Адам қарады: 315 | Жарияланды:

«ПЕРІСАЙДЫҢ» КӨШПЕНДІ ПЕРІЛЕРІ

     Ауыл шу ете қалды. Екі кештің арасында өрістен келген малдың шаңымен араласып кететін дүрбелең қандай? Ию-қию жөңкіліс. Кішкене ғана ауылдағы қару-келтек ұстай білетін естиярлар, шал-шауқан, кемпір-сампыр, бала-шағаны лезде жинап алып, әрқайсысына қадап-қадап ескертіп жатты. Сондағы айтатындары: «Қызылсеңгірдің» перілері Ақиыққа көшіп келіпті, сақ болыңдар. Әсіресе қой, қозы бағуға баратындарың ауылдан көп ұзамаңдар. Перілер мына ауыл айналасындағы бөктерлердегі жайылымдардың бәріне де қоныстанып алған білем, енді тыныштық болмас...».

 

     Ауыл адамдарының бұлай дегбірсізденетін жөні бар. Өйткені, Қызылсеңгірдің перілерін жұрттың бәрі де біледі. Ол перілермен жүздескен адамдар ауылда өте көп. Мүмкін осы перілерден құтылудың жолы сол деп ойлады ма, кім білсін, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары сол Қызылсеңгірдегі «перісайға» үкімет малшыларға арнап жақсы жай салған болатын. Бірақ, олардың бұл әрекеті бекер болды. Ол қора-жайға барып қоныстанғандарға перілер күн көрсетпеді: малдарын, адамдарын үркітіп, сиырларына дейін тамшы сүт қалдырмай  еміп қоятын болды... От жақса күлдерін шашты. Тіпті мұнда келген малшылардың иттері де үруден қалды. Иттің дауысы шықпаған соң – ит-құс көбейді. Малдарының басы азайып кеткен малшылар бірінен кейін бірі сотталып жатты. Үлкендер, мұның бәрі сайып келгенде сол перілердің қияңқылығынан дейтін еді. Ең соңында ауылда бір Иманберді деген әпербақандығынан әпенделігі озыңқырап тұрған кісі бар еді, «перісайдағы» қораға сол кісі барып отырсын. Ол әпербақан таңнан кешке дейін, кештен таңға дейін арақ ішетін. Өзінің құрастырып /шамасы солай болу керек/ айтатын әңгімелері де қызық болатын. Бірде ол өзінің ендігі жерде арақты қоятынын, перінің қызын тоқалдыққа алайын деп жүргендігін айтыпты. Бұдан кейін перілермен шатысқан ол кісіге жолау қайда?

     Бір күні бүкіл ауылды дүрліктірген оқиға болды:

     Ауылда Анарбай деген пошта таситын кісі болатын. Сол кісі атпен лекітіп арғы беттен Иманберді отырған «перісайға» түсетін қыратқа шыға келмей ме... Сұмдық! Иманбердінің әйелі бастаған барлық заузаты бақырып-шақырып, бірін-бірі сүйрелеп, сүрініп-қабынып зытып келеді екен. Алдарынан шыға келген Анарбайды көріп әлгілер одан сайын үрейленсін. Бала-шағаның біразы кері қарай құлдыраңдаған. Не де болса бұл пәленің перілерден келгенін білген Анарбай Иманбердінің балаларын, әйелін атпен қуалап жүріп бір жерге иіреді ғой. Шаңқай түс. Сосын: «не болды» деп сұрамай ма, Иманбердінің бәбішесінен. Бәйбіше тілін жұтып қойыпты. Бар болғаны алақтаған көзімен қора жақты ымдай береді... ымдай береді... Астында жүйрік, жарамды аты бар пошташы неден қорықсын. Қораға қарай құйғытып шаба жөнеледі. Қораға жақындаған пошташының аты төрт тұяғы жерге кіріп кетердей сырғып барып кілт тоқтаған. Оның тоқтамасқа да лажы жоқ еді. Өйткені қораның ішінен шыққан өкірген дауыс –  адамның дауысы емес еді... Анарбай мұндай дауысы бар хайуанды да білмейді. Әлгі дауыс өкіріп – өкіріп алады да тұншығып барып салдыр-сұлдыр ете қалады. Тағы да өкіреді... тағы да қатыр-құтыр... Ендігі жерде ол дауыс зынданның астынан шыққандай шыңылдайды ғой... Күн демей түн демей пошта тасып жүрген Анарбай мұндай пәлеге жолығып көріп пе?!. Жалғыз өзі қораға кіруге жүрексінеді. Иманбердінің бала-шағасына қарай атпен қайта шабады. Келе бәйбішені қолынан ұстайды да қораға қарай сүйрейді... Үдерген бала-шаға ұйлығып қырда қалып кеткен. Бұл көрініс сырттан қараған кісіге өте бір қызықты көрініс еді. Бірақ, қызық мұнымен шектеліп қалған жоқ. Дәл осы сәтте қызықтың «көкесі» қораның ішінде болып жатқан: өкірген-бақырған дауысқа құлақтары үйренген Анарбай пошташы мен Иманбердінің бәйбішесі сығалай-сығалай ендігі жерде қораның ішіне кірмей ме. Сөйтсе, қораның ішінде өкіріп жүрген Иманберді маскүнем екен. Басына сауылған сүт құятын бидонды киіп алыпты... Екі қолымен бидонның екі құлағын ұстап, әр жерге бір соқтығып жүр, бақырады келіп... Пошташы мен бәйбішенің әлгінде ғана үрейден қалтыраған денелері ендігі жерде күлкіден селкілдеді... Оқиға былай болған екен. Оны Иманбердінің өзі айтады:

     «Бәйбішеммен керісіп қалып, тілдеспей жүргеніме біраз күн болған. Ол балаларды алып төркініне кетіп қалды. Тамағымды сенсіз де тауып ішемін деймін ғой, баяғы... Ондағы сенгенім қорадағы сиыр, ешкілердің сүті еді. Бұл үмітім ақталмады. Олардың біреуін ұстап сауып енді аузыма тоса бергенімде біреу қолымды қағып жібереді... /арақтан қалтыраған қолымның икемі келмейді, содан ыдыс жерге түсіп кетеді деп айтпайды бұл кісі/, әйтеуір ішкізбейді. Сонымен аштан өлетін болдым. Менде намыс күшті. Кейде қорада түнеп жүрсем де кетіп қалған бәйбішемнен бір үзім нан сұратқан емеспін. Бір күні қораға Төлен досым келіп қалды. Менің жағдайымды түсінген ол: «Иманберді, сен арағыңды қой, бұдан былай тек қана бина іш, ол әрі тамақ болады, әрі кәйіп болады» деген еді. Шындығы солай ма деп қалдым. Бинаға ауысқалы бері менің қарным ашқан жоқ. Бүгін ғой, таңертең бір тостақ бина іштім де, қалғанын торсығыма құйып, малға кеткем. Өріске барған соң тағы да біраз жұттым. Бір кезде басым солқылдап, мазам қашты. Үйге келдім. Ішке кіріп төсегіме жаттым. Көзім ілінді ме, жоқ па, ол жағын білмеймін, даладан: «Иманберді...» деген дауысты есітіп, сыртқа шықтым. Дала қап-қараңғы болып кеткен екен. Таң қалдым. Дәл қазір түс мезгілі екенін білемін ғой. Сонда да болса үйді айналып әлгі дауыс иесін іздедім. Ешкім жоқ. Әлден уақытта «Иманберді...» деген әлсіз дауыс үйдің ішінен шықты. Мен далада жүргенде үйге кіріп кеткен екен ғой деп ойладым. Үйге кірдім. Бөлмелерді араладым. Ешкім жоқ. Ендігі жерде сандықтың астына үңілмеймін бе... Осы жерде менің ойыма бір нәрсе сап ете қалды: «оу, мені іздеп, дауыстаған адам емес пе, адам сандықтың астына сияды ма... осы мен ауырып жүргем жоқ па...» деген. Санам сап-сау. Осы оймен тұрғанымда әлгі дауыс даладан тағы да шықты: «Иманберді...». Мен тіпті де ештеңеден қорыққам жоқ. Далаға шықтым – далам жап-жарық. Бұл қалай деп тағы да таң қалдым. Қарасам, есіктің алдындағы сөкіде төрт жігіт отыр екен. Төртеуі де ақ халат киіп алған, қып-қызыл нарттай. Мен олардан қашып кете алмайтынымды ұқтым. Есігіміздің алдында үлкен бір арық болатын. Суы белуардан келетін бұл арықтан машина түгілі шынжыртабан трактор өтуі мімкін емес. Бір кезде осы арықты тікесінен көктей өтіп, есіктің алдына «жедел жәрдем» тоқтай қалмасы бар ма! Бұл жердегі таң қалысымда тіпті шек жоқ. Мені еріксіз маскүнемдерді емдейтін жерге апармақ екен ғой деп ойладым. Бірақ бұл ойымнан тез қайттым. «Жедел жәрдемнен» мойнына жүрек тыңдайтын сайманын іліп алған өте бір сұлу бойжеткен түсті. Ішімнен  «шамасы бұл пері болу керек» деп ойлап тұрмын. Әлгі бойжеткен келіп менің көйлегімді көтеріп, жүрегімді тыңдады ғой деймін, менің қытығым келгені сонша ішімнен булығып, күлкімді иықтарымның бүлкілімен тұншықтырып тұрдым. «Пері» болса да менің мына ретсіз де ебедейсіз  бүлкілдеуімнен қорыққан болу керек. Сұлу бойжеткен машинасына ылдым-жылдым міне бастады. Осы жерде менің жаман мінезім ұстап кетпей ме. Періден қорқам ба! Қайда қашпақшы? Мен машинаның есігінің тұтқасынан қос қолдап ұстадым да өзіме қарай қос қолдап тартып кеп қалдым... Көздерімнен от жарқ етті... Бір сәт не болғанын өзім де білмей қалдым. Қарасам – басыма мына бидон кептеліп қалыпты... Бар болғаны осы!». Міне, Иманбердінің әңгімесінің сиқы осындай.

     Маскүнемнің жағдайын білейін деп бәйбішесі де бала-шағасымен «перісайға» келген бетіндегі болып жатқан оқиға еді бұл. Шамасы Иманберді сүт ішемін деп аузына икемдеп, бидонды екі құлағынан өзіне қарай тартып қалғанда басы кіріп кеткен ғой деп топшыладық. Оның басына кептеліп қалған бидонды шығарудың қанша машақатқа түскенін айтпай-ақ қойдым. Осы араққа ерегіскен білем, бұрын адамдардың жеке басына, бастарын ыстық-суықтан қорғап отырған баспанасына зияны тие қоймаған перілер бірде Иманберді отырған үйдің шаңырағын қопарып кетті. Қыстың көзі қырауда әлгі әпербақанымыз бағып жүрген малын тастап, бала-шағасын шұбыртып ауылға қашып келді. Ол кісі түнді былай қойғанда, көздері шапыраштанып, күндіз де далаға шықпайтын дәрежеге жеткен екен. Не әсер еткенін кім білсін, сол Иманберді осыдан кейін арағын қойды.   

     Бір қызығы, бұл перілер өздерінің сұлу қыз, жезтырнақ, сөйлейтін мүйізді ешкі, теке т. с. с. кейіптерін тастап, көп жағдайда ауыл адамдарына да ұқсап кете беретіндігі еді... Содан барып ауыл адамдарының өздері де бір-біріне амандаса қалса – күдіктеніп, көздерімен бір-бірін түрткілеп тұрады. Әгәрәкім, ауылдан тыс жерде төбелерін көздері  шалса, онда, бұл адамдар бір-бірінен тұра қашады. Неге? Негесі сол екеуінің де көздеріне көршісі емес, көршісінен аумайтын пері көрінеді ғой, баяғы... Ал, содан келіп, неше түрлі аңыз туындайды. Тек оны тыңдайтын құлақ керек... Келесі айтушы ол қорқынышты әңгімені құлпыртады келіп... Сенсеңіз де , сенбесеңіз де, біздің ауыл осындай. Біздің ауылдың әйел баласы аталатындарының бәрі пері, еркеккіндіктілерінің бәрі жын... Әсіресе, ерте көктемде құтырады бұлар... Айтпақшы, ауылда бұл санатқа кірмейтін ек-ақ адам бар. Оның бірі неміс – Эмиль, екіншісі орыс – Петро. Екеуі де білдей тракторист. Бұлардың бойында өз ата-бабаларынан қалғаны – тек осы есімдері ғана. Ал, бала-шағаларының бәрі де қазақ болып кеткен. Әрине, өздерінің ана тілін, салт-дәстүрін білмейтін бұлар біз тыңдаған ертекті тыңдап өскен ғой. Ауыл тұрғындарына сол Эмиль мен Петро ғана миықтарынан күліп: «бізге сендердің пері, жын-шайтандарың әсер етпейді» деп отырар еді. Кейіннен ғой бұл екеуінің қалай қорыққанын көргеніміз...

     Сонымен, уақыт өтіп жатты.

     Ал, мен, тек шындығымды және болған оқиғаны айтам...

*     *     *

     Осы үлкендердің қозы-лақтың соңына, неге балаларды салып қоятынын, мен білмеймін. Мен өзім ес білгелі қозы-лақ бақтым. Ірі саулықтарға қарағанда бұлар жүрдек келеді. Лақтар ше, лақтар туыла салысымен гүл қуалайды. Ал, жетіп көр. Ауылдан ұзамаймын десең де, алты қыр асып  кеткеніңді байқамай қаласың. Әсіресе, көктемде біздің Ақиық ерекше жайнайтын. Егістік, егістіктің орнында тау-тау болып, былтырғы жиын – терімнен қалған аппақ-аппақ сабан үйінділері өз алдына. Ерте көктемдегі күндіз-түні жер өңдеп дарылдаған тракторлардың азан-қазан дауысы болмаса, бұл өлкедегі бөктерлердің өзі бір тамаша. Құдды қолдан өлшеп-сызып барып жазылған алып бір пейзаж секілді. Мысалы, мына қыратты «тоғызнар» немесе «тоғызөркеш» дейді. Санап көріңіз, қырат – шөгіп жатқан тұп-тура тоғыз өркешті нар секілді. Осындай ерте көктемде бұл өркештерде қозы-лақпен араласып, көздің жауын алатын қызғалдақ дегеніңіз өреді... Оны айтуға тіл жоқ. Бір өркеште кілең қып-қызыл, екінші өркеште кілең сап-сары қызғалдақ, осылай кете береді. Мен білсем, перілер де тұрақтауға осындай әсем жерді таңдаса керек. Олар бұрын Қызылсеңгірді жайласа - Ақиық назарларына ілінбей жүрген де... Енді, перілер көшіп келіпті деп, мен осындай жерге келмеуім керек пе, тірі адамдар қызықтайтын, ләззат алатын көріністі, мен қалайша қай-қайдағы перілерге бере қояды екенмін. Оның үстіне күнде бір құшақ қызғалдақты сарғалдақ араластырып құшағына сиғанша жинап, көрші атаның қызы Ұлданға апарып беретін кім екен. Ұлдан перілердің қыздарынан да әйдік...

*     *     *

     «Тоғызөркештің» биіктеу бір тұсында, кәдімгі үлкен кісілерше жантайып жатқам. Көккілемнің үстіне шашып тастаған ханталапай асық секілді қозы-лақтарым көлеңке көлбей бастаған етек жақта жайылып жатыр. Ертерек туылған ересектері ауылға қарай ыңғайлана бастапты. Бұл – күн ұясына  қарай бет бұрды деген сөз. Мен де соңдарынан ілесейін деп орнымнан тұрғам. Алыстан бір жеңіл машина келе жатқанын байқадым. Олар да мені көрді ғой деймін. Бұрылып маған қарай келді.

Балақай, қозы-лақтарың аман ба? – деп, машинадан сап-сары толқынды шашы бар әдемі бір келіншек /мүмкін бойжеткен қыз/ түсті. -  Ауылдарың, жайлауларың әсем екен. Мына қызғалдақтардың бәрі өзіңдікі ме? Атың кім?

Бәрі менікі! Атым – Можан /мені кішкентай кезімде осылай атайтын/.

Жарайсың балақай! – Мен қоқиланып қалдым.

Қарындас, осы жерде қалсаңыз да болғандай екен. Мен кете берсем бола ма? Бұл – жүргізушінің сөзі еді.

Жарайды, аға, таңертең кешікпеңіз, - деген жауабын есіткен жүргізуші, келіншектің жолсөмкесін, тағы біраз қағаз қораптарды түсірді де,   машинасына отырды.

Кел, екеуміз аздап шайланып алайық, саған кездескенім қандай жақсы болды, - деген ұсыныс түскен соң әдемі келіншектің қасына мен де жайғасқам. Расын айтайын, мен мұндай тәтті тоқашты, термостан құйылған дәмді шайды бұрын көрген емеспін. Кәмпиттерін айтсай...

     Қозы-лақтарым алыстап, менің тықырши бастағанымды әдемі келіншек сезді ғой деймін.

Можан, ауылдарың алыста ма? Мені көрдім деп ешкімге айтпа. Мүмкіндігің болса, таңертең ерте келесің бе? Маған сенің жәрдемің керек еді.  Мен осында боламын! Анау үйілген сабан жақта. Осыған уәде етесің ғой, - деді.

Жарайды, уәде!

     Мен ауылды бетке алған қозы-лақтарымның соңынан кеттім. Ойыма ештеңе де келген жоқ. Тіпті бұл келіншек мұнда не істеп жүр, пері мен жын-шайтан жайлаған жерде жалғыз өзі түнде қалай түнемекші деген ой да басыма келмепті. Бар ойым – қалай болғанда да таңертең ерте келіп сап-сары толқынды шашты әдемі келіншекке қол ұшымды берейін дедім. Бірақ ол қандай жұмыс – оны да сұрамаппын.

     Таңның атуын күтіп, түнімен тықыршыдым. Маған «әлі ерте» деп ұрысқандарға да қарағам жоқ, қозы-лақтарымды алдыма салып алып елең-алаңда «тоғызөркешке» қарай бет алдым. Ауылдан сәл ұзаған соң қозы-лақтарымнан озып та кеттім. Олар өздері  келеді. Әдемі келіншек үйілген сабантаудың біреуіне жайғасқан екен. Маған оны тауып алу қиынға түскен жоқ.

Можан, жақсы келдің. Өзің ересектерше ерте тұрады екенсің. Кел. Енді екеуміз біраз жұмыс істеп тастайық, - деді, маған әдемі келіншек.

     Мен жан – жағыма қарадым. Қандай жұмыс деп ойладым. Сөйтсем, әдемі келіншек қызғалдақ – сарғалдақтарды терейік деп тұр екен. Біз қызғалдақтардың сабағын да бүлдірмей бүгін-ертең ашылады-ау дегендерінен тердік. Әдемі келіншектің ұқыптылығы маған өте ұнады. Тұнып тұрған қызғалдақтардан бес-алты қорап қана жинау түк те уақыт алған жоқ. Оның үстіне кешегі кеткен көлік келіп қалды.

Можан, мен екі-үш күннен соң тағы да келемін, әзірше сау бол деп әдемі келіншек көлікке отырды. Кездескенше!

Сау болыңыз!

     Айтқанындай-ақ, әдемі келіншек бұдан соң да төрт-бес рет келіп қызғалдақ алып кетті. Мен оған жәрдем бердім. Кейіннен білдім, әдемі келіншек бұл қызғалдақтарды Қарағанды, Павлодар қалаларына апарып сатады екен. Әлгі такси ұшаққа дәл мерзімінде жеткізеді. Мейлі, бұл дегеніңіз адал еңбек!

     Соңғы келгенінде сол әдемі келіншек қызғалдақтарының қалақшалары  жұпыныланып сирей бастаған жасыл даланы көрсетіп тұрып: «Можан, келесі жылға дейін сау болып тұр» деп қоштасқанда, шыны керек, мен қатты өкіндім. Әлі бала болсам да жүрегім кеудемнен шығып бара жатқандай сезімде қалдым.

     Неге қызғалдақтар жылонекі ай гүлдеп тұра бермейді екен?..

     Арада бір жыл өтті.

*     *      *

     Биылғы көктем де әдеттегідей біздің Ақиық үшін ерекше көркімен келді. Менің қырдағы қызғалдақ-сарғалдақтарым билеп тұр. Қой қоздап қорадан шу шықпаса ауылдың сәні бола ма? Егістікке қарай жөңкіле көшкен дарылдаған трактор, беткейден төменге қарай зырылдаған аққұйрық бұраңбел бұлақтарсыз жайлаудың мәні бола ма? Біздің аядай ауыл үшін бұл талаптардың бәрі орындалған шақ. Біз мұндай табиғаттың нағыз көркем шағында мектепке бармаймыз, сақпанға шығамыз. Өзімізге етене қозы-лақтарымызбен сайран саламыз. Бұл дегеніңіз рахат!

Бірде ауылға ат басын тіреген Анарбай пошташы:

Биыл перілер көбірек балалаған білем... – деп, бастады әңгімесін. – Абай болмасаңдар қиын-ау...

     Біздің құлағымыз елең ете қалды. Айтыңызшы деп қиылдық.

     Анарбай пошташы алдымен қорқып қалмауымызды ескертті де, әңгімесін бастады:

     «Перісайдың» көшпенді перілері Мұзбелдегі жайлауға да жайласа бастапты. Мен өзім көрдім олардың бір-екеуін. Қолдарында шелек, пе себет пе, бірдеме бар ғой деймін, әйтеуір, қызғалдақ өскен қырқаларда жайылып жүр... Негізі перілер қызылды-жасылды, жалтыраған нәрселерді жақсы көреді. Бірақ, мен олардың қолындағы шелек пен себетке түсінбедім. Ол аймақта су, құдық  деген атымен жоқ. «Жолықтыңыз ба, перілерге. Ұстап алмадыңыз ба! Деген сұрақтарды жаудырамыз ғой енді пошташыға». Жоқ, мен өзім жолыққан емеспін оларға. Қорықтым. Маған тыныштық керек. Дегенмен, жолыққандар бар. Бұл пері дегендерің ауылға да кіре бастады. Мұзбелдегі Пәтима апа бар ғой, сол кісі көрген. Пәтима апа кештетіп өрістен қайтқан малдың алдынан шықпай ма... Қараса сиырлардың соңында шаштары дудырап кеткен /біздің ауылдардың әйелдері, қыздары жалаңбас жүруді білмейді/, ірк-ірк еткен семіз бір пері келе жатыр дейді. «Сен кімсің, а...» депті ғой, Пәтима апа сасқанынан. Сөйтсе, әлгі семіз пері Пәтима апаның үрпиген түріне көздерін сығырайтып біраз қарап тұрыпты да, ұрттары салп-салп етіп құдды сауысқан секілді шықылықтап келіп күлмей ме... Пәтима апа есінен танып қалған. Тұрса – пері ізім-қайым болған екен... Бұл да түк емес. Сол ауылдағы Науан соқыр түнгі қой күзетінен елең-алаңда ауылға қарай келе жатпай ма?.. Өзі ұйқылы-ояу болса керек. Ауылға кіре берістегі сайға жақындағанда астындағы аты осқырынып аяғын баспай қойыпты. Қамшыласа – кері шегінеді дейді. Ит- құс жүр ме екен деген оймен Науан соқыр жан-жағын бақылапты. Қараса сайдың дәл ортасында үстінде қып-қызыл киімі бар, қып-қызыл сабалақ шашты бір құбыжық /пері/ отыр екен. Таң атып қалған сәт. Неден қорықсын. Науан әлгі сапалаққа жақындамай ма... Науан қасына келе бергенде қып-қызыл шашы селтең ете қалған әлгі пері орнынан қарғып тұрып  «сәлеметсіз бе...» депті, таза қазақшалап... Сұмдық-ай!.. Науан соқырдың аты жалт бұрылған, ерінен ауып қалған Науанның аяғы үзеңгіге ілініп кетіпті... Ол кісі содан бері ауруханада жатыр. Айтушылар: «перілер Науанды өлімші етіп сабап, аяғынан үзеңгіге іліп, атының құйрығынан бір-ақ тепкен... Періге жолап несі бар бұның...» дейді.

     Осы іспеттес әңгіме көп кешікпей біздің Ақиыққа да келетінін қайдан білейік.

*     *     *

      Осылайша шат-шадымен күй кешіп жатқан біздің ауылдың да шырқы бір-ақ сәтте бұзылды. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, түн ортасында ауылға тракторын борбайлатып келіп, жерге құлай кеткен Эмильді ешкім танымастай еді. Үрейден үрпиіп кеткен. Оның айтқан сөздеріне де алғашқыда түсінбедік. Бар болғаны қырға қарап қолдарын ербеңдетіп «пері-пері...» дей береді. Ауыл адамдары білген ем-домдарын жасап Эмильді тілге келтірді:

     -Жер айдап, енді бір айналымнан соң өзім де үйге қайтайын деп ойлағам. Үюлі сабанның жанынан өтіп бара жатыр едім, кенет сабан жақтан оқыс қимылдаған бірдемені көз қиығыммен шалып қалдым. Тұлабойым мұздап, денем дір-р ете қалды. Анықтаңқырап қарасам, әлгі бірдемем маған қарап селтиіп тұр. Ұсқынынан, ұйпалақ-ұйпалақ шашынан адам қорқады. Сасқалақтағанымнан тракторымды өшіріп те алдым. Сөйткенше болған жоқ, пері сабанның сыртын айналып кетті. Басқасын білмеймін...

     Ауыл адамдары оның сөзіне сенді. Жүріңдер барып көрейік деді біріне бірі. Сонымен ауылдың біраз «жүрек жұтқаны» екі тракторға мініп, Эмиль айтқан сабанға қарай бет алдық. Уақыт түнжарым. Мен өзім пері дегенді есіткенім болмаса, өмірімде көрген емеспін. Бұл маған бір жағынан қызық. Трактористер ол сабанды тез тапты. Алыстан түскен жарықтан сабан үйіндісінің үстінде бір тіршілік бар екендігі байқалып қалды. Тракторымыз кілт тоқтады. Екінші тракторымыз да қабатымызға келіп тоқтады. Бұл топтың ішінде орыс Петро да бар. Ол өзінің пері дегендерден қорықпайтынын дәлелдегісі келді-ау деймін, тракторымен ары-бері біраз ойқастады. Сонан соң қасымызға келді. Біз оншақты адамбыз, пері біреу-ақ. Және ол әзірге тым-тырыс /ұйықтап жатқан болу керек/. Көзімізді тіктей-тіктей біз сабанның үстіне төселген алашаны, оның үстінде бүк түсіп жатқан періні анық көре бастадық. Бұл перінің шашы да ұйпала-ұйпалақ сап-сары екен... Әзірше бізге ешқандай зиян жасаған ол жоқ. Біздің үрейдің өңешіне түсіп кетейін деп тұрғанымызды білмейді де... Жатыр... 

     Көзі көргенге адамның еті де үйрене бастайды білем. Біз командамызбен жайлап-жайлап үйме сабанға жақындай бастадық... он метр... бес метр... үш метр... бір метр... Дәл осы кезде, ұйықтап жатқан періміз шалт қимылмен басын көтеріп кеп қалсын... Трактордың жарығына шағылысқан көздерінен от шашырап, перінің сабалақ шаштары тікірейіп кеткенін мен де байқағам. Бір қарасам, ырс-ырс еткен басқалармен бірге зытып келеді екенмін... Кімнің қайда кеткенін кім білсін, бір кездері тоқтадық. Қарасам, қасымдағы - Петро. Сөйлеуге шамасы жоқ. Артымызға көз жүгіртсек екі трактордың жарығы жанып әлі сол орнында тұр. Басқалар қайда?.. Бір кезде «жүрек жұтқандар» бір-бірін түгелдей бастады. Мұндайда қатты дауыстап шақыруға да болмайды екен. Басқа перілер де келіп қалуы мүмкін ғой. Сондықтан жайлап ысқырып, сыбырласып-күбірлесіп жүріп жинағанымыз - менімен төрт-ақ адам болды. Басқалары бұл аймақтан із суытқан сияқты.

     «Перілерге тракторды тастап кетуге болмайды, түтіп тастар, қалай болғанда да амалдап алып кету керек». Осы сөзге бәріміз де тұрдық. Сонымен еңбектеп, жер бауырлап жүріп тракторымыздың қасына жақындадық. Сабан үстіндегі пері әлі орнында отырған сыңайлы. Ендігі бізге қалғаны – әлі оталып тұрған тракторға қарғып міну де зыту. Бірақ бұған әзірше ешкімнің шамасы келетін емес. Біз жайлап трактордың шынжыр табанына асылдық... Менің екі көзім сабан үстіндегі періде. Қандай болады екен деген ой да баяғы. Қайта-қайта үңілемін.  Ол да біз жаққа үңіліп отырған сияқты, қолын көзіне көлегейлеп алыпты. Бір кезде әлгі пері өткен жылғы өзім қызғалдақ теріскен сар-сары толқынды шашты әдемі келіншекке ұқсап кетті... Өз ойымнан өзім селк ете қалдым. Басымды трактордың есігіне оңдырмай соқтым – қаңғыр-құңғыр... Біздің жыланша жылжып тракторға жармасып жатқанымызды пері де осы кезде анық байқағын болу керек, түн пердесін жырта сақылдап келіп күлсін... Жаңғырығын-ай!.. Біз тым –тырақай болдық... Үрей деген шындығында өте жаман нәрсе екендігін мен осы жолы білдім. Үрей буған адам ештеңеге қарамайды екен... Әйтеуір зымырап келемін. Басқалардың қайда екендігімен ісім қанша!.. Үйге келіп төсегіме гүрс ете қалдым. Таң да атты...

     Таңертең ауыл адамдары түндегі не үдеріс екендігін сұрады. Біз көргенімізді айттық. Бұл жолы қыр жаққа қариялар бастаған трактористер барып тракторларын алып қайтты. Түндегі пері жоқ болып кетіпті. Тек қана ол жатқан сабанның орны ұйпа-тұйпа болып қалғандығы болмаса, басқа күдікті ештеңе де қалмапты.

     Сол күні ауыл қариялары жиналып, құранға мал жықты...

     Бір таңқаларлығы, көп ұзамай Эмиль мен Петроның отбасы бұл ауылдан көшіп кетті.

 

Қазақ тілінде жазылған