ҒАЖАЙЫП ТҮН
І
- Сағат неше болды? – деді Мыңжасар.
Ұзақ жолда – екі күн әрі бір түн бойы ұйқысыз көлікті кезектесіп айдаған үш дос – Көлбай, Мыңжасар, Жомарт шаршап келеді. Үшеуі бір досының үйлену тойына қатысу үшін жолға шыққан беті.
- Он бір сағат, он бес минут,- деді Көлбай ұялы телефонына қарап.
- Ал, менікі он жеті кетіпті, - деді Жомарт.
- Сенің сағатың өзің секілді ылғи асығып жүреді, - деді Мыңжасар кеңкілдеп.
- Сен одан да жолыңа қара, - деді Жомарт иығынан нұқып.
- Мен де бір ұсыныс бар, - деді Мыңжасар.
- Не ұсыныс?! – десті достары.
- Жақын маңда мейманхана болса, бір түнеп шығайық. Әйтпесе, ертең кешке дейін қалай шыдаймыз?
Көлбай темекісін тұтатып:
- Сөйтсек сөйтейік, - деді.
Жомарт та оның шоғына темекісін тұтатып:
- Жөн екен,- деді.
Мыңжасар ымырт болса, төңірегіне мұқият қарап отырды.
- Әнеубір жарық көрінді.
Бл – шағын мейманхана екен. Жақындап маңайына тоқтады. Шырақ жанып тұр айнала. Төңірегі жасыл желек. Ауасы да, ауласы да таза. Тып-тыныш. Үшеуі мейманханаға кірді. Бұларды жылы шырайлы, мес қарын еркек қарсы алды.
- Қош келдіңдер! – деді меы қарын.
- Қош көрдік, қожайын. Сізде жатын орны бар ма? Лажы болса, үш төсекті болса, тіпті қатып кетер еді,- деді Көлбай.
- Сіздер секілді батырларға міндетті түрде табылады, - деді қожайын.
Мыңжасарға мейманхана иесінің бұлардың асты-үстіне түсіп, бәйек болғаны ұнамады.
- Мәлік... ұлым, қонақтарға бөлмені көрсетші, қалқам, - деп ыржиды.
Мыңжасар көзінің қиығымен қарады. Ғимарат іші де таза екен.
- Еңлік, қызым, асың дайын ба?
Түкпір жақтан тым өңді бір бойжеткен шығып:
- И-ә, әкем, ас дайын. Бәрі дайын, ерекше мәзір де, - деді.
Үш досты «ерекше мәзір» дегені ерекше толғандырды.
- Мырзалар, бүгін сіздердің жолдарыңыз болды.
Дәл осы сәтте Мыңжасар мен достары жылмыңдасып қарасты. Мәлік қонақтарды бөлмеге ертіп апарды. Мәлік тұйық па, әлде мылқау ма, мүлде тіл қатпады. Бөлме таза. Төсек орын, жиһаз су жаңа болмаса да, ұқыпты жуып, қаттап, бүктеліпті. Беті-қолын жуып, түн ортасы болса да, ас ішуге түспек болды. Өте шаршап тұрса да, ас-судан бас тартпады.
Жігіттерді бөлмеден күтіп алып, сыртында «ғажайып түн» деген жазуы бар бөлмеге ертіп келді. Соған қарағанда, кішігірім мейрамхана сияқты. Бөлмеге кірсе, бай дастарқан жайылыпты. Еркектер дастарқанға жайғасып, ас ішті. Шарап ішіп, тым қызып кетті. Әуен ойнады. Сол сәтте бойжеткен ашық-шашық киініп, шығыс биін билеуге жүгіріп шықты. Жігіттер ысқырып, қол шапалақтап елірді.
Мәлік әкесінің құлағына бірдеңе сыбырлады. Әкесі қызына ымдап еді, ол сілкініп қалып, Көлбай мен Жомартты ән салып, би билейтін ұялы телефонға айналдырды. Еркек:
- Егер, қараңғы бөлмеден өз көлеңкеңді ұстап әкелсең, достарыңды қайта адам етеміз, - деді.
ІІ
Мыңжасар өзінің неліктен сиқырланбағанына таңғалды. Ол сиқыр мен сиқыршыларға, мыстан-пыстандарға мүлде сенбейді. Мыңжасар бөлмеге кірді. Есік тарс жабылды. Бөлмеде бір терезе, айна, тесік жоқ. Ол көзін жұмды да, шоқиып отырды. Біреу түртті. Тағы түртті.
- Ей, күйеу жігіт, несіне мүлгіп отырсың?
Жігіт көзін ашса, әлдебір кетік еркек отыр.
- Күйеу, мына жерде оңаша отырғаның жай ма?
Көздері шатынап:
- Сен кімсің? Өзің, не деп сандырақтап отырсың?
- Күйеу... сені анау жақта сүйікті қалыңдығың күтіп отыр, - деп жағымсыз ыржалаңдады.
Мыңжасар төңірегіне қараса, салтанатты мейрамхананың алдында отыр. Мейрамханадан біреулер атып шығып, оны ішке сүйрей жөнелді. Оны күйеудің орнына отырғызды. Тойда мейманхана иесі асаба болып басқарып жүр. Қызы шығыс биін билеп жүр. Достары ұялы телефон күйінде ән салып, би билеп жүр.
Мыңжасар микрофонды жұлып алып:
- Дереу тоқтатыңдар, мына сайқымазақты? Бұл не қойылым?
Біреу желкесінен нұқып қалды. Мыңжасар жалт бұрылса, бір таныс кейіпкер тұр.
Мыңжасар күле:
- Мұнда неғып жүрсің?
Сәнді қалыңдық көйлегін киген өзінің бұрынғы құрбысы екен. Екеуі екі жыл бұрын ұрысып тарқасқан еді. Бұл бойжеткен ұрысқақ. Жылан секілді тілін безегенде, арғы-бергіңді түгел қозғайды.
- Ол байғұстың мылқау екенін ұмыттың ба? – деді кетік еркек.
- Бұлай болуы мүмкін емес. Мен оны он жылдан бері өте жақсы танимын. Екі жыл жақын құрбым болған, - деді Мыңжасар.
- Екеуіңнің танысқандарыңа екі ай болды.
- Несіне шаптығасың? Бүгін өз сүйіктіңе үйленіп, тойың болуда.
Мыңжасар төңірегіне қараса, той қонақтары билеп жүр. Жаңа ғана кім сөйледі?
- Мен қолыңдамын!
Сөйтсе, микрофон сөйлеп тұр.
Екі ұялы телефон-достары әлі ән салып, би билеп шат. Мыңжасар бірдеңе дейін десе, кетік аузын басты.
- Ал, ағайын, туыс, жегжат! Енді күйеу мен қалыңдықтың биін тамашалайық! – деді асаба.
Мыңжасар жұлқынып қаша жөнелді. Той қонақтары соңынан шулап қуды. Оны ұстап, үстіне міне бастады. Тынысы тарылды.
- Әй, тұр! Тойға баратын ойы бар ма мынаның?
Мыңжасар оянса, оның үстіне достары мінгесіп алған екен. Ол терең тыныстады. Жігіттер дереу жолға шығып кетті.
Үш дос тағы он сағат жол жүріп, тойға келді. Күйеу досын құттықтап, қалыңдыққа қараса, өзінің бұрынғы қалыңдығын көрді. Қалыңдық, қалыңдық көйлегі, мейрамхана да дәл сол.
Зор дауысты асаба той басқаруға кірісті. Асабаның алтын тісі жарықпен шағылысып, жылт-жылт етеді. Қонақтар ішіп-жеп, би биледі. Өзі көрген, бірақ не түс, не қиялы екенін сол күйі ажырата алмағанындай, әдемі бойжеткен шығыс биін биледі. Мейманхана иесі-асаба әуелі домбырасымен, сосын гитарасымен ән шырқады. Асаба оның ұлы-кетік екенін байқап, минерал сусынды сіміріп салды.