Адам қарады: 251 | Жарияланды:

ЫҚЫБИКЕШ

Өмірзақтың бала кезінен қымтырылатын бір әдеті бар. Ол ылғи ықылықтап жүреді. Бала түгіл, кемпір мен шалдарға дейін «ықы-ықы» деп мазақтады. Әке-шешесі баласын дәрігерге де, тәуіпке де көрсетті. Ештеңе өнбеді. Сөйтіп уақыт өте берді.

Өмірзақ ержетіп, қалаға оқуға түсті. Мұндағы құрдастары да ықылықтап жүретінін оғаш көріп, мазақтап жүрді.

 

Өмірзақ бұлардың мазағынан жалығып, үш бозбаламен бірігіп, бөлек шығып, пәтер жалдап тұрды. "Осы сұмпайы ықылықтан барымды берсем де, міндетті түрде құтыламын" деп тістенді. Есіл-дерті сол болды.

Бір күні кешке есіктің қоңырауы соғылды. Өмірзақ есік ашса, бір бойжеткен тұр.

- Сенің дегенің бола қоймас. Менен мүлде құтыла алмайсың!-деді бойжеткен.

Өмірзақ бойжеткенді «есі ауысқан» деп, есігін жауып алды. Миығынан күліп кері бұрылса, әлгі бойжеткен тұр. Селк ете қалды. «Жаратушым өзің сақта!» деп көзі шарасынан шықты.

- Сенің дегенің бола қоймас. Менен мүлде құтыла алмайсың!-деді бойжеткен.

-          Әй, несіне меңірейіп тұрсың? деді бойжеткен,- қане, былай тұр!

Бөлмеден шыққан жігіттің бірі:

-          Қарындас, сен кімсің? – деді.

-          Бұл менің пәтерім, енді осында тұрамын, - деп нық сөйледі бойжеткен.

-          Бұл қалай өзі?! Бұрынғы иесі қайда? – деді екінші жігіт.

Сұлу бойжеткен саусағын шарт еткізіп еді, үш жігіт шіркейге айналып кетті.

Өмірзақ шошып кетті:

-          Жынсың ба, аулақ кет! – деді.

-          Ықылық перісі – Ықыбикешпін, енді сендікпін! – деді бойжеткен.

-          Достарыма не істедің? Енді біржола шіркей болып қала ма? - деді Өмірзақ.

-          Жоқ! Тек бір күн бойы шіркей күйінде болады. Адамдар шыбынсоққышпен ұрып мылжалап тастамаса, ертең қайта адамға айналады, - деді Ықыбикеш пері.

-          Менен не керек саған?

-          Саған ғашықпын! Менен құтыламын дегеніңе жайбарақат қарап отыра алайын ба?

-          Сен секілді сұлу перінің қызы, мен секілді қарапайым жігіттің қай жеріне қызықтың?

-          Ғашық ештеңені елемейді!

Өмірзақ есікті ашып, зыта жөнелді. Бір аутобусқа мініп кете берді. Өзі оқитын университеттің аялдамасына түссе, таныс сұлуы тұр:

-          Сүйіктім, айттым ғой, саған, менен ешқайда да енді қашып құтылмайсың, - деді.

Өмірзақ шекесін қасып тұрып қалды. Сол маңайдан оны ылғи мазақтап жүретін қыз-жігіттер өтіп барады екен:

-          Өй, мынаны қараңдар, біздің ықылығымыз өзіне құрбы тауыпты, - десті.

-          Ықы дос, келін баламен таныстырсаңшы, - десті өзара қарқылдасып.

-          Екі сөздің бірінде ықылықтайтын бұдан не таптың? – десті қыздар.

-          Менің сүйіктімді мазақтап қорлағандарың үшін, - -деп саусағын шартылдатып қалды.

Өмірзақтың көзінше қыз-жігіттер осырақ қоңызға айналып кетті. Қоңыздар осырып жөніне кетті. Өмірзақтың бойжеткенге іші жылып қалды. Екеуінің әңгімесі жараса бастады. Пері сиқырлаған қыз-жігіттер бір күннен соң, қайта адамға айналды. Сиқырланған кездері естерінде болмады.

 

 

ІІ

 

 

Өмірзақтың өмірі түбегейлі өзгерді. Қызбен сөйлескен сайын, әуелі біртіндеп, сосын ықылығынан біржола арылды. Таңғажайып болды. Бірге оқитын замандастары оны сыйлай бастады.

 

Тамыздың аптабында найғазай жарқ етті. Қос жастың өмірінде күтпеген тағы бір тосын оқиға болды. Жер бетіне Ықыбикештің сыңар әпкесі Өрбегім келді. Бұлар екі жүз сыңар болып жаратылған. Өрбегім өзіне ұнамағандарды тасқа айналдырады. Егер, жақын арада Өмірзақ мұның сіңлісіне ғашық болса, онда бәрі сиқырынан айырылады. Ғашық болмаса, бойжеткендер өздері сиқырлайтын нәрсеге айналады. Өрбегім тасқа айналғысы келмейді. Оның өр кеудесі тас болғанды мүлде қаламайды.

Өмірзақ жолдастарымен оқудан шықты. Өрбегім сіңлісінен аумайтындықтан, оған  өзінің досы екен деп жымиды. Бойжеткен саусағын шартылдатып, бәрін тасқа айналдырып жіберді. Тек Өмірзақ сиқырланбады.

-          Сен кімсің?

-          Мен Ықыбикештің сыңар әпкесімін. Сен, адам баласы, аулақ жүр!

-          Екеуміз доспыз. Сен килікпе!

-          Әй, адам баласы, сен дымда білмейсің.

-          Нені білуім керек?

-          Егер, сен перінің қызына ғашық болсаң, ол көбелекке айналып кетеді. Бұл өмірдегі жалғыз сырласыңның көбелекке айналғанын қалайсың ба?

Өмірзақ қарқылдап күлді.

-          Өтірік!

Сол сәтте Ықыбикеш жетіп келді.

-          Өрбегім, сұлу әрі өр едің. Енді сұм болдың ба? - деді әпкесіне.

-          Ықыбикеш, сұлу әрі сезімтал едің. Сен сезімінің кесірінен бәріміз құрып кетеміз, - деді шарқылдап.

Өмірзақ жымиды.

-          Мәртебелі апа-екем, ұзарта бермейік сөзді, - деді Ықыбикеш.

-          Қандай ұсынысың бар?

Өмірзақ меңірейген күйі қарап тұр.

-          Дауымызды боз кілемде шешейік!

Айтқаны сол екен, жерге боз кілем төселді. Екі қыз бір-біріне иіліп сәлем берді.

Өмірзақ:

-          Сайыстарыңа төреші керек.

Кенет сөйлейтін белбеу жетіп келді.

Өмірзақ малдас құрып жайғасты. Перілер белдесе кетті. Бірі екіншісінің аяғынан шалып көрді, екіншісі жамбастап лақтырғысы келді, екеуі де дес бермеді. Перілер екі күн бойы күресіп, ешбірі жеңбеді. Төреші шығыс жекпе-жегімен мықтыны анықтаңдар деді. Өмірзақ екі ұйықтап тұрды. Егіздер ышқына жұдырықтаса тебісіп төрт күн жүрді. Ықыбикеш сыңарына қарағанда әлдеқайда көбірек қалжырады. Өрбегім жеңіп, сыңары көбелекке айналды. Өмірзақ еңіреп:

-          Ықыбикеш, кетпеші, мен сені сүйемін, - деді.

Дәл осы сәтте отқа орануына сәл қалған көбелек әсем бойжеткенге айналды. Өрбегімнің жан даусы жаңғырық болып, тасқа айналды.

Ықыбикеш енді сиқыршы емес, адам болып өз сүйіктісімен өмір сүріпті.

 

Қазақ тілінде жазылған