Елдік мүдде, ұлттық рухты көтеріп...
Атамекен-ғасыр-мекен, шындығым!
Бүгінгі күн қазақ үшін құнды күн.
Тасқа жазған таңбалардай қашалған,
Теңбіл тарих көз алдымда тұр бүгін.
Ғасырлардың жүгі жатыр беліңде,
Арыстардың шері жатыр көліңде.
"Мәңгілік ел"- дәуірлердің мұраты,
Сақталатын ұлттық рухың тегіңде.
Қадам бастың заңғарларға, дара шың,
Өткен күннен шежіреңді табасың.
Тоныкөктер ел мұратын көтерген,
Басын қосып үлкен-кіші данасын.
"Мәңгілік ел" идеясын бастаған,
Тоныкөгім, абыз данам, асқақ ән!
Он үшінші ғасырлардың кезінде,
Талқысына талай жұрттың тастаған.
Елдік мүдде, ұлттық рухты көтеріп,
Жүрегіңе сіңірумен бас қадам!
Қиысқанда тағдыр жолы қиыннан,
Жаратқаннан жәрдем сұрап сыйынған.
Отаршылдар төрімізден тықсырып,
Арыстарым азап шеккен жиыннан.
Ұлтжандылар тамырынан үгіліп,
Көз ашпаған қуғын-сүргін, тыйымнан.
Атажұртым, айдарлы ел, ақ мекен!
Аққуыңды айдын-көлден атты екен.
Таразылап тағдырыңа үңілсем,
Мойыныңа кімдер шынжыр тақты екен?
Сөгілердей сол бұғаудан қабырғам,
Кең өрісті, көк жайлауым, бақ мекен!
Мен-қазақтың тынысымын, бөлшегі,
Менің ойым-ақиқаттың өлшемі.
Менің жұртым тұғырлармен теңескен,
Тау тұлғалы ізгілікпен көрші еді.
Ұлтарақтай жерін қорғап арыстар,
Алашымның туын тіккен еңселі.
Әлихан мен Ахметтің жүрегі,
Ел мүддесін көтергенде бір еді.
Келешектің қамын ойлап кемелден,
Жаратқан боп тіршілікте тірегі.
Алға бастап ғасырлардың кемесін,
Алаш елін төрге сүйреп келесің.
Махамбетпен күмбірлесе кең дала,
Абай, Мұхтар-руханиятта тең есім.
Сәкен, Мағжан, Ілиястар бастаған,
Ұлттық көшке бүгін сендер егесің!
Тарихыңды әлем таныр тұңғиық,
Сақтай білсең құндылықты жеңесің.
Бүгінгі күн-жаңғырудың жолдары,
Пәк пейілмен болашаққа сенесің.
"Мәңгілік ел"-атажұртты ардақта,
Келешекке айтар кемел кеңесім!
Отанымның жүрегінен нұр төгіп,
Жаратушым ұзақ жолда демесін!