КЕСIЛГЕН ӨКШЕ
повесть
- Дәуренiң жүрiп тұрған Кеңес Одағының заманында мен қарамағыңда шопан болдым. Ауылдағы «общий баняға» түскенде, зiркiлдеп отырып арқаңды ездiретiнсiң. Дүние кезек деген осы екен дә! Ендi айым оңымнан, жұлдызым солымнан туған мен бастық, сен сол кезде дәрiптелетiндей аға шопан да емес, әшейiн ғана қойшысың. Жекеменшiк қойымды бағасың. Баяғыдай «общий баня» жоқ. Моншамды жағасың, әрi менi жуындырасың, арқамды езесiң. Қаланың моншаларында массаж жасайды екен. Соның оқуына бiр аптаға жiберiп аламын-ау өзiңдi,- деген Тойшы қарқылдай күлiп, етпеттеген қалпынан көтерiле бере бухананың жалпақ тақтайына шалқасынан жатты. Бiр қолында ысқыш, бiр қолында сыпырғы ұстаған Жексен иығы сөлбiрейiп, «не айтсаң да мақұлға» көнгендей үнсiз.
- Тiлiң байланып қалған ба? Я бұрыс, я дұрыс десейшi. Сондай мақұлдау әңгiме жаныма жағатынын сезе тұра, мелшиедi ғой келiп.
- Айтқаныңның бәрi қисынды. Кезiнде бастық едiк, ендi бағыныштымыз.
- Неменеге бағыныштысың? Бес жыл оқып алған табақтай дипломың қалтаңда. Жоғарғы бiлiмдi зәтехнiксiң. Бiрақ, диплом түгiлi тасбақа да бұйырмаған мен сенi малайға айналдырдым. Солай ма?
- Иә, солай. Мен жуынатын су дайындайын,- деген Жексен келесi бөлмеге өттi. Ауыр күрсiндi. Солайын солай болған. Бөлiмшеде әуелi зоотехниктен бастады қызметiн. Кейiн сол бөлiмшенi басқарды. Мынау буханада бiресе етпеттей жатып бұған езуге арқасын тосатын, бiресе шалқасынан түсiп бұған қабысқан қарнын сыпырғыға шапаттататын Тойшы мұның қарамағындағы шопандардың ең тақыр кедейi едi.
Буханадан Тойшы айқайлады.
- Жап-жас мықты жiгiттердi елемей сенi неге қойшылыққа қабылдағанымды бiлесiң бе? Бастық кезiңде араққа мелдектеп, қойдың бiразын құртқан маған кеңшiлiк жасап, сотталудан сақтап қалдың. Бала-шағасы қаңғып далада ұлардай шуламасын деп, шопандықтан да босатпадың. Жекешелендiру басталғанда ауылда кiретiн баспанасы да жоқ, отырған қорасын үйiмен Тойшыға берейiк дегеніңе өзгелерді көндіріп, үлесiме осы мал қораны басыбайлы еттiң. Мiне, мен сол жақсылығыңды қайтарудамын. Әйтпесе дәл қазiр сен де аштан қатар едiң. Дұрыс па?
Үлкен шылапшынға ыстық-мұздай суды томыртқалап, дайындаған Жексен ыдысты жуынатын сөреге қойып жатып:
«Дұрыс, дұрыс» дедi iштей. Мұның басынан аста-төк дәуренiнiң бұлбұл ұшқаны қашан. Қаншалықты бағалай алды-алмады, бiрақ қарамағындағы еңбек еткен қойшыға да, қолаңға да тiзе батырып, бақай есеппен қудаламағаны өзiне аян. Партиясы бар, кәсiподағы бар ол кезде шаруа адамының қорғаушысы көптiгiнен де шығар, бәлкiм. Қазiр қожайының қорласа, кiмге барып шағынғандайсың. Бәрi сот арқылы шешiлуi керек дей салу оңай. Сол сотыңызға бұл сияқты табақтай дипломы бар, арғы-бергi саясаттан да хабары аз емес, бiрақ қалтасы тесiк мүсәпiрдiң қолы жете қоюы екiталай. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесiннiң» заманы дәл қазiр. «Капитализмде адам адамгершiлiктiң емес, ақшаның құлына айналады» дегендi бiр кiтаптан көзi шалған-ды. Мiне, сол ақшаның құлының шырмауына шырматылғанның бiреуi өзi. Бұрынғы аға шопаны, қазiргi қаржылы Тойшы ақша ұсынса, не айтса да орындауға құмбыл. Үйiнде жол кiреден тарыққан баласы мен қызы отыр қаладағы оқуларына кете алмай. Сол үшiн ақша сұрамаққа қанша оқталса да, байлықтың буымен дөрекiлiгi әбден асқынған жетесiздеу немеден жанын жаралар сөз естiп қалудан жасқаншақтап, шылапшындағы судың градусын туралайтындай мың мәрте араластырған бейбақ күйi мынау.
- Жексен, әй, неғып үнiң өшiп кеттi.
- Су дайындап жатырмын, Төке!
- О! Құдайдың мұнысына шүкiр «Төкелеттiрген». Солай ма, Жексен? Менен бiр жас үлкендiгiңдi де елемей «Төкелей» сызыласың. Ал, мен сенi көзiңдi бақырайтып қойып Жексен деймiн. Бәрi жарасып-ақ тұр. Солай ма?
- Бәрi жөн, айналайын!
- Айналмай-ақ қой. Оған зәру емеспiн. Бүкiл ауыл айналады қазiр менi. Кезiнде үлесiме өзiң әперген қораның, соны малға толтырған балаларымның арқасы мұның бәрi. Қысқасы, менi жұртқа Төкелететiн - ақшам. Солай ма? Екi балам Шымкенттiң зауытынан балон ұрлап «сайгак» болмағанда, одан өтiп «рэкет» болмағанда, одан өтiп «разборшiк» болмағанда, қазiр тойхана ашып, бензин сатпағанда, бұл ауыл менi адам құрлы көрмес едi. Солай ма? Бу басқан моншаның iшiнде Тойшының лепiрген даусы ғана гүмбiрлейдi.
Бұлар қызмет жасағанда iшiп-жеп қойса сотталарынан, сотталса үрiм бұтағының бетiне шiркеу түсерінен қорғалақтайтын. Ал, қазiр жасаған қылмысы зорайған сайын, оның адамы да зорая түсетiн бiр түсiнiксiз заманға айналды-ау! Төңiректi шулатып жүретiн екi баласының қылмыстық әрекеттерiне мақтанып, арамнан тапқан малды малданып, Тойшының бума бөгiп жатысы анау.
- Әй, Жексен, неғып тiлiң байланып қалды? Баяғыда сен бастықтың алдына әлдене сұрауға барғанда дәл осылай мен де тiлiмнен тұтылып, бетiңе қайта-қайта жаутаңдаушы едiм. Сенiң қазiргi қыбыжық қаға, бүгежектеуiңе қарағанда менен бiрдеңе тiленбексiң-ау осы. Солай ма? Бағанадан Тойшының «мақұлмасына», «солаймасына» iштей «солай» деумен кібiжiктеген Жексен, бұл жолы «солай» деп дауыстап жiбердi.
- Еңбек ақыңның есебiнен бөлемiн қарызға. Мына түрiңмен ай сайын алатын он мың теңгеңнiң ұштығы мен пұштығын да ұстамайсың ғой. Банкрот қойшы атанып, үрiм бұтағыңмен мәңгiлiк малайыма айналарсың, зәтехнiгiм-ау! Қанша сұрамақсың?
- Сол он мың. Бухананың төменгi сөресiне аяғын салбырата жайғасқан Тойшы әлдене ойлағандай бiраз үнсiз пысылдай отырып кенеттен:
- Бiр-ақ жағдайда аласың, - дедi. Бәрiне көнгендей Жексен үндемедi.
- Менiң өкшемдi езесiң! Алғашқыда түсiнiңкiремеген Жексен ерiксiз:
- Қалай?!- дедi тамағы құрғағандай жұтына.
- Оған неменеге сонша шошыдың? «Есектiң артын жусаң да, мал тап» деген емес пе. Аяқтарына кезек-кезек шұқшиған Тойшы: - Менiң мына екi өкшемдi қаладан әдейi әкелген ысқышыммен тазалайсың, - деді.
- Өкшең нәскиiңнен көрiнбейдi ғой. Оны сонша ысқылау неменеге керек? – деген Жексен я ашуланарын, я күлерiн бiлмеген шарасыз үнмен қыстыға тіл қатты.
- Саған ақша, ал маған көңiлiмнiң қалауын жасату керек. Егер айтқанымды iстесең, әлгiнде сұраған он мың теңгенiң қарызын кешемiн. Сенiң арқаңды мен ылғи тегiн езетiнмiн. Ал, саған моншаға жуындырғаның, оны жаққаның үшiн бөлек төлеймiн ғой. Бұл да жасаған көп жақсылығымның бiрi. Ендi соған өкше езгендi кiргiзiп, тағы да ақша қосамын. Келiсесiң бе, жоқ па?
Амалы құрыған Жексен:
- «Нәскимен жүресiң ғой? - деген.
- Ой, сен ақымақпысың? Мен нәскимен отыратын қонаққа емес, түнде жалаңаяқ жататын жұмсақ төсекке барамын. Өзi тәлпiш келiншек екен, кiм бiлiптi. Өткенде: «Өкшеңнiң мазолы бар ма, балтырымды жырып жiбердi. Кел, аяғыңды жуып, өкшеңдi езiп, тырнағыңды алып, жүйкеңдi босатайын. Аппақ, жұмсақ төсекке тазаланып, былбырай кiргеннiң ләззатын сезiнбегенсiң ғой ә!? Сүйелденгiш өкшеңдi моншаға түскенде езiп жұмсартып кел, қалған жағын маған қоя бер», - деп сылқылдай күліп, өзi айтқанындай жуындырсын. Мұндай рахатты көрмей өту күнә. Содан соң мына сенiң қолыңдағы имек темiрдi базардан сатып әпердi. Ақшасы удай екен, бiрақ сұраған теңгесiн ұстаттым ғой қолына. Үстiне еңiрете қосуы да мүмкiн. Бiрақ бойым балқып жүрген менiң оған «бұл темiр неге сонша қымбат» деуге шамам да жоқ едi. Ой, шiркiн-ай, пейiштiң бәрi сол келiншектiң төсегiнде ме деп қаласың. Жаныңды балқытып, ерiте отырып сұрағанда әлгi келiнге қалтамды қақтатып, ауылға сымпиып қайтамын ғой. Мұндай пейiш үшiн бар малымды тiгiп жiберемiн бе қайдам. Өзiң де опырулайщi кезiңде талай келiнге шөккенiңдi сездiрмейсiң. Бiрақ ол кезде өкше ездiретiн құрал түгiлi арқаңды ысқылайтын денi сау ысқыш та табылмас-ау! Жаңағыдай аяғыңды жуып, тырнағыңды алып беретiндей көңiлдестiң де ұшыраса қоюы екiталай шығар. Әй, неге үндемейсiң?
- Үндегенде не деймiн?!
- Ең болмағанда нағыз рахатқа батыпсың ғой байлықтың арқасында демеймiсiң? Әлде қызғанамысың?
- Ненi қызғанамын? Табан асты шалқыған байға айналдың да шықтың. Алланың бергенi дә.
- Аллашыл екенсiң, жүдә. Балаларыңның арқасы десең, тiсiң түсiп қала ма?
- Балаларыңның еңбектерiн мен түсiне бермеймiн ғой. Бiрақ не iстесе де аузыңнан ақ майды ағызғаны анық.
- Е, солай жөнiңе көшсейшi. Жаңағы әйелдi де балаларыма «ауылдан қаланы сағалап келген туыстарыңның жесiрi, қарасып тұрыңдар» деп таныстырып қойғанмын. Содан берi бұрынғы-бұрынғы ма, ендi тiптi жайылып түстi. Айласы көп, сипалап отырып-ақ талай жұмысын тындыртып алады.
- Оның кiм едi сонша кергитiн саған?
- Кiм екенiн неғыласың! Он мың теңгенi алдағы өкшенi езсейшi,- деген Тойшы мұның қолына имек сапты, тор көздi ысқышты ұстатып, бұған аяғын созды. Кезiнде сiрiсiнен басқан керзi етiгiнiң жыртығынан кiр-кiр шұлғауы көрiнiп, садыраны жиiркенбей тiзеден кеше малшынған қойшының аяғын қолына ерiксiз ұстаған Жексен бұрынғыдан да тiлi байланып, екi аяқтың өкшесiн, табанын кезек-кезек ысқылай бастады.
- Айналайын байлықтың күшi-ай! Тойшы тыныш таппай керги сөйлеуін қояр емес.
- Саған таңқаламын, Жексен. Бастық кезiңде бiзге қамқорси қарағым-шырағымдағанша, неге көтке теппедiң көршi ауылдың опырулайщi Топпай құсап. Баяғыда менi аяғаныңа көңілім құлап, қазiр мен сенi аясам, айтқанымды iстер ме едiң? Жоқ, iстемес едiң. Сол кездегi мен сияқты қойдың біразын қысырға шығарып, егізін жасырып, өлген қозыны тығып тастар едiң. Жаныңды көзiңе көрсете жұмсаған соң ғана мұсылмансып жүрсiң ғой. Әйтпесе тiрi бағынарсың маған. Рас па?
Әлде намыстан, әлде ыстықтан өкпесі алқына ырсылдаған Жексен:
- Болды ма? - дедi күрсіне.
- Арқа, борбай, бұтқа дейiн тамаша езушi едiң, өкшенi езу де қолыңнан келедi екен ғой, - деген Тойшы тарқылдай күлдi.
- Егер жуынып болсаң, шығайық. Жексен теңселе басып, сыртқы есікті ашты. Киiнiп әуліде сәл демiгiн басып, атына мiнген Тойшы қалтасынан шығарған бiр буда ақшаның арасынан екi бес мың сомдықты ұсынды Жексенге.
- Өкшенi маладес ездiң. Ендi тырнап кеттi демейдi.
- Қалалық сұлуыңа жеткенше өкшең тағы да мүйiздейтiндiт тә.
- Қалалық сұлуың не тантып тұрған. Кезiндегi ауылдың-ақ ұрғашысы. Өзiңнiң жесiр қалған келiнiң. Өлген бауырың Сейсеннiң әйелi - Алуаш. Ал, қайтесiң? - деген Тойшы атын тебiне тапырақ қақтыра шаба жөнелдi.
Екi қолында екi бес мың теңгелiктi мыжи ұстаған Жексен есiнен адасқандай меңiрейдi. Әлден уақытта өзiне-өзi келген жiгiт ағасы еңiрей жылады. Адалдықтың ала жiбiн аттамаған пейiлiнен тапқаны осы ма сондағы. Бұл құдайдың әдiлеттiлiгi қайда? Бөйтiп қорланғанша неге өле салмадым. Өкшесiне дейiн езiп, бауырымның төсегiне өзiм дайындап жiбергендей болғаным-ай. Жау алғырдың келiнi тер сасыған бұл иттен не қызық көрмек. Оның да құлқынын тескен қу ақша ғой. Әйтпесе, ақ төсегін былғатар ма едi. Өкси-өкси өкпесi өшiп, бет аузы iскен Жексен таң қараңғысында ауылға үйiне жеттi. Отағасының жаяулап тым ертелетiп келiсi көңiлiне қонбаған әйелi Жақұт есiктен үнсiз кiрген күйеуiнiң бет-әлпетiн жарықтан көргенде:
- Түрiң өрт сөндiргендей не сұмдық. Тыныштық па? - дедi.
- Тыныштық. Ауырдым. Анау үйге ескерткiн. Малы да, қорасы да егесiз. Басқа қойшы iздесiн, мен бақпаймын. Жексен осыны айтты да, тырп етпей жатып қалды.
Көп ұзамай оқудағы баласы мен қызының соңынан қалаға ұзаған Жексен әлдебiр қоймаға жүкшiлiкке орналасып, томаға-тұйық тiрлiкке көшкен. Ауылға тым сирек оралатын да, ешкiммен шүйiркелеспей үйiнен қайтатын қаласына. Түрi қарауытып, бiр түйiндi шеше алмай, iшкi дерт-құсасы ұлғайып бара жатқан ұсқынын аңғарып, секемденген әйелi қанша ежiктесе де, ауылдан сырт айналу себебiн бiле алмай-ақ дiңкеледi.
Қыраулы қыстан құтылып, мамыр айына iлiнген жұрт аузында бай Тойшының қойшысы Тұяқтың үш қыздан кейiн дүние есiгiн ашқан ұлына бесiк тойды өзi жасамақшы мырзалығын алқаулаған әңгіме жүрдi үйме-үйдi жағалап. Түсте Тұяқтың ауласында өткен бесiк тойдың қонағының маңдайалдысы Тойшының әйелi Күміскүл болды. «Осы Күміс бәйбiшенiң арқасы» дестi қошеметшiлердiң бiр парасы әсiресе әйелдер жағы Тойшының мұнда жоқтығын пайдаланып. «Бәйбiшелеп қоймайсыңдар, немене Тойшының «Тоқашы» да бар ма қалай? Бүгiн көрiнбеуiне қарағанда сол жақта жатқан шығар» - деп қисайды құрдастарының бiрi.
- Тойшы ешқандайда «Тоқашының» жанында емес, қой ауылда. Мына қайным ұлының бесiкке салар тойын өзі атқаруға сұранған соң, бiр күнге ешкiмдi әурелемей-ақ малға өзі қарамаққа кеттi, - деген Күміскүлдiң салиқалы жауабы даудырасқан көптi тыныштандырды. Бiразы ендi қойшысының ұл той жасауына жұмсалар шығынын оның айлығына жатқызбай, өз қалтасынан ақша шығарып көмектескен әрi кеңшiлiк танытып, малда қалған Тойшының адамгершiлiгiн мақтасты әбден. Тұяқ спирттi молынан қамтыпты. Алғашқыда спиртке араластыратын қайнаған су, бұлақтың таза суын iздеген жұрт соңында таза суы қайсы, арықтан әкеле салған лайсаң су қайсы екенiн де парықтамастан сiлтестi. Би билеу жанданған бiр тұста шатақ той егесi Тұяқтың өзiнен шықты.
- Бай маладес, - дедi тiлi күрмелiңкiреген құрдасы Қайдар Тұяқтың иығына қолын салып. - Бәрi молынан жетiп жатыр. Туысыңа қарассаң, осылай-ақ қарас. Кәлжiреген Қайдардың жүзiне көзiн сүзе қадалған Тұяқ:
- Атаңның басы, маладес бай. Мынаның бәрi менiң жалақыма алатын он мың теңгемнiң есебiнен. Тегiн дүниенi ұстата салатын Тойшы ма? Мә саған, тас берер. «Түнде тойласаң, ертеңгi мал бағуға жарамайсың, күндiз жаса топалаңыңды» дедi. Естисiң бе, тойыңды деген жоқ, топалаңыңды дедi. Оның аузынан қашан жақсы сөз шыққанын естiп едiң. Күн сайын емес, сағат сайын қаныңды ағызбай тамырыңнан бiтеудей сорып отыратын ондай байға мың нәлет. Кешке қой ауылға жетпесем, құртатынын шегелеген. Түсiндiң бе сорлы». Осылай тістенген Тұяқ құрдасын кеудесiнен итерiп жiбердi. Шалқасынан құлаған Қайдарды көрген бiр-екi ет жақыны Тұяққа ұмтылды. Шынымен-ақ тойдың соңы топалаңға айнала жаздады. Көздерi тұмандана ежiрейiскен еркектердi ұлардай шулап басқан әйелдер ендi әлгiндегi төбелескендердi татуластыру үшiн спиртке қосатын таза су iздей жүгiрдi. Тойшылдардың құдайы берiп, iшу одан әрi жалғасты.
Тойдың шырқы бұзылғанын байқаған Жақұт үйiне қайтқан. Қаладан Жексен келiптi. Дереу шайын қамдап, күйеуiнiң қас-қабағына қараған келiншек той туралы әңгiме қозғағанымен Жексен тыңдар құлық танытпады. Тек «Тойшы Тұяқты қойдан бiр күнге босатып, қорада жалғыз қалыпты. Бiрақ өлесi мас қойшысы бүгiн онда жете алмайды-ау» деген тұста елеңдегенiмен, үндемедi. Күйеуiнiң Тойшыға қойшылыққа жалданған күннен бастап әшейiндегi ақжарқын мiнезiнен ажырағанын, «малын бақпайтынымды айтқын» деп үйге оралған сол күннен мүлдем өзгергенiн бiледi. Тойшының моншада Жексенге өкшесiн ездiрiп, әбден мазақтағаны жайындағы сыпсың-сыпсыңды құлағы шалғанымен, күйеуiнен оның ақи-тақиын сұрауға батылы бармаған. Әлi сол бiтеу жарамен жүр Жексен. Әйел жүрегi осы сұмдық өзгерiстiң түбiнде ауыр зiл ұйығанын сезедi. Содан қауiп етедi әрдайым. Аман-есендерiнде ауылдан көшiп-ақ кетудi тiлейдi. Бiрақ оған әзiрге шамалары жетер емес.
Жексен қолына тиген ақшасына базардан үйге зәру заттарды әкелiпті. Шайланған соң, үнсiз жатып қалды. Мұндай беймезгiл апақ-сапақта күйеуiнiң жастыққа қисаймайтын әдетiн бiлетiн Жақұт мына сүлесоқтықты неге жорырын да бiлмедi.
«Жүректi емдету керек». Бұл қалалық аурухана дәрiгерiнiң үзiлдi-кесiлдi тұжырымы. «Қазiр жүрегi ауыратындар шымалдай көбейiп барады. Заман стресс, адамдар да бiр-бiрiне тек стресс. Бұрынғыдай жаны ашу, тiптi жылы сөздерi де тықырланып кеттi, себеп осы-ақ, көке». Бұл - әлгi дәрiгерге көрiнбекшiлердiң кезегiндегi жап-жас жiгiттiң пiкiрi. Жексен Жексен болғалы, елудi алқымдағалы қыңқ етiп ауырмапты. Моншадағы қорланудан кейiн былайғылар шыдамды десетiн жүйкесi морт мүжiлдi. Күндiз-түнi көз алдында Тойшының екi өкшесi. Әбден тазаланып, жұмсарған өкшелер марқұм iнiсiнiң төсегiне кiрiп бара жатады. Жүрегi осы қорлықты көтере алмағаны-ау. «Емдетпесең, болмайды» дейдi. Ол оп-оңай ма екен. Iлдебайлап тапқан ақшамен қай тесiгiн тығындайды. Әйтеуiр өлiп қалғанша әйелiнiң, бала-шағасының кiсi қолына жәутеңдегенiн көрмесе екен. «Өлгеннiң соңынан өлмек жоқ» демей ме. Күндерiн көрер. Басқаға амалсыз. Жүрегiм дей берсе, ауыр жұмысқа жарамайды. Жеңiл жұмысты бұған ешкiм бермейдi. Бәрiбiр түбi бiр өлiм екен. Ең ақыры отбасына пайдасы жоқ жанды дәрiлеп сақтаудың керегi не? Күмән-күнәсi көп ойларға жүрегiн шалдырып, өкпесiн алдырған Жексен көз байланғанда басын көтерiп, сыртқа шықты. Төрт-бес уағын күш-күштеген әйелi мен екi баласы қорада жүр. Жалғыз сиыр сары аурудан өлген. Бұзауы көрiнбейдi.
- Бұзау қайда?
- Осы төңiректе жүрген шығар. Қазiр балалар айдап келедi ғой.
- Балалар әуреленбей-ақ қойсын. Мен iздеймiн, - деген Жексен ауладан сыртқа беттедi. Келесi көшедегi туысы Пернебектiңкiне өтiп, атын сұрап мiндi. Бөген өзенiнiң бойымен, қалың сәмбi, жыңғылдың арасымен ауылдан ұзай түстi. Өзi институт бiтiрiп келiп зоотехник, одан соң бөлiмше басқарғанда талай-талай атпен, машинамен жосылтқан жолдары ғой. Қазiр жол-жөнекейде үш қора бар. Солардан бұзауын сұрайды да, түн түнегi күшiне мiнгенде мүлдем басқа тұстағы Тойшының қорасына жетедi. Оңаша қалды дедi ғой Жақұт. Онымен қойшының емес, намысын жыртушының көзқарасымен бiр сөйлесiп көрмекке бел буған қашаннан-ақ. Қаладан талай келдi қантілеп. Бiрақ сәтi түспей, Тойшының оңашасын бiр орайластыра алмай жүйкелеген.
Сол күн бүгiн туған сияқты. Жанын көзiне көрсетiп, адамның намысын шабақтағанның ақыры ешқашан жақсылықпен бiтпейтiнiн танытса, бұдан кейiн мүмкiн артын қысып жүрер. Бай болған пенде итке айналуы керек пе? Адамдар жанының дәнекерi - адамгершiлiк қасиеттер емес пе? Ол жоғалған тұста бiрiн-бiрi түтiп жiбермей ме? Егер байлар дүниесiнiң игiлiгiн көргiсi келсе, төңiрегiмен адамша сөйлеспес пе?! Олай сөйлесе алмаса, көп құрдымға батырып жiбермей ме? Бұл Тойшының байлығын қызғанған емес. Әке жағынан жолының үлкендiгiне қарамай-ақ ұсынған жұмысын күн көрiсi үшiн қолына алды. Бәрiне көндi, көндiктi. Бiрақ жеке бастың намысына тиетiн мазақы әрекеттерiн қашанғы көтеруге болады. Әй, сол намыс шiркiн соның өзiнде жоқ-ау. Сондықтан да намысқойлықтың шын күшiн қайдан сезiнсiн. Егер дүниесiнен бүгiн айырылса, сол сәтте-ақ маймылға айнала салар баяғысындай. Ал, Жексен құрдымға түсiп кетпеу үшiн тырбанып, сетiнеген өрмегiн бүтiндей алмаса да жақсылықтан күдер үзбей, намысының қамшылауымен жүрдi емес пе?
Тiрнектеп жинағандарына ұл-қызын оқытып, солардың ертеңiне артты бар арманын. Соларды тәрбиеледi заманыңның адамы бол деп. «Қылмыспен-ақ мал таба бер» деген жоқ Тойшыша. Аттың оқырануынан ойы үзiлдi. Көздеген қорасына жеткен екен. Үйдiң алды жап-жарық, моншасында да жарық жылтырайды. Сiрә, Тойшы осындағы моншасын жақтырып, бiр түспей кетпейтiн әдетiне басса керек. Әлде Тұяқ келiп, соған жақтырды ма? Онда мұның тағы да жолы болмағаны. Ат үстiнде жақындамай, алыстан байқастады. Үйден бiреу шықты. Тойшы, иығында мылтық. Демек, бiр өзi. Әйтпесем, мылтық арқалап не жыны бар? Атты тебiнiп, қораның қараңғы тұсындағы бұғатқа шылбырды байлап жатқанда ғана мұны байқаған Тойшы:
- Әй, сiлiмтiк, той сенiң не теңiң. Ұлды болдым деп сонша жыртыласың. Құдай бiледi дә, оның кiмнiң сiдiгi екенiн. Әйелiңнен сұрап па едiң менiңкi ме деп. Ой, тойыңның топалаңы шыққыр. Тойыңа жасаған шығыным бар, бүгiн күнi-түнi менi қой соңында салпақтатқаның бар, биылға көк тиын алмай, тегiн бағасың. Есектiң миын жеген миғұла.
Мылтықты дуалға сүйей салып, бұған қарай ентелей жүрген оның былапыттаған аузы бiр тыным табар емес.
- Әй, қараңғы бұрышқа неғып байланып, ыбылжып қалдың. Атыңның шылбырын таппай сандалып тұрмысың. Атау кереңдi сонша iшкенше, ертеңiңдi ойламайсың ба, тасыңды iшкiр. Атты екпiндей айналған ол маңдайдан тиген жұдырықтан дыбыс шығаруға да шамасы жетпей шалқасынан түстi. Сұлайған Тойшыны аяғынан сүйреген Жексен есiк алдына барысымен, сырттың жарығын өшiрдi. Бiр қолына мылтықты ұстап, екiншi қолымен Тойшының аяғынан дырылдата одан әрi моншаға кiрдi. Сүйретiлген Тойшы есiн жинағанда еңiреп жылады:
- Ойбай, бұл қайссың? Не жазығым бар? Кiм де болсаң барымды ал, жанымды қи.
Моншаның кiре берiсiндегi жарық екен жылтырап тұрған. Оны да өшiрді де, жағасынан жұлқи көтерген Тойшыны маңдайдан, жүрек тұстан оңдырмай соғып, сылқ түсiрдi. Талай түндердi ұйқысыз атыртқан, өкше ездірген сол таңдағы қызыл шұнақ аязды да елең еттiрмей дедек қақтырған ыза-кек тұла бойын бара-бара билей алқындырғанын аңғарар емес Жексен.
«Бауыздамаққа» пышақ, «буындырмаққа» жiп сайлағалы қашан. Бiрақ жiңiшке қыл шылбыр аттың мойнында қалыпты. Қателеспесе осында да шпагат кермелер болуы тиiс. Моншаның жуынатын бөлiгiнiң шамын жақты. Жобасы дұрыс екен. Қабырғаны бойлай керiлген жiңiшке жiптi қиып, бiр ұшын тұзақтай Тойшының мойнына салды да, әлi былқ-сылық дененi сөреге бүктей отырғызып, жiптiң екiншi ұшын төбедегi цементi үгiтiлiп көрiнiп тұрған белтемiрден өткiздi. Осы кезде есiн жиған Тойшы жарықта өзiн мошқаушының кiм екенiн көрiп танығанда: «Ойбай, көке, не жаздым?» деп жылай бастады. Қолғапты қолымен Тойшыны тұмсықтан тағы бiр сүйкеген Жексен тiстене сөйледi:
- Сен иттiң баласы ештеңеге жазықты емессiң. Тек, өкшеңдi езiп бермекке сонау Шымкенттен арнайы келдiм.
- Көкежан, рахмет, өкшем таза, жаңа ғана моншадан шықтым, - дедi қорқыныштан сансыраған Тойшы.
- Ұмытпаған шығарсың, мен сенiң өкшеңдi кезiнде жаныңды кiргiзiп, тазалағанмын, езгенмiн. Ал, қазiр жаныңды көзiңе көрсетiп тұрып еземiн. Оның да рахатынà шомыл. Қолындағы жiптiң ұшын бухананың iшке ашылатын есiгiнiң жоғарғы белдемесiне iлмектеген Жексен Тойшының қол-аяғын матады. Есiкке байлаулы жiптiң ұшын керi тартқанда, мойны жiпке қылқынған Тойшы тырп ете алмады. Содан соң Жексен қалтасынан шаппа шығарып, қылпылдаған жүзiн саусағымен сипалады. - Көрдiң бе, жүзi қандай өткiр. Жаныңды қинамай, өкшеңдi ендi қайтып сүйел баспастай қырнаймын. Келiннiң төсегiне кiргенде сүйел түгiлi өкшеңнiң бар-жоғы бiлiнбейтiн болады. Өткiр пышақ екi өкшенi тiлiмдей ойғанда, қан тамшылады.
- Ойбай көке, - деп боздады Тойшы. Өзiнiң байшыкештенгенінiң жөнi осылай санап соншама есiрiктенiп, ақымақтыққа салынғанын жаны мұрнының ұшына келгенде ғана түсiнгендей шырылдады. Жексен шаппамен Тойшының өкшесiн одан әрi қырнай бастады.
- Сен жаның үшiн өкiрiп жылап жатырсың. Ал, менiң iшiмнен қан жұта қалай жылағанымды сезбейсiң ғой. Қазiр қанын жуамын, сонан соң тұз себемiн, - деген ол шылапшынға ыстық су құйып, сөреге қойды. Ауыр күрсiндi. «Ендi не iстеуi керек? Бұл иттi қайтiп қана өлтiредi. Осыған дейiнгi буған ыза әлгiндегi сiлейте ұрғанымен, жер қаптыра сүйреуiмен жазылып кеткендей. Қолымды бекер-ақ былғадым ба? Сөйлесiп, түсiнiсiп, тып-тыныш тарқасақ қайтедi? Осы таяқтағанымды түсініп, жаратқанға тәубә айтар. А, қайтсем екен?!» деп сөре үстiнде қырылдаған Тойшыға қарады. Үнсiз. Буындыра керiлген жiптен сөйлеуге шамасы жоқ-ау. Әйтпесе, тағы да көкелеп жылар едi. «Қой, тұзақтан босатып, әңгiмеге келейiн». Жексен Тойшының аяғын шешiп, орнынан демей көтергенде, буындырған тұзақ босады. Ауыр тыныстаған Тойшы кенеттен ышқына тепкенде шалқасынан құлаған Жексеннiң сол қолына шылапшыннан ақтарылған ыстық су құйылды. Ұшып тұрған ол әуелгiде не болғанын түсiнiңкiремей мәңгiре қарады жан-жағына. Көз алдында тыпырлаған Тойшының денесi созалаңдай барып, сұлқ түскенде ғана санасы шайдай ашылды.
«Өлдiң бе?» «Өлдiң ғой?» «Өлдi». Қаншама айлардан берi бойын буған ызаның тылсым торы пырт-пырт сетiнеп, тұла бойын тырыстырған құрсаудан құтылғандай жеңiл сезiндi өзiн. Тойшыны өлтiрудiң, сөйтiп iз қалдырмай кетудiң талай жоспарларын жасаған бұған дейiн. Осында қолына қолғап, топлиына киетiн салафан ала келген. Әлгiнде ыстық су құйылғанда сол қолындағы қолғапты шешiп үлгердi әйтеуiр. Бiрақ ашуы күштi. Күйдiрiп алды-ау. Моншаның бар суын ағызып, iшiн бiлгенiнше жуды. Сонан соң жарықтың бәрiн сөндiрiп, атына мiндi.
Х Х Х
Спирттi өлердей iшiп, ендi Тойшының мәңгi малайына айналатынын айтып, әркiммен жағаласып, түн аудыра сiлелей құлаған Тұяқты Тойшының әйелi:
«Аяқбала, тұра ғой, айналайын. Анау көкең буынып жатқан шығар. Ертерек барғын. Сол жақта есебiн тауып демаларсың. Соңырек келiндi апарып салдырамын машинамен», - деп таң қараңғысынан оятты. Үзеңгiге зордан аяғын iлдiрген Тұяқ үстi-басы спирт бұрқырап, қой ауылға бет алды. «Жеңешем жақсы адам, менiң атымды атамай, «Аяқ бала» деуiн қарашы. Ақыры болары болған соң, құлқын сәрiден емес, күн көтерiлген соң-ақ осы жеңешемдi, келiншегiмдi ала-мала бiрақ төбе көрсеткенiм қолай едi-ау өзiме. Қазiр барысымен айқайға басып, бiраз таяқтайды есiрiк көкем. Осындай әңкi-тәңкi көңiлмен қораға жеткенде көкжиек қызылиектенiп, мал өргiзетiн де мезгiл туған едi. Бiрақ қораның маңы тым-тырыс. Темiр торға қораланған отар да, қара мал атаулы да сол күйi қозғалмапты. Көкем қорада емес, ауылдағы бiр жесiр келiншектiң төсегiнде-ау. Қарасы көрiнбей тұрғанда малды айдап тастайын деген Тұяқ iрiлi-уақты түлiктiң бәрiн өрiстетiп, үйге әлден уақытта оралды. Бас жазар жоқ ақыры, одан да ащы-ащы шай iшiп, жан шақырып алайын. Әйелiмдi әкелетiн машинаға ақылды жеңешем ауру қайнысына арнап бiр шиша салатын шығар. Жеңгей маладес, Тойшыны қойшыдан тойшы етiп жүрген де сол кiсiнiң ақылы-ау. Әйтпесе сәбет заманында-ақ сотталып құритын екен. Жексен көкемнiң сүйемелдеуiмен iлiнiп-салынып өмiр өткiзiптi ғой сабазың. Жақсылық жасаған ол кiсiні де сидырмады бұл майбас. Мен қарамды батырмақ едiм, қарашы бесiк той жасауға көндіріп, соңында құлға айналдырғанын. Шатты-бұтты ойлармен ащы шайды сораптап отырып, көзi iлiнiп кетiптi. Аяқ астынан моншаның есiгiнен Тойшы көлбеңдеп, бұған бiрдеңе нұсқай кiжiнедi. Даусы естiлмейдi. Шошып оянды. Сыртқа шықса, күн қайнаған сәскеге айналыпты. Түсi есiне оралып, ерiксiз моншаның есiгiне жалт қарағанымен, бармады. Өйткені малды суға түсiрмесе, жынды-сүрей көкесінің кәріне ұшырайтынынан сескенді. Содан соң қытайдың лапшасын суға салып, бiр ыстық iшпесе өзінің оңалмасын аңлаған Тұяқ атына мiнiп, өрiске ұзаған.
Мал атаулының бытырай жайылған басын жинақтап көлеңкелеткенше, ми айналтқан ыстықтан жүрегi аузына тығылды. Кеше неменеге жетiсiп сасық спирттi сонша қылқылдатқанына күйiндi күнi бойы. Өз арағын өзi сонша iшетiндей не қарабасты бұны. Тойшының тойды бастатып алып, табан астынан барлық шығынды айлығына жазатынын айтқанына ызаланды-ау, сiрә. Қораға келген сәтте тағы да моншаның есiгiне көзi түстi. Ашылған сияқты ма? Жүрегi су ете қалды. Терiс бұрылды. Бiрақ моншаның iргесiне ерiксiз көз ұзатты. Жуынды ағатын тесiктен кілкiген су жан-жаққа жайылыпты. Iштегi кранның құлағын бекiтпеген бе, не пәле? Дүниеқоңыз көкем «соны бекiт» деп түсiме кiрген екен ғой әлгiнде деген тұспалмен iшке енген Тұяқ киiм шешiнетiн бөлменiң бұрышындағы сүйеулi мылтықты көрiп, қолына ұстап таңдана қарады. Бұл мұнда қайдан тұр? Жуынатын бөлменiң есiгiн жайлатып итердi де тез қайта жапты. Көздерi жапақтап, әлдененi түсiнiңкiремегендей әрi-сәрi хал кештi. Әлгiнде қан тамшылаған екi аяқты көрдi ме, не пәле?! Iлулi сияқты ма өзi!? Ойынан шошынған Тұяқ есiктi шалқайта ашты да, айқайлаған күйi сыртқа ытырыла шығып, айдалаға безе жөнелдi. Өкпесi өшiп тоқтағанда лоқсып-лоқсып жiбердi. Бұл маңайда жақын қора жоқ. Бұрынғылары бұзылған. Жаяу ештеңе тындыра алмасы анық. Қайта оралып, моншаны айдаладан айнала, атын байлаған бастырмаға дiрiлдей әзер жеттi де жайдақ мiнген күйi тасырлатып ауылды беттей шаба жөнелдi.
Қаралы хабар үйдi-үйге тез тарады. Тойшының ет жақын туыстарымен қосарлана бүкiл ауылдың естиярлары түгелдей аяқ артар көлiк атаулыға мiнгесе-ұшқаса андыздады қораға қарай. Асулы мәйiттi түсiрiп, ауланың көлеңке тұсына жайластырғаннан кейiн де бiлгiшсiнiп, әлдене iздегенсiп ары-берi ойқастағандардың аяқ iздерi мен қолтаңбаларынан оқиға орнына жеткен полицияның iз кесушi тобына бiрдеңенi ажыратып алу мүмкiн емес едi.
Сараптамашылар «басына, бетiне, iшiне тиген соққының iздерi бар. Өкшесi пышақпен кесiлген. Бiрақ өлiм жiпке асылудан болған» деген мазмұнда қорытынды жасады.
Аудандық iшкi iстер бөлiмiнiн бастығы, полковник Темiр Өтенов iстi жүргiзудi тергеу бөлiмiнiң бастығы, майор Бақыт Таңжарықұлына тапсырды.
Х Х Х
Әкелерiнiң қазасын естiген күнi кештете жеткен Тойшының екi баласы Тұяқты сiлетей ұрып, ауылды астаң-кестең еттi. Iздеп зіркілдей сұрайтындары кiмнiң үйiне бөтен адамның келгендігі. Бiр тәуiрi ауылға жақын арада бөгде жан ат шалдырмапты. Ешкiм тырп етпесiн, ешқайда ештеңе хабарланбасын, керегiмiздi өзiмiз тауып аламыз деп ауылдың үстiн шаңдатқан екi есердi анасы ғана әзер басты. Әкелерiнiң жолына Тұяқты құрбандыққа балап, Тойшы өлтiрiлген моншада суға салып тастаған жерiнен, тағы да анасына айтқан ауылдың естиярлары арашалап, таяқтан есiн жия алмаған байғұсты аудандық аурухананың жан сақтау бөлiмiне жеткiздi. Ауыр соққыдан ауруханаға адам түскен хабармен келген учаскелiк өкiл Бек оқиғаның Қоғалыдағы кiсi өлiмiне қатыстылығын анықтасымен, жағдайды тергеушi Бақытқа баяндады.
Бұл таяқтың иелерi өлген Тойшының балалары екенiн бiлген Бақыт сол түнi Қоғалыға қайта оралды. Қаралы үйге учаскелiк өкiл Бекпен екеуі жақындағанда, сыртта тұрған үш «Джип» машинасын кірдi. Бұлар қақпадан енгенде сегiз-тоғыз жiгiт орындарынан өре түрегелдi. Тойшының денесiн жер қойнына жайғастырысымен-ақ жиналғандар тез тараса керек, өзгелей бейсуат ешкiм көзге шалынбайды. Мына аядай ауылды қайта-қайта бөрiктiрген есерлеу топтың жанында қалуға зауықтары соқпаған да шығар, бәлкiм.
- Не болды? Таптыңдар ма?
- Iшке кiрiп, марқұмға құран бағыштатып, iс барысын содан әрi әңгiмелесек те үлгеремiз, - дедi Бақыт.
- Бұлар таппайды, өзiмiз табамыз, жердiң астына түсiп кетсе де, - деп ызбарланды бiреуi. Бақыт пен Бек үнсiз iшке өттi. Молда құранын оқып, бет сипасқан соң, отбасына көңiл айтқан екеуi аулаға шықты. Тойшының үлкен баласы Бортаймен сөйлестi Бақыт.
- Сендердiң қойшыларың Тұяқ аудандық аурухананың жансақтау бөлiмiнде жатыр.
- Жатса жатады да, сонша оған неменеге жаның аши қалды? Сен қылмыскердi тапсай, менiң қойшымның жоғын жоқтамай.
- Бұл бiрiншi мәселе, екiншiден ауылдың тынышын алып, шуылдатқанды қойыңдар.
- Қоймасам не болады?
- Қоймасаң, заң болады. Оның қандай құдiреттi күш екенiне сен менен де жетіксің. Егер таяқтаған қойшың жазымға ұшыраса, бұған дейiнгi заңнан алған кешiрiмiңнiң бәрi күйедi. Сен менi бiлесiң ғой.
- Жарайды. Сенiмен қайта танысып жатқым жоқ менiң де. Бiрақ әкемдi асқан адамды тап тез. Сонша қинап өлтiретiндей оның қой баққаннан басқа жазығы жоқ. Екеуiнiң сөз қағысулары осымен тоқтады.
Үйден ұзаңқырағанда Бек Бақыттан:
- Ол бұзақыны қайдан танисыз? - деп сұрады.
- Мен осында орынбасарлыққа келгенше қалада тергеушi болдым ғой. Сонда қолға түсiрiп, жуандап кеткен мойнын қайырғанмын. Әлi ұмыта қоймапты бiрден таныды.
- Бәсе, көп сөзге келмей тез сынды, - деген Бек бұзақы топтың ортасында екеуден екеу сөз қағыстырғанда қауiптенгенiн жасырмады.
Арада бiр жұма өттi. Қоғалыдағы кiсi өлiмi әлi жұмбақ. Бүгiн тағы да орынбасарларын жинаған полковник Бақытқа бұрылып:
- Қоғалы не боп жатыр? Облыстық iз кесушiлер нендей жоспар ұсынды? - дедi.
- Облыстың тергеушiсiн сол жақтың шақыртуымен бiр аптаға Астанаға жiберiптi. Ол оралғанша, салмақтың бәрiн өзiмiзге салып отыр. «Iздеңдер, сұрастырыңдар, дерек жинаңдар» дейдi. Кеше барғандағы алып қайтқаным осындай жалпылама жоба.
- Қылмыс болған күннен бастап асықпай бүкiл мәлiметiмен қайталай баяндағын. Бәрiң зер салыңдар. Бақыттың назарынан тыс қалған, күдiк тудыратын түйткіл байқасаңдар, қағазға түсiре берiңдер. Майордың баяндауынан кейiн жалпы жағдайды талқылаймыз. Түсiнiктi ме? - деген бастыққа өзгелерi бас шұлғысты.
- Негiзгi оқиға моншаның iшiнде болған, - деп сөз бастады Бақыт.
- Сонда екеуi моншаға түскен бе? - дедi полковник.
- Олай емес сияқты. Өйткенi Тойшының жауырын тұстары сырылып, спорттық шолақ жең көйлегiнiң арқасы әлденеге iлiнiп сөгiлген. Соған қарағанда қылмыскер Тойшыны сыртта ұрып құлатып, моншаға аяғынан сүйретiп апарғанға, тұзақтаған жiптi есiнен танып жатқанда мойнына салып, екiншi ұшын төбедегi белтемiрден өткiзiп, бухананың есiгiне байлаған. Содан соң жуынатын бөлмедегi сәкiге Тойшының аяғын салбырата отырғызған. Себебi, қабырғадан жәбiрленушiнiң киiмiнiң үйкелгеннен қалған қалдықтары алынды. Қол-аяғын байлап, өкшесiн қырнаған әлде тiлгiлеген. Одан әрі жәбiрленушiнiң аяғындағы матауды шешiп тұрғызған да, тобығынан қағып жiберген. Iште асылған жiп, мылтық және қабырғадағы киiм қалдықтарынан басқалай дақ немесе қолтаңба табылмады. Қылмыскер моншаны түгел асықпай жуып шыққан деп қорытынды жасауға болады.
- Мылтықта да қолтаңба жоқ па?
- Қойшысы Тұяқтың ғана саусақ iзi бар.
- Оны бiлдiк қой. Басқалай әрекет жасалып, таңба түсуi мүмкiн емес пе? Мәселен, қылмыскер атамын деп қорқытып, сөйтiп сөреден секiрiп өлуге мәжбүрлесе дегендей.
- Мылтық мүлдем қолданылмаған.
- Ауылдағылар не дейдi?
- Өкшесiн шиебөрi жептi, табанынан қытықтағаннан, сiлесi қатып өлiптi дейдi.
- Сонда немене қолында мылтығы бар адамды шиебөрi моншаға сүйреп апарып асып кетiп па? Соны да сөз деп, - полковник кейи сөйледi.
- Ауыл iшiнде де, былайғы жұрт арсында да алып қашпа сөздiң желдей есетiнiн аңғартқаным ғой, бастық мырза, - деген Бақыт ешкiмнен тиянақты ештеңе ести алмағанын ескерттi.
- Қоғалыға қайтадан бар. Бұл қала емес айналайын, Бақыт. Бөстекi сөзi көп ауыл. Оның арасыннан көңiлге қонатынын ғана iндет. Елді мекеннің шетiнен кiретiн жол бойында, тiптi, жаяу соқпақ маңында тұратын үйлердiң кiсiлерiнен сұрастыр. Бейсуат жүргiншiнi бiреу-мiреудiң байқамауы мүмкiн емес. Оның үстiне бiрiн-бiрi танитындықтан, көрген жағдайларына әуелгiде онша мән бермейтiндiктерiн де есте ұстағаның жөн. Есiнен тандыра ұрып құлатып, аяқ қолын байлап, мойнына жiп салып, асатындығымен қорқытқан әрi өкшесiн тiлiп, дәлiрегi өткiр затпен қырнап, жанын қинаған қимылдарына қарағанда Тойшыны әлденеден әбден өштескен бiреу өлтiрген сияқты.
- Полковник мырза, әрекет өштесу емес, ақша немесе тығулы құнды бұйымын тауып бер деген түрдегi қинау, қорқыту болу мүмкiндiгiн де есте ұстауымыз керек сияқты, - дедi қылмысты iздеу тобының бастығы подполковник Тұралиев.
- Оны да жоққа шығармаймыз. Бiрақ үйiндегiлердiң, балаларының айтуы бойынша отбасында малдан өзге сырт көз қызығарлықтай ақша немесе қымбат зат сақталмаған. Ал, малы түз-түгел. Соған қарап, қастасқан бiреу өлтiрдi деген жоба бiрiншi кезекте ескерiлуi жөн-ау. Тойшы ауылдан ұзап қыдырыстамаған адам. Яғни, сырттан оған өштесерлiктей әлдекiмнiң ұшырасуы екiталай. Сондықтан қылмыскердi ауылдан, сол Тойшының төңiрегiнен iздеуiң iзге түсiретiн шығар. Осы бойынша жүргiзiңдер iс бағытын, - деген байлам жасады полковник.
Х Х Х
Тойшыға кiжiне-кiжiне қарысып қалғандай тiстескен жағы ашылып, ендi көңiлiнiң қантүлеуi басыларын есептеген Жексен сол күнi-ақ ертелете қалаға қайтқан. Бiрақ, Тойшыны әлдекiмдердiң өлтiргенiн базардағы ауылдастарынан естiген баласы Әмiр «қандай жауыз болды екен ә, өкшесiн тiлгiлеп, өзiн моншасына асып кетiптi» дегенде басын жерден көтере алсашы. Мұның дұрыс жасағанына, кегiн қайтарғанына, намысын таптатпағанына әбден сенген әрекетiн баласына дейiн күстаналап отыр.
- Сiз көке, сол күнi келдiңiз ғой ауылдан. Ондай жаманатты естiмедiңiз бе?
- Мен кеткенде ауыл тыныш тұғын. «Бiреудiң ажалы судан, бiреудiңкi оттан», - дедi тұла бойы зiл тарта құмығыңқы үнмен. Әкесiнiң бұл қиналуын тосыннан естiген қаралы жағдайға күйзелгенiне балаған Әмiр тағы да бiраз нәрсенi ортаға салмақшы едi, ол кiсiнiң зауықсыздығын тез байқап, сөзден тыйылды.
- Ауылға ертең шығасыз ба?
- Жоқ, ертең ретi келмес. Ендi ағайынның басы түгел қосылатын жетiсiне таман барармын. Мына жарақатымды дәрiгерге көрсетпесем, жанымнан бездiрердей қағына солқылдайды. Апаңның газға қайнатып қойған суын байқамай, қолыма құйып алып, қарашы ендi жұмысқа да жарамай қалғанымды. Екеуара сөз осымен байырқалды.
Жүрегiнде топтанған күптi шеңгел басылмаған Жексен түнiмен дөңбекшiсiн. Сырттай қалайда өлтiремекке кiжiнгенiмен, сол түнi алдына елермелеп жеткен Тойшыны маңдайдан сiлейте ұрып серең еткiзгенде айызы қанып, iшiндегi тұтасқан кек буы солқ етiп алқымынан кеудесiне түскендей жеңiлдеген. Бiрақ құлағанда шешiлiп қалған кебiсiнен Тойшының аяғы қараңғылықта жалт еткенде жыны тағы қозып қоя бердi. Өлтiремiн дегенiмен, қалай, қайда, қайтiп өлтiрмегiн қораға барғанша топшылай алмаған. Оң қолымен Тойшының сирағынан сiлки ұстап, моншаға қарай дырылдата сүйреп жөнелгенiн, қалтасынан шаппасын шығарып, жiптi қиып, дереу Тойшының мойнына тұзақ салғанын тұла бойын буған ашу-ызадан аңғармапты да. Тек жiптiң ұшын бухана есiгiне байлаған соң, егер Тойшы есiн жинаған сәтте оқыс қозғалса, буынатынын байқағанда санасына суық ой жүгiрдi. Босатпаққа ұмтылғанда аппақ аяқтарына көзi түстi. Аппағын қарашы, бүгiн де моншаға түсiп езгiлеген ғой өкшесiн. Тағы да қаны қайнады. «Қалаға ұшпақсың ғой. Ендi ұшпайсың, асылып өлесiң. Қазiр арқаңнан аяғыңа дейiн ыстық сумен пiсiре жуып, еземiн» деп тұлан тұта жұлқынып жүрiп бiр шылапшын ыстық суды сөреге Тойшының жанына қойғаны есiнде. Жiп кескен шаппасының қылпыған жүзiн саусағымен сипалағанда тағы да Тойшынның өкшесiне көзi түстi. Ақыл-есiн буған ашудан санасы тұманданды. Дереу қол-аяғын байлады да өкшесiн әуелi қырналап, содан тiлгiлей бастады. Мiне, осы сәттегi Тойшының құлындаған даусынан мұның құйқа тамыры шымырласын. Дереу аяғын шешкен. Ажалына асыққан сорлы мұны теуiп жiбермесiн бе? Күтпеген соққыдан шалқасыннан түсiп, шылапшындағы ыстық су бiлегiне құйылып, жанұшыра күйген қолын сiлкiлей орнынан көтерілгенше, Тойшының әлгi оқыс қимылынан бухананың есiгi жабылып кетiп, асылды да қалды ит. Осы күтпеген жағдайға ұшырамағанда өздiгiнен оны өлтiре алар ма, әлде өлтiре алмас та ма едi. Егер ол кешiрiм сұрап екеуi татуласса, Тойшы жанынан қорқып, кешiрдiм дегенiмен, ертеңiне-ақ жұртқа жария жасары анық. Әкелерiн Жексеннiң қорлағанын естiсе, бұзақы екi ұлы мұның жанын қоймас, сiрә дә. Онда да бәрi бiр өлiм болады. Әрине, Тойшының емес, мұның өлiмi. Тәуекел, егер денсаулығым шыдаса, соңына дейiн аңдысын бiлдiрмей алысып өтермiн. Тек зияным балаларыма тимесе жарады.
Түнгi ұйқының бәрiн осындай арпалысты ойлармен өткiзген Жексен, ертеңiне дәрiгерге көрiнiп, жұмысынан сұранып, Тойшының жетiсi өтетiн қарсаңда ғана ауылға, Қоғалыға келдi. Сол қолының күйген бiлегiн таңған дәкенi байқатпау үшiн жеңi ұзын көйлек киген. Тек, Тойшының балаларымен, ағайындарымен, әйелiмен ой бауырымдап көрiскенде ғана қатты ауырсынды. Жүрегi шаншыды. Бiрақ сыр алдырмай оралды-ау үйiне. Қалада күн көрiстiң қамымен сенделген бұдан ешкiмнiң де күдiктенбегені ақиқат едi. Жексен ағайынның көзқарасынан соны аңғарды. Иә, Тойшыны өлтiрген түнi төсегiнде бiлегi қанша ашыса да тырп етпей таңды көзбен атырды. Әйелiнiң самауырға жылы су құйсаң тез қайнайды деп, газплитаға шәугiммен су ысытатын әдетi. Таңертең ол сиыр саууға ұзағанда, тез тұрып шәугiмдегi суды төгiп жiбердi де, әйелiне айқайлап: «Газдағы су қайнаған, байқа демейсiң бе, бiлегiмдi, саусақтарымды күйдiрiп алдым» дедi. «Ойпырмай қайнап қалып па? Сенiң тұра сала жуынатыныңды қайдан бiлейiн». Елпелек қаққан әйелi жерге ақтарылған суға, қисайып жатқан шәугiмге, мұның көлдiреңкi бiлегiне кезек-кезек үңiлiп: «жұмысыңа бармай-ақ қойсайшы, қолың пiсiп қапты ғой» деп шырылдаған. Бiрақ ештеңеге құлақ аспаған Жексен күйген жердi марганцовкамен жуып, тiс сықпасын жақтырды да, жолға шығып кеттi. Жараны асқындырып алған сияқты. Қаладан келгенде әйелi күйген қолын сұрап жалпылдамады онша, қайта үрки қарайтындай. Үй арасындағы бұзауды күйеуiнiң таң атқанша iздеуiнен Тойшының аяқ асты өлiмiнiң хабары шыққанан-ақ секемденген сияқты.
Түнде, балалар ұйықтаған соң басын көтерiп отырды да, мұның қолын аялай сипап:
- Жексен-ау, бұзау iздеп жетi түнде қай жақтарға барып едiң? - дедi.
- Жыңғылдың ара-арасының бәрiн сүзiп, өзеннiң бойындағы екi-үш қорадағылардан сұрадым. Түн тамаша екен, қайтуға асықпадым. Бiлегiн сипаған сәтте әйелiнiң саусақ ұштарының дiрiлiн байқады Жексен. Демек, мұның сөзiне сенбедi.
- Жексен, менiң жүрегiм бiрдеңе сезедi. Есiңде ме, «Тойшының қойын өлсем де бақпаймын» деп тұлан тұтып келгендегi әңгiмелерiң. Жыламасаң да жылағаннан бетер өкси-өкси, күрсiне, нали, қажи отырып айттың ғой бәрiн. Өкшесiн ездiргенiмен қоймай, мазақтай күлгенiн тiстене күңiрене жеткiзгенде, көз жасың менiң қолыма тамды. Оны өзiң байқамадың. Жексен үндемедi.
- Тойшының өкшесiн аямай тiлгiлеген дейдi. Соны естiген сәтте-ақ сенiң әңгiмелерiң, таң атқанша бұзау iздеп жоғалғаның есiме түстi. Содан берi iштей уайымнан қажыдым. Шыныңды айтшы.
«Солайын солай екенiн сезiпсiң ғой. Ендi пайда жоқ. Өлтiрмес те едiм, қорқытып, қорлап қоя салар ма едiм? Өзi тыпырлап құлап кеттi де асылып қалды. Мен ұмтылып жеткенше өлдi. Сен аузыға берiк бол. Жұрт полиция ешқандай iлік таппағанына таңдана гуiлдеп жатыр ғой. Бiр жұмадан берi iзге түспеген полиция ауылдағылардан күдiктенбейдi. Байларды сырттан торуылдап өлтiре салатын оқиға аз ба? Басқа тұстан iздейдi қылмыскердi. Шуыл сәл басылған соң, қалаға көшемiз. Сонымен бәрi iзiм-қайым жоғалар. Амалым не өңiм түгiлi түсiмде кiсi өлтiрiп, адамның қанын мойныма жүктеймiн-ау деп ойлаппын ба?! «Басқа бәле - тiлден» деген тап рас екен. Несi бар едi келiнiмдi бетiме салық ете мақтанып. Ұмыта алмадым. Көз алдымда соның кiр, күс басқан өкшесiн езгiлейтiн елес кетпей-ақ қойды жанымды жеп. Ендi өлген Тойшымен сол елес жоғалды. Бiрақ жүрегiмнiң сыздауы күшейiп барады. Қылмыстың неше атасын жасағандар да жүр ғой жер басып». Ол мұның бәрiн iштей айтты. Ал дауыстап тұрып:
- Жоқ, ақылын ашуға жеңдіріп, адам қанын мойнына жүктейтiн ақымағың мен емеспiн. Әлде сен солай ойлайсың ба? - деп ызбарлана сұрады.
- Жоқ, ә, - деген әйелi терең күрсiндi. Бұдан әрi ерлi-зайыптылар үнсiз өз мұңдарымен қалды. Жексен қалаға жұмысына кеттi.
Х Х Х
«Моншадағы оқиға». «Моншадағы өлiм». «Моншадағы екеу». Неге екеу? Үшеу, төртеу болуы да бек мүмкiн. Жоқ, моншадағылар екеу, Тойшы мен қылмыскер. Одан көп адамнан қалайда iз қалады. Мынау бiр адамның ғана әрекетi. Iстi тындырған соң, жуық арада ешкiмнiң келе қоймасын бiлiп, айналасын түгел сылап-сипап, дайын сумен әбден шайған. Соған қарағанда бұл әрекетке ұзақ дайындалған. Полковниктiң «өштескен бiреу өлтiрген» деп тұжырым жасауының да сыры осында. Бірақ қылмыскерді ауылдың iшiнен iздеудi ескертіп, шеткерi қоныстанған үйлердiң адамдарынан сұрастыру бiржақтылық емес пе?
Бұл мекенге сырттан кiретiн жалғыз тас жол ауылдың ортасын иректеңкiрей жарып өтедi де, елсiзбен он шақырымнан соң асфальт жолға қосылады. Қылмыскердiң машинамен келмегенi басы ашық мәселе. Өйткенi қора, үй, монша маңында дөңгелек iздерi жоқ. Тойшының ізi де, Тұяқ та ауылға атпен қатынаған. Сiрә, қылмыскер де атқа мiнген-ау. Бiрақ қаралы хабар тигенде қораға қарай жөңкiлгендердiң көлiктерінің, аяқ-қолдарының таңбаларынан бiрдеңенi ажыратып байқау екiталай. Сай-сайды жағалап, қыр-жазықты жебелей ауылға енетiн қиыр-шиыр жалғыз аяқ соқпақтар есепсiз. Ол шиырдың қайсысына түсiп, сол сұмдық болған түні не байқағанын үйi жолға жақындардың қайсысынан сұрамақшы.
Бақыт осындай ойлармен Қоғалының iшiне кiрмей, көлiгiмен ауылдың сыртына айналды. Биiк жарқабақтың үстiне шыққанда, машинасын тоқтатып, түстi. Сәл төменiректегi ауыл алақандағыдай көрiнедi екен бұл тұстан. Соңғы жылдары салынған, сырты әктелмеген, әрленбеген бiр бүйiрлеу орын тепкен төрт-бес үйден бастағаны дұрыс па әңгіме төркінін. Түрлі жорамалдарымен әуреленiп тұрып аңғармапты, ту сыртынан жүген сылдыры естiлгенде жалт бұрылды. Аттылы жүргiншi таяп қалыпты. Мұны мал торыған ұрыға балады ма, әйтеуір туа бiттi мiнезi солай ма, әйтеуiр суықтау тiл қатты.
- Жолсызбен жортқан қай баласың? Жоқ iздеушiмiсiң?
- Дұрыс тұспалдадыңыз, көке. Жоқ iздеп жүргенiм рас.
- Қандай мал, қай жақтан iзi шыққан?
- Мал емес, таппай жүргенiм - адам. Өзiңiз осы Қоғалыдансыз ба? Мұртын сипалаған әлгi кiсi тосылыңқырап барып жауап қатты.
- Осы Қоғалыданмын. Бiрақ бiздiң ауылдан кiсi жоғалғанды естiмедiм.
Ендi жұмбақтасудың ретсiздiгiн байқаған Бақыт өз сапарының мән-жайын баяндап:
- Сол кiсi өлiмi болған түнi ауылға сырттан кiрген көлiктi, адамды байқаған бiреу-мiреу ұшыраса ма деген сұрағыма жауап iздей келдiм, - дедi.
- Жолы жоқ бұл тұстан көлiк жүрушi ма едi?
- Машина емес, аттылы кiсi көрмедiңiздер ме?
Осы ауылдың адамымын, ныспым Қалдарбек деп танысқан ол сәл ойланыңқырап, қамшысымен қалпағын көтерiңкiрей түстi де:
- Мен көрдiм, аттылыны. Ер үстiнде бүкшиген бiреу отырды. Оның тұрқынан кiм екенiн жыға танымадым, таныстардан ешкiмге тұспалдай да алмадым. Бiрақ атты таныдым, сусыма жүрiсiнен.
- Ат кiмдiкi сонда? - дедi шыдамы таусылған Бақыт.
- Пернебектiкi. Жылқы емес, ешкi сияқты. Басын сұқпайтын жерi жоқ. Содан ауыл түгел оны «Сусылдақ» дейдi. Жүрiсi емес, қылығына қарай айдарлағандары ғой.
- Үстiндегiнi танымадым дейсiз бе? - деген Бақыттың сұрағы күмәндана естiлдi.
- Өзiме ыңғайсыздау тисе де айтайын. Әлгi Тұяқтыкiндегi бесiк тойдан дым бiлмей келiп құлағанмын ғой. Оянсам, қаталап жатырмын. Қалбалақтап құдыққа барсам, шелек толы суымен тұр. Басыма көтере сiмiрдiм. Күн-түнiмен iшкенiң iспiрт болса, оның үстiне мұздай су қотарсаң, қайтадан таз қалпыңа түспеймiсiң. Көзiмдi бiр ашып, бiр жұмып сүйретiлiп үйге қарай бұрылғанымда, әлгi аттылы анау жаңадан салынған үйлердiң бiрiншiсiнiң iргесiнен өте шықты. Менiң үйiм үшiншiсi. Екi ара әжептеуiр қашық. «Әй, кiмсiң?» деуге көңiлiм құлап-ақ едi, бiрақ жүрегi құрғыр лобылып, еңкейген күйi қалдым. Оның Тойшының өлiмiне не қатысы бар? Өзеннiң бойы қалың жыңғыл. Малын әсiресе тоқты-торым, қозы-лағын жоғалтқан адам шибөрiден қауiп етiп, түнiмен iздеумен жүредi. Сондай бiреу шығар.
- Ат егесi Пернебектiң үйi қай тұста?
- Е, дұрыс, атын кiмге мiнгiзгенiн өзi-ақ айтады екен ғой. Көшемен ауылға кiресiң, мектептiң жанында, сұрастырсаң көрсете қояды. Қала емес қой бұл. «Ойпырмай, Тойшы байғұстың өкшесiн езгiлеп, тiлгiлеп тастапты. Сонша қаны қата қасарысқан кiм екен ә?» деп ауылдың бәрi үрей, шырағым. Ертерек таппасаңдар, тоғайда адамды аяғынан бастап жейтiн тұрқы бөлекшелеу шибөрi пайда болғандығына жұртты иландыра бөсуде көкезулер.
- Ешқандай шибөрi де, басқалай да аң емес, қылмыс адамның қолымен жасалған. Iз ала алмадық. Бүкiл ауыл көшiп барғансыздар ма, қораның маңын да, моншаның iшiн де шиырлап тастапсыздар. Содан мiне, шөптiң арасынан ине iздеп жатқан жайымыз бар, - деген Бақыт көлiгiн ауылға кiретiн тас жолға қарай бұрды. Кездейсоқ жолыққан Қалдарбектiң нұсқауымен Пернебектiң үйiн де тез тапты. Машинаның дауысын естiдi ме, үйден шыққан жас жiгiт бұған қарай жүрдi. Аман-саулықтан соң өзiн таныстырған Бақытқа Пернебек «менде қандай шаруаң бар?» дегендей әуестене қарады. Әлденеден қуыстану рең басынан байқалмағанынан-ақ, оның қол тазалығын iш пiкiрiне күмәнсіз түйді тергеушi. Оқиға болған түнi «Сусылдағын» «бұзауым жоғалды» деп сұрап мiнгеннiң Жексен көкесi екенiн күлбiлтiлдемей-ақ айтты ол.
- Атыңды қай кезде алдың?
- Таңертең баласы әкелдi. Көкем түнде кеш келген соң, мазаламапты бізді. Ертелеп қалаға кеткенін де содан естідім.
- Атыңыз сүлесоқ, шаршау емес пе едi?
- Өз ризалығыммен берген затымды тексерiп алу әдетiмде жоқ. Болдыртып келген күнде де таңасқан аттың құлағы салбырап тұрушы ма едi. Оның үстiне Жексен көкем ондай қатыбезер емес.
- Бұл сөзiңдi қалай түсiнейiн?
- Сұрақтарыңызға қарағанда сол кiсiден күдiктенетiн сияқтысыз. Олай болуы мүмкiн емес. Көкем атқа да, адамға да қатыгездiк жасай алмайды. Қанша жерден ерегiсiп қалса да.
- Кiммен ерегiскен?
- Тойшымен де. Адам емес ол кiсi, жер барып айтпасын. Күнiн көре алмай қаңғалақ қағып, Жексен көкемнiң етегiне оратылып жүрушi едi, екi жындысының рэкеттiгiн малданып, жабағы жүнi көтерiле қалыпты. Сондай ұрдажықтарға үкiметтен неге тиым салынбайды?!
- Өкiметтi қоя тұр, ауылдың әңгiмесiн айтқын.
- Күйiп кетесiң де, әйтпесе ешкiмнiң де шыли өлiмшi халi жоқ. Әлгi екi есерсоқ кейде ауылды шуылдатып кетедi. Соған тәйт деудiң орнына Тойшы марқұм мақтанып отыратынын қайтерсiң. Бiреу сәл қарсы сөйлесе, дұрыс емесiн айта бастаса, екi қояншығын шақыратынымен қорқытады. Ағайынның арасындағы қадiрiн сөйтiп түсiрдi дә!
- Жексен көкеңмен неге ерегiсiп жүр?
- Осы ауылдың бәрi алақандағыдай ғой. Қиыншылық кезде ең қатты тарыққан үйдiң бiрi сол кiсiнiңкi. Төрт баласын оқытты. Үлкенi бiтiрiп, ендi-ендi қызметке орналасыпты. Солардың қамымен әлгi Тойшыға малын дәрiлейтiн дәрiгерi болған. Кейiн қойын да бақтырды-ма, қалай. Бiрақ екеуi шығыса алмай, Жексен көкем Тойшыға қатты қапаланып, қалаға ұзағанын естiдiк. Себебiн әркiм әр түрлi қыраттайды.
- Не деп?
- Оншасын бiлмеймiн. Әйтеуiр өкпелеуiн өкпелеген. Бiрақ «ағайын өкпеге қиса да, өлiмге қимайды» демей ме?
- Ал, өлiмге қиып жiберсе ше? Осыны айтқан бұған шошына, үрке қараған Пернебектiң бет-әлпетi «мүмкiн еместі» айқын танытып күреңiтедi.
- Атпен Тойшының қорасына дейiн қанша уақытта баруға болады?
- Сау желiспен, бiр сағатқа жетпей-ақ шаң бередi.
- Сен, Пернебек, менiң сөздерiмнен сонша шошындың. Жексен көкең солай iстептi демеймiн. Қылмыскердi табу үшiн бiз сол түнi ауыл маңында жүрген - тұрған бейсуат жағдаяттардың бәрiн де есепке алуымыз керек. Сондықтан да сұрастырып жатырмын. Екеуара әңгiменi ешкiмге жарияламай-ақ қой. Онсыз да ауылыңда «Тойшының өкшесiн шибөрiнiң бiр «ұжас» түрi мүжи бастағанда, Тұяқ барып қалыпты дегендей жел сөз көп екен. Соған тағы да бөстекi әңгiменi қоспай-ақ қоялық. Оның үстiне өзiн өте жақсы көретiн сияқтысың, Жексен көкең естiсе, ренжидi ғой. Келiстiк пе?
- Келiстiк. Пернебек үйiнде қалды. Бұл - жұрттың бастарын бiрiктiрмей жекешеленемiз деп бөлшектеп кiндiк қаны тамған жердiң ту-талақайын шығарған пиғылдарға түсiнбейдi-ақ Барлық ауылдарда кезiнде клуб та, кiтапхана да, медпункт те, магазин де жұмыс iстедi. Соның бәрiн сол ауылдың бас көтерерлерi сенен мен қаламын ба дегендей текетіреспен бөлiп-бөлiп алды да, ауыл бiткендi қаңыратты да қойды. Егер көңiл сергiтер, көпшiлiк бас қосар я клубы, я кiтапханасы болмаса, қаңырамағанда қайтедi. Теледидарың да, видигiң де көппен пiкiрлескендей, кiтаппен сырласқандай әсер туғызбайды. Бiрақ «балық басымен, тұрымтай тұсымен» лағып жатқан, тыныштығынан тынымсыз сағаттары көп мына алмағайып заманда кiтап қайда, бiреу қайда? Кеңестiк дәуiрдiң «бәрiң теңсiңдер» деген уәжiне ұйыған адамдарға бiрден бай болу да, бiрден кедей болу да оңайға тиiп жатпаған сыңайлы.
Көлiгiн ауыл ортасындағы жалғыз көшенi жағалата үйме-жүйме соғыла салған дүңгiршiктерге бұрған Бақыттың ойы - осында жиналатындардан Тойшы мен Жексен арасындағы кикiлжiң турасында сыр суыртпақтау. Дүңгiршек алдынан әлгiнде ғана ұшырасқан Қалдарбекпен тағы бiреудi жолықтырды.
- Бұл кiсi кластасым, көршi ауыл - Шұқыршақтан. Қыдырып келiп қалыпты, үйге бара жатырмыз. Бiздiкiне жүр, «әбедтен», - дедi қолындағы дорбасына сәл-пәл ыңғайсыздана қарап. Түскi асты бiрге iшуге Бақыт та келiстi. Өйткенi мәселенiң басын ашып алуға мұндай қолайлы сәттi қалай жiбермек. Оның үстiне бұл төңіректен түстене қоятын танысы жоқ. Учаскелiк өкiл ауданда қызметтiк кезекшiлiкте тұрған соң, Қоғалыға барамын да қайтамын ғой деп өзі кеткенде, Тойшымен ерегiскен адамды дәл осылай тез анықтаймын деген топшылауды байырқыламапты. Ендi осы жағдайды бiраз iндетiп байқау керек. Әлгi Пернебек Жексеннiң кiсi өлтiрмек түгiлi тышқан мұрнын қанатпайтынын айтып мақтауын келiстiрдi. Мүмкiн, Тойшымен ерегiсiп қалған басқалардың да дерегi шығар.
- Қалеке, шақыруыңызды мақұл алайын. Көздеген жұмысымның бiтуi түс қайтаға созылатын сыңайлы. Бақыттың көлiгiне екеуi мiнiп, ауылдың шетiндегi жаңа жайларға қарай қозғалды. Сiрә, құрдасының қонаққа келгенiн Қалдарбек үйiне ескертсе керек, дастарқан жасалып қойыпты. Тек бөтелкесiнiң кемшiндiгiнен үй егесi дүкен жағалаған сыңайлы. Меймандарын жайғастырып, шай кесенi Бақытқа ұзатып жатып Қалдарбек:
- Пернебек үйiнде ме екен? - дедi. Өзiне керек әңгiменiң өзегiн қалай суыртпақтауды ойлап отырған Бақытқа мынау сәттi тасталған сауал едi.
- Үйiнде екен. Сiз “Сусылдақты” дәл таныпсыз. Сол түнi бұзау iздеуге Жексен көкесi мiнiптi.
- Жексен деймiсiң? Ол қаладан келiп пе сол күнi? Онда бесiк тойға қалай бармады? Е, е. Әлгiнi естiген ғой.
- Ненi естiген дейсiз?
- Тұяқтың ұлына бесiк тойдың бар шығынын көтерiп Тойшы жасап бердi емес пе. Әйтпесе ондай шамасы қайда?! Ал, Тұяқтан бұрын сол малға Жексен қараған. Тойшы екеуi iлiнiсiп, қаладан бiрақ шықты. Жасы ұлғайған адамға қалада қайбiр жұмыс табыла қояды дейсiң. Бiрақ Жексен алған бетiнен қайтпады. Сiрә, Тойшыны көруден мүлдем безiндi-ау!
- Сонша теке тiресетiндей оқиғаның себебi не?
- Оны ешкiм дәл бiлмейдi-ау. Әйтпесе ауылда сөз жатпас едi. Неде болса, екеуiнiң ғана арасындағы құпия бұл. Айтылмай қалған.
- Жексен сол үшiн ... - дей берген Бақыттың сөзiн Қалдарбек:
- Жо-жоқ, Жексеннен ондай қаныпезерлiк шықпайды. Ерегiс үшiн адамды асып өлтiру, өкшесiн тiлгiлеу оның қолы емес. Ақша талап еткен бiреулердiң iсi бұл. Қорқытқанның жөнiн ұқсата алмай тұзақтап, аңдаусызда аяғы тайып кеткен Тойшыны асқан жiптен түсiруге үлгермей өлтiрiп алып, зытып жөнелген. Мен өзiм де, ауылдың бәрi де осылай топшылап отыр. Жынды балалары Тұяқты ұрғанша, әкесiн қинап өлтiргендердi қаладан iздесiн. Мен солай айттым да оларға.
- Ауылда Тойшымен шекемдесiп қалған өзге ешкiм жоқ па?
- Неғылады онымен шекемдесiп. Жанына жолап кеткендi дереу қаладағы есерсоқтарымен қорқытады.
- Сiздердiң әңгiмеге айналдырғандарыңыз өткенде өкшесiн шибөрi жеген кiсi ме? Есімін естіген соң есiме түседi. Бiздiң ауылдан жоқ қарай соққан екi жiгiтiне прокоролдан рұқсат қағаз әкелмесе, қорасын қаратпайтынын, ататынын айтып, мылтығына жүгiрiптi. «Осы Тойшының алыстан атойлап жан ұшырысы жаман. Ұрының өзi немесе сыбайласы-ау!?» деп барды ауылға.
- Қорасында не iстеп, не қойып жатқанын кiм бiлгендей. Есiтiп отырсың, әне. Жолап кеткенмен өйтiп ерегiсе берсе, елдiң бәрi оның екi баласының астында жатқан жоқ қой, - дедi Қалдарбек ашулана. Тамақтан соң шайға аялдамаған Бақыт рахметiн жаудырып көлiгiн қозғады. Әлгi мал iздеушiлерге, Шұқыршаққа барса қайтер едi. Тойшы мен Жексеннiң ерегiсi неғып сонша құпия. Екеуiнiң ең болмағанда бiреуi бiреуге тiс жармауы қалай? Жексеннiң жұмысты тастау себебiн Тойшының, тiптi, екеуiнiң де әйелдерiнен суыртпақтап неге сұрамасқа? Басқалай ерегiсiп жүргендерiн де бiлер әйелдерi. Осы ойға бел буған Бақыт Тойшыныңкiне барды.
Үйде Тойшының әйелi мен жас келiншек қана бар екен. Бақыт өзi құран оқыған соң:
- Жеңгей, бiздiң қызметте осындай қойлайсыздықтар жиi ұшырасады. Кейде жұмбақ жағдайдың шешуiн табу үшiн ескi жараның орнын қайта тырнауға мәжбүрмiз. Оған айып етпеңiз, - дедi.
- Менен не сұрайсың, шырағым. Малдың басына бармағаныма екi-үш жыл. Оқта-текте сол жақтағы «моншам мошный» деп Тойшының өзi алып баратын. Жағдайымыз түзелген соң, балалар ауылдан осы үйдi сатып әперiп, мал бағуға адам жалдағанбыз.
- Сол жалданғандар кiм едi?
- Алғашқыда балалар қаладан орыс па, өзбек пе бiреулердi әкелген. Кейiнiрек бiр жақтарда жалданғандардың егелерiн өлтiрiп, малдарын айдап әкеткен оқиғасын есiткен Тойшы малға қараушыны төңіректен iздедi. Өзiмен құрдас, осы ауылдың бас көтерер адамының бiрi Жексен қайнағамен келiскенде мен қарсы болғанмын.
- Неге?
- Ел басқарған, сол кездерде бiздiң отбасыға көп жақсылық жасаған кiсi. Бiрер жас үлкендiгiне қарамай құрдас тұтқаныңмен, шаруа жайымен iлiнiсiп қалсаңдар ағайын арасы араздасып, ұятқа ұшыраймыз. Одан да жас балаларды көндiрсейшi дегенмiн. Тыңдамады. «Ол маған бiр кезде бастық болса, ендi мен бастық боламын. Өзi намыстанбаса, мен неге намыстанбақпын, қайта мақтанбаймысың» деп езеуредi. Сөйтiп бұрынғы бастық - қойшы, бұрынғы қойшы - бастық атанып шыға келдi. Мен жолы да, жөнi де бөлек ол кiсiге бiрдеңе деуге ұялғанымнан малдың басына жоламадым, тiптi. Тойшының есiрiк мiнезiнен қысылатынмын.
- Күйеуiңiз құрдас, өзiңiз қайнаға тұта қадiрлеген Жексеннiң аяқ астынан босап кетуiнiң себебiн бiлмедiңiз бе?
- Неге бiлмеймiн, бiлдiм ғой. Әлгiнде айтқанымдай қой ауылдағы моншасын аузынан тастамай мақтанатын әрдайым. Сол моншасы түбiне жетiп тынды ақыры. Бiрде Жексенге арқасын ездiргенiне тыраштана бөсiп келдi. «Өйтiп жұрттың намысын қажайтын тiрлiк жасамасайшы. Көз бар, тiл бар, кесепаттығың өзiңнен бұрын балаларыңа тисе қайтесiң» деген бiр ауыз сөзiм үшiн таяқ та жедiм. Содан соң қойғанмын сөйлеудi. Бiр күнi тағы да лепіріп отыр. Айтуынша Жексенге балаларының оқуына төлейтiн ақша бермекке уәде байласып, ақысына өкшесiн ездiрген көрiнедi. «Құрдастың құдайы бiрiн» ұмытатындай неден тасынып жүрсiң? Неге сонша қорладың азаматтың басын» демеймiн бе шыдамай. Бiр тептi. Үнсiз қалдым. Таңертең Жексен: «малын түз-түгел санап алсын да басқа қойшы iздесiн» деп әйелiн жiберiптi.
- Өкшесін ездiргеніне мақтанды дейсiз бе?
- Иә, сол кесепаттығы ғой Жексендi бiр күнде бұдан күдер үздiрген.
- Күйеуiңiз одан кейiн «Жексенмен ұшырастым, ерегесiп өлтiремiн», дедi дегендей қауiптенер ой сездiрген жоқ па?
Тергеушiнiң өзiнен ненi анықтамағын ендi ұққан, бағанадан бергi әңгiмелерiн төмен қараңқырай баяндап отырған әйел басын көтере Бақытқа жалт қарады. Жанары үлкейе, бiрақ iшкi ойынан өзi үркитiндей көзқарас.
- Сонда әлгi ерегiстен Жексен қастық жасады демексiз бе? Бақыт үндемедi.
- Олай болуы мүмкiн емес. Қанша өкпелесе де ондай қатыгездiкке бармайды. Ал, өз балаларымның әпербақан тiрлiктерi көңiлiме қонбайды. Соларға ерегiскен бiреулердiң қолынан жасалған қастық па, қайдам? Әкелерiн өлтiрушiнi ауылдан таппаққа зiркiлдей берген соң, «сендер жақтан соққан кесапат емес пе» деген пиғылымды сездiргенiмде, өрекпулерi басылып қалды. Соған қарағанда өздерi де қауiптенедi-ау. Зияны балаларыма тиiп жүрер, шырағым, осыны қоздатпай-ақ қоя салсаңдар қайтер едi?! Әйелдiң үнi жалынышты естiлдi. Бақыт мұндай уәждi мүлдем күтпеген-дi. Керiсiнше жылап-сықтап, он күннен асса да қылмыскердi таппағандарын бетiне басып, қарғап-сiлеген долы әйелге ұшырасудан қауiптене бас сұққан бұл үйге.
Кiммен сөйлессе де Жексенге шық жуытпайды. Ауылдағылардың бәрiне жақсылығы өткен, сөзi мен де, iсiмен де сыйлы кiсi екен. Бұрынғы қойшыға сонша мiнәдар еткен - жоқшылық шығар. Тойшы моншада арқасын ездiрсе - құрдастығы дейiк. Кiмнiң арқасын кiм езбейдi? Мәселе онда емес. Әр моншаға түскен сайын Тойшы бұрынғы бастығының намысына тиетiн қыршаңқы тiлмен түйреген ғой, сiрә. Ең соңында өкшесiн ездiргенiне шыдамай күн көрiсiне жарап отырған жұмысын тастай салуы ақылға қаншалықты қонады. Бұл тұста өзектi өртер өзгешелеу бiр кiлтипан бар-ау. Бiрақ оның ақиқатын ашар кiсiнiң бiреуi мәңгi тiлсiз. Ал, Жексеннiң тiс жармасы анық.
Сонымен қылмыс жасаулары ықтимал күдiктiлердiң iзiне түсудiң үш нұсқасы бар. Бiрiншiсi, Тойшымен ұрысып, қойшылықтан қол суытқан Жексен. Екiншiсi, Шұқыршақтан мал iздей жүрiп, Тойшымен iлiнiскен екi жiгiт. Үшiншiсi, Тойшының әйелiнiң болжамдауынша балаларымен ерегiскен белгiсiз топ. Осы үш жұмбақтың қайсысы қылмысты ашуға бастамақ? Соңғы алты айда Тойшыға жақын жүрген адамның бiрi - ауруханада таяқталып жатқан Тұяқ. Сөйлесуге дәрменi жетсе, ертең соған барып әңгiмелескенi жөн-ау. Мәселенiң бәрi Тойшының қойшы ауылда кiмдермен қарым-қатынас жасағанына тiрелетiн сияқты. Егер Шұқыршақтың жоқ iздеушiлерi бiрнеше мәрте келсе, тегiн жүрiс болмағаны. Басты күдiк соларға түседi. Көршi ауыл-аймақтан айналсоқтаушыларды Тұяқтың да тануы әбден мүмкiн. Ал, мүлдем бейтаныс бiреулер бiр-екi мәрте төбе көрсеткен десе, әйелiнiң жорамалдағанындай, балаларының қиянатына ұшырағандардың өш алу әрекетi деген топшылауды негiзге алатын шығар.
Бүкiл ауыл құрмет тұта көкелеп құрақ ұшатын Жексендiкiне соғып, әйелiнен сұрақ алуы ағайын арасын дүрлiктiрерiн, егер сезiктенуi бекерге айналса, өзiнiң де қолайсыздау жағдайда қаларын пайымдаған Бақыт әзiрше «Жексен бағытын» жылы жауып қоя тұруды мақұл санады. Ауылдастарының пiкiрiне илансаң, «битке өкпелеп, тонын отқа салатынның» тұқымынан емес сияқты. Бiрақ екеуiнiң өкше ездiрудегi өкпе-ерегiстерi есiне түсiп, қайта-қайта мазалайды. Аудан орталығы Дерменелiге қайтар жолды осындай ойсоқтымен өткiздi. Бастық облыстағы сапарынан оралмапты. Ауруханамен хабарласып, Тұяқтың ертең ес жинау бөлiмiнен палатаға ауыстырылатынын бiлдi. Демек, бетiнiң берi қарағаны. Естуiнше Тойшының екi бұзығы облыстан дәрiгерлер алдырып, емдетiп жатыр екен. Араласқан ортасын дүрлiктермей жүрмейтiн екеудiң заңнан аяқ тартуға мойынсұна бастағаны, сiрә.
Араға үш күн салып оралған күйеуiне бәйек қаға дастарқанын жайып, шайын құйған Жақұттың бұған қайта-қайта қыбыжықтаған кейпiне Жексен көзiнiң астымен үнсiз қарады.
- Бiрдеңе дегiң бар ма, лебiзiңдi жұтып отырған тәрiздiсiң ғой.
- «Петя» қайныма бiр полицей жолығып, сенiң атын сұрап мiнгенiңдi ежiктептi. Соны... деген әйелiнiң сөздерiн әрi қарай ұғып жарымаған күйде, үстiне мұздай су құйып жiбергендей тiтiркендi. Алғаш еркiнен тыс козғалақтағанымен, тез бойын жиып, қабағын шытына бiлегiн ұстады таңғыштың сыртынан. Күйеуiнiң реңiндегi өзгерiстi мұның тосын хабарынан әлде қолының жарасын ауырсынғандығынан екенiн дәл таппаған әйелi:
- Суланғаны басылып, қарақотырланды ма? - деп, Жексеннiң сол қолына үрпие қарады.
- Жоқ, кеберсiмек түгiлi таңғышқа тұтастай жабысып, етке тереңдеп, ырсиып барады. Кешеден берi сүйегiмдi де солқылдата ауыртатын пәленi шығарды.
- Дәрiгерге көрсетпедiң бе тағы да?
- Сол дәрiгер ашып, тазалап, дәрiлеп жұмысқа әзiр жарамайтындығымды ескерткен соң келдiм емес пе үйге. Екеуара әңгiме әрi жалғаспай, Жексеннiң қабағы шытыла үнсiз түнердi. Жақұт кешкi малға шыққанда, аулада бiраз аялдаған Жексен қасқарая Пернебектiкiне барды. Амандықтан соң елпiлдеген ол:
- Атқа мiнесiз бе, көке? - дедi.
- «Сусылдаққа» мiнсем, ағайын шатты-бұттысын қоздататын сыңайлы ғой? Жексеннiң ненi көздей айтқанын тез аңғарған Пернебек тергеушiмен екеуiнiң арасындағы ұзақ-сонар әңгiменiң бәрiн жайып салды. «Сiздi мақтадым, ауылдағы баға жетпейтiн адам дедiм көке».
- Менiң «Сусылдақты» мiнгенiмдi кiм жеткiзiптi оған?
- Оман арықтың жағасында ошарылған бөтен көлiкке Қалдарбек бармай ма? Сөйтсе ауылға кiретiн, шығатын үлкендi-кiшiлi жолдарды сырттай баққан тергеушi екен.
- Қалдарбек менi қалай көрiптi сонда?
- Тұяқтың тойынан өлiп iшкен iспiрттен кеуiп оянып құдыққа бас қойып жатқанда сiз өтiпсiз. Жоқ олай емес, ол «Сусылдақты» танығанымен, үстiндегi кiсiнiң кiм екенiн ажырата алмапты. Полицейге сiз демептi. Бiрақ егесiн айтқан соң, ол атымды кiм мiнгенін сұрап маған келдi. Мен сiздi атадым. Тергеушiнiң өзiне мүлдем күтпеген тұстан дәл ұрынғанына абыржыған Жексен кеудесiнiң кенет шаншуынан ауырсына демалды.
- Көке, өңiңiз тайып, әлпетiңiз қарауытып кеттi ғой. Науқастанғаннан саусыз ба? - дедi Пернебек Жексенге жаны аши.
- Иә, қала жақпады-ау маған, соңғы кезде мазам қашып-ақ жүр. Оның үстiне мына қолымдағы жара да жазылмай, сүйек-сүйектi сырқыратып, кейде тыныс алуды ауырлатып жiбередi, - деген жалтарма жауаппен тәуiр көретiн iнiсiнiң көңiлiне күдiк салмауға әрекеттендi. Қос жанары бұған күмәнмен емес, көкелеуден танбаған адал сенiмiмен, жанашырлықпен елжiрей қарайтындай. Кiм бiлсiн? Пернебек серiктесе септесiп, үйiне ерiп келмекке ниеттенiп едi:
- Үйреншiктi боп қалды бұл ауру. Қазiр бiраз жүрсем, басылады,- деп көше бойлай бiр өзi кеттi. Көкейiн тескен жалғыз сұрақ: «Тергеушi бұдан күдiктенетiндей немесе жауапқа шақырса шатастыратындай қандай дерек алды екен Қалдарбектен». Әрине, «Сусылдаққа» мiнген жолаушыны түннiң қай мезгiлiнде көргенiн сұрады ғой. Әлде сұрамады ма? Сұраса да, сұрамаса да бұның Қалдарбекке қазiр жолығуы керек. Өйткенi қораға сағат екiде жеткен бұл iсiн тындырған соң, таңғы төрттер шамасында кiрдi-ау ауылға. Мұның қораға баруы мен қайтуы аралығындағы оқиға ұмар-жұмар екi, екi жарым сағат маңайында. Егер Сусылдақтағы жүргiншiнi сағат түнгi төрт шамасында көргендігіне Қалдарбектi мақұлдатса, өзiнен сұраған жағдайда үйге сағат бiрлерде келдiм дейдi. Сонда тергеушi амалын қанша әдiптегенiмен, мерзiмдi сәйкестендiре алмасы анық. Ең бастысы Қалдарбек “Сусылдақты” көргенiм сағат түнгi төрттер болатын дегенге тергеушіні күдiксiз сендiруi тиiс. Ол үшiн бұл мерзiмнiң шынымен солай екендiгiне Қалдарбектің де күмәнсiз иланбағы ләзiм. Енді оған қандай амал жасамағын ойланып келедi. Мал қораланғаннан кейiн әркiмнiң үй тiршiлiгiмен әуреленiп бiраз уақыт тыншитын ауылдың әдетi. Содан соң екі-үш көшенi шаңдата, ышу-пышу ысқырып балалар жүредi. Әзiрге айнала бос, тыныштық. Көшенi кесе өтiп, ауылдың шетiндегi Қалдарбектiкiне беттедi. Үйiнде екен. Мұның шақыруымен сыртқа шыққан ол Жексенге iшке кiруiн өтiнiп жата жабыссын.
- Мен қалада жұмыстамын бiлесiң ғой. Үйге кiрсем отырып қаламын. Таңертең ерте жолаушылауым керек.
- Сонша тығыз не тапсырма, көке?
- Тапсырма берудi қашаннан ұмытқанбыз. Ендiгiнiң бәрi тек өтiнiш қой, iнiм-ау!
- Сiздiң өтiнiшiңiздi аяқ асты ететiн бұл ауылда ешкiм жоқ, көке.
- Пейiлiңе ризамын. Ендi менi зейiнмен тыңда. Полиция тергеушiсi сенiң жобаңмен Пернебекке барыпты. Жексеннiң ойын аяқтатпай елең ете қалған Қалдарбек:
- «Сусылдақтағы» сiз бе едiңiз? - дедi.
- Тани алдың ба?
- Жоқ, сiзге мүлдем ұқсамайтын бөтен бiреу...
- Демек, аттағы мен емеспiн. Бiрақ «Сусылдақты» бұзау iздеуге сұрап мiнгенмiн Пернебектен. Шынында да егер мен болсам, сен ең құрығанда шырамытасың ғой?
- Ойбай сiз емессiз, көке. Сiз қайда, тұлғаңыз мынау нардай. Ол ермен бiрдей бүкшиген бiр уыс бiреу. Жәрбиiп, ерден зорға көрiнедi.
- Сонда, ол атты бiздiң аулада байлаулы жерiнен бiреу шаруасына ұрлап мiнген бе? Өз сұрағына Жексеннiң өзi ойланып қалды. Тергеушi қанша ежiктесе де ашық әулiдегi атты ойы бұзық кез келген адам ұрлап мiнiп, жететiн жерiне жетiп, бар шаруасын тындырып, қайта оралып, орнына байлап кетуге үлгерді демеймiн бе. Бұдан қисынды ақталу бола қоймас.
- Бәсе, Қалдарбек менi «Сусылдақтың» үстiнен көрсе, қалай танымайды, таныған соң қалай амандаспайды деп едiм. Демек «Сусылдақты» басқа бiреу тағы да мiнген ғой. Ендi оның кiм екенiн бiлмекке құмартқандардың өздерi анықтай берер.
- Оны анықтаудың кiмге керегi бар?
- Полицияға керегi болуы мүмкiн. Ал, менiң қызыл жағалы атаулыдан аза бойым қаза тұрады. Баяғыда отарынан он бас қойы кем деп, сенiң әкең екеумiздi бiраз итәуреге салған. Бұрыннан қанықпын ғой бұлардың сырына. Сондықтан егер саған қайта соғып, аттылыны сағат қаншада көрдiң десе, таңғы төрт шамасы шығар, кiм екенiн танымадым дегеннен ажырама. Оның үстiне анау жөн сөзге тоқтамайтын дүлейлердiң, Тойшының есерсоқтарының, құлақтарына бiрдеңе тисе, екеумiзге де бекерден бекер соқтығысып, мазаны қашырары анық, «Аш пәледен - қаш пәле» тыныштық керек шыбын жанға. Отбасымыздың амандығы үшiн осылай келiсейiк. Онсыз да тартқан азабым бiршама жетедi. Аман-есендiгiң үшiн кейде аз-маз өтiрiктiң де пайдасы тиетiнiн байқап жүрмiн қазiр. Саған айтпақ өтiнiшiм осы. Менiң өзiңе келгенiмдi, шаруамның бетiн де ешкiмге ашпағын.
- Түсiнiктi, көке. Полицияға өткенде түн ауғанда деп жалпылама айтқанмын. Ендi соға қалса, сiздiң ишараңыз бойынша түнгi сағат төрттердiң шамасы деймiн көрген уақытымды. Ал, Тойшының балаларының құдай бетiн аулақ етсiн мүлдем. Олардың тамашасын әнеугүнi әкесi өлгенде бүкiл ауыл көрiп, жағамызды ұстағанбыз. Осылай уәделескен екеуi қол алыса қоштасып, екi жаққа айырылды.
Тойшыдан тапталған намысын, кегiн ойлағанынан да әрi қайтарғанына өзін иландырып, iштей қанша жұбатқанымен, аласұра тыншымаған көңiлiмен-ақ жан әлемiн жүдеткенiн байқамапты-ау. Әлгi Қалдарбек ат үстіндегі мұны танымапты. Iшкендiгiнiң де әсерi бар шығар. Бiрақ күнiге көрiп жүрген ауылдың адамын таяқ тастамнан шырамытпауына қарағанда тұла бойын басқан ауыр ойдан еңсесi езiлiп кеткен екен дә. «Ермен бiрдей жәрбиген бiреу» дейдi. Сонша шөккенi ме? Неден?
Қанша жерден Тойшыны жек көріп, кіжініп жүрсе де, адам өлтірудің тұла бойына жегідей зілмәуір дерт тастағаны, өзінің соны көтере алмағаны ғой. Егер шаппаны қалтасына салмағанда, өкшесiн тiлгiлеу ойына келмес едi. Жаны қиналмаcа ол да өзi асылып өлiп қаларын көре тұра мұны есiрiктене тепес едi. Теппесе құламас едi. Құламаса, моншаның есiгi жабылып, жiп керiлмес, ол асылып қалмас едi. Ендi есiне түседi сол түнгi ауылға оралу сәтi. «Мен шынымен адам өлтiрдiм бе?». «Қайтiп оп-оңай өлтiре салдым?». «Ендiгi тiршiлiк қалай болады?». «Мойындамай, соншама күнәһарлықты көтерiп қашанғы жүрмекпiн?». «Мүсәпiрге санайтын Тойшы аяқ асты кiсәпiр итке айналды. Ал итке ит өлiм демей ме? Сол ит Тойшыны өлтiрiппiн. Оған неге сонша мүжiлемiн?». Лiк-лiк қозғалыс тына қалғанда өзiнiң ердiң басына шынтағын тiрей маңдайын оң алақанымен қыса ұстап, екi бүктетiле отырғанын аңғарды. Ат әбден үйренген өз үйiнiң есiгiне тоқтапты. Есiн жиды да дереу «Сусылдақтың» басын өзiнiңкiне бұрды. Иә, бiртiндеп дәлме-дәл есiне оралуда бәрi. Ал ендi адам өлтiрдi деген жаманатқа ұшырамай, сүйекке таңба салмай, ол үшiн ештеңенi мойындамай - бәрiн де моласына ала кетуi тиiс. Жексен тас-түйiн осыған бекiндi. Үйiне кiргенде жүрегi шаншып мазасын алған соң, төсек салдырып жатып қалған.
Бұл танитын ер-азаматтың арасында Жексенге иық теңестiрердей ешкiмнiң жоқтығын iштей мақтан ететiн бақытты күндер демде алыстап арманға айналарын ойлап па Жақұт. Кеңес өкiметi құлады, мемлекет тарады десiп шуласқанда екеуi де сенбеген. Жекешеленбекке барлығы мүлiк, мал атаулыны ту-талақай таласа бөлiсiп жатқанда, «мұндай аласапыранның соңы жақсылықпен бiтпейдi, сұраусыз дүние болушы ма едi? Жұрттан артылдырып, ештеңе алмай-ақ қоялық» деген Жексеннiң сөзiне бұл да құлаған. Сөйтсе бәрi бекер екен. Оны мектеп бiтiрген перзенттерін ақылы оқуға қабылдатқанда бiрақ байқады екеуi. Бала-шағасының басы бар әлi.
Демде-ақ бұлар мұрат тұтатын iзгiлiктi ойлар мен адал iстердiң бәрiнiң аяғы аспанға қарап, басы жерге көмiлiп қалғандай заман туды. Сол аспанға қараған аяқтардан неше түрлi пәлелердiң балалай жөнелгенiне сенбейiн десе көзiмен көрiп, қолдарымен атқаруға айналды мәжбүрлiктен. Бұрын бұзықтар, ұрылар, қиянатшылдар, iшкiштер-жегiштер жердiң астымен жүрушi едi. Қитұрқысын ұғынып, бойларына сiңiрiп үлгермеген кер заманның кесепаттары кенеттен түгел жердiң бетiне шықты да, Жексен сияқты жаны былғанбағандардың қаяусыз армандарын аяусыз таптады. Ешқандай қауқар жасай алмады осы ауылдың басшысы, тәуiрi саналатын Жексен де. Соңынан шаршап бәрiнен түңiлiп, ызадан талай түндерiн ұйқысыз өткiзiп, жiгерi құм бола жаси басылды. Ақыры Тойшының қойшысы болуға дейiн көндiктi. Алғаш малын емдеп, соған ақша алатын. Ол жетпеуге айналғанда қойына қарады, бағысты.
«Ағайын жоқ болсаң, бере алмайдының» ақиқатын Жексенi мүсәпiр халге түскенде көрдi. Құр жаны ашығансыған сөз тамақ бола ма? Өзiне өтiрiк қана қамқорсығандарды Жексен аяғына отырғызбай тыйып тастады. «Денiм сау, жаным таза, одан артық ештеңенiң керегi жоқ маған» дейтiн әрдайым. Өзiн-өзi жұбатқаны ғой бұл. Әйтпесе күтпеген жерден соғып, титықтатқан мына қу заманның сұмдықтарынан қалай құтылудың жолын ойластырмады емес. «Қалаға кетейiк. Мен барып, жұмыс көрейiн, бiр-екi жылдай септессек, көкке iлгiп кетермiз» деген күйеуiнiң пiкiрiн мақұл көрмей бiраз шыдауға көндiрген. Өйткенi Жексеннiң қой баққанына ыңғайсыздана қиналғанның бiреуi Тойшының әйелi Күмiскүл болатын. Сол күйеуiне сездiрмей, ас ауқаттан, кейде ақшадан қарасатын Жақұтқа. Күйеуiнiң қойшылық ақысына қосымша кiретiн сол табыстан айырылғысы келмедi. Әйелдiк екен-ау. Әйтпесе Жексен қалаға кеткенде, Тойшымен мынадай сарсаңға ұшырамас па едi. Оның ондай сұмдықты жасағанын мойындағысы жоқ мүлде. Бiрақ көңiлiн сендiре алар емес. Кенет Жексеннiң қатты ышқынған даусынан шошына ұшып тұрды орнынан.
- Не болды, Жексен?!
- Тынысым тарылып барады. Жүрегiм-ау... Ол қинала сөйледi. - Шошыма, қазiр басылады. Оқтын-оқтын қысылған Жексен мен Жақұт таңды көздерiмен атырды.
- Шымкентке дәрiгерге барайық. Бұлай жата бергенiмiздiң жөнi жоқ, - деген Жақұт тартыншақтаған күйеуiн қоймай көндiрдi. Мал-жанды оныншы оқитын қызына тиянақтаған ерлi-зайыпты екеу ертелетiп жолға шықты.
х х х
Таңертең жұмысқа келiсiмен Бақыт аудандық аурухананың бас дәрiгерi Кәденмен байланысып, Тұяқтың жағдайын сұрады.
- Бiр аптада әупiрiммен есiн жиғыздық. Бүгiн палатаға орналастырамын.
- Кәдеке, сiзден өтiнiш, тергеу аяқталғанша жеке палатаға жатқызсаңыз, бiзге көрсеткен көмегiңiз ретiнде қабылдар едiм, - деді Бақыт. Өйткенi ауруханаға полицияның барып, науқаспен сөйлесуi көпшiлiктiң арасында өтсе, бiраз бөстекi сөздердiң қаулауына әсер ететiнiн тәжiрибеден бiледi. Ойдан нетүрлi әңгiмелер құрастыруға шеберлердiң сырғытпаларына өзiнiң де талай басы қатқаны бар. Адамдардың табиғаты қызық, сенiң деректермен айтқан шын сөзiңе күмәнмен қарайды да, жел сөзiн бұрқыратқандардың қияли бөспелерiне айрандай ұйи қалады. Қазiр де сондай қума сөзден аулақтауды көздеп отыр. Өйткенi Тұяқты таяққа жыққандар облыс деңгейiнде қылмысқа қатысты саналатын топтың мүшелерi. Олардың өз құрбандықтарының үрейiн ұшыратындықтары сонша, оқиғаны көргендер өлтiрiп кетедi деген қорқыныштан куәлiк беруден бас тартады. Тіпті, зәбірленуші де таяқтаған, зорлық-зомбылық жасап тонаған жағдайды жасырады. Ал бұзақылардың қолға түскендерi тергеудегi жауаптарында өзiнiң басбұзарлықтарын мақұлдағанымен, сотта «тергеушi ұрып мойындатты» деген пәлесiн ағызып, өзiндi кеңкелеске айналдыруға жанын салады. Бұл -бiрiншi мәселе.
Екiншi мәселе - Тойшының өлiмiне қатысты бұнын есебiнде күдiктiге айналған Жексен жайлы сұрау да Тұяқтың төңiрегiндегi әңгiмелердi күрделiлендiрiп жiберуi мүмкiн. Себебi, Жексен - әлгi ауыл үшiн ең жақсы кiсi. (Неге мұның ойына Жексен түседi әрдайым). Тұяқты сұрамақтағы мақсат - Тойшының айналасын анықтау емес пе. Бiрiншi мәселеде яғни Тойшының екi жүгермегiнiң бүкiл ауылды шулатып, Тұяқты өлесi таяққа жыққан оқиғасының өзiн дәлелдеу талай сарсаңға ұрындырады әлi. Сотқа барғанда қылмыскердiң жазадан құтылуын көрмедiм-бiлмедiм деп куәлiктен тайқып кететiндерден емес, бiрдеңесiн алған ғой десiп, бұлардан, полициядан көредi жұрт. Осындай көңiл жықпастықтан ауыл-ауылды паналап, қаншама бұзақылар емiн-еркiн жүр. Өкiнiштi. Ондайлар бiреудiң қанын мойнына жүктегенде ғана өре түрегеледi. Оған дейiнгi қиқарлықтарына бүкiл ауыл ештеңе демей төзе бередi. Өйткенi туысқаны. Мұндай туысқаншылдықтарына болайын шiркiндердiң. Осындай ой толқындарын бастықтың шақыртуы бөлді.
Бақыттың Қоғалыға барып келгеннен кейiнгi түйiндеулерiн тыңдаған полковник:
- Үш нұсқаң да мүмкiн жағдайлар. Палатаға шығарса, Тұяқпен де сөйлесiп, күдiктенетiн нәрсе айтса, бiрiншi кезекте ескерерсiң. Бiрақ менiң көңiлiме Жексеннiң түнiмен бұзау iздеуi өте күмәндi әрекет сияқты. Ауылдың мақтаулысы дейсiң ғой. Бұрын бастық кезiндегi мiнезi солай шығар. Ол заманнан мына аласапыран заманға топ ете түскен тұста талай кеуделi зиялылар қатарындағы азаматтар өзiн-өзi жоғалтып алғанын, шаршағандарын, iштей қорланып жүргендерiн зердеде ұстайық. Қазiр сол кездегi атақты ордендi шопан-механизатордан бастап, кеңшар басқарған директорға дейiнгi буынның бiразы стрестен жүйкелеуде. Сондықтан ауылды дуылдатпайын десең де, Жексен туралы ашық әңгiмеге көшкенiң терiс болмас, - дедi.
Ауруханада Бақыт қызық жағдайдың үстiнен түстi. Бас дәрiгер мұны күтулi екен. Тұяқ жеке палатаға жатуға мүлдем қарсы. Сондағысы сендер менi әдейi оңашалап өлтiртпексіңдер дейтiн көрiнедi. Ес жинау бөлiмiнде Тұяққа жолығып, жарақатының әлi ауыр екенiн, оңашалық керектiгiн жабыла иландыруға тура келдi.
Жеке палатаға орналастырылғаннан соң кiрген Бақытқа шошына қарады.
- Мен сенi доқтыр ма десем, полицай екенсiң ғой. Бәрiбiр ештеңе айтпаймын. Өзiм құладым, аттан мас болып. Сауап маған, артыма қарамай байдың малын бағып, той жасап, өлердей арақ iшiп нем бар? Ендiгi жатысым мынау, өлтiруге кiмнiң, қашан келетiнiн күтiп.
- Сiздi ешкiм де өлтiрмейдi.
- Менен ештеңе сұрамай-ақ қойшы, iнiшек. Аттан өзi құлаған деп жаза салшы қағазыңа, қолымды қоямын. Даусы дiрiлдей жыламсырады Тұяқ.
- Мақұл, таяқ жегенiңiздi өзiңiз қалай қаласаңыз, солай хаттаймыз. Менiң сұрамағым ол емес, қожаңыз Тойшы туралы. Соңғы кездерде қораға бөтен бiреулер келдi ме, келсе не жайында сөйлестi? Жүрiсi оғаш ешкiмдi байқамадыңыз ба?
- Ешкiм келген де, ешкiмдi көрген де жоқпын. Мылтығы иығынан түспейтiн Тойшекеңе кiм жолаушы едi. Аулақтан айналатын бәрi.
- Тойшы соншалықты қатал, аяушылық атаулыдан жұрдай кiсi ме?
- Жо, жоқ. О не дегенiңiз. Жақсы адам едi жарықтық. Әсiресе соңғы кездерде өте таза жүрдi.
- Таза жүргенi қалай?
- Моншаға қайта-қайта түсетiн маған жақтырып. Сөйтiп жеңешеме сездiрiп қоймауды ескертiп, қалаға жөнелетiн.
- Қалаға кiмге, қайда баратынын әңгiмелемейтiн бе едi?
- Жоқ, мен сұраған да, ол кiсi де тырс еткен емес, - деген Тұяқтың көздерi «бiлемiндi» сездiре жылтырады. Жанарының жылтылына қарағанда қожасының баратын әйелiмен араларындағы жағдай бұған да әбден таныс тiрлiк-ау! Тойшының қойшысына қаланың қызықтарын бөспелемеуi мүмкiн емес.
- Қалада небiр монша, сауна қаптап тұрғанда неменеге қорадағы моншасына құмар қожаңыз. Әлде жуынатын жерi жоқ, қаланың бiр шетiне бара ма?
- Оншасын бiлмедiм. Бiрақ аяғын, әсiресе құж-құж сүйелдене беретiн өкшесiн қайта-қайта ездiретiн.
- Өкше деймiсiң? Онысын неменеге сонша бипаздайтынын түсiндiргендiт те. Әңгiмеге құмарлық Тұяқтың бойындағы қорқу сезiмiн бiртiндеп жеңгендей.
- Өкшесiн ездiре беретiнi қалада ... деп тұтығыңқырап, әлде бiреудiң есiмiн айтып қала жаздап барып, әңгiмесiн жалғастырды Тұяқ. - Қалада бiр жап-жас келiншекке көңiлi құлапты. Сол жырым-жырым, қап-қатты кершеуден тазармайтын аяғының балтырын жыратыны айтып, сүйелін жылы сумен жібітіп, содан соң қыратын имек темір сатып әперіпті. Өзi үйiнде шомылдырып, өкшесiн қалай ысқылай езудi үйретiптi де. Әлгi әйелдiкiне көңілі ауғанда бiр қойды сойып алып, зытатын да отыратын. Кейде етсiз кетедi, соған қарағанда ақша апарды-ау деймiн. Тұяқтың әңгiмесiн суыртпақтап отырғанда Бақыттың ойына Жексен оралды тағы да. Өйткенi өкше езу әңгiмесiн алғаш осы Жексенге қатысты естiдi ғой.
- Сенiң алдыңда Тойшының қойын кiм бағып едi?
- Жексен көкем. Негiзiнде ол кiсi малын дәрiлейтiн, Тойшының өзi бағатын көбiне. Оны неге сұрадыңыз? - Тұяқтың өңi сәл-пәл өзгердi. Құпия бiрдеңенi бiледi, соны жасырғысы да, әлде айтсам ба екен деп те отырған сияқты.
- Ол кiсi ауылда басқалай жұмыстың ретi жоғын бiле тұра, неғып саған орнын босата салды.
- Тойшы екеуi ұрысып қалыпты.
- Ақысын бермей қойған дә онда?
- Жоқ, ә. «Бiр жас - бит жас» екеуi құрдас қой. Тойшы өкшемдi езiп бергiн, бiр әйелге барамын қалаға десе, анау кiсi өкпелептi де, содан бiржола жоламай қалаға тартыпты. Ол тағы да мүдiрiңкiрей аяқтады сөзiн. Мынаның күбiжiктеуiне қарағанда әлгi әйелдi бiледi. Сiрә, ол қаланыңкi емес, осы ауылдан қалаға жаңадан қоныстанған бiреу. Жексенге жақындығы да болуы мүмкiн. Оның кiм екенiн дәл қазiр Тұяқ мына қыбыжықтасымен айтпайды. Бойындағы өлтiрiп тастай ма деген үрейi жеңiлдесiн. Айналып соғып, ол әйелдi қалай да анықтауға тиiспiн. Ал, қазiр мәселенiң бәрi полковниктiң күдiктенгенiндей Жексенге тiрелiп тұр. Соны табуға ой түйген Бақыт Тұяқпен қоштасып, орнынан тұрды.
Түс қайта ауылға атбасын бұрған Бақыт Жексеннiң Шымкентке ауруханаға кеткенiн естiдi. «Қап, бетiмнен суым бес төгiлмей-ақ» кеше сұрағанымда бүгiн әуреленбес едiм. Менiң өзiн де айналшықтағанымды естiген ғой. Егер қолы қанды болса, өтiрiк амалдың неше түрiн ойластырып та қойған шығар. Оның сезiк алған-алмағанын Қалдарбек бiледi. Өйткенi тергеушiнiң өзiн сұрастырған хабары құлағына тисе, әңгiменiң ұшын шығарған Қалдарбекпен мұның кездесуiнiң түп мәнiсiн ақиқаттау үшiн оған қалайда бiр соғады. Осындай есеппен Бақыт ауылдың шетiндегi бес-алты үйдi бетке алды.
Қалдарбек үйiнде екен. Iшке кiрмей, машинада отырып сөз бастады Бақыт.
- Өткенде таңға жуық «Сусылдақ» атпен шарбақтарды iргелей бара жатқан кiсiнiң кiм екенiн есiңiзге түсiрдiңiз бе?
- Ойбай, қайдан? Ерге жабысқан бiр жапырақ бiреу сияқты көрiндi демедiм бе? Ондай жарбақ пiшiн бiздiң ауылда жоқ. Дәу де болса сол «Сусылдақты» арқандаулы жерiнен сусылдатып мiне жөнеген сумақай-ау деп ойлаймын қазiр.
- Мезгiл таңға жақын деп едiңiз ә?
- Таң-паңды кiм ажыратыпты. Түн ауған шақ қой әйтеуiр. Сағат төрт шамасы ма, ... кiм қарапты ол шiркiнге, iспiрт пен суға ықылық атып тұрып.
- Уақытын дәл айтқансыз өткенде.
Қалдарбек безек қақты. - Айтқаным жоқ, айтпағанмын. Оның сағатты айтқан айтпағаны Бақытқа да беймәлiм. Бiрақ мына Қалдарбектiң безiлдеуi көңiлiне қонбайды.
- Кеше-бүгiн Жексенге жолықтыңыз ба?
- Жо-жоқ. Үлкен кiсi менi неғылсын, барып амандасуым керек едi. Оған iшу-пiшуден ауыз босамай, бүгiн сұрастырсам, қалаға қайтып кетiптi.
Мынаның алаң көңiлмен сөйлеуiне қарағанда, жақсы көретiн көкесiмен ұшырасқан дәуде болса. Сонда оны жасырғаны ма? Неге? Жексенге соқтыратын әңгiме желiсiне түсу үшiн ендi басқа тұстан жол салмағы жөн-ау.
- Жоғалған малды қай маңнан көбiрек iздейсiздер?
- Жоғалған мал деймiсiң? Оны ендi әрқалай ғой. Бiрақ көп жағдайда Бөгеннiң бойынан қалың сәмбi мен жыңғылдың арасын қараймыз.
- Өзеннiң бойындағы қоралар қаншау? Тойшыныңкi қай тұста?
- Үш қора бар аралары әжептәуiр қашық. Үшiншi қораның тұсынан қырға қарай қара жол шығады. Тойшыныңкi сол қыр астында. Ауылдағы жалғыз артезиан құдықты иеленiп қалды ғой. «Үйi де, күйi де жоқ Тойшы ауылда қара үй тiгiп отыра ма баспанасыз. Осы қораны жайымен берейiк үлесiне» деп жұрттың бәрiн мақұлдатқан Жексеннiң күшiмен алып едi. Ендi мынау.
- Ненi мынау дейсiз?
- Сенiң Жексенге күмән тудырғаның көңiлiме қонбайды-ақ.
- Мен Жексен бiрдеңе жасады демеймiн. Бiрақ күдiктi жағдайды қыртыстап тексеру бiздiң қызметтiк мiндетiмiз. Екеуара әңгiме сыртқа ұзамасын, ағасы. Сiздiң куәлiк еткен жағдайыңызды естiсе, Жексен көкеңiз ренжидi. Оның маған, әсiресе сiзге қажетi шамалы, келiстiк пе?- деген Бақыт көлiгiн Бөген өзенiнiң бойындағы қара жолға салды.
Қой ауылдың үшеуiне де барды. Жексен бұзауына сұрау сала соғып өтiптi. Ең аяққы қораның малшысы «Жатып қалғанбыз ол кiсi келгенде. Ауыл маңындағы бұзаудың осынша жер шығандамайтынын айтқанымда: "Оның рас, үйдегiлер ендiгi тауып та қойған шығар. Мына «Сусылдақ» тақымыма тиген соң, көптен көрмеген Бөгеннiң бойын түн де болса бiр шарламаққа көңiлiм ауып, ұзап кетiппiн. Ендi керi қайтамын»,- дедi.
- Бұл тұстан Тойшыныңкiне дейiн қанша?
- Екiншi қырдан түсетiн еңiсте. Құлаққа ұрған танадай тыныштықта ит даусы естiлетiн жер.
- Онда атылған мылтық ... Қойшы Бақыттың сөзiн бөлді.
- Мылтықты бәрiмiз атамыз ғой ит-құстан сақтанып. Оған шыли көңiл аудармаймыз.
Сонымен бүгiнгi сапардан не түюге болады? Күдiктiң бұлты Жексеннiң басында бiресе қоюланып, бiресе ыдырап, нақты iлiктi ұстатар емес. Бiрақ қылмыс жасалған алғашқы күннен басты айғақ ретiнде қағазға жазылған «өкшенi езу», «өкшенi қырнау» ең соңында «өкшенi тiлгiлеу» әрекеттерiнiң бәрi жiпке тiзiлгендей қалыппен Жексеннiң төңiрегiнен ұзар емес.
Әрине, өкше мәселесiмен ештеңенiң шешiлмесi де анық. Өйткенi оқиға болған мерзiм мен Жексеннiң мал iздеген уақыттары сәйкеспейтiн сияқты. Бұл тұстағы шиеленген түйiндi жазатын Қалдарбектiң Жексендi емес, «Сусылдақ» атты көрген сәтiнiң таңғы сағат үштен кейiнгi мезгiлге тура келуi. Егер ат мiнген белгiсiз жолаушы Калдарбектiң үйiнiң тұсынан таңғы төрт, бестер шамасында өтсе, қылмыскер сол болып шығуы мүмкiн. Сонда ол белгiсiз кiм? Тұлғасы Жексенге мүлдем жоламайды. Қалдарбектiң суреттеуiнде ермен бiрдей жарбиған бiреу тәрiздi.
«Күдiктi Жексен нұсқасымен» ертең тағы да бiраз шұғылданып байқайды. Оның үйiнен қаладағы жұмысының мекенжайын алған. Ертең қалаға барып, өкше ездiргенге сонша неге өкпелеген себебiн бiледi бетпе-бет әңгiме үстiнде. Осы тұста өкшеден басқа да кәкiр бар сияқты. Тұяқ шала-шарпы сөз еткен жас келiншектiң кiм екенiн де зерделеу керек пе? Мүмкiн, Жексеннiң жан ыршуы өкше езуге емес, осы әйелге қатысты шығар? Ауылдан қалаға қоныс аударғандардың арасынан жесiрлерiн анықтауды Қоғалыдағы учаскелiк инспекторға тапсырса, көмескi бiраз нәрсе айқындалар, бәлкiм.
х х х
Қалаға, диагностикалық орталыққа жеткенше демалысы ауырлап, жаны қысылғаннан қара терге малшынды. Өлерiнен үрiккен жоқ көңiлi. «Тынысым тоқтаған сәттен, қара жерге жамбасым тигенше, буыным үзiлiп, ақ сүйегiм қалғанша не iстеу керегiн, сырт көздiң «Кiмсiң Жексен едi. Ақтық сапарына ақ арулап жөнелтпедi» дегендей қыртпа сөздерiне ұшырап қалмаудың жол-жобасын балаларыма ескерте алмадым-ау» деп жүйкесi тартылды. Ұл-қызыма ненi өсиет еттiм? Бiреудiң ала жiбiн аттамауды, оның түбi қайырсыз аяқталатынын айттым. Бiрақ ала жiп түгiлi темiр арқанды жүндей түтiп жеп жатқан мына заманда соным дұрыс ақылға жарар ма екен?! «Бiлiмдi мыңды жығады» дедiм. Рахмет, оны түсiнгендiктерi шығар, бәрi оқуға құмбыл. Үлкенi институтын бiтiрiп, аяғын үзеңгiге ендi-ендi iлiктiрдi. Ат үстiне, ерге сол үзеңгiмен ешкiмнiң сүйемелдеуiнсiз өзi тартылып мiне алар ма? Көне көздер емес, жап-жас қыршындардың өздерi қолтығыңнан демейтiн «крышасыз» қыр аспайсың деседi.
Жаназама жан-жақтағы таныс-бiлiстерге хабар жолдап жинайтын жанашыр кiм бар ауылда деп iштей тағы да қиналды. Тойшының жерлеуiне ешкiм танымайтын жап-жас, жуан-жуан бiреулер қаладан келiптi қымбат көлiктерiмен. Бiрақ өлiктiң жаназасына олар бел ауыртпапты. Солардан жандары тiксiнген ауылдағылардың көбi сырт айналған сияқты Тойшыныңкiнен. Әлгiлер екi бұзақы баласының соңынан ерген тынымсыз топтың мүшелерi шығар, сiрә. Жерiнiң басына барып, бiр уыс топырақ салғандар аз дейдi. Бұл да сын ел iшiнде.
Мен өмiр бақи қой баққан Тойшы емес, елге билiк жасаған, ең берiсi ауыл мен аудан танитын Жексен емеспiн бе? Соған балаларымды иландыра алдым ба, әлде мына тосыннан ұрған адамы құнсыз, сұраусыз заманның соққысына иленiп, есеңгiреп бұрынғы жинаған бар бедел, абыройды жоғалттым ба? Сөйттiм-ау дегенде жүрегi қаттырақ шаншыды. Сөйтпесем, бiр кезгi қойшымның қойын бағып нем бар едi? Iшiмнен булығып, намыстан өртенсем де баға бердiм сол топалаңдарды. Күн көрiс үшiн, бала-шағамның қиналып қалмауы үшiн еткен әрекетiмдi бiлгендер түсiне ме? Iштi күйдiре өртеп булықтырған намыс оты түбiнде бұрқ етсе, өзiнiң де қосыла жанып кететiнiн қалай аңғармаған, япырай. Егер жүректi буған зiлдiң атыларын, атылғанда ақылға тоқтамасын аңғарса, өзiн-өзi лепсiз мүжiп, шыда-шыдамен кiсi өлтiргенше жүрмес те едi-ау. Осы әрекетiммен мен жеңдiм бе, жеңiлдiм бе? Жеңу мен жеңiлудi қалай таразыламағы әдiл?
Көзi жұмулы, реңi құп-қу Жексеннiң жүзiне, одан соң кеудесiне көзiн тоқтатқан әйелi оның тыныс алысын байқағанда күрсініп салды:
- Жеттiк-ау! Содан соң күйеуiнiң иығынан сипалай сөйледі: - Үрей шақыртпай көзiңдi ашшы, диагностикаға келдiк. Ой желiсi үзiлген Жексен машинадан самарқаулау түстi. Бұларды тағатсыздана тосқан баласы мен қызы кардиологқа көрiнуге ақшасын төлеп, кезегiн алып қойыпты. Көп күттiрмей iшке кiрген Жексенге ақ халаты тырсылдаңқыраған, денелi, етжеңдi, үлкен басын сап-сары шаш жапқан көзәйнектi келiншек:
- Шаршапсыз ғой, - дедi салған жерден. Бұл үндемедi. Дәрiгер сол қолының тамырын ұстады. Мұның жүзiнен көз аудармаған күйi оң қолының тамырына ауысты.
«УЗИ»-мен тексередi де, өлетiн минутыңның да дерегiн қолыңа ұстатады дескен дақпырт бекер-ау. Мынау тәуiптер сияқты тамырға жабысты, сұрақты жаудыратын шығар. Солайға айналды дәрiгердiң ендiгi әрекетi.
- Жүрегiңiз қашаннан ауырады?
- Ауырған емес.
- Онда неменеге келдiңiз?
- Ауылдағы фельдшер келiн жүрегiмдi «платный УЗИ-ға түсiрудi» қадап тапсырған соң келдiм.
- Сол фельдшер келiнiңiз бiлген. Жүректi әжептәуiр болдыртыпсыз. Мiндеттi түрде емдеу керек. Ешқандай ауылға қайту жоқ әзiрге. Егер жұмыс iстейтiн болсаңыз, оны да қоя тұрасыз. Мен қазiр сiздi фельдшерiңiз айтқандай УЗИ-мен тексерiп, соның қорытындысымен кардиологиялық ауруханаға жiберемiн. «Жедел жәрдеммен» өздерi әкетедi. Ештеңеге әуреленбейсiз. Ендi дәрiгер бұл бұрын-соңды көрмеген құрылғыларды арқасына, жалаңаш кеудесiне ары-берi жүгiрте бастады. Содан соң подыратып қағаз жазды-ай. Бiраз-бiраз жазады да, Жексендi сұрақтармен мазалап қояды.
- Кеңес заманында не iстедiңiз?
- Ауылда зоотехник, бастық болдым.
- Жоғары бiлiмдi екенсiз ғой?
- Иә, зооветинститутты бiтiргенмiн «очный».
- Өте жақсы. Кеңестiк дәуiр құлаған соң, немен шұғылдандыңыз? Жеке меншiк мал қораңыз немесе егiстiк жерiңiз бар шығар?
Науқасына қатыссыз мыжыма сұрақтардан Жексен ызаланыңқырай бастағанын байқады.
- Ондай ештеңем де жоқ. Мемлекеттiң бар дүние мүлкiн ауылдың адамдарына бөлiп бердiм. Өзiме бiр жүк машинасы мен трактор тиiп едi, қысылған сәтте саттым. Маған тиесiлi қораны да үй-күйi жоқ бiр туысқаныма сыйладым. Мұны ауылдың иiсi мұрнына бармайтын қаланың шөпжелке сары шашына неменеге ақтармалап отырғанына тағы да қынжылды.
- Немен шұғылданғаныңызды айтпадыңыз ғой.
- Мамандығым зоотехник болған соң, қой бақтым.
- Өзiңiздiкi ме?
- Жоқ, бiреудiкi. Дәрiгер тағы да жаза бастады. Мынаның менiң өмiрбаянымдағы шаруасы қанша деген ызалы ой дүрк еттi санасында.
- Неменеге сонша шұқшия сұрап шимайладыңыз. Менiң қызметiм, қойшылығым да керек пе ауруды анықтауға?
- Аға, стресс, жүйкеңiзде өте күштi шаршау бар. Сол жүрекке шөккен. Мен тәжiрибемнен бұрынғы кеңестiк дәуiрде үлкендi-кiшiлi ел басқарған кiсiлердiң бәрiнен кенеттен ажырап қалған жағдайда жүйке шаршауына тез ұрынатынын байқаймын. Оны өздерi аңғара бермейдi. Iштей мүжiлiп, денсаулықты дертке шалындырады. Сiзден қызметiңiздi сұрап жатқаным сол. Әйтпесем оны ауру тарихына жазбаймын. Менiң ненi көздей әңгiмелескенiмдi бiлдiңiз ғой. Оған ашуланбаңыз. Бұл - бiр. Екiншi жағдай жүрек соғысыңызда бiр үрейлену де бар сияқты. Оның бәрi емдеу барысында бiртiндеп қалпына келедi. Заман түзелуде, бәрi жақсылыққа айналатынына сенiңiз. Тiптi, сiз сенген, сенбегенде де ештеңе өзгермейдi. Бiрақ өз денсаулығыңыз үшiн жақсылыққа қарай сену, соған қарай құлау, ындыныңызды аудару пайдалы. Менi түсiндiңiз бе, көке.
Сары шаш қыз қалай-қалай сөйлейдi. Ындының дейдi, көкелейдi. Жақсылыққа сен дейдi. Жексен көзiнiң ерiксiз жұмылып бара жатқанын ғана аңлап үлгердi. Орнынан ұшып тұрған дәрiгер денесi босаңсыған Жексендi сүйей бере «скорый» деп жанұшыра айқайлады.
х х х
Тұяқты таяққа жыққан Тойшының ұлдарының үстiнен қозғалған қылмыстық iстiң тергеуiн аяқтау мерзiмi созылып кеткенiн полковник Бақытқа ескерткен едi таңертеңгi жиналыста. Осыған дейiн әкелерiнiң өлiмiне балаларымен ерегiскендер себепшi-ау деген күдiкпен екi тергеудi бiрге ұштастыра жүргiзудi ойлаған болатын. Бiрақ соңғы жағдаяттар бұл тұжырымның қисынсыздау екенiн байқататындай. Сондықтан Тұяқтың таяқталу оқиғасының сұрақ-жауабын бастық талап еткендей бүгiн бiр жағына шығарғаны жөн. Ауруханаға барды. Мұны көрген Тұяқ төсегiнен қинала көтерiлдi.
- Бастың айналғаны басылды ма?
- Бiртiндеп бәрi дұрысталады дейдi ғой доқтыр ағай. Бортай телефонмен жиi хабарласатын көрiнедi ол кiсiмен. Қап-қап дәрi анау. Иә, шағын текшенiң үстi де, суырмасы да дәрiден көрiнбейдi.
- Қолыңа не ем жасады?
- Соққыдан түскен жарақаттардың бәрi жазылған соң, қолымды бөлек емдемекші доқтыр ағай. Мынаның табынып отырған "доқтыр ағайы" бас дәрiгердiң орынбасары, хирург Ақылбай. Тұяққа науқасының бүге-шiгесiн ашпаған-ау. Әйтпесе оның бұған мәлiмдеуiнде қатты зақымданған бауыр, бүйректерiн ұзақ емдетуi керек. Оң қолының шынтақ буыны езiлiп, соның салдарынан саусақтары бүрiскен. Қалпына келуi екiталай. Ал, жансебiл Тұяққа сонша жарақат түк те емес сияқты. Әйтеуiр қисайса да, мисайса да өлмей аман-есен жүрсе қанағат.
- Бортайлардың сонша таяққа жығу себебi не?
- Оны неғыласың, айналайын-ау. Мен олармен тiресе де, дауласа да алмаймын ғой. Кеудемнен шыбын жанның шықпағаны, сол олжа. Қағаздарын алып кеттi түнделетiп келiп.
- Қандай қағаз?
- «Менi ешкiм ұрған жоқ, аттан өзiм құладым», «Ағайын адамбыз Бортайдың атты үркiтiп жiберген әрекетiн кешiрдiм» деп екi параққа жазып әкептi. Қолымды қойдым.
- Сiздiң денсаулығыңызға таяқтаудың ауыр зардабы тиген. Мүгедекке айналуыңыз мүмкiн.
- Ешкiмге пана да, ық та болып жарытпайтын менi қойшы. Жексен көкемдi айтсаңшы... сөзiн аяқтамаған Тұяқтың көзi жасаурады.
- Ол кiсiге не бопты? - дедi Бақыт даусы жарықшақтана.
- Жүректен құлап, қалада ауруханаға түсiптi ес-түссiз.
Тосын хабардан ойы сан-саққа жүгiрдi. Ол адамның Тойшы оқиғасына тiкелей қатысы бар. Әйтпесе сап-сау жүрген жан табан асты жүрек талмасына ұшыраушы ма едi? Тұяқпен сөзiн үздi де сыртқа шықты. Бас дәрiгердiң қабылдау бөлiмiнен облыстық кардиологиялық орталық аурухананың телефонына хабарласып, өзiн таныстырып, Жексен туралы сұрады. Қазiр жағдайы дұрысталғанын, егер бас дәрiгер рұқсат етсе, жолығуға да мүмкiндiк барын, естiген соң ғана өрекпiген көңiлi басылды. Бұл жақтағы жұмыстарын ертеңге есеп жасап, Шымкентке жөнелдi.
Жол-жөнекей өзiнiң неге сонша асыққанына таңқалды. Одан да әлгi Тұяқтан Тойшы өкшесiн тазалатуға асығатын қаладағы келiншектiң кiм екенiн анықтағаны көп олжа емес пе едi? Әлде алғаш естiген сәттегi тұла бойын тұтқан «Жексен өлдi, ендi қылмыс ашылмайды» деген ойдан кейiнгi iле «тiрi» деген хабар қосамжарланғанда, дереу жетiп, «көздеген мақсатын орындамаққа» ұмтылдырған құлшыныстың алып ұшуы ма бұл. Неше күннен берi жолығысудың сәтi түспей-ақ қойған Жексендi бiр көрмекке құмарлық па әлде. Қылмыскердi мойындатып ұстауға» ұмтылдыратын кәсiби түйсiктен өзгешелеу көңiлiн түрткiлеген бiрдеңе бар сияқты Жексенге қатысты. Әзiрге бұл түйсiк өзiне де жұмбақтау. Мүмкiн, Жексенмен сөйлесу барысында шешiлер әлгі түйiн. Асығыс шыққаны қазiргi болуы мүмкiн сұрақ-жауаптардың дұрыс түйiнделуiне керi әсер етпей ме? Бiрақ бәрi де осы iстi қолға алып, Жексен есiмi атала бастаған сәттен iшкi дүниесiне тоқылған жағдаяттар емес пе? Шыли ауытқуға ырық бермес Жексенге. Кәнiгi қылмыскер емес, басты мәселе оның қандай пиғылдың адамы екендiгiнде. Жұрттың мақтауынша көңiлi таза кiсi тәрiздi.
Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрiгерiмен осы қалада қызметте жүргенде танысқаны бар-ды. Бiрденiнен қабылдауына кiрiп, жағдайды қысқаша түсiндiрiп, өзiнiң қалайда бiр сәтке болса да Жексенге жолығуы керектiгiн жеткiздi.
- Бес әрi кетсе он минуттан артыққа рұқсат ете алмаймын. Өйткенi сұраған кiсiңiздiң жүрек талмасының қауiптiлiгi жоғары, жеке палатада, - деген Мейрамкүл Сұлтанқызы ертiп барып, iшке әуелi өзi кiрдi. Сәл кiдiрiп шықты да «әңгiмелесiңiз, бiрақ көп отырмайсыз» дедi тағы да шегелей.
Жексен төсегiнен тұрып отыр екен. Мұнымен сыпайы қалыппен амандасты. Кәперiнде ештеңе жоқ, алаңсыз көңiл.
- Мен аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң тергеушiсi Бақыт деген iнiңiзбiн, ағасы.
- Естiдiм жаңа Мейрамкүл қарындастан. Не мәселе сонша cоңымнан ауруханаға iздеп келетiндей? Тұяқты Тойшының екi бұзығы ұрып тастапты дейдi. Мен ол кезде ауылда жоқпын.
- Тойшының малын бағысқан, дәрiлеген екенсiз.
- Сен менi Тойшының өлiмiне қатысты сұрайтын сыңайлысың ғой. Ол тұста да ауылда емеспiн. Жетiсiне бардым.
- Неге олай дейсiз? Тура оқиға болатын түнi сiз ауылда, үйiңiздесiз.
- Тойшыны дәл қай күнi өлтiрiп кеткенiнен хабарсызбын. Сондықтан шатасуым мүмкiн. Әйтеуiр оның қазасын қалада естiдiм. Содан кейiн ғой ауылда емеспiн деп отырғаным.
- Өлiмнiң қай күнi, қай сағатта жасалғанын есiңiзге түсiретiн фактiлер бар менде. Жексен ештеңе мәнзелдемеген күйде Бақытқа самарқау қарады.
- Сiз бұзауыңызды iздеген түнi оған қастандық жасалған.
- Е, солай ма? Соңғы кезде денсаулығым мүлдем төмендеп, көп нәрсеге көңiл де бөлмейтiн, ұмытып та қалатын қырсыққа ұшырадым.
- Бұзау iздеуден қай уақытта оралдыңыз?
- Бұзау әшейiн сылтау ғой. Атпен тоғай аралауға көңiлiм ауды. Өзеннiң бойында отыратын үш қойшы iнiшектердiң үйлерiне соқтым. Содан соң қайттым.
- Сағат қаншаларда?
- Сағат бiр әлде екi шығар. Әйтеуiр Пернебектiң атын апарып беруге ұйқыларын бұзуға қимай, қорама байладым орылған жоңышқадан салып. Үйдегiлер жатып қалған екен. Мұның бәрi не үшiн қажет? Менен күдiктенесiң бе?
- Ол бөлек әңгiме ағасы. Түнде жүрген бейсуат ешкiм көзiңiзге түспедi ме?
- Жоқ, Тойшыға қастық жасайтын адамның тоғай аралап несi бар, қырмен тiке тарта бермей.
- Сiз үйiңiзге келген уақыттан жаңылған сияқтысыз?
- Неге? Өз уәжi өтiрiк болса да Бақыт тағы бiр байқап көрмек болды.
- Сiздi түнгi төрттерде көрген адам бар. Ал, сiз оны байқамағансыз. Жексен сәл қозғалақтаңқырап отырды. Бақыт үнсiз.
- Оның кiм сонда?
- Қалдарбектi танисыз.
- Ой, бар болсын Қалдарбегiң. Есiн бiлмейтiн мас немеге мен жолықтым ғой. Тұяқтың баласының шiлдеханасынан келемiн деген зорға сөйлеп. Оның менi көрдiм деп те, көрмедiм деп те таразылауға шамасы жоқ-ты. Мына уәжден Бақыт сасып қалды. Шынымен-ақ сағат бiрде сiлелеген мас Қалдарбектiң Жексенге жолығуын қалай терiстемек. Сонда оның түнгi сағат төртте көрген аттылысы мүлдем басқа бiреу болды ғой?
- Мас кезiнде сiзге жолықса, одан кейiн Сусылдақ атты мiнген бiреудi тағы көрген ол.
- Бiздiң қора жолдың үстiнде. Шөпте тұрған атты мiнiп кетуi, қайтып әкелiп байлауы әбден қисынды. Оны жоққа шығара алмаймын.
- Сiз түнгi сағат бiрде келсеңiз, екiде атты ұрлап мiнген адам қораға барып, одан қайта оралып үлгермейдi. Өйткенi Тойшының өлiмi сағат үште жасалған.
- Маған неғыл дейсiң? Шынында да Жексенге ештеңе дей алмайды мына күймен. Өйткенi оның дәлелдерi жүйелi. Тәуекел моншаны бастап байқайын.
- Сіз бұрын сол ауылдың басқарушысы, Тойшы қойшыңыз болыпты. Көп-көп жақсылықтар жасапсыз. Кейiн бәрi керiсiнше сiз қойшы, Тойшы қожайын... Яғни, Тойшының қойын бағып, бiраз қызмет көрсетіпсіз. Жексен Бақыттың сөзiн бөлiп жiбердi.
- Оларды несiне әңгiмелейсiң? Бәрi уақытында өттi-кеттi. Әр заманның өз сұрқылтайы болатыны тапа рас екен. Бiздiң, дәлiрегi менiң, мен сияқтылардың заманы кейiнде қалып қойыпты. Мына капитализм дейтiн итiңе iлесе алмадық. Содан барып бастықтан қойшыға айналдық.
- Құрдас та көрiнесiздер.
- Бұрын менiң бiр жас үлкендiгiмдi, қызметiмдi алға ұстап, ағалаған, көкелеген дейтiн Тойшы кейiн ерден ауып түскен мезгiлде құрдасына айналдырды лезде. «Бiр жас - бит жас, екi жас ит жас» дегендей, онысына да көнгенмiн.
- Несiне көне алмай iлiнiстiңiздер? Жұрттың дәл топшылауынша екеуiңiз бет көрiспестей ренжiсiпсiздер.
- Оның себебi көп қой. Ұрыс-жанжал бiрденiнен әсiресе таныс, жақын адамдардың арасында тұтана салмайды. Ұзақ уақыт миыңды жеп, қытығыңа тиiп, шаптан қоймай түрткiлей берген соң, күндердiң күнiнде жарыласың. Мұны бастан кешпегендер қайдан түсiнсiн.
- Неге ұстасып қалғаныңызды тағы да айтпадыңыз?
- Адам табиғаты қызық. Менiң байқап, көңiлге түйгенiм: жоқ-жiтiктен бiрден баршылықтың дастарқанына жолыққан пенденiң мiнезi де, құлқы да бүлiнедi екен. Иығына жамаусыз киiм iлмейтiн баяғы пақыр күндерiн тез ұмытуға ұмтылады. Ол үшiн өзiнен еңсесi биiк, елге сыйлы адамдардың алдын орауға, сүрiндiруге, намысын таптауға құмарланады. Сонысымен өзiн әспеттетпекке ұмтылады. Бiрақ ондай әрекеттерiмен көпке жексұрындығының бұрынғысынан да күшейгенiн сезiнбейдi. Тойшы сондай мiнезiмен өзiн жек көрушiлердiң қарасын молайтып алды-ау деймiн. Менен кейiн де ауылдың екi-үш баласын шыдатпай таяқтап қуып салыпты. Соңғы қолына iлiнген Тұяқты да балалары езгiлеп тастағанын естiдiм.
- Мына езiп деген сөзiңiзден кенеттен менде бiр ой туындады. Сiз Тойшы екеуiңiз моншада арқа, аяқ езiсiп, оның күсi басылмайтын өкшесiн пышақпен қырнайды екенсiз. Манадан байыпты сөйлеп отырған Жексен кенет тiлден тыйылды да, сұлқ түсiп, «пышағы несi?» дедi күбiрлей. Осы кезде iшке кiрген дәрiгер:
- Бүгiнге жетер сырласқандарыңыз. Әйтпесе ағаны шаршатып қоясыз, - деп Бақытқа ескерту жасай бере: - мына кiсiнiң жағдайы тағы ауырлап барады ғой. Мен сiзге жанына тиетiн сөзге жоламауды ескерткенiм қайда. Шығыңыз! - дедi шырылдай.
«Қап» деп өкiнiп қалды Бақыт. Оқиғаның ең шарықтау нүктесiндегi түйiн тарқатылар сәттiң аяқталмағанын қарашы. «Өкшесiн езiпсiз пышақпен қырнап» дегенде сонша уақытта бiр өзгермеген байсалды қалпынан ажырап, реңi қуарғанына не себеп? Жүрегi ауырды ма қайтадан? Мейлiнше ұстамды адам екен. Жексен көз жұмса, қылмыстың ашылмай қалатынына емес, мына өмiрде жамандық пен жақсылықтың ар таразысындай болмаққа ұмтылған, бiрақ түбiнде сонысы үшiн таяқ жеген бiр тәуiр адам өлiп кете ме қайтедi деп, денесi тiтiркенгенiн ендi пайымдады. Тойшының қорлықтары жанын сыздатқан Жексенге жаны ашушылық та бар ма көңiлiнде.
Қылмыскердiң iзiне түсiп тапқанына сенiмi даусыз. Ол - Жексен. Себебi, өзi шиырлаған iз атаулының қоспасы соған барып тiреледi. Бұл әшейiн кездейсоқтық емес. Ендi осындай берiк байламға келе бастаған тұста iшкi әлемiнiң бұлайша екiұдай жарылуына қалай жол бермек? Қолы қанды адамға не үшiн бүйрегi бұрмақ? Ол адам туралы бүкiл ауылдан тек жақсы әңгiме естiгендiгiнен ғана ма? Әдетте о дүниелiк пенденi жақтай, мақтай сөйлеп, кiмдi де болмасын «жақсы адам» десiп бiр ауыз бағамен жер төсегiне жайбағыстап жатады. Ал, белгiсiз бiреу әбден жанын қинап өлтiрген Тойшының қазасына сол ауылдан «бейшараға обал-ай» дескен бiр ауыз жанашыр пiкiр естiмептi. Осылардың әсерiнен өзi қылмыскер санаған Жексендi сырттай «ұнатып» қалған сияқты ма?!
Ендi байқаса көрмей-бiлмей риза кiсiсiне көзбе-көз жолыққанда да бұл қылмыскер деп iшiнен суық түйiн жасамапты. Оның Тойшы өлiмiне қатыстылығы бара-бара айқындалған сайын, соны дәлелдеп ұстамаққа ұмтылған құлшынысы басылып бара ма қалай? Неге оны iштей жақтаған жұмбақ күйден арыла алатын емес. Бiрдеңесiн обалсынатындай ма? Ол не?
Оның да жұмбағын қазiр тапқандай. Жексен - бұл заманның тұлғасы емес. Оның дәуренi барлық адам тең өмiр сүруi, бай, кедей болмауы тиiстiгi дәрiптелген «социализм», «коммунизм» аталған қоғамда өтiп кеткен. Сол идеяға құлай сенгенi соншалық, мына бiздiң алдау мен арбаудың, адамның мүддесiнен сусылдақ ақшаның мүддесiн аспандата жөнелген замандағы алмағайып айлар мен жылдардан аяғын дұрыс басар жол да таппай, өзiмен мұңдасар, пiкiрлесер ниеттестерiн де таппай пұшайман тiрлiк кешуде әйтеуiр. Қазiр көп пенде о дүниеге кенеттен көше салуда. Қанша жерден мырт-сыртпен көлегейлеп, сұм ажалды кiнәлай мың себептi балалатқанымызбен, соның көбi мына аласапыран сәттегi адамдардың кенеттен өзгерген ала-құла пиғылдарынан мойындарына артылған тағдыр жүгiн көтере алмай қиылуда жұлындары.
Иә, теңдей дәрежеде өмiр сүрудi мiндеттеп құрылған қоғамның адал жемiстерi сол кезеңнiң адамдары өздерi барынша жек көрген капитализмнiң тұтқиылдан тиген қиянатшыл боранына шыдамай үсiкке ұрынғандай үзiлуде. Ондай топтағылар сезiнер, мүмкiн мүлдем сезiнбес, бiрақ мына дүлей мерзiмнiң салдарынан пайда болған iшкi шеменнен ауруға ұшырайды да, сол дерттi жеңе алмай мүжiледi. Қашан бiр ұрпақ ауысып, капиталистiк қоғамның өз тұқымы жайылғанша бiздiң буын түрлi аласапыранға ұрына беретiн шығар, сiрә, осылай.
Мәселен, мына Жексен, Жексен сияқтылар халыққа адал қызмет көрсетуге тәрбиелеп, оқытып, өсірген мемлекет алдындағы азаматтық парызын ақтамақ үшiн қоғамға еңбек еткендер. Сол еңбегiнен қуаныш, қуат, рахат табатын. Үйiне оралғанда бүгiнгiлерше күнi бойы түрлi амалдармен саумалдаған ақшасын тықпалаудан емес, төгiлген маңдай терiнiң ащы тамшыларын сыпырып тастаудан рахаттаған ұрпақ қой бұлар. Жандарына шуақ құятын әрекет амалдарынан ажырап қалғандарын көтере алмай iштей бүлiнiп, жегiге желiнiп бара ма кiм бiлсiн? Оларға адамды адамның көз алдында қанап, тонаған бұзылғандардың жазаланбай тайраңдауы - мүлдем ұғынықсыз.
Заманның бұлан-талан өзгерiсiн жүйкесi қабылдамай қиналып, ағайын арасының алаөкпелiгi көбейiп, тыңдар және ұғар құлақтың меңiрейiп, «мә саған, мә мағанның» етек жайғанына iштей өкпелеп, ызаланып жүрген Жексен соңғы сәтте өзi де күтпеген сұмдық әрекетке қолұрып қалды-ау. Iштегi буулы жатқан ызаның жарылған бiр көрiнiсi емес пе екен бұл? Тойшыны өлтiруiн осы Жексен өлтiрдi делiк. Бiрақ әдейi өлтiрейiн деп емес. Себебi, кiсi таныса, қатыгездiк, қанқұйлылық пиғылдағыларды бiраз-бiраз ажырататын тәжiрибе жинақтадым десе, Жексен ол топқа мүлдем жақындамайды. Тұлан тұтқан ашумен Тойшыны бiраз қинаса да өлiмге қимайтыны анық. Өкшесiн ездiргендi, намысқа тигендi мен саған көрсетейiн деп пышақпен қырнағанда үрейi ұшақан Тойшы оқыс қимылдап, содан алдын ала қорқыту үшiн мойынына iлмектеген жiп керiлiп, Тойшы буынды ма?! Егер тар моншаның iшiнде алысып қалса, бiреуiнiң ыстық суға ма, пешке ме соқтықпауы мүмкiн емес. Айтпақшы Жексеннiң сол қолы неге таңулы?
Жол шетiне машинасын тоқтатқан Бақыт қалың дәптерге жаза бастады. «Сол қолдағы жараның себебiн анықтау. Жексен өкшенi пышақпен қырнау дегенiмде сұлқ түстi. Осы пышақты iздеуiм керек. Тағы да ең түйiндi мәселенiң бiрi - Тойшы баратын қаладағы келiншектiң кiм екенiн бiлу. Арқамды, өкшемдi ез дегенге соншама кектене қоймас, бұл арада жанға терең жара салатындай өзгешелеу бiр пәле бар. Ол - әлгi келiншекке қатысты болуы мүмкiн. Оның кiм екенiн маған тек Тұяқ айтады» деген жазбалардан соң дәптердi жапқан Бақыт «Аудиын» күре жолға бұрып, қайтадан Шымкентке бет алды. Санасына оқыс келген ой - Жексеннiң ауруханадағы киiмдерiн дәрiгердiң қатысуымен қарап, пышақты дәлiрегi шаппаны iздеу едi. Мұның топшылауынша өкшенi қырған, екi-үш жерiн тереңiрек тiлгiлеген өткiр зат - шаппа. Себебi, қынсыз пышақты алып жүру қолайсыз, екiншiден бұрын ұстап дағдыланбаған адамның қынды белдiкке iлiп, пышақ салып қоюы екiталай. Көңiлге үйлесетiнi, өткiр қару шаппа.
Ауруханаға оралған Бақытты көрген сәтте Мейрамкүл:
- Сенiң әңгiмелерiң ол кiсiге ауыр тиiп, қазiр шаршап жатыр. Бiрақ есiнен тану сияқты сергелдеңдi жағдай қайталанған жоқ. Дегенмен, ендi жолықтырмаймын. Әбден дұрысталған соң, өзiм хабар берейiн, телефондарыңды қалдыр, - дедi.
- Қазiр жолықпаймын. Өтiнiшiм - басқашалау. Егер науқастың киiмi сiздерде сақталса, шаруашылық бикеңiздiң, тiптi, өзiңiздiң қатысуыңызда қалтасынан бiр зат iздемекшi едiм. Сонымен бiрге ол кiсiнiң сол жақ қолы неғып таңулы. Оған да ем-дом қабылдауда ма?
- Иә, әйелi қайнаған соң өшiрiп қойған газдағы ыстық суды жуынғанда байқамай қолына құйып алыпты. Күйгенiне алғашқыда мән бермеген-ау, асқынған жараның бетiн зормен тоқтаттық. Жүрегiне сонысы да әсер етуде.
Бақыттың сауалдарына таңданыңқыраған Мейрамкүл мұның қасына шаруашылық бикесiн қосты да өзi облыстық денсаулық сақтау департаментiне бармаққа шығып кеттi.
Жексеннiң костюм-шалбары, аяқ киiмi, көйлегi қаттаулы екен.
- Бұл кiсi «Жедел жәрдеммен» диагностикалық орталықтан ес-түссiз келдi де, киiмдерiн шешiп алған күйi орап қойғанмын. Көптi көрген байсалды адам екенi сөзiнен, сабырлы, пайымды кейiпiнен байқалып-ақ тұр. Бiрақ тұрмысы жүдеу-ау. Иығына iлгендерi тозыңқы, - деп аузы мен қолы бiрдей қимылдаған медбике Жексеннiң бұйымдарын алдына рет-ретiмен қатарластыра қойды. Бақыт әуелi шалбарды, содан соң костюмдi сыртынан басып-басып көргенде, төс қалталығы тұсынан әлдене саусақтарына қап-қатты тидi. Костюмінің ішкі қалтасынан десорамалды алып, орауын жазғанда, сағағы сары пластмаспен қапталған шаппа шықты.
- Мен iздеген бұйым осы орамал едi, - деген Бақыт шаппаны медбикеге көрсетпей шүберекпен жаба ұстады. Неге өйткенi өзiне де жұмбақ едi әзiрге. - Орамалды қолхатпен аламын. Сiзден өтiнiшiм, киiмiн менiң қарағанымды, науқасқа естiрте көрмеңiз. Денсаулығына керi әсер жасауы әбден мүмкiн. Кейiнiрек қайта әкелiп, орнына қоя саламыз, - дедi. Медбике үнсiз келiскендей басын изедi.
Болған жағдайларды Бақыт тағы жол-жөнекейде ойша безбендедi. Жексеннiң қылмысқа қатысы барын дәлелдеу үшiн үш түрлi нұсқаны таразылаған едi. Соның екеуi - қолының күйгендiгi және шаппа. Алдыңғысын тұрмыстық жарақат дейiк. Ал, мына шаппаны сараптамадан өткiзсе, езiлген, кесiлген өкшенiң бiр түйiр терiсi ме, қотыры ма, қан дағы ма қалмауы мүмкiн емес. Ал, егер шаппадан ондай дақ табылмаса, Жексеннiң қолы таза. Тiптi, таза болмаған күнде де оның қылмысқа қатыстылығының дәлелденуi екiталай. Ондай жағдайда сенетiн бiрақ нәрсе бар. Ол - Жексеннiң өтiрiктi түптете айтып, сол ұстанымына сiресе қатып айнымайтын қатыгез мiнездiң адамы еместiгi. Қазiр тiрескенiмен, бiртiндеп шындыққа басын иедi. Тек соған баратын, жүйкесiне ши жүгiрте мақұлдататын кiлттi табуы керек. Ол кiлт - Тұяқ қана бiлетiн, бiрақ жағын ашпай отырған қаладағы Тойшы баратын келiншек. Қалта телефоны шырылдады. Кезекшi офицер екен. Бастыққа тез келуi керектiгiн ескерттi.
Полковник екi кештiң арасында бекерге iздемептi.
- Қалалық ауруханадағы күдiктi Жексенге науқасынан тәуiрленген соң, жауап алуға барып едiм. Бiраз мәселелер айқындалып қалған сияқты, - деген Бақыт күйген қол, табылған шаппа жайын баяндамаққа оқталғанда полковник мұның сөзiн бөлдi.
- Тойшыны қоя тұр. Одан бұрын қойшысы Тұяқты ұрып, ауыр дене жарақатын салғандар туралы қозғаған қылмыстық iсiңдi қайта тергеп, қысқарт. Бастығына таңдана қараған Бақытты әжептәуiр ыза қысты.
- Не үшiн қысқартамын? Күнiн көре алмай жүрген сорлыны өлiмшi етiп ұрады, мүгедек етедi. Қалай қысқартамын?
- Тұяғыңнан кешiрiм қағазын өздерi әпередi. Оған араласпайсың. Соны негiздеп қысқартасың. Полицияға жаңадан қызметке кiрген шикi өкпедей неменеге таңданып отырсың? Бұл - менiң қалауым емес, жоғарының нұсқауы.
- Бастық мырза, мен Бортай деген рэкеттi қалада қылмысымен ұстап, басын мыжығанмын. Қазiр де өзi ұрынды. Тәубесiне келтiрiп қоймасақ, бүкiл бiр ауылдың астан-кестеңiн шығарған иттiктерiн көрген жұрт бiзге қалай қарайды?
- Сен басын мыжып тастасаң, оның адам емес жылан екен. «Алтын басым аман болса, алты күнде тiрiлемiн» деген жыландай қазiр қайта тiрiлген оның. Сенiң қолыңа түсiп, сотқа барғанда қылмысын моп-момақан мойындайтын бұрынғыдай аңқау емес. Олар да айлаға көшкен, амалдарын көбейткен, тамырларын тереңге жiберген. Қорғаштайтын «крышалары» ту жоғарының жоғарысында отыр. Қоңырау сол жақтан түсуде қайта-қайта. Генералитеттер араласып, жаңа ғана менiң өзiмдi сондай адал кәсiпкер азаматтарды жазықсыз жалаға ұшыратпақ ниетiм үшiн пагонымды тапсыртып, қызметтi өткiздiрте жаздады. Так што, бiрiншi Тойшының ажалына себепшiнi емес, оның балаларына жала жаппақ қарау ниетпен ауруханаға жатқан қойшының үнiн өшiр. Iстi қысқарт, содан соң маған баяндадағы, одан арғысына кiрiсе бер. «Әкемiздi кiм өлтiрдi» деп жұлқынған балаларының бұрынғы екпiнi жоқ. Соған қарағанда өштескен бiреулер әкелерiн тю-тю еткiзiп, өздерiне аяқтарын жөндеп басуды ескерткен-ау. Жалпы оны қоя тұр да, айтқанымды тындыр, - дедi. Полковниктiң анау-мынауға күйзеле де, сына да қоймайтынын бiлетiн Бақыт бұл тұстағы бiлектiң мүлдем жуандығын ұқты. Сонда да iштей кiжiнiп, егер Тұяқ былқылдамаса, рэкетпен тағы да бiр тiреспекке көңiлi ауған едi.
Бiрақ ертеңiне ауруханаға барып, Тұяқты қанша айналдырғанымен, дегенiне көндiре де, сендiре де алмады.
- Неменеге мазалай бересiң. Өткенде де айтып едiм ғой, аттан өзiмнiң құлағанымды қағазымда жаздым деп. Маған олар қазiр де аз жақсылық жасаған жоқ.
- Қандай жақсылыққа шомылдырып тастады екi күннiң iшiнде?
- Қойын бақпауға келiстiм.
- Сен ендi қой бағуға мүлдем жарамайсың да ғой.
- Той жасағанда әкелерi берген шығынды түгел кешiрдi.
- Бiр қой, жиырма кiлә күрiш пен қытайдың сасық он литр спиртi ма сондағы кешiргенi. Сен олардан мына жаншылған өкпе-бауырыңның, шайқалған миыңның, сынықтан жансызданған қолың мен анау тепкiлеп езiп тастаған оң аяғыңның өкшесiнiң құнын өндiрiп алмайсың ба? Бұл уәждердi естiгенде Тұяқтың көздерi жыпылық қақты. Оң қолына көзiнiң жасы тырс-тырс тамғанын өзi көргенiмен, семiңкi саусақтары сезбейтiндей.
- Бiртiндеп жазылып, қалпына келедi дейдi доқтыр ағай. Тұяқтың даусы дiрiлдей құмығады. Ештеңеге тауаны да, тәуекелi де жоқ жанның мүсәпiр үнi, шарасыз халi.
- Ең болмаса тартқан азабыңды, жеген таяғыңды бетке ұстап, әлгi бұзақыларды пайдаланып, мүгедектiк зейнетке шығып алсайшы. Ертең аяқ-қолы домаланған жарым жанға айналсаң да көмейлерiн тығындамасаң, сенiң сөзiңдi ешкiм сөйлемейдi. Мүгедектiк группаға қолыңның жетуi екiталай. Бала-шағаңды қалай асырамақсың?
- Ол үшiн не iстеуiм керек? Бақыттың да күткенi осы сөз ғой. Саусағына сәл iлiнсе, генералитеттер тағы бiр қоңыраулатқанша мына мүскiннiң тасын өрге домалатар едi.
- Арызыңды қайта жазып, маған ұстат. Қалғаны мойнымда. Мынаны естiгенде Тұяқ шошып түстi.
- Ойбай, көкежан, арыз деген пәлеңдi айтпағын. Басқа жолы жоқ болса, жоғалсын. Басыма түскенге көндiм, мазамды қашырма. Кеше келген бiреу iсiңiздi қысқартады деп едi ғой. Қысқартсайшы миымды жемей. «Қап, мынаны-ай» деп күйiп-пiскен Бақыт шылдырай әндете безектеген қалта телефонын қосты. Полковник екен.
- Әй, Бақыт, кешегi тапсырманы неғып бiтiрмегенсiң?
- Қай тапсырма, басеке!
- Рэкеттердiң қойшысы ше таяқталған? Тағы қоңырау генералитеттен.
- Ол кiсiлердiң бар армандары осыған тiрелiп қалып па? Ауылдағы қойшыны таяқтағандарға дейiн қорғаштап араласуларына қарағанда қолдары бос-ау деймiн. Бiз оларды мемлекеттiк мәселе шешедi деймiз, тiрлiктерiнiң түрiн қойшы-қолаңның ыдыс-аяғына араласып...
- Әй, ақылыңды басыңа майлап жақтағы, айтқанды тындыр дәл қазiр.
- Өзiм де сол генералитеттердiң қамқорлығындағы рэкеттер ұрып жыққан қойшының жанындамын.
- Не дейдi? Кешiрiм қағазын жазды деп едi ғой прокуратурадағылар.
- Мен кешiрме дегенiме көндiре алмай отырмын.
- Сенiң денiң сау емес, сiрә дә. Мына түрiңмен бiр пәлеге ұрынарсың. Мықты тергеушi дегенге әлдеғандай бола бермесейшi, Бақыт шырағым-ау. Қазiр мемлекеттiң iсi де, қойшының iсi де, рэкеттiң iсi де бiрдеңгейде бағаланатынын қалай аңғармайсың? Әңгiменi көбейтпе. Сенсiз-ақ оның кешiрiм қағазы сабағандардың қолында. Соны iске тiк те қаулыңды бекiттiр. Бүгiн кешке бәрiн тастай етiп, менiң алдыма тастағын. Әңгiме бiттi осымен. Полковник байланысты үздi. Қалта телефонын жауып, ауыр күрсiнген Бақыт Тұяққа қарады.
- Сен дұрыс жылап отыр екенсiң. Екеумiз де ештеңе өнбейтiн шарасыз жағдайға жетiп қалыппыз. Соны аңғармай жүрген мен-ақ сияқтымын. Полиция сөзiмдi сөйлемедi деп маған өкпелеме, келiстiк пе? Тұяқ басын изедi.
- Қазiр мен сенiң қалауыңды жасадым. Iстi қысқарттым. Ендi бiр мәселенi сұраймын. Бiлетiнiңдi жасырмайсың. Уәде ме? Тұяқ тағы да басын изедi.
- Тойшының Шымкентте баратын келiншегi кiм? Қай жақтың адамы? Ауылда жақындары бар ма?
- Ауылдың келiншегi. Есiмi - Алуаш. Жексен көкемнiң туған келiнi. Күйеуi былтыр авариядан қайтыс болған.
Мына сөзден Бақыттың денесi дуылдай жөнелдi. Асқанға - тосқан. Байлықтың буын көтеруге санасы жетпеген топас Тойшы Жексенге арқасын, өкшесiн ездiрумен тынбай топырағы әлi кеппеген iнiсiнiң жесiрiне баратынын қарқылдай күле, бөсiп ажалына асыққан-ақ екен. Бұл үшiншi фактi де Жексенге барып тiрелдi. Оның жанашуын қоздырып сөйлететiн ендiгi iлiк - осы.
- Сiзбен барлық жұмыс бiттi Тұяқ мырза, тез сауығып кетiңiз, - деп аудандық iшкi iстер бөлiмiне оралған Бақыттың есiл-дертi түгел Жексенге ауған.
х х х
Тергеушiмен кездескеннен-ақ мазасы қашып, көзi iлiнбеген Жексен кезекшi дәрiгерге ұйықтататын дәрi ектiрдi. Сонда да жаны байыз таппай есiкке қарап жатқан. Ой қуалайды тынымсыз. Бiрақ оның түбiне жете алар ма? Қисық етiк қойшысы Тойшы күндердiң күнiнде бай атанып, өзi соның малын бағуға мойынсұнатыны санасына кiрiп пе? Бұған неменесiне басын қатырады ендi. Заманының аяқасты аударылып, төңкерiлген себебiн сараптайтындай шамасы бар ма өзiнiң. Адам сияқты жүру үшiн әуелi байлық керек екен мына қоғамда. Есебiн тап та байы. Осындай ұран тасталғанда неге түп етектен жабысып, қолындағы билiгiнiң күшiмен елдің ернiндегi жұқанаға дейiн жалап-жұқтап қоймады? Ешкiм-ешкiмнен ұялмай-ақ қулықпен, сұмдықпен, әлiмжеттiкпен, айламен, амалмен бiрiн-бiрi талап жатқанда бұл несiне тартыншақтап ұяла қалды. Содан оңғаны қайсы? Арамнан тапқан мал маған жақпайды деген бейкүнә көзқарас мұның ұғымына қашан, қалай сiңiрiлдi екен. Ата-анасының қанынан ба, әлде коммунистiк моральдың тәрбиесiнен бе?
Дiн адамға адамның дос, бауыр, жолдас болуын, харамнан аулақ жүруiн коммунистерден бұрын уағыздағанымен, адам санасының түзелiп кеткенi кәне. Сонда мен неменеге қарақан басымды күйттемей елден ерек, өзгелердiң ризалығы үшiн желөкпелендiм. Езуiнен ақ май ағызғандарымның қайсысы менi ұшпаққа шығарды. Соның бiрi Тойшы емес пе едi. Жасаған жақсылығымның бәрi жамандықпен қайтып, ақырында оны өлтiрiп, қанын мойныма жүктеуiммен тынды. Иә, мен оны әдейi емес, оқыс жағдайда өлтiрiп, ажалының себепшiсiне айналдым. Мойнына тұзақ салмай-ақ, аяқ-қолын байлап, өкшесiн езгенiмде, пышақпен қырнағанымда, тiлгiлегенiмде өлмес едi ғой. Оның ажалын Алла менiң қолыма қондырып тұрса, амал жоқ екен.
Ендi не iстеуiм жөн? Мына жанымды жеген азаптан құтылу үшiн, мүжiлген көңiлiм тынышталуы үшiн бәрiн мойындауым керек пе? Әне, тағы да жүрегiндегi ме, әлде бауыр-бүйрегiндегi ме адалдық пейiл бас көтерiп, «бәрiн мойында, сол дұрыс» дейдi. Жетегiмен жүрсем түрмеге түсетiнiмдi, әкелерiнiң менiң қолымнан өлгенiн бiлген Тойшының дүлейлерi бала-шағамның тыныштығын талқандарын, осыған дейiн «Жексен жақсы адам» деп бағаланған абыройымның бiр пәсте төгiлерiн бiле ме сол адалдық дегенiң? Бiлсе неге қайта-қайта жылтыңдап жаныма маза бермейдi. Жатсын да тыныш. Мен ештеңенi мойындамай арпалысайын. Оған даусыз қарсы дәлелдерiм бар. Оқиғаны бiлетiн Тойшы екеумiз ғана. Басқалай куә де, дәйек те жоқ. Ауылдың бәрi менiң сөзiмдi сөйлейтiнi және анық. Мойындаймын деп, адалдықты алға салып майысу неменеме қажет? Мықты екен, мойындатып байқасын. Қалдарбек менi ат үстiнде танымады. Сонысы дұрыс болды. Еңсем езiлiп отырған екенмiн ғой.
Ұйқы буды ма, көзi талды. Есiкке қарағанда өзiн «Бақытпын» деп таныстырған капитан кiрiп, жанына жайғасып амандасты. Ендi сұрағын бастайтын шығар. Иә, бастады. Мықтал, сыр берме. Iшкi толғаныстан тұла бойы ширықты.
- Кешегi әңгiмемiз Тойшы екеуiңiздiң моншада арқа, өкшеге дейiн езiсетiндерiңiз туралы сұраған сәтте үзiлiп кеттi.
- Иә, сөйтiп моншаға түсетiнбiз. Оның несi ерсi?
- Өкшенi немен езетiн едiңiздер?
- Оған арнайы құрал жасалыпты ғой, сонымен.
- Пышақ та қолданған шығарсыздар?
- Пышақтың керегi не? Өзiнiң құралымен дедiм ғой.
-Тойшының өкшесiнiң сүйелi мүлдем шодырайған, қатты, тiкендей тырнағыш көрiнедi...
- Мұны маған несiне ежiктейсiң сонша? Тойшының өлiмiн басқа жақтан iзде, шырағым.
- Талай жақтан iздедiм. Бiрақ iздiң бәрi сiзге қарай бұрыла бередi.
- Қандай iздi айтасың?
- Қолыңызды қайда күйдiргенсiз?
- Үйде, байқамай.
- Моншада емес пе?
«Туһ, мынау шаршатайын дедi. Өткендегiдей дәрiгер неге тезiрек келмей жатыр?!».
- Естiмедiңiз бе, моншада емес пе деймiн.
-Жоқ, ешқандай да монша емес. Мұның бәрi далбаса шырағым!
- Мына бiр зат сiздiкi ме? Капитан алақанын ашқанда сары сағақты шаппасын көрдi. Мұны қайдан алған. Ит Тойшының сүйелiнiң қалдықтары осыдан табылуы мүмкiн. Мынау залым тергеушiнiң бар пәленi соңына сақтағанын қарашы. Ендi не деуi жөн. Шыдамай, төзiмi таусылып барады.
- Осы шаппамен қырнай тiлгiледiңiз ғой Тойшының өкшесiн. Рас па?
- Рас, - деп күйiне айқай салды Жексен. - Ол маған өкшесiн ездiрдi, ал мен оның байлықтан айналып қалған ақымақ басын асып қойдым, жiпке байлап.
Әлдеқалай қатты-қатты шыққан дауыстардан есiн жиып, көзiн ашты. Әлгiнiң бәрi түсi екен. Жаздың қысқа таңы әлдеқашан атып, дала бей-жай мезгiлге енiптi. Мұның жанында дәрiгер мен медбике тұр.
- Не болды, ағасы? Қорқыттыңыз ғой бiздi, - дедi дәрiгер.
- Жайсыздау түс көрдiм-ау деймiн.
- Қозғалмай жатыңыз. Қазiр дәрi қабылдайсыз.
Неден сонша шошынғаны есiне түсiр емес. Әлгiнде кiммен сөйлестi? Кәдiмгiдей дәл жанында отырды ғой. Не сұрады сол адам? Бiрдеңе көрсеттi. Есiне емiс-емiс, үзiк-үзiк әлденелер орала бастаған сияқты. Япырау, өңiндегiдей сөйлескенi өткендегi тергеушi ғой. Бұған шаппасын көрсеттi емес пе? Айтпақшы ол шаппам қайда едi? Түбiнде соның айғақ боларынан үркектеп сол түнi қорасының бұғатына жасырды. Бiрақ жаны байыз таппай, ауыратын түнi костюмiнiң iшкi қалтасына қол орамалына орап салған-ды. Қалаға аяғы iлiнiсiмен кез келген қоқыстың iшiне тастаймын деп. Жүрекке жармасқан ауру естен тандырып жiберiптi. Киiмiм қайда? Ауылда үйде ме, әлде осында ма? Сұрайыншы. Медбикеге костюмiнiң қалтасында керек бiр заты барын, бiр сәтке ғана киiмiн әкелуiн өтiндi. Көп ұзамай медбике костюмдi қолтықтап, қайта келдi. Шалқалай жатқан күйi iшкi қалтасына қол сұққан Жексен дереу келесi қалтасын қарады, содан соң екi көзi ұясынан шыға, орнынан көтерiле, қайтадан сылқ түстi. Медбикенiң «дәрiгерлей» айқайлап жанұшырған даусы коридорды жаңғыртты.
х х х
Бақыттың қызмет телефоны бебеуледi. Тұтқаны құлағына тосқанда:
- Мен облыстық кардиологиялық ауруханадан Мейрамкүл апайыңмын, - деген дегбiрсiздеу үн естiлдi.
- Тыныштық па, әпше?
- Тыныштық емес. Сенiң қайта-қайта жауап алып жүрген Жексен Шатыровың қайтыс болды жүрек талмасынан. Костюмының қалталарын сыртына айналдыра қарапты да кеудесiне қысқан күйi демi үзiлiптi. Өткенде киiмдерiн сұратқанда қалтасынан не тауып едiң? Медсестра қол орамал дейдi. Солай ма? Орамал туралы науқасқа не айтып едiң?
Бастырмалатқан сұрақтардан Бақыттың екi құлағы шуылдап, алғаш ештеңе ұқпай да қалды. «Не таптың?» дейдi дәрiгер. «Орамал ма?» дейдi тағы да. Не алғанымды ендi егжей-тегжейлi түсiндiру мүлдем керек емес. Оқиғаның анық-қанығын ешкiм бiлмей-ақ қойсын. Сан-сапалақ ойлар сапырылысты санасында. Толық әрi сенiмдi көз жеткiзген жағдаяттарды ендi өзi жасырып, сұраушыларға шын сырды ашқысы келмеу себебiн анық бiлiңкiремесе де алғашқы түйсiктiң дегенiне бағынды.
- Ештеңе. Мейрамкүл апай, ештеңе де алмадым. Сiз де солай түсiнiңiз. Қылмысты ашуға керектi зат едi. Ендi жариялаудың дым да маңызы, мәнi жоқ. Өтiнiшiм, сiз де қалтасын тергеушi қарап, айғақ тауыпты, соны бiлген соң жүрегi тоқтап қалыпты дей көрмеңiз. Ол кiсiнiң өз құпиясы өзiмен жер қойнына барсын. Соңындағы тiрiлердiң тыныштығы үшiн солай етуге тура келедi, апай! Менi дұрыс түсiнiңiз, апай!
- Түсiндiм! - деген Мейрамкүл байланысты үздi.
Бiраз отырып, орнынан ауырлау көтерiлген Бақыт полковникке кiрдi.
- Не болды, құлағың салбырап кетiптi?
- Күдiктi санатындағы Жексен Шатыров облыстық кардиологиялық ауруханада қайтыс болыпты. Қазiр хабарласқан едiм.
- Одан күдiктенуiмiз қаншалықты қисынды едi?
- Бiреудiң атын сұрап мiнген мал iздеуге. Одан басқа қолға iлiнер ештеңе табылмаған.
- Сонда қылмыс ашылмайды демекпiсiң? Дауыс ауаның сондай ғой сенiң.
- Иә, ашылмайды. Өйткенi күдiктi дегеннiң бәрiнiң ақталу қисындары дәлелдi.
- Соңғы күдiктiң өлiп құтылды ма сонда.
- Ол кiсiге де тағар кiнә әлсiз болды ғой.
- Облыстың Астанаға iс сапармен кеткен тергеушiсi келiптi. Қолыңдағы бар мәлiметтi апарып тапсыр. Соңғы түйiндi солардың жасағаны тиiмдiлеу бiзге. Қалған мәселенi соған қарай жоспарлармыз, - дедi полковник.
Облыс орталығына келген Бақыт майор Тiлеповке Тойшының өлiмiне қатысты жиналған бар қағаздарды тапсырды. Тек сары шаппаны ғана iсте көрсетпедi.
х х х
«Т-ны өлтiрушi табылды. Бiрақ ендi оны жария етудiң қажетi жоқ. Өйткенi бұл оқиғаның шындығын бiлетiн үшеу ғана едiк. Оның бiрiншiсi Т. яғни жәбiрленушi - өлген. Қолымдағы деректермен қылмысын мойындатамын деген Ж.-да қазiр тiрiлердiң қатарында жоқ. Бар оқиғаның сарынын жинақтап, қорытындылап ақиқатын бiлген үшiншi адам мен - тергеушi Бақыт тас-түйiн дәлелдерiммен, қылмысты ашқаныммен, тiрiлерге одан келер пайда жоқ. Ж-ның қалтасынан шыққан шаппадан Т-ның терi жұқаналары табылды деп жариялап, бiр ауылды, бiр қауым жұртты дүрлiктiргiм келмейдi. Ал, әлгi екi кiсiнiң зираттары тып-тыныш томпиып қана ауыл шетiндегi қорымда қатар жатыр. Бiрақ жер асты патшалығында екi аруақтың не күйде екендiктерiн ешкiмнің біле алмайтынындай олардың жер үстiндегi теке-тiрестерiнiң соңы қалай аяқталғанын тiрiлердiң де бiлмей-ақ қойғаны жөн», - деп жазған Бақыт өзiнiң күнделік дәптерi «Тергеушi жазбаларының» бiр бетiн жапты.