АСПАН ЕЛШІЛЕРІН ІЗДЕУ НЕМЕСЕ МЕНІҢ БАСЫМНАН ӨТКЕН ОҚИҒАЛАР
Фантастикалық әңгімелер
«Мына жарық дүниеде адамзатпен қатар өмір сүріп жүрген тағы да бір әлем, тағы да бір есті тіршілік иесі бар» деген сөзге жер бетіндегі адамдарды түгел сендіру қиын. Олардың көпшілігінің сенгісі-ақ келеді. Бірақ өрелері жетпейді немесе рухани сапасы кемшін. Адамдардағы сенімсіздік двигателі, сенім механизмінен күштірек болып тұрған пендешілік бұл. Ол рас!
Мен бір пікірлесіме көбелекті мысал еттім. Көбелегіміздің ата-тегі - кәдімгі ирелеңдеген құрт. Көбелек осы құрт кейпінде біраз өмір сүреді. Кейіннен құрт қабығын тастап, қанат бітіп ұшып кетеді, яғни жетіледі. Табиғаттың өзі дайындаған осы процестің арасында өліп – тірілу бар. Ендігі жерде сол көбелекті бұрын құрт болған десек, құртты келешекте көбелек болады десек, жалпыны иландыра аламыз ба? Әрине, жоқ! Бұл жәндіктер бір-біріне тіпті де ұқсамайды! Өмір сүру ерекшеліктері де әрқилы. Адам, адам рухы да дәл солай, үнемі өліп-тірілу процесі арқылы сатылап жетілу үстінде болады. Жаратылыс тылсымында шек жоқ. Бұл менің пайымдауым.
Ғылым тілінде адам – жануар. Сондықтан адамдар да өзі өткен өмірде кім болды, келешекте неге /немесе кімге/ айналады деген сұраққа жауап бере алмайды. Сөйте, тұра, адамдар жүз пайыз өз көзіне таныс емес тіршілік иелерінен қорқып жүреді. Бәлкім, біздің перілер, жын-шайтандар, келімсектер дегендеріміздің бәрі де бұрыңғы адамдардың рухы немесе басқа бір жұмбақ әлем шығар... Олардың әрқайсысы адам болып ғұмыр кешкен кезіндегі өз пейілдеріне сай келесі өмірлерінде осындай бізге беймәлім бейнеге енген болуы мүмкін. Діни көзбен қарасақ, бұл қағида дәл осылай болып шығады. Бұл рухи денелер өз өмір сүру қабілетінің қай сатысында жүр? Мәселе, осында! Ал, рух дегеніміздің өзі кім болса сол көре беретін нәрсе емес. Олар да көрінетінге ғана көрінеді. Оны көретін адамдардың көзінің көру жылдамдығы ерекше болуға тиісті. Рухи әлемнің көзімен сарапқа салсақ, фәни дүние – ыпылас дүние. Сондықтан есті адамдар табиғаты асқан тазалықты қажет етеді, рухани жан-дүниеңіздің кіршіксіздігін қалайды.
* * *
Мен, өз басымнан өткен бір қызықты оқиғаны айтайын: Шолпанатада Сүбебай деген деген бір қырғыз досым болды. Өзі филолог, ақылман кісі еді. Екеуміздің әңгімеміз көп ретте жоғарыдағы тақырыпта өрбитін. Бір күні Сүбебай:
- Жүр мен саған ойыңдағыны көрсетейін, - деді. – Бірақ, мен өзім бара алатын жерге дейін-ақ барамын. Ары қарай өзіңе өзің сен. Қорықсаң мен қайтқан жерден қайтасың.
Қызыққұмар басым, көп ойланбастан-ақ, мен барамын дедім.
Сонымен, екеуміз кештетіп жолға шықтық. Беталысымыз тау жақ. Шолпанатаның айналасы түгел тау. Біз шығыс жақты бетке алдық. Тау етегіне жеткенімізде қараңғы түсті. Шатқал-шатқал тау арасымен алға тартып келеміз. Бұрын бұл аймақта як жайған Сүбебайға таудың әрбір тасына дейін таныс секілді. Адасамыз деп ойлаған да жоқпыз. Сағат түнгі онекіні соқты. Таудың үлкен бір аңғарында кішігірім көл, көлдің жанында түйелі адам еркін сиярдай үңгір бар екен. Сүбебай сол жерге тоқтады. Үңгір аңғарынан мың-миллион жылдық дерлік күл қалдығының, сызды зәктің иісі аңқиды.
- Мен бұдан ары бармаймын, - деді Сүбебай. – Сен алдымен көлге түсіп, суға тазаланып ал, тазалық көп нәрседен сақтандырады. Сонан соң мына соқпақпен жоғары қарай жүре бер. Алдыңнан бір тесіктас кездеседі, ол тастың тесігінен адам еркін өте береді. Бірақ, сен ол тастың тесігінен өтпе, айналып өт. Оң жағыңдағы жартасқа шық. Одан ары тағы да бір жартас бар, оған шығу қиын емес. Ол жартастың үсті тегіс. Сол тегіс жартасқа жайғас та шығыс жаққа көз тік. Мынау есіңде болсын: мына ұланғайыр таудың дәл сол аймағын күндіздің өзінде ұшақтар айналып өтеді. Оның қандай құпиясы бар екендігін мен білмеймін. Ол жақтан не көргеніңді келген соң айтып берерсің. Сенің іздегенің сол болу керек, сағат біржарымда басталады...
Не басталады деп мен Сүбебайдан сұрағам жоқ. Оқиғашыл басым тездетіп досым айтқан соқпаққа түстім. Таудың түнгі саумал самалы омырауымды желпіп рахат бір күй кешіп келемін. Оқтын-оқтын жан-жағымды бағдарлауға кідіргенім болмаса, еш кедергісіз Сүбебай айтқан тесіктасқа да жеттім. Айналам қап-қараңғы болғанымен, мен, ол тасты алыстан-ақ аңғарғам. Тас – кәдімгі тас, тесігі - кәдімгі тесік. Мен мұндай тасты бұрын да көргем.
* * *
Өзіміздің Қаратаудың шығыс жағында Көкшенің Оқжетпесінен аумай аспанға шаншылған Үсіктас атты тағы бір кішігірім тау бар. Бұл кәдімгі өзіміз білетін Қамбар батырдың қоныс еткен мекен жайы. Көпшілік Қамбар батыр жырын ертек-аңыз деп ұғады. Бұл бекер. Осы Үсіктаста Қамбар сайы деген жер тағы бар. Осы Қамбар сайында Қамбар батырдың зираты бар. Ертегі кейіпкерінде зират бола ма? Әрине жоқ! Ал, сол Үсіктастың ұшар басында кәдімгі тас-сақина бар. Құдды зергер соққан алтын сақина сияқты. Осы киелі сақинаның көзінен өткен адамның барлық арман-тілегі орындалады дейді. Мен өзім бұл киелі сақинаның көзінен өттім. Тағдыр тауқыметін тартып, бір шикі өкпеге зар болып немесе шаңырақтары шайқалып яки ғашықтық дертіне шалдыққандар аз ба? Солардың бәрі де Үсіктасқа тәу етіп, осы киелі сақинаның көзінен өтеді. Әрине, армандары орындалады.
* * *
Мен Сүбебайдың, сол Үсіктастағы тасқа ұқсас Шолпаната тауындағы бұл тасты айналып өт дегеніне таң қалдым. Және бұл тас шың басында емес жайуат жерде тұр. Байқасам, тастың тесігінен тіке өтіп кетуге де, айналып өтуге де болады. Тастың оң жағында қарауытып үлкен жартас тұр. Одан ары тағы жартас, үсті тегіс... одан ары тағы да не бар екен деп қызықтым. Жұмбақ! Мен тәуекел деп тастың тесігінен өтіп кеттім. Тастың ортасынан аттай бергенімде мені біреу сілкіп қалғандай болды... Мен оған мән бергем жоқ. Сүрініп кеткен шығармын дедім де қойдым. Не болса соған көңіл аударып, өзіме өзім үрей шақырмайын деп ойлағам. Менде қорқыныш сезімі болған да жоқ. Тек қана қолымдағы қолшамым жанбай қалғаны болмаса... Мен оны қолшамның қуат көзінің түгесіліп қалғанына сайдым да, беліме қыстыра салдым.
Көп қиналғам жоқ, оң жақтағы жартасқа, одан екінші жартасқа шықтым. Жартастың үсті шынында теп-тегіс екен. Мен жартасқа етбетімнен жатқан бойы шығыс жаққа мойнымды создым. Сағатыма қарап едім, қанша болғанын біле алмадым, түнде бағдар тілі жанатын еді, ол да жана қоймады... Жарайды... дедім. Алдыңғы жағымды анығырақ көрейін деп алға қарай жылжи беріп едім, жартас аунап бара жатқандай болған соң, кері шегіндім. Сөйтсем, мен орналасқан жартастың төменгі жағы ұшы-қиыры жоқ алаңқай екен. Алаңқайдың табаны тіпті терең... Мен мұндай биік құзды, терең орды /егер шындығында ол ор болса/ өмірімде көрген емеспін. Тауға шығып жүріп бұлттан асып кететін кездер болады. Бірақ онда да құздың табаны қанша жерде, оны мөлшерлеу оңай. Ал, мынау... Аң-таңмын. Дегенмен, ор түбіндегі алаңқайда қайнап жатқан бір тіршілік бар екендігі байқалады. Дөңгелек те емес, үшбұрыш, төртбұрыш та емес, кескіндері түсініксіздеу, көлемдері ұсақтау /ұсақ дегенім бекер де шығар/ бір денелер жоғары-төмен жылжи бастады. Олардың жылдамдық мөлшерін болжай алмадым. Әйтеуір, көз ілеспейтін секілді. Мен оларды анық көріп отырмын. Кейбіреулері менің дәл алдымнан қайтады. Аспанда кесек-кесек мөлдір қаратікен /бұл теңеуім өзіме де жұмбақ/ тұз ұшып жүрген секілді... осы тұздардан шыққан ақшыл-көгілдір сәуле айналаның бәрін жап-жарық етіп тұрғандай. Ұшып жүргендердің көлеңкесін көре алмадым. Ешқандай көлеңке түсірмейтін жарық та болады екен. Тағы бір қызығы, мен төменді емес, шалқамнан жатып аспан денелерін бақылап жатқан сияқты күй кештім.Бір кезде аспан төрінен мың-сан жұлдыз лезде пайда болды. Мұндай жылдамдықты да мен ешқашан көрген емеспін. Айналасы толы шам жанған алып бір дене /ғарыш кемесі болса керек/ мен жайғасқан жартастың деңгейіне келіп кілт тұра қалған екен. Ғаламат! Мен оның қалай, қайдан пайда болғанын байқаған да жоқпын. Бір қызығы, бұл кемеде жерге тіреу болатын аяқ та, дыбыс та жоқ. Тоқтағанда да ешқандай бір тежегішті пайдаланбаған сияқты. Бір кезде әлгі жоғары - төмен қалқып жүрген ұсақ тұз секілді денелерге мына алып кеменің астыңғы жағынан шыққан тағы да сондай денелер араласып, сапырылысып кетті. Олар құдды бір өрмекшінің жібінің бойымен сырғып жүрген секілді. Және ешқандай шатаспайды. Қалқып жүрген «ойыншықтырдың» қимылына қызыққаным сонша, алға қарай итініп кеп қалып едім, орнымнан қозғала қоймадым... Менің құлағымның тұсынан бірдеме зу-зу ете қалды. Мен оған мән берген жоқпын. Өйткені түнде ұшатын жарқанаттар маған бұрыннан таныс... Ендігі кезекте, менің маңдай тұсымнан көрінген әлгі денелердің бірі «ыс-с» етіп арт жағыма өтіп кетті... Жалт беріп артыма қарағам. Төбе шашым тік тұрғанын несін жасырайын /өмірімде бірінші рет/. Мен мұндай сұмдықты ешқашан көрген емеспін. Менің келген жағым да құдды өзім көз жіберіп жатқан алдыңғы жағымдағыдай алаңқайға айналған екен. Мұнда да жоғары – төмен сырғып жүрген әлгіндей денелер. Сонда, мен, шошайған жалғыз құздың ұшар басында жабысып жатқан болып шықтым. Айналам - құдды бір іші көпіршіген алып колба секілді. Бұл да түк емес. Мен аяқ жағымда құнжың-құнжың етіп бірдеме істеп отырған екі құбыжықты көргенде – жүрегім тас төбеме шықты. Құбыжықтардың екі шекесіне сопақ шөлмектей екі көз / мен осылай ойладым/ жабысқан бастары өте үлкен еді. Мен олардың дене мүшесін байқамадым. Тірі көмілген адам көрге де үйренеді деген сөз тап рас. Әлгі құбыжықтар, менің, өздерін байқап қойғанымды сезді-ау деймін, шекелеріндегі шөлмек секілді көздері жылп етіп бастарына кіріп кетті. Мен олардың бет-жүздерін көре алмадым, екеуі де лезде тұз секілді түссіз біртұтас дөңгелек денеге айналды. Бірақ, орындарынан жылжыған жоқ. Маған сұмдық бір ой келді: болары бопты ғой, не де болса бұл екеуін қосаяқтап бір-ақ тебейін, құзға домалап кетсін... дедім. Солай істедім де... Екі қолыммен астымдағы тасты қапсыра құшақтаған күйімше әлгілердің кеуде тұсын көздеп тұрып бір-ақ тептім... Бірақ, олар бүлк етпеді... Мен қайран қалдым. Тағы да тептім... Тағы да бүлк еткен жоқ... Мен қатты қорықтым. Сасқанымнан екі аяғымды екі қолыммен шап бердім... О, тоба!.. Екі аяғым орнында жоқ... Ендігі кезекте екі қолыммен басымды ұстай алдым... Байқасам, менің екі қолым да, тұтас денем де орнында жоқ болып шықты... Тек қана құздың үстінде қоқиып басым ғана қалған екен доп-домалақ боп... Сұмдық-ай... Менің бүткіл дене мүшелерім ауырмай-сыздамай қалай жоқ болып кеткендігіне қайран қалдым... Мен бәрінен күдер үздім, ендігі жерде үрей, қорқыныш дегеннің не екенін де сезбедім.. Маған ондай сезімнің қажеті де жоқ еді. Өйткені, мен өзім бала кезімнен сондаймын – жаңа ортаға тез бейімделемін. Осы ойларды ойлап жатқаныма қарағанда мен әлі тірімін! Алда не болатынын көре жатармын деген оймен қарсымда отырған /бұларды, мені де отыр деуге келмейді/ екі дөңгелек денеге назар аудардым. Менің де екі шекемнен жылп етіп шөлмек секілді екі құлақ шыға келгенін түйсігіммен сездім. Сөйтсем бұл шөлмектеріміз әрі антенна әрі дүрбі болып шықты. Менің, алдында жай көзбен қарағанымдағыдай емес, олар маған тіпті жақын әрі анық көрінді. Екеуі маған қарап ыржиып күлген секілді болды... Мен де ыржидым... Маған бұл екеуінің күлкісі тіпті таныс секілденіп кетті. Бұлар кімдер? Мен бұл өлкеде бұрын-соңды болып көрген емеспін. Осы ойларға беріле бастағаным сол еді көз алдыма құдды бір менің ойымдағыны оқып қойғандай алып теледидар экраны пайда болды...
* * *
Теледидардағы көріністен өзіміздің бала кезіміздегі ауылымызды – Ақиықты жазбай таныдым. Ақиықтың сол қолтығында Қызбел, одан ары Қызылсеңгір... Оңтүстігінде Қаз-тау, Ор-тау. Осылай кете береді. Қызылсеңгір кезінде үлкен ауыл болған. Мұнда ұлы Жібек жолының керуен сарайы орны әлі бар. Адамдар, саудагерлер қыж-қыж қайнап жататын базар болған. Осының бәрін мұңғұл, қалмақ, жоңғар дегендер жойып жіберген. Содан бері бұл жерлердің топырағына дейін қып-қызыл. Әсіресе, Қызылсеңгір... Қызылсеңгірдің жотасынан етегіне қарай күні бүгінге дейін құлдилап қан ағып жатады. Бұл тұстан тірі адамдардың өтуі өте қиын. Мұнда перілер мен жын-шайтандар, әруақтар өте көп. Дәретсізді күндіздің өзінде жазым етеді. Өз басым тазалыққа тағзым етемін, дәретсіз жүрмеймін. Мынандай бір оқиға менің басымнан өткен:
Көктемнің ыбылыңқы-сыбылыңқы кезі еді. Жаман «газикпен» малшыларға жем-шөп тасимын. Бұл күні малшылардан өте кеш қайттым. Түн болып кеткен. Жаңбыр жауып тұр. Алдымда – үрейлі Қызылсеңгір! Қызылсеңгірді былай қойғанда, оның жағасын айналып өтетін тұста қорқынышты үлкен ескі қорым бар. Ұлы дала төсінде қанша ұрыс болды, қанша қан төгілді. Сол бір көне заманның бүгінге жеткен куәсіндей бұл қорымда қай жағының сарбаздары екені белгісіз, әрқайсысына он-онбес мүрдеден көміле берген үлкен зираттар көп. Ит-құс сүйреп тастаған адам сүйектерінен көз сүрінеді... Осы қорымдағы бір бұрылыс өте қиын. Бұл бұрылыстың тағаны қорымға қарай жантайып кеткен. Машина тайып кетпесе жақсы болар еді деп үрейленіп келе жатқам. Мен ойымды жинақтағанша болған жоқ, қызылмай араластырып қойғандай илеу батпақтан машинам тайғанақтап, менің икемдегеніме көнбей қорымға қойды да кетті... Қойып кеткенде де тура лақатқа тұмсығымен шаншыла түсіп, кептеліп қалды. Өлген деген осы екен ғой дедім. Бұл жерде машинадан шығып қорымнан қашып кету туралы ойланудың өзі күпірлік болар еді. Өйткені кабина қорабының төбесі қалың түніке. Оны тесіп шығу мүмкін емес. Мен, сасақанымнан, білген құранымды күбірлеп оқи бастадым... есім ауыспаған секілді. Әлден уақыттан кейін аккумулятордың қуат көзі азайып азғантай жарық та сөнді. Көрге түскеннің көкесі енді болды. Әлгінде байқамаппын, машинаның оң жақтағы терезесі сынған екен, сол тұстан ішке қарай сау-сау етіп бірдемелер құйылып жатты. Мен қатты үрейлендім. Үрейленгенім сондай, құран оқыған дауысым да зорайып машинаның, машинаның емес көрдің іші күңіреніп кетті... Машинамның кабинасы да майлы батпаққа тола бастады, тіземе одан беліме дейін келді. Мен қолыммен батпақты ары итеремін, батпақ бері лықсиды... Осы арпалыс кезінде қолыма бір таяқ секілді бірдеме ілініп қалмай ма. Таяқты ұстай алдым да, терезені қымтадым. Бір таяқ не болады! Ендігі жерде әлгі ми батпақты қолмен шарлап тағы да сондай бірдемелер іздедім. Таптым, тағы да таптым... Не керек, осы таяқтармен сынған терезені жаба бердім, жаба бердім. Батпақ кеудеме дейін келді. Әрекет етуге жарамай батпақпен көміліп қалған аяқтарыммен ісім де болған жоқ. Әйтеуір далбасалап, жанталасып жатырмын. Құранымның мақамы өкіруге ұласқан кез еді. Сол қолым батпақтан шыға алмай ол қалды, менде енді қалғаны жалғыз қол. Осы қолыммен аждаһа батпақпен әлі алысып жатырмын... Қанша уақыт өткенін білуге мұрша да жоқ. Адамның көзі көрде де көреді деген тап рас-ау деймін. Бір кезде менің көріме ептеп сызаттанып жарық түскендей болды. Көзім көре бастаған сияқтанды. Сақылдап кеп күлейін. Бұл менің көрде отырып бірінші рет қуанғаным. Бұл тұста менің екінші қолымды да батпақ басып қимылдамай қалған... батпақ мойнымды да орап бітті. Ендігі жерде, машина кабинасының ішіне лықа толған батпақ бетінде қоқиып қалған жалғыз баспен жан-жағыма қарамаймын ба... Менің таяқ деп терезе сынығын жамап-жасқап тастадым деген затымның бәрі де адамның сүйектері екенін де сонда білдім. Талықсып кеттім... аузыма, мұрныма құйылған батпақ па, қанды су ма, бір-екі рет бұрқ-бұрқ етті... Жып-жылы да жұп-жұмсақ белгісіз бір әлемге еніп бара жаттым. Одан арғысы есімде жоқ.
Қанша уақыт өткенін білмеймін, төбем тарсылдап, айналаның бәрі ию-қию болып кетті. Аттар кісінеп, иттер үріп-шабаланды. Дабырлаған, асығысқан адамдардың дауысы естіледі. Құс мамықтай төсегімнен оянып кеткеніме өкінгенімді жасырмай-ақ қояйын. Алғашқыда осылай ойлап, одан басқа ештеңе сезе қоймағаныммен, кейін айналамды аңғара бастадым. Басымды көтеріп / басымды көтердім дегенім бос сөз, басым батпақта тұр/, көзімді ашайын... Менің басыма бір-ақ сүйемдей жерде мен секілді екінші бас... Бір қызығы бұл бас жоғарыдан төмен салбырап тұрды... Менің көзім ашылғанын көрген әлгі бас шыңғырсын келіп... Оны біреулер кейін қарай сүйреп алып кетті. Кейін білдім, ол бас кәдімгі адамның басы екен. Топырақ-батпағы аршылған машина кабинасының үстінен еңкейіп ішіне қараған бас қой. Ол байғұс бұл көрдің ішінде не бар екенін қайдан білсін...
Қорымға жақын жердегі малшылар менің дауысымды түнде-ақ есіткен болып шықты. Бірақ бірде біреуі келуге бата алмаған. Өйткені Қызылсеңгірдің дәл осы тұсында небір қызықты, адам сенбестей оқиғалар болып жатады. Әрине, ол оқиғалардың бәрі де адамдарға тек қана үрей әкеледі. Адамдар айнала жарық болған соң ғана молаға сүңгіп кеткен машина қорабының, артқы доңғалақтарының аспанға асылып қалғандай жайсыз тұрысын көріп тездетіп жеткен ғой.
-Сені ажалдан арашалап қалған ата-бабаларыңның әруағы,
солардың жіберген мына сирақтары ғой! – деді олар маған.
Біз сол күні әлгі, тірілерге тілектес сирақтарды қайта жерледік.
Бір түнде менің шашым, кірпіктерім ағарып кетіпті.
Осы оқиғадан соң арада үш-төрт ай өткенде Қызылсеңгір қорымы тұсында «Белорусь» тракторымен ауылдың екі бірдей жігіті Абақ пен Қойшыбек опат болды. Тазалықты, дәрет алып жүруді былай қойғанда, бұл екеуі араққа сықия тойып алған көрінеді.
* * *
Ойымды алдымда тұрған домалақ екі басқа бұрғаным сол еді, алдымдағы әлгі теледидар экраны да сөнді. Мен бұл екі бастың сол Абақ пен Қойшыбек екендігін жазбай таныдым. Менің өздерін танығанымды байқады ғой деймін, екеуінің шөлмек-құлақтары жылп етіп жоғары көтерілді де, маған қарай құрақ ұша жүгірді. Мен де солай еттім. Көрісіп жатырмыз. Менің сезгенім, бұл жолы ешқандай қауқарсыз доп-домалақ бас емес, өзімді кәдімгі аяқ-қолы бар адамдай сезінгенім рас. Бірақ, біздің өзара сөйлескендегі дауысымыз кеудеміздің ішінде болды. Дегенмен, түсінісу үшін бұл кедергі емес еді. Әңгімелесіп, арқа-жарқа болдық та қалдық. Мен екеуінен мына айналадағы құбылыстың не екендігін сұрадым. Олар маған:
-Мына сенің тұрған жерің – фәни мен бақидың арасындағы өткел – белдеу. Мына тұрған алып кеме – жұмаққа апаратын ғарыш көлігі. Бұған тек қана рухы таза әруақтар /оларда адам деген сөз жоқ/ ғана отырады. Біздің мұнда келгенімізге небәрі екі-ақ мың жыл болды. Фәниден бұл кемеге тікелей келіп отырған әруақты көрген емеспіз. Алланың үлкен сеніміне ие болған соң бізді осында жіберді. Осы нүктедегі өткел күзетшісіміз. Біз мұнда жаңа келген әруақтарды қабылдаймыз – қарсы аламыз. Тексереміз. Сен де жұмаққа апаратын көлікке қазір отыра алмайсың. Өйткені күнәң көп! Оны біз көрдік. Ал, төмен жақтағы ұшы-қиыры жоқ терең де қараңғы құдық – тозақ. Онда өшпейтін от бар. Жалыны қап-қара. Ол отта жетпіс мың жыл бойы қиналып жатқан әруақтар бар. Ары-бері жүріп жатқан қаратікен тұз секілді ұсақ денелер /ұсақ кемелер/ сол тозақта адасып жүрген ауаны қаптап сыртқа тасиды. Тозақтағыларға ауа да берілмейді. Сонан соң жаза мерзімі өткен, түзелген әруақтарды кемеге тасиды. Кеме оларды жұмаққа – мәңгілік өмірге апарады! Әр әруақ өзінің ұрықтарына барып қосылады. Нағыз бақытты ғұмыр сонда.
Адам – негізінде пенде екені рас қой. Мен шындығында олар айтқан тозақтан қатты қорықтым. Жалған өмірдің өзіндегі «тозақтан» әбден жүрегім шайлығып қалған жағдайым да көп. Оның үстіне өтірік айпайтын адам бола ма? Біреуге қиянат та жасаған шығармыз, кім білген! Ішімдікті де ауызға алып көрдік. Бұлардың бәрін адақтап біткесін, таза адам сияқтанып, басқаларды былай қойып, өзімізді қоса алдап, дәрет алып, жұртқа ақылдымсып жүрміз... Әйтпесе...
Маған осы тұста кәдімгі адами бір ой келе кетпесі бар ма. Оған өзім қуанып қалдым. Әлгі екі досыма – белдеу күзетшілеріне қарап тұрып: « менде мың теңгедей ақша бар еді, соны берейін. Ептеп-септеп кемеге отырғызып жіберсеңдерші» демеймін бе... Достарымның көздері атыздай болды. Олар маған қарай жақындап келе жатты... түрлері сұмдық ашулы еді. Мен үрейден қалтырай бастадым. Мұнда қашып кететін жер жоқ, өзім иненің ұшында тұрмын. Екеуінің «Ей мынауың әлі әруақ емес екен ғой!.. Әруақтан садаға кеткір...» дегендерін білем... Олардың мені қалай, қайда лақтырғандары есімде жоқ... Бақырып барып жерге ыңқ ете қалсам керек. Мен есімді жиғанда айналадағы таулар әлі жаңғырығып тұр екен. «Құт-қа-рың-дар!.. құт-қар!.. құт-құт...». Бұл дауыс менің дауысым еді. Елең-алаңдағы дауыс қандай жаман! Жан - жағыма қарасам таң бозарып қапты. Анадай жерде тұрған, түнде өзім өткен тесіктасты көрдім. Бисмилламды айтып ол тұстан тұра қаштым. Жолда Сүбебай жолықты. Ентігіп тұр. «Дауысың өте жаман шықты ғой, не болды?» дейді ғой баяғы... Оған жауап беруге менің мұршам жоқ еді...
Кейіннен білдім. Мен әлгі тесіктасты айналып өткенде жердегі пенделерге жұмбақ ғарыш кемелерінің неше түрін, қарапайым адам ретінде көретін екенмін. Шолпаната тауының бұл тұсы олардың – ғарыш кемелерінің әуежайы болып шықты. Түнгі сағат бірден таңғы сағат төртке дейін олар ұшып-қонып тынбайтын сияқты... Олардың бұл маңнан не іздейтіні мәлімсіз. Жерұшақтарының ол маңға жоламайтыны сондықтан. Құдай маған ол көріністі жазбаған да. Сүбебай досыма, тағы да кездесерміз деген сөзімді айтып, мен ертеңіне үйге қайттым.
Кім білген мүмкін келесі жолы әлгі тесіктасты айналып өтермін.
Тамұқ жұтпасы... және қара қобыз хикаясы
/«Аспан елшілерін іздеу немесе менің басымнан өткен оқиғалар» әңгімесінің жалғасы/.
Оқырманға түсініктірек болу үшін әңгімені әріректен бастағанды жөн көрдім. Таныстарым мен ауыл адамдары мені жақсы біледі. Өзімді өзім де тәп-тәуір білетін тәріздімін. Тек қана бір нәрсеге менің күні бүгінге дейін миым жетпейді. Соғыстан кейінгі туылған балалардың бәрі де томаға тұйық, көп сөзге жоқ болып өсті емес пе? Оларға соғыстан кейінгі жоқтық, аштық, жалаңаштық қатты әсер етті ғой деймін. Өз басым сегіз-тоғыз жасымда бір шалыққа ұшырадым. Ол рас. Бұл туралы ауылдағы Мырзан ағамыз /бұл кісі әлі бар/: «ауылға сол бір кісі /бұл әлемге мәшһүр кісінің кім екендігі әзірге жұмбақ/ келмегенде, бұл /мені айтады/ мұндай болмас еді. Ол келген бір заңғар адам ғой. Содан бірдеме жұқты бұған...» деп күні бүгінге дейін айтады. Ал, Тұрысбек /топырағы торқа болсын/ нағашым болса аң-таң... «сенің айтқаныңның бәрі дұрыс, бірақ, көшеде жүріп сөйлегеніңді, ертек айтқаныңды, түнде айдың жарығымен кітап оқығаныңды доғар, көзіңді құртып аласың, ол көз маған емес сенің өзіңе керек» деп күнде айтатын. Мен ол кісіні тыңдадым ба, тыңдағам жоқ. Ол кездегі үрдіс, мен секілді балалар үлкендерге түнімен кітап оқып береміз. Бұл дегеніңіз – атан жарыс! Кітап болғанда қандай?! Ылғи «Батырлар жыры», «Қырық қыз», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын», «Мың бір түн» т. с. с... Бұл кітаптарды мақамын келтіріп, ең жылдам оқитын мен едім. Себебі, мен кітап оқығанда, қолыма ұстап отырғаным болмаса, ол жырлардың бәрін жаттап алғам. Судыратамын келіп... Кімнің қолында не бар: құлақ, шеке, құрт, ірімшік, ми дегендердің бәрі менің ұртымда бұлтыңдайды, бәрі менікі болады... бірақ менің бұл қуанышым көпке созылған жоқ, екі көзім көрмей қалды. Көзім көрмесе де оқыдым. Ұмытып қалған жерімді ойдан қосып жіберемін, кідірмеймін... Кейін үлкен кісілер менің бұл кемістігімді сезіп қойды. Үйдегілер дәрігерге үш жыл бойы сүйреді. Үш жыл бойы екі көзіме добалдай етіп май /иісі жаман/ таңып жүрдім. Үш жылдан соң әлгі сасық майды добалдай көзілдірікке ауыстырдым. Мал соңында жүріп қанша рет аш қорқаулардың жұтқыншағына түсіп кете жаздадым. Ол жағы бір құдайға аян. Бірақ, бір нәрсені айта кетуім керек. Ол – қасқырлардың балаға тиіспейтіндігі. Мен қанша айтсам да үлкендер жағы менің бұл сөзіме сенбеді. Мен қасқыр көрдім десем болды, нағашыларым қолдарына қос-қос мылтық алып, маңайдағы ит-құсты қырып салатын. Терісімен мені аластайтын. Олар аластаған сайын, менің денеме қасқырдың иісі сіңе береді, сіңе береді... Бәлкім содан болар, үш керегелі киіз кепеміздің маңынан түнімен ит-құс ұлитыны... Шынын айтқанда мен ол ит-құстардан қорыққан емеспін. Менің жайып жүрген малыма олар тиіскен емес. Тек төбелерін көріп қалған малдардың дүр-р етіп иіріле қалатыны болмаса... Кейін, есейген шағымда ғой, не болса содан үркектеп /әсіресе, екі аяқтылар қауіпті/, қорқып жүретінім.
Енді негізгі әңгімеме көшейін:
* * *
Мен өзім уәдеге берікпін және ештеңені ұмытпаймын. Шолпанатадағы қырғыз досымның үйіне араға үш жыл салып барып оралдым. Менің келгеніме ол кісі қатты қуанды. Бірсыпыра әңгіменің басын қайырған соң, мен, Сүбебайға, өткен жолғы таудағы тесіктасқа баратынымды айттым. Досым маған жалт қарады да басын шайқап:
-Ай, Ореке, мен талай батыр қазақты білуші едім. Бірақ, дәл сендей әумесер – батыр қазақты бірінші рет көруім. Бұл райыңнан тез қайт! Бала-шағаң бар ма өзі?!. Өткен жолғың анау – түріңді көрген адам тіл тартпай кететіндей,.. – деп шыр-пыр болды. – Өзің де бір айтқаныңнан қайтпайды екенсің. Енді не істеймін. Ойбай – ойбай... Басқа жаққа көшіп те кетпеген екенмін...
-Сүбебей, дос! Сен көшіп кетсең де барамын мен ол жерге!
-Әне, айттым ғой. Бұл ақымақ қазақ барам десе барады. – Сүбебай шыр-пыр болды:
-Әй, қатын, етігімді тап, термосқа шай құй...
Сонымен, Сүбебай дос екеуміз кештетіп жолға шықтық.
Көзге таныс табиғат, аяққа таныс соқпақ. Біраз жерге дейін Сүбебай үндемеді. Маған өкпелеген түрі ғой. Әлденуақыттан кейін барып:
-Сен бұл жолы тесіктастың ортасынан өтпеші, - деді, жалынғандай болып.
Мен досыма уәде бердім. Өзімнің де ойым ол еместігін айттым. Сүбебай қуанып қалды.
Межелі жерге жеттік. Сүбебай екеуміз өзімізге таныс таудағы үңгірдің алдында отырып біраз әңгімелестік, көлге суға түстік. Шай үстінде досым салиқалы көп әңгіме айтты. Құдды мені соңғы сапарға шығарып салып отырғандай...
Мен бұл жолы екі қолыма екі сағат тағып, екі қолшам алып келгенмін. Сүбебайға соларды көрсеттім.
-Сендей алаңғасарды көрсем көзім шықсын, - деді ол тағы да. – Сол қол шам мен сағат сені ажалдан алып қалатын құрал ма?!. Қару емес қой олар, ақымақ! Бар-бар, уақытың болып қалды. Бірақ кешікпе, мен күтпеймін... -Мен бір қол шам мен бір сағатты параға беремін оларға, - дедім.
Сүбебай тауды жаңғыртып қарқылдап күлді. Миллион жылдық үңгірдегі жарқанаттар дүркіреп кетті. Алыстан әупілдек әупілдеді...
Мен жолға шықтым.
Үйреншікті болып қалған соқпақ, сағынып қалған тау самалы. Мен омырауымды ашып тастағанмын. Рахат! Тіпті ән салғым да келді. Таудың мазасын алмайын деп бұл райымнан қайтым. Көп адам түсіне бермейді. Түнде тау да тыныштықты, тыным алғанды тәуір көреді. Мен өзім тауды - жаны жоқ өлі тас дегендермен өліп кеткенше шайқасуға бармын. Тау да құдды адамдар секілді: қартаяды, жасарады, күрсінеді, жөтеледі, тіпті күледі – жылайды... өліп қайта тіріледі. Мұны білу үшін адамдарға аса бір сезімтал, асқан білімді болудың қажеті жоқ. Тек қана таудың «шашын» жұлып, «сақалын» күземесе, таудың тынышын алмаса болды.
Осындай ойлармен келе жатып өткен жолы өзім қасынан өкіре қашатын тесіктасқа келіп қалғанымды байқамай қалыппын. Астапыралла! Сәл болмағанда тастың тесігінен байқамай өтіп кеткендей екенмін... «Бисмилламды» айтып кері шегіндім.
Мен бұл жолғы келісімде, кездейсоқ жағдайлардан енді қайтып қорықпау үшін әбден дайындалғам. Соның бәрі бір-ақ сәттік болды-ау деп өкіндім. Сонда да болса жүрек тоқтатып, екі қолшамыммен тесіктастың жан жағын барлап көрдім. Бөтен-бөгде ештеңе жоқ. Қолшамдарым жанып тұр, сағаттарым жарқырап тұр – түнгі 12-ден 34 минут өткен екен. Кенет, менен үлкен бір қателік кеткенін сезіндім. Ол қателік мынау еді: мен Сүбебайдан тесіктастың оң жағынан өтем бе, жоқ, сол жағынан өтем бе деп сұрамаппын. Өкінген жерім осы болды. Уақыт болса тар. Не істеу керек?
Менің ең бір осал жерім тағы бар. Ол – тәуекелшілдігім! Осы қасиетімнің арқасында оқиға мені емес, мен оқиғаны іздеп табамын ғой. Содан барып небір шытырман жағдайларға ұрынамын да жүремін. Бұл сапарға үш жыл бойы дайындалдым. Оны жұрттың бәрі біледі. Менің «ұсқынымды» көргендер тағы да бірдеме шығарайын деп жүргенімді сезеді. Мұндай «қияли – қуып кеткен» кездерімде әйелімнің де маған мұңды көзімен қарайтыны сондықтан. Менде тоқтау деген атымен жоқ. Қайтемін енді. Мен тумысымнан сондаймын. Мені алған бетімнен қайтару мүмкін емес!.. Тәуекел!
Мен қарсы алдымда гүжірейіп тұрған тесіктастың оң жағынан батыл аттап өттім. Аттап өттім де кілт тұра қалдым. Екі қолымда екі қолшам, екі білегімде зор екі сағат – жарқырап тұр! Жеңдерімді түріп тастағам. Дәл осы сәтте мені сыртымнан біреу көріп тұрса ғой, шіркін!.. Дұшпансыз адам болмайды. Әсіресе, солар..
Тесіктастан өтуін өттім-ау. Алға да екі-үш қадам бастым. Өзгерген ештеңе жоқ. Өткен жолғыдай мені ешкім сілкіп қалған жоқ. Шындығымды айтайын, мені тесіктастың бұлай қарсы алғанына тіпті қанағаттанған жоқпын. Кері қайтып кеткім де келді. Арт жағыма жарық түсіріп көріп едім, тесіктастың өзім келген жағы анық көрініп тұр. Өзгерген ештеңе жоқ. Алдыңғы жағымда өткен жолғы жартас қараңдайды. Оның ар жағы тағы жартас. Менің білуімше ол жартастың үсті тегіс... сағаттарыма қарап едім 12-ден 52 минут өткен екен. Сегіз-ақ минут уақытым қалды... Бәрі тым-тырыс болғаны да жаман. Осы тыныштықты қоңылтақсып тұрмын. Сонда да болса байқап көрейін деп бірінші жартастан өттім, өзгеріс жоқ. Т-фу!..
Менің дауысым қаттырақ шықты білем, алдымдағы екінші жартастың түбінен бірдеме қараң ете қалды. Мен оны ұйықтап жатқан арқар немесе қабан болар деп ойладым. Бұл екі жануар да таудың ең қолайсыз түкпірлерінде жүре береді. Бірақ олай емес екен. Мен жартастың түбіндегі сол қараңдағанға жақындай бергенімде:
-Балам, бұл сен бе едің, - деген әрі әлсіз, әрі таныстау дауыс құлағыма естілді. Бұл кім болды екен?
Мен қолымдағы шамдарымның жарығын солай қарай бағыттадым. Ол кісі қолдарымен көзін көлегейледі. Байқасам, ақсақал беліне дейін жерге /батпақ болу керек деп топшыладым/ кіріп тұр екен. Өсіп кеткен әппақ қудай сақалы мен шашы беліне оратылып қалыпты. Бұл бір сұмдық көрініс еді. Ал, ол жақтан шыққан иіс – құдай сақтасын... Мен ол кісімен амандаспақ болып, қол созуға сәл-ақ қалдым. Алайда бір түйсік мені кері шегіндірді.
-Қолыңдағы жарығыңды өшіре салшы, бұл жерге жарық керек емес, - деді әлгі кісі.
Бұл дауыс маған өте етене дауыс еді.
-Ата, бұл сіз бе, мұнда не істеп жүрсіз? – дедім.
Өзім жүрексініп те тұрмын.
Жүрексінуімнің себебі, бұл кісі сон-ау жетпісінші жылдары қайтыс болып кеткен Ағабай молда еді. Мен бұл кісімен біраз жыл көрші тұрдым. Жақсы /адамдар бірін-бірі тек сыртынан біледі, ешкім ешкімнің ішіне үңіле алмайды ғой/ кісі еді. Ешкімге зиянсыз, кейде түсініксіздеу де мінездері болатын... Менің бұл кісімен таныстығым былай басталған:
* * *
Біздің ауылда 1915-1916 жылдары салынған «Лекраспромның» кеңсесі, кассасы болған ескі ғимарат бар еді. Ғимарат деген аты болмаса – кәдімгі тоқал-қоржын там. Уақыт өте келе сол тоқал тамды осы Ағабай молда иеленіп қалған екен. «Лекраспром» өте бай мекеме болған. Ағабай ол үйді бекер қорып отырған жоқ. Онда жерге көмілген алтын бар. Бірақ әлі ешкім таба алмай жүр» деген сөздерді ұзынқұлақтан есітіп жүретінбіз. Ағабай молда қанша сұраса да ешкімге ол үйді сатпапты. Пенде емеспіз бе, бір күні ол үйді Ағабай молдадан мен сұрадым. Ол кісі көне кетті. Мен үйді сатып алдым. Неше түрлі ойға батамын ғой енді... Түс көремін, байлыққа белшемнен батамын, қисапсыз алтын... Уақыт өтіп жатты.
Сол жылы қыс қатты болды да, көктемде су алапат тасыды. Тасығанда қандай!.. Ауылдан иттер қашып, сиырлар мөңіреп, азан-қазан болды. Екі-үш күннен соң күндіз-түні гүрілдеп тасыған су да тартылды. Бір кезде қарасам, Ағабай молда мен менің үйімнің дәл ортасынан үлкен бір тартар ашылды да, тасыған судың қалдығы соған құрылдап құйылып кетті... Жер жұтқан судың артында үңірейіп аюдың апанындай үңгір қалды. Бұл түс мезгілі еді. Маған нешетүрлі ой келді. Көкейімді тесіп бара жатқан «Лекраспромның» алтыны екендігін несіне жасырайын. Кешті зорға болдырдым. Ол байлықты күндіз тауып алсам біреу тартып алатындай...
Менің күткен қараңғылығым да түсті. Шыдамсызданып жүріп қолшамымды таптым. Арқан тауып, әр жерінен түйін жасадым /осы түйіндер мені ажалдан алып қалды/, сосын бір ұшын даладағы қазыққа ілдім де, екінші ұшын беліме байлап, «бисмилламды» қайта-қайта айтып жүріп, әлгі тасқын соңында қалған үңгірге түсейін... Үңгірдің тереңдігі көлбеуінен үш метрдей бар. Осы көлбеу батпаққа табаным тиісімен-ақ көкірегім лүпілдеп қоя берді. Дүниедегі бар байлық осы үңгірде жатыр-ау деген ой ғой баяғы. Сол ен байлықты лезде қойныма тықпақпын... Мен, тіземе, одан беліме дейін кірдім батпаққа. Ұйық су емес екен, мені тартып барады. Мұны жұтпаға түсіп көрген адам ғана сезінетін болар. Жұтпаның да жаны болатынын мен енді білдім. Жаны болғанда қандай!.. Қимылсыз қалсаң – рахаттанып жайлап жұтады. Қарсылық көрсетсең, аяғыңмен тепкілесең – қылғып-қылғып жұтады екен бұл бәтшағарың. Ғазауат майданына да ұрандап кіресің ғой. Осы ұраннан күш аласың. Өйткені қарсыласың да өзің секілді саналы адам. Ал, мынау мылқау да меңіреу жұтпаға не деп ұрандамақсың! Ол сені түсіне ме? Мен қазір дәл осы күйдемін. Ары-бері ізденейін десем – бір қолымда қолшам, бір қолым арқанда, аяқтарым болса да қимылдамайды, біртүрлі ыңғайсыз жағдайға душар болдым. Бір кезде батпақ мойныма дейін келді. Табан тіреп жоғары қарай денемді көтерейін десем, аяқтарым етігімнің ішінде құр былғаңдағаннан басқа түк те бітіре алмады. Батпақтың асты – құрдым. Алтын сандық көзден бұлбұл ұшқан шақ. Өзім құдды бір көзі алайып ұйық тартып бара жатқан мал секілді болдым да қалдым. Айналамның бәрі қап-қараңғы көр. Әбден шаршадым. Ендігі жерде алтын сандық емес, бұл көрден қалай шығу мәселесі мұң болды. Жәрдемге адам шақырып айқайлайын десем, мына жеті түнде жердің астынан шыққан дауысқа кім келмек. Екіншіден алтыныма ортақ болса қайтпекпін... Мен өзім бала кезімнен осындай сақтыққа үйренгем. Осы ойлардан кейін қолымдағы қолшамымды батпаққа құйрығымен қадап қойып, екінші қолымды да арқанға создым. Арқанды тапқан соң екі қолдап тартып едім ептеп жоғары қарай лықси бастадым. Қуанғанымнан көзіме жас үйірілді. Арқанды тағы да тартып едім – беліме дейін көтерілдім. Өзі түгіл көлеңкесі де жоқ алтын сандықты қанша қимағаныммен жан тәтті білем. Қой, бұл жерден кетейін деп батпақта қадаулы тұрған қолшамымды алдым. Сұмдықтың көкесі осы жерде басталды... Қолымды арқанның келесі түйініне соза беріп едім өзім тұрған ұйықтың шыңырауынан: «б-а-л-а-мм» деген дауысты есітсем бола ма. Қорыққанымнан өзім қалтырап, батып тұрған ұйығымның беті селкілдеп кетті. Қара жерде болса тұра қашасың ғой. Ал, мына жерде тіпті қиын екен. Апырақтап-тапырақтап арқанның келесі түйінін таба алмай да қалдым. Амал жоқ батпақпен батпақ болған бетімді кейін қарай бұрып, үңгірдің түбіне қарай қолшамымның жарығын бағыттайын... Үңгірдің түбі де ми батпақ. Түнек. Осы түнектегі батпақтың үстінде құдды менің қазіргі кейпім секілді қап-қара бірдеме томпаяды. «Б-а-л-а-мм» деген келесі дауыстан соң әлгі томпақ дененің бүйірінен болар болмас екі көз ашылса бола ма... Екі нүкте қолшамның жарығымен жап-жасыл болып тесірейіп тұр... Жер астындағы батпақтың әлгі селкілдегені селкілдеген бе, ендігі жерде балдыр басқан көл бетінің дауыл күнгі толқығанындай шайқатылды. Қорыққанымнан сақылдап сынған бір-екі тісімді түкіріп тастадым. Адам көрге де үйренеді деген сөзді мен бұрын да айтқам. Маған табан астында бір ой келді: «б-а-л-а-мм» деп шақырған дауыс әзірейілдің дауысы болса неге осы уақытқа дейін маған жақындамайды» деген. Бұл ой маған азырақ батылдық берді. Ендігі жерде көрдегі батпақ үстінен жылтыраған екі көзге анықтап қарамаймын ба... Сөйтсем, бұл өзімнің көршім Ағабай молда екен. Алтын сандықты жеке иелену үшін үңгірге менен бұрын түсіп кеткен түрі ғой ол кісінің. Бірақ, ешқандай қауіпсіздік ережелерін сақтамаған да... Бұдан кейін үрей жайына қалды да, мен өзімді де, молданы да сыртқа алып шықтым.
Ол кісі маған осы жолы өте риза болды.
-Сені маған құдай жіберді ғой, - деді ағынан жарылып. – Жүр, үйге барайық. Мына түрімізді ешкім көрмесін, өзіміз де көрген жоқпыз...
Ешкіммен шешіліп сөйлесе бермейтін Ағабай молда маған /бұл кісінің өзінде бала жоқ еді/ осы жолы өте көп әңгіме айтты. Сөзінің соңында:
-Балам, мен саған бір аманат тапсырайын, көзіңнің қарашығындай сақта. Бұл бір киелі дүние, киені ешкім ешкімнен сұрап ала алмайды, кие адамын өзі іздеп табады, бұл саған бұйырып тұрған шығар, көптен бері өзім де іштей толғанып жүргем, таңдауым өзің едің, ішімдіке жолағаныңды мен көрген емеспін, енді осыған ие бол, - деп, қолыма қайыстай қатып қалған имек иық қара қобызды қияғымен қоса ұстатты.
– Реті келіп ойната алмасаң – күнсіп қалмасын. Оқтын-оқтын жас қозының құйрық майымен майлап тұр. Бұл қобызда Қорқыт бабаңның сүйекті әруағы бар... Абайла!.. Әлдеқалай жабырқап, «шөлдеп» қалса өзі де белгі береді... – деді молда.
«Жарайдымды» айтып, мен ол кісіден қара қобызды алдым. Бұл қобызда қандай құпия бар екенін қайдан білейін...
Үйге қобыз әкелгенімді көрген әкем де, нағашыларым да таң қалды. Бастарын шайқап, күрсінгендері болмаса, артық-ауыс ештеңе айтқан жоқ.
Менің бір кісідей сезімталдығым да бар. Әкем мен нағашыларымның күрсінгені жаныма батты. Қара қобызда қандай сыр болатынын білмесем де, жақсы қарадым. Ешқандай белгі бермесе де майлап тұрдым. Бірде, ұзақтау жолсапардан оралғанмын. Төсегімнің бас жағында ілулі тұратын қобыз есімнен шығып кетіпті. Түннің бір мезгілінде «аһылап-үһілеген» бір дауыс мені шырт ұйқымнан сілкіп оятты. «Аһ-үһ... аһ-үһ...». зәрем зәр түбіне кетті. Бөлмеде менен басқа ешкім жоқ. Мен ілулі тұрған қобыз дыбыс шығарады деп өмірімде ойлаппын ба?!. Қарасам, бас жағымда ілулі тұрған қобыз кәдімгідей-ақ ісіп-кеуіп тұр... күрсінеді... Мен үйден тұра қаштым.
Әкем мен нағашыларым үре-дүре болды. Не болса да бұл жолы сол кісілер қобыздың ентігін басты.
Не керек, бұл қобызды он жылдай үйде бақтым.
Бір күні үйге әрі ақын, әрі әртіс Арын досым келіп қалды. Қобызымды қояр да қоймай сұрап алып кетті.
Бұл кезде Ағабай молда дүниеден өткен. Мен ол кісінің аманатын Арынға айттым. Бұл қобыз тұрған үйде ішкілік деген атымен болмауы тиіс деп ескерттім. Менің бұл сөзім Арынға әсер етпеді-ау деймін. Бір жылға жетпей досымның миына қан құйылып, көп ұзамай дүниеден өткен. Қара қобыздың қайда кеткенін ешкім де білмейді. Тек қана біреулер Арын қайтыс болған күні таңға жуық үйге бір ақ сақалды, ақ кебінді бір кісі кіріп шыққандығын айтады...
Міне, менің алдымда сақал-шашы жайылып, тұтас денесінің жартысы жер астында тұрған қарт сол Ағабай молда еді.
* * *
Мен осы ойлармен тұрғанымда тағы да алты минут уақытым өтіп кетіпті. Ендігі қалғаны небәрі ек-ақ минут... Ғарыш кемелерінде уақыттан ауытқу деген болмайды. Мен оны жақсы білемін. Ойым қалай болғанда осы жолы оларды көру! Тіпті сол кемеге мініп кетуге де бармын мен...
Ойым: «б-а-л-а-мм» деп маған қарай жалынышты қолын созып тұрған Ағабай молданы батпағынан сыртқа қарай лақтырайын да, жөніме кетейін дедім. Солай еттім де... Ағабай молданың қолына қолым тие бергені сол еді, не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Молданың көлемді жерді жауып жатқан сақалы қармақша тап беріп, мені лезде матап тастады... Байқап үлгергенім бұл кісінің отырған жері жұтпа екен. Әлгі сақал жұтпаның бетін жауып білдірмей жатқан жасанды жабу-қақпақ болып шықты. Сонымен, ештеңені де ойлауға мұршам болмастан Ағабай молданың артынан жер астына қарай зымырадым-ай келіп... Жер жұтпасы таудағы тамұқ жұтпасының ширегіне де келмейді. Мұнда бақырып-шақыруды былай қойғанда ойлануға шама жоқ. Әйтеуір, жұлым-жұлымың шығып сырғи береді екенсің. Ой, сұмдық-ай...
Жер астына қарай қанша уақыт зымырағаным есімде жоқ. Жұтпаға бас жағыммен жұтылдым ба, аяқ жағыммен жұтылдым ба, оны да білмеймін. Бір кезде, топан секілді бірдеменің үстіне гүрс ете қалдым. Мен түскен жерден жан-жағыма, құдды бір көлге гүмп ете қалғанда аспанға шашылатын су секілді бірдемелер шашырап кетті. Бірақ, бұл су емес еді. Мен оны сау тамтығы қалмаған жалаңаш денеме әлгі шашыраған топан қайта келіп қонғанда байқадым. Бұлардың бәрі құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан, кесірткелер екен... жер астын мекен ететін мақұлық-жәндіктердің бәрі бар мұнда. Ендігі жерде олар жабылып менің жарақаттарымнан аққан қанымды жалай бастады... істік тырнақтарымен аузымды, көзімді ашпаққа әрекеттеніп жатқандары да бар. Бұл жерде олардан құтылам деп жанталасудың да қажеті жоқтығын ұқтым. Қалай болғанда мен оларға азық боламын ғой деген ойдан көкірегіме өксік толып кетті. Мен секілді оқиғашыл-қумаңдайға ендігі жетпегені осы еді. Бір кезде:
-Аш, көзіңді! – деген бұйрық райлы сөзді құлағым шалып қалды. Молданың дауысы... - Аш, көзіңді!
Менде көз бар ма?.. Ия, айтпақшы, бар екен-ау... мен көзімді ашуға тырыстым. Көзімді құрт-құмырсқаға жегізбеу әрекетімнің күшті болғандығы сондай – кірпіктерім айқасып көздерімнің жиегіндегі еттеріне шегеленіп қалыпты. Қабақтарымды қолмен тартқылағанымнан да түк шықпады.
Мені аяп кетті ме, кім білсін /ол жақтағыларда бұл сезім болса/ Ағабай молда құран оқи бастады. Мына құдіретті қараңыз... Құран аяттарында мұншалықты қуат болатындығын, мен осы уақытқа дейін сезбеген екенмін. Әлгі үсті-басымда жалмаңдап жатқан жәндіктер денемді тастап кете бастады... көзім де ашылды. Менің алдымда өсіп кеткен сақалы мен шашы әудем жерді жауып молда отыр. Қолында баяғы қара қобыз...
-Айт, - деді, Ағабай молда. – Бұл киелі қобызды неге біреуге қолды еттің. Мен саған ескертіп едім ғой! Сен салтты бұздың. Оған кінәлі мен болдым, дұрыс таңдау жасамадым. Сені қырық мың жылдан бері осында күтіп отырмын. Мені сол айыбым үшін жұмақ түгілі тозаққа да қабылдайтын емес. Мына қобызды қайтып берсем, аласың ба, соған ант бересің бе, сен әлі өлген жоқсың!..
Түмен ойдың торына енді түскенімнің несін жасырайын. Мына адам көргісіз түріммен қобыз қолтықтап тағы да үйге барамын ба? Мен қаңғыбас қобыз түгілі өзіме де қарамаймын ғой, неде болса шындығымды айтайын. Онсыз да көрген сұмдығым аз емес. Осы жерде-ақ қалайын, маған ол қобыз керек емес, күтіп ұстай алмаймын деп ой жұптай бастағам... Кенет:
-Мен аламын ол қобызды, маған аманаттаңыз. Бұл оқиғаның бәріне тек қана мен кінәлімін. Мен өзім ол қобызды бермесіне қоймай сұрап алғанмын одан. Маған беріңіз ол қобызды, маған беріңіз... Отыз мың жылдан бері осы қобызды іздеп жүрмін. Күнәмнен пәк болайын, енді арақ ішпеймін... /әруақтардың қай мекенінде болсын - ішкілік жоқ/. Кінә менде, оның түк те кінәсі жоқ... түк те кінәсі жоқ... – деген дауыс естілді.
Мен абдырап қалдым. Өйткені, жердің астын жаңғыртып, бізге қарай салып-ұрып келе жатқан менің Арын досым еді...
Ағыбай молданың көзі қанталап кеткенін байқап қалдым.
-Былай тұр! – деп, молда мені қолымен қағып жіберді...
* * *
Ыңқ ете қалдым. Құлаған жерімді барлап қарасам тастақ әрі үңгір секілді. Зәктің, күл-қоқыстың иісі шығады. Әруақтар емес, кәдімгі тірі адамдар тұратын жер... «Қайран адамдарым-ай, күлдеріңнің иісінен айналайын...» деп кемсеңдеп те кеттім. Бірақ, айналам тас қараңғы. Сасқанымнан қолшамдарым мен сағаттарымды іздемеймін бе... Бойымды сипалағанда барып білдім – менде лыпа атаулыдан түк қалмағандай екен. Үсті-басым жұлым – жұлым... Құдды бір жүнін шала жұлған күркетауық секілді. Дегенмен, бұл өмірде бар екендігімді ұқтым. Қуанғанымнан айқай салдым... үңгірдің жарқабағына жабысып тұрған жарқанаттар тамұқтың түткенінен қалған тұла бойымды, бет-ауызымды тілгілеп, қиқы-жиқы сыртқа қарай ұшты. Соңдарынан мен де ұмтылдым... «Тірімін, мен тірімін!..» деп айқайлап, дауылдап келемін. Үңгірден де шықтым-ау!.. Таң атып қалыпты. Жан жағыма қарасам, бұл үңгір - Сүбебай екеуміз түнде келіп тоқтаған үңгір екен. О, тоба! Басымды шайқамасқа шарам қалмады. Айқайлаған дауыстың қай жақтан шыққанын аңғармаған болу керек, Сүбебай үңгірдің дәл алдында түнде мен кеткен жаққа көз тіктеп тұр екен. Мен досымның артынан барып, жайлап иығынан түртпеймін бе... «Ой, алла-ай!..». Бұл – Сүбебайдың, сидиған сексеуілдей /бұл түні мен жиырма келі салмақ жоғалтқам – жәндіктер сорып тастаған болу керек/ менің ұсқынымды көрген кездегі, көздері алайып, шалқалап құлап бара жатып айтқан сөзі еді. Мен досымды көлден су әкеліп, бетіне шашып жүріп зорға тірілтіп алдым...
Шолпанатаның ауруханасы бұл жолы мені бір ай емдеді, сау – тамтығы қалмаған денемді дәрігерлер шиырлап тігіп тастады.
Кетерімде Сүбебай досыма: «Маған тау басындағы тесіктастың оң жағы ма, сол жағы ма, қай жағынан өтуім керектігін неге айтпадың» деген өкпе-назымды, ғарыш кемелерін жақыннан көре алмай қалғанымды айттым.
Сүбебай маған күдікті тұманға толып кеткен көздерімен бір қарады да теріс айналып кетті.
Оның өзі де өткен жолғы әсерден әлі айыға алмай тұрған еді.
Сау бол, Сүбебай дос, біз әлі кездесеміз!..
Ғарыш қақпасының құпия өткелі... немесе «айығу»...
/ «Тамұқ жұтпасы... және қара қобыз хикаясы...» әңгімесінің жалғасы/
Өз басым ойыма алғанды, біреуге берген уәдемді орындамай тынбаймын. Бұл маған бала кезімнен біткен қасиет. Өткен жолы Шолпанатадан оралғандағы жағдайым онша мәз болмаса да, көкейімнен сол бір ғарыш кемелерін көру деген арман кетпей-ақ қойды.
Араға бір жыл салып, мен Шолпанатадағы Сүбебай досымның үйіне тағы да келдім. Менің мінезіме әбден қаныққан Сүбебай бұл жолы маған тіпті таңданған да жоқ. Тек қана:
-Жүр, Ыстықкөлдің жағасына барып дем алайық, мен саған біраз әңгіме айтайын, бүгін көл жағасына түнейміз, балық аулайық, сенің баратын тесіктасың ешқайда асықпайды!, - деп сөз соңына леп белгі қойған соң, мен оған келістім.
Мен оның бұл ұсынысының астарында не бар екенін білген жоқпын. «Дем алса несі бар, өзі де көл жағасының таза ауасын сағынып жүрген шығар» деп ой қорыттым да қойдым. Және оның бұл ұсынысы маған ұнады. Өйткені мен өзім көріп жүрген көлдер Ыстықкөлдің қасында көлшік дерсің. Ыстықкөлдің бір ерекшелігі – жағалауының қай бұрышына барсаң да ұйытқыған шаң деген атымен жоқ, ауасының тазалығы – керемет! Суы ше?!. Суына сүңгіп көзіңді ашсаң – көлдің тұңғиығы батпақ емес, құздиған құздар, шоқиған шоқылар... Түнде төбеңнен аспан жұлдыздары жарқырап, қолыңды созсаң жететін секілді көрінеді. Көл бетіндегі шалқалай жүзген жұлдыздардың сәулесін қағып алмақ болып шоршыған шабақтар...
Түнгі қараңғылықты жамылып отырып, Сүбебай маған «Манастан» біраз жыр оқыды. Ол «Манасты» жатқа біледі. Аспанда ай жоқ еді.
-Сен мұнда қанша рет келіп жүріп, өзің «жақсы көретін» ғарыш кемелерін сырттай бақылап көрмеген екенсің, бұл ағаттық менен кетті, - деп, бастады ол өз сөзін. – Мен сол кемшілігімді толтырайын деп, бүгін сені әдейі мұнда алып келдім. Мұндағы жергілікті адамдарға түнде тауда болып жататын оқиға үйреншікті нәрсе, ешкім ескермейді де. Неге екенін мен де білмеймін. Ол келімсектер бұл таудан не іздейді, оны да екшеген емеспін, әйтеуір олар жылонекі ай уақыттарынан бір минут та ауытқымайды. Сен бүгін оларды сырттай бақыла, таудағы тесіктасыңа ертең бара берерсің. Шындығы мынау: сен көріп жүрген тесіктас – ғарыш қақпасы! Ол қақападан сен дұрыс өте алмай жүрсің-ау деймін. Бірақ, есіңде болсын, қазір ғарыш кемелері келе бастайды. Оларды көрісімен жүгіріп кетпе, олардың келіп қонатын жерін өзің де білесің – алыс. Сондықтан шыда!
Мен Сүбебаймен келістім. Келіскен соң шыдаймын да...
Осындай әңгімелермен отырып түнгі сағат бірге жақындап та қалыпты. Мен тықырши бастадым. Екі көзім төбесінде тесіктасы – ғарыш қақпасы бар тау жақта. Бір кезде Сүбебай досым: «тауға емес, алдымен аспанға қарашы» деген соң, аспанға көз жүгіртпеймін бе. О, тоба!... Ғарыш кемесіне міну емес, мұндай көріністі көрудің өзі өзі бір ғанибет еді. Мен сонау аспан төрінде /мүмкін тұңғиығында/ сап түзіп, тізіліп тұрған, пішімдері дөп-дөңгелек, жап-жарық жұмбақ денелер көзіме түскенде таң қалдым. Өздері өте көп. Көзіме дүрбімді кидім. Дүрбі оларды маған ептеп жақындатты. Бір қызығы, бұлар менің ойымда жүрген ғарыш кемелеріне тіпті де ұқсаған жоқ. Оларды бір орында тұр дегенім де бекер болып шықты. Бұл ғарыш кемелерінің қозғалысы - ұшты, жүрді деуге келмейді... Олар біріндеп өзім екі рет болған, басында тесіктасы бар тауға сіңіп кетіп жатты. Бұл ғарыш кемелерінің қозғалысын тілім жетіп сипаттай білсем – ол былай болып шығатын сияқты. Олар ұшпайды да, жүрмейді де... Олар өздерінің ғарыштағы мекен жайынан баратын жеріне аттап өте салатын сияқты. Қашықтық, уақыт деген өлшемдермен санасу бұл кемелерде жоқ тәрізді көрінді. Және бұл кемелер ешқандай да бір металдан, яки басқа материалдан құрастырылған ұшақ секілді емес. Бұл – кемелер /егер кеме болса/ бізге таныс емес бір сұйықтықтан жасалынған ба деп қалдым. Өйткені олардың жерге қонуы – үлкен ыдысқа тамшылатып құйған көлемі зор бөлек-бөлек мөлдір тамшылар /бәлкім жалпақ-жалпақ шар/ сияқтанып тау басына сіңіп кетіп жатты... Алып тамшылардың арақашықтықтары, көлденеңі мен ені де белгісіз бір математикалық заңдылыққа тәуелді секілді. Бұлар, осылайша, бір сағаттан астам уақыт /біздің өлшеммен/ бойы біз білетін тау басына құйылып тұрды. Ешқандай бөтен-бөгде дыбыс болған жоқ.
/Реті келгенде айта кететін бір нәрсе: мен өзім бала кезімнен сурет салуға құмар болып едім. Сурет салғанда да көбінесе ғарыш, оған қалай жету тақырыбына ой қозғайтынмын. Менің бала қиялымнан туған ғарыш кемесінің нобайы тырналар легі сықылды – ылғи сүйіртұмсық болатын. Бір қызығы, кейін дәл осы менің салған суреттерімдегідей ғарыш кемесімен Гагарин аспанға ұшты. Сонда бұл не? Кездейсоқтық па? Соған күні бүгінге дейін миым жетпейді./
Осы уақыт ішіндегі Шолпаната тауының басындағы керемет көріністі тілмен айтып жеткізу – әрине, мүмкін емес.
Мені іштартқызған бұл таңқалысымды Сүбебайдың:
-Енді, олардың кері қайтуын бақылайық, бұлардың кері сапары бұдан да тамаша көрініс болады, - деген сөзі бұзды.
-Жарайды, дедім мен. Ал, бұл ғарыш кемелерін неге осы уақытқа дейін біздің ғалымдар зерттемеген? Неге қайдағы бір қолдан, өзіміздің көзімізге таныс металдан жасалған ғарыш кемелеріне сенеміз, ұсқындары тым жұпыны аспан қуыршақтарына таң қаламыз. Мұндай, тәрелке секілді ұшақтарды немістер соғыс жылдары-ақ жасап шығарған екен. Ол қазір жұмбақ, жасырын нәрсе болмай қалды емес пе?
-Бұл керемет тек қарапайым көзге ғана көрінеді. Ғалымдар суретке түсіре-түсіре, шығара алмай шаршаған. Олар таудағы өзің өтетін тесіктасты да біледі. Одан өтемін деп тәуекел жасағандары да болған. Өзім тауда мал жайып жүргенде ондай батырларды көргем. Бірақ, осы уақытқа дейін ол тәуекелшілердің бірде бірі қайтып келген жоқ... Жергілікті оқиғашылдардан қаншасы мерт болды, айтылмайды. Тауда қанша жер ұшағының қаңқасы жатыр, ол жағы да бүркемелеулі. Бұл өзі мемлекеттік құпия білем.
Біз осылай әңгімелесіп отырғанымызда сағат та таңғы төрт болды. Екеуміздің төрт көзіміз тау жақта ғой. Кенет, таудың үсті бірден жап-жарық болып кетті. Осыдан үш сағат бұрын тауға қонған алып мөлдір көпіршіктер ендігі жерде сыртқа шыға бастады және келген кездеріндегідей емес, өте жылдам. Құдды бір су бетіне қалқып шыққан медуза секілді. Менің бұл жерде сыртқа шыға бастады дегенім де ұшатын немесе жүретін заттарға арнап айтылатын теңеу шығар. Мұнда тіпті де олай емес. Бұлардың кері қайтудағы қозғалысының сипаты - бұл кемелер әлгінде өздері алғаш көрінген ғарыш тұңғиығына тағы да аттап бара салған секілді көрінді. Жерде тұрып бұл арақашықтықты өлшеу де мүмкін еместігін енді білдім. Негізінде бұлар осы көзді ашып жұмғандай ғана уақыттың ішінде-ақ өздері келген жұлдызға барып қонған болулары керек. Әлден уақытта көзден ғайып болды... Таудың басын да, аспанды да қараңғылық басты.
Сүбебайды білмеймін, бұл көріністен жақсысы бар, жаманы бар, менің басыма мың-мың сұрақ ұялап қалған еді. Дегенмен, ол сұрақтардың бірде бірі мені алған бетімнен қайтара алмады.
* * *
Тықыршып жүріп кешті зорға болдырдым. Менің «Бүгін ертерек шыға берсек қайтеді...» деген сұрағыма, әйелі қасынан қабаттасып қалмай жүрген Сүбебай сүлесоқтау жауап қатты: «бара алсам... жолды өзің де білесің ғой...». Мен оның бұл жауабып «бармаймынға» сайдым да, жолға өзім шықтым. Бір кезде соңымнан:
-Ай, батыр қазақ, жайырақ жүр, - деген сөзді есітіп, артыма қарасам – Сүбебай екен.
-Қатынның аты қатын да! – деп ақталғандай болды ол. – Мені сенімен бірге жібергісі келмеді. Оған не дерсің!
Сүбебай досым бұл жолы астына як мініп /мүйізі сала құлаш келетін сиырдың бір түрі/ алған екен.
-Немене, қашып кету оңай болсын деп мініп алғансың ба, мына мүйізі арбайған көлігіңді?!. Мен сөзді әзілге сайдым.
-Жоқ-ә...
Жол-жөнекей әңгіме теріп, Сүбебай екеуміз өзімізге үйреншікті болып қалған таудағы үңгірдің алдына келдік. Бұл үңгір де күндіз тып – тыныш. Мазасын алмасаң түнде де мүлгіп тұра беруі мүмкін-ау...
Мен Сүбебайға таудағы тесіктасқа ертерек барғым келіп отырғанын айттым. Саймандарымды түгелдедім – бәрі орнында екен. Менің бұл жолғы жаңалығым – кенептен өзіме арнайы костюм тігіп алғанмын. Кенеп оңайлықпен жыртылмайды. Оның үстіне киіп-шешуі оңай. Адамның етімен қоректенетін құрт-құмырсқаның, жылан, жарқанаттың тісі бата қоймайды... Оның үстіне екі қолым мен екі аяғымды тарбайтсам – құдды парашют секілді болады да қалады. Мен бұл костюммен бірнеше рет биік жарқабақтан көлге, соңынан жерге секіріп жаттыққам, діттеген тұсыңа жұп-жұмсақ түсесің. Алда не күтіп тұрғанын кім білген, керек болып қалар...
Бұл костюмнің сырын үркіп қалар деген оймен Сүбебайға айтпадым. Дегенмен, менің білмегенге бейтаныс костюмді киініп, маңдайыма да фонарь жапсырып жатқанымды көрген ол басын шайқады. Күрсінді... Бірақ маған ештеңе деген жоқ. Айтпақшы, бұл жолы менде екі қолшам, маңдайымда бір шам, бәрін қосқанда үш жарық, шегірен етігімнің қонышында үлкен бір қанжар болды. Қандай кездейсоқтық болса да дайын сияқтымын. Көре-көре «көсем» болған кезім ғой бұл.
Сонымен, мен жолға шықтым. Бұл жолы бұрыңғы уақытымнан ертерек. Қайта-қайта жүре берген соң жол да қысқарып кетеді. Мен өзімнің үйренген тесіктасыма /бұл жолы ғарыш қақпасы/ лезде келіп қалдым. Айналам - меңіреу түн. Оқтын-оқтын әр тұстан байғыздың сұңқылдап қалғаны болмаса, басқа бөтен дыбыс жоқ. Бұлардың дауысы да, сұңқылы да, қарқылдаған күлкісі де құдды Қаратаудың байғыздарының дауысындай... Қорқынышты ештеңесі жоқ.
Бұл жолы ғарыш қақпасы-тесіктастың айнала шетін, түймедей тасына дейін байқап, қолмен ұстап көрдім. Күдікті ештеңе таппадым. Тас – кәдімгі тас! Мұнда ешқандай да бұғып тұрған бір құпия жоқ секілді... Өткен жолғы екі рет келгенімде, мен бұл тастың ортасынан өтіп көрдім, оң жағынан өтіп көрдім, ендігі қалғаны... Тәуекел!
Мен тесіктастың сол жағынан аттап өттім де қалт тұра қадым. Өзгерген ештеңе байқағам жоқ. Өткен жолы оң жағынан өткенімде де осындай болған... Оның арты неге апарып соққанын оқырман біледі. Бұл жолы мені не күтіп тұр екен? Маңайыма жарық түсіріп көрдім. Жым-жырт... мұндай тылсым үнсіздіктің өзі де кейде үрей шақырады ғой. Бірақ, мен оған әбден үйренгем. Алдымдағы бірінші жарқабақтан өттім. Тып-тыныш. Екінші жарқабақтан да кідіріссіз өттім. Күдікті ештеңені байқамадым. Өткен жолғы молда отырған тұста да түк жоқ. Ендігі қалғаны алдымдағы үшінші жартас. Оның үсті теп-тегіс... Мен бұл жартасқа да оп-оңай секіріп шықтым. Секіріп шықтым да қалт тұра қалдым. Өйткені менің теп-тегіс жартасымның үстінде екі адам отыр... Менің екі қолымдағы, маңдайымдағы шамдар олардың кәдімгі адам екендігін анық көрсетті. Менде қорқыныш сезімі тіпті болған жоқ. Өйткені, мен бұл жолы ештеңеден сескенбеуге серт бергем. Бүкіл денесінде қараңғы түнді тілгілеген үш жарығы бар «құбыжықтан» олар да қорқа қойған жоқ. Есесіне:
-Жарығыңды өшір! – деп, ымдады.
Мен қолымдағы, маңдайымдағы жарықтарды сөндіріп, олардың қасына келдім. Көзім қараңғылыққа да үйрене бастады. Отырғандардың біреуі орыс жігіті, екіншісі келіншегі екен. Мен сонда да болса бұл екеуінен күдіктендім. Кім біліпті, жын-шайтан, пері болса, әрбейнеге, әртүске еніп жүре береді олар... Қолыма бір шыбық тауып алып, келіншекті бүйірінен түртіп көрдім. Ол үсті басын қаққыштап кетті. Мұны істеген мен екенімді білген жоқ. Мен оның адам екендігіне сендім. «Бұл жерге келіп опат болатындардың ішінде жергілікті адамдар да бар» деп Сүбебайдың айтқаны есіме түсті. Маған олардың алдарында тұрған, иісінен адам тұншығатын арақ ұнаған жоқ. Мұндай жерге кіршіксіз болып келуді білмейді екен ғой, бұл ыпылас сормаңдайлар... Әңгімелерінен баққаным, екеуі де мен сияқты ғарыш кемелерін көруге келіпті.
Уақыт таяп қалды-ау деп сағатыма қарай бергенім сол еді, таудың басы жап-жарық болып кетті. Мен аспанға жалт қарадым. Байқап үлгергенім – алып бір шар, алып шардың маңдай тұсында селт ете қалғанның жүрегін селкілдетіп жіберетін бадырайған екі көз болды...
Мен дәл мұндай бақырайған үлкен көзді бұрын да көргенмін:
* * *
«Газ-53» деген машинамен малшыларға жем тасып жүрген кезім. Бір күні машинама толтыра жем артып, кештетіп жолға шықтым. Жолда бір терең шатқал болушы еді. Шатқалдың айналасының бәрі жалмауыз кемпір сықылды құздиған құздар... қорқынышты. Машина ол шатқалдың ар жағына да, бер жағына да ыңыранып зорға шығатын. Сол тұстан өтіп бара жатып ойладым: «қайтар жолым түннің бейуағына сәйкес болайын де тұр-ау, осы шатқалда машинам бұзылып қалмаса жарар еді» деп. Ол кезде бұлай ойланудың өзі қателік екендігін, ой дегеннің өзі де шындыққа - материяға айналып кететіндігін біле бермейтін жас едім.
Қайтар жолда тура сол шатқалдың табанында машинам бұзылып қалсын. Сағатыма қарасам – түнгі екі екен. Нағыз жын-шайтандардың сайрандайтын уақыты. Өз ойымнан өзім үрке бастадым. Бұл шатқалда жын-періден басқа ит-құс та бар ғой... Ары-бері өтіп жүріп оларды да көзіміз шалатын. Өткен күзде дәл осы жерде Құду қартты қасқыр тартып еткен. Шалдан түте-түтесі шыққан жаман тымақтан басқа түк те қалмаған. Осы ойлармен отырғанымда сырттан әлдене тықыр-тықыр ете қалды. Мен қорқып кеттім. Тез-тез машинаның есіктерін кілттеп алдым. Мұндай ұзақ таңды, мен өмірімде көрген емеспін. Ақыры шыдамадым. Машинаның бұзылған жерін біліп отырмын. Егер ол тетікті орнынан шығарып алсам – жөндеуге көп болса екі-үш-ақ минут уақыт кетеді. Мен тәуекелге бел будым. Машинаның есігін жайлап сырт еткізіп аштым да сыртқа шықтым. Отырып тың тыңдадым. Әл-әзір мені бас салатындай ештеңе байқалмайды. Орнымнан тұрып еппенен капотты көтерейін... дәл осы кезде ұсақ тісті бірдеме балтырыма келіп сарт ете түсті. Мен орнымда қалшидым да қалдым... Шындығымды айтайын, бақыруға да шамам келген жоқ. Егер бақырғанымда бар ғой, бүкіл тау жаңғыратын еді... Аяғымды ептеп қимылдатып көріп едім, әлгі сарт ете қалған түйеқарын екен. Мен оны аяғыммен ыңғайлап өз жөніне жібердім. Сонан соң капотты ашып, мотордың бұзылған тетігін шығарып алдым. Шығарып алдым да, машинаның кабинасына сүңгідім. Есіктерді кілттедім. Кабинаның жарығы жанып тұр. Бұзылған тетікті жөндеп болып та қалғам. Машинамның қорабы сықырлағандай болды. Жан-жағымда күбір-сыбыр көбейіп кеткендей... Несін жасырайын, бұл тұста мен шындап қорықтым... Тісім тісіме тимей сақылдай бастады... Осы түріммен мені сыртымнан біреу көрсе ғой, шіркін, күлкіден ішегі қатып немесе менің түрімнен қорыққанынан жүрегі жарылып кетер еді. Не де болса күтіп алдым деп жөндеген тетігімді қолыма ұстап, төмен қарап бұғып отыра бердім. Дәл қазір мені жаналғыштар бір бүйірімнен келіп жалмаңдап жеп жатса да – ешбір қауқар жасай алмас едім. Ендігі кезекте әлгі тықырлаған нәрсе машинаның капотына, менің дәл қарсы алдыма келіп талтайып отырып алғандай көрінді. Мен бәрін де сезіп отырмын. Тек қана мен іштемін, ол сыртта... Бір кезде машинамның бір бүйірі сыр-р ете қалды... Бүткіл денем қалшылдасын... Өлетін болдым-ау!.. Қанша ауқыт өткенін білмеймін. Дала тас қараңғы. Маған, өлсем, қарсы алдымда капотта талтайып отырған жаналғышты көріп өлейін деген ой келген болу керек, мен сол қалшылдаған бойыммен жайлап көзімді машинаның алдыңғы айнасына қарай көтердім... О, сұмдық!.. Екі көзі табақтай-табақтай біреу айнадан маған тесіле қарап отыр екен... Қолымдағы әлгі жөндеген тетігім еденге түсіп кетті де, екі қолымды екі жаққа жайып, мен шалқалап құлай бердім. Айнадан маған тесіле қарап отырған албасты да екі құшағын жайып мені қаусыра бастағандай болды. Бір сәтке есімнен танып кетіппін...
Ажалдыға да, ажалсызға да себеп көп. Мен есімді тез жиған болуым керек. Көзімді ашсам әлгі албасты маған әлі тесіле қарап отыр. Бір секундқа болса да есінен танған адам тыңайып қалатындығын мен осы жолы сезіндім. Көзімді жұмып қайта ашып едім, о, тоба, қарсы алдымдағы жаналғыш та бадырайған көздерін жұмып-ашты... Мен тағы да қайталап едім, ол да қайталады. Сол кезде барып бір-ақ ұқтым!.. Ол іштегі жарықтың әсерімен машинаның алдыңғы айнасына түсіп тұрған өзімнің бейнем екен!.. Дала қараңғы. Ой, алла-ай, осыдан да қорықтым-ау...
* * *
Менің ойыма сол оқиға түсті.
Бірақ, ғарыштан тау басына келіп құйылып /қонып/ жатқан алып шарлардың маңдайларындағы көздер бізге назар да аудармады ғой деймін. Қалай келсе, солай кідірместен, бізді көктей өтіп, төменге қарай зымырап жатты. Ал, бұл шыңыраудың табанында не бар, ол жағы бір құдайға ғана аян. Жанымдағы екі адамға көз жүгіртіп едім, екеуі де үрей буған көздері шарасынан шыққан күйі қатып қалыпты. Сірә жантәсілім етсе керек. Бұл өлім дегеніңіз – жер тұрғындарына тән нәрсе. Оларға көңіл аударуға менде уақыт та жоқ еді.
Шым-шытырық талай оқиғаның куәсі болып, әбден шыныққан мен, бұл тұста тіпті де үрейге бой алдырмағанымды білемін. Есесіне, қызығушылығым артып, арқам қозып бара жатты... Міне, нағыз ғарыш кемелері осылар екендігіне, осы уақытқа дейін әркімнің құрастырған өтірігіне алданып келгеніме менің көзім анық жетті! Не істеуім керек? Мені қинап тұрған «ертең кімді сендіре аламын» деген ой ғой. Бұлардан қалайда бір белгі алып қалуым керек! Менің тәуекелшілдігім ойымнан да ұшқыр боп кететін кездері бар... Кенет, қонышымдағы қанжарды суырып алдым да әлгі ғарыш кемелеріндегі көздердің бірін тұспалдап тұрып лақтырайын... /Бұл жерде далбаса болса да одан басқа әрекет жасау мүмкін емес./ Менің бұл әрекетім өзіме тиесілі сұмдықтың яки қызықтың басы болды: мен қолымды сол созған күйімше жарқабақтың басынан ұштым да кеттім... «Қап, сырын білмейтін, бейтаныс ортаға қанжар лақтырып нем бар еді» деп ойлануға да мұршам болған жоқ. Қаншама сасып қалсам да, менде енді қалғаны аяқ-қолдарымды жан-жағыма тарбайту ғана екендігін білдім. Сонда ғана мен өзімнің қонатын жеріме жұмсақтау түсемін, өлмеймін. Мен аяқ-қолдарымды жазып жібердім. Білген адамға бұл тіпті бір бөлек дүние, бөлек құштарлық. Мен қанаттарым жазылып, құдды бір мұзбалақ-қыранға ұқсап түпсіз тұңғиыққа қарай бет алған сияқтымын. Жарқабақтан секіру деген мұның қасында түк те емес. Мынау дегеніңіз рахаттың рахаты! Бірақ, бұл қуанышым ұзаққа бармады. Себебі, жағдайымды анықтаңқырасам, дәл қазір, ұшып келе жатқан сияқты емес, өзім ауасыз кеңістікте қалықтап тұрған секілді екенмін... Көздерім ашылмай қалыпты. Ары-бері қимылдауға әрекет жасап едім, онымнан түк шықпады. Аяқ-қолым тарбайып бір орында айналып тұрғаныма енді көзім анық жетті... Бұл ойларымды жинақтауға көп болса секундтың мыңнан біріндей ғана уақыт кетсе керек. Бір кезде мені бірдеме іліп кеткенін түйсігіммен сезініп қалдым...
* * *
Құлағыма естілген күңгір-күңгір дауыстан оянып кеттім. Менде сақтық та бар. Көзімді жайлап ашсам, күңгірт бір бөлме ішінде жатқан секілдімін. Бөлмеде менен басқа ешкім жоқ. Аяқ-қолдарымды түгелдеп, башпайларыма дейін қимылдатып көрдім – бәрі орнында. Бір кезде әлгі дауыс «оянды» деді. Осы сөзден соң жаныма екі адам /мен бұл жерде жаңылысып отырмын, олар адамға ұқсамайды/ келді. Мен олардың толық бейнесін айта алмаймын, әйтеуір бір жылжитын мөлдір сұйықтық секілді, анық көрінбейді. Нобайлары қысқа екі аяқты, ұзынша екі қолды болу керек деп шамаладым. Бастары үлкен. Бұлардың екі шекесінде өзім бұрын көргендей шөлмек секілді құлақтары жоқ, есесіне алақандай көздері бар. Бірақ сөйлеген сөздері маған өте түсінікті болды:
-Жер тұрғындарының бәрі осындай, - деді, әлгілердің бірі. – Бұлардың бәрі – ауру. Мынаның /мені айтып отыр/ жүрегі ауырады, миы шайқалған... Есерсоқтың қанжар лақтыруын көрдің бе?..
Осы кезде екінші біреуі менің үстіме үңіліп, көкірегімді ашты да, жүрегімді суырып алды. Үшінші біреуі басымның қақпағын ашып миымды қопарды... Біреулер табақшаға салып менің қып-қызыл жүрегім мен ботқа секілді миымды бір жаққа алып кетті. Мен олардың бұл әрекеттерін тіпті де ауырсынған жоқпын. Бәрін өз көзіммен көріп жатырмын... Олар менің денемдегі шимайлап бұрын тігілген жерлердің бәрін де көрді, жұп-жұмсақ алақандарымен сипады. Қазандай-қазандай бастарын шайқады. Өздері, жүрістері қараңдаған елес сияқты болса да, олардың әрбір қимылын қадағалаудамын.
Үстінде менің миым мен жүрегім кеткен табақша лезде қайтып келіп қалды. Көріп жатырмын. Жүрегімді менің көкірегімнен алған әлгі елес оны қайтадан қолына алып сипалай бастады. Оның бұл әрекеті маған ұнағаны сондай, қайталай берсе екен дедім. Ол көкірегімді ашып, жүрегімді орнына қойды. Миымды да дәл солай етті. Мен ендігі жерде өзімді сондай тың, тілмен айтып жеткізе алмастай басқаша сезіндім. Бұл жерден кеткім келмеді...
Артынша: «болды, бара берсін...» деген сөзді де есіттім. Бұдан арғысын білмеймін.
* * *
Есімді жисам, өзім түнде жанынан өтетін ғарыш қақпасы – таудағы тесіктастың жанында отыр екенмін. Бұл жолғы менің көргенім – құдды бір жайлы да жағымды түс секілді болды. Бұрыңғыдай мені ешкім азаптаған жоқ. Мұның бәрін түс дейін десем, көкірегім күмбірлеп тұр! Кейіннен көрдім, денемдегі тігістен қалған тыртықтардың ізі де қалмапты. Басымды ұстап көрсем – орнында! Миыма да бір беймәлім ғарыштық қуат қонып қалған секілді – санам шайдай ашық. Қанжарым мен қолшамдарым жанымда жатыр.
Мен көкірегімдегі ол күмбірдің не екенін алғашқыда ұқпадым. Кейіннен ғой, көкірегім күй толғап, өлең – перінің қызына ғашық болып кеткенім...
Таң ата Сүбебай досыма қайтып келдім.
Досымның сондағы қуанғанын көрсеңдер...
Бұл – 1980 жыл еді...