Адам қарады: 323 | Жарияланды:

ҒАЖАЙЫП НҰР

Түнгі аспаны самаладай жарқыраған Астанадан бүкіл қазақ жеріне шұғылалы нұр таралып тұр екен дейді. Осынау ғаламат нұр жарық жылдамдығымен күллі әлемге таралып, талай адам таңдай қағып, тамсана тамашалайды екен. Қас-қағым сәтте жұмыр жер беті жарық айнадай жарқырап сала берді.

   Ықыластың жүзін терезеден түскен күннің алтын кірпіктері қытықтап, оятып жіберді. Мектеп оқушысы әлгінде ғана көріп жатқан ғаламат түсінің кіл үзіліп қалғанына өкінді. Көзін сығырайта ашып, мойнын бұрып, өзі жөндеп алған ескі сағатына қарады. Уақыт тұп-тура бес болыпты. Бір қызығы, күнде төсектен басын көтере алмай жататын ұйқысырау жоқ. Ықылас өзін бүгін тым сергек оянғанын сезінді. Көңілінде әлдебір қуаныш бар. Бүгін ерте тұрғаны тегін емес секілді.

Кеудесінде үміт оты маздап, төсегінен атып тұрып, әскери адамша киінді. Дәл қазір қолға алатын аса маңызды іс бардай бойында ерекше құлшыныс барын байқады. Беті-қолын жуып, таңғы асын ішті. Залдың бөлмесін жағып, физика кітабын парақтай бастады. Бұл кезде Зере әжесі жайнамазын қолтықтап, еш алаңсыз келе жатыр еді. Таң атпастан кітаптан бас алмай жатқан немересін көріп, селк етті.

-  Ойе-буу, Ықыласжан-ау! Әлі ерте ғой, ұйықтамайсың ба? – деді Зере әжесі қамқордық танытып.

- Ұйқым  келмейді. Сабақ оқуым керек.

- Сабағыңды кеше оқымап пе едің? Қораз шақырмай жатып кітапқа шұқшия қалыпсың. Көп оқымасаңшы, көзіңді ауыртасың.

«Ту-у, осы әжем де қызық. Әйтеуір мені жас бала көріп қорғаштап жүреді» деп ойлады Ықылас.

- Әже, мен сабақ отырмын, кедергі жасамаңызшы!

- Әні, бұлар өстиді енді. Қит етсең жақтырмайды. Жақсылық ойласаң да жақпайсың, - деп Зере кейігендей кимешегін түзеп қойды. Іштей «осы баланың басынан оқу өтіп кеткен мен білсем. Қой, әке-шешесіне айтпасам болмас» деді. Немересінің кітапты әрі-бері парақтап отырғанына таңырқап қалған. Ықылас өзіне тесіле қарап қалған әжесі ренжіп қалған шығар деп ойлаған

- Әже, сіз.. сіз өмірдегі ең мейірімді, ең әдемі әжесіз, - деді мейірлене. Орындықтан тұрып, әжесінің қанатынын астына келіп еркеледі.

- Күнім менің, әйтеуір әжеңді алдаусыратуға шеберсің ғой. Әжең қайбір жас дейсің, әйтеуір бес уақыт намаз оқыған соң жүзім нұрланып тұрған шығар.

- Әже, не дейсіз? Жүзім нұрланып тұр дейсіз бе? Таптым! Әже, мен іздегенімді таптым. Нұр! Иә, иә, нұр! Мен түсімде көрген нұр. Әже, сіз әдемі ғана емес, ақылды, данышпан әжесіз, - деп Ықылас әжесінің бетінен сүйіп алды. Зере аң-таң.

    Ықылас дереу сабақ оқитын столына жайғасып, кітапты қайта парақтай бастады. Зере секемденіп қалды. «Осы балаға бірдене көрінген. Ұшықтамасам болмас. Айттым ғой, оқу өтіп кеткен» деп өзімен-өзі сөйлеп кетті. Ықылас армандай бастады. «Шіркін, туған ауылымды көркейтсем ғой. Айнала жасыл желекке оранып, құлпырып тұруы үшін мол су керек. Ал ауылда су тапшы. Не істеу керек? Электр энергиясы да жетпей, ауылда кейде жалп етіп жарық сөніп қалады. Теледидардан сүйікті «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасын көріп отырғанда электр қуатынын сарқылып қалатыны көңілін түсіріп тастайтын. Осындайда инжинер, болмаса тоқ жөндеуші болғысы келіп кететін.

  Әжесі намазын оқып келгенде кітаптан әлі көз алмай отырған немересін көріп, басын шайқады.

- Айналайын-ау, андағы кітабыңда соншалықты не бар?  – деді әжесі.

- Білім бар.

- Е-е, оқығанын жөн ғой. Бірақ кітабыңды кеше сабақтан келгенде қарап отыр едің ғой. Сонша шұқшиып не көрінді?

- Жаңалық ашам.

- Жаңалық! – әжесі таңданғанда ауызындағы протез тісі түсіп кете жаздады. – Ол не қылған жаңалық?

- Ауылға су үнемдейтін әрі электр энергиясын өндіретін шағын су электр станциясын жобасын құрастырам.

- Осы сен сегіз оқығалы бері бір нәрсе құрастырып келесің. Екі жылдан бері там салсақ бітетін уақыты болды ғой.

- Әже, бұл көзге көрінбейтін жұмыс.

- Көзге көрінбейтін жұмыс деп көзіңді құртатын болсың ғой.  Айналайын-ау, ол әлгі ғалымдар... кім еді, иә, прәпесір, дөктірлердің жұмысы ғой.

- Әже, мен де сондай ғалым болсам деймін.

- Сен әуелі оқуыңды бітіріп алсаңшы.

- Сабағыңды жөнді оқымасам қалай ғалым болам?

- Е-е, боласың да. Әні, Әмірханның баласы... Естекті айтам да, мектепті жарытып оқыған жоқ. Қазір ауылға білдей әкім болып отыр.

- Әже, әкім болу мен ғалым болу тең деп кім айтты сізге?

- Әні, бұл сатқақты сөзбен жеңе алмайсың. Қой, болды енді, көзіңді ауыртасың. Қазір әке-шешең ұйқыдан тұрады. Шәй демдей берейін, - әжей ас үйге беттеді.     

   Ықылас кітап парағына көз жүгіртіп жатыр.  Тоқтың жұмысы мен қуаты... Ом заңы... Өткізгіштерді жалғау түрлері... Тағы не оқып еді? Иә, айтпақшы, қуат, амперметр, вольтметр... Тү-у, неткен көп ақпарат! Оқып қана қоймайды, тәжірибе жүзінде іске асарлық бір жаңалық ойлап тапқысы келеді. Дәл қазір мұның табандылығы мен еңбекқорлығына әйгілі Исаак Ньютонның өзі күлімсіреп қарап тұрар еді. Тоқ күшін анықтаған ғалым – Андре Мари, кедергіні анықтаған ғалым  - Георг Симонның өзі көз тірі болса, ынта-жігеріне таңырқап, қол ұшын берер ме еді. «Шіркін, сол ұлы ғалымдардың сәл ғана емеуріні көп дүниені өзгертер еді-ау!». Кеше мектепте физика пәнінен беретін Нұрбай ағай берген қуат пен тоқ күшін өлшейтін құралдары - реостат, шам, сымтетіктерді тартпадан суырып, үстел үстіне қойды. Иә, ағайы бұған үлкен сенім артады. Мектепішілік «Жас дарын» үйірмесі, аудандық, облыстық ғылыми жобалар жарысында жүлделі орын алған жоқ па? Сонда деймін-ау, мұнын ғылымға біржола бас қойғысы келсе, несі айып? Осы үлкендерің балалардың ойымен санаспайтыны-ай!

   Ұстазы үйреткен әдіспен құралдарды құрастыра бастады. Бір көңілге медет қылатыны – су электр станциясына қажетті құбырдың өлшемі мен қуат мөлшерін формулаға салып, санап та қойған. Орнында екі сағаттай тапжылмай жұмыс жасағанымен, түк өндіре алмады.  Есесіне елестер әлеміне еніп кеткендей басы мең-зең болып отырды. Алдындағы заттар бұлдырлап көріне бастады. Міне, ғажайып! Көз алды қарауытып, бейне бір салмақсыздық орын алғандай ауада формулалар вальс билей бастады. Бүкіләлемдік тартылыс заңы, цельсий шкаласы, жылу мөлшері, Джоул-Ленс заңы, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы... көз алдында шыр көбелек айналып, көлбеу қалқып, бөлме ішін кезіп жүрді. Құдды ауада толқын ойнап тұрғандай. «Есім ауысқан шығар» деп ойлады Ықылас. - Әжем дұрыс айтады. Маған дем алу керек. Өзімді сонша зорықтырып жібердім. Енді міне, денсаулығым да сыр бере бастады».

  Кенет көз алдына әлемге әйгілі физиктердің сұлбалары елестей бастады.

 

-  Ықыластан ешнәрсе шықпайды,  - деді неміс Ом Георг Симон. – Ол тізбек бөлігіне Ом заңын неге қолданбайды? Дәлдік жоқ жерде нәтиже де жоқ.

- Асықпаңыз, әріптес, - деп сыпайылық танытты итальяндық Вольт Александро. – Бала дұрыс бағытта келе жатыр. Кішкене еңбектенсе, мақсатына жетеді.

- Дұрыс айтасыз, - деді жағымды дауысты француз Андре Мари Ампер. – Ең бастысы, ток күші анықталды. Солай емес пе, марзалар!

Ом әріптестеріне сыбырлады:

- Мен Ықылас жігерленсін деп айтып жатқаным ғой. Әйтпесе, баланың жұмысына көңілім толып келеді.

- Егер менің басыма алма түспегенде бүкіл тартылыс заңын ашпас едім. Сол үшін де Жаратқан иемізге шексіз алғысымды білдіремін, - деді Исаак Ньютон. - Бұл жас ғалымның табандылығына сүйсініп тұрмын, жаңалық ашуына көмектесейік.

 - Өзім де соны айтқалы тұр едім,  - деді Георг Симон.  – Қанша дегенмен, бұл біздің ізбасарымыз ғой.

- Әрине,  - десті Андре Мари мен Александро Вольт жарыса үн қатып.

   Құлағының түбінде әлдекімдердің күбірлеп жатқанын естіген Ықылас жүрексіне басын көтерді. Бәрі бұған жылы шыраймен күлімдеп тұр еді.

- Қорықпа, Ықылас біз саған көмектесуге келдік.

- Мені қайдан танисыздар. Көмектесуге келдік дейсіздер ме? Бірақ мен екі жыл еңбектенсем де түк өндіре алмадым. Ешқандай жаңалық ашпадым. Мен туғанға дейін сіздер жаңалықтың бәрін ашып қойыпсыздар.

  Исаак Ньютон мырс етіп күлді.

- Сені көптен бері бақылап жүрміз. Барлық жаңалықты ашып қойыпсыздар дейсің бе?  Біз ашатын жаңалық қалған жоқ дейсің ғой, солай ма? – деді Андре Мари.

- Иә, солай. Сіздер әлемді таң қалдырып, небір ғаламат жаңалық ашып жатқан кезде, біздер, қазақтар, қойдың соңында жүрдік.

- Әлі де кеш емес, достым! – деді Георг Симон күлімсіреп. - Жаратушының жер бетінде адамдардың ғылыммен айналысу үшін бүккен құпиясы, сыры өте көп. Біз бәріміз жабылып соның жүзден бір бөлігін, бәлкім мыңнан бір бөлігін ғана ашқан шығармыз.

- Солай ма? - деп таңырқады Ықылас.

- Жаратушы құп көрсе, қазақ халқынан да әлі талай ғалымдар мен ғұламалар шығады. Тек ерінбей ізденіңдер, еңбектеніңдер! Еңбексіз еш нәрсеге қол жеткізе алмайсыздар. Әр нәрсеге табанды, шыдамды, сабырлы болыңыздар! Жаратушы Алла қазақ халқынан біздей ғалымдар шығуға жазсын! – деді ғалымдардың үні бір жерден шығып. Ықылас іштей «Әмин» деді. 

- Ықылас, қолыңдағы не?  - деді Ампер.

- Жел генераторы ғой. Мынау оң зарядты жаймашуақ батарея.

-  Кәні, қосып көрші.

  Жас ғалым қолын тигізуі мұң екен, құрылғы зырылдап жұмыс жасай бастады. Тіпті электр сымының керегі де болмай қалды. Ықылас өмірінде өз қолымен керемет туынды жасағанына қуанып кетті.

- Ғажап, мына ғажапты қараңдар! – деп шуласты ғалымдар. – Қазақ баласы жаңалық ашты!

- Бұл бастамасы ғана. Егер табанды болсаң, ойыңды дұрыс бағыттай білсең, сенен үлкен ғалым шығады. Бұл дүниені өзгертесің әлі, - деді Исаак Ньютон. Сәлден соң әйгілі физиктер жылы жымиып, қоштасқандай кейіп танытты да, көзден ғайып болды. Қатты шаршаған Ықыластың көзі ілініп кетіп еді.

  Бұл кезде таң атқан. Әжесі түртіп оятпақ болды. Әке-шешесі таңғы асын ішпек болып, жұмысқа баруға қамданып жатыр екен.

-  Әй, сендер жұмыс-жұмыс деп мына балаға көңіл бөлмей қойдыңдар ғой тегі, - деді Зере қабақ шытып.

- Ықыласқа не болды? - деді анасы Қанымхан.

- Не болушы еді, сол баяғы кітабынан бас алмайды. Өзімен өзі сөйлейтінді шығарды. Көшеге шығып балалармен бірге доп тебуді де қойды. «Бір мезгіл далаға шығып серуендеп ал» дедім. Таңғы бесте тұрсам, әлгі физикасын қайта оқып, кәкір-шүкірлерін үстел үстіне үйіп тастапты. Жаңалық ашам дейді.

- Сабағың жақсы оқып жүрсе болды ғой, - деп килікті әкесі Мәжит. Сендер де мені жүре тыңдайтын болыпсыңдар ғой, түге. Баланың денсаулығын неге ойламайсыңдар. Ертең жасына жетпей көзәйнек тағады бұл түрімен. Бұл кітап шіркінде не бар-ау деймін көртышқандай кеміріп.

- Ықылас тұрды ма? – деді әкесі.

- Сұлқ жатыр. Шамасы, түнімен кітап оқып, бірдеме құрастырған ба, оянбайды.

  Қанымхан баласының жанына барып, оята бастады.

- Ықылас балам, тұр, тұра ғой. Сабақтан кешігесің.

- Мама, мен бүгін мектепке бармай-ақ қояйыншы.

- Неге бармайсың мектепке? – деді әкесі дауысын қатайтып.

- Мен бүгін жаңалық аштым!

- Жаңалық! Жаңалық аштым дейсің бе? Ол не қылған жаңалық?

   Ықылас басын үстелден көтеріп, өзі жасаған құрылғыны іске қосып еді. Шағын жел генераторы зырылдай жөнелді. Бәрінің жүзінен қуаныштың табы білінді. Тіпті, әжесі де жас баладай марқайып қарап қалыпты.    

* * *

    Көп ұзамай су үнемдейтін әрі электр энергиясын өндіретін құрылғыны ойлап тапқан. Нұрбай ағайы екеуі ауылдық округ әкімі Естектің кеңсесіне бас сұққан. Құрылғының үлгісін көрсеткен.  

-  Естек Көмекұлы, бұл тамаша жоба болғалы тұр. Өзіңіз білесіз, ауылдағы өзен суының деңгейі жыл өткен сайын азайып барады. Егістік көлемі артып, су тапшылығы сезіліп отыр. Ауылымыздың  топырағы аллювиалды, яғни ауыр саз балшықты болып келеді. Егер мына жобаны жүзеге асырсақ, ауыл көркейіп кетер еді,  – деді ұстазы Нұрбай. Ауылдық округ әкіміне құрылғынын қалай жұмыс істейтінін тәппіштеп түсіндірген. Шағын құрылғы ұшықша зырылдап-ақ тұр.

- Ойларың әрине, дұрыс қой, әйтсе де мұндай жобаны жүзеге асыру үшін мол қаражат керек. Бұл мәселемен аудан әкіміне кірейік, - деді жобамен танысқан ауылдық округ әкімі.

- Ағай, бұл жақсы жоба. Егер жүзеге асса, ауылымыз гүлденіп кетер еді, - деді Ықылас.

- Ниетің жақсы екен. Әрбір бала сен сияқты туған жерін көркейтуді ойласа, тамаша болар еді, - деді ауыл әкімі. 

    Екі күннен кейін үшеуі бірге аудан әкімі Көптілеу Жарылқаповтың қабылдауын кірген.

-  Бұл шынында жақсы жоба екен. Өңірімізді көркейтіп қана қоймай, электр энергиясын көршілес аудандарға сатуға да болады. Алайда алдымен ашылған жаңалыққа патент алу керек.

- Құжаттарын түгел өткізіп қойдық. Сәтін салса, көп ұзамай құжат қолымызға тиеді, - деді Нұрбай ұстаз.

- Көптілеу Ізбасарұлы, бұл біздің ауданның атын шығаратын, экономикалық жағынан өте тиімді жоба, - деді ауылдық округ әкімі Естек Әмірханұлы.  – Қаржы мәселесі ғана  қолбайлау болып тұрғаны.

   Аудан басшысы зырылдап тұрған құрылғыдан көз алмай қарап, сәл ойланды да:

- Аудан бюджеті осындай ауқымды жобаға қаржы салуға қарастырылмаған.  Қаражат жол жөндеу, білім мен мәдениет сияқты салаларға бөлінеді ғой. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу жағын қарастырып көрейік, - деді өңір басшысы.

* * *

   Арада сырғып ай өткен. Бұл кезде Парасат көптен бері шұғылданып жүрген жобасын сынап көріп жүрген. Биіктігі бірнеше шаршы шақырым болатын трубиналар арқылы жел энергиясын алуды ойлаған екен. Парасат көз алдына сонау ықылым заманда адамзат баласының желді желкенді қайықтар мен кемелерді жылдамдығын арттыру үшін пайдаланғанын елестетті. Сонау көне парсы жерінде жел диірмендерін адамдар астық тарту үшін қолданғанын оқыған. Әсіресе, еуропалықтардың 16 ғасырда батпақты жердің суын құрғату үшін кәдеге асырғанын қызық көрген. Дереу ғаламторда танысқан досы Ықыласқа телефон соқты.

- Ықылас, жел энергиясы құрылғысының жаңа нұсқасын ойлап тапқан сияқтымын. Бірақ жұмысым өнбей жатыр.

- Атмосферадағы ауа массаларының кинетикалы энергиясын электр энергиясына айналдырмақсың ба?

- Иә, дәл солай. Бірақ қуат тым аз.   

- Генератор қалақшаларының ауданы үлкен болса, жел генераторының қуаты да арта түспей ме?

- А-а, ие, солай екен ғой. Ойыма неге келмеген?

- Парасат, жел қуатын пайданалатын құралдар әлемде көп таралған.  Сонда сенікінің қандай ерекшелігі бар? 

- Құрылғының көлемі кішкентай болса да, менікі көп тоқ береді деп ойлаймын.

- Қызық екен. Сенің ойынша, сонда жел энергиясы қондырғысы қайда орналасуы керек?

- Бізде жағалау аймақтары болмаса да, тау шыңдары бар ғой. Қуаттылығы 1 Мвт жел генераторын 20 жыл қолданса, 294 мың тонна көмір, 92 мың баррель мұнай үнемдеуге болады. Бәрін есептеп қойдым. Бәрінен бұрын менің құрылғым тікұшақ құрылысына өте қажет деп ойлаймын.

- Расында жобаң керемет екен, саған табыс тілеймін!

- Рахмет!

- Ықылас білесің бе, қазақстандағы Жетісу қақпасы, Сөгеті жазығы, Қордай, Бейнеу, Жетібай секілді жерлерде жел өте күшті. Сосын Атырау, Шідер, Мағалжар өңірі, Ерейментау, Топыр, Жоталы, Жалпақтау бар. Әсіресе, Форт-Шевченкода 45 күн бойы жылдамдығы 15 м/с асатын күшті жел соғады.

- Дұрыс қой, бірақ сен Балқаш көлінің жағасында тұрасың, тәжірибе жасауға қолайлы жер ме?

- Әрине, Сырыарқаның аңызақ желін ұмытып қалдың ба?

- Жо-ға. Ұмытқам жоқ. Тамаша табиғаты бар Сарыарқаны қалайша ұмытайын. Айтпақшы, жел агрегаттарының құрылысын жасап болған шығарсың?

- Иә, әзірге жыл жылдамдығы 5 м/с болғанда оның қалақшаларының жылдамдығы 16-18 м/с дейін жетеді. Егер диаметрін үлкейтсем, 2000 киловаттқа дейін энергия алуға болады.

- Тамаша. Даниярды білесің ғой, ол кремний материалдарын жетілдіріп, күн батареяларынан мол қуат алуды ойлап жүр.

- Иә, фотоэлектрлік станциядағы 30 жылғы 1 келі кремний өндіретін энергия, жылу электр станциясындағы 75 тонна мұнай жұмсап өндіретін энергиямен бірдей екен! Ықылас, бұл кремний деген 21 ғасырдың мұнайы ғой. Күн сәулесі болса болды, батареялар энергия өндіреді. Оны ұзақ жыл қолдануға болдаы. Өзінің дауысы да шықпайды екен.

- Механикалық бөлшектері қозғалмайды десеңші.

- Иә, біздікі секілді жұмыс істеу барысында шу да естілмейді.

- Ротор қалай, жақсы жұмыс істеп тұр ма?

- Жаман емес. Айтпақшы, сенің ғылыми жобаң не болды?

- Қаржы табылмай жатыр. Аудан әкімен де кіріп көргенбіз. – деді Ықылас.

- Сен естідің бе, Астанада 2017 жылы көрме өтеді екен. Соған ғылыми жаңалықтарымызды ұсынып көрсек қайтеді.

- Иә, ол көрме туралы білем. Егер біздің жұмысымыз қолдау тапса, арманымыз орындалды дей бер.

- Жақсы, Ықылас, жарайды сау бол! Мен құрылғымды жетілдіруім керек.

- Жақсы, досым. Хабарласып тұр!

  Телефон байланысы үзіліп кетті. Ықылас терең ойға берілді. Ғылыммен айналысып жүрген достарының, тіпті өзінің жасап жатқан құрылғылары әлемде баламасы жоқ дүние емес. Иә, жетілдірілген, тоқ күшін мол алуға негізделген. Бірақ теңдессіз емес.

     Ықылас ешкімнің жасаған еңбегіне ұқсамайтын, мүлдем жаңа дүние ойлап тапқысы келді. Сонда екі жыл бойы еңбектеніп, күндіз балалармен ойнамай, түнде ұйықтамай жасаған дүниесі, еңбегі еш кеткені ме? Жоқ, мүлдем олай емес. Қазір әжесі екі жыл бойы жасаған құрылғысының іске алғысыз болып қалғанын білсе, қалай ұрасар еді. «Әй, сен сатқаққа айттым ғой, түнімен кітап кеміріп, көз жанарыңды құрттың. Сондағы бейнетінің өтемі қайда?» деуі шүбәсіз. Әке-шешесінің де көңілі құлазып қалмай ма? «Жоқ, менің берілмеуім керек. Қалайда бүкіл қазақ халқына пайдасы тиер жоба жасап, ғаламат құрылғы ойлап табуым керек. Әрине, Астанада өтетін көрмеге екі жыл бойы еңбектенген жобамды ұсынып көрермін. Болмаса, одан кейінгі халықаралық көрмелерге әлем халқы таңдай қағып, тамсанатын жаңалық ашам. Астанада өтетін «Экспо-2017» көрмесі менің шығармашылығыма шабыт беруі тиіс. Иә, дәл солай!

    Жас ғалым бірнеше күн ойланып, ақыры бір тоқтамға келген. «Мен еліміздің қауіпсіздігі үшін арнайы құрылғы ойлап табам. Иә, бұл дүние жүзіндегі теңдесі жоқ жаңалық болуы мүмкін. Қандай дейсіз ғой? Дәл қазір көз алдыңызға Қазақстан картасын елестетіңізші. Шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті түгендеп алдыңыз ба? Енді ойлаңызшы, менің жобам арқылы шекара қызметінің жұмысы жеңілдеп жатса, жақсылық па? Жақсылық. Қазақ баласы жасаған құрылғы арқылы шекарамыздың беріктігі бекем болмақ. Жерімізге жау кіре алмайтын болады. Сондай қалай дейсіз ғой? Мен жерден зеңгір көкке шашыраған лазерлі сәулелер арқылы қорған орнатам. Бұл ғажайып қоршаудың жанында Қытай қорғаны түкке тұрғысыз болып қалатын шығар.

  «Біз – Ұлы дала еліміз» деген президент сөздері ойымнан еш кетпей қойды. Мінеки, Ұлы дала еліне айналу үшін тынбай еңбектенем. Достарыма да бұл жақсы идеяның жүзеге асу үшін бірге әрекет етуге шақырам. Айтпақшы, сізге құрылғымның қалай жұмыс істейтінін айтуды ұмытып барады екем. Қазақстанның картасына қарап, бұл өзін ақтайтын тамаша жоба деген ойға келдім. Әлемде жер көлемі бойынша 9 орынды алатын елімнің қауіпсіздігі, ел-жұртымның тыныштығынан асқан қандай бақыт бар? Бейбітшілік пен тұрақтылықты ешқандай қаражатқа сатып ала алмайсың. Біздің жерге кім көз тікпеді? Ата-бабамның ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған жерлі аман сақтауға өз үлесімді қосқым келеді. Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан еліміздің құрлық шекарасының ұзындығы – 13392, 6 шаршы шақырым, ал жел көлемі жағынан 2 724 900 квадрат шаршы шақырым болуы зор мақтаныш емес пе? Осы территорияға жерден көз жетпес көкке дейін берік қоршау жасау ұңғыма керек болады. Диаметрі 1 см болатын лазер сәулелері қазақтың киіз үйі секілді Қазақстанның шекарасын қоршап тұрады. Үйдегі кәдімгі газды жаққанда дөңгелек плитаның жан-жағынан от шашырып тұрады ғой, тура сол сияқты. Бәлкім, біреулерге шекара бойымен құбыр төсеу машақат жұмыс көрінер, бірақ қазір темір торды ұстап тұрған миллиондаған бағаналарды естен шығармауыңызды өтінемін. Лазерлі капсулалар диаметрі небәрі 90, ара қашықтығы 9 сантиметр болуы керек деп шештім. Сонда жаудың кез келген ұшағы мен танкісі тұрмақ, жаяу әскері де өте алмайды. Егер лазерге жанасса болды, күл боп кетеді.  

    Ықылас галамтордан лазердің сан алуын түрін кезіктірген. Көз майын тамызып лазерлі сәулелер жөнінде мол білім жинады. Күндіз-түні жасаған қондырғысын жетілдірумен болды. Ақыры табанды оқушы табысқа жетті. Бұл макет тұп-тура Қазақстан картасы сияқты еді. Жарықты мәжбүрлі сәулелену арқылы күшейтті. Оптикалық кванттық генератор арқылы жарық нұры молыға түсті. Бірде көгерентті, монохроматты, тіпті поляризацияланған, ең аяғы тар бағытталған сәулелену ағының энергиясына түрлендіруші аспап құрастырып көрген. Индуктивті сәулелердің көмегімен жарықты күшейте түсті. Кенет... Лазер жарық толқындары диапазонында жұмыс істеп кеткені. Ықылас өз көзіне өзі сенбей, бір сәт абдырап қалды. Кеудесінде тілмен айтып жеткізе алмайтын қуаныш жанартауы оянып кетті. Квантты-механикалық қондырғының әрекеті таңдай қақтырған.

  «Лазердің жұмысы белсенді заттың қозғаушы микробөлшектерін квант жарығына индуцивті жіберіле бастады. Бұл деген керемет жаңалық қой! Лазердің белсенді зат, резанатор жұмысын ұмытуға болмайды. Қозғаушы көз бен жабдықтаушы көзге мән беруім керек» деді Ықылас дауысы жарқын-жарқын шығып кетті.  Ол лазердің өте жұқа, шашырамайтын, шоғырланған энергиясын тығыздығы жоғары жарық сәулесін алды.

- Міне, Қазақстанның шекара қорғанысына қажетті қорған да дайын болды, - деді күлімсіреп. Қуанғаннан бір орнында шыр айналып билеп те жіберді.

- Әй, не дайын болды дейсің? - деді әжесі ас үйден самбырлай сөйлеп.

- Қорған дайын болды, әже, қорған! Енді Қазақстан халқы алаңдамай тыныш ұйықтайтын болды, - деді Ықылас.

- Е-а, қарағым, сендер барда біз тыныш ұйықтаймыз ғой,  - деді әжесі жанына келіп. Маңдайынан сүйіп, құшағына қысты. Бұл кезде Қазақстанның карталық макеті секілді құрылғының жан-жағынан бөлме төбесіне дейін үзік-үзік сәулелі нұр шашырап тұр еді. 

Қазақ тілінде жазылған