Адам қарады: 250 | Жарияланды:

МАҚҰЛЫҚ

                   Құрметті оқырман!  Осы әңгіме желісінде көрініс берген Қондыбай бейіті бұл күндері «Қондыбай әулие» атанған. Алыс-алыс елдерден, жақын-жақын жерлерден әулиеге келіп тәу етіп басына түнеушілер, деніне саулық тілеушілер бұл күндері өте көп. Бұл тұста: «әулие – несімен әулие?» деген заңды сұрақ туындары сөзсіз. Бұған жауап: бірінші, Қондыбай, кезінде қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен кісі болған. Кездейсоқ иығына найзаның ұшы тиіп, батыр осы жерде ОҚО, Бәйдібек ауданы, Қызбел /қазіргі Қызлкөпір/ елді мекенінде гангренадан көз жұмған деген сөз бар. Бөген өзенінің иініндегі Қондыбай бейітінің ескі сағанасының маңдайшасында кіші жүздің «рамадан» руының таңбасы бар болатын. Сағананы жаңғыртып салғандар ескермеген болу керек немесе ол таңбаны уақыт шайып  кеткен. Осыдан барып Қондыбайдың кім екендігі туралы дерек жойылған.

 

                Екіншіден: біздің бала кезімізде үлкендер: «Қондыбай бейіті жаққа барушы болмаңдар, онда жотасында жалы тікірейген айдаһар бар, бақсылар жүз жылға байлап тастаған, оятып жібересіңдер...» деп үрейлендіретін. Сөйте тұра сол айдаһар ауылдың қанша уақ малын, бұзау-тана секілді мүйізді қараларын да жеп қойды... тіпті адамдарға да тиісті, ол айдаһардан зорға қашып құтылған кісілерді өз көзімізбен көрдік. Әлгі үрейлі, жуан келтек секілді айдаһардың өзін де қозы-лақ бағып жүріп бірнеше рет көзіміз шалған. Осындай оқиғалар көбейіп кеткен соң ауыл зираты да басқа жаққа ауысқан еді.  Менің ойымша, шын мәнінде айдаһар деп жүргеніміз ірі крокодил-қолтырауын болатын. Жотасындағы да ешқандай жал емес, кәдімгі қолтырауынға тән төбесінен құйрығына дейін созылған қабыршақты қанатшалар еді, өзі әбден қартайған... жалғыз болатын. Қазақстанда қолтырауын секілді жыртқыш жануардың болмайтындығын білетіндер, бұл сөзімізді қалжың деп қалуы да мүмкін. Десек те бұған да жауап бар секілді, тірі туылатын қолтырауынның тұқымы бес-алты-ақ грамм тартатынын көп адам біле бермейді. Және, осыдан небәрі жүз-ақ жыл бұрын, бастауын сонау Памир тауынан алатын, одан Өгем, Қазығұрт жоталарын жағалай келіп, соңы Қаратауға ұласатын ну қамысты, тоғайлы да шырайлы өлке шекарасы осы тұстан өтетін. Аң тұмсығы батпайтын, шет-шегі батысында Отырар, Яссыға дейінгі осы нулы да дулы жазықтықта тұяқтыға жымын білдірмейтін жолбарыс өріп жүруші еді, дейтін көзкөрген қариялар. Біз жолбарыс көрмедік, дегенмен, қалың, биіктігі адам бойынан асатын ну қамысты тоғайды көрдік. Бұл ну-жынысты жергілікті адамдар орып-отап, өртеп құртып жібергенінің куәсіміз. Олай болса, ол жыртқыш-қолтырауынның құстың қанатына, бауырына жабысып келуі әбден мүмкін емес пе? Іргеміздегі үнді, қытай, ауған елдерінен ұшқан ірі құстар еш жерге қонбай-ақ Қазақстан жеріне жетеді... Ендеше бұл тақырып – үлкен әңгімеге өзек!

                                                                                                                                Автор                                                                                                                     

 

     Қазақ елі не көрмеді, жері не көрмеді, адамы не жемеді? Алыста қалған айтулы “Ақтабан шұбырынды”, ”Алқакөл сұламаны” , былай қойғанда, өзімізден бір-ақ буын өмір сүрген ата-бабаларымыздан құлан жортқан даламыздың тышқан екеш тышқаны, шыңғырып сарышұнағы, тарбаңдап тасбақасы қашқан жоқ па... Жалпы, аштықтың шегіне жеткен адамның көз жанарында күшті электр тогынан да өткір ұшпа энергия дабылы болады екен. 32-жылдардың алапат жұты, 37-ші жылдардың зобалаң зәбірі әкелеріміздің, аналарымыздың жанарларында өле-өлгенше “мен мұндалап” тұрған жоқ па... Жарықтықтар-ай, сыртқа сырын  білдірмеуші еді-ау. Не деген құдіретті      қасиет, не деген шыдам десеңізші!     Мен бұл әңгіменің тақырыбын  “Мақұлық”  деп атауды жөн көрдім. құдай өзі

кешірер. Менімен тұстас, осы оқиғаға куә болғандар менің жан дүниемді ұғар. Онсыз да уақыттың жебір-желінен жапа шеккендерді солай атапты деп сөге қоймас. Бәріне де себеп бар ғой...    Сонымен, көпшіліктен тағы да бір рет кешірім сұрап, басымды ие тұрып, болған оқиға арқауын әріден ширатайын.

          Сатай қарияның әңгімесінен:

     - Е, балалар, біздің халық әрі ержүрек,  әрі аңғал, сері,  қиындыққа төзімді халық қой. Осынша көлемді жерді иемденуіміздің өзі сол бір толағай қасиетіміздің, қанымыздың            қайсарлығының арқасы. Әттең, бүгінде халқымыз азайып кетті, қанымыздың қасиеті ыдырап, сұйылып барады, - деп бастайтын қарт әңгімесін.  - Ой, заман-ай...  

     - Неге, неге, ата, айтыңызшы? –деп біздер шу ете қалатынбыз. -Неге болушы еді, момын халықты моңғол келді  – қырды, қалмақ келді – қырды, жоңғар келді – қырды, ашаршылықтан қырылды, ал, кешегі 37-нің апаты елді тым жүдетіп кетті ғой. Әсіресе, өзіммен қатар өскен,  сол апаттың, кертартпа саясаттың салдары жұлып кеткен құрдастарымды,  туыстарымды қимаймын да...

      Ақсақал жанарын сулайтын,  селдір сақалынан тарм-тарам жас ағатын омырауына құлдилап...                                            

     - Мен олардың бәрі бірдей өлді дегенге ешқашанда сенбеймін. Оқтын-оқтын, ауыл маңынан бір елес көремін... Іштей күбірлеп құдайға тәубе етемін. Бірақ, менің бұл сөзім тістеріңнен шықпайтын болсын,  - деп бітіретін ол кісі өз сөзін, жан-жағына-алысқа көздерін тіктеп. – Уақыт келеді, бәрін де түсінесіңдер.

    Біз ол кісінің сөздерінен түк ұқпайтынбыз.

     Сонымен күндер өтіп жатты. 

       Елес пе, әлде...

Шілде. Түс әлеті болатын. Бұл кезде ауылдың естиярлары түгелдей дерлік ұйқыға кететін. Соны пайдаланған ауыл балалры бас қосып, іргедегі өзенге қарай суатқа құлаған ақбөкендердей жөңкілетінбіз. Менің бойым өзгелерден аласалау болған соң ба, үнемі  балалардың соңында қалып қоятынмын. Бұл жолы да солай болды. Балалардың алдыңғы легі өзенге қойып-қойып кеткен. Мен өзен жағасындағы биік жарқабақтан құлдыраңдап түскенім сол еді... кенет арт жағымнан ересек адамның өксігеніндей, күрсінгеніндей бір дыбысты құлағым шалып қалды. Қалт тоқтадым да, дереу артқа бұрылып қарадым.. .төбе шашым тік тұрды... Айқайласам дауысым шықпады, біразға дейін есеңгіреп қалдым. Әлден уақыттан кейін өзіме-өзім келіп, балалар жаққа қарай бақырып зыттым... Балалардың да үре-дүресі шықты. Ал, жарқабақтың астындағы көлеңкеде, сізге өтірік,  маған шын, адам ұғып болмастай бір мақұлық тұр еді... мақұлық бізге қол бұлғағандай болды. Біздер жапа-тармағай,  суға қақала-шашала өзеннің арғы жағына   қарай қаштық. Ендігі жерде ол жарқабақ жаққа қарауға ешкімнің шамасы келмеді. Өзеннен  әбден ұзап шыққан соң ғана жарқабақ жаққа көз жүгірттік. Мақұлық ғайып болған екен... Тек қана сол тұста, жарқабақтың кісі бойы жететіндей жерінде адам сыятындай  үңірейген бір тесіктің нобайы қараяды. Бұл үңгірді кім жасап жүр, қашан пайда болған, оны балалардың ешқайсысы да есіне түсіре алмады.

     Айналада тыныштық орнады. Жарқабаққа ұя салған түйе қарлығаш, құрқылтайлар да түк болмағандай ары-бері ұшып жүрді. Біз өзеннің басқа бір тұсынан өткел тауып ауылға қайттық. Өзіміз көрген оқиғаны Сатай қарияға айтпақ болып жүгіріп келеміз.  Бірақ ол кісі үйінде жоқ болып шықты да, болған оқиғаны басқа бір кісіге айттық. Ол кісі тез - тез киінді де, тағы да біраз естияр адамды қасына ертіп жарқабақты бетке алды. Соңдарынан балалар да еріп келеміз. Бұл жолы ешкім үрейленген жоқ. Жарқабақтағы әлгі тесік-үңгірді бұл үлкен кісілер де білмейтін болып шықты. Бәрі жабылып үңгірге сырық сүңгітті, ауыз жағын ары-бері балтамен шапқылады, ішіне түтін салды. Үңгірден ештеңе шықпады... Түк жоқ екен, түлкі ме, қарсақ па қазған ін болу керек деп үлкендер үйді-үйлеріне тарасты. Біз де қайттық. Бұл оқиғадан соң балалар өзеннің ол тұсына аяқ баспайтын болды. Өзім түнді былай қойғанда, күндіз далаға шықпайтын халге жеттім . Өйткені, ол мақұлықтың сұмдық сұлбасы, қоп-қою ,қап-қара түтін секілді тұрпаты, менің көз алдымда көлбеңдеді де тұрды. Көздері осы жерде-ау дейтін тұстан маған қарай жіпше созылып тұрған жіп-жіңішке әппақ бір жарықты да байқап қалғам...

     Осы оқиғадан соң ауылда ұры-қары көбейіп кетті. Бір үйдің тауығы, бір үйдің бақанға іліп қойған еті, бір үйдің ыдыс-аяғы секілді ұсақ-түйектер қолды болды. Бір таңқаларлығы түн баласы шабаланып жатпайтын иттердің де, ілуде бір-екі дауыс шығарғаны болмаса, осы оқиғадан соң жақтары қарысып қалғандай үндері өшіп қалғандығы еді. Үлкендер жағының әбден бастары қатты. Бірақ ұстап аларлықтай күдікті ештеңе табылмады. Мұндай «шебер» ұрыға ауыл адамдары қайран қалды, иықтарын қушитқаннан басқа ештеңе жасай алмады.

      - Мұнда бір гәп бар, - деді, Сатай қария. – Түбі жақсылық болғай!?.

             Сәтжан неден қорықты

     Құптан уақтысы бітіп, ел ұйқыға бас қойып  қалған шақ еді. Кенет біздің үйдің есігі қатты ұрғыланды. Абыржыған адам дауысы естілді.

Есікті ашсақ, көршіміздің қызы Ұлбосын екен. Жүзінде үрей: “Сәтжан, Сәтжан...”  деуге ғана шамасы келеді. Қолымен үй жағын нұсқады да, өзі солай қарай жүгіріп кетті. Соңын ала біз де жеттік үйлеріне. Басқа көршілер де жиналып қалыпты. Үлкендер Сәтжанның үстіне үйіріліп, аузына қасық салып абыржып жатыр екен. Білгеніміз – Сәтжанның тілі көмейіне тығылып, жағы қарысып қалыпты. Бір кезде қалбалақтап ауылдың молдасы да жетті. Сәтжанды үшкірді, құрым киізбен қақты. Бәрібір Сәтжан түнде тілге келе алмады, оған не болғанын біз де біле алмадық. Болған оқиғаны ол ертеңіне ғана айтты.

                 Сәтжанның әңгімесі:

     Күшігім бір-екі рет үрді де, қыңсылап бары  үні өшті... Үйдегілер жатып қалған болатын. Күшігімнің қарны ашып жатыр екен деп ойладым да далаға шықтым. Мен қасына барсам арсалаңдап мойныма асыла кететін күшігім, бұл жолы олай етпеді. Құйрығын жымырып үйшігінің түкпіріне қарай жасқаншақтап тығыла береді. Қолымды үйшіктің ішіне қарай тығып жібердім де, күшігімді сыртқа суырып алдым. Күшігімді құшақтап артыма қарай бұрыла бергенім сол еді, жүрегім тас төбеме шықты... Менің алдымда ешкім сипаттап болмастай бір құбыжық тұр еді... Екі бұты ескі сексеуілдің бұтақтарындай сыйдыйған сұмдықтың төбесінен төмен қарай салбыраған бода-бода шашы екі иығын жауып барып, беліне дейін түскен екен. Бет-ауызы түктен көрінбейді, сол бытысқан түктің ортасынан жылтыраған шүңірек екі көзден ұшқан ұшқын  менің өңменімді  тесіп барады... ”Апа...” деп айқайлағанымды ғана еміс-еміс білемін, одан арғысы есімде жоқ.

     Сәтжанның бұл әңгімесінен біздің төбе құйқамыз шымырлап кетті. “Бісміллә-ні” қайталап жатырмыз. Бұл оқиғадан кейін біз Сәтжанға күдікпен қарап жүрдік. Қасына жақындауға қорқамыз...    

   

               Арын шалдың айқайы

 

     Уақыт күзге таяп қалған. Жаздайғы үрейімізді ұмытыңқырап, ауыл балалары үйден ұзаңқырап ойнауға да үйренгенбіз. Жарқабақтағы баяғы үңгір де бұл күндері әбден бүлініп, түбі көрініп жатыр. Ол жерде тек қана ескі бір алашаның бөлшектері топыраққа иленіп жатқандығы байқалады. Тағы да бір сынған ыдыс - табақтар... Біз қазір бұл көріністен қорықпаймыз. Себебі, мұнда  ешқандай бір тіршілік иесінің иісі білінбейді. Әйтеуір, бұл үңгірде аң тұрақтамағаны белгілі. Тек қана ауыл малын кезекпен бағып келетіндер, алыстағы Қондыбай бейіті жақтан әлдебір елестерді: өзеннен шыққан су перісі, жалы жауырынын жапқан айдаһар, шашы қобыраған шайтан секілді бірдеңелерді көргендігін, олар қуып,  бұлар қашқандығын айтады... Бірақ,  бұл сөздерге ешкім сенбейді. Балалар жағы да ондай әңгімені есітуге құлықты емес. Және ол бейіт ауылдан алыс, ол жаққа барып ойнамаймыз.

     Бүгін мал бағу кезегі Арын шалдікі. Қондыбай бейіті жақта жалғыз сол кісі бар. Тіктеп қараған адамға бейіт жақта мал бағып жүрген Арын шал көрінетін, уақ малдар да байқалатын.                                                 

     Кенет... кенет бейіт жақтан үрейлі   адамның, беймәлім бір аңның дауысына ұқсаған айқайы шықты. Орындарымыздан үдере-үдере тұрдық. Бейіт жаққа қарасақ Арын шал көк есегін борбайлатып ұрып келеді екен. Әлгі дауыс сол шалдың дауысы екен.

           

                                    Мақұлықтың өлігі

 

О, жаратқан! О, заман-ай! – деп Сатай қария күңірене күрсінді.

Ендігі жерде ауыл тайлы-тұяғымен Қондыбай бейітін бетке алдық.  Арын шал алдымызда. Бейітке жақындаған соң  «қоршаңдар»  деген бұйрық түсті       үлкендерден. Естиярлар тез-тез озып кетті де бейітті қоршауға алды. Сүзіп келеміз...Арын шал айтқан межеге жете бергенімде, қарсы алдымда жатқан. Баяғы жарқабақтан көрген “мақұлыққа”  сүрініп  қала жаздадым. Аяқтарымның сіңірі  тартылып құлап түстім. “Мақұлық” етпетінен жатыр екен. Өліп қалыпты. Көпшілік болған соң қорқа ма, өлікті ары-бері аударып көріп біреу: “маймылдың бір түрі” деді, біреу: “бейіттен тіріліп шыққан әруақ” деді, біреу: өліктің көкаяз денесіне, сидаң-сүйек сирақтарына, шүңірейген көздеріне, жайылып жатқан киіздей шашына қарап: “албасты деген осы!”  деді. Бірақ, ешкім тұжырымды ештеңе айта алмады. Тек қана екі қолын екі жаққа жайып жіберген Сатай қарт:

О, сорлы, бұл менің баяғыда айдалып кеткен туысым Мырзаш қой, -  деп, өліктің үстіне өкіре құлады...

 

Міне, мұндай оқиғалар біздің бала кезімізде әр ауылдан-ақ төбе көрсетуші   еді. Сталин заңының қаталдығы сондай, адамдар, керек болса ет-жақын туыстар да бір-біріне сыр аша алмайтын. Бұл оқиға Сталин өліп, әлдеқашан сүйегі қурап кеткен кезде-ақ болған. Айдалып кеткен мұңлықтарды “Сталин өлген” деген сөз де үрейден ажырата алмады-ау. Жылдар бойы осы оқиғадағыдай күй кешті-ау. Адам баласы қай кезде де өзінің туған топырағына келіп көз жұмуды аңсайды емес пе? Туған топырақтың құндылығы осы емес пе! Тек қана, ендігі жерде ешкім мұндай қатал заң ұйымдастырмаса екен. Нәубеттің аты өшсін!      

                                                                                                                                                                             

                                               “Тозақта” өткен бір түн

    Демалыстамын. Ыстықкөлге бірінші рет келуім. Таулы жердің ауасы маған бұрыннан ұнайды. Мұнда да сондай тамаша. Дегенмен, қанша су кешіп жүріп, мен, Ыстықкөлдің суындай мөлдір су көрмеппін. Ермегім ертелі-кеш осы суға түсу. Ал, кеше, енді суға түспеймін деп ант-су іштім. Неге дейсіздер ғой?! Оқиға былай болған еді:

    Мен өзім де су жағасында өскем. Ауылымыздың іргесінде үлкен өзен бар болатын. Суға жүзуді бір адамдай меңгергем. Биіктігі он – он бес метр келетін жарқабақтан суға секірудің шеберімін десем де болады. сондықтан судан қорықпаймын...

    Жарқабақтан Ыстықкөлдің түбі қап-қара өзі көгілдір шыныдай мөлдір суына секірейін деп тұр едім, қырғыздың ақ сазандай екі қызы келіп теңізге қойып-қойып кетсін... соңдарын ала мен де қарғығам. Тереңірек сүңгіп қыздардың алдынан шығайын деп ойлағам. Солай еттім де. Жан-жағыма қарасам, қыздар жоқ... Ыстықкөлдің беті толқынданып жатыр. Толқын мені кезекті рет жоғары көтергенде барып байқадым, қыздар теңіз ортасына қарай жүзіп барады екен. Су бетінен бастары ғана қылтияды. Екеуі маған қол бұлғағандай болды. Жігіт емеспін бе, екі қыздың соңынан құлаш ұрып жүзіп кеттім. Әлі келе жатырмын, әлі келе жатырмын, қыздардың жеткізетін түрі жоқ. Керісінше арамыз ұзап барады. Мен қорқайын дедім. Шаршап та қалдым. Қарасам, менің суға секіретін жарқабағым – көздің ұшында қалыпты. Үрейленгенім сонша, көзім қарауытып кетті, кері қайттым. Бірақ жағалау тіпті ұзақ еді...

     Есімді жисам, жағадағы құмдаққа кеудем ғана ілініп етбетімнен құлаған екенмін. Әлде, мені біреу әкеліп тастады ма, ол жағы есімде жоқ. Тірі қалғаныма шүкіршілік еттім. Осылай меңірейіп отырғанымда қасыма сылқ-сылқ күліп екі қыз да келді. Олардың әңгімелерінен байқағаным, бұл екеуі суға жүзу спортының шеберлері екен. Өзенде жүзу мен теңізде жүзудің не екенін мен білмеген екенмін. Менің суға жүзуді білетінім, бұлардың қасында түк те болмай қалды. Төмен қарап отырып өзіме өзім енді суға түспеймін деп уәде бердім. Әлін білмеген – әлек деген осы шығар тегі.

    Содан... бұл әңгімені бөлмелесім Сергейге айттым. Жарамаған екен деді ол, қыздардан ұят болыпты. Енді суға түспеймін дегеніңе қосыламын. Онан да менімен бірге жүгірмейсің бе деді  /өзі ертелі-кеш жүгіретін де жүретін/. Мен оның сөзіне келістім. Сонымен екеуміз бірге жүгіретін болдық. Ол маған спорттың бұл түрінің қыр-сырын үйрететін болды. Күніне жиырма шақырым түк те емес деді. Жарайды.    Таңертең он шақырымдай жүгірдік. Маған ұнады. Шаршаған жоқпын. Керісінше, ширап қалған сияқтымын. Сол күні аспанның түбі түсіп кеткендей, кешке дейін жаңбыр жауды. Жаздың жаңбыры да рахат. Менің шабыс тілеген құр аттай болып тұрған түрімді байқады-ау деймін. Сергей екеуміз кешке тағы да жүгіруге шықтық. Шолпанатаның сыртына шығысымен-ақ батпаққа түстік. Батпақтарды айналып жер теріп жүгіреміз деп жүріп адасып кеттік-ау деймін, қала көрінбей кетті.

– Қайтайық, - дедім, Сергейге.

– Болмайды,- деді, ол, - межелі жиырма шақырымды орындай алмай қаламыз.

    Біз жүгіріп келеміз. Сергей қарғыған жерден мен де қарғимын. Шындығында мен одан қалыспадым. Кәдімгі тау текелеріндей-ақ, орғып-орғып кетеміз. Құлап қайта тұрамыз. Үсті-басымыз адам көрместей батпақ болды. Қараңғылық қоюланып кетті. Мен Сергейдің сәл алдында келе жатқам. Кенет алдымыздағы ордың терең екенін байқап қалдым. Ор әрқайсысы адам бойындай келетін үш текпішекті екен. Мен өзім секіріп түскен бірінші текпішекте сырғып барып зорға дегенде тоқтадым. Ал, Сергей болса сол үш текпішектен бір-ақ қарғыды. Менің төбемнен асып барып, ордың етегіне былш ете қалған... Біз түскен ордың арғы беті де осындай екен. Арақашықтық елу-алпыс метрдей болғанымен, біз оны байқадық. Ар жақтан сұлбасы әскери біреу қараңдады. Менің байқағаным, арғы беттегі жарқабақтың түбінде иттің үйшігіне ұқсас бір үңгір қарауытады.  Сірә, бірдемеден сезіктенді-ау деймін, аяғын жылдам-жылдам басып үңгірге тағы бір әскери адам келді. Үңгірдің ішіне үңіліп, сонан соң қолымен біз жақты нұсқады да, өзі кетіп қалды. Үңгірге тіктеп назар аударсам, екі көзінің әрқайсысы алақандай алып бір хайуан сыртқа шығып келеді екен. Көздері қап-қараңғы түнде кәдімгідей-ақ жанып тұр. Мен қатты қорықтым. Шекаралық әскери белдеудің бөтен адам кіруге тиым салынған алаңқайына түсіп кеткенімізді білдім. Ұсқынына қарағанда ана хайуан адам жейді... Бізде қару жоқ. Тіпті итке /егер ол ит болса/ тойтарыс беретіндей келтек те, жерде тас та жоқ. Айналамыз түгел ми батпақ, айдап қопсытып тасталған жер. Үңгірден шыққан хайуан бізге қарай тұра ұмтылды. Дауысы сойқан. Арыстанның күркірегенін көргенім бар еді, алайда мына дауыс... Әлгінде, артымдағы кісі бойындай келетін, батпақпен майлап тастағандай  жарқабақтан кері қарай қалай шығамын деп ойлап тұрған едім. Үрейде де бір тылсым бар ма, болмаса әлгі хайуанның дауысының екпінінен бе, ол жағын білмеймін, мені бір беймәлім күш жарқабақтың үстіне қарай лақтырып жіберді. Бұл қимылды қандай құдіретті күш жасады, мені жоғары қарай кім лақтырды, ол жағы маған әлі күнге дейін жұмбақ. Сергей артымда, ордың табанында қалды. Жарқабақтың үстіне шығу үшін оған кісі бойындай үш текпішектен қарғу керек. Бұл мүмкін емес. Не істеу керек? Үміттің жібі нақты үзілген жер осы болды. Отыра қалып жылап жібердім. Орға қарай қайта секіргім келді. Бірақ, ана беймәлім хайуанға қарусыз қанша адам болса шамасы келмейтінін сездім. Дауысы түнді тітіреткен хайуан Сергейді бір-ақ қылғыр, сонан соң мені... деген сұмдық ой санамды шарпып өтті. Не де болса бұл жерден құриын деген мақсатпен, кейін қарай  құстай ұштым... Табанымды тілген тасқа да, жолда жатқан томар, сотаға да қараған жоқпын.  Жерге табаным тисе жүгірдім, сүрініп құласам – далбасалап еңбектедім, әйтеуір домалай бердім. Бір кезде Сергейдің айқайлаған дауысын есітіп қалт тоқтадым. Мен адамның дауысы да мұндай зор болатындығын білмеппін. Сергейдің барылдаған дауысы әлгі хайуанның дауысын басып та кеткен сияқты... Өзі күтпеген мұндай айбатты дауыстан хайуан да сасып қалды-ау деймін /менің топшылауым/, айналам бір сәтке тып-тыныш болып қалған сияқтанды. Бұл тыныштық қаншаға созылды – ол жағы маған мәлімсіз. Бір кезде артымдағы ор жақтан сылп-сылп еткен дауыс естілді де қатыр-құтыр ете қалды, тағы да сылп-сылп... құлағыма анық естіліп тұр. Менің төбе шашым тік тұрды. Санама « Сергейді әлгі хайуан жеп жатыр, қатырлаған сүйектері шығар» деген ой сап ете қалды. Сұмдық-ай! Тағы да тұра қаштым. Өзім қашып келемін, өзім ойланып келемін. Ой деген шіркін өліп бара жатсаң да соңыңнан қалмайды ғой деймін. «Ұят болды-ау» дейді бір ойым. «Жолдасын жауға тастап кете ме екен!» дейді екінші ойым. «Өзің аман қалсаң болды емес пе» дейді үшінші бір сайқал ой. Мен қашып келемін. Қанша жер жүрдім, қанша жүргірдім, уақыт қанша  болды – бәрін ұмытқам. Жеңіл күртешем бар еді, бір бұта іліп алып қалды, бұтымдағы жұқа спорт шалбарының екі балағы екі жерде тасқа ілініп ол қалған. Оларға қарайлауға менде мұрша болды ма? Ең тәтті нәрсе – адамның жаны екен ғой, шіркін. Бір кезде алдымнан, үйдің мұржасы, соңынан өзі көрінді. Терезесінде жарық бар екен. Қуанғанымнан алқымыма өксік тығылған. Өйткені бұл үйде адам бар ғой. Айналайын,  адам-ай!.. Өлмес үмітімді көктеттің-ау. Ептеп есім жиылды. Ендігі жерде, көзге көрініп тұрған сол жарығы бар терезеге жетудің қанша мұң болғанын, менің орныма өзін қойып көргендер түсінер. Айналдырған бес-алты қадам жер. Ал, азабы... азабын айтудың өзі соншалықты қиын терезеге ақыры жеттім-ау. Мен ол түндегі өз ұсқынымның қандай екенін қайдан білейін. Терезе жақтауын қолыммен тырмалап жүріп, зорға дегенде орнымнан тұрдым. Қолыммен /мүмкін саусағыммен/ терезені тықылдата бергенім сол еді, терезенің арғы бетіндегі әйел мені көріп шыңғырсын келіп... Әйелдің ар жағынан біреу қорбаң ете қалды. Күйеуі болу керек, тіке есікке ұмтылды. Ашулы адам қимылынан белгілі. Әбден діңкелеп шаршаған, терезеге қолын зорға жеткізген өзіме қуат қайдан келгенін білмеймін, тағы да тұра қаштым. Өйткені үйден шығатын дүлеймен тілге келу мүмкін еместігін, мен, түйсігіммен сездім. Солай болды да. Артымнан тарс етіп есік ашылды, жалт қарағанымда гүрс етіп мылтық атылды. Менің басыма үлкен бір жартас немесе үлкен бір қара қазан /шындығы осы/ құлағандай болды...  Есімді тез жидым ғой деймін, батпаққа құлаған екенмін. Шекемнен жылымшы бірдеме ағады. Оған қарауға мұрша жоқ. Беталбаты тағы да зыттым. Бұл жолы соңыма бір емес, бірнеше ит түсті. Бұлардың Сергейді жеп қойғандай хайуан емес, кәдімгі ит екендігін білген соң, жүгіріп келе жатып-ақ, ішім жылып жылағым келгендігінің несін айтайын. Біраз шабаланған соң ол иттер қалып кетті. Үйлерінен ұзағылары келмеген шығар, соңыма түскен жоқ. Мен сүрініп-қабынып зыта бердім. Жаздың түні де мұндай ұзақ болар ма?..

   Айналам меңіреу қараңғылық. Әбден сілем қатып шаршадым. Өзім сүрініп құлаған бір жалпақтау тастың үстіне жата кеткем. Ендігі жерде мені хайуан ба, ит пе, мейлі, жылан ба, тышқан ба, тірідей жей берулеріне болатын еді, түк те қарсылығым жоқ...

    Көзім ілініп кетті-ау деймін, ол жағын анық білмеймін. Сықыр еткеннен секем алып оянып кеттім. Міне, ғажап! Дәл алдымда тікұшақ тұр! Сасып та қалдым, қашып кетуге де оқталдым. Түс көріп жатқан шығармын деп, өзімді өзім тексеріп көрдім: ернімді тістеп едім – қан сау ете қалды, қолыммен басымды тоқпақтап көрдім – көздерімнен от шықты. Демек, ояумын. Байқауымша тікұшақ ұшуға дайын секілді. Өйткені қолында бір буда қағазы бар адам /ұшқыш болу керек/, қолындағы қағазды жарыққа тосып, белгі соғып жатыр екен. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Мен өзімнің дап-дала болған сиқыма қараған жоқпын, әлгі адамға жетіп бардым. Ол кісі маған тосырқап ұза-ақ қарады. Менің орысша-қазақша айтқанымды тыңдады, жағдайымды білді. Әскери тікұшақтың Шолпанатаға баратынын, ол қаланың бұл жерден елу шақырым екендігін айтты. Мен екі қолыммен басымды ұстап отыра кеттім. Елу шақырым!.. Әлгі ұшқыш «медбике!» деп айқайлады. Сөйтсем, менің басымнан әлі былжырап қан ағып тұр екен. Үсті-басымды мен енді байқадым. Басымнан аяғыма дейін қып-қызыл, самайларымдағы қан батпақпен араласып ұйып, қатып қалыпты... Бағанағы әйелдің неге сонша үрейленгені енді белгілі болды. Атылған мылтықтан басыма ешқандай қара қазан емес, кәдімгі оқ тиген екен /бытыра болу керек/. Медбике басымды тазалап, тез таңып берді.

    Дәл осы кезде алыстан бір машинаның гүрілі естілді, құйын-перен ұрып келеді. Үсті ашық әскери машина екен. Тұсымыздан зу етіп өте шықты. Мен машинаны кім жүргізіп бара жатқанын көріп тілімді тістеппін де қалыппын. Бұл -  Сергей еді. Артынан айғайласам – дауысым шықпады. Машина кетіп қалды. Пендешілікте шек жоқ екен ғой. Әзілдеп айтса да, ұшқыштың: «барған соң үш жүз сом бересің» деген сөзіне елу сом берейін деппін. Менікі шындық еді. Ұшқыш күлді. Сонымен тікұшаққа отырдым. Мені ұйқы жауыз тез құшағына ала қойды /бұрыннан сондаймын/.

    Кенеттен тікұшақтың іші у-шу болды да қалды. Не боп қалғанын білейін десем, көзімді аша алсамшы. Тікұшақ дегбірі қалмай дір-дір етіп, бір орында шыр айналып тұр екен. Ішіндегі оншақты адам /бәрі де әскерилер/ опыр-топыр. Ию-қию дүрлігістен біреуді біреу ұғып болмайды. Адамдар тікұшақтың есігін ашу үшін бірін-бірі тепкілеп, езіп- жаншып барады. Аңғарғаным, тікұшақтың құйрығы таудың бір жартасына тиіп кеткен екен. Құйрықсыз тікұшақ шыр айналмағанда неғылсын... Ой, алла-ай! Тағы нені көрмей қалып едім?!.

    Тікұшақтың есігі де ашылды-ау... адамдар бірінен соң бірі жерге қарай домалап барады. Шыр айналған тікұшақ жерден  қанша биіктікте тұр, онымен  ешкімнің ісі жоқ. Олардың соңдарын ала мен де, екі көзімді тарс жұмып астымдағы қараңғы түнекке қарай  сүңгідім де кеттім. Өртеніп өлгеннен, күл-талқан боп кетсе де бүтіндеу өлген жақсы шығар. Езіліп кетсе де сүйектерім, етім терімнің ішінде қалады ғой... Одан арғысы есімде жоқ.

    ...Жерге тарс ете қалдым да, бәрі жым-жырт болды. Неге былш немесе сылқ ете қалмадым деген ой басыма тез келді. Неге? Тарс еткені несі!.. Көзімді ашуға қорықтым. Байқаймын, оң жақ шекемнің ептеп тызылдағаны болмаса, басқа еш жерім ауырмайды, тыңайып та қалған сияқтымын. Несін жасырайын, өлген деген осы болса – бұл рахаттың рахаты екен  ғой. Сонда да болса, қайда екендігімді байқап көрейінші, мүмкін әлі тірі шығармын деген оймен саусағымды қимылдатып, жатқан жерімді тықылдатып көрдім. Еден секілді... осы тұста сықырлап сыртқы есік ашылған сияқтанды. Мен өзі ойға әбжілмін. Бірден білдім: бұл тозақтың есігі болу керек деп, өзімше әңкір-мүңкірмен кездесуге дайындық жасай бастадым...

 - Жатысыңа болайын, - деп, әлгі ашылған есіктен біреу кіріп келді. Қорыққанымнан /бәлкім қуанғанымнан/  көзімді ашып жіберіппін. Сергей!!!

    Мен өмірімде мұндай қуанған емеспін. Тіпті өзім ғашық болған қызыма үйленгенде де дәл осындай сезім менде болған емес.

- Кел, бас жазып алайық, төсектен құлайтын жас баласың ба, - деді, сонан соң Сергей досым. – Қазір, таңғы астан соң жүгіруге шығамыз. Бүгін жиырма бес шақырымға...

- Рахмет! Мен енді жүгірмеймін, дедім.

- Осындай денсаулықпен жүгірмейсің бе, өткенде сен менен озып кеттің. Өзің тауда өскенсің бе? Бүгін мен сол есемді қайтаруым керек, бір мүмкіндік берші, - деп Сергей жалынып-ақ қалды.

- Болмайды!

- Сен әлі есіңді жия алмай отырған секілдісің, дәрігерге апарайын ба? – деді, сосын, Сергей досым. Екінші күн ұйықтап жатқаныңды білесің бе? Кеше таңертең ерте сені іздейін деп қала іргесіне шыққам. Таудың етегінде құйрығы жоқ тікұшақ тұр екен. Биіктен құлады деуге  келмейді, жантайып қалыпты. Жанында абыр-сабыр болып  адамдар жүр. Тұстарынан өтіп бара жатып байқап қалдым, сен тікұшақтың жанында отыр екенсің... Кісі танитындай шамаң жоқ. Ұшқыштың сөзін тыңдасам тікұшақ кісі бойындай ғана биіктіктен жерге құлаған. Әлі әскери сарапшылар келе қоймапты. Сені танитынымды білген соң, тезірек алып кетуімді өтінді. Бәлеге қаламын деді. Ешкімге тіс жармауымды сұранды. Мен ұшқыштың айтқанын істедім. Бірақ, сен осы бөлмеге дейін өзің жүріп келдің, төсегіңе өзің жаттың. Әбден сілең қатып шаршаған екенсің. Тікұшаққа қалай, қайдан мініп жүрсің өзі?..

    Сергейдің сауалы жауапсыз қалды. Өзің қалай жеттің деп сұрауға да ұялдым. Ішім біліп тұр, оның да жағдайы жетісіп тұрмағаны ақиқат. Оның үстіне мен оны құбыжықтың аузына тастап кеттім емес пе... Өлім-ай!..

- Жоқ, рахмет, Сергей, мен, ауылға қайтамын!

    Құлаған жеріме қарасам, еденге бір тамшы қан жұғып қалыпты. Шап беріп басымды ұстай алдым. Қан... Шындығында басым қан...

    Сол күнннің ертесіне сөмкемді арқалап үйге оралдым. Мұндай демалысқа рахмет.

    О бастан-ақ, үйдегілер, бұрын болып көрмеген мұндай демалысқа баруыма қарсы болып еді.

Демалыстан ерте қайтқаның не, жүзің сынық қой, әлде, ауа райы жақпады ма? –деп, шу ете қалды үйдегілердің бәрі бірдей.

Сендерді сағындым! 

    Арада он төрт жыл өткенде, менің оң жақ шекемнің терісін жарып, астынан  бір дана бытыра өзі шықты. Кәдімгі бытыра...

    Адамның жаны сірі екен ғой!  

    Соңынан білгеніміздей Сергей екеуміз кездейсоқ  түсіп кететін шекара белдеуі бекетіндегі әлгі құбыжық – хайуан яктың бұқасы болып шықты. Бұл қызылкөз жануарлар қолға үйренбейді. Байлап қойса ызасы жаман болады екен. Ол хайуан сол өкірген күйінше келіп  салақұлаш мүйізімен Сергейді аспанға лақтырған ғой. Абырой болғанда Сергей мүйіздің екпінімен адам бойындай келетін, алдында өзіміз секіретін биіктікке түскен. Сонымен аман қалған. Оның үстіне шекарашылар келіп қалыпты. Сергейдің жағдайын түсінген шекарашылар Шолпанатаға әкеліп тастамақшы болыпты. Өздері қызулау болған соң көлікті Сергейге айдатып, екі шекарашы машина қорабына тығылып жатқан екен. Сергейдің көлікті өзі жүргізіп бара жатқан себебі осылай болды.

Қазақ тілінде жазылған