығым.
Мысық өте ақылды еді. «Қазір!» деді де бір жаққа жүгіріп кетті. Бір кезде Дүкенші ағайды ертіп келді. Бірақ бұл жолы аппақ дүкенші халатының орнына тазалықшының көк халатын киіп алыпты. Біздің Дүкенші ағай әмбебеп қой. Тазалықшы да, дүкенші де болады, тіпті өлең де шығара алады.
Әй балақайлар, ойнайтын жерлеріңді таза ұстасаңдар қайтеді? – деп басын шайқады.
«Ағай, ағай!» деп жүгіріп келген балалар тосылып қалды. Жан-жақтарына қарады. Расымен де аулада қоқыстар шашылып жатыр екен. Бәрі ұялып кетті.
Балақайлар, мына қоқыстың бәрі табиғатты ластайды. Табиғат ластанса ауа да, су да ластанады. Онда мына әдемі гүлдер де, жап-жасыл ағаштар да, тіпті сендер де ауырып қаласыңдар. Білесіңдер ме, мына тастаған қоқыстардың барлығын екінші рет пайдаға асыруға болады.
Рас па?
Қалай сонда?
Ана бөтелке де, сурет салып, шимайланған қағаз да пайдаға аса ма?
Сүт пен айранның қаптары ше? – деп шулап кетті балалар. Олар ешқашан да қоқысты тағы бір рет пайдалануға болады деп ойламаған.
Әрине. Тіпті батарейкалар, әйнектер, пластмассаларды, қалбырларды кәдеге жаратуға болады. Ол үшін сендер қоқысты лақтыра салмай, арнайы қаптарға салып, заттарды екінші рет өңдейтін жерге өткізулерің керек. Міне, мен ғажайып қаптар әкелдім. Мына көк қапқа қағаз, картондарды салыңдар. Ал мына, сары қапқа пластмасса бөтелке, сынған ойыншықтарды салыңдар.
Балалар дереу іске кірісіп кетті. Барлығы әп-сәтте ауланы тазалап шықты. Шынымен де тазалық жұмысын істеген жақсы екен ғой. Аула тап-таза. Лақтырған картон астында қалған гүл де қуана бойын көтеріп, балаларға алғыс айтты.
Көрдіңдер ме, балалар, тазалақ деген қандай керемет! Егер әрқайсың жеген тәттілеріңнің қабығын лақтыра салмай қоқыс салатын жәшікке салсаңдар, әрқашан да тазалық болады. Ал, мен мына ғажайып қаптардағы қоқыстарды арнай жерге өткізейін. Тағы да пайдаға ассын!
Алақай!
Біз бәрін тазаладық!- деп қуанып жатты балалар. Ерке қыз да, мысық та қуанышты. Әдеттегідей дүкенші-тазалықшы ағайымыз әндете жөнелді:
Мен де, сен де ән салып,
Құтқарайық жер шарын.
Қане, бәрің тыңдаңдар,
Шартарапқа жайылды,
Достық жайлы бұл әнім!
Шапалақта қолды,
Қосылыңдар бәрің!
Бос бөтелке, сынған әйнек,
Жатыр әне әр жерде.
Тастамайық босқа оларды,
Жаратайық кәдеге.
Қолға алсаң төзіммен,
Жеңіс келер төріңе.
Ішкен сүт пен шырынның,
Бос тастамай қорабын,
Іске жарат, ерінбе.
Батарейка отырса,
Лақтырып оны тастама,
Қайта өңдеуге өткізсең,
Кәдеге асар басқа да.
Умаждалған қағаз да,
Жап-жаңа боп оралар
Берсеңдер егер оларды,
Қайта өңдеуге, балалар.
Сақтау үшін жер шарын,
Керек емес көп еңбек.
Пайдаланып тастаған,
Батарейка, қағазды,
Бөтелке мен әйнекті.
Жинап алсаң, сәл терлеп,
Қайта өңдейтін жерге сен,
Тапсырғаның, бұл – көмек!
Жаттап алғын бұл әнді,
Бүлдіршін, бала, балдырған.
Пайдаланған затыңды,
Лақтырмауға дағдылан!
Балалар расымен де үлкен іс атқарды. «Тазалық - иманның жартысы» дейді үлкендер. Сондықтан, ақылды, иманды бала болып өсу үшін тазалық керек екен. Солай емес пе? Балақай, тамсанып жеген тәттілеріңнің қабығын, сынған ойыншықтарыңды тастамай, қоқыс салатын жерге жинап қою сенің де қолыңнан келетініне сенімдімін.
Ғажайып шәлі
Ерке қыз көрші үйдегі өзімен жасты Айна қызбен ойнап отыр. Қуыршақтарына әдемі көйлек киіндіріп, бір-біріне «қонаққа» апарып жүр. Екі құрбы қуыршақтарын тілдестіріп отыр.
Сәлеметсіз бе. Мен сізге қонаққа келдім, -дейді Ерке қыздың қуыршағы.
Сәлемет пе. Қалыңыз қалай. Төрлетіңіз, - деп Айна қыздың қуыршағы
қонағын күтіп алып, зыр жүгіріп жүр. Аналарынан естіген сөздері ғой. Мысық екеуінің ойынын бақылап анадай жерде отыр. Анда-санда аяқтарымен бетін, мұртын сүртіп, тазаланып қояды. Кеш бата ойындары әбден қанған екі қыз үйлеріне тарасты. Күн ұясына батып бара жатқанда далада жүруге болмайды деп Ерке қыздың анасы қатаң ескерткен. Далада жаман нәрселер жүреді екен. Сондықтан күн ұясына батқанша үйде отырып, содан кейін кешкі салқынмен серуендеуге болады.
Анасы дәмді кешкі ас пісіріп қойыпты. Әкесі де жұмыстан келіпті. Кішкентай інісі де орындығына отырып, қасықты үстелге тақылдатып, тамақ сұрап отыр. Қарны ашқан ғой. Ерке қыз қолын сабынмен тазалап жуды. Өйткені, күніұзақ далада ойнады. Қолында түрлі микробтар бар. Егер қолын жумай тамақ ішсе, ауырып қалуы мүмкін екен. Мұны да анасы айтқан. Ал астан кейін мүндетті түрде ауызды шайып, қолды тағы да жуу керек. Сонда тісі маржандай болып тізіліп тұрады екен. Ерке қыздың мысығы да ақылды, кірпияз жануар ғой. Ол тіпті жиі жуынады.
Анашым, осы Айна мүлдем жуынбай ма?- деді дастархан басында Ерке қыз.
Неге олай дейсің?
Білмеймін. Көйлегі үнемі кір болып жүреді. Қолдары да, беттері де сатпақ-сатпақ. Ол сондай жақсы қыз ғой. Бірақ, неге тап-таза болып жүрмейді.
Иә, одан көрі мен тазамын, - деп мысықта әңгімеге араласты.
Айна қыздың өзі де анасы да, әкесі де, бауырлары да өте жақсы адамдар. Тек бір кемшілігі, анасы салақтау. Үй ішін де, бойларын да таза ұстамайды. Әрине, бұл өте жаман қасиет. Ерке қыз ұйықтар алдында тістерін жуып, ұйқы көйлегін киіп алды да, мысығынан сұрады:
Мысығым, айтшы, Айна қызға қалай көмектесуге болады? Мен оның тап-таза болып жүргенін қалаймын.
Таза жүр деп айта салмайсың ба?
Ол ренжіп қалмай ма?
Онда...онымен бірге ойнамай-ақ қой.
Жо-жоқ, ол не дегенің! Айна қыз өте жақсы қыз. Мен оны жақсы көремін. Онымен бірге ойнаған сондай көңілді. Мысығым, сен ақылды едің ғой. Бірнәрсе ойластырсаңшы, - деп Ерке қыз мысығына өтініш
айтты. Расын да мысығымыз ақылды еді ғой. Бәлкім таң атқанша бірнәрсе ойлап тауып қалар. Ал қазірге пырылдап ұйықтай тұрсын.
Таң атты. Терезеден түскен күннің сәулесімен Ерке қыз да күліп оянды. Жүзі сондай қуанышты.
– Мысығым, мен таптым! Айна қызға қалай көмектесу керек екенін таптым, - деп қуана айқай салды. Ұйқысынан әлде қашан оянған мысығы Ерке қыздың бұл қылығына таң қала қарады.
Ал менің ойыма ешнәрсе келмеді. Сонда, қалай көмектеспекісң?
Кейін айтамын. Қазір таңғы астан кейін екеуміз «Тек пайдалы заттар» сатылатын дүкенге баруымыз керек.
Жарайды.
Ерке қыз бен мысығы «Тек пайдалы заттар сатылатын дүкенге» келді. Дүкенші ағай олармен қуана көрісіп, не үшін келгендерін сұрады.
Ағай, маған әдемі тоқыма жібін беріңізші.
Тоқыма жібі деймісің. Қазір, қарап көрейін. Егер ол пайдалы нәрсе болса, міндетті түрде табылуы керек, -деп Дүкенші ағай сөрелерді қарай
бастады. Бір кезде түрлі-түсті тоқыма жіптерін Ерке қыздың алдына жайып салды. Бірінен бірі өтеді. Түрлі-түсті, жұп-жұмсақ жіптер. Ерке қыз бен мысығы ақылдаса отырып, қардай аппақ жіпті таңдады. Дүкенші ағайға алғыстарын жаудырып, үйлеріне қарай қуана кетіп бара жатты.Анасына аппақ жіптерді алып келіп, Ерке қыз еркелеп:
Анашым, мына жіптен әдемі шәлі тоқып беріңізші,- деді. Ерке қыздың
анасы нағыз шебер тоқымашы. Жіптерді қолға алса болды, шәлі де, әдемі көйлектер де, күнқағар қалпақтарды да тоқып береді.
Қызым-ау, оны қайтпексің?- деп таңырқай сұраған анасына,
Анашым, өтінем тоқып беріңізші. Бұл әзірге құпия. Бірақ, ол ғажайып шәлі болады, - деп жауап қатты. Қызының көңілін қимаған анасы
ертеңге дейін әдемі шәлі тоқуға уәде берді. Енді мысық пен Ерке қыз ертеңгі күнді тағатсыздана күтті. Мысық Ерке қыздың не ойлағанын қанша білгісі келсе де, ойына ешнәрсе келе қоймады. Ерке қыздан жалынып сұраса да, ол ешнәрсе айтпады. Тек жымиып қана қояды. Хош, шәлінің жайы ертең белгілі болмақ.
Таң ата ұйқысынан ояна сала, Ерке қыз анасына жүгіріп барды. Міне, керемет. Анасы уәде еткендей аппақ шәлі тоқып қойыпты. Өрнектері қандай әдемі десеңші. Шашақтары да төгіліп тұр. Ерке қыз қатты қуанып, анасын құшақтап, сүйіп алды.
Анашым, енді осы шәліні алып, Айна қыздың үйіне барайық. Мұны оның анасына сыйлаңыз.
Сонша жасырған сырың осы ғана ма?- деп мысық бұртия қалды. Бірақ, не үшін шәліні көрші тәтеге сыйламақ болғанын түсінер емес.
Анасы бірден келісе кетті. Үшеуі, әрине үшіншісі Ерке қыздан бір елі қалмайтын мысық досымыз ғой, көрші үйге келді. Айна қыздың анасы қонақжай кісі. Оларды қарсы алып, дастархан жайып, тәттілерін қойып бәйек болып қалды. Айна қыз да қуанып жүр. Тек...таң әлдеқашан атса да, беті-қолын жумапты. Ерке қыздың анасы біраз уақыт отырды да, сыйлыққа аппақ шәліні беріп, үйіне қайтты.
Үйде өзі ғана қалған Айна қыздың анасы шәліні жамылып, айнаға қарады. Керемет! Қандай әдемі шәлі. Қардай аппақ, мамықтай жұмсақ. Кенет үстіндегі көйлегінің кір екенін байқап, ұялып қалды. «Мынадай шәліге кір көйлек жараспас» деп дереу көйлегін ауыстырды. Айнаға қарады, орамалы қисайып кетіпті. Оны әдемілеп қайта байлады. Енді айналасына қараса, үйдің іші шашылып жатыр екен. Бұл мынадай әдемі шәлінің түрін бұзатын сияқты. Айна қыздың анасы сол арады үйдің ішін жинап, шаңдарын сүртіп, мұнтаздай таза етіп жинап қойды. Ерке қызбен ойнап ойыны қанған Айна қыз да үйіне келген еді. Аппақ шәлі жамылған сұлу анасын, мұнтаздай таза бөлмені, жайнатып қойған дастарханды көріп, Айна қыз қатты таң қалды. Анасы қызын көріп ұялып кетті. Дереу жуынатын бөлмеге апарып, жуындырып, тап-таза, әп-әдемі қызыл көйлегін кигізіп, шашын тарап, екіге өріп берді. Міне, айнадай жарқыраған сұлу Айна қыз!
Көршісінің бойындағы өзгерісті байқап Ерке қыздың анасы да, Ерке қыз да қатты қуанды. Содан бері Айна қыз да тап-таза жүретін болды.
Иә, сен ақылды екенсің,- деп мысығы Ерке қызды мақтап қойды.
Ол «ғажайып шәлі» болады деп айттым емес пе, - деп анасына мақтана қарады.
Ақылыңнан сол. Осылайшы ізгілік нұрын шашып жүре ғой, құлыным,-деп анасы қызын еркелете құшақтады.
Балақай, сенің де Ерке қыз сияқты жақсы істерің арқылы айналаңа ізгілік нұрын шашып жүргенің анық.
Ғажайып сөмке
Бүгін Ерке қыз ерекше қуанышты. Өйткені, жақында мектеп табылдырығын аттайды. Даярлық сыныбына бармақшы. Енді оның сүйікті ұстазы, көп достары болады. Тек мысық қана уайымдап жүр. Ерке қыз сабақтан келгенше кіммен ойнамақшы? Мектеп табалдырығын аттау құрметіне ата-анасы жақындарын, көрші-қолаңдарын қонаққа шақырған. Барлығы қонақ күтуге дайындалып, зыр жүгіріп жүр. Ерке қыз болса үстіне анасы тігіп берген әдемі қос етек көйлегін киіп алған. Оюлы камзолы да бар. Өзіне сондай жарасымды. Бір кезде қонақтар да келе бастады. Алақай, барлығы Ерке қызға сыйлық алып келіпті. Айна қыз анасы екеуі ерке қызға әдемі қуыршақ сыйлады. Ал достары, өздері жеген тәтті кәмиттердің қағазын тастамай жинап, үлкен гүл жасапты. Бұл расымен де ерекше сыйлық еді. Ал Дүкенші ағайдың сыйлығы тіпті керемет. Сөмке. Иә, иә, жай сөмке емес «ғажайып сөмке»! Іші толған оқу құралы, кітаптар.
Кітап, қалап, дәптер де,
Бәрі-бәрі ішінде.
Пайдаға асыр, балақай,
Мұның мәнін түсін де.
Білім алсаң ерінбей,
Үміт күтер ел сенен.
Сондықтан да дос болғын,
Бұл ғажайып сөмкемен.
Ерінбесең сөмкені,
Арқаласаң еңбекпен.
Елдің жүгін арқалап
Кете аласың күн ертең.
Зейін қойып, зер салып,
Жазу жазғын тым көркем.
Бойға жинап білімді,
Бестікке толсын бұл сөмкең,- деген тілегін де қоса айтты. Барлығы Дүкенші ағайға ду қол шапалақтады. Ерке қыз ерекше қуанды. Ағайға рахмет айтып, сөмкесін арқасына асып алды. Шыр көбелек айналып билей жөнелді тіпті. Мысық та қарап қалмады. Ерке қызбен еркелеп ол да секіріп жүр. Бастапқыда көңілі жабырқап жүрген мысығын ерке қыз әлдеқашан жұбатып қойған. Ерке қыз сабақтан келгенше, мысығы дүкенші ағайға көмектесетін болды. Әрине, әзірге оның қандай жұмыс істері белгісіз.
Әке, анашым, мен енді білімді қыз боламын! Әріп үйренемін, жазу жазамын, есеп шығарамын! Алақай!- деп қолын шапалақтап мәз болды.
Кенет тоқтай қалып, ойланып кетті.
Не болды қызым, бәрі дұрыс па?- деп бәйек болды анасын.
Иә, бәрі дұрыс. Тек, анашым, мен білім алған соң үлкееен болып өсемін. Сол кезде кім боламын?
Қызым-ау, ең бастысы қазірден бастап пайдалы білім алуға тырыс. Ал білімді болсаң, қалаған мамандығыңды игеріп кете аласың,- деп қызының басынан сипады әкесі.
Кім боламын,
Кім боламын өскенде?
Бәлкім ұстаз болармын,
Білім нұрын шашатын.
Бәлкім ұшқыш болармын,
Көктен ары асатын.
Бәлкім киіп ақ халат,
Мен дәрігер болармын.
Сәулетші болып ғажайып,
Ғимараттар салармын.
Бәлкім, бәрін қуантып,
Дәмді ас пісіріп берермін.
Бәлкім ғалым болып мен,
Білім дәнін терермін.
Он саусағым өнерлі,
Тігінші бәлкім болармын,
Әлде, қалам алармын,
Том-том кітап жазармын.
Кім болсам да ержетіп,
Сүйіп істейтін ісімді,
Нағыз маман боламын!
Апам-атам айтпақшы,
«Ең бастысы ел сүйген,
Нағыз Адам боламын!»
Пәлі, Ерке қыз өзі ақын екен ғой! Сірә, Дүкенші ағайдан үйренген болу керек. Ерке қыздың бұл өнеріне барлығы риза болысты. Дастархан басына отырып, үлкендер барлық бүлдіршіндерге бата берді. Бүгінгі күн ерекше болды.
Балақай, күні ертең сен де мектеп табалдырығын аттайсың. Сол кезде, ұстазыңды зейін қойып тыңдап, терең білім алуға тырыс. Жарай ма? Сонда ержеткенде үлкен маман иесі болып, Еліңнің нағыз азаматы боласың! Біз саған сенеміз!