Темір-Нарком
Алаш қайраткері Темірбек Жүргеновтің рухына арналады
Поэма – монолог
Т. Жүргенов жайлы бірінші жыр. Қазақстанның Халық артисі Хабиба Елебекованың монологы
« Өмір өнерсіз – тұл»
Темірбек Жүргенов
Қайран Темкем, есіме алсам сені мен,
Жанарымнан жас тоқтамай, егілем.
Күлімдейсің көңілімнің көгінен,
Үн қатасың жүрегімнің төрінен.
Ұлы өнерге қадам басқан сәтте алғаш,
Мөлдіреген жас кезімде көріп ем.
Содан бері желмая – уақыт зырқырап,
Кейуанамын, көрі таяу өрінен.
Қайран Темкем, естілгенде есімің,
Мұңға батам өз-өзімнен осы күн.
Сол бір жылдар қасіретті уақыт-тын,
Жаңа дәуір қаққан кезде есігін.
Туа бітті талантыңмен тас жардың,
Сырдың ұлы, Сыр тербеткен бесігін.
Тарлан едің текті атадан тараған,
Жалғасындай сол ұлылар көшінің.
Түп-тұқияның әз Жәрімбет тегінен,
Әулие екен сауықтырған демімен.
Рухымен ұрпақтарын қолдайды,
Мәңгілікке бірге жасап елімен.
Қара әкеңнің үйір-үйір жылқысы,
Бас қойғанда Сырдың суы кеміген.
Хат таныдың Тұрмағанбет ақыннан,
Жырына жұрт қорғасындай еріген.
Білім нәрін жинай бердің азық қып,
Осы жолда көрген жоқсың қажып түк.
Батыс, Шығыс ілімдерін игердің,
Қарекеңнің арманы еді, жарықтық.
Некрасов, Крыловты аударып,
Шәкірт шақта-ақ көрсеткенсің алыптық.
Оятуға қазағыңның санасын,
Мақсат қойдың алға Темірқазық қып.
Сендің сонша сол қоғамға беріліп,
Қазағыңды жарылқайды деп ұғып.
Ақырында құрбан етті өзіңді,
Ұлтшылдығың оларға жау көрініп.
40-ақ жыл ғұмыр сүрдің небәрі,
40 дейтін жас екен-ғой серілік.
(Тәуелсіздік таңын көрдім, мың тәуба,
Отырмын сол «кеңестіктен» жерініп).
Қайран Темкем, Азаматым, Арысым,
Опат болдың қайран қазақ қамы үшін.
Қанша құзар биіктерде жүрсең де,
Одан биік ұстадың ұлт намысын.
«Ұлтым» деумен ұлы мұрат жолында,
Жасындайын жарқылдайтын дауысың.
«Темір-Нарком» дейтін елің ардақтап,
Болашақтың болжайтынсың әрісін.
Ұлылығың, ұлт өнерін тірілтің,
Алаулаттың әлсіз шоғын үміттің.
«Айман-Шолпан» сахнада сән құрса,
«Қыз Жібектің» бағы жанды туып күн.
Күләш, Шара, Серке, Елубай, Жұматтар,
Өнердегі қарлығашы Уықтың,
Шаңырағы өзің болдың ордамның,
Содан мәңгі еңсесі оның биік тұр.
Қайран Темкем, елім деген Едігем,
Һас өнердің ұстахана, көрігі ең.
Алтын көмбе таланттарды тап басып,
Жұрт ішінен тарыдайын теріп ең.
«Самародный сол алтындар» оятты,
Туған халқын сахнаның төрінен.
Ғасыр өтсін, қанша буын алмассын,
Мәңгі солай жалғасады Сенімен.
Қайран Темкем, аңыз ағам мәңгілік,
Мәңгіліктен үн келеді жаңғырып.
Мен де бір күн табылармын сол жақтан,
Өнерімді, өмірімді қалдырып.
Жүсікең де күтіп жатқан болар-ау,
Қол ұстасқан жұбайлар ек, сәнді жұп.
Рухтарыңа тағзым етем сәт сайын,
Кәріліктен жүрмін шаршап-шалдығып.
Ақыл-санам таңғы шықтай түп-тұнық,
(Ғасыр жасау Аллам берген мықтылық).
Сахнада қыран құстай түлеймін,
Қара өлеңнің құдіретін ұқтырып.
Қайран Темкем, өзің ашқан бұлақ ем,
«Анамыз» деп ардақтар жұрт, тік тұрып.
Арыстардың арманына біз жеттік,
Шүкіршілік! Тәуелсізбіз! Құтты жұрт!
Қайран Темкем, оймен шолам өткенді,
Көз алдымда көлбеңдейді көп белгі.
Бірге жүрген сол бір күндер аяулы,
Қуат сыйлап, 100 жасқа да ап келді.
Бақыттымын... айта аламын дауыстап,
Ұлы өнерім өміріме от берді.
Аманатың ұрпағыма аманат:
« Өмір шіркін өнерсіз - тұл, шектеулі»...
Т.Жүргенов туралы екінші жыр. Дәмеш апай рухымен сырласу немесе ақын монологы
Апа-оу, өтті басыңыздан сан-сынақ,
Тағдыр -дойыр тезге салды қамшылап.
Мұрағаттан мұңлы бейнең сыр айтар,
Көрген сәтте тұру қиын жан шыдап.
Зар заманға мұң- налаңды ақтардың,
Көздеріңнен мөлт-мөлт жасың тамшылап.
Түсті ме ойға зауал –заман кешегі,
Өртегені жалақордың өсегі.
Жан-жарыңа сағыныш па сарғайған,
Сонау жылдар суып қалған төсегі.
АЛЖИР-дегі арқалаған азап па,
«Қара таңба» қалмай қойған бес елі.
Не батты екен аяулы Апа-оу, жаныңа,
Жаратқанға нала айтпаушы ең, шағына?!.
Нар Темкеңнің аялаумен аруағын,
Кір жуытып көрген жоқсың Арыңа.
Қарт жүрегің сезінді ме қуанып,
Таяу қалған Тәуелсіздік таңына.
Егілдіңіз жанардан жас төгіліп,
(Не сұмдықтан көрмеп едің жеңіліп?!).
Қуаныштың жасы ма екен көп күткен,
Мақтан етті туған халқың, төрі құт.
Уақыт өзі шимайлаған жүзіңнен,
Бір тектілік тұратын-ды көрініп.
Еңбек еттің еміреніп еліңе,
Қайратыңмен көтерілдің төріне.
Нар Темкеңді қайта оралттың халқына,
Рухымен қолдады ол сені де.
«Қаракөктің» тұқымы ғой, – дейтін ел,
«Тектілігі – тартып туған тегіне».
Рас, апа-оу, шежіре сыр шертеді,
«Кіл қаракөк» өсіп-өнген өркені.
Жиынбайдай ұлы бабаң жеті ұлды,
Кең жайлаған Сарыарқадай өлкені.
Он мыңдаған қылқұйрығы тебінген,
Сағымданған сары даланың көркі еді.
Ермек бабаң болыс болған жасынан,
Ұлан асыр ен байлығы тасыған.
Тұңғыш мешіт салдырғанның бірі еді,
Қарқаралы ағашынан, тасынан.
Аға сұлтан Құнанбаймен дос еді,
Қандай сәтте табылатын қасынан.
Бір Алла еді табынғаны, сенгені,
Намазын да қаза етіп көрмеді.
Сапарласты Құнанбаймен Меккеге,
«Тәкия» да салысты сол жердегі.
Мединеде шейіт болды жол үсті,
Жәннәт- бақи нәсіп етті, келмеді.
Қажы Ермектің көзі ашық белді ұлы,
Әбеу алды ел билігін ендігі.
Ұлы Абай мен Әбеу болыс достығы,
Тасқа басқан тарихтан белгілі.
Ұлы Абайдың Мағашы мен Әбеудің,
Әлиханы жалғастырды жолды ұлы.
Тұрагүл мен Әлімханның достығы,
Тым өзгеше болды ірі.
Әрқайсысы дара тұлға, дара есім,
Әрбірінен ұлылықты көресің.
Барлығы да қазағы үшін қам жеді,
Сынған емес көрседағы «көресін».
Рухтарың қолдап қоршап келеді,
Еркін елміз, кім жасасын бөгесін?!
... Сіз солардың асыл текті тұяғы,
Ұмытылмайсыз, еске аламыз жиі әлі.
Дана қазақ айтып еді бұрын да,
«Тектілер тек таңдайды құз - қияны».
Жатқан жерің жарық болсын, беу Апа-оу,
Жаннат болсын дайым енді тұрағың...
Жүргенов жайлы үшінші жыр. Мұқтар Әуезов. «Хан Кене»
Керуен-керуен жылдардың көшіндегі,
Тұлғалар бар мәңгі өшпес есімдері.
Басын тікті бәйгеге Азаттық деп,
Оза шапқан заманнан көш ілгері.
Ғұмырларын сол үшін мансұқ етіп,
Қанша нәубет басынан кешірмеді.
Білсе-дағы түрмеге тасталарын,
Темір жастық басына жастанарын.
Айдаһардың сезсе де бас саларын,
Озбырлықтың бақпады қас қабағын.
Қараңғылық көгіне шырқап шықты,
Бодандықтың бұзуға тас қамалын.
«Оян қазақ», «Кем болма сен ешкімнен»,
«Өзге жұртпен білім ғой теңестірген».
«Тірі болсам қазаққа қызмет етем»,
« Рух барда, жау алмас егестірген»
«Қазақ халқы тәуелді болмау керек»,
« Тіл жойылмас, жұрт барда өр естілген».
Деген еді Алаштың нар ұлдары,
Жүректері «ұлтым» деп жалындады.
Басын жарып, көздерін ағызса да,
Иілмеді, жауына жалынбады.
Соның бірі Әуезов Мұқтар еді,
Қару етті қаламын қолындағы.
Қару етті қандағы ар-намысын.
Қару етті іштегі жан дауысын.
Ұлт-азаттық рухын аспандатты,
Құлдық сана ұлтында болмау үшін.
Қайта оралды Мұқаңның қаламынан,
Хан Кенедей Алаштың ардағы шын.
Кенесары тарихтан тұрып келіп,
Сахнада сән құрды Рух беріп.
Бас кетсе де бағасын еркіндіктің,
Жұрт намысы оянды ұғып, көріп.
«Темір-Нарком» Жүргенов залда отырды,
Өр кеудесін мақтаныш, үміт керіп.
Сөйтіп, қолдап бір ұлы бір ұлыны,
Азаттықтың естілді дүбір үні.
Алпыс екі тамырда қан жүгірді,
Сенім бітті жандарда түңілулі.
«Темір-Нарком» Әуезов екеуіне,
Сезді іштей саусақты бүгілулі...
Бүгілулі «сол саусақ» жазылмады,
Жазықсызды жаламен жазымдады.
Әуезовті өлгенше сан сүрінтті,
Жүргеновтің алдында қазылды оры.
... Мәңгіліктен осылай тұрақ тапты,
Қазағымның ғажайып әз ұлдары...
Т.Жүргенов туралы төртінші жыр. Бес минуттық кешігу немесе Дәмеш апайдың монологы
Бес минуттың салмағын-ай зілмауыр,
Ойлап кетсем бастан кешем күйді ауыр.
Кездесуге кешігіппін бес минут,
Ғұмыр бойы батырады мұңға бұл.
Бес-ақ минут, қасіретті бес минут,
Қас қағымның қасиетін де кеш білдік.
Сол бір сәттің арқалаумен азабын,
Өкінішпен өтуде Өмір – бес күндік.
Жан емес тағдырыма ем өкпелі,
Долы дауыл, соқсын мейлі өкпегі.
Ер Темкемнің нұрлы жүзін көруге,
Бар болғаны бес-ақ минут жетпеді.
Сол бес минут... өзегімді өртеген,
Күнәһардай кейде өзімнен жеркенем.
Ой сұмдығы-ай, сын-сағатта бес минут,
Қас пен көздің арасындай келте ме ең?!.
... Дәл сол күні кілтін таппай есіктің,
Әрі-сәрі болып жүріп, кешіктім.
«Дәмешім де жау көрген бе, шынымен»,
Депті Темкем, біреулерден есіттім.
Жұрт ішінен мені іздеп таба алмай,
Түнеріпті қабағы қар жауардай.
... Жан-жарымнан айырылғаным аздай-ақ,
Күдік «сыйлап» күңіренттің ой Алла-ай.
Түс көремін, ойға батам сыр ұғып,
Қайта-қайта жүргенім сол сүрініп.
Темірбекті дәл қасынан көремін,
Теріс қарап бара жатар бұрылып.
Жүгіремін мен соңынан демігіп,
Күлімдейді зау биіктен көрініп.
Су-су болған жастығымды құшамын,
Жанарымнан аққан жасқа көміліп.
... Нар Темкемді көре алмадым сол беті,
(Көз алдымнан кеткен емес келбеті).
«Жүргеновтен бас тарт» дейді сұраққа ап,
Алдап-арбап НКВД жендеті.
Бас тартпадым кезесе де қаруын,
Илікпедім төксе-дағы зәр-уын.
«Ұлтын сүйген Темірбекті жау десең»,
«Сотта» дедім, «мен де халық жауымын».
Өтіп жатты күндер жылжып арада,
Небір сұмдық ойлар келді санама.
Мен сотталсам қалама деп далада,
Алаңдадым Жұманазар балама.
Құлыным-ай желбіреген тұлымы,
Ойлап кетсем ойым сүттей іріді.
Не болады болашағың, дей берем,
Темірбектей сом алтынның сынығы.
Қимасам да Жұмашымды егіле,
Аттандырдым Сырға – туған жеріне.
Бар айтқаным, «Жүргеновпін» десең жұрт,
«Бауыр тұтар, сыртқа теппес сені де»...
Солай бопты құшағына ап ел іші,
«Темірбектің көзі» депті көбісі.
Бес саусақ та бірдей емес, біреулер,
Сөз етіпті «халық жауы бөрісі».
Құлыным-ай, ержетіпті бөрі боп,
Оңашада бізді іздепті еңіреп.
Ата-анамды ақтаймын деп ерлікпен,
Қан майданға сұраныпты сан рет.
Кәмелетке толмаса да, толдым деп,
Жауынгер боп арқалапты зор міндет.
Қан-қасапта шейіт бопты құлыным,
Әлі күнге сене алғам жоқ, сенгім жоқ.
Темірбек те, Жұмашым да өлген жоқ,
Бейіті жоқ, топырақ сап көмгем жоқ.
Оңашада отырамын мұң кешіп,
Сол бір кездер тізіледі керуен боп.
Көресімді көрдім мен де... айта алман,
Жүректен жас, жүрегімнен қан тамған.
Сегіз жылым КАРЛАГ та өтті қорлықпен,
Үмітімді үзбедім тек әр таңнан.
Сендім, сездім туатынын сәтті күн,
(Аллаға шүкір, сол бір нәубет жоқ бүгін).
Жұмашымдай мақсат қойдым алдыма,
Дәлелдеуге Темірбектің ақтығын.
Осы жолда азаптандым, мұң кешкем,
Тауым қайтты сан наданнан, білместен.
Сол сәттерде көздің жасын бұладым,
Темірбектің рухымен тілдескем.
Ақтап алдым нар Темкемді ақыры,
Биіктерден айтылады аты ұлы.
Алашымен қауыштырдым қайтадан,
Мінбелерден естілгендей от үні.
Арманым жоқ десем бе екен, әлде, әлде,
(Мендей жан жоқ бұл жалғанда шерменде).
Бес минуттың қателігі шықпас па,
О дүниеде нар Темкемді көргенде....
Т.Жүргенов туралы бесінші жыр. «Құдайға шүкір біздер бармыз» немесе бүгінгі Жүргеновтер ұрпағының монологы
Құдайға шүкір, біз әлі бармыз, тіріміз,
(Жүргеновтерміз, айтамыз ашық мұны біз).
Қан-қасап заман қасіреті деп біліңіз,
Бүгінге дейін ашылмай келсе сырымыз,
... Құмығып шықса үніміз...
Құдайға шүкір, біз әлі бармыз, боламыз,
(Жүргеновтерміз, шерлі шежіре, жолы аңыз).
Қуанның ұлы Қарадан тартқан әулетпіз,
Кіші жүз – Әлім, Жәрімбет әулие бабамыз,
...Тәу етіп рухтанамыз...
Құдайға шүкір, «көгеріп-көктеп» келеміз,
(Жүргеновтерміз, қалайша, неге демеңіз).
Отыз жетіде қынадай қырған қызылдар,
Қара орман жұрттан «қарайған» екі-үш «төбеміз»,
...Біз әлі-ақ өсіп-өнеміз...
Зобалаң жылдар, соқпасын қайта заман - жұт,
(Жүргеновтерміз, тілейміз жұртқа амандық).
Есі кірмеген бүлдіршін едік, НКВД-дан,
Аман қалыптық, жасырып-жауып қазандық,
... Орнында қалдық, оңалдық...
Жетімдік көрдік, қиянат кештік, жасыдық,
(Жүргеновпіз деп сыбырлап айттық, жасырып).
«Халық жауының» күшіктері» деп қорлады,
Әумесер жандар «көзтүрткі» жасап, басынып,
... Өксідік, іштей ашынып...
Қызыл белсенді жәбірлеп, мінеп, зарлатты,
(Жүргеновтерміз, біз жайлы өсек «маздатты»).
Оны да қойшы бір жүрген құрдастарымыз,
Кесек лақтырып, құм-топыраққа аунатты,
...Жанымызға ауыр сол батты...
Десек те біздер жабырқап, жасып, сынбадық,
(Жүргеновтерміз, өртеңде өскен бүр жарып).
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай жетілдік,
Суарылған болаттай қатая түстік шыңдалып,
... Біз емес, солар шын ғарып...
Құдайға шүкір, уақыттар өтті түңілген,
(Жүргеновпіз деп дауыстап айтам бүгін мен).
Бұрынғылармен ұқсатып жатса ел, қуанам,
Намыстан, Ардан, ділімнен яки түрімнен,
...Бәйгеге басы тігілген...
Кірдің тасындай ойнақшып тұрған заман бұл,
(Жүргеновтерміз, қуғынға түскен сонау жыл).
Бауырларымның мүрдесі бардай сезінем,
Дөңкиген дөңнен, көсілген қырдан сонау бір,
... Көңілде тынбай алаң жүр...
Шаттанып едік атты деп Бақыт таңы кеп,
(Жүргеновтерміз, мерт болған «халық жауы» боп).
«Жаңалықтағы» еңселі, зарлы тас белгі,
Қызыл қоғамға айтып тұрғандай – лағынет,
...Рухтарға мұнда тағзым ет...
Тағзым етеді атбасын бұрған ел үнсіз,
(Темірбек көкем жерленген мұнда кебінсіз).
Дәмеш апаның табаны талай тиген жер,
Тас құшып тұрған, жанары жасты, көңілсіз,
... Жаралы жүрек, көңіл – сыз...
Қара орман жұрттан қарайған бізбіз қалғаны,
(Жүргеновтерміз, ұрпақтар жалғар жолды әрі).
Тігерге тұяқ қалдырмадық деп ойлаған,
НКВД-нің күллі көке ұшты «арманы»,
... Жендеттері өзі сорлады....
Иә, Құдайға шүкір, біз бармыз...
Т.Жүргенов туралы алтыншы жыр. Мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениет министрі Ильяс Омаровтың монологы
Темірбек қой мына бейне төрдегі,
Ау, бауырым, білесің ғой сен де оны.
Мен – министр, әйгілі әртіс болуың,
Біле білсең, осы жанның еңбегі.
... Таңданасың төрде тұр деп Жүргенов,
Сенің ше не, «күн көсемің» жөн бе еді...
Темағам-ғой, Темірнарком даңқты,
Ұлтшыл тұлға, биік қойған халықты.
Ұлт өнерін аспандатып сонау жыл,
Күллі әлемге қазағымды танытты.
... Күні кеше ақталды ғой есімі,
Қайран халқым, перзентін жаңа ұқты...
Атанған ол «халық жауы», жала-тын,
Ел басына төнген нәубет, қара түн.
Қаншама жан мерт боп кетті жазықсыз,
Мың сан ошақ өшті-сөнді жанатын.
... «Сүт бетіне шыққандар» да атылды,
Соның бірі – Темірнарком болатын...
Темірнарком жұрттың қойған есімі,
Ел аузында мінезінің тосыны.
... «Жолдас Орлов қазақ тілін білмесең,
Жөн болады Ресейге көшуің...»
... Ұлтшылсың деп қара күйе жаққанда,
Осы сөздің тиді бәлкім, кесірі...
Қаһарланса қабаққа-қар, мұз іле,
Тіке айтатын қарамай бет-жүзіне.
Таланттарды тап басқанда, нұрланып,
Мейірмін төгеді екен «үзіле».
... Таңданамын, тамсанамын, бас иіп,
Көз жүгіртсем Жүргеновтің ізіне...
Бар өнердің басында тұр осы есім,
(Соған қарап бой түзесең, өсесің).
Ұлт санасын оятуға ұмтылды,
«Көзі ашық» жұрт жібермес деп есесін.
... Қашан ғана оянады қазағым,
Шаңдатып жүр аңғалдықтың көшесін...
Тұлпар – тұлға оза шапқан тұсынан,
Өнер үшін жан-тәнімен «ысыған».
Темірнарком аты естілсе алыстан,
Кім де болса ығып тұрған сұсынан.
... Темкең жолын жалғастырып жүрсем де,
Өз-өзіме көңіл толмай қысылам...
Темірнарком ұлы тұлға, нар ағам,
Ұлттық өнер іргетасын қалаған.
Қолтаңбасы қаттаулы тұр тарихта,
Есімі де өшпек емес санадан.
... Оу, бауырым, тек біз емес, күн ертең,
Ұлы Уақыт ұсынады Төр оған...
Т.Жүргенов туралы жетінші жыр. Соңғы сөз Темірбек Жүргеновтің монологы
Соңғы сөз бе?! Тыңда онда соттаушым,
Күбір-сыбыр, күңкіл-сыңқыл тоқталсын.
Жақтың күйе, «халық жауы» деп мені,
«Жаулығымнан» өзім берем ақпар шын.
Есің болса есті сөзге тоқтарсың,
Есер болсаң қаруыңды оқтарсың...
Ата-тегім: бекзат, текті, әрі бай,
(Ит басына іркіт төккен шағым-ай).
Әз Жәрімбет ұлы бабам, әулием,
Тәу етеді басына кеп ел ұдай.
Туған әкем Қуанұлы Қараның,
Қылқұйрығы «шашылатын» тарыдай.
Сауат аштым... алдын көрдім молданың,
(Шын ұққаным: құлы екенмін Алланың!).
Тұрмағанбет ақынға әкеп тапсырды,
Орындады әкем ұлы арманын.
Сағди, Руми... Шығыс жырын сіміріп,
Қиялыммен қияндарға самғадым.
Құштар болдым ғалам сырын білмекке,
Бос қалмасқа Өмір атты дүрмекте.
Ұлы Абайды оқыдым да, бекіндім,
Халқым үшін қажет ғұмыр сүрмекке.
«Орыс тілі – дүние тілі» дейді ол,
Тілін білдім теңдесіп бір жүрмекке.
Ұлы Пушкин жырларына қанықтым,
Толстойдай сырын ұқтым алыптың.
Крылов пен Некрасовты аударып,
Қазағыма өз тілінде таныттым.
Зымиянын Сталиндей жауыздың,
Өз басыма іс түскенде жаңа ұқтым.
Бұл қоғамның бос «сөзіне» сендім де,
«Елесіне» құр қиялдап, ердім бе?!.
«Қу жақ» келіп» «кіші қазан» орнатты,
Азып-тозып, босып кетті-ау ел мүлде.
Қайраттандым, оятпаққа санасын,
Ұйқыдағы қазағымды көрдім де.
Ділін, тілін, ата салтын, дәстүрін,
Қолыма алдым көтеруге тас түйін.
Қайран халқым сауаттана бастады,
Ал, өнерсіз өмір құны «бес тиын».
Театр да ашты есігін осылай,
Думандатып жататұғын кешқұрым.
Еңбек еттім күндіз-түні тынбадым,
Көтерістім Руханияттың бір жағын.
Өткір-өткір ойларыммен бөлістім,
Қанат бердім жас буынға шын дарын.
Иә, айтпақшы, ана тілге аударттым,
Ә.Фирдоусидің «Шаһнама» жырларын.
Оянса деп, жасаса деп ел бірлік,
Бар өлкеде білім орнын ендірдік.
Қазағымның һас өнерін паш етті,
Дүр сілкінді Мәскеудегі онкүндік
(Ой, сұмдығы-ай, ұры-қары, жалқауды,
Ауқаттымен, тектілермен тең қылдық).
Айта берсем... мың-сан «жаулық» бар әлі,
Дүр сілкінттім ұйқыдағы сананы.
Туған халқым ақтап алар күні ертең,
Қанша жерден жапсаңдағы жаланы,
Өкінбеймін, шыбын жаным садаға,
Тәнім жерде, Рухым көкке барады...
«Қу жақ» - Голощекин
«Кіші қазан» - қазан төңкерісі