Адам қарады: 200 | Жарияланды:

ЖЕТІ ПЕРІМЕН ЖҮЗДЕСУ

    Мен, бұл жеті пері /бұлардың жалпы саны жетеу ме, жоқ, адамдармен кездесуі жеті рет пе, ол жағын ешкім білмейді, әйтеуір, аты – жеті пері/ туралы көркем аңызға бергісіз әңгімелерді бала кезімнен бері білемін. Ол әңгімелердің бәрі де: жеті пері – сүйтті, жеті пері – бүйтті, соғып кетті, көзге көрінбей кетті... қуды – қаштық, қорықтық деп басталып – аяқталатын. Пері дегеніміз көзге көрінбей кететін болса, ол бір нақтылы зат болмаса, ол адамға қалай зиян жасайды деген ой мені көп жыл мазалады. Олардан, яғни, перілерден адам неге қорқу керек?!.

 

    Бұл перілермен кездейсоқ ұшырасып қалғандар біздің ауылда өте көп. Перілердің әсерінен біраз адамның ауыздары қисайып, біразының тілдері мүкіс болып қалған. Бір таңқаларлығы – перілер тек жеке-жарым адамдармен ғана кездеседі екен. Солардың бірі менің көршім Төкен болатын. Төкенді ауыл адамдары өзеннің жағасында есінен танып жатқан жерінен тауып әкелген. Пері соғып кеткен екен дескен. Екі жұмадан соң зорға дегенде тілге келді  көршім.

     Тілге келген күні, мен, Төленнің әңгімесін мұқият тыңдаған едім:

    -Бүгін жұмысқа ертерек барайын деп үйден шыққам, - деді, ол. – Өзендер құйылысына /бұл тұста екі өзен түйіседі/ жақындағанымда мазам қашты. Жүрегім лоблып құсқым келді. Басым айналғандай болды. Өзенге зорға жеттім. Бетімді жуып алайын деп суға еңкейе беріп едім, су бетінен маған күлімдей қарап тұрған, қап-қара ұзын бұрымды, бет-әлпеті өте бір сүйкімді әйел бейнесін көріп шошып қалдым. Бұл суреттің суға сырттан түсіп тұрғанын да білдім. Менің төбемнен қарап тұр-ау деп ойладым. Расында да солай екен. Әлгі әйелдің /әйел деуге аузым бармай тұр, періште сияқты/ қос бұрымы менің мойнымның екі жағынан оратыла жайлап жылжып, жерге салбырап келеді... өзі маған қарай еңкейіп, басымнан бастап иіскеп тұрған... сияқтанды. Міне, екі қолымен екі иығымды қаусыра құшақтай бастады. Қолдары өте бір нәзік ұлпа секілді... иығымды оның нәзік қолының ыңғайына қарай қушита бердім...  « Төке-е...» деді періште менің құлағыма сыбырлап. Менің басым еріксіз бұлғақтап кетті. Ондай сезімді тілмен айтып жеткізу қиын. Қанша рахатқа батқаныммен, екі көзім судағы бейнеде ғой. Неткен сұлулық! Бір кезде байқасам, судағы суреттің екі беті екі жаққа созылып, ауызы апандай ашыла бастады, көздері ежірейіп барады. Құлақтары есекқұлақтанып ұзарып, тікірейіп кеткен... Сұмдық! Мен өзімнің шалықтап шалқалай бергенімді білем, одан арғысы есімде жоқ...

Төкен ауылдасым осы оқиғадан соң бір айға жетпей қайтыс болды.

    Осы тұста өз басымнан өткен бір оқиғаны айта кетейін:

    Шет-шегі жоқ Бетпақдаланың апайтөс даласын көктей өтіп екі машинамен келе жатқанбыз. Күн қара суық әрі қою тұман еді. Соңымдағы машина қалып кете берген соң, жетіп алсын деп тоқтаған болатынмын. Мезгіл – таңға жуық. Машина ішінде бұйығып ұйықтап жатқандарды оятқым келмеді. Сыртқа шығып сергіп алайын деп көлігімнен түстім. Ұзаңқырап барып, арттағы машинаны күтіп күртік қарға отыра кеткем. Алақаншық ызғырық жердегі қарды суырып тұр. Кенет жон арқамды біреу сондай бір нәзік алақанымен сипағандай болды. Мен сасып қалдым. Айдала – қу мекенде, түн ішінде кім жүруі мүмкін? Соңынан, көлемді шаш немесе сыпырғыш секілді бірдемемен арқамды осып-осып жіберді. Мен шап беріп ұстай алдым. Ұстаған нәрсемнің аттың жалы екендігін қолым тигеннен-ақ білдім. Мұндай да ұзын жал болады екен, жерге түседі. Сөйтсем, ұйықтап тұрған жылқының дәл қасына отырған екем ғой. Менен үркіп көкке қарай осқырына атылған жылқының  қап-қара қою сала құлаш жалы аспанды жауып кетті. Керемет! Мен одан айырылып қалдым. Бұл тарпаң /жабайы жылқы/ болатын. Кейін ойлаймын ғой. Менен басқа біреу болса, бәлкім жүрегі жарылып кетер ме еді деп. Тірі қалған күннің өзінде біздің ертекқұмар халық нешетүрлі аңыз ойлап табар еді.

    Сонымен, Төкен көршім қайтыс болған соң, мен, ол періні аңдуға шықтым.       Ойым – қалайда періні тірідей ұстап алу! Менің бұл әрекетіме бүкіл ауыл қарсы болды. Олардың ішінде мені жынданған атағандар да бар. Мен алған бетімнен қайтпадым. Көршімнен айырмашылығым – менің қолымда қару болды. Қару бар жерде неден қорқуға болады?!

    Таң атса болды, Төкен көршімнің жүрген жолымен жүріп отырып, өзен жағасына келемін. Суға үңілемін. Айналамды барлаймын. Өзендер сарқырап күнделікті өз шаруаларын күйттеп жатады. Айтарлықтай бөтен-бөгде ештеңе жоқ. Тек қана екі өзенді қоршалай орналасқан құздиған құздар, жарқабақтар, мәжнүн талдар. Басқа, көңіл алаңдататын ештеңе көрінбейді. Арада екі-үш ай өткенде маған бір ой келді. Мүмкін перілер мылтықтың иісін сезіп жоламай жүрген шығар... Мен мылтықты тастадым...

    Жаз өтті, күз өтті, қыс өтті. Перілер жоқ. Айтпақшы, тағы бір көршім бір күні перілерді көргенін айтып келді. Оның айтуынша, өзеннің сол тұсынан өтіп бара жатқанында, бір топ пері /толық санын айта алмады/ өзендегі мұзды ойып, суға аяқтарын салбыратып салып отыр екен. Өздері өте көрікті, иықтарын жапқан шаштары қап-қара қою дейді. Перілер менің көршімнің атын атап шақырған, қол бұлғаған. Көршім «бисмилласын» айтып тұра қашқан. Күн түс әлеті болатын. Мен оқиға болған жерге құстай ұштым. «Астапыралласын» айтып ауыл адамдары қалды. Барсам, өзен бетіндегі мұз ойылып қалыпты. Одан басқа түк те көрінбейді. Ойықтың айналасында әлдебір жануардың жүні түтіліп жатыр... мұз үсті қып-қызыл қан. Кейін білдік қой, өзеннің сол жерінің мұзы ойылып кетіп, ауылдың бір сиыры суға батып кеткен екен. Сиырдың түсі қара еді... Жануар суға батпау үшін біраз жанталасқан болу керек. Сол кезде мүмкін байғұс сиырдың басына ашбөрілер келіп шоқиып-шоқиып отырған шығар. Қылыштай-қылыштай азуларымен қауқарсыз тірі сиырды тартқылап паршалаған болар... Өйткені ойық айналасындағы қан қалдығы осыны айтады. Не десе де ол жерден көршімнің қара үзгені дұрыс болған. Бұл менің пайымдауым.

    Көктем келді. Өткен жылғы Төкен көршімнің періге ұшырасатын күні де жақындап келе жатты. Мен уақыттан, жолдан жаңылмадым. Дәл уақтысында, дәл сол жолмен күнде өзенге келе жатамын. Мені көрген ауыл адамдары үрпиіп тұрады...

    Бүгін де солай болды. Таң атып келе жатқан. Таң торғайлары сайрай бастаған шақ. Аспанда бір шөкім де бұлт жоқ еді. Ептеп самал бар. Мен өзенге жақындап келе жаттым. Сағатыма қарадым, уақыт дұрыс. Жүрегім тарсылдаған сияқты ма, қалай?.. Бірақ, ешқандай қорқыныш деген сезім менде болған жоқ. Өзеннің Төкен көршім үңілген жеріне келіп, таңғы самалмен теңселе билеп тұрған жылауық мәжнүн талдың астына жайғасқам. Өзен беті бос. Тек қана қарсы алдымдағы жартастың үстіңгі жағы ағараңдайды. Бұл – шығып келе жатқан күннің хабаршысы – таңғы шапақ. Мен өзенге оқтын-оқтын көз салып қойып, тапжылмай отыра бердім. Не болар екен?.

    Кенет... кенет, жарқабақтың басынан күн көзі жылт етті. Жылт ете қалған сәуле алдымен менің бетіме, менің бетімнен өзен бетіне қарай жалт ете қалды.  Өзен бетіне көзімнің қалай түсіп кеткенін білмеймін. О, тоба! Су бетінде дәл маған күлімдей қарап бір бейне тұр... Мен есімді тез жидым. Өзеннің бетіндегі әлгі бейненің кеңірдегін көздеп әбжіл қимылмен  қолымды салып келіп жіберейін... қолыма ештеңе де іліккен жоқ. Басымды көтере беріп едім, арқамды, иығымды бір емес, жұп-жұмсақ бірнеше қол /дұрысы саусақ секілді/ сипалай бастаған екен... қап-қара ұзын бұрымдар мойыныма ортылып келеді...  Мен ол қолдарды бұрымдарымен қосып шап беріп ұстай алдым, ұстай алғам жоқ, сол күйі жұлып алдым. Қолыма қарасам, сізге өтірік, маған шын, сәмбі талдың біраз бұтағын уыстап қалған екенмін... Өзен бетіндегі әлгі бейне майда толқынға араласып итмұрынданып, есекқұлақтанып, екі беті далиып жан-жаққа тарап барады екен. Ол бейненің шапыраштанып ұлғайып бара жатқан көздерінен мен өзімді жазбай таныдым...

    Перілер құпиясын тапқаныма риза болып кетсем керек, сол жерде шалқамнан түсіп қарқылдап кеп күлмеймін бе... Менімен қосыла жартастар да қарқылдады. Тал басындағы құстар дүркіреп аспанды айғыздап кетті.

    Өзім қарқылдап жатып, жан-жағымда не болып жатқанын байқамаппын да ғой. Оны да айта кетейін:

    Бәрі біткен соң, үйге қайтайын деп жатқан орнымнан көтеріле беріп байқап қалдым. Бір топ ауыл адамдары аулағырақтан мені қоршап үдеріп, құлақтары едірейіп тұр екен. Бәрінің қолдарында айыр, сота, келтек секілді қарулары бар. Орнымнан тұрғанымды көрген олар бірін – бірі кимелей ауылға қарай зытсын келіп. Арттарына жалтақ-жалтақ қарайды...

    Кейін білдім, мені бірдемеге ұрынып қала ма деп артымнан аңдып келген екен олар. Бір қиындық туындай қалса, мені құтқарып алмақ болыпты батырларың...

    Перінің шашын қолдарымен қоса жұлып алып, қарқылдап күлгенімді көрген көршілерім мені жынданып кеттіге санаған ғой деймін. Осы оқиғадан соң ауыл адамдары маған көпке дейін үрке қарап жүрді... Әлі де солай.

    Мен адамдарды аядым. Аңғал бауырларым-ай, өздерің ойлап тапқан періден үрейленіп, тағы біразың мерт болмасаң нетсін...

    Көршілерімді, қалай сендірсем екен?!.

Қазақ тілінде жазылған