Адам қарады: 1329 | Жарияланды: 2018-09-14 06:15:17

Күміс кітап

Осы кітапты оқуды бастамас бұрын 2012 жылы «Үздік қысқа метрлі анимациялық фильм» номинациясында «Оскар» сыйлығын жеңіп алған The Fantastic Flying Books of Mr. Morris Lessmore мультфильмін қарап шығуды ұсынамын. Он бес минуттық туынды болса да, мазмұны терең, керемет түсірілген. Интернетте бар. Көруге уақыт таппасаңыз ештеңе етпейді, оқуды жалғастыра беріңіз.

 

БІРІНШІ ТАРАУ    

ОҚЫРМАННЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

 

Қаражатым болмай, кітапты дүкендерде тұрып оқитынмын

Мектепті алтынға бітіргеніммен, алтыншы сыныпқа дейін бағдарлама аясындағы оқулықтардан басқа кітаптарды көп оқымаған екенмін. Оның ішінде «Дорогами сказок» және «Әлем халықтарының ертегілері» жинақтары, сосын Корней Чуковскийдің «От двух до пяти» кітабы мен «Шаңырақ» отбасы энциклопедиясы бар.

1999 жылы алтыншы сыныпқа бардым. Міне, осы кезден кітап оқуға деген ерекше бір құмарлық оянды. Яғни, содан бері менің ең жақын досым кітап болып келеді. Тіпті достарымның ешқайсысымен де осынша ұзақ араласпаған екенмін.

Райхан тәтемнің күйеуі, менің жездем, көп кітап оқитын кісі. Мен бесінші сыныпты аяқтап жатқанда, тәтем Берік ағаның кітап таңдамай, қолына не түссе соны оқи беретінін айтып қалды. Бұл маған қызық көрінді. Бала еліктегіш келеді емес пе, осыдан бастап мен де қолыма түскен кітаптарды оқи бастадым.

Сол кезде мектеп кітапханасында кеңестік кезеңде шыққан кітаптар басым болды. Балаларға арналған кеңестік тарихи энциклопедияларды оқыдым. Бұл кезде ғылым таптар күресі тұрғысынан жазылды ғой. Ол кітапхананы түгел қарап болған соң, кітаптарды басқа жерлерден іздей бастадым. Әуежайдың мәдениет үйінің кітапханасына барып жүретінмін. Ол жер маған ұнайтын, жазда іші салқын, есесіне, адамдар көп келмегендіктен тыныш еді. Ежелгі дүниедегі кітапханалардың кіреберісінде «hic mortui vivunt, hic muti loquuntur»[4] деген жазу болған екен. Олар мен барып жүрген кітапханаға ұқсайтын шығар деп ойлайтынмын. Кітапханаға жаяу баратынмын, оны отбасым білмейтін еді.

Мәдениет үйі әуежайға барар жолда орналасқан. Маған тағы бір ұнайтыны – оның жанында бір шағын кітап дүкені болатын. Сол дүкеннің алдында орыс әжейлер жерге газет төсеп, бетіне ескі кітаптарын жайып сатып отыратын. Олардан Роберт Льюис Стивенсонның «Қазына аралы», Даниель Дефоның «Робинзон Крузо», Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» сияқты шытырман оқиғалы романдарын орташа есеппен 20–25 теңгеге сатып алатынмын.

Дүкендегі кітаптарды сатып алуға қаражатым болмайтын. Сондықтан сол дүкеннің ішінде-ақ оқып алатынмын. Досым кәсіпкер Қуаныш Шонбай да кезінде ақшасы болмағандықтан бизнеске байланысты кітаптарды Алматыдағы «Меломан» кітап дүкенінің ішінде жүріп оқығанын айтып еді. Иә, қазіргі кітап дүкендері басқаша. Кең, жарық, кітап оқып отыруға арналған жұмсақ орындықтары да бар. Ішінде еркін аралап жүре бересің. Сондықтан кітап сатып алуға қаражатым болмай, дүкеннің ішінде жүріп оқуды, қазіргі тілмен айтқанда, бұл мейнстримге айналғанға дейін бастағанмын.

Орыс әжейлерден сатып алған, кітапханалардан алып келген кітаптарымды түн ортасына дейін оқитын едім. Әрине, атам денсаулығымды ойлап ерте жатып, келесі күні сабағыма шаршамай барғанымды қалайтын. Мен ұйықтап қалғандай болып, атамның көзі ілінді-ау деген кезде ақырын басып көрші бөлмеге баратынмын да, жарықтың сәулесі есіктің сыртынан көрінбесін деп оны көрпемен іштен қымтап, түнгі сағат үш-төртке дейін кітаптың қызығына еніп, шытырман оқиғалы әлемдерге сапар шегетінмін.

Әр нәрсенің өз есебі бар. Көзімнің көруі сол кезде нашарлай бастады. Көзілдірік кидім. Бірақ бұл үшін еш уайымдамаймын.

 

Өткен өміріңізде кім болдыңыз?

Әлі есімде, бірде алтыншы сыныпта оқып жүргенімде, әуежайдың жанындағы кітап дүкеніне бардым. Кенет «Өткен өміріңізде кім болдыңыз?» атты кітапты көзім шалып қалды. Туған жылың мен күнің бойынша ертеректе кім болғаныңды біле алады екенсің. Әрине, мен кітапты қызық үшін ақтардым. Сонда, әлгі кітап бойынша, мен 1904 жылы қазіргі Румынияның аумағында дүниеге келіп, 1944 жылы немістің концлагерінде қаза тауыппын. Мен бұған тоқтамай, 1904 жыл бойынша әрі қарай іздестіре бердім. Сөйтсем, оған дейін Наполеон соғыстары кезінде Францияда өмір сүрген екенмін. Бірақ менің қызыққаным сонша, әрі қарай қазбалап, Александр Македонский заманына бір-ақ жеттім. Осы жерде тоқтадым. Жалғастыра берсем, кім біледі, питекантроп болған дәуірге де жетіп, қай үңгірде мекендегенімді де анықтар ма едім?

 

Бұрын сүйікті шығармаңды іздеп табу нағыз квест еді

Бір күні Райхан тәтем «Орбита» ықшамауданындағы ескі кітаптар сататын жерден Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің басынан кешкендері» туындысын 120 теңгеге сатып алып берді. Саудаласып көріп едім, қырықтар шамасындағы еркек сатушы кісі көнбеді. 2000 жылдардың басында бұл аз ақша емес еді. Оқушының қоғамдық көліктерде айлық жүру билеті, мәселен, 50 теңге ғана тұратын. Ал енді бүгінгі бағаммен салыстырып санай беріңіз. Мен Твеннің осы екі туындысын бірнеше қайтара оқыдым.

Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс туралы хикаяларын түгел оқып шықтым. Бірақ сол кезде үлкен қиыншылық болды. Интернет жоқ, керек нәрсені қас қағым сәтте іздеп таба алмайсың. Әдебиеттегі ең әйгілі детектив жайындағы шығармалар елу алты әңгіме мен төрт повестен тұрады. Олар өз кезегінде бірнеше кітапқа бөлінген. Мен олардың барлығын түрлі кітапханалардан іздедім. Ақырында төрт повестің бәрін тауып оқыдым, тек екі-үш әңгімесін ғана таба алмадым. Бірнеше жылға созылған ізденіс нәтижесінде соңғы повесін Қаскелең қаласының орталық кітапханасынан таптым. Иә, ол кезде сүйікті шығармаларыңды тауып оқу нағыз романтика еді!

Қазір Шерлок Холмс туралы хикаялардың толық жинағы бөлек кітап болып шыққан. Үйімдегі кітап сөремде тұр.

 

Суға кеткен тал қармайды

Мектепте оқу үлгерімің үздік болса, сыныптастарыңның есеп шығарып беруді сұрап мазаңды қашыратыны бар. Оқушы болсаң да бос уақытың бола бермейді. Есесіне, алдымен өзіңнің жағдайыңды ойлайсың, бақылау жұмыстарында төмен баға алғың келмейді. Оларға «жоқ» десең, ренжитіні бар. Қай жаста болмасын адам ренжігіш келеді ғой. Мен бұл мәселенің шешімін тауып, бартер негізінде жәрдемдестім.

Бастауыш сыныптарда есебін шешіп беруді сұрап келгендер менің «оққағарым» болуға көнсе («ер шекіспей бекіспейді» деген бар, бала болған соң төбелесіп қаласың, бірақ оның барлығына уақыт пен денсаулық керек), жоғары сыныптарда оқығанымда: «Есеп шығарып бергенім үшін кітап әкеліп беріп отырыңдар», – дейтін болдым. Сөйтіп бірнеше мәрте айтқан кітаптарды әкеліп бергендері бар. Олардың кітаптарды мектеп кітапханасынан ұрлағандарын кейін білдім. «Суға кеткен тал қармайды» дейді ғой, бақылау жұмысынан төмен баға алып қалмау үшін ұрлыққа баратынын білгенімде, кітап емес, түскі асымды алып беріңдер деп сұраймын ғой. Кітаптардың ұрланған екенін білген бойы кітапханашы апайға қайтып апарып бердім. Бұл да бір қызық, есте қалатын оқиға.

 

Бір нәрсеге ғана өкінем

Бастауыш сыныпта жетекші ұстазымыз: «Келесі күні 20 килограмм макулатура алып келіңдер», – деп міндет қойды. Бұл тапсырма, шамасы, сол кезде жоғары жақтан келген болар. Бұл екінші не үшінші сыныпта болған әңгіме. Кеңес заманында қалыптасқан әдеттер мен тәртіптен әлі арыла қоймаған кезең ғой. Мен, негізінде, кез келген тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қараймын. Бірақ осы жолы мұғалімнің тапсырмасына салғырт қарағаным әлдеқайда дұрыс болған болар еді.

Үйге келіп, атам мен әжеме осы туралы айттым. Бала болған соң көңілімді қиғысы келмегендіктен болар, үйдің кітапханасының бір бөлігін құрбан етіп, 20 килограмм кітапты буып-түйіп берді. Таразыға салып өлшегеніміз есімде. Содан атам туысқанымыз ба, әлде көршіміз бе, қазір есімде жоқ, бір кісіге көмектесуді өтініп, ертесіне сол кісі әлгі кітаптарды жеткізіп берді. Мектепке дейін жаяу жүрсең, жарты сағаттық жол. Сыныпта 30 шақты бала болса, апайдың тапсырмасын бұлжытпай орындаған тек мен болдым. Бір сыныптасым екі-үш кітап алып келіпті. Болды. Апарған кітаптарымды әлі күнге дейін макулатура деп айтуға тілім бармайды. Еске алсам, ішім күйеді. Балалық қой. Қазір апарғаныма қатты өкінемін, ішінде қандай құнды кітаптар болғанын бір Құдай біледі. Бүгін қалай екенін білмеймін, бірақ сол жылдары мектепте жасыңа қарамай этикаға жат міндеттер жүктей беретін.

Кеңес заманында макулатура өткізгендерге сирек кітапты алуға мүмкіндік беретін талон сыйлайды екен. Ал тапсырманы орындаған екеумізге бір мақтау сөз де айтылмады. Басында: «Кімде-кім тапсырманы орындамайды, жақсы бағаға үміттенбесін», – деп қорқытып еді (бізде тәрбие және ынталандыру тек қорқытуға ғана негізделген бе дейсің кейде), бірақ ол да бос сөз болып шықты. Сол оқиғадан кейін кітапқа қиянат жасамадым.

 

Кітаптың қадірін кетіруге болмайды

Осылайша бала кезімде кітап оқуға әуестеніп, жиналған ақшама (көрімдігі бар, былай бергені бар) әдеби кітаптар сатып алып, өзімнің шағын кітапханам да пайда болды. Басында қолға түскенін алып оқи бергендіктен алғашқы кітап қорым жүйелі қалыптаспады. Саны бар, сапасы жоқ. Ойлана келіп, біразын қайта сатуды ұйғардым. Ол кезде мен Қаскелеңдемін. Адамдар демалыс күндері қаланың базарында жерге төсеніш төсеп, үйіндегі ескі керек емес заттарын сатуға алып шығатын. Мен де кітаптарымды арқалап базарға бардым. Орын алғаным үшін базар әкімшілігіне 50 теңге төледім.

Қазақи тәрбиенің бір осалдығы бар: балаларға жастайынан ақша туралы дұрыс пікір және оның қоғамдық қатынастардағы құрал екені жайында дұрыс түсінік қалыптастырмайды. АҚШ бизнесмені, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Бай әке, кедей әке» бестселлерінің авторы Роберт Кийосаки өзінің еңбегінде былай дейді: «Егерде балаларыңыз әлі есеймеген болса және сізбен бірге тұрса, оларға активтерді пассивтерден ажыратуды үйретуге тырысыңыз. Олар ұядан ұшып, тұрмыс құрып, үй сатып алып, балалы болып, жұмысқа жабысып, барлығын несиеге сатып алып, қауіпті қаржылық күйге түскенге дейін оларды активтер бағанын құрастыруға мәжбүрлеңіз». «Несие» дей ме? Көбімізге таныс жағдай ғой. Тамыры қайда жатқанын ашқандай. «Қолдың кірі» деп, ақшаны жаман нәрсе ретінде көрсетеді. Нәтижесінде өскенде еңбегіміз үшін лайықты ақы сұрауға ұяламыз. Өзім базарға шыққанда кітаптарды қымбат алсам да, өз бағасын сұрауға қысылып, екі, тіпті, үш есе арзан көрсетіп қойдым. Біразын 10–20 теңге көлемінде саудаладым. Халық жабылып алып жатыр. Кітаптарымның арасында кеңес заманында шыққан сапалы безендірілген «Адам анатомиясының атласы» деген мықты еңбек болды. Бір кісі сол кітапты қолына алып қарап шықты да, әрі ойланып, бері ойланып, ештеңе демей кетіп қалды. Біраздан соң айналып келіп, әлгі еңбекті тағы бір мұқият қарай бастады. Сол кітапты ғана қымбатырақ бағалап, 100 теңгеге беруге дайын болғаным есімде. Бір кезде жаңағы кісі маған қарап: «Бұл өте жақсы кітап, арзан сұрап тұрсың. Кітаптың қадірін бұлай кетіруге болмайды. Мен 100 теңге емес, 200 теңге берейін», – деді. Мен, әрине, қуана келістім. Уақыт өте келе сол кісінің сөздері қайта есіме түсіп, кітаптың қадірін одан жақсы түсіндім.

Олжас Сүлейменовтің әйгілі «Аз и Я» кітабы шыққанда, Мәскеудің сұрапыл саясатының кесірінен жазушымыздың еңбегі көпшілікке жол тарта алмай, адамдар сол кітапты алу үшін астындағы көлігін де берген жағдайлар болғанын атам айтып отыратын еді. Иә, әрбір кітап өз қадірімен құнды.

 

Кітап оқимын деген адамға жол ашық

2000 жылдардың басында мен алып оқитын кітаптардың бағасы орташа есеппен 400 бен 600 теңге арасында болатын. Бала кезімде үйге келген туыстарым бес-он теңге ұстатып кететін, ал мен оған қосымша шөлмек тапсырып ақша жинап, кітап алып оқитынмын. Кітапты қалай таңдап алуды білмегендіктен, «сырты бүтін, іші түтіндеріне» жиі ұрынып қалатын едім. Алған кезде бірінші кітаптың мұқабасына қарайсың ғой. Кейбіреулерінің сырты шынымен әдемі, аннотациясы жақсы болғанымен, оқып шыққан кезде көңілің толмай қалатын кездер болады. Сондай сәттерде ішің ашитын. Себебі, сол кітапты алу үшін үш-төрт ай ақша жинап, шөлмек жуып тапсырдың ғой.

Бұл мәселенің де шешімін таптым. «Алматы-1» вокзалының маңында, жазушы Шолохов атындағы көшенің бойында базар бар. Соның кіреберісінде кітап сататын дүңгіршек тұр еді. Соған барып, сатушы тәтеден кітаптарымды сатып беруді сұрадым. Ол кісі мен бала болған соң бетімді қайтармай, бір рет оқылса да, жаңа кітаптың құнымен сатып беретін. Көптен іздеп жүрген кітаптарым сатылымда пайда болып жатса, алып қойып, телефон арқылы хабарлап ескертетін. Кітап сатушы тәте де маған жылы көзқараспен қарайтын болды.

Қаскелеңнің орталық кітапханасының кітап қоры маған қатты ұнайтын. Сол жердің тұрақты оқырманы ретінде жиі барушы едім. Кітапхананың жабық қоры болатын. Ол жерге кез келген адам кіргізілмейтін, кітапханашылардың өздері әдебиеттерді арнайы сұраныс бойынша әкеліп беретін. Бір жылдай уақыт өткен соң, олардың сеніміне әбден кіріп алдым. Тіпті, сол жылдары мен олардың ең тұрақты оқырманы болған сияқтымын. Маған жабық қорға кіруге рұқсат етті. Ол жердегі дүниелер өзгеше еді. Бұл жер – оқырманның нағыз жұмағы. Оқимын деген адамның алдындағы есіктер әркез ашық екені анық.

 

Кітап оқуды атамнан үйрендім

Атам туралы зор қуанышпен айтқым келіп отыр. Ардақты атам кітапты өте көп оқитын кісі. Қазір зейнетте, жасы сексеннен асқан үлкен ақсақал. Мектепте әдебиетіміздің ауыздан-ауызға халық арқылы жеткенін айтушы еді. Атам әулетімізде – осы үрдісті жалғастырған соңғы буын. Ұрпақтары, яғни, біз, қағаз бен электронды құрылғыларға әбден сеніп алғанбыз. Оның дәлелі – кеше жаттаған өлең бүгін жадымызда қалмайды. Бойымызға бабаларымыздың осы бір қабілеті дарымаған.

Өмір бойы қызмет еткен саласының әдебиетке мүлдем қатысы болмаса да, Бұқарбай атам қазақтың аңыздарын, мақал-мәтелдерін, эпос-жырларын жатқа біліп, маған айтып отырады. Сонда: «Қайдан жатқа білесіз?» – деп сұрасам: «Бала кезімде шалдар айтатын, содан қағып алып есте сақтап алғанмын», – деп таңғалдырады.

Не деген жад десеңізші!

Қазіргі тұратын үйіміздің астыңғы қабатында кітапхана орналасқан. Оның қорында қанша кітап болса, атам соның барлығын оқып шықты. Оқымаған кітабы қалмады десем де болады. Тіпті, кітапхана қызметкерлері келесіде атамды немен қуантарын білмей, орталықтағы үлкен кітапханалардан кітап алдыруға дейін барып жүр. Атамның осы қасиеті маған да дарыған болса керек.

Зейнетке шыққаннан кейін ол кісі шежіре жазғысы келді. Қазақтың тарихын, шежіресін жатқа біледі және оны терең зерттеген. Осыған қатысты біршама еңбек жинаған болатын. Өкінішке орай, 1990-жылдардың ортасында бір ақсақал жазылған кітаптың қолжазбасын қарап шығуға алып кетіп, көп ұзамай өмірден озады. Кейін атам оның ұрпақтарынан қолжазбасын сұрағанда, олар таба алмады. Сөйтіп, бірнеше жылдық ізденістің нәтижесінде жазылған еңбегі жарық көр-мей қалды.

Бұл кезде әжем ауырып, атамның мүмкіндігі болмағандықтан, кітап шығарамын деген арманы да жүзеге аспады. Бүгінде атамның осы арманын орындау үшін қолымнан келгенше тырысып бағудамын. Бір журналист қыз атама келіп сұхбаттасып, ойындағыларын жазып алып жүр. Құдай қаласа, нәтижесінде кітап болып шығатынына сенемін. Бұны өзімнің атамның алдындағы немерелік парызым деп білемін. Оның бар білгендерін қағаз бетіне түсіріп, ұрпақтарына мұра етіп қалдырғым келеді. Осы күнге жету бұйырсын!

 

Аршагүл апайдың әлегі немесе Нобель сыйлығының лауреаттары қазақ әдебиеті жайында

Мектепте оқып жүрген кезімдегі бір оқиға есіме түсті.

Қазақ мектептерінде қазақ әдебиеті сабағында өте көп шығарма жаздырады. Бұл құр сөз емес, өз басым үш мектеп ауыстырған болсам, соның бәрінде осы жайтқа тап болдым. Кей жерде көп, кей жерде аз жаздық, әйтеуір өте көп жаздық.

Мен оқыған мектептің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аршагүл апай шығармаға деген айрықша махаббатымен ерекшеленді. Біз стахановшылардың қарқынымен жұмыс істеп, аптасына екі-үш шығарма жазатынбыз. Әр жолы он екі парақты дәптер алып келіп, оның кемінде он бетіне шығарма жазатын болсақ қана жақсы бағаға үміткер бола алатынбыз.

Тақырып абстрактілі немесе «Мен жазғы демалысымды қалай өткіздім?» деген сарында болған жоқ. Негізінен, біз махаббат эпостары («Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Еңлік–Кебек» т.б.), батырлар жыры мен қазақ жазушыларының шығармалары («Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» т.б.) бойынша кандидаттық диссертация іспеттес еңбектер жазумен әлек болдық. Бірақ оқытушыға шығарманың өзінен гөрі басындағы эпиграфтар көбірек ұнайтын. Эпиграф ретінде біреудің ұлық сөздері, зерттеушілердің пайымдаулары, басқа жазушылардың пікірлері жарай беретін.

Сыныпта 25 адам оқыдық. Айталық, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» тақырыбында жазсақ, махаббат эпосы жайлы 25 түрлі эпиграф табуымыз керек еді.

Бастапқыда бірдеңе етіп ебін табатынбыз. Сыныптың игі жақсылары кітапханадан шықпай, ынтамен белгілі бір әдебиетке қатысты бетке ұстар авторлардың ойлары мен пікірлерін іздестіріп отыратын. Ол кезде бізде Интернет деген атымен болмады. Әлемнің озық елдерінде болған нәрсенің бізге әлі аяғы жетпеген заман еді.

Ақыр соңы кітапхананың барлығымызды эпиграфтармен қамти алмайтын уақыты да келді. Не істеу керек?

Сол кезде «Бұл эпиграфтарды неге өзім жазбасқа?» деген ой келді. Амал жоқ, өзімді Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, Сәбит Дөнентаевтардай елестетіп, солардың атынан махаббат тақырыбына, батырлар жырына, өмір туралы романдарға ой-пікір жазып, эпиграф ретінде қолдана бастадым. Бір күні сыныптастарым оны біліп қойып, маған кезекке тұратын болды. Сол кезден бастап шырын, чебурек, алмаалмұрттармен есеп айырысатын болдық.

Оқытушы эпиграфтарды оқығанда қатты қуанды. Бізді шығарма үшін емес, «ізденіп» тапқан эпиграфтарымыз үшін көбірек мақтайтын. Кейбір жазған эпиграфтарымды қайта оқығанда: «Тіпті, астында аты-жөні көрсетілген ақын, жазушылардың өздері де менен артық жаза алмай ма» деген ойлар да келетін.

Біраз уақыт өткен соң тағы бір мәселеге тап келдік. Қазақ жазушылары мен ақындарының, академиктерінің, әдебиеттанушыларының орнына өзімді қойып, есімі белгілі, белгілі еместерінің барлығының аттарын тізіп шығыппын. Енді не істейміз? Эпиграфтарды шексіз ойлап құрастыра беруге болады, ал олардың авторларының есімдерін қайтеміз? Біршама уақыт бойы эпиграфқа тапсырыс беруші оқушылардың әкелерінің есімдерін қолдандық. Мәселен, Пернебек Зұлымбекұлы. Бірақ, мұнымен де мәселенің шешілмейтіні түсінікті.

Тығырықтан жол табу мақсатында анықтамалықтарды ақтарып, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары тізімін тауып алдым. Сөйтіп, көп ұзамай шетелдік ақын-жазушыларды да қазақ әдебиеті туралы сөйлеткіздім. Хосе Эчегарай-и-Эйсагире[5], Джозуэ Кардуччи[6], Грация Деледда[7], Уильям Фолкнер[8], Иосиф Бродский[9] және тағы басқалары мен құрастырған эпиграфтардың авторы атану үшін үлкен кезекке тұра бастады. Әлі күнге дейін аттары есімде қалыпты. Сол кездегі Нобель сыйлығы лауреаттарының тізімінде жүзге жуық есім бар болған. Бір күні оларды да түгендеп бітірдік.

Енді не істеу керек? Әлгі анықтамалықта басқа салалар бойынша лауреаттардың тізімдері де бар еді. Келесі кезекте қазақ әдебиеті жайлы бейбітшілік саласына тағайындалатын Нобель сыйлығының лауреаттары сөйлей бастады. Ригоберта Менчу[10], Аун Сан Су Чжи[11], Оскар Ариас Санчес[12], барлық құқық қорғаушылар, саясаткерлер, бітімгерлер қазақ әдебиеті жөнінде пайымдамалар айта бастады. Ең қызығы, эпиграфтардың астында ашық түрде «Аун Сан Су Чжи, мьянмалық құқық қорғаушы», «Джордж Маршалл[13], АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы» деп белгілейтін болдым. Осы сынды эпиграфтарды көргенде, керісінше оқытушының мақтаулары қарша жауатын («Жарайсың, міне, осылай іздену керек!»), кейбір сыныптастарым менің арқамда тіпті бір шығарма үшін бірнеше «бес» деген баға алатын. Маразм күшейе түсті, соған қарамастан мақтаулар да көбейе берді.

Эпиграфтардың конвейерлік өндірісі менің басқа мектепке ауысуыммен тоқтады. Физикадан, химиядан, медицинадан Нобель сыйлығының лауреаттары атанғандар қазақ әдебиетін талқылауға сол қалпы араласа алмай қалды. Өкінішті, әрине. Олардан кейін «Оскар» сыйлығын жеңіп алған актерлер да кезекте тұр еді.

Осы әңгіменің тобықтай түйініне келер болсақ, басшылықтың шешімдері тек нәтижеге бағытталмай, парасаттылықты да ескеруі керек. Әйтпесе бұл шешімнің күннен-күнге қадірі қалмай, адамдардың депрессивті күй кешуі әбден ықтимал.

Айтқандай, әйгілі шотланд жазушысы Вальтер Скотт та эпиграфтарды ойдан шығарып, олардың астына танымал адамдардың есімдерін жазып, романдарында кеңірек қолданыпты. Қазіргі жазушылардың ішінде осы әдісті Орхан Памуктің[14] туындыларында кездестірдім. Кім біледі, өмірім басқа жолмен кеткенде менен әлемге танымал жазушы да шығып қалар ма еді?

 

АҚШ президентінің жылдам оқу туралы бес кеңесі

Менен жылдам оқудың құпиясын жиі сұрайды. Шынымды айтсам, ол туралы ешқашан ойланбаппын. Бастауыш сыныптарда мәтінді уақытқа оқытатын. Менің көрсеткішім әрдайым алда болатын және бір минутта ең көп оқығаным 320 сөз болды. Адам минутына, орташа есептегенде, 120–180 сөз оқиды. Жылдам оқудың әдістерін меңгерген оқырман жылдамдығын үш-төрт есе арттырып, минутына 600 сөзді емін-еркін оқи алады екен. Біреулер бұл көрсеткішті мың сөзге дейін жеткізе алады, бірақ бұл жағдайда оқыған мәтін дұрыс қабылданбайды деп айтуға негіз бар, яғни ондай адам кітапты оқымай, тек қарап шығады десе болады.

Көптеген танымал тұлғалар жылдам оқудың техникасын қалыптастыруға талпынған. Мәселен, француз жазушысы Оноре де Бальзак өзінің әдісі туралы былай депті: «Бір қарағанда, көзіммен 7-8 жолды іліп алып, оның мағынасын санам көз жылдамдығына пара-пар жылдамдықпен қабылдайтын. Жалғыз бір сөздің арқасында бүкіл сөйлемнің мағынасын жиі ұғып алатынмын». Бальзак жарты сағатта қалыңдығы орташа романды еркін сіміріп алатын болған деген пікір бар. Наполеон Бонапарт минутына 2000 сөз оқыды деген де аңыз бар.

Кітаптың саны үшін оқуды дұрыс деп санамаймын, ұнайтын кітапты оқып, оқығанды тоқып, пайдасын іс жүзінде тексерген дұрыс деп ойлаймын. Десе де, жылдам оқудың құпиясына қатысты сұрақтың орынды екенін мойындаймын. Өзім жылдам оқуды мақсат тұтпасам да, бір жерде АҚШ-тың ең жас президенттерінің бірі Теодор Рузвельттің осы бойынша кеңестерін оқыған едім. Кей кездері оны қолданатыным бар, мойындау керек, көмектеседі.

Теодор Рузвельттің қандай президент болғанын Интернеттен тауып оқып аларсыздар, осы жерде алдымен оның қандай оқырман болғанына тоқталайын. Сақталған деректер мен естеліктерге сүйенсек, жұмысы көп болғанына қарамастан, ол таңғы асқа дейін бір кітап, кеште тағы бір-екі кітап оқып үлгеретін болған екен. Шет тіліндегі әдебиетті де осылай жылдам оқыпты. Бір минутта екі-үш бет оқып, оқығанын есте жақсы сақтай біліпті.

Оның: «Меніңше, кітап оқу – нағыз дерт» деген сөзі де бар. Бірде саясаткердің досы, жазушы Оуэн Уистер Ақ үйдегі ресми кешкі астың дәл алдында оған кітап береді. Уистер қонақтарға арналған жекежайда түнеп, ертесіне таңғы асқа келсе, президент кешегі кітапты жазушымен талқылай бастайды. «Кешкі алтыдан таңғы сегіз жарымға дейін, ресми кешкі ас, қонақтармен әңгімелесу мен ұйқы арасында қалыңдығы 300 беттен асатын кітапты оқып үлгеріпті және мазмұны қамтыған маңызды жерлерінің ешқайсысын қалдырмапты», – деп жазады Уистер.

Теодор Рузвельт қызығушылықтары барлық саланы қамтыған, сондықтан болар ол тек бір жанрда жазылған кітаптармен шектелмепті. Оның биографы Эдмунд Моррис президент Фукидидтің тарихынан бастап, «Римус ағайдың ертегілеріне» дейін барлық кітапты оқи бергенін жазады.

Жазушы Дэвид Маккалоу былай дейді: «Бірде Дакота аумағында қатты қыс болды, Теодор Рузвельт қолдан жасалған қайық үстінде Кіші Миссури өзенімен оның қымбат қайығын ұрлап кеткен қарақшыларды қуалап түсіп келе жатты. Бірнеше күн өткен соң, оларды қуып жетіп, сенімді винчестерінің арқасында басымдыққа ие болып, қарақшыларды тұтқынға алады. Рузвельт қарызға алынған жабық арбаға тұтқындарып салып, оларды сотқа жеткізу үшін жолға шығады. Олар қар басқан Бедлендс шөлі арқылы Дикинсондағы рельс бастауына дейін жүреді. Рузвельт 40 миль (64,37 шақырым) жолды толығымен жаяу жүріп өтеді. Бұл таңғажайып ерлік еді, Рузвельттің оқиғаға толы өміріндегі шешуші сәт деп айтуға болады. Бірақ, ең маңыздысы, оның сол жолда «Анна Каренинаны» толық оқып шыққаны. Адамдар кітап оқуға уақыты жоқ екенін айтқанда, мен әрдайым осы туралы ойлаймын».

Өзінің ойлап тапқан жылдам оқу әдісінің арқасында президент өмірінде он мыңдаған кітап оқыған деседі. Соларға нақтырақ тоқталсақ:

1. Мәтінді оқығанда, оны іштей оқуды ұмыту керек. Бұл әдет бізде жас кезімізде, енді оқып үйреніп жатқанда және әрбір сөзді дауыстап оқығанда қалыптасады екен. Кейбір адамдар оқығанда балалық шағындағыдай ернімен жыбырлауды да қалдырмайды. Көп оқырманның оқып жатқан мәтінді іштей қайталау әдеті ешқайда жоғалмайды. Сөздерді ойда айтуды субвокализация дейді және ол оқу барысын қатты тежеуі мүмкін. Оның жылдамдығы, әдетте, кәдімгі сөйлегендегіміздің жылдамдығымен бірдей. Әрбір сөзді ойда оқудан арылуға болады, ол үшін сөзді дыбыстық танудан оның визуальды бейнесін тануға ауысу керек. Егерде болмай жатса, онда кітап оқып жатқан сәтте ойда санап немесе «а-е-и-о-у» дауысты дыбыстардың ретін іштей айта бастаған дұрыс. Осының арқасында мәтінді ауызбен емес, көзбен оқып үйренесіз және оқу жылдамдығыңыз артады.

2. Оқып кеткен жерге оралмау. Көп адам оқып кеткен жолды немесе сөздерді қайталап оқиды. Көп жағдайда олар бұны бейсаналы түрде жасайды. Бұл әдеттен сұқ саусақтың көмегімен арылуға болады: сұқ саусақпен оны алмай, жол бойымен жүргізіп отыру керек. Сонда көз саусақтың ізімен қозғалып, оқылған сөйлемдерге қайтып оралмайды. Саусақпен сіз оқығаннан гөрі жылдамырақ жүргізген абзал.

3. Оқу барысында бір сөзден екіншіге көшпей, көзбен бір топ сөзді қамтып оқу керек. Бұл дағдыны перифериялық көруді жаттықтыру арқылы қалыптастыруға болады. Ол үшін екі параллель сызықпен парақ үш бөлікке бөлінеді, сызықтар арасындағы қашықтық шамамен жеті сантиметр болуы керек. Оқыған кезде сызықтар арасындағы сөздерге ғана қарап, перифериялық көрумен олардың сыртындағы мәтінді қамтуға тырысу керек.

4. Диагональмен оқу. Бұл әдістің мәні мынада: бірінші жол толығымен әдеттегідей оқылады, екінші жолды оқығанда, көзбен бірінші жолдың соңынан үшінші жолдың басына жылжу керек. Бірте-бірте диагональ нүктелері арасындағы интервал өсе береді, мәселен, бес жолға дейін жетуі мүмкін.

5. Қарап шығу немесе үстірт оқу. Кез келген мәтінде оның мағынасын ашатын негізгі сөздер бар. Бас назарды соларға аударып, қалғанын көз жүгіртіп қарай салуға болады. Салмақты ой, тұщымды пікірге кідіріп, қызметтік сөздер мен канцеляризмдерді өткізе салса артық етпейді. Мазмұнымен алдын ала танысып алу кітапта не туралы айтылатынын анықтап, мәтінді жақсырақ қабылдауға мүмкіндік береді.

Кітапты жылдам оқу уақыт үнемдеумен байланысты болса, онда оның ең тиімді тәсілі – кітаптың мазмұнымен танысып, түкке жарамайтынына көзің жетсе, оны оқудан бас тарту. Бұл енді менің кеңесім.

 

Бір кем дүние...

Бала кезімде үйде «Общество книголюбов» деген жазуы бар кеңес заманында басылған төсбелгілер жатушы еді. Қазір жәдігер болып көрінеді. Тәуелсіз заманымызда сондай бір төсбелгі баспағанымыз алаңдатады. Қазір сондай қауымдастықтар бар ма екен?..

 

ЕКІНШІ ТАРАУ

КІТАП ТАҢДАП ҮЙРЕНУ

 

Саясаткер Мәулен Әшімбаевтың кеңесі

Бірде Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевпен Астанадағы кеңсесінде кездестім. Екеуміз шай ішіп отырмыз. Ол кісі әңгіме барысында: «Қазір қандай кітап оқып жүрсің?» – деп сұрады. Мен оқып жатқан кітаптарымды айттым. Осы кезде қазақтың этнографиясына қатты көңіл бөліп жүргенмін. Кітапханамда тарихымызға қатысты дереккөздер жинағаным бар еді. Елдің өткенін білмей, оның болашағы туралы пайымдау мүмкін емес деген пікірде болатынмын.

Мәулен Сағатханұлы айтқандарымды тыңдап отырды да: «Өткенді білген жақсы, бірақ біз саясаттанушы болған соң, тек өткенімізді қазбалай бермей, бүгінгі күні шығып жатқан зерттеулерге де көбірек көңіл бөлгеніміз маңыздырақ», – деді.

Сөзі өтімді болу үшін соңғы жылдары шыққан Фарид Закарияның The Post-American World және The Future of Freedom: Illiberal Democracy at Home and Abroad кітаптарын, Фрэнсис Фукуяманың The Origins of Political Order: From Prehuman Times to the French Revolution және Томас Пикеттидің Capital in the Twenty-First Century еңбектерін оқып шығуға кеңес берді.

Әңгіме барысында ол кісі соңғы кездері қазақ және орыс тілінде кітап оқығанды қойғанына бірнеше жыл болғанын, содан бері тек ағылшын Кітап таңдап үйрену тіліндегі еңбектерді ғана оқып жүргенін айтты. Мұны әуелі біздің мамандығымыз бойынша ең өзекті еңбектердің басым бөлігі бүгінде, негізінен, ағылшын тілінде шығатынымен түсіндіруге болады. Әлемде жылына жүз кітап шықса, соның сексені ағылшын тілінде. Есесіне, олардың біраз бөлігі (қазақ тілін қоспағанда) орысшаға аударылмайды, аударылғанның өзінде арасында бірер жыл өтеді. Мәселен, осы жолдарды жазып жатқан кезімдегі оқып жүрген Мойзес Наимнің «Конец власти» еңбегі ағылшын тілінде алғаш жарияланғаннан кейін орыс тіліне үш жыл өткен соң ғана аударылды. Үш жылда әлем жаңа, ақпараттың өзі тез ескіреді. Мәулен Сағатханұлы менің ағылшын тілінде көбірек оқуыма кеңес берді.

Ол кісіден: «Ағылшын тілінде оқып үйрену қиынға соқпады ма?» – деп сұрағанымда: «Мен жанымды қинадым, осындай жауапты қызметте отырғандықтан [сол кезде Мәулен Сағатханұлы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болатын] ағылшын тілінде шығып жатқан ғалымдардың кітаптарындағы жаңа әлемдік концепцияларды білуге міндеттімін ғой», – деп жауап қайтарды. Шетелге іссапарға шықса, бір сөмке кітап арқалап келетінін де жасырмады.

Әңгіме соңында әлем келбетінің ауысуына ықпал етіп жүрген дүниежүзіндегі мықтылардың, соның ішінде, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы миллиардер Марк Цукербергтің кітап тізімдеріне көңіл аударып жүру маңыздылығын атап өтті. Содан соң: «Күніне кем дегенде жарты сағат уақытыңды кітап оқуға арнауды ұмытпа», – деді.

Мәулен Сағатханұлынан кітап оқуға байланысты осындай көп пайдалы кеңестерді алудың өзі бір ғанибет деп білемін.

 

Елбасының кеңесі

Данат деген танысым Елбасымен кездескен болатын. Кездесу барысында екеуі кітап тақырыбын талқылапты. Танысым да қолынан кітапты тастамайтын жігіт. Әсіресе ағылшын тілінде көп оқиды. Елбасы оған The New York Times бестселлерлері тізіміндегі кітаптарды ылғи қарап жүруге кеңес беріпті. Президенттің бұл кеңесіне мен де құлақ асуға тырысатын болдым.

 

«Абай жолын» оқу міндетті емес

Мен үш мектеп ауыстырдым. Барлық жерде қазақ әдебиетін оқытқан ұстаздар өз пәнінің «фанатиктері» болды. «Абай жолын» оқымаған қазақ қазақ емес», – деуші еді Күлмесхан апай. Ол кісі шынымен де ешқашан күлмейтін. Меніңше, осылай намысқа тиюдің арқасында ұлы ақынымыз туралы эпопеяны оқитын шығарсың, әйтсе де баланы бұлай ынталандыруға болмайды. Сол сөздерден соң мен «Абай жолы» жазылғанға дейін өмір сүрген қазақтардың жағдайына жаным ашып, олардың қазақ болып өте алмағандығына жүрегім ауыратын. Яғни, мұғалімдер психологиялық тұрғыдан баланы дұрыс бағыттамайды. Кітап оқуға баулуды осындай тілдік конструктілер арқылы жүргізбеу керек.

Менде романның төрт томдығы бар. Мұғалімдерімнің әлгі айтқан сөздерінен кейін бірталай жыл өтсе де, бір томнан аса алмадым.

«Абай жолы» романын оқу міндетті деп санамаймын. Тура солай әрбір орысқа да Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын оқу да міндетті емес деп ойлаймын.

Орыстың ұлы жазушысының тағы бір романы «Анна Каренинаны» оқып отырып, оның бітуіне жиырма бес беттей қалғанда, шыдай алмай, жаптым. Бұл кітаптың маған түк те қызық емес екенін түсіндім. Бас кейіпкердің, оның айналасындағылардың болмысы, ойлары мен үшін түсініксіз болғанына көзім жетті. Әрине, Лев Толстой өзі өмір сүрген замандастардың тап-табымен психологиясын, әдеттерін, ойларын жақсы сипаттап берген.

Кітап дегеніміз – өткен замандарда өмір сүрген адамдардың келер ұрпақпен тілдесу, сырласу құралы. Мың жерден тырысып бақсаң да, өткен дәуірлердің атмосферасын, ерекшеліктерін, ол кезде өмір сүрген адамдардың менталитетін ұғына алмайсың.

Заман ауысқан сайын киім, әбзел, тұрмыстық заттардың атаулары да өзгереді. Көп нәрсе уақыт өте қолданыстан шығады. Сондықтан өткеннің кітаптарын оқи отырып, қандай заттар туралы айтылып отырғанын, оны қалай пайдаланғанын, не үшін қолданғанын тағы түсіне бермейсің. Тілдің өзі де ғасырлар өте өзгеріске ұшырайды. Мәселен, Шекспир заманында punk сөзі «жезөкше» дегенді білдірсе, өткен ғасырда субмәдениет өкілдеріне қатысты қолданыла бастады.

Қай заманды алып қарасақ та, жазушылардың көтеретін тақырыптары – адамзаттың фундаменталды құндылықтары. Бастысы осы.

Ақ пен қараны ажырату үшін Сенеканы не Шекспирді оқыдың ба, қазіргі замандасыңның кітабынан нәр алдың ба, еш айырмашылығы жоқ. Маңыздысы – оқыған авторың айтып отырған фундаменталды құндылықтардан хабардар болуы керек.

Апулей Рим империясы заманындағы тілмен сөйлесе, Абай өз заманының тілімен сөйлейді, қазіргі сенің замандасың сен түсінетін тілде сырласады. Бірақ үшеуінің де көтеріп отырған мәселесі бір.

Меніңше, филологиялық, мәдени және басқа да айырмашылықтарға басты қатырмай, өз замандасыңды оқыған жеткілікті. Бірақ замандас жазушың өзің оқымаған Сенеканы, Апулейді, Әуезовті оқуы шарт. Себебі, бұл – оның кәсібі. Олар жазған дүниелерді іштей қорытып, бойына сіңіріп, әр заманға ортақ құндылықтарды сенің тіліңде жеткізуі керек.

Оқыма демеймін, өз еркіңізде, бірақ оқу міндетті емес деп санайтынымды тағы бір қайталаймын.

 

Сәнге айналған кітаптарға сене бермеңіз

Кез келген кітап дүкеніне кірсең, бірден көзге түсетіні – өзіңді-өзің дамыту, сұмдық мотивацияны иелену, позитивті болып, күліп жарқырап жүруге қатысты әдебиеттер жинақталған сөрелер.

Бұл – тренд, жай ғана сән. Осыдан кейін күліп жүрмейтіндер табысқа жете алмайды деген пікір қалыптасуы мүмкін. Алайда адамның темпераменті әртүрлі. Осы тақырыпта жазылып жатқан кітаптар қаншалықты пайдалы? Әлде зиян тұсы басым ба?

Шетелдік бір сайтта қызық мақаланы оқығаным бар[15]. Ол жерде қазіргі қоғамның позитив көңіл күйді сақтауға қатты алаңдайтынын, мәдени үрдістердің адамдарды бақытты болу идеясына көсілуге алып келгені туралы жазыпты. Иә, қазір адамдар осы тақырыпта жазылған кітаптарды сатып алып, өзін-өзі жетілдіру тақырыбында шебер-сыныптарына барып, әлеуметтік желілердегі парақшаларында мотивациялы сөздерді жариялағанды әдетке айналдырды.

Мақалада бүгінгі күні бақыт бойынша сарапшының (батыс қоғамындағы әңгіме ғой, бізге әлі жете қоймаған) көмегіне жүгініп, түрлі менталды тәжірибелерді зерттеп, мобильді қосымша арқылы ішкі ризашылыққа қол жетуге болатыны туралы айтылыпты.

Бүгінгі таңда АҚШ-тың миллионнан астам әскерилері позитивті психология курсынан өтіп жатса, Ұлыбритания мектептерінде оптимизмді оқытады екен. Ал халықтың әл-ауқаты жалпы ішкі өніммен қатар «бақыт индексі» арқылы да өлшенетін болды.

Автор пессимистердің келіссөздер жүргізуде табысқа жиірек жететінін атап өтіп, олардың шешім қабылдауда көреген болатынын айтады. Есесіне, бұладамдар жүрек ұстамасына азырақ шалдығады екен. Тағы бір қызығы, циник адамдардың некесі берігірек, айлығы көбірек, өмірі ұзағырақ болатыны айтылыпты. «Естімеген елде көп» деп осыны айтыңыз

Ал жақсы көңіл күйдің өз кезегінде кемшіліктері де аз емес болып шықты: ол мотивацияның азаюына әкеліп, ұсақ-түйектерге зейінді кемітіп, адамды сенгіш әрі эгоистке айналдырады екен.

Оптимистердің ішімдікке, артық тамақ жеуге және жыныстық қатынастарға құмарлығы артығырақ болатыны да анықталыпты.

Мақала авторы «Неге осылай болады?» деген сауал тастап, оған өзі: «Себебі, біздің сезімдеріміздің нақты қолданысы бар», – деп жауап береді.

Ыза, мұң және пессимизм адамның бақытсыз, сәтсіз екенін аңдатпай, керісінше, бұл сезімдер пайдалы қызмет атқарып, эволюция барысында бізге тірі қалуға көмектесу үшін дамыған көрінеді.

Ньютон тым ренжігіш әрі кекшіл, Бетховен жанжалқой, сотқар болса керек. Кемеңгерлік ашушаңдықпен бірге берілетін секілді. Мақала авторы осының мысалын бүгінгі күні де кездестіруге болатынын айтып, Кремний алқабында жұмыс істейтіндердің бір сарасын атап өтеді. Мәселен, Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос қызу мінезді әрі ашуға булыққанда адамға тіл тигізуден де тайынбайтынын айтады.

Амстердам университетінде қызмет ететін Маттийс Баас 2009 жылы тәжірибе жасапты. Ерікті студенттерді жинап, ғылым үшін олардың ашуын қоздыруға бел буады. Бір топқа: «Көңіліңізге тиген сәтті немесе оқиғаны еске түсіріп, сол туралы эссе жазыңыздар», – деп тапсырма беріпті. Бұл олардың ашуын сәл ғана келтіреді. Бірақ қатты ызалана қоймаса керек. Екінші топқа мұңаюды тапсырыпты.

Ашу мен ыза ағзадағы ресурстарды жұмылдыруға дайындайды. Бұл сезімдер адам қиын жағдайға ұшырағанда күйін нақты бағалауға әсер етіп, оған жағдайдан шығу үшін қуат береді екен.

Содан соң екі топтағы қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін байқамақ болып ойын ұйымдастырады. Он алты минут ішінде олар психология факультетінде оқытуды жақсартуға бағытталған неғұрлым көп ұсыныстар жасау керек болыпты. Басында болжағандай, ашуланған студенттер көбірек идеялар айтып, олардың ұсыныстары жаңашыл, басқалардың ұсыныстарымен ұқсастығы бір пайыздан төмен көрсеткіш көрсетеді.

2010 жылы ғалымдар тәжірибе жасап, ашуды басып тастау (қазіргі сәнге айналған кітаптар осы туралы айтпаушы ма еді?) жедел жүрек жеткіліксіздігінің ықтималдылығын үш есе арттырып, қан қысымының көтерілуіне әкелетінін дәлелдей алыпты.

Нью-Йорк университетіндегі Габриэль Оттинген қызметке кіріскен президенттердің сөздерін талдап, солардың ішіндегі позитивті сөздер ақырында сол президенттер билікте отырғанда жұмыссыздықтың өсуі мен ЖІӨ азаюына әкеліп соқтыратынын анықтаған (кез келген сәйкестіктер кездейсоқ).

Қысқасы, осылай екен. Егерде сіз күле бермейтін және күле білмейтін Күлмесхан болсаңыз, қам жемеңіз. Жүрегіңіз жақсы соғады екен. Мен де жөндеп күле алмаймын, езулерім қатты созылмайды.

Сайып келгенде, қазіргі таңда сән болып отырған кітаптар бір күндік қана.

 

Мотивациялық кітап авторлары туралы нені білу керек?

Жоғарыдағы әңгімеге тұздық болсын. Интернетте рас-өтірігі белгісіз мынадай бір ақпарат жүр. АҚШ-та «Некені қалай сақтап қалу керек?» атты кітаптың авторы әйелін атып өлтіріп, фейсбукта мәйіттің суретін жариялапты-мыс. Ал Дейл Карнеги болса жалғыздықта дүние салса, Бенжамин Споктың ұлдары әкесін қарттар үйіне тапсырмақшы болып, Мария Монтессори ұлын бала асыраушы отбасыға тапсырыпты. Себебі, ол өзінің бұл дүниедегі мақсатын «өзін бөтен балаларға арнау» деп санапты-мыс. «Қалай бақытты болу керек?» бестселлерінің авторы депрессиядан асылып қалыпты-мыс. Мотивация туралы кітаптар, жекетұлғалық өсу тренингтері, сайып келгенде, заманымыздың өнімі, түлкінің боғы.

 

Франклді оқысаңыз жеткілікті

Осыған орай тағы бір айтарым, мотивацияңыз жетпей, оны жүздеген кітаптардан іздеуге бел бусаңыз, көп уақыт жоғалтпай, бір ғана кітапты оқып шықсаңыз жеткілікті. Бұл кітап – жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген австриялық психолог Виктор Франклдің «Сказать жизни «Да»: психолог в концлагере» атты еңбегі. Қалың кітап емес және пішіні де шағын, бар-жоғы екі жүз беттей ғана. Бұл кітапты оқыған кез келген адамның мотивация тақырыбында ешқандай сұрағы қалмайды деп ойлаймын.

Франкл нацистердің концентрациялық лагерьлерінің тұтқыны болған адам. Ол Венада еврей отбасында дүниеге келіп, жас кезінен психологияға қызығушылық таныта бастаған. Вена университетінде медицинаны оқып, кейін неврология және психиатрия саласын таңдап, депрессия мен суицидтің психологиясын терең зерттейді. Он тоғыз жасында Sozialistische Mittelschьler Цsterreich мектебінің президенті болып, студенттерге аттестат алу кезеңінде қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама жасайды. Франкл осы қызметінде жүргенде Вена студенттерінің арасында бірде-бір рет суицид фактісі орын алмаған екен.

Австрияны нацистік Германия басып алар алдында психолог Венадағы клиникалардың бірінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу бөлімін басқарып жүреді. Сол жерде жүргенінде өз-өзіне қол жұмсау қаупі бар отыз мыңнан астам әйел ол емдеген науқастардың қатарында болады. Алайда 1938 жылы фашистер басып кіргенде, Франкл еврей болғандықтан, оған науқастарды емдеуге тыйым салады.

Аншлюс Австриядағы еврейлерге үлкен қауіп алып келді. Франклдің АҚШ-қа қоныс аударуына мүмкіндігі болады. Бірақ ол ойланбастан одан бас тартқан. Өйткені, Америкадан тек жалғыз өзіне ғана шақыру келеді. Әйтсе де ғалым тума-туыстарын, қартайған ата-анасын тастап кетуге бармайды. Австриядан кетіп қалғанда, он бес жыл бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде жазылып жатқан кітабын аяқтауға мүмкіндігі бар еді.

Фашистер Франкл мен оның жақындарын 1942 жылы қамауға алып, концлагерьлерге айдап жібереді. Он бес жыл көлеміндегі зерттеулерінің нәтижесі жазылған қолжазбаны фашистер өртеп жіберген.

Концлагерьлерде психолог екі жарым жылға жуық уақыт бойы тұтқында болады. Сол жерге түскенге дейін ғалым өзінің негізгі ойларын тұжырымдап, өмір мәнін іздеу адамның жан денсаулығының кепілі екенін болжап жүрсе де, идеяларын іс жүзінде тексеріп көру тағдыр тәлкегімен тек осы концлагерьлерде ғана мүмкін болады.

Психолог концлагерьде жаңадан келіп жатқан тұтқындарға психологиялық жәрдем көрсетуді қолға алады. Мақсаты – оларды алғашқы шоктан арылту еді. Франклдің концлагерьде жасырын ұйымдастырған психологиялық көмек көрсету тобы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алып отыруға тырысады. Сонымен қатар тұтқындар арасында өз еркімен бұл дүниемен қош айтысқысы келіп жүргендер туралы хабарлап тұратын ақпарат қызметін де ұйымдастырады.

Концлагерьдегі тәжірибесіне сүйеніп Франкл өзінің логотерапия ілімін, яғни психотерапиялық жәрдем көрсету әдісін қалыптастырады. Психолог адам тек ләззат алып, билікке ғана ұмтылмай, сонымен қатар өмірдің мәнін түсінуге талпынады дейді. Лагерьде психотерапия жүргізу тұтқындар өмір мәнін іздегенде ғана оң нәтижесін береді. Осындай ауыр жағдайдағы адам үшін бұл мән шартсыз болып, өзінде тек өмір мәнін ғана емес, оның азап шегуі мен өлімінің де мәнін қамту керек болады. Лагерьдегілер Франклге: «Лагерьден аман шығамыз ба?» және «Мына азап пен өлімнің мәні бар ма?» деген екі сұрақты жиі қойып жүреді. Бірінші сұраққа теріс жауап адамдардың көбісіне азап шегу мен тұтқыннан аман шығудың мәнін жойса, екінші сұраққа теріс жауап аман қалуға талпынудың өзін мәнсіз етіп тастайтын болады.

Өмір мәнін жоғалтпаған тұтқындар түңілген тұтқындарға қарағанда қиыншылықтардан жеңілірек өтетінін байқайды. Франкл «Өмір мәні – адамның ең басты мотивациясы» деген қорытындыға келеді.

Франклдің әйелі мен анасы концлагерьде өлтіріліп, әкесі өкпе қабынуынан солардың бірінде көз жұмады. Тек әпкесі ғана аман қалған.

1945 жылдың 27 сәуірінде психолог ғалымды америкалықтар азат етеді.

Соғыс аяқталған соң Франкл Венаға қайтып оралып, сол жерде жұмыс істейді. Тозақта өткен үш жылының тәжірибесін «Психолог в концлагере» еңбегінде жазады. Бұл кітапты ғалым соғыстан бұрын бастаса да, оны лагерьде жүріп тәжірибе жүзінде алынған қорытындыларымен толықтырады. Былайша айтқанда, екі жарым жыл бойы кітапты ойында «жазады» және бұл жұмысты аяқтап, оны жариялау ғалымның аман қалуға талпынуына бірден-бір мотивациясы болады.

Франкл концлагерьдің тозағынан өтіп, өміріне ешқандай кепілдік болмаса да, мотивациясын жоғалтпай, тіпті басқа тұтқындардың да уәжін тауып беруге тырысқан. Мотивация туралы кітап іздесеңіз, Франклдің еңбектерінен артық еңбек таппайсыз. Өйткені, олардың дүниеге келуінің құны өте жоғары болды. Сол себепті мотивацияны арттыру тақырыбындағы бүгінгі шығып жатқан кітаптар футболдың үшінші лигасындағы клубтар сияқты.

Виктор Франклдің «Сказать жизни «Да»: психолог в концлагере» кітабынан бір үзіндіні келтірейін:

«... Ішкі сүзгісін жоғалтқан адам тез бұзылады. Оны сергітетін барлық іс-қимылдың ол қабылдамайтын фразасы, әдетте: «Менің мына өмірден күтетінім жоқ». Бұл жерде не уәж айта аласың? Қалай қарсылық білдіресің?

Барлық қиындық өмірдің мазмұны жайлы сұрақтың басқаша қойылу қажеттілігінде. Мәселе біздің өмірден нені күтетіндігімізде емес, ол бізден не күтетіндігінде екенін өзімізге үйрету мен күмәнділерге түсіндіру керек. Философиялық тұрғыда айтса, бұл жерде коперникше төңкеріс жасау қажеттігі: біз өмірдің мәнін сұрамауға міндеттіміз, тиісінше бұл сұрақ бізге бағытталған – өмір күн сайын және сағат сайын сұрақтар қояды және біз оларға сөзбен не оймен емес, іспен және дұрыс мінез-құлықпен жауап беруіміз қажет. Өйткені, өмір сүру – ақыр аяғында әрбір күн мен сағат сайын істелуге тиіс өмірдің қойған талаптарын дұрыс орындауға жауапкершілікті алу.

Бұл – талаптар. Ал олармен бірге болмыстың мәні әртүрлі адамдар мен өмірдің әрбір сәттерінде әрқилы. Демек, өмірдің мәні жайлы сауалдың ортақ жауабы болмайды. Өмір, біз оны мұнда қалай түсінеміз? Ол көмескі, бұлдыр дүние емес – анық, олардың біздерге әр сәттегі талаптары да мейлінше айқын. Бұл айқындық адамның тағдырына тән: әркімде ол бірегей және қайталанбас. Ешбір тағдырды басқасымен салыстыруға келмейтініндей, бірде-бір адам келесісіне ұқсамайды және бірде-бір жағдай дәл солай қайталанбайды – әрқайсысы адамды бөлек іс-қимылға шақырады. Демек, өмір мәні жайлы сауал ортақ бола алмайды. Айқын жағдай – одан өз тағдырына белсенді әрекет етуді талап етіп, бағалы дүниелер жайлы ойды жүзеге асыру мүмкіндігін пайдаланып (мәселен, рақат алу), жай ғана өз тағдырын қабылдауды қалайды. Сондай-ақ әрбір жағдай жалғыз, бірегей болып қалады және осы бірегейлігімен, айқындығымен сұрақтың бір ғана жауабын қалдырады. Ол – дұрыс. Тағдыр адамға қайғы үлесін салған екен, ол бұл қайғыдан оларды өзінің қайталанбас міндетіне ауыстыра алуы тиіс. Ол өз қайғысының бірегейлігін түсінуі шарт. Өйткені, жержүзінде бұған ұқсас ештеңе жоқ. Ешкім оны бұл қайғыдан құтқара алмайды және ешкім де онымен бірге сол қайғысын сезіне де алмақ емес. Алайда осындағы секілді, бұл тағдыр кімге беріліп, өз қайғысын құраса, қайталанбас ерліктің бірегей мүмкіндігі туады.

Біздер үшін концлагерьде мұның бәрі дерексіз дәлел болмады. Керісінше, мұндай ойлар әрі қарай шыдауға көмектескен жалғыз дүние болды. Өмір сүруге ешқандай мүмкіндік қалмаса да, берілмеу және торығуға салынбау керек. Біздер үшін өмірдің мәні жайлы сауал шығармашылық тұрғыда қойылған міндеттердің орындалуынан ауылы алыс болды. Жоқ, әңгіме өмірдің толықтығымен, яғни өзіне өлімнің қосылуы жайында еді. Ал мазмұнның астарында тек қана «өмірдің мәнін» ғана емес, қайғы мен өлімнің мәнін де ұқтық. Біздер осы мән үшін күрескен болатынбыз!»

 

Он мың тұлғаның өмірбаянын оқыған менімен жарысыңыз

Кітап оқуды енді ғана бастаған оқырмандар, әдетте, алдымен қандай тақырыптағы кітаптардан бастау керек екенін білмейді. Егер кітап оқуға қызығушылығыңыз кеш оянса, қолға түскеннің бәрін оқи беруге уақыт табыла бермейді. Бұл жағдайда мен ұлы тұлғалардың өмірбаяндарын оқуға кеңес берер едім. Жеке басым он мыңнан астам адамның биографиясын оқығанмын. Бұл өте пайдалы.

Оларды оқыған кезде тарихта аты қалған тұлғалардың (мейлі ол ғалым, саяхатшы не саясаткер болсын) арасында бірнеше ұқсастық бар екенін байқайсың. Біріншісі – олардың барлығы өте көп жазу жазған, ойларын қағазға түсіріп, жоспарларын қойын дәптеріне белгілеп жүрген. Мен тек қана жазушыларды айтып отырған жоқпын, жазу, сірә, олардың негізгі кәсібі. Ойларыңды, жұмыстарыңды жазып отырған іс-қимылыңды бір жүйеге келтіреді. Қазір ішкі дүниемізді жалаңаштап, ойларымызды екібастан әлеуметтік желілерде бөлісіп жүрміз ғой, сондықтан жұмыстар туралы айтайын. Ертеңгі шаруаларды бүгін кеште жазып қойған дұрыс. Мәселен, ертең жасау керек отыз жұмысың болса, миың ашып, неден бастап, немен аяқтайтыныңды білмей, әбден әбігер боласың. Отыз жұмысың қағаз бетінде тұрса, миың олардың барлығын есте сақтау қажеттілігінен арылып, қайта оларды дұрыс шешу жолдарын ойлаумен болады. Есесіне, олардың кезегін анықтап, бір бөлігін түске дейінгі мезгілде, екінші бөлігін түстен кейін орындау оңтайлы екеніне көзің жетеді. Сосын отыз жұмыс дегеннің өзі мотивацияны азайтуы мүмкін. Сөйтіп жүргенде осы мәселені де ойлай бастайсың. Мотивацияны жоғары деңгейде сақтау үшін қайсыларын бірінші кезекте, қайсысын соңынан атқару керек екенін таңдайсың.

Мен «бес минутта жасауға болатын нәрсені кейінге қалдырмау керек» деген қағиданы ұстанамын. Соның арқасында отыз жұмыстан тұратын тізім бір сағатқа жетпейтін аралықта екі есеге дейін қысқарады. Осылайша тайм-менеджмент мәселесін де ретке келтіріп аласың. Көрдіңіз бе, бір жанрды оқудың арқасында өмірде не жұмыста қажет болатын бірталай тұлғалық қасиеттерді дамытып алуға болады.

АҚШ президенті әрі миллиардер Дональд Трамп өзінің «Чемпион сияқты ойла» кітабында да өмірбаян оқудың маңыздылығын айтады: «Дана болудың тағы бір жолы – ұлы адамдар мен сізді қызықтыратын саланың көрнекті өкілдерінің өмірлері туралы оқу. Мен Уинстон Черчилль, Авраам Линкольн және әлем тарихында маңызды рөл ойнаған тағы да басқа адамдар туралы оқып, көп нәрсені үйрендім. Олар алдына өмірдің өзі қойып тұрған міндеттерді орындауға аса дайын болуы керек болды. Олардың тағдыры көп жағдайда соқыр жеребе, жазмыш, тарихи сәтке тәуелді болды, десе де, жағдайдан керемет шығу үшін олардың тәжірибесі мен білімі жеткілікті болды. Әрекетіңіз бен шешімдеріңіз мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдардың өміріне әсер етеді деп елестетіңізші, сонда осы адамдардың мойнына жүктелген үлкен жауапкершіліктің қандай болғаны туралы аз болса да түсінік қалыптастырасыз. Мәселелеріңіз өзіңізге құртақандай-ақ болып көрінеді, осының арқасында ойлауыңыздың көкжиегін кеңейте аласыз, міндеттеме мен кәсіпқойлықтың не екенін жақсырақ түсінесіз».

Бұл дүниеде екі түрлі адамдар бар: біреулері уақытын қадірлеп, біраз істі тындыруға талпынады, екіншілері: «Ағай, сіз соншама жұмыс атқаруға уақытты қайдан табасыз?» – деп сұрақ қояды.

Өмірбаяндардан байқаған екінші нәрсем – тұлғалардың басым бөлігі әуелде елден ерекшеленбей өмір сүріп жүре береді. Бірақ белгілі уақытта олар бір-екі жылдай уақытқа көлеңкеге кетеді де, кейін олардың өмір жолы өрге қарай оза бастайды. Биографтар сол бір-екі жылда тұлғаның қайда жоғалып кеткенін, немен айналысқанын, ойлары қандай болғанын, әдетте, ашып жазып бере алмайды. Маған да осы тұсы қызық.

 

Фарадейдің өнегелі өмірбаяны

Көптеген тұлғалардың өмірбаяндарын оқып, өте пайдалы дүниелер алдым. Солардың ішінде қатты есте қалғандардың бірі – ағылшын физигі Майкл Фарадейдің өмірбаяны. Мен онымен он екі жасымда танысқан болатынмын. Әлі күнге дейін оны есіме алып, мотивациямды күшейтемін.

Айтулы тұлға Лондонның маңайындағы бір елді мекенде кедей әрі көпбалалы отбасыда өмірге келеді. Әу бастан оның жақсы білім алуға, дұрыс қызметке тұруға мүмкіндігі өте аз болатын. Жас кезінде-ақ жұмыс істеп, отбасын асырауы керек болды. Он үш жасында мектептегі оқуын қалдырып, француз эмигранты Рибоның кітап сататын дүкеніне жұмысқа тұрады. Бала кезде жүйелі түрде білім ала алмаса да, оның кітап оқуға деген құлшынысы ерекше еді. Күндіз кітап дүкенінде жұмыс істесе, түнде тапқан ақшасының бір бөлігіне майшам сатып алып, кітапханада түней жүріп кітаптарды оқиды. Оны физика ғылымы қызықтырады. Сөйтіп жүргенде, бір күні Лондонда танымал ағылшын физигі дәріс оқиды дегенді естиді.

Корольдік институтта көптеген химиялық элементтерді ашқан ғалым Гемфри Дэвидің лекцияларына барып, оның айтқандарын мұқият конспектілеп жүреді. Дүкенде жұмыс істеп жүріп кітап түптеу өнерін игерген Фарадей жиналып қалған біраз конспектілерін түптеп, Дэвиге оларды апарып береді. Дэвидің өзінің үлкен жолы қарапайым дәріханашыдан басталған соң, жас Фарадейдің ұмтылысын жақсы түсініп, оның жан-жақты білімі мен дарынына тәнті болады. Бірнеше айдан соң танымал ғалым оны қасына шақырып, Корольдік институтқа жұмысқа алады.

Басында лаборант болғандықтан, Фарадей институтта істейтін профессорлар мен дәріскерлерге көмектесіп, олардың дәрістерін дайындауға, материалды құндылықтардың есебін жүргізуге араласады. Соған қарамастан, білімін толықтырудың әрбір мүмкіндігін дұрыс пайдалануға тырысып жүреді, дайындаған дәрістерін жіті оқиды. Сонымен қатар Дэвидің рұқсатымен өздігінше химиялық тәжірибелер жасай бастайды. Өз ісіне жауапкершілігі мықты болғандықтан, көп ұзамай Дэвидің баға жетпес көмекшісіне айналады. Жиырма екі жасында Дэви оны көмекшісі әрі хатшысы ретінде өзімен бірге Еуропаның ғылыми орталықтарына алып жүреді. Бұл сапар екі жылға созылады. Дэвидің әлемдік танымалдылығының арқасында ол Андре-Мари Ампер, Жозеф Луи Гей-Люссак, Алессандро Вольта сияқты басқа да әйгілі замандас ғалымдармен танысып, білімін одан әрі шыңдай түседі.

Лондонға оралған соң, Фарадей қызу жұмысқа араласады. Түн ортасына дейін жұмыс істеп, еңбек қорлығымен, әдісқойлығымен, тәжірибелерді сауатты жасауымен, зерттеп жатқан мәселесіне терең үңіле білуімен танылады. Көп ұзамай, ол ғалымдар арасында «тәжірибе қоюшылардың патшасы» деген атаққа ие болады. Фарадей өмірінің соңына дейін отыз мыңнан астам ғылыми тәжірибе жасап, кемінде он ғалымның атын тарихта қалдыруға жететін жаңалықтар ашып, физиканың электродинамика саласының негізін қалап кетеді. Бүгін біздің электр қуатын тұтынып, компьютерде жұмыс істеуіміз, телефон арқылы хабарласуымыздың өзі осы Фарадейдің және оның ғылымға сіңген еңбектерінің жемісі.

Міне, осындай мотивациялық мысалдардан артық не керек?

Сол себепті «бұл елде танысың болмаса, болашағың жоқ» дейтіндерге көбірек кітап оқып, еңбектену керектігі туралы айтамын. Кінәні өзгеден іздеу – әлсіздердің жай ғана сылтауы.

 

ҮШІНШІ ТАРАУ

ОЙ САЛАТЫН ӘҢГІМЕЛЕР

 

Кітапты ең қатты сүйетін жан – Қуаныш інім туралы

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңа жыл қарсаңында фейсбуктағы лентамды асықпай ақтарып отырғанымда, көзім бір әйелдің жазбасын шалып қалды. Ол хосписте жатқан он екі баланың уишлисін[16] жариялапты. Онкологиямен ауыратын төрт пен он жас аралығындағы балалалар Аяз атаға хат жазып, Жаңа жылда қандай сыйлық алғысы келетінін айтыпты. Әлгі әйел: «Бұл бүлдіршіндердің соңғы мерекесі болуы мүмкін, сондықтан қолдарыңыздан келгенше жәрдемдесулеріңізді сұраймын», – деп жазған екен.

Тізімді оқи бастадым. Айнұр – 4 жаста, қуыршақ. Игорь – 9 жаста, планшет. Оксана – 10 жаста, планшет. Бір кезде 7 жасар Қуаныш деген баланың Аяз атаға жолдаған тілегіне жеттім – қазақ тіліндегі кітаптар.

Көзіме жас алғанымды бірден байқамадым. Ол өзі бала болғанымен, ауру болған соң өзгелерден басқаша екенін сезеді. Сөйтіп, оның ертеңгі күнінің қалай боларын білмесе де, кітап оқуға деген қызығушылығы маған қатты әсер етті.

Көңілім босап, осы тізімдерді жазған әйелге телефон шалып, сол балаға кітап алып бергім келетінін айттым. Телефонмен сөйлесіп тұрғанда көзімнен еріксіз жас ағып жатты. Қайда, қандай кітап алып бару керектігін сұрадым. Ол әйел маған «тездетіңіз» дегендей болды. Өйткені, тізімдегі бір бала тілегінің орындалғанына жете алмай қайтыс болыпты. Адам жылына жүз кітап оқығанның өзінде бүкіл ғұмырында жеті-сегіз мың кітаптан асыра алмас. Ал жеті жастағы әлгі баланың кітапқа деген құштарлығына мұның бірі де жетпейді.

«Оқуға уақыт жоқ қой, жұмыстан қол тие бермейді», – дейтіндерді кездестіргенде, мен Қуанышты есіме аламын. Қайда жүрсең де, өзіңе бақыт нәсіп етсін...

 

Керекудегі таксист

Бірде іссапармен Павлодарда болдым. Бір жерге тез жетіп алу керек еді, жолға шығып, қол көтеріп, «такси» ұстадым. Тоқтады, бағасын келістік, келе жатырмыз. Қалаға бірінші мәрте келуім болғандықтан, бос уақытым болып жатса, тарихи не қызық жерлерін көргім келді. Таксистен:

– Бос уақытта қалаңыздың қай жерлерін көруге кеңес бересіз? – деп сұрадым.

– Көретін несі бар? Дым да жоқ бұл қалада. Одан гөрі үйіңе бар да, кітап оқы! – деп қайтарып тастады.

Бұл өлкеден еліміздің даңқын асқақтатып, ғылым мен мәдениетіміздің абыройының артуына орасан зор еңбегін сіңірген академиктер мен жазушылар шыққанын жақсы білеміз. Таксистерінің өзі «кітап оқы!» деп тұрса, өлкенің расымен де ерекше бір қасиеттілігі болды-ау. «Үйіңе бар да, кітап оқы!» – сапарда жүрген адам үшін бұдан артық қандай кеңес болуы мүмкін?

 

Конструктивті көреалмаушылық жасасын

Он тоғызыншы ғасырда Еуропада норвегиялық Нильс Абель мен немістің Карл Густав Якоб Якоби деген математиктерінің арасында бәсекелестік болады.

Біріншісі жиырма алты жас өмір сүрсе, екіншісі қырық алты жасында дүние салыпты. Бір-бірімен жарыса жүріп екеуі ғылымда талай жаңалық ашып, математиканы ілгері қарай қатты дамытады.

Мен де еліміздегі екі үлкен ғалымды танитынмын. Бір-бірімен кітап жазып жарысатын. Осындай бақталастықтың арқасында қазақ ғылымы ұтпаса, ұтылмады. Бір-біріңді көре алмасаң, қазақ, осы екі ғалымнан үлгі алыңдар. Көреалмаушылықтың өзін пайдаға асыруға болады.

 

Балаңыздан бұрын алдымен өзіңізді тәрбиелеңіз

Достарымнан: «Қазір қандай кітап оқып жүрсіңдер?» – деп сұрағанымда, кейбіреулері жұмыстан үйге келгенде, ештеңе істеуге күші қалмайтынын айтып, әбден қынжылады.

Рас, бүгінгі таңда күн көру жеңіл шаруа емес. Әсіресе жас отбасыларға оңай тиіп жатқан жоқ. Солардың біреуіне: «Балаларың өскенде олардың кітапқа әуес болғандарын қаламайсыңдар ма?» – деймін. «Бәке, шайымызды зорға ішіп, баламыздың басынан бір иіскеп, төсекке құлаймыз. Кітап оқытуға шамамыз келмей қалады», – деп жауап қайырады.

Мен ондайларға: «Балаңмен отырып бірге кітап оқымасаң да, ұйықтар алдында өзің он минут болса да кітаптың бетіне үңіл. Бала көргенін қайталайды. Өзің кітап оқысаң, балаң да соны қайталайды, тіпті қинап кітап оқытудың қажеті шамалы. Әйтпесе ертең балаң ақпарат заманында кітап бетін ашпай өсіп, қатарынан қалып жатса кімге ренжисің?» – дегім келеді.

Мен өзім балаларымды кітап оқуға баулимын. Маған қарап олар да кітабын тастамайды. Үлкен қызым Асылжан екіге толмай жатып өзінің шағын кітапханасын жасап алды. Айтқандай, оның ең бірінші «оқыған» кітабы «Политические процессы в арабском мире» еңбегі болды.

Мен ондай ата-аналардың ұйықтар алдында міндетті түрде 10-15 минут қалтафондарымен фейсбук не инстаграмды көрпе астында жатып шұқитындарына сенімдімін. Ертең оны көрген бала да смартфоннан шықпайтын болады.

Заман ауысса да, ақиқат жалғыз – фейсбук оқитындарды кітап оқитындар билейді.

 

Бір күндік психологияның кесірі

Менің жеке кітапханамда елу томдық қазақ этнографиясының энциклопедиясы тұр. Бұл серия 2007 жылы Павлодарда басылып шыққан.

Мен қазіргі тарихшыларды онша оқи бермеймін. Өйткені тарихшылардың біразы дереккөздермен жұмыс істеу үшін баяғы шағатай, парсы сынды тілдерді білмейді. Бірақ атына затын сай келтіру үшін еңбектер жазады. Мәселен, Бөгенбай батырды сипаттау керек делік. Дереккөздермен жұмыс істемегендіктен, олар өз қиялын қосады. Батырымыз алып, денесі ірі, жүзі сұсты, бір айқасуда жоңғардың үш батырын тізбектеп найзасына түйрейтін күш иесі болған деп қиял қуалайды. Бірақ олардың еңбегінен тарихтың иісі шықпайды. Орыс тілінде «научное мифотворчество» деген тіркес бар, сол тура біздің жағдайға қатысты айтылған.

Тарихты оқығанда мен сол кездегі оқиғалармен замандас болған авторларды оқығым келеді. Мейлі, олар тарихшы болмай-ақ та қойсын. Бірақ олар көзбен көргендерін жазған. Сондықтан оларда ақиқат көбірек.

Мәселен, Құнанбай қажы туралы оқығым келсе, соның көзін көрген адамдардың жазып кеткендерін іздеп оқуға тырысамын. 1830 жылдары Польшаның дворяндары Ресей империясына қарсы көтерілгенде, оны патша үкіметі аямай жаншып басып тастап, көтерілістің басшыларын жер аударады. Адольф Янушкевич есімді поляк қазақ даласына келіп, жиырма жылдай өмір сүреді. Осында жүріп қазақ тілін меңгерген. Даланы аралап, бір күні Құнанбайдың ауылына түседі. Янушкевич тарихшы емес, күнделік жазған адам. Сонда Құнанбай туралы құнды деректер келтіреді. Сол деректің бірінде: «Ауылына барғанда Құнанбайдың бір жасар ұлы ауырып жатыр» деген жері бар. Соған қарағанда, поляк «ауырып жатқан ұл» деп Абайды меңзеп тұр.

Және де Құнанбай туралы бірнеше тың деректер айтады. Құнанбайды біз «Абай жолынан» таныдық қой. Кеңес заманында оны зұлым, артта қалған феодал, кертартпа адам ретінде көрсетуге мәжбүр болған. Құнанбайдың көзін көрген Янушкевичтің күнделіктерін оқып отырсақ, қажының шариғатты, дала заңдарын, патшалық Ресейдің үкімдерін жатқа білгенін байқаймыз. Ол кісі өте данышпан, есте сақтау қабілеті керемет болған дейді. Бұған әділеттік іздеп, шалғайдағы ауылдардан адамдар ағылып келіп жататынын мысалға келтіреді.

Мен этнография бойынша осындай кітаптарды іздеп жүргендіктен, осы серия туралы естіп, қатты қуандым. Таралымы, бар-жоғы, бес жүз дана. Көп емес. Бұл серия жайында мен 2011 жылы кездейсоқ біліп қалдым. «Өкінішті. Шыққаннан бері төрт жыл өтіпті, қалмаған болар», – деп ойладым. Бірақ «Үмітсіз шайтан» дейді ғой. Баспаға телефон шалып, редактормен сөйлескенде, әлі бар екенін білдім. «Академкітапта» 68 мың теңгеге сатылып жатыр екен (1 доллар шамамен 147 теңге тұрған заман, есептей беріңіз). Ол кезде магистратурада оқып жүргендіктен, бұл ақшаны қымбатсындым. Шәкіртақым айына 45 мың теңге болатын.

Студент кезде күн көру үшін тырысасың ғой. Сол жылы мен бір жігітке магистрлік диссертациясын жазып беріп, 60 мың теңге жасаған едім. Редакцияға хабарласқанымда, 60 мың теңгеге бере алатындарын айтты. Біршама уақыт тер төгіп тапқан ақшам болғандықтан, ол соманы қимадым. Телефонмен көп саудаласып, ақыры редактор жағдайымды түсінді де, қырық мыңға берді. Бірнеше аптадан кейін поштама кітап толған екі қорап та келіп жетті.

Сол кезде кітаптың жарық көргеніне төрт жыл өтсе де, аз ғана таралыммен шыққан серияның әлі күнге дейін сатылмағанына таңғалдым. Басқасын айтпай-ақ қояйын, парламентте ел тізгінін қолға алып отырған талай депутат, үкіметте талай министр, елде зиялысымақтар көп қой, талап алып кететін дүние емес пе? Елдің болашағына үңіліп, келешегімізге әсер ететін шешімдер жасайтын адамдар осылар емес пе? Сонда олар өткенімізді білмей, ертеңімізді қалай анықтайды?

Егерде қызықсаңыздар, әлгі серияны іздеп көрулеріңізге болады. Сол құнды кітаптар еш қимылсыз қоймада әлі де шаң басып жатқан шығар...

 

Озар елдің ұлдары кітап оқиды, тозар елдің ұлдары қалтафон шұқиды

Мен отызға жуық елде болдым, сонда көп халықтың метрода, саябақтарда, кофеханаларда кітап оқитынын көремін. Түркияда жастар адам көп өтетін жерлерде жерге төсеніш төсеп, кітаптар сатып тұрады. Ыстамбұлда туристер көп жүретін жерлерде кәдесый дүкендерімен қатар кітап сататын орындар да толып тұр. Оңтүстік Кореяда да дәл солай. Еуропа елдері туралы сөз қозғамаса да болады, айтпаса да түсінікті. Ташкенттегі Янгиабадта бірнеше жыл бұрын шыққан кітаптарды көп іздемей-ақ тауып аласыз.

Әзірбайжан мен Грузияға сапарлағанымда, екі елде де адым жерде кітап сатылып жатқанын байқадым. Біздегі DVD-дискілерге арналған қолдан соғылған сөрелерді көрген боларсыздар. Тура сондай сөрелер Тбилисидің де көшелерінде қаптап тұр және сол сөрелерде арзан киноның орнына кітаптар лық толған. Жасы бар, кәрісі бар – бәрі алып оқып жатыр. Әзірбайжанда кітап дүкендері өте көп. Теміржол вокзалының жанында үлкен-кіші он беске жуық дүкенді санап шықтым. Ішінде жастар қаптап жүр. «Озар елдің ұлдары кітап оқиды, тозар елдің ұлдары қалтафон шұқиды ма» деген ойға қалдым. Алматыда вокзал маңайында, негізінен, дөнер дүңгіршектері. Көбіне біздер қарынды тойдырып, мидың азығы жайында ұмытып кете береміз.

Екі елде де әдебиет өздерінің тілдерінде жазылған. Орысша әдебиет кезігіп қалып жатса да, бірлі-жарым кітаптан аспайды. Екі елдің жұрты да ана тілінде сайрап жүр. Бұл – дұрыс жүргізілген ұлттық саясаттың жемісі.

Бакуде болғанымда балалар киімін сататын дүкенге кірдім. Сатушысы менен көп болса екі-үш жас кіші жігіт екен. Қазақстаннан келгенімді бірден байқап, әңгімелесе кетті. Жөн сұрасып болған соң: «Кенесары Қасымов – ұлы тұлға», – деді. Таңғалғаннан көзім бақырайып кеткен шығар сол сәтте. «Оны қайдан білесің?» – десем, әлгі жігіт тарихты көп оқитынын айтты. Есімі Керім екен. Кенесарыдан бөлек Алаш Орда тарихын, Желтоқсан көтерілісін, Колбинді, Қонаевты, бәрін біліп тұр. Жақында Кенесары хан туралы кино[17] түсірілгенін айтсам: «Қойшы, ақыры шықты ма?» – деп таңғалды. «Саудагерлері осындай болса, бұл елдің болашағы жаман емес екен», – деген оймен қайттым.

Керім өз елінің тарихына да қысқаша шолу жасап өтті. Бір күн бұрын әзірбайжандар республика күнін тойлаған болатын. «Біздің елде Ресейдің ықпалы нөл пайызға тең», – деп зор мақтанышпен айтты. Білімділігіне, өз елінің тарихын сондай сүйіспеншілікпен айтып бергеніне қарап, патриоттық сезімінің тасып тұрғанына көзім жетті.

Екі елде де орыс тілін үлкендері білсе білер, бірақ жастары ағылшын тіліне түбегейлі көшіп жатыр екен. Әсіресе бұл үрдіс Грузияда қатты байқалады. Мектептерінен орыс тілін алып тастап, жаппай ағылшынды оқытуға кірісіпті. Жастары, тіпті, мектеп жасындағылар да ағылшын тілінде сайрап жүр. Бір жерден орысша сұрай қалсаң, ағылшынша жауап береді.

Жеке мысалыма сүйеніп өзіміз туралы айтатын болсам, әлемнің жаңалықтарынан хабардар ететін өзекті әдебиетті әлі күнге дейін өзге тілде оқуға мәжбүрміз. Тілімізді дамытамыз деп, керісінше ақсатып алмадық па деп те ойлаймын. Ақсаған тілмен ұлттық санаң да қалыптаса қоймайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Екі елдегі үрдісті көріп сүйсініп, ішіміздегіні еске түсіріп күйініп қайттым.

 

Тәрбие сағатындағы білімсіздік

Университет қабырғасында бакалаврдың төртінші курсын оқып жүрген кезімде, бізге бір практикант әйел адам келіп сабақ жүргізді. Бұл кісі өз жұмысына өте ұқыпты әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтын еді. Магистратурада оқитын әрбір студент бакалаврда оқитындарға сабақ беріп, практика өтетіні бар. Практика барысында тәрбие сағатын ұйымдастырулары қажет. Көбісі осы міндетіне салғырт қарап, жанын қинамай, бакалавр студенттерінің сынақ кітапшаларына былай да «жақсы» бағаларын қойып бере салатын. Әлі де сол үрдіс бар болуы керек, өзгере қойды дегенге сенбеймін. Әлгі кісі басқалардан ерекше еді. Ол міндетін орындауға жауапкершілікпен қарап, бізге де қызық болсын деген ниетпен тәрбие сағатын шығармашылық форматта өткізуді ұсынды. «Саясаттануды оқысақ та, ғылыми тақырыптарды талдамай, көркем әдебиетке бет бұрайық», – деді. Өзі кітапты сүйетін жан болатын. Біз келісе кеттік.

Сабақтарымыз түске дейін жүретін. Тәрбие сағатын сағат беске белгіледік. Ол кезде қыс, күн ерте батады. Беске таман аудиторияға кірсек, шам сөніп тұр, бірақ бөлме таңғажайып жарық екен. Апайымыз майшамдар жағып қойып, ақ қабырғаларға әдемі суреттер іліп, біздің келуімізге аудиторияны әбден дайындаған екен. Көңіл күйіміз көтеріліп кетті.

Келісілгендей, тәрбие сағаты барысында әрқайсысымыз сүйікті кітабымыз туралы айтып, ұнаған үзіндісін оқып беруіміз керек болатын. Есімде, тобымдағы бір қыз Фариза Оңғарсынованың әке туралы өлеңін сезіммен оқып, көзіне жас алды. Біреулер классик жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып берсе, екіншілері заманауи қаламгерлердің шығармаларына жүгінді. Мен Памуктің туындысынан үзінді келтірдім (оны келесі тараудағы «Ішкі сүзгінің маңызы жайлы» әңгімемде оқи аласыздар).

Кезек бір жігітке жетті. Кафедраға шығып, ешбір қалжыңсыз өзінің кітап оқымайтынын, себебі былай да бәрін білетінін, әйтсе де тапсырманы орындау үшін дайындалып келгендігін айтты. Таңдап келген кітабы да мардымсыз – бастауыш сынып оқушыларына арналған ертегі. Біз оған күлдік те қойдық.

Бұл жерде менің айтайын дегенім, адам кітап оқымаса, барлығын білем деп ойлайды. Ал егер неғұрлым көп оқыса, өзінің ештеңе білмейтінін байқай бастайды. Сол кезде бір парадокс бар екенін түсіндім: түк оқымаған адам бәрін білемін деп ойлайды, бірақ оқыған сайын ештеңе білмейтініңді түсінесің.

 

Докторантураға түсе алмай қалғаным туралы

Қазақ бөлімдерінде оқитын студенттер қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттердің өте аз екенін жақсы біледі. Бар кітаптардың өзін оқығанда, не туралы жазылғанын түсіну оңай емес. Сөйлемдері қазақша сөздерден құралғанымен, түсініксіз. Сондай бір үзіндіні келтірейін:

«Генезис туралы мәселедегі, ескеретін нәрсе, дағдарысты және қақтығысты саяси жағдайлар әлеуметтік-практикалық процестің элементі бола отырып, объективті және субъективті негіздерге, бастауларға, себептерге ие болады. Саясаттанулық сараптаманың күрделілігінің өзі сонда, олар шынайы әлеуметтік-саяси процесте объективті тұрғыдан да, субъективті тұрғыдан да бөлінбеген, органикалық өзара байланыста өзара ендіріледі, оған «құйманың» бір элементі ретінде кіреді. Нәтижесінде, оларды шектеу, айқындау мен анықтау шынайы қызмет етуші әлеуметтік-саяси құбылысты айтарлықтай формализациялаудың негізінде ғана мүмкін болады».

Бірінші курс оқып жүргенімде мынадай мәтіндерді түсіну мүмкін емес еді. Кейін білдім, бұл кітаптарды орысшадан аудартады екен. Кейбір профессорлар жазуға не ерінеді, не қазақшасы жетпейді. Қазақша жазса, тек мазмұнын жазып, соған Интернеттегі немесе басқа да кітаптардағы орысша тараулар мен мәтіндерді келтіріп, кітап «шығардым» деген атаққа ие болып жүреді екен.

Олардың кітапты студенттерге бөліп беріп аудартатыны да анықталды. Ал студенттің сапалы аударуға һәм біліктілігі жоқ, һәм мотивациясы жетпейді. Мен оларды оқығанда, қорланып, тілдің қадірін кетіргендері үшін іштей ұрсатынмын. Келесі жылдары бізге де осындай тапсырманы бере бастады. Әр адам басына отыз-қырық беттен үйлестіріп береді. Студент кезімізде аудармаған кітабымыз қалмаған шығар.

Магистратураның соңғы айлары мен үшін қарбаласта өткені есімде. Біріншіден, диссертациямды аяқтап, оны қорғауға және мемлекеттік емтихандарға дайындалып жатсам, екіншіден, үйлену тойым да сол сәтке тұспа-тұс келді. Оған да қызу дайындық керек. Сол кезде кафедра меңгерушісі тобымыздағы әрбір студентке отыз беттен орысша жазылған бір күрделі ғылыми мәтінді аударуға бөліп берді. Ол кісінің қазақшасы нашар екенін ескеріп, Қалай болса солай аударып, ертеңіне тапсыруға да болар еді. Бірақ өзім ертеректе бейтаныс «аудармашы» студенттерді қалай сөксем, тура солай мені басқалардың сөккенін қаламадым. Намысқа тырысып, сапалы аударуға тырыстым. Ал мәтінді аударуға тиіс басқалар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді әбден меңгеріп алып, қалай болса солай не төменгі курс студенттеріне күштеп, не аударма бюроларында ақша төлеп аудартып, бір-екі күнде-ақ өткізіп, «абыройлы» болып жүрген екен. Барынша сауатты аударамын деп жүріп, бір аптада тек он шақты бетін ғана қазақшаға келтірдім. Кафедрам асықтыра берді. Барлығы қабаттасып кетті. Сөйтіп жүргенде, сапалы аударуға (ана тіліме жаным ашығандығын олар қайдан білсін!) тырысқандығымды ескермей, мені «кафедраның жұмысын істегісі келмей жүр» деп айыптай бастады. Өздері сенбеген соң, ызаландым да, аударған он бетімді тапсырып, әрі қарай аудармайтынымды айттым.

Осыған дейін бірнеше ай бұрын оқуымды жалғастырып, докторантураға түсу қажеттілігім туралы айтып жүрген кафедра меңгерушісі өзіне шақырып алып, биыл тапсырмағаным жөн болатынын ескертті. «Әрине, тапсырма деп кесіп айта алмаймыз, өзің білесің, бірақ талпынбағаның дұрыс болады» деп тұспалдады. «Себебі басқалары (бір-екі күнде отыз бетін асқан салғырттықпен аударып бергендерді меңзеп отыр) кафедраның жұмыстарын бұлжытпай орындайды, ал өзің болсаң, жүрген «жұлдызсың», қасыңа жолай алмайсың, кафедрамыздың жұмыстарына селқос болдың, сонда мен олардың сіңірген еңбегін қалай елемеймін?» – деді. Басқа студенттердің қалай аударғанын, ол кісіні сырттай қалай сөгетінін жақсы білсем де, ештеңе айтпай ішімде ұстадым.

Әрине, басқалар докторантурадан дәмелі болғандықтан, кафедра меңгерушісінің көңілін табуға тырысып жүрді. Мен тек білімімнің күшіне ғана сеніп едім. Ақыры, бұлардың үш пен төртке әрең оқыған, бірақ кафедрадағыларды көлігімен тасып, есебін жазып беріп жүргендердің алдында мені құлататынын түсініп, абыройымнан айырылмайын деп Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына ғылыми жұмыспен айналысуға кетіп қалдым. Мен ойлағандай-ақ, оқудағы үлгерімдері әлсіз болғандар бір-екі айдан кейін докторантурадан шыға келді. Ең қызығы, кейін маған кейбіреулері институтқа келіп, ғылыми мақаланың атауы қалай дұрыс жазылатынын сұрап жүрсе, көбісі сол докторантураны өздерін де, мұғалімдерді де қинап, ақыры аяқтай алмай кетті.

Осыдан кейін ұлттық университеттердегі білім беру саласынан түңіле бастадым.

 

Докторантураға түсе алмай қалғаным туралы. екінші эпизод

Докторантураға түсе алмағаннан кейін ғылыми институтқа кеттім. Сол жерде жүргенде «Қарулы қақтығыстардағы ақпараттық технологиялар: әлемдік тәжірибе және келешегі» атты ғылыми монографиям жарық көрді. Оны жиырма бес жасымда жаздым. (Бұл еңбекті жазуға не түрткі болғанын келесі тараудағы «Намысқа тырысып жазған кітабым жайында» әңгімемнен біле аласыздар).

Бір жылдан соң докторантураға құжаттарымды тапсыруға бел будым. Бұл кезде кафедра меңгерушісі ауысқан болатын. Жаңа басшы әділетті болатын шығар деген сенім де бар еді. Осы жолы да докторантураға түсе алмай, екінші емтиханда құладым. Төмен баға алуымның себебін кейін маған бір кісі айтты. Монографиямды шығарғанда: «Кітап авторы ретінде сол мұғалімнің атын да көрсетуің керек еді», – деді. Ол соған өкпелі болды дегенді айтты. Рас-өтірігін білмеймін, «естіген құлақта жазық жоқ» дейді ғой.

Кезінде ұлттық университетте «бір ректор жүзге жуық ғылыми монография шығарыпты» дегенді естуші едік. «Не деген мықты ғалым», – деп ойлайтынбыз. Сонда егер қол астындағы бір мұғалім не студент кітап дайындаса, өзінің атын «қыстыруға» міндеттейді екен. Осылай жүз монографияның авторы болып шыға келеді екен. Біздегі ғылымның жағдайы мүшкіл.

 

Ойымды менен бұрын Камю жазып қойыпты

Бірде жиған-тергендерімді бір кітап қыламын деп ойлап жүрген едім. Философияны алтыншы сыныптан бері көп оқығандықтан, осы жайлы жазамын деген ой болды. Компьютеріме өз ойларымды топтап жазып жүргенімде, қолыма француз жазушысы әрі философы Альбер Камюдің «Сизиф жайлы аңыз» деген еңбегі түсті. Менің ойларым сонда тұр екен. Ол ойлар менен бұрын жазылып қойылыпты. Бір таңғалғаным, бұл кітапты бұрын оқымасам да, өз пайымыммен осы ойларға келген екенмін. Камю еңбегін 29 жасында жазса, мен 23 жасымда соған келгеніме қуанып, өзімді жұбаттым. Қолжазбамның файлын компьютерден өшіріп тастадым.

Неміс ойшылы Артур Шопенгауэрдің былай дегені бар: «Егер кейде баяу әрі үлкен қиындықпен өзіңнің ойың мен түсінігіңнің арқасында бір кітапта дайын күйде оп-оңай тауып алуға болатын ақиқат пен қорытындыға келсең, ол ақиқат өз ойыңмен жете алғандықтан бәрібір жүз есе құнды болады».

 

Көп іздеген кітабым жайлы

Менің қатты сүйіп оқыған кітаптарымның бірі Серен Кьеркегордың «Или-или» атты еңбегі болды. Бірақ оны іздеп табу оңай емес еді. Ойшылдың бұл еңбегі Копенгагенде 1843 жылы жарияланғаннан бері орыс тілінде бар болғаны бір-екі мәрте ғана жарық көріп, соңғы рет, қателеспесем, кеңес заманында шығыпты. Интернетте де не орыс, не ағылшын тілінде (дат тілін білмегендіктен түпнұсқасын іздемедім) таба алмадым. Демек, нағыз букинистік раритет.

Бұл еңбек үлкен екі бөлімнен тұрады және орыс тілінде бірінші тарауын «Дневник обольстителя» деген атаумен шығарыпты. Тек соны тауып оқыдым. Ол жерде эстет адамның оқиғасы баяндалса, екіншісінде этик туралы әңгіме көтеріледі. Бірақ ол бөлек кітап болып шықпағандықтан, кітапты толығымен табу керек болды. Елдегі дүкендерден іздеп, Ресейдегі букинистермен Интернет арқылы жазысып, бірнеше жыл бойы таба алмаған соң, үмітімді үздім. Содан бір жыл өткен соң, 2011 жылы, «Или-или» кітабының Ресейде бар-жоғы 2000 данамен қайта басылғандығын естідім. Мен бұны алдын ала білмей қалдым. Шыққаннан кейін үш жыл өткен соң ғана Интернеттен оқып білдім. Сатып алайын десем, таралымның барлығы өтіп кеткен, кітап еш жерде қалмапты.

Кітапты іздеп жүріп, Иерусалимде тұратын бір кісіде бар екенін анықтадым. Ақыры оны көндіріп, 10 мың теңгеге саудаласып алдым. Ол кітаптың шыққандағы бағасы шамамен мың теңгедей болған. Кітапты маған Израильден пошта арқылы жіберді. Бір таңғалғаным, мені танымайтын кісі: «Мен жібере берейін, кітап қолыңа жеткеннен кейін ақшасын картама аударарсың», – деп сенім білдірді. Оның сенімін ақтадым.

Бұл кітапта Кьеркегор адамның болмысын түсіндіруге тырысады. Адамның өмірі эстетикалық, этикалық және діни үш кезеңнен тұратыны айтылады. Бірінші және екінші кезеңінің сипаты осы «Или-или» еңбегінде ашылса, үшінші кезеңі «Страх и трепет» кітабында сипатталған.

 

«Кітапханамда басқалардан оқи тұруға алған кітаптар ғана қалды...»

Жалпы мен біреуге кітап бергенді ұнатпаймын. Үйге келгендердің көздері бірден кітап сөреме түседі. Сосын олардың біреуін таңдап, ала тұруға сұрайды. Көп адамның кітапты шын оқығысы келгендіктен емес, «мен де кітап оқушы едім» дегендей өзін көрсеткісі келгендіктен сұрайтындығын іштей сеземін.

Сөрелерімде кітаптар өз ретімен қойылған. Мен бір кітаптың қадірін түсіну үшін он кітап оқыдым. Олардың кейбіреулерін үлкен ізденістен кейін таптым. Кітабымды біреулер сұрап алып кетсе, қатты ыңғайсызданамын. Сөремде кітаптың орны үңірейіп тұрса, тісі қағылған ауызға ұқсайды. Кітапты алып кеткен адам айтқан уақытында қайтармайды. Себебі, оның қадірін дәл мендей білмейді.

Бірде менің кітабымды алған жігіт оны жоғалтып алды. Ол оған салғырттықпен қарағаннан кейін солай болады. Кейін дүкендерден іздестіріп жүріп, әйтеуір тауып, қайтарып берді. Тағы бір жігіт алған кітабын бір жыл өтсе де қайтармай жүрді. Басында әрі кетсе үш аптаға ғана деп сұрап алып еді. Сауатсыз болып, әріп танымағанның өзінде оқып болатын кезі келді. Әрі сұрадым, бері сұрадым. «Әне әкелемін, міне әкелемін» деп жүре берді. Ақыры сасқанынан шынын айтты. Сөйтсе, үйіндегі бір кішкентайы оны жыртып алыпты. Айтуға бата алмай жүрген екен. Қайтармай жүрген кітабы мен үшін құнды еді. Себебі онда Қадыр Мырзалиев атамыздың маған жазған тілегі мен қалдырған қолтаңбасы бар еді. «100 великих мыслителей» кітабын 2000 жылы 450 теңгеге сатып алып едім. Ақшасын төрт ай жинап, «Орбита» ықшамауданындағы бір дүкеннен тауып алған болатынмын. Мен керекті кітаптарымды іздеп жүргенде, ол жүгірмек көшеде доп теуіп жүрді, сондықтан қадірін қайдан білсін?

Сегізінші сынып оқып жүргенде, мектебімізде ақын Қадыр Мырзалиев атамыздың шығармашылық кеші өтті. Мен сол кеште жүргізуші болдым. Өзіммен ол кісінің кітабы болмағандықтан, үйге келіп, осы кітабымды алдым да, мектепке қайта барып, қолтаңбасын қойдырдым. Қадыр Мырзалиев әзілге жақын кісі еді. Маған: «Бақытжан, осында жазған ойларды түгел басыңа сыйғыз. Бірақ абайла, жарылып кетпесін» деп жазып берді.

Әлгі жігітке: «Кітабым қандай күйде болса да қайтарып бер», – дедім. Жыртылған беттерін тіпті жабыстырмай сол күйі әкеліп берді. Ол оның қадірін қайдан білсін? Міне, сол үшін кітап бергенді ұнатпаймын. Кітап олай жеңіл қолға түспеуі керек. Әр кітапты мен көп еңбекпен іздестіріп жүріп тапқанмын.

Естеріңізде болса, бұған дейін атамның бірнеше жыл бойы жазған кітабының қолжазбасы қайтпай, жазамын деп жүрген кітабы шықпай қалғаны туралы айтқан едім. Енді соның нәтижесін өзгерту үшін шырылдап жүрмін. Кішкентай қателіктің өзі осындай үлкен қиындықтарға жетелейді. Қадірін түсінбейтін адамның қолына кітап ұстатпау керек. Мүлдем бермесең, тіпті жақсы.

Бүгінгі күні мен «Бақытжанның кітапханасы» деген жазуы бар штамп жасатып алып, кітаптарымның бірінші бетіне басып жүрмін. Осы әдетім бірнеше досыма да үлгі болды. Олар да мөр жасатып алды.

Айтылғанға орай, француз жазушысы Анатоль Франстың «Кітаптарыңызды ешкімге бермеңіз, себебі оларды енді қайта көрмейсіз. Кітапханамда басқалардан оқи тұруға алған кітаптар ғана қалды» деген сөзін қалай еске алмайсың?

 

Кітап оқитын адамның шешен болуы хақ емес

Кітап оқитын адамдардың барлығын шешен деуге болмайды. Аудитория алдында өзінің ойын жеткізе алмайтындар мен ұялшақтарды оқырмандар қабылдай алмайды. Сол себепті олардың жеткізе алмаған тың ойлары мен айтарлары ашылмай өз іштерінде қалып қалады. Керісінше аудиторияға шешен сөйлейтіндер ұнайды, бірақ олардың арасында кітап бетін ашпағандар көп.

Мен біреуін білетінмін, сөз саптауы жақсы болғанымен, фактаж жағы осалдау, бірақ дебатқа қатысатын. Бірде одан: «Қарсыласың сұрақ қойып, ол сұраққа санмен жауап беру керек болса және ол туралы нақты дерегің болмаса не істейсің?» – деп сұрадым. Ол: «Әдемілеп келтіріп, бір санды айтып құтылып кетемін», – деп жауап берді. Яғни, «оқымысты» білгіш көріну үшін өтірікке баруға дайын. Сонда өтіріктің ертелі-кеш бәрібір ашылатынын білмей ме? Өзім білмейтінімді мойындайтын адаммын. «Бір адамды өне бойы, көп адамды белгілі аралықта алдауға болады, бірақ көп адамды өне бойы алдап жүру мүмкін емес» деген Линкольннің сөздерін естен шығармаған жөн. Олай болса, жастарға айтарым, біреу күміс көмей, жез таңдай екен деп дегенінің бәрін шындық ретінде қабылдай бермей, байқап тыңдау керек. Одан гөрі елге шешендігімен аты шықпаса да, зиялы оқырманның әңгімесін тыңдаған артық.

Осы жерде Шопенгауэрдің: «Адамзаттың жетіскендігіне негізгі кедергілердің бірі – адамдардың бәрінен бұрын ақыл айтатынды емес, қаттырақ сөйлейтінді тыңдайтыны» деген сөзі еске түсіп отыр.

Ежелгі Рим императоры әрі философ Марк Аврелийдің де жақсы сөзі бар: «Мылжыңдармен келісуге асықпа».

 

Reading is better than sex

Бірде Бақытжан Мұхаммедияұлы досыммен кітап жайында әңгіме-дүкен құрып отырдық. Әңгімеміздің қызғаны сонша, екеуміз де ішіне қалай кіріп кеткенімізді байқамай қалыппыз. Бірқатар әдебиеттің «сүйегін шағып, майын ішіп» талқылап, әбден тауысқаннан кейін, ол орнынан тұрды да:

– Reading is better than sex, – деді. Яғни, «кітап оқу жыныстық қатынастан артық» дегені. Сол сәтте оның көзінде от ойнап тұрды. Мұны көріп мен де ойланып қалдым. «Кітап оқығанша, демографияның қамын ойлаған жөн», – деп келіспейтіндер де табылар. Әйтсе де, досымның сол бір сөзі кітабымның мұқабасындағы суреттің идеясының туындауына түрткі болды.

 

Америкалықтардың кітапқа құрметі

Ашылуына АҚШ Конгресінің кітапханасы мұрындық болған Open World Leadership Program бағдарламасының шақыруымен әлемге Марк Твенді, Уильям Фолкнерді, Джон Стейнбекті, Эрнест Хемингуэй мен Боб Диланды сыйлаған елге сапарлаудың сәті түсті.

АҚШ Конгресінің кітапханасы – әлемдегі ең үлкен кітапхана болып саналады. Оның қорында дүниежүзіндегі бес жүзге жуық тілде шыққан 33 миллионнан астам кітап бар. Кітап сөрелерінің жалпы ұзындығы мың километрден асады. Жүз жыл өмір сүретін адам жылына жүз кітап оқығанның өзінде, ғұмырында әрі кетсе, он мың кітаптан асыра алмайды. Осыдан-ақ өмірдің қысқа екенін және білімнің түбіне жетудің мүмкін еместігін байқаймыз. Сонымен қатар, бұл жерде бес миллионға жуық географиялық карталар, бүкіл әлем бойынша шығатын миллионға жуық газеттердің топтамасы, алпыс миллиондай қолжазба, АҚШ үкіметі шығарған миллионнан астам құжат, он екі миллион фотосурет, кинофильмдер және т.б. сақтаулы. Кітапхананың қоры жылына үш миллионға жуық жаңа бірліктермен жаңарып тұрады. Қорды сандық жүйеге көшірсе, онда барлығы 20 террабайттай көлемді алады екен. Кітапхана күніне екі жүздей құжатты сандық жүйеге көшіріп отырады. Бұл жұмыс үздіксіз жасалуда және осы уақытқа дейін қорда сақтаулы мәтіндік құжаттардың он пайызынан астамы сандық жүйеге көшірілген.

Кітапхананың негізі 1800 жылы, яғни АҚШ тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін көп ұзамай қаланған. Мемлекеттің алғашқы президенттері кітапхананың қалыптасуына үлкен үлесін қосты. 1812–1814 жылдардағы соғыс кезінде ағылшындар Вашингтондағы көптеген нысандарды өртегенде, кітапхана да отқа оранады. Төртінші президент Джеймс Мэдисон соғыстан кейін кітапхананы қалпына келтіруге барлық күшін жұмсаған. Он тоғызыншы ғасырдың ортасында кітапхана қайта отқа оранып, қорының үштен екісі және АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсоннан мұраға қалған кітаптардың басым бөлігі жанып кетеді.

Бүгінгі күні Томас Джефферсонның бастапқы кітапханасынан қалған әдебиеттер жеке залда сақтаулы. Олар шеңбер бойымен пластик әйнектің ішінде орналасқан. Жанып кеткен кітаптардың біразын сол кезде сатып алып, орындарын толтырып қойған. Олар арнайы белгімен белгіленген. Ал қайта қалпына келтіре алмаған кітаптардың орнына солардың атауларын жазып, муляждар қойып қойыпты. Америкалықтардың өз тарихын қалай құрметтейтінін осыдан-ақ көруге болады. Джефферсонның кітапханасында бірқатар тілдегі әдебиеттер бар. Маған осындай кітапхананы өз көзіммен көргенім өте үлкен әсер берді. Біздің даламызда да талай кітапханалар болғанын білеміз. Тарихта өткен ғұламаларымыздың қаншама кітаптарының сұрапыл жылдары із-түссіз жоғалғаны не құрдымға кеткені бір Құдайға ғана аян.

Мұхиттың ар жағындағы елдегі тағы бір ұнаған дәстүр ол сондағы әрбір президенттің жеке кітапханасын ашып, келешек ұрпаққа мұра ретінде қалдырып кетуі. Бұл дәстүр жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында қалыптасқан. Бүгінде АҚШ-тың бірнеше қаласында президенттері негізін қалап кеткен сондай он үш кітапхана бар екен. 2016 жылы екінші президенттік мерзімі аяқталған Барак Обаманың кітапханасының негізі енді қаланады. Дәстүр бойынша әрбір президент өзінің туған штатында, нақтырақ айтқанда, саяси жолы өткен және президенттікке сайлауға түскен штатта кітапханасын салып кетеді.

Ғаламтордағы ақпаратқа сенетін болсақ, бұл дәстүр 1939 жылы қалыптасқан екен. Сол кезде президент болған Франклин Рузвельт еліне жеке мұрағаты мен құжаттарын табыстап, оларды сақтау үшін өзінің жерін пайдалануға беріпті. Асылы, бұл өте жақсы дәстүр.

 

Әдеби тілдердің ғасыры емес

Осы кітапты жазу барысында Юваль Ной Хараридің 2011 жылы шыққан (ағылшынша алғаш 2014 жылы жарық көрді) Sapiens: A Brief History of Humankind еңбегін оқып жүрдім. Израиль тарихшысы кітабында адамзаттың тарихына терең талдау жасап, оны жеңіл әрі қызықты тілмен бейнелей отырып, көптеген тың қорытындыларға келеді. Солардың бірімен танысу өзімде жаңа ойдың туындауына жол ашты.

Біз мектеп бағдарламасында неандертальдар туралы оқыған болатынбыз және олардың тарих сахнасынан он мыңдаған жылдар бұрын жойылып кеткенін білеміз. Ғалымдар әлі күнге дейін олардың жойылуының нақты себебін анықтай алмай келеді. Кезінде адамдардың кемінде алты түрі болғандығы белгілі. Бірақ бүгінгі күні тек жалғыз «гомо сапиенстің», яғни сіз бен біздің ғана дәуреніміз жүріп жатыр.

Бала кезімде бір деректі фильмді қарадым. Сол жерде біздің арғы бабаларымыздың ауыз қуысы жаңа дыбыстарды шығаруға икемделіп, неандертальдар бұған ілесе алмай, ақпарат жинап, оны таратудан жеңілгендіктен, ақыр соңында жойылып кеткені туралы айтылған болатын. Әрине, осы мәселеге қатысты көптеген гипотезалар айтылуда.

Харари: «Гомо сапиенс» бірегей құралы – тілдің арқасында әлемді бағындыра алды», – деп жазады. Оның айтуы бойынша, жетпіс мың жыл бұрын біздің арғы бабаларымыздың санасында когнитивтік төңкеріс орын алған. Яғни, олар жаңаша ойлап, бір-бірімен басқаша тілдесе бастайды. Сөздерді қолдана бастап, сөздік қоры барған сайын молайып, оларды сан алуан жолмен қиыстыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл «гомо сапиенстердің» адамдардың басқа түрлерінің алдындағы ең негізгі басымдығы еді. Мәселен, басқалары қауіп төнгенін сездіргісі келсе, «Қауіп! Арыстан!» дей алса, «гомо сапиенс» өкілдері таңертең өзеннің иреңі маңында бизондарды қуалап бара жатқан арыстанға қалай кезіккенін толық суреттеп бере алатын болған. Яғни, адам арыстанды нақты қайда, қай кезде көргенін жеткізіп, ол жерді қалай айналып өтуге болатынын сипаттай алған. Бұл ақпаратты естіген басқа адамдар ендігі қимылдары қандай болатынын талқылап, арыстаннан аулақ жүру керек пе, әлде оны қуып жіберіп, бизондарды өздері аулау қажет пе, міне, осыларды бір-бірімен ақылдаса алатын дәрежеде болды.

Ақпаратты тарататын тіл қалыптасты дейтін гипотезаны толықтыратын келесі бір гипотеза бар. Ол бойынша, адамның тілі оның өсекке құмарлығынан қалыптасқан екен. «Гомо сапиенс» қоғамдық «жануар» болғандықтан, оған тайпа ішінде оны кім жек көреді, кім кіммен жыныстық қатынасқа түсіп жүр, кімге сенуге болады және т.б. туралы ақпарат маңызды болды. Осының арқасында «сапиенстер» үлкенірек топтарға бірігіп, олардың арасында қарым-қатынастардың күрделі түрлері қалыптасады. Харари ойын жалғастыра отырып, әлеуметтік зерттеулердің өсек негізінде бір топ шеңберінде әрі барса, тек жүз елу адамның ғана жұмыла алатыны дәлелденгенін алға тартады. Адам бұл мәселені шешіп, қиял (fiction) тілін ойлап тауып, он мыңдаған тұрғыны бар қалалар мен миллиондаған адамнан тұратын империялардың қалыптасуына жол ашады. Демек, бұдан былай адамдар «біздің тайпамызды арыстан келбетіндегі рух қорғайды» дейтін дәрежеге жетеді. Сайып келгенде, қазіргі адамды адам етіп жаратып, оның эволюциялық бәсекелестікте жеңіске жеткізіп, өркениеттің қалыптасуына жол ашқан – тілдің дамуы, сөздік қордың молаюы болды.

Менде туындаған ойға келетін болсақ, бүгінгі күні кері тенденция жүріп жатқан секілді. Жиырма бірінші ғасырдағы жаһандану заманында ақпараттық технологиялардың дамып, әлемде бір тіл үстемдікке ие болып жатқан кезеңінде, ұлттың аман қалуын оның тілінің барған сайын неғұрлым қарапайым, неғұрлым канцеляризм түріне ауысу ғана анықтайтын сияқты. Қазір ағылшын тілі әлемдегі ең бай тіл екеніне қарамастан (2009 жылы ағылшын тілі миллионыншы сөз тіркелген тарихтағы тұңғыш тіл атанды және осы көрсеткішке жету үшін оған мың жарым жыл қажет болды), сонымен қатар қатты қарапайымданып, канцеляризм тіліне айналуда. Соның арқасында бүкіл әлемге тарап, оны байырдан бері қолданатын халықтарға қызмет етіп жатыр. Бұл жердегі ойым, ақпарат жинақтау үшін осы уақытқа дейін тілдер күрделеніп, сөздік қорлары молайып келсе, ақпарат жинақталған заманда кері үдеріс жүретін болады.

 

Рептилді ми және неокортекс

Консьюмеризм заманында тұтынушыларға тауарды көбірек сату мақсатында адамның миын, мінезқұлқын зерттеуге ерекше көңіл мен қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сондай зерттеудің бірі – Патрик Ренвуазе мен Кристоф Мореннің «Тренинг по нейромаркетингу. Где находится кнопка «Купить» в сознании покупателя?» атты кітабын оқып шықтым. Бұл еңбекте мидың шешім қабылдау әдістері туралы айтылады. Авторлар мидың үш бөлімнен тұрып, жасуша құрылымы мен қызметі жағынан әрқайсысы дербес екенін алға тартады. Олардың қызметіне келетін болсақ, неокортекс немесе жаңа ми рационалды ақпаратты, ортаңғы ми алған әсерлер мен ішкі сезімдерді өңдесе, рептилді ми немесе ескі ми осы екеуінен келетін ақпаратты ескеріп, шешім қабылдауға жауап береді екен. Эволюция барысында рептилді ми алғашқы болып 450 миллион жыл бұрын қалыптасқан және құрсақтағы баланың миы енді қалыптаса бастағанда, осы бөлім бірінші болып қалыптасады екен. Неокортекс төменгі сатыда тұрған сүтқоректілерде енді пайда болып жатса, адамның миының негізгі бөлігін құрайды. Десек те, адамдардың шешім қабылдауына рептилді мидың жауап беретіні қызық болып көрінеді. Келісесіз ғой?

Осы ақпаратқа сүйене отырып адамдарды сөзбен көндірудің неге қиын екенін байқауға болады. Әсіресе әлеуметтік желілерде қызу талқы барысында қолданушылардың сөзге неге тоқтамайтындығының себебі түсінікті болып шығады. Сөздер 40 мың жыл бұрын, ал жазу бар болғаны 10 мың жыл бұрын пайда болды, рептилді ми миллиондаған жыл жұмыс істеп келе жатыр. Сөз немесе жазу адам миының ескі бөліміне ықпал жасай алатын деңгейге жету үшін тарихи тұрғыда тым аз уақыт өтті.

Ренвуазе мен Морен рептилді миға әсер ету үшін алты стимулды ұсынады: 1) ескі мидың эгоист екенін естен шығармау; 2) оның тек контрасы бар ақпаратты қабылдайтынын білу («жақсы-жаман», «қауіпті-қауіпсіз» және т.б.); 3) таныс әрі жеңіл қабылданатын ақпарат беру; 4) ақпараттың басы мен соңына екпін жасау, себебі ескі ми ортасына назар аудармайды; 5) ақпаратты визуалды түрде ұсыну; 6) ақпарат эмоция қоздыратындай болу керек.

Осыдан кейін біздің газеттер мен жаңалық сайттарында салмақты мақалалардың аз жариялануының себебін және жарық көретін ақпараттың неліктен оқырманда эмоция қоздыруға бағытталатынын түсіне бастайсың.

Ісіңіз салиқалы, шешімдеріңіз салмақты болсын десеңіз, неокортексті жұмыс істетіңіз. Оны жаттықтырудың ең тиімді жолы – кітап оқу. Әйтпесе «мына әншісымақ жігіттер шашын бояпты, енді жастарымыз құрып, ұлтымыз жойылады» секілді артта қалған ойлау деңгейінен өсуіңіз екіталай.

 

«Ұмытылған» бастама

Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын», – деген болатын. Бұл бастама жүзеге асса, қазақ тілін дамытуға айтарлықтай ықпал етіп, жастар арасында кітап оқу мәдениетін қайта жандандыруға пайдасын тигізер еді. Бірақ ол жайына қалды.

Әрине, басында мемлекет азды-көпті қимылдағандай болды. Мәселен, 2013 жылы еліміздің барлық облыстары мен екі қаласында жастар арасында сауалнама жүргізіліп, аударуға лайықты әдебиеттің тізімі жасалды. Солардың ішінде мен де болдым, өзім де он шақты кітаптың атауын жаздым. Ішімізде үміт бар еді. Жылдың соңына қарай жаңалықтарда қазақ тіліне аудару үшін өзекті жүз кітапты анықтау байқауының сарапшылар кеңесі алпыс тоғыз кітапты таңдағаны туралы ақпарат шықты. Тіпті 100kitap.kz сайты тіркеліп, онда қазақ тіліне аударуға ұсынылған қазіргі заманғы әдебиеттің өзекті шығармаларын анықтау бойынша онлайн дауыс беру ұйымдастырылған болатын. Бірақ бұдан әріге бармады. Міне, содан бері бірнеше жыл өтті, бірақ жүз кітаптың біреуі жарық көрді деген жаңалықты естімедім. Лауазымды жауаптылар мен әуелгідегі бастамашыл топ мүшелері президенттің осы идеясы туралы «ұмытып» кетті, содан бері бірде-біреуі ләм-мим демеді. Қазір әлгі сайттың сілтемесін терсеңіз, оның баяғыдан бері өшіп тұрғанына көзіңіз жетеді.

Кітап оқымайтын ұлттың тарихи жады тым қысқа болады екен.

 

Түбегейлі үш мәселе. біріншісі

17–18 жасымда қалыптасуыма қатты әсер еткен үш түбегейлі мәселеге басым қатып, солардың табиғатын түсінуге талпындым. Біріншісі адам бойындағы эгоизм мен альтруизм үйлесіміне қатысты болды. Сол кезде біраз адам мендегі эгоизм туралы көп айтып, менде ол туралы теріс пікір қалыптастыра алды. Мен альтруизм позициясына көшіп сынап көрейін деп шештім. Бір мысал келтірейін. Өзім «Алтын белгіге» үміткер болғандықтан, емтиханға жақсы дайындалу мен үшін қатты маңызды болса да (себебі жоғары балл жинап грантқа түсе алмасам, ақылы оқуға жағдай жоқ еді), репетитор жалдауға, ақылы дайындалуға күйі жоқ сыныптастарым және көмек сұрап келген басқа да адамдарға шамам келгенше уақыт бөлдім. Тіпті кейбіреулері үйімізде түнеп жатып дайындалды. Олардың барлығының емтихандағы көрсеткіштері жаман болған жоқ, құлағандары болмады. Бірақ мектеп бітірген соң біреуі де есігімді ашып, сәлем беруге жарамады. Алла разылығы үшін деп қоя салдым, бірақ оның орнына өзіме көбірек уақыт бөлгенімде, жеке көрсеткіштерім тәуірірек болар еді.

Сол кезде бір түсінгенім, эгоизм деген табиғи нәрсе екен. Мен оны жаншып басып тастап, өзімнің эгоизмімді ақтау үшін үлкен құн төледім. Көп адам осыны түсінбей, керек емес жерде де эгоизмін қосып, содан көп дау туындайды. Одан түбегейлі бас тарту мүмкін еместігіне көзім жетті. Альтруизм кебінін киіп, өз эгоизміме лайықты болдым. Сол қазір мінез-құлқымда, іс-қимымылда әлі күнге дейін сезіледі. Біреумен жұмыс істескенде де мен ойлағандай болғанын қалаймын, бірақ бәрібір оған таңдау қалдырамын. Не менше болады, не менікінен тәуір жолды көрсетесің. Көп адам тек өзінің айтқанындай болғанын қалап, таңдау ұсынбайды. Дау осыдан туындайды, бұл – нашар эгоизмнің көрінісі.

Тек басқаларға жақсылық істеу үшін өзіңді ұмытып, жақсылығың қайтпаған жағдайда түңілмеу үшін мен көп іздендім. Біреулер: «Жақсылықты алдымен өзіңе істеп, өзіңді жақсы көріп сыйламасаң, өзіңді басқаларға да сыйлата алмайсың», – дейді. Діншіл адамдар: «Жақсылықтың қайтқанын күтпе, ол жаратушыдан қайтады, соның разылығы үшін істе», – деп, түңілмеудің жолын ұсынады. Бірақ бұл әдістің де кем тұсы бар: үздіксіз осымен айналысу өзіңе, отбасыңа, жақындарыңа арнауға болатын уақытты жейді. Көп ізденіп, мен бұның жауабын Абайдың отыз жетінші қарасөзінде таптым. Ұлы ақынымыз ол жерде: «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» дейді. Мен бұл сөздерін өзімше жақсылықты тек оны түсінетін адамға ғана істеу керек деп түсіндім. Расында да, адамдардың көбісі жақсылықты тек сол сәтте ғана сезеді де, оның маңызын ұзақ уақыт өткеннен кейін түсінетін қабілеті жоқ.

 

Түбегейлі үш мәселе. екіншісі

Адамның болмысы қызық. Он сегіз жасымда: «Адамдар неге жақсылықты тез ұмытып, жамандықты ұзақ уақыт есте сақтайды?» деген сұрақ мазалады. Біреулердің жамандығы үшін күйіп-пісіп жүретіні тағы бар. Бұл әділетсіз деп ойлаймын. Мен ондай болғым келмеді.

Сөйтіп, жыл бойы кездесіп танысқан адамдардың өміріме қандай жаңалық әкелгенін талдай бастадым. Әрбір кездесу кездейсоқтық деп ойламаймын. Таныстығың тез болса да, әрбір адамды тағдырдың бір мақсатпен жіберетініне сенемін. Сөйтіп, алғаш рет 2005 жылы кездескен, жаңадан танысқан адамдардың маған берген ақылын, жасаған жақсылығын, үлгі тұтар қасиеттерін, қалыптасуыма қосқан тәжірибесі мен үлесін сараптай бастадым. Жыл соңында тағдыр әмірімен кездескен жүз адамның тоқсан тоғызының өзімен бірге жақсылық алып келетініне көзім жетті. Солардың тізімін жасап жүрдім.

Тізімге, әрине, туысқандарымды кіргізбедім. Сосын бұл тізімге материалдық емес, рухани жағынан үлес қосқандарды ғана қосамын. Әр жылдың соңында тізімнен менің қалыптасуыма қатты әсер еткен төрт адамды іріктеп, оған Тәуелсіздік күні қарсаңында ашық хат пен сыйлық жолдаймын. Қалғандарының жақсылықтарын жыл ішінде қайтаруға тырысамын. Әрине, олар бұл туралы бейхабар. Жақсылық шын көңілмен жарияланбай жасалуы керек.

Жақсы адамның берері жақсы кітаптан бірде-бір кем емес. Қарап отырсам, көптеген жылдар бойы тізіміме еніп келе жатқан адамдар менің жақсы адам болып қалыптасуыма қатты әсер етіпті. Солардың бірі осы кітаптың кіріспесінде аталған Сәбит досым. Қарапайымдылығымен ерекшеленетін керемет адам. 2013 жылы институтта жүргенімде невралгияға шалдығып, кей кезде бетімнің сол жағы жыбырлай бастады. Сәбит бір кездескенде осыны байқап, себебін сұрады. Содан көп ұзамай, бір күні: «Бәкежан, мен тамыздың соңында Ыстамбұлға бір конференцияға қатысу үшін бара жатырмын, бір аптадай сол жерде жұмыспен жүремін. Сен қыркүйектің басында кел. Тек жолыңды көтерсең болды, жататын жерің, жүретін жолыңа уайымдама, мен саған Түркияны көрсетіп, бір демалдырайын. Өткенде ауырып жүргеніңді көрдім, институтта еліміздің қамы үшін жұмыс істеп жүрсің. Бұл менің еліміздің дамуына қосқан бір үлесім болсын», – деп телефон шалды. Сонда Сәбитім олигарх емес, сол кездегі табысы менікінен аспайтын да шығар. Сөйтіп, Сәбиттің арқасында 2006 жылы Памуктің «Черная книга» атты романын оқығаннан кейінгі Ыстамбұлға бару арманым орындалды. Осылайша Сәбиттің жомарттығын, риясыз жақсылығы мен басқа адамның жағдайына бейжай қарай алмайтын жақсы қасиетін өз бойыма сіңірдім.

Сонымен қатар бірінші кітабымның шығуына, бірінші көрмемнің өтуіне, жаңа тәжірибені игеруіме (және кете береді) еңбегі сіңген адамдар да осы тізімге енді.

Әзірге бұл – менің тұлғалық қалыптасудағы адамзатпен бөлісе алатындай ең үлкен жетістігім. Көпшіліктен: «Бес жыл бұрын саған ең үлкен жақсылық жасаған адамның есімін аташы», – деп сұрасаң, бірден есіне түсіруі екіталай. Алайда: «Кім сені бір кезде қатты ренжітті?» – деп сұрасаң, көп жағдайда, бірден есіне түсіреді. Мен 2005 жылдан бері ең көп жақсылық жасаған адамдардың есімін атап бере аламын және бірде-бір жамандық қылған адамның есімін есіме түсіре алмаймын.

Осы ақиқатқа он сегізімде жеткеніме әлі күнге дейін жаратушыға алғысымды айтамын. Тоқсан тоғыз адамды жақсылығымен жіберіп жатқанда, бір адамның есімін есте сақтау нағыз жақсылықты бағаламау болар еді.

Ал үшінші түбегейлі мәселе туралы бөлек кітапта әңгіме етейік.

 

Кітап оқу «понты» қалыптассын

Бүгінгі өзім көріп жүрген қоғамның келбетіне келетін болсам, жасыратыны жоқ, жастар арасында кітап оқып, білім іздеп жүргендері аз. Бұл жағдай екі нәрседен туындап отыр: біріншісі, жастардың өзіне сенімінің аз болуы не тіпті болмауы; екіншісі, өсіп, қатарға қосылғанда елдің қамы үшін қолына жауапкершілікті алуға дайын еместігі.

Өзіне сенімсіздік қоғамдағы әлеуметтендіру үдерісінің дұрыс жүрмей, құндылықтар жүйесі бұрыс қалыптасқандықтан туындайды. Әлеуметтендіру үйде басталады дегенмен келісетін болсақ, қазақ тәрбие жүйесінде баланың қолын қағып, жаңа нәрсені үйренуге талпынса, тыйым салып, қателессе «жұрттың баласымен» салыстырып, бетін қайтарып тастау көптеген отбасыларда жиі кездесетін жайт. Нәтижесінде балада жастайынан өзіне сенімсіздік қалыптасады. Кейін келе бала көп жағдайда қалаған мамандыққа түспей, біреу айтқан оқуға түседі, кітап оқыса да, өзіне керегін оқымай, біреулер оқып жүргенді оқиды. Той жасаса, «біреулер жаман ойлап қалар» деп, несиеге белшеден батып, бір күн тойып ішіп-жеп, бірнеше жыл бойы тапқан табысын банкке қайтарумен жүреді. Ақыр соңында осындай отбасыларда бітпейтін ұрыс-жанжал басталады. Қазаққа «өзі үшін өмір сүруден» де біреу үшін өмір сүру маңыздырақ болып кеткен. Міне, бұның бәрі өзіне сенімсіздіктің көрінісі.

Өзіне сенімсіз адам мүмкіндікті сырттан іздейді. Елімізде «аға-көкелер» жүйесінің гүлдеп тұрғаны да содан. Жастардың арасында білімдерінен гөрі сол «аға-көкелерінің» күштеріне сенетіндері аз емес. Тіпті қызық жағдайлар да кездесіп жатады. Университет оқып жүргенімде бір студент болды. Мен ертең балашағамды қалай бағамын деген үрейдің арқасында алты жыл ішінде тренинг пен семинарлардың талайына бардым, оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, бірталай тәжірибе де жинадым. Әлгі жігіттің не оқуға, не қосымша жұмыс істеуге құлшынысы жоқ, алты жыл бойы дым жасамай ерігіп жүретіндей көрінетін. Сәті келгенде әңгімеге тарттым. Сонда: «Жұмыс істеп қайтемін, ағам мықты жерде отыр, ертең оқып шыққан соң бірден жұмысқа кіргізеді», – деді. Кейін біреулерден естідім, сеніп жүрген танысы – танысының туысқанының біреуі, Астанада бір мекемеде бөлім бастығының көмекшісі екен. Тіпті, жүзін өмірде көрмесе де, «мифтік» танысы білім мен жеке тәжірибеден гөрі артығырақ сенім беріп тұр ғой. Маған «танысы бардың шанысы бар» деген сөздің орнына «адамға сенген мұрттай ұшады» деген сөз жақынырақ.

«Аға-көке» жүйесімен мықты ел бола алмаймыз, себебі, ол – дамудың тежегіші. Есесіне, бұл жүйенің қолдаушылары – өзіне сенімсіз адамдар. Тарихты айтпай-ақ қояйын, қазіргі дамыған елдерді жарқын болашаққа жетелеп бара жатқандарға бір көз салыңызшы – бәрі өзіне сенімді тұлғалар. Біз де солардың жолын қуғымыз келсе, өзімізге сенімімізді арттырып, құндылықтарымызды қайта қарауымыз керек. Мүмкіндіктерді сырттан іздемей, өзіміз қалыптастыра алатын жағдайға жетуіміз қажет. Өзің жасаған әрбір мүмкіндік – табыс көзі, еліңнің дамуының кепілі.

Ондай жағдайға тек білімің көп болғанда ғана жетесің. Ал білім кітапта жатыр.

Мақтаншақтықтан арыла алмайтын жайымыз бар екен, онда бұл қасиетті конструктивті арнаға бұрып, жаңа құндылықтарды қалыптастыруға бағыттайық. Олай болса, кітап оқу «понты» етек алсын.

Тағы бір қайталайын: кітап оқу білімге жол ашады, біліміңіз көп болған сайын мүмкіндіктерді сырттан іздемей, оларды өзіңіз көре бастайсыз, өзіңіз жасай аласыз, соның арқасында шыңдаласыз, оны табысқа айналдырасыз, елдің дамуына үлес қосасыз.

 

Кітап оқудың тағы бір берері

Бір қызық нәрсе байқадым. Кітап оқыған сайын дүниетанымың кеңейіп, жасай алатын мүмкіндіктерің артып, өзіңе, отбасыңа, еліңе берерің көбейеді екен. Уақытты бағалай бастайсың, жаңа бастамаларды қолға аласың. «Ойдағы жобаларымды жүзеге асырып, мақсатыма жетуге үлгермей қаламын-ау» деген үрей пайда болады. Соның арқасында өз ортаң да дұрыс қалыптасады, өз уақытын бағаламай, босқа өткізетін таныстарыңнан арылып, өнегелі адамдарға жақындайсың, жаман әдеттеріңді қалдырасың, дұрыс тамақтану қағидаларын ұстанып, дәрігерге дер кезінде қаралатын боласың. Көлікпен жүргенде ережені сақтап отырасың, артық жылдамдықпен жүрудің не екенін ұмытасың. Шылым шекпесең, бастамайсың, шегіп жүрсең – тастайсың. Кете береді. Бір сөзбен айтқанда, кітап оқитын адамның өмірге деген құштарлығы да артады.

 

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

КІТАП ОҚУДАН КІТАП ЖАЗУҒА

 

Кітап жазуға алғашқы талпыныс

Өзін «Ресейдің №1 менеджері» деп таныстыратын кітап шығарушы Игорь Манн «Номер 1» еңбегінде: «Кәсібиліктің ең жоғары көрсеткіші – ол өзіңнің кітабыңды жазып шығару», – дейді. Біз бұл нәрсені менеджердің кітабы шықпақ түгілі, оның есімі көпшілікке әлі беймәлім кезде түсінген едік.

Ең бірінші кітап жазуға талпыныс алтыншы сынып оқып жүрген кезімде пайда болды. Сол кезде әйгілі тұлғалар, тарихи оқиғалар, ғылыми жаңалықтар туралы ресейлік «100 великих» кітаптар топтамасы танымал болатын. Бірде неге біз осы «100 ұлы ойын» кітабын шығармаймыз деген ой келді. Бұл кітапта дүниежүзі бойынша танымал ойындармен қатар өзіміздің ұлттық ойындарымызды қамтуға болушы еді. Мен осы идеямды Төрехан досыма айттым. Екеуміз де ол кезде он 12–13 жастағы баламыз. Ол да бірден қолдай кетті.

Кітаптың құрылымын жасап, мазмұнын жазып, ойындардың тізімін топтадық. Жұмысты бөліп алып, материал жинау жағы менің мойнымда болса, досым шығару амалдарын іздестіретін болды. Бұл кезде бізде компьютер болмады, бәрін қолмен жазып, біраз дүниені топтадық. Ксерокс та жоқ, қолмен көшіріп, әбден қиналдық.

Әуежайдың мәдениет үйіндегі кітапханада біраз уақытымызды өткіздік. Төрехан Алматыдағы Чехов атындағы орталық қалалық кітапханадан керекті әдебиетті іздеп тауып келетін. Ойымыздағы кітапты жазып жүріп, аяқтауға таяп қалғанға дейін досым бірнеше баспаның табалдырығын тоздырды.

Біздің қоғам қызық қой. Бір бала келіп тұрса, «он үштегі баланың қолынан не келеді?» деген оймен сеніңкіремей қарайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналығымыз тек сөз жүзінде ғана қалып қояды. Көмектесіп, демеп жіберейін дейтін ешкім табылмайды. Көпшілік бұл қағиданы ұстанбайды. Ал батыс елдерінде «ана баланың жобасын қолдапты, мына баланың идеясына демеу болыпты» дегенді жиі естиміз.

Баспалардың көбі досымның бетін қайтарды. Соңында заңға қатысты әдебиеттер шығаратын «Жеті жарғы» баспасына барыпты. Ол кезде баспаның редакторы болған бір әйел кісі (есімін ұмытып отырмын) идеямызға қызығып таңғалды. Өйткені баспаларға өз идеясы бар, кітап шығаруға қызығушылығы бар жас балалар бара бермейді ғой. Досым екеуміз барып әлгі кісімен кездестік. Қолымызда көзіміздің майын тауысқан қолжазбамыз бар. Ол кісі бізге: «Сендер кішкентай баласыңдар. Мен сендерді кері қайтарып жібере алмаймын. Біз заң әдебиетін шығарамыз. Сендердің жазғандарың біздің бағытқа келмей тұрғанымен, балалардың еңбектеніп жүргенінің өзі үлкен дүние», – деп, қолжазбамызды алып қалды. Біздің қуанғанымыз сондай – жақындарымызға хабарлап та үлгердік.

Өстіп жүргенде, ол кісі жұмыстан кетіп, орнына басқа бір кісі келді. Ал жаңа басшы біздің жазбаларымызға қызыққан жоқ. Ақыры сол баспада қалған қолжазбамыз жоғалып кетті. Баспаға бір-екі рет барып таба алмадық.

Төрехан досым 2012 жылы қайтыс болды. Ол кітапты көп оқитын. Мектеп қабырғасында жүргенде компьютердің тілін алғашқы болып игеріп, өз бетінше бірнеше тілді меңгерді. Латын тілі өлі тіл саналса да, сол тілде жазылған кітаптарды іздеп тауып, үлкен қызығушылықпен оқитын. Екеуміздің арманымыз іске аспаса да, талпынысымыз өмірлік естелік болып қалды.

 

Толстой емессің...

Меніңше, өлең жазбайтын қазақ жоқ. Мектепте жүргенде өлең де, әңгімелер де жазатынмын. Сыныптастарымды үйге ертіп келіп оқып беретінмін, оларға ұнайтын. Қолмен жазылған шатпақтарымды әдемілеп кітап қылып түптеп қоятынмын. Күндердің күнінде нағыз кітап болып шығып, оқырмандардың жүрегіне жол табады деген үміт те болды. Оныншы сынып оқып жүргенімде болу керек, «Полигимния» деген хикаят жазып, достарымның жақсы пікірлерінен кейін тілін білетіндерге ұсынып көрейін деп шештім. Сөйтіп, Жазушылар одағына алып бардым. Ешкімді танымаймын, бір кабинетке кірдім. Ішінде үлкен жастағы бір кісі отыр екен. Бала болған соң ұялып тұрмын. Жазбамды қалдырып тұрып шала-пұла түсіндірдім де, кетіп қалдым. Бір аптадан соң қайтып келдім. Қолжазбамның сау жерін қалдырмай сызып, шимайлап тастапты. Тез көз жүгіртіп шықтым: «Біздің елде бұлай болуы мүмкін емес», «Авторы қиял қуалап кетіпті», «Образын аша білмейді» сынды пікірлерін жазыпты. Қолжазбамды қайтарды да, әлгі кісі: «Сенен дым шықпайды, адам жазғысы келсе, Толстойдың деңгейінде жазу керек, сен Толстой емессің!» – деп бетімді қайтарып тастады. «Әрине, Толстой емеспін. Толстой да бірден Толстой болмаған шығар», – деп іштей ренжідім де, кетіп қалдым.

Біздің адам бір ауыздан баланы өмірінде тек бір рет – ол тәй-тәй басып жүре бастағанда ғана қолдайды екен. Кез келген кейінгі тәй-тәйін, әдетте, басып тастайды. Осының кесірінен мәдениетіміз талай жазушыдан, ғылымымыз талай ғалымнан, әрбір саламыз нағыз мамандардан айырылып қалып жүрген сияқты.

 

Алғаш шыққан кітабым туралы

Алғашқы кітабым жиырма үш жасымда жарық көрді.

Студент кезімде, саясаттануды оқи жүріп артық болмас деп жарты жыл журналистика мектебіне бардым. Содан бері менің журналистика саласындағы жолым басталды десе де болады. Қай сала болмасын, әлі атың шықпай, тәжірибең жеткіліксіз болған кезде жұмысты өзің жүріп іздейсің.

Оқуға бара жатқанда автобус аялдамасындағы газет дүңгіршіктеріндегі басылымдарды қарап тұратыным бар еді. Бір күні жаңадан шыққан «Дайджест» газетіне көзім түсті. Сатып алып, мұқият танысып шықтым. Ол жерде қазақ газеттерінде шыққан мақалаларды орысшаға аударып салады екен. Мен Алматының бір шетінде тұрамын, ал редакция екінші шетінде орналасқан. Сонда да ерінбей барып, редакторымен кездесіп, осы газетте жұмыс істегім келетінін айттым. Редакторы шамамен отызға әлі жете қоймаған бір келіншек, есімі – Танакөз. Редакциясы қазақ тілді екен, қырықтың ар жақ, бер жағындағы үш-төрт қызметкері бар екен. Алдарында қалыңдығы әртүрлі бірнеше қазақ-орыс сөздіктері жатыр, барлығы тіл мамандары болса керек. Танакөз мені менсініңкіремеді. Артымда тәжірибем жоқ, бұған дейін газеттерде жұмыс істемегенмін. «Мына баланың қолынан не келеді?» – деп ойлаған шығар ішінен. Сонда мен: «Маған тапсырма беріңіз. Жаза алсам, сіз де, біз де ұтылмаймыз. Қолымнан келмесе, көрерсіз», – дедім. Алдында жатқан қазақша газеттерден бірнеше мақаланы іріктеп алды да, аударып келуге бір аптадай уақыт берді. Мен ұзақ созбай, түнімен аударып, ертеңіне алып бардым. Орыс тілін жетік меңгергендіктен, қазақшадан аудару еш қиынға соқпады. Танакөз маған сенімсіздікпен қарады да: «Саған кім көмектесті? Шыныңды айт!» – деді. «Ешкім», – десем, сенбейді. «Олай болса, маған тағы бір мақала тапсырыңыз, осы жерде, көз алдыңызда аударып берейін», – дедім. Бұдан да сүрінбей өткен соң, көзі жетті де, жұмысқа екі апталық сынақтан кейін алынатынымды айтты. Екі апта бойы әрі-бері жүру үшін ақшам тек жолға ғана жеткендіктен, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін түскі ас та ішпей жұмыс істедім. Аударған мақалаларым газетке шығып жүрді. Бірде тіпті штаттағы қызметкерлеріне жұмыстарымды үлгі етіп көрсетті.

Екі апта өткен соң, Танакөз жақсы жұмыс істегенімді айта отырып, штатта бос орын болмағандықтан-мыс жұмысқа тұрақты ала алмайтынын жеткізді. Екі апта жүргенім үшін бір тиын беру түгілі, газет бетіндегі аудармашылар қатарында менің есімімді де көрсетпеді. Мұңаймадым, ащы болса да тәжірибе дедім. Көп ұзамай бұл газет жабылып қалды.

Бір жолы газет дүңгіршегінен жаңадан шыққан Vox Populi журналын сатып алдым. Орысша шығатын мықты аналитикалық басылым болатын. Бір жыл оқып жүрсем де, редакциясына хабарласуға батылым жетпеді. Ақырында тәуекелге барып, Юлиана Алексеенко деген кісіге хабарласып, осы журналға мақала жазғым келетінін айттым. Ол да басында тәжірибем болмағандықтан аса қызыға қоймады. Бұл жолы да тапсырма беріп сынап көруін өтіндім. Ұсынған тақырыбы бойынша мақала жазып жіберіп едім, Юлиана бірден хабарласты да, рақметін айтып, келесі санында мақалам жарияланатынын хабарлады. Он үш мың теңге қаламақымды өзі әкеліп те берді. Содан бері Vox Populi журналына бір жылдай уақыт жазып жүрдім.

2010 жылы Юлиана хабарласып: «Кітап жазғың келе ме?» – деп сұрады. «Артық тәжірибеден ешқашан бас тартпау керек» деген қағиданы ұстанатын мен оған бірден келістім. Бұл кітап Алматы туралы болды. Келер жылы мегаполисте Азиада ойындары өтетіндіктен, осы кітапты шығаруды қолға алыпты. Кітапты бірнеше адамнан тұратын ұжым жазды. Мен Алматының театрлары, фестивальдері, мұражайлары туралы мақалаларды дайындап бердім. Кітап орыс және ағылшын тілдерінде шықты. Қаламақымды да берді. Бірінші кітабың шыққанда қайталанбас ерекше сезімде болады екенсің.

 

Намысқа тырысып жазған кітабым жайында

Магистратурада оқып жүргенімде бакалавр студенттеріне дәріс бердім. «Баланың ойы далада» дейді ғой, семинарға түн ұйқысын қиып дайындалатын студенттер бар, оқуға салғырт қарап, баға үшін оқитындар да аз емес. Қазақ тілінде ғылыми ақпарат аз болғандықтан, орысшасын іздейтін. Кітапханаға барып дайындалу үрдісі жиырмасыншы ғасырдың атавизмі болып бара жатыр. Қазір білім емес, баға үшін оқитын студенттер көп, бір түн қалғанда ғана тапсырманы естеріне түсіріп, ғаламтордан тақырыпқа орай орысша ақпарат тауып, соны басып шығарып, сабаққа алып келеді. Соның өзінде алдын ала оқып дайындалмай, тура кафедраға шығар алдында ғана бір көз жүгіріп шығады.

Бірде семинар қабылдап жатсам, сабақ айтып тұрған студент орыс тіліндегі оқып алған ақпараттарын автоматша сайрап айтып тұр. Ғылым болған соң объективті болсын деп барлық дереккөздермен жұмыс істеген дұрыс, бірақ «бес» аламын деп ұлттық мүдде тұрғысынан дұрыс баға беру керек нәрселер де болады. Адамда ішкі сүзгі болу керек. Түрік жазушысы Орхан Памук «Черная книга» еңбегінде оның маңызын атап өтіп: «Ішкі сүзгісі жұмыс істемейтін ұлттар өзімен-өзі бола алмай, ақыры құрып тыныш табады» дейді (ол туралы келесі әңгімемде оқи аласыздар). Иә, объективтілік үшін барлығымен таныс бол, бірақ ұлттық мүддеңді сатпау керек. Ресейдің ғалымдары да бірдей емес, шынайылары да бар, пропагандистері де жетеді. Бір қарасам, алдымда қазақтың студенті емес, орыстың шовинисі сөйлеп тұр. Тақырып бойынша тапсырманы айтып тұрған студентті үздім де, жақсылап сөктім. «Бүгін «бес» үшін ұлттық мүддеңнен аттап жатсаң, ертең еліңді сатасың ғой», – дедім. Ұялып қалды. Осы эпизод менің есімде мәңгілік сақталып қалды.

Магистратурадан кейін ғылыми институтқа барып жұмыс істедім. Әлгі есімнен кетпейді. Расында да, қазақ тілінде ғылыми әдебиеттің аз екені белгілі. Бірақ таңнан кешке дейін: «Тіліміздің дамуына үкіметтің жаны ашымайды» дей бергеннен ештеңе өзгермейді. Әркім ана тілі үшін өзінің шеңберінде жұмыс істеуі керек. Сөзден гөрі ісімен дәлелдеу керек. Сөйтіп жүріп оқыған курсымның тақырыптарына сәйкес келетіндей етіп бір айдың ішінде қазақ тілінде ғылыми монография жазып тастадым. Ол үшін ешкім маған ақша беріп, басымнан сипамады. Бұл игі істі өзімнің борышым деп санадым. Сөйтіп, жиырма бес жасымда «Қарулы қақтығыстардағы ақпараттық технологиялар: әлемдік тәжірибе және келешегі» атты ғылыми монографиям жарық көрді.

 

Ішкі сүзгінің маңызы жайлы

2004 жылы газеттегі бір мақаланы көзім шалып қалып, түрік жазушысы Памук туралы алғаш рет естідім. Екі жылдан соң Алматыдағы «Академкітаптан» оның «Черная книга» романын көріп, сатып алып оқыдым. Бұл тамыз айында болған оқиға. Үш айдан кейін Памук әдебиет саласында тағайындалатын Нобель сыйлығын иеленген тұңғыш түрік жазушысы атанды. Осыдан соң оның танымалдылығы артып, түгелге жуық романдары орыс тіліне аударылып шықты. Осы күнге дейін жазушының барлық шығармаларын оқыдым. Солардың ішінде маған ерекше әсер еткені – алғаш оқыған романы. Содан бері он жыл өтсе де, шығармасын кеше ғана оқығандай сезімдемін.

«Черная книга» туындысында шығыс елдерінің әдебиетіне тән әсемдік бар, арасында сиқырға толы таңғажайып аңыз-әңгімелер кездеседі. Солардың бірінде кітап оқитын адамның ұлттық мүдде тұрғысынан ішкі сүзгісі болу керегі әңгіме етіледі. Әңгімесі «Тақ мұрагерінің оқиғасы» деп аталады және мен өз кітабымда соның кейбір үзінділерін қазақшаға аударып жариялауды жөн көріп отырмын:

«Бір кездері біздің қаламызда адам ғұмырындағы ең маңыздысы – оның өзімен-өзі бола алу немесе бола алмау мүмкіндігі екенін ашқан Мұрагер өмір сүрді. Оның бар өмірі өзін-өзі ашу болды және бұл оның бүкіл ғұмырының ісі еді. Мұрагер өмірінің осы жаңалықтарының тарихын Жазғышқа айтып жаздырған екен.

Мұрагер үшін айтып жаздыру – өмір сүру деген сөз еді. Мұрагер қызыл ағаштан жасалған орындықта отырған Жазғышқа айтып жаздырғанда ғана өзімен-өзі бола алатындығына сенімді болатын. Мұрагер былай дейтін: «Өзімен-өзі болу үшін адам баласы өзінің ғана үнін естіп, өзіндік тарих пен өзіндік ойларға ие болуы керек».

Бұл Мұрагердің айтып отырып жаздырғандағы тек қана өз даусын естуін білдірмейтін еді. Жаздыра бастағанда, ол өзге біреулердің тарихын ойлады; өз ойларын дамыта бастап, ол басқалар айтқан ойлармен бетпе-бет келді; өз қаһарында ол өзгенің қаһарының жаңғырығын сезді. Мұрагер адамдардың өз дауысын тек іште сайрап жатқан дауыстан ғана таба алмасын ұқты, өз оқиғаларын ойластырып жатып, кереметті өзгелерден білді. Мұрагер мұны «өзгелердің ойымен айқасу» деп атады. Жаздырып жатып соғыс майданында жеңісті ұстап тұруға міндетті екенін пайымдады.

«Мұрагер Осман Жәлеләддин Әпенді: «Жер бетінде, мына қарғыс атқан жержүзінде, адамдар үшін ең маңызды мәселе – ол өзімен-өзі болу мүмкіндігі екенін білді және бұл мәселе ойдағыдай шешімін таппайтын болса, біздердің барлығымыз апатқа, жеңіліске, құлдыққа ұшырап, беделділер құрметсіздікке, ұлт жоғалу мен жойылуға, жойылуға ұшырайды», – деді.

Ол жиырма тоғыз жасқа толғанда, мүлде күтпеген тарихи оқиғалардың нәтижесінде бір сәтте-ақ тақ мұрагерлігінің кезегінде бесіншіден үшінші орынға ауысты.

Тақ мұрагерлігі кезегінде үшінші болған ол бүтіндей оқуға бет бұрды: таққа келуін керемет деп қабылдамай, жай тірліктің үрдісі деп білген әрбір мұрагер өзін келесі оқиғаға даярлап, мұның бәрін де кітаптың көмегімен істей аларына сенуі керек. Ол жан-тәнімен, қызығушылықпен, кітап беттерін жеп қоярдай оқуға берілді және әр кітаптан болашаққа бағытталған «керекті идеялар» алды; ақылдан алжаспау және жақын арада болашақтағы бақытты Осман мемлекетінде өзінің жарқын идеяларының орындауына сенімін сақтау үшін ол жиырма тоғыз жыл ішіндегі өзінің уайымсыз балалық шағын еске түсіретін барлық дүниеден құтылуды ойлады: ол әйелін, балаларын, ескі заттары мен Босфор жағалауында орналасқан сарайындағы әдеттерін тастап, жиырма екі жыл, үш ай өмірін өткізген Аңшы сарайына көшті.

Мұрагер Аңшы сарайында өткен алғашқы алты жылы оның өміріндегі ең бақытты кезең болғандығын бірнеше рет айтты.

«Өйткені, – деп түсіндірді ол, – сол уақыттарда мен тек қана оқыдым және оқылғандар жайлы ойладым. Себебі алты жыл ішінде жазушылардың ойларымен, дауыстарымен, оқыған кітаптарыммен өмір сүрдім. – Содан кейін мынаны қосты: – Бірақ осы алты жыл аралығында мен бір рет те өз-өзіммен бола алмадым. Мен өз-өзіммен болмадым және меніңше, сондықтан бақытты болған болармын, бірақ падишахтың міндеті – бақытты болу емес, өз-өзімен болуы!» Әрі қарай Жазғыштың дәптерге мың рет жазған фразалары жалғасты: «Падишах қана емес, әрбір адам өз-өзімен болуы керек».

Мұрагер өз жаңалықтарын «ең үлкен жаңалықтар» және «өмірімнің мақсаты» деп атады; осыны істеді де, Аңшы сарайында өтіп жатқан ғұмырының алтыншы жылындағы жазбаны айтып берді: «Арманымда Осман тағында әлдеқашан отырған болатынмын және қандай да бір мемлекеттік істі шешуде ойымдағы падишахты (өзімді) қатты жазғыратынмын. Өзімнің ой өрісіммен бейнелеп алған билеушінің, Вольтер секілді ақ-қарасын ажыратып отыратынмын. Бірде өзімнің қандай жағдайға жеткенімді кенеттен түсініп, ойланып қалдым. Санамда Осман тағында отырған отыз бесінші падишах бір өзім емес, Вольтер не Вольтерге тартпақ болған адам секілді көрінді. Сол кезде мыңдаған құлдардың өмірін қуыршақтай басқаратын, картада шексіз үлкен болып көрінетін мемлекеттерді билеуші патшалар өз-өздеріне иелігі жоқ басқа адам болатынын және осының қорқынышты екенін бірінші рет түсінгендей болдым.

Хақ падишах болу, басқаның көлеңкесі болмау шешімін қабылдап, соңғы алты жылда ғана емес, бар ғұмырымда оқыған кітаптардан арылу керектігін түсіндім, – деп, Мұрагер өзінің өмірінің келесі он жыл тарихын бастамай жатып жаздырды. «Басқа емес, өзім болу үшін, мен кітаптардан, жазушылардан, тарихтан, дауыстардан арылуым керек болды. Осыған маған он жыл кетті».

Мұрагер Жазғышқа өзіне әсер еткен кітаптардан қалай арылғаны туралы айта бастады. Жазғыш Мұрагердің сарайдағы Вольтердің бүкіл томдарын қалай жаққаны туралы әңгімесін жазды. Бұл жазушыны оқи отырып, шығармаларын еске ала тұрып, Мұрагер өзін ақылдырақ сезініп, өзін-өзі емес, бірақ француз қалжыңбасы етіп елестеткен екен. Осман тағына өзі емес, жабырқау келген неміс философы отыра ма деген күдікпен сарайдан Шопенгауэрдің де кітаптары шығарылған көрінеді. Қыруар ақшаға алдырылған Том Руссоның да кітаптары жыртылып, сарайдан аулаққа әкетілді. Себебі, оларды оқи отырып, Мұрагер өз-өзін қылмыс жасау орнынан ұстап алуға тырысатын тағы адам бейнесінде елестететін. «Мен барлық француз философтарының, әлемді ақылмен танып білуге болады деген Дельтур мен Де Пассе, Мореллилердің, я басқа ойда болған Бришоның кітаптарын аяусыз өртке орадым. Оларды оқи отырып, өзімді патша емес, өзіне дейін өмір сүрген даналардың ойларын жоққа шығаруға тырысып жүрген мысқылшыл профессор-полемист етіп елестететінмін». Мұрагер осылай деп айтып еді. Өзі қалайтын патша бейнесіне келіспейтін кейіпкерлер бейнесін оқи отырып, «Мың бір түнді» де жалын құшқызды. «Макбетті» де отқа тастады. Бұл кітапты әр оқыған сайын өзін тақ таласында қолын қанға бояуға дайын, осы ұятты іске мақтаныш сезімін сезінетін жігерсіз қорқақ адам етіп елестетін. Сарайдағы «Месневиді» де алып кетуді бұйырды. Әрдайым осы кітаптың ішінен оқуға әңгімелер таңдағанда, өзін Мевляна жазған әңгімелер нағыз өмір екеніне сенетін дәруіш ретінде елестететін. «Өзімді мұңлы ғашық жүрек етіп елестеттім. Сол үшін де Ғалыпшейхты да мен өртедім. Ботфолионы жақтым, себебі өзімді шығыс мәдениетіне енгісі келетін батыс адамы ретінде елестеттім, Зерханиді болса, өзімді батысшыл келген шығыс адамы етіп елестеткім келмеді; өзімді шығыс адамы да емес, батысшыл да емес, қызығушы да емес, ақымақ, авантюрист, бұл кітаптардағы басқа біреу етіп көргім келмеді». Осыдан соң Жазғыш соңғы алты жыл бойы сан мыңдаған рет жазған сөз естілді. «Мен тек өзім болғым келді».

Мұрагер мұның оңай еместігін білді. Барлық кітаптарынан арылған соң, ол көптеген жылдар бойы Жазғышқа өзінің естеліктерін жаздырып отырды. Оның өзгелердің әңгіме, жазбаларын іштей естігені тоқтады. Бірақ Мұрагердің басында тым-тырыс тыныштық орнады. Осыған төзе алмай, өз әміріне қарсы келіп, қызметшілерінің біреуін қалаға кітап сатып алуға жіберді. Бір дегеннен кітаптарды түгел оқып тастап, алдымен кітап авторларын мазақ ететін. Сосын салтанатты түрде бар ашу-ызасымен осы кітаптарды жағып жіберетін. Бірақ олардың дауыстарын миында ести бергендіктен, авторларына еліктей бергендіктен, бір кітаптан екінші кітапты оқу арқылы арылмаққа шешім қабылдады; жіткен оқты атқан оқ табатынын өкінішпен түсінген Мұрагер шетел әдебиеттерін сататын Бейоғлының дүкеніне қызметшілерін жіберетін. Әрине, ол жердегілер де әрдайым оның жіберген адамдарын тағатсыздана күтіп отыратын. «Өзімен-өзі болуды шешкен Мұрагер Осман Жәлеләддин Әпенді тура он жыл бойы кітаптармен арпалысып келді». Кітаптармен он жыл бойы жүргізілген тоқтаусыз майданнан соң Осман Жәлеләддин Әпенді кітаптардағы дауыстарға, ойларға, оқиғаларға өзінің дауысы мен өзінің оқиғаларын қарсы қойса ғана өзі бола алатынын түсінді. Сол кезде ол Жазғышты қызметке алды.

Мұрагер баспалдақтың жоғарғы жағынан бар даусымен: «Он жыл бойы Мұрагер Осман Жәлеләддин Әпенді кітаптармен арпалысып қана қоймай, өзімен-өзі болуға кедергі еткен барлық нәрселерге қарсы шықты», – деп айтты. Жазғыш бұл алғашқы реттегідей үлкен сенімділікпен және қобалжумен мың рет қайталанып айтылған сөйлемдерді ұқыппен тағы бір рет жазып алды.

«Адам сенгісіз болмыс пен ғайыптың арасында болған күрестің» он алтыншы жылында, қалыпты заттар мен сүйікті иістер мен кітаптармен күресте, қыстың бір түнінде, Мұрагер «еуропалық перделер» сыртынан кең бақшаны жауып жатқан қар мен айға қарады; осы сәтте ол өзінің жүргізіп жатқан күресі тек оның ғана емес, Осман мемлекетіне тағдырмен байласқан мыңдаған адамдардың күресі екенін ұқты. Себебі, соңғы алты жылда Жазғыш сан мыңдаған рет жазғандай, «өзімен-өзі бола алмайтын халықтар, жеке өркениет құра алмайтын, басқаға еліктеп, өзгенің тарихын қанағат еткен халықтар құрдымға кетеді».

Мұрагер өзімен-өзі бола алмай құлаған мемлекеттер жайлы, басқа еліктеймін деп жойылып кеткен халықтар туралы айтатын.

Нағыз мемлекет құру мақсатында отырықшы өмір салтына көшкен көшпенді тайпалар өздері сауда жасайтын отырықшы халықтарға еліктеп, ақыры құрып тынатын.

«Мұрагер Осман Жәлеләддин Әпенді осы сөйлемдерді жазғызып, өмірден өтті; бұл оқиға 1321 жылы (1321 жылғы мұсылман күн санағымен хижра жылы христиандар жыл санағының 1929 жылына сәйкес келеді) шабан айының (ай күнтізбесінің сегізінші айы) жетінші жұлдызында, бейсенбі күні, Тешвекие белесінде тұрған Аңшы сарайында орын алды», – деп жазды. Ал тура жиырма жылдан соң Жазғыш тағы былай деп қосып жазды: «Мұрагер Осман Жәлеләддин Әпенді отыра алмаған таққа жеті жылдан соң бауыры Мехмет Ришад Әпенді отырды. Бала кезінде өзі желкесінен ұрған бауыры таққа отырған соң, үлкен соғысқа түскен Осман империясы құлады».

 

Өзіндік ойлау

Тақырыпты жалғастыратын болсақ, Артур Шопенгауэрге тағы да бір рет жүгінейік. Неміс философы Parerga und Paralipomena кітабында былай деп жазады: «Оқу дегеніміз – өз басыңмен емес, бөтен біреудің басымен ойлау. Бүтін әлденеге, толық аяқталмаған болса да бір жүйеге дағдылануға талпынатын өзіндік ойлау үшін бөтен біреудің ойларын оқу арқылы келетін ағыннан зиян ештеңе жоқ, себебі олар әртүрлі адамға, бөтен жүйеге тиесілі болып, реңі басқа болғандықтан, ешқашан бүтін ой бола алмайды, ойлаудың, көзқарас пен сенімнің біртұтастығын бермейді, керісінше, басыңда жеңіл абыржу орнатады, осы ойлар жайлаған миды ашық көзқарастан айырады, сөйтіп оны істен шығарады десе де болады. Бұл күйді көптеген ғалымдардан байқауға болады, олар парасатты мағына, пайым дұрыстығы мен іс жүзіндегі такт жағынан дербес ойлау, сұхбаттасу мен аз-маз оқудың арқасында өзінің кішігірім танымына жететін көптеген ғалым емес адамдарға дес береді. Осыған ұқсас нәрсені үлкен масштабта ғылыми білімі бар ойшыл да жасайды. Бірақ оған көп таным қажет және ол үшін өте көп кітап оқу керек, бірақ оның ақылы осының бәрін игеріп, қорытып, өз ойларының жүйесіне ендіріп, өзінің тұрақты кеңейіп жатқан ұлы көзқарасының біртұтас бірлігіне бағындыру үшін салмақты болып келеді. Ең қызығы, оның өзінің ойлауы органның негізгі басы сияқты барлығына үстемдік жасайды, оны жан-жақты ақпаратқа қанық бастың ішінде болатындай басқа тондар ешқашан басып тастамайды. Сондай бастарда барлық үндестіліктердің үзінділері араласып кетеді және қажетті тонды іздеп таба алмайсың.

Кітап оқумен өмірін өткізіп, даналығын кітаптардан тапқан адамдар ел туралы көптеген саяхатшылардың сипаттауларынан нақты деректер жинағандарға ұқсайды. Олар көп нәрсенің ұсақ-түйегіне дейін айтып бере алады, алайда іс жүзінде оларда елдің сипаты туралы жүйелі, тиянақты, негізделген таным жоқ. Керісінше, өмірін ойлаумен өткізген адамдар сол елдерде болған адамдарға ұқсай бастайды, тек солар ғана әңгіменің тоқ етерін түсінеді, жалпы байланыстағы заттардың орнын біледі және өздерін үйдегідей сезінеді».

 

Мен жазбаймын кітапты ермек үшін

Үшінші кітабымды еліміздің айтулы ғалымдарымен бірге жаздым. 2012 жылдың соңында Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын халыққа ұсынған болатын. Келесі жылы ғалымдар осы құжатта қамтылған ұғымдар мен түсініктерге ғылыми тұрғыдан анықтама беріп, бұл еңбек «Қазақстан-2050: терминологиялық анықтамалық» атауымен 2014 жылы жарық көрді.

Өкінішке орай, бұл кітаптың авторлық нұсқасын ала алмадым. Аз таралыммен Астанада шыққандықтан өзіме жетпей қалды. Бірақ мықты еңбек болды. Сәті түскенде тауып оқып көріңіз.

 

Төртінші кітабым болу керек еді

Қазіргі кезде көп адамдар кітапты сән үшін не өзінің эгосын көтеру үшін жазатын болды. Былтыр танысым бір кісінің Алаш арыстары туралы жазған кітабын көрсетті. Кітап қалың болып шығыпты, сегіз жүз беттей бар енді. Сонда Алаш ардақтылары туралы әңгіме алғашқы жүз елу беттің шеңберінде қозғалса, қалған бөлігін автор еш қысылмай өзіне арнапты. Кітаптың ішінде өзінің «маңыздылығын» көрсету үшін белгілі тұлғалармен, саясаткерлермен түскен суреттерін жариялап қойыпты. Ұят емес пе, одан гөрі бірден кітапты өзіне арнап, «Менің ұлы істерім» деп атай салмай ма?

Кітапты мақтану үшін не әркімге таратып, көңілін аулап, мадақ не материалдық игіліктер іздеу мақсатында жазбай, жаның ашитын өзекті тақырыпты ашу үшін жазған абзал емес пе?

Мен төртінші кітабымды шығару үшін екі жыл жүгірдім. Осыдан біраз уақыт бұрын көрші елдің басшысы: «Қазақтарда мемлекеттілік болмаған» деген сөзді айтып еді. Бұл сөз көп қазақтың намысына тиіп кеткені рас. Осындай дүниелерді естігіміз келмесе, болашақ ұрпақтың санасында осы сынды пікірлер қалыптаспасын десек, ағартушылық істермен айналысып, қолдан келгенімізді аямай, сөзімізден гөрі ісіміз басым болуы керек.

Бұл сөз менің де намысыма тиді. Қазір әлемдік саясатта «жұмсақ» күштің билеп тұрған заманы. Көршіңе ықпал жасағың келсе, мәдениетіңді, тарихыңды танытатын заманауи өнім жасау керек. Нумизматикаға кішкене әуестенетін болғандықтан және көптеген тың дүниенің шет жағасын білгендіктен, осы туралы елімізде бұрын-соңды шықпаған фотоальбом форматындағы кітап жазуға бел будым.

Қазақ даласында монета соғу кәсібі сонау мың жарым жыл бұрын өмір сүрген түргештерден келе жатыр. Қарахандардың, Алтын Орданың, басқасының алтын мен күмістен соққан монеталарының сапасы әлі күнге дейін таңғалдырады. Таңбасы анық басылған, доп-домалақ, тіпті кейбір жағдайларда технологиясының мықтылығы соншалық, оның құпиясын әлі күнге дейін аша алмай жатыр. Сонда мемлекеттілігіміз болмаса, бұл монеталарды қай мемлекеттер басып шығарған? Керісінше, орта ғасырда Мәскеуде басылған «чешуйка» деген монеталардың түрі ұсқынсыз, пішіні қалай болса солай, біздің заманымызға дейін шіріген күйде жеткен.

Басқа да тың деректер бар. Мәселен, Моңғол империясы Шыңғысхан жорықтарынан кейін даламызды басып алғанда, осында да монеталарын соққан. Ең бірінші билеушілері не тәңіршіл, не буддист болғандарына қарамастан, орасан зор жерді алып жатқан империяда айналымда жүрген монеталарда «Алла» деген жазу кездеседі. Оны қалай түсіндіреміз? Немесе неліктен Қазақ хандығы тұсында бізде монеталардың орнына пластиналар шыққан? Қазақтың тұңғыш монетасын соққысы келген хан туралы не білеміз? Екі ел арасында жер дауы туындап жатса, монеталар арқылы ертеректе шекара нақты қай жерде өткенін қалай анықтай аламыз? Осы мәселелердің барлығын фотоальбом кітабымда көтергім келді. Бұндай дүниенің бізде бұрын-соңды шықпағанына көзіңіз жетті ғой?

Біздің жерімізде өмір сүрген мемлекеттерде соғылған монеталардың тарихын бес саусағындай білетін жалғыз ғалым Ресейде тұрады. Бізде оның деңгейіндегі ғалымдар жоқ. Жоғарыда қойылған сұрақтарымның жауабын да тек сол кісі ғана біледі. Қазір жасы жетпіске тақаған. Ертең жаман айтпай жақсы жоқ, бір нәрсе болып қалса, тарихымызға қатысы бар құнды деректерді өзімен бірге алып кетеді. Мен ол кісінің электронды поштасын тауып алып, оған жазып, кітап шығару ниетім туралы айттым. Әрине, оны кітаптың біз үшін тарихи тұрғыдан маңыздылығын айтып қызықтыра алмайсың. Келіссе, еңбегінің ақшасын тауып беретініме кепілдік бердім. Одан жәрдем сұрағанда, кітапты бастан-аяқ жазып беруді сұрамай, оның тек құрылымын жасауға көмектесіп, әлгі сұрақтарыма жауап беруді немесе оларды табуға болатын еңбектерге сілтеме жасауды ғана сұрадым. Ол кісі уақытының жоқтығын тілге тиек етті. Ақыры, ғаламтор арқылы жазысу нәтиже бермеді.

Бірде оның Алматыға бір ғылыми конференцияға шақырылғанын естідім. Орыс ғалымының тоқтаған қонақ үйін біліп, кешкісін іздеп бардым. Сөйтіп өмірде де таныстық. Мен мәселемді қайта айтып, тарихым үшін тізерлеп тұрып жалынуға дейін баруға дайын болдым. Бұл жолы талпынысым сәтті болып, ақыры көндірдім. Көмектесуге келісімін беріп, еңбекақысының көлемін де айтты.

Енді кітаптқа қаражат іздеуге кірістім. Фотоальбом сапалы қағаз бен бояуды, үлкен еңбекті, жұмысқа бірнеше адамның араласуын қажет ететіндіктен, оны қаржыландыруды өзімнің қалтам көтермейтін болды. Баспаған тауым, бармаған жерім қалмады. Мемлекеттік органдарға да, кәсіпкерлерге де, ұйымдарға да барып, кітаптың өзектілігін жеткізсем де, олар оның өзекті екенімен келісті, бірақ қаржы жағынан көмектесуге бармады.

Министрлікке осы идеяммен барғанымда, сол жердегі бастықтардың бірі фотоальбом кітабым туралы презентациямды алып қалып: «Оны қарапайым қылып шығарма, мұқабасы да ерекше болуы керек», – деп кеңес берді. Бұл кітап шығып жатса, Елбасының үстелінде жатуға лайықты екенін айтты. Содан соң: «Бірер күннен кейін бір адаммен жолығамын, соған мына презентацияңды көрсетейін, қызығып жатса, хабарласамыз», – деді. Бірақ сол күйі хабарласпады. Ақыры, екі жылдан кейін осы кітапты жазуға деген шабытым өшті. Махаббат та жауапсыз болса, әрі кетсе үш жылға ғана жетеді екен ғой.

Осы жерде мынаны айтып өту керек. Еліміздің қалаларында болғанда, өлкетану музейлерін аралаймын. Көбінде ескі жәдігерлер жоқ. Бірде Қызылжардағы Абылай ханның резиденциясына ат басын бұрып бардым. Ол ғимарат билеушінің көзі тірісінде салынып, оған патша үкіметі тарапынан сыйға тартылған, біздің заманымызда қалпына келтірілген. Ішін аралап жүріп, ханның өмір сүрген заманына тиесілі бір жәдігерді таппадым, экспонаттардың барлығы муляждар болып шықты. Музей қызметкеріне осы туралы айтсам: «Бірлі-жарым нәрсеміз бар еді, соның өзін Астанаға жаңадан салынған Ұлттық мұражайға алып кетті», – деді.

Мемлекетімізде дайынға жармасу үрдісі қалыптасты. Астанамыздағы тоғыз қабат мұражайды басқа қалалардың мұражайларына зиян тигізіп толтырған нан гөрі, зерттеулер жүргізіп, жер қойнауында жатқан талай дүниені қазып толтыруға болады. Заңсыз «қазғыштар» қолдарына металл іздейтін құрылғы алып, облыс бойынша жеріміздің барлығын қазып үлгерді. Тіпті, қазуға болмайтын тарихи маңызы бар Сарайшығымыз бен Қойлығымызға дейін қазып өткен. Сол жерлерге барғанымда, өз көзіммен көрдім. Жәдігердің барлығы соларда, ал мұражайларымыз қаңырап жатыр. Себебі, шенділеріміз ертеңін ойламай, нәтижесін бүгін алғысы келеді. Ол түбегейлі дұрыс емес. Жерді қазып, жәдігер іздеуге тиіс ғалымдарға қаражат бөлінбей жатыр, ал заңсыз қазып алынған дүниелерді «қазғыштар» мұражайларға тапсырмай, шетелдік коллекционерлерге қымбатқа сатып жүр. Ертең шенділер есін жиғанда кеш болады, себебі жер қойнауында тарихымыз туралы баяндайтын жәдігерлердің барлығы шетелге сатылып бітеді.

Бірінші кітабыммен жұмыс істеп жүргенімде, Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының директорымен кездесіп, осы жерде сақталған туындылар туралы жазатынымды айттым. Ол кісі мұражайда Сергей Калмыковтың туындыларының ең үлкен қоры сақтаулы екенін айтып, бірақ ол туралы кітабымда жазбауды сұрады. «Неге?» – деп сұрап едім: «Астанаға көшіріп алады, бәледен аулақ жүрейік», – деп жауап берді.

Кейде кейбір шенділер елімізде уақытша жүр ме деп ойлаймын.

 

Қалт жіберілген мүмкіндік

Бүгінгі күні қай дүкенге кірсең де, іскерлік әдебиеттің көптігін байқайсың. Әдетте, олар батыстық, ресейлік кәсіпкерлердің тәжірибесіне негізделіп жазылған. Зерттеулерге сүйеніп жазылғандары да бар, бірақ олардың барлығы сол батыста жасалған. Және бұл кітаптардың басым бөлігі Ресейде басылған және сондықтан орыс тілінде. Кейде фейсбукта біреулердің бизнеске қатысты әдебиетті, іскерлік әдебиетті қазақ тілінде шығарамыз деп уәде етіп жатқанын көремін. Бірақ уәдесінен аса алмайды.

«Жаңаның барлығы ұмыт болған ескі нәрсе» деген жақсы сөз бар. Тоқсаныншы жылдары біз нарықтың экономиканы құруға көштік. Адамдар сауда-саттық пен айналысып, бірінші кәсіпкерлеріміз шыға бастады. Кітап оқуға көптің жағдайы мен қызығушылығы болмаған кезең болса да, қазақ тілінде бизнеске қатысты әдебиет шығару көрудің алғашқы талпыныстары сол кезде қолға алынғанын енді біліп отырмын. Бірақ ешкімге керек болмағандықтан, тез ұмыт болды.

Үшінші сынып оқып жүргенімде, мені оқу озаты, белсендісің, сыныбыңның намысын қорға деп мектептің бір байқауына қатысуға жіберді. 1997 жылдың әңгімесі бұл. Қателеспесем, сол кезде екінші орын бұйырды – сегізінші сыныпта оқитын бір балаға жеңіліп қалдым. Салмақ көрсеткіштеріміз әртүрлі болғандықтан ба деймін. Сол кезде маған жиырмасыншы ғасырдың менеджментінің гуруы саналатын Питер Друкердің «Нарық: топ жарып, алға шығу» кітабын сыйға тартты. Бір суреті жоқ, ішінде не жазылғаны түсініксіз. Бала қызықпайтын кітап. Бірақ мен оны тастамай, есейген шағыма дейін сақтап келдім. Ақылым соған жеткенін айтсаңызшы. 1986 жылы шыққан кітапты қазақтар Тәуелсіздік алған бойы ана тіліне 1994 жылы аударып алған екен. Қазір оны қарап отырсам, өте сауатты аударма жасай біліпті. Кітапханамның төрінде тұрған кітаптардың бірі. Сол кезде ұстаздарым дәл осы сыйлықты бір нәрсені біліп жасағандай ма деп ойлаймын. Бір символдық мәні болғандай.

«Күміс кітапты» жарыққа шығарып, өзімнің баспагер ретіндегі жолымды бастадым десем болады. Енді алдағы уақытта өзін-өзі дамытуға бағытталған әдебиет пен іскерлік әдебиетті шығарып тұратын боламын. Бір досым: «Біздің замандастардың арасында заманауи кітап жазуды бірінші боп қолға алдың, енді заманауи баспа ісін де қолға алып жатырсың», – деп еді. Қазаққа бұл жанр бүгінгі күні өте маңызды.

 

БЕСІНШІ ТАРАУ

ОҚЫРМАНДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Оқырманды қалыптастыруға он жылыңызды жұмсаңыз

Менің ойымша, көп кітап оқитын адам кемінде бір адамды өзіндей кітап сүйер жанға айналдыруы керек. Бұл ұзақ мерзімге созылатын процесс. Оған он жыл өміріңді сарыптауың мүмкін. Мамандық бойынша бір топқа түсіп оқыған досымды танысқан сәтте-ақ «Академкітапқа» алып барып, ертеңге қалдырмай оқу керек кітаптарды сатып алғыздым. Үйдегі кітаптарымды оқуға бердім. Абай: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», – дейді. Ал түріктің көсемі болған Ататүрік: «Егерде мен өмірімде тапқан екі куруштың жартысын кітапқа жаратпағанымда, осы күніме жетпес едім», – деген. Менің әлгі досым: «Өміріме қатты ықпал еткен адамдардың бірісің», – деп жиі айтатын. Қазір аяғына нық тұрып, табысының қомақты бөлігін кітап сатып алуға жұмсауды әдетке айналдырды. Мұның сауабы да көп. Мен бір адамның кітапқа деген сүйіспеншілігін ояттым. Оған он жылым кетті. Енді бос он жылым болмағандықтан, осы кітабымды жаздым. Мультипликативті әсері болатынына сенемін.

«Күміс кітабым» мыңдаған жаңа оқырманның қалыптасуына жол салсын деген ниетпен жазылып отыр.

 

Сыйға тартқан кітабым жолын ашып берді

Сәтті сыйланған әр кітап адамның тағдырына әсер етеді. Менің бір досым өз мамандығы бойынша оқуын жалғастырмай, жаңа салаға ауысып, жеке бизнеспен айналысуға бағыт алды. Бір сөзінде бұл шешімге келуіне кезінде менің оған сыйлаған менеджмент туралы кітабым әсер еткенін айтты. Сол кітап оның өмірін өзгертуге себепкер болған екен. Мен ол туралы ұмытып та кетіппін. Бұл – кітаптың қай кезде де ең жақсы сыйлық екендігінің тағы бір дәлелі.

 

Кафедрама кітаптар апарып бергенім туралы

Магистратураны бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында істегенімді әлі ұмыта қоймаған боларсыздар. Бұл жерде еліміздің мықты ғалымдарының кітаптары шығатын. Оқып жүргенде бұл туралы білмедік.

Институт мемлекеттік мекеме болғандықтан, шығарған әдебиетін сатуға құқығы болмайтын, кітаптар еліміздегі кітапханаларға жөнелтіліп, конференцияларда ғана тегін таратылатын.

Қазақ бөлімдерінде оқитын студенттер қазақ тілінде шыққан не елімізде басылған ғылыми әдебиет тапшылығы жағдайында білім алатыны туралы бұған дейін де сөз еттім. Институтта қызметте жүргенімде, мекеме басшылығынан: «Мен білім алған университеттің кітапханасына кітап жіберіп тұрасыздар ма?» – деп сұрадым. Студент кезімде университеттің кітапханасында бұл институттың еңбектерін көрмегенімді айтып, неге бұған дейін кітап жібермегендерін сұрадым. Олар университетпен кітап жіберу туралы келісімнің жоқтығын тілге тиек етті.

Біздің кешкен күніміз келесі буынға тумасын деп, институтымда шыққан кітаптарды жинай бастадым. Басшылықты көндіріп, ертеректе жарияланған сирек әдебиеттерді де босқа жатқаннан гөрі студенттердің қажетіне жарасын деген ниетпен сұрап алдым. Сөйтіп жеті үлкен қорапты кітапқа толтырып, жұмыстан сұранып, өзім оқыған кафедрама алып бардым да, меңгерушіге табыстап қалдырып кеттім. Осыдан кейін өзім де үлкен міндеттерімнің бірін орындадым деген көтеріңкі сезімде жүрдім.

Жарты жылдан кейін кафедрама қайта барудың сәті түсті. Ол жерге барсам, әлгі жарты жыл бұрын алып барған жеті қорабым сол күйі орнынан қозғалмастан жатыр екен. Ең жақсыларын алып кетіп, үлкен еңбек пен табандылықтың арқасында жинаған әдебиеттерімді талан-таражға салған. Кітапханаға жетпеген. Бұл қиын шаруа емес қой, бар болғаны бірнеше студентті шақырып алып, соларды кітапханаға алып бар десең, көтеріп апара салатын дүние емес пе? Сол жердегі ғылым докторлары мен кандидаттары атанып отырғандардың студенттердің жақсы білім алуына жандары ауырмағанына таңғалдым. Табандарын тоздырып кітап жинамақ түгілі, дайындап әкеліп берген әдебиеттерді кітапханаға жеткізе алмаған. Мен жартылай бос қораптарға қарап, еңбегімнің құмға кеткен судай болғанын түсініп, қатты қорландым. Бұл өмірімде зор реніш туғызған сәттердің бірі еді, қатты жаныма батты. Көңіліме келсе де үндеген жоқпын.

Осыдан кейін бірнеше жыл өткен соң, фейсбуктағы лентамда кафедрамның ғылыми кітапхана ұйымдастыруға кіріскені туралы хабарлап жатқанын көзім шалды. Еліміздің танымал саясаттанушысы кафедраға кітаптар сыйлапты, кітапхананың ашылуына сол мұрындық болған екен. Мен саясаттанушы ретінде жақсылық жасау үшін әріптесім сияқты міндетті түрде танымал болудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қатты күйіндім.

Танымал әріптесім фейсбуктағы парақшасында басқалар да үлгі алып, кітапханаға әдебиет сыйлап, оны толтыруға үлестерін қосып жатқаны туралы жазып жүрді. Бір күні сондай жазбалардың бірінің астына «Кафедраға келесі барғаныңызда осыдан бірнеше жыл бұрын менің сыйлаған жеті қорап кітабымның тағдыры не болғанын сұраңызшы» деп жаздым. Ол кісі әңгіменің төркінін білмегендіктен, сұрайтынын хабарлады. Екеуміздің осылай жазысып отырғанымызды кафедра меңгерушісі байқап қалыпты. Маған жеке хабарлама жолдап, бұл жазғанымның оған қатты тигенін, жаман күйде болғанын айтты. Мен дәл қазір ол кісіге қалай жаман болса, маған бос жатқан қораптардың алдында тұрғанымда тура солай жаман болғанын айттым. Соған қарамастан, жас өрендердің мүддесі үшін күйініштерімізді ұмытып, тіл табыстық. Ол кісі студенттермен кездесуге шақырды. Бұл жолы жеті қорап кітап жинамасам да, студенттерге көмек болсын деген ниетпен жеке кітапханамдағы әдебиеттің ішінен бір қораптай кітап жинап апарып бердім.

Нобель сыйлығын алған ақын Иосиф Бродскийдің: «Ешбір қылмыстық кодексте әдебиетке қарсы қылмыс үшін жаза қарастырылмаған. Осы қылмыстардың ішінде ең ауыры, тіпті, цензуралық шектеулер мен кітаптарды өртеу емес. Бұдан да ауыр қылмыс – кітаптарды менсінбеу, оларды оқымау» деген бір керемет сөзі бар.

Кітапты менсінбеу – қылмыс.

 

Кітап оқу және феминизмге беталыс

Жарыммен ең алғаш қосылғанда, оған: «Егер мен жылына жүз кітап оқитын болсам, сен кемінде елу кітап оқымағанша, бір-бірімізді түсіну қиынға соғуы мүмкін», – дедім. Үйленгенде сүйіп қосылу шарт қой, дегенмен отбасын құру өмірлік жоба болғандықтан, оның беріктігін қамтамасыз етуде сезіммен қоса үлкен еңбек, өзіңді-өзің жетілдіру, жауапкершілік қатар жүруі керек. Әйтпесе ертең біріңді-бірің түсіну өте қиын болады. Себебі, дүниетанымдар арасында алшақтық пайда болып, түсініспеушілік пен ренжуге барып қалу ықтималдылығын жоққа шығара алмаймыз.

Мысалмен түсіндірсем, біреу бесінші қабаттан қарап тұрып, анау жерде ағаш өсіп тұрғанын көреді. Ал бірінші қабаттағы кісі ол ағашты көре алмайды, өйткені оның алдын келесі бір үй жауып тұрады. Оған «ағаш бар» десе, ол оған «ағаш жоқ» дейді. Түсініспеушілік осыдан келіп туындайды. Екі мың кітап пен бес жүз кітаптың арасы деп осыны айтып отырмын.

Әйелім де кітапты өте көп оқиды, тіпті кейде жарысатынымыз да бар.

Ерлер бір жұмыс атқарса, әйелдер екі жұмысты – үйдің де, түздің де жұмысын қатар ала жүріп, кітап оқуға да уақыт тауып жатады. Бұл бала тәрбиесіне оң әсерін береді. Егер ата-анасы кітап оқитын болса, баланы кітап оқуға мәжбүрлеудің қажеті жоқ екенін бұған дейін де айтып өттім.

Қазір табысымды сәл де болса арттырып, үй шаруасына көмектесетін көмекші алуға артылатындай деңгейге жеткізудің қамын жасауға тырысудамын. Сонда әйелімнің біраз уақыты үнемделіп, оны өз пайдасына және осының арқасында ұрпағының дұрыс тәрбие алуына жарата алар еді.

Кейбір енелер: «Біз де келін болдық, мына келіннің бізден қай жері артық?» – деуі мүмкін. Қатарластарымның арасында да әйелдің тәуелсіз, тең һәм еркін болғанын жақтырмайтындар кездеседі. Әлбетте, мен жауапкершіліктен қашу керек дегенді меңзеп тұрған жоқпын. Меніңше, қазақ жиырма бірінші ғасырға он тоғызыншы ғасыр болмысының кейбір әбден тозығы жеткен түсініктерімен қадам басқан сияқты. Қарапайым тілмен айтқанда, мен үшін ыдысты кім жуғандығы маңызды емес. Ол, мейлі, әйелім болсын немесе басқа біреу болсын, ешқандай айырмашылығы жоқ. Керісінше, үнемделген уақытын әйел адам өзін дамытуға, жаңа нәрселер үйренуге, тренингтерге қатысуға, көлік айдау курстарына жазылуға, бір сөзбен айтқанда, қалаған қажеттілігіне жұмсай алатындай болуы керек.

Егер баланы әке-шешесіне қарап бой түзейді дейтін болсақ, онда бұдан оның алатын дүниесі екі есе болады. Үйлену оңай, ал үй болу барлық жағдайда да жеңіл шаруа емес. Sapienti sat[18].

 

Басқалардың кітап жазуына көмектескенім жайлы

«Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков ағам аталмыш еңбегінің екінші томын жазған соң, маған қолжазбасын оқуға беріп, түзететін не толықтыратын жері болса айтуымды сұрады. Жұмыстарым қарбалас болып жатқандығына қарамастан, кітаптың қолжазбасымен бір ай бойы жұмыс істедім. Оны Волгоградқа, Дубайға, Оралға өзіммен бірге ала жүріп, мұқият қарап шықтым.

Қанат аға кітабын өзімнің де қазақ тілін дамытуға қосып жүрген үлесім болғандықтан сеніп табыстаған болар. Екі жыл уақытымды моделін ойлап табуға жұмсап, қазақ тілін үйретуге бағытталған BAS QOSU[19] жобасын дүниеге әкеліп, еш жерден қаржылық көмек алмай, тағы екі жыл бойы бес жүзден астам адамға қазақ тілін үйреттік. Осы жобаның тиімді жүзеге асуына достарым Ерден Зікібай, Бақытжан Мұхаммедияұлы, Анар Баршаху, Аида Әжіғалиева, Әмина Жеменей мен Жадыра Дәуітованың үлкен еңбегі сіңді.

Бұл кітапқа қатысты менен бөлек Герольд Бельгер сынды тұлғалар өзінің ақыл-кеңестерін айтқан. Менің үлесім ағаларымыздың үлесімен салыстырғанда титтей ғана. Басылып шыққан кітапты қолыма алғанда бір риза болғаным, бірінші бетінде автор жылы лебіздер білдірген адамдардың ішіне менің есімімді де көрсетіп қойған екен.

Келесі жолы тағы бір адамның кітабының өміріне араласқаным былай болып еді. Алматыдағы мейрамханалар желісі ашылар алдында оның маркетологі, танымал Жанна Прашкевич хабарласып, қазақ қонақжайлылығын ғылыми тұрғыда зерттеп беруімді сұрады. Қазақ қонақжайлылығы қандай? Ол этнографияда қалай көрініс тапқан? Басқа халықтардың қонақжайлылығымен салыстырғанда біздікінің артықшылығы неде? Этнографтармен кездесіп, солардан ақпарат жинауымды өтінді.

Этнографияға қатысты жүзге жуық еңбектерді жинап, оларды талдап, қонақжайлылығымыз туралы құнды үзінділерін іріктеп бердім. Еліміздің бірнеше тарихшы ғалымдарымен кездесіп, олардан сұхбат алдым. Жұмыс жасау барысында өзім үшін де біраз жаңалық аштым. Тарихшы, профессор Нұргелді Уәли ағам біраз нәрсенің сырын ашып берді. Ол кісі қазақ қонақжайлылығының қазір ешқандай артықшылығы мен ерекшелігі қалмағандығын, бірақ баяғыда болғанын айтты. Ғалымның айтуынша, бұрын қонақжайлылық құқық пен діни наным-сенім тұрғысынан қорғалған болған, қазір ондай жоқ.

Қазақтың қонақжайлылығының бірнеше негіздемесі бар.

Біріншіден, ол – экономикалық негіздемесі. Қонақжайлылық барлық халықта кездеседі. Бірақ қазақтарда оның өзіндік ерекшеліктері болған. Біз ежелден мал өсіруші халықпыз. «Алалы жылқы, ақтылы қой» деген сөз бар, ол молшылықты білдіреді. Малдың көп болғаны сонша, оны Қытай, Ресей, Хиуа, Бұхара, Қоқан мемлекеттеріне сатып отырған. Қытайда жылқы өсірілген деген дерек жоқ. Олар қойды да өсірмеді, өйткені олардың жері мал шаруашылығына қолайсыз. Есесіне, қазақтар жібек құртын өсірмеді. «Қазақтар артта қалған ел болған, олар тек мал өсірумен шектелді» деген жалған мәлімет ешқандай да қисынға сыймайды. Әрбір халық географиялық, климат және басқа да факторларға сәйкес келетін кәсіппен айналысқан. Бұл – экономиканың заңдылығы. Яғни, біріншіден, қазақ қонақжайлылығы экономикалық фактор болып табылатын малдың молшылығының арқасында қалыптасты.

Екіншіден, қонақжайлылықтың қалыптасуының құқықтық жақтары да болды. Әлкей Марғұлан қазақ мемлекеттілігі көне, ол Алаш мемлекетінен бастау алатынын жазған. Мемлекет жайлы жазбаша дереккөздер жоқ, бұл жайлы тек ауызша ескертпелер бар. Біздің халқымыздың тарихи санасы өте жоғары дамыған. Сол кезеңдерден «алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы», «атамыз – алаш, керегеміз – ағаш» және т.б. сөздер қалған. Халық санасында мұндай сөздер жайдан-жай сақталмайды. Оқиғаларды есінде жақсы сақтау үшін халық оларға миф элементтерін үстейді. Кейіп, бет-бейнелерінің арқасында олар есте жақсы сақталады. Егерде ол көрнекті батыр болды десе, оны есінде жақсы сақтамайды. Оны мифке айналдыра бастайды. Мәселен, ол найзасын түйреген жерден бұлақ пайда болды деп айтады. Алаш деген халықтың болғандығы жайлы аңыз бар. Біз әлі күнге дейін «алты алаштың ағасымыз, Қазақбайдың баласымыз» деп айтамыз. Бұл сөз кеше ғана пайда болған жоқ, біздің үлкен бабамыз Алаш болған. Ол ғасырлар бойында сақталған тамаша заңдарды шығарып кеткен. Бес ұлы болса, мұрасын алтыға бөліп қалдырған. Алтыншы бөлігі – қонақтардың сыбағасы.

Ал егер біреуге қонақжайлылық көрсетілмесе, онда ол биге барып шағымданған. Би қонақты күтпеген үй иесіне жаза тағайындаған. Орыс зерттеушілері бізге алғаш келгенде: «Кез келген адам қалтасында бір тиыны болмаса да қазақ даласында шексіз саяхаттап жүре бере алады» деп жазған. Басқа халықтарда қонақ пұл төлеу керек болған. Біз отарға айналғанда, бұл заң күшін жоя бастады. Қазір қонақжайлылық заңмен қорғалмайды, қонақты қабылдасақ та, қабылдамасақ та, өз еркімізде және ол үшін бізді жазаламайды. Сол себепті қазақ қонақжайлылығының қазіргі күйінің басқа халықтармен салыстырғанда еш айырмашылығы жоқ.

Үшіншіден, қазақтың діни, нанымдық көзқарастары. Қазақтар қырықтың бірі Қыдыр екеніне сенетін халық. Қыдыр қарапайым жолаушы болып келуі мүмкін. Егер отағасы оны қонақ ретінде қабылдамаса, Қыдыр теріс айналып кетеді деп сенген. Қонақпен бірге Қыдыр келеді деп сенгендіктен, әр қазақ келген кісіні, бай, кедей деп бөлмей, жылы қабылдаған.

Төртіншіден, қонақжайлылықтың қалыптасуына себеп болған келесі фактор – ақпарат. Ұлан ғайыр кеңістікте жатқан ауылдар арасындағы ақпарат дала кезіп жүрген қонақтардың арқасында тараған. Оны халық «ұзынқұлақ» дейді.

Соңғысы, гедонизм жайттары. Көңіл күйді көтеру керек болды. Ал қонақтан ауылдың алты ауызы сұралады. Келген қонақ ән салып, жыр айтатын болған. Өнерге қабілеті болмай жатса, ең құрығанда жұмбақ жасыратын. Осылайша қонақ тек қана ақпарат тасушы болып шектелмей, ол арқылы шетсіз-шексіз далада мәдени алмасулар болып жатты.

 

Авторлар кітаптарын рецензенттерге сыйға тартса

Турфирмалар жаңа бағыт ашқан кезде баспасөзтурларға блогерлерді шақырып жүр.

Компаниялар жаңа гаджеттерді желідегі шолушыларға қолдануға беруді әдетке айналдырып алды.

Дамыған консьюмеризм заманы осындай талап қойып жатыр.

Неліктен осы тәжірибені анда-санда болса да өзіміздің кітап жазып, оны басып шығарып, тұсаукесерін беріп жүрген бірлі-жарым жазушыларымыз бен авторларымызға қабылдап алмасқа деп ойлаймын. Шолушылар көп болса, кітап жазғыш авторлар көп емес, ал желіде тұрақты кітап туралы жазып жүрген рецензенттердің саны одан да аз. Сондықтан авторлар кітабы шыққан бойы бір данадан бірнеше рецензентке таратып сыйласа, көп шығынға ұшырай қоймас. Пайдасы зор: дайын рецензия мен жаңа туындының жарнамасы.

Мәселе біздің кітап сатып алуға әлеуетіміздің бар-жоғында емес. Керісінше өзім қазақстандық жаңалық кітаптардан қалыс қалмауға тырысамын. Дегенмен, біріншіден, жеке оқырманға ілтипат білдіру оның көңіл күйін қалыптастырады (қолтаңбасы бар кітаптарды алу ұнайтынын жасырмай-ақ қояйын). Екіншіден, авторлардың тек кітап жазып қоймай, сонымен қатар кітап оқуды насихаттауға да үлес қосқаны үшін көңілдері толатыны сөзсіз. Жеке басым туралы айтатын болсам, өз қолтаңбам қойылған ғылыми монографиямның жетпіске жуық данасын сыйға тарттым. Мына кітабымның да он шақты данасын солай сыйлаймын.

 

Әдеби «делдалдықтың» бір мысалы

Кітап оқып, кітап таңдап үйреніп, оның қадірін түсінген оқырман біреудің талғамын білсе, не туралы оқитынынан хабардар болса, сол туралы әдебиетті кездестірсе, бұл туралы сол адамға айтып, керек болса, сол кітапты сатып алып бергені абзал. Өйткені, тар шеңберлі тақырыптарды қамтитын әдебиет көрінген дүкенде сатыла бермейді, әдетте, ол шағын таралыммен ғана басылып шығады. Қалыптасқан оқырман мен оның кітабының кездесуі көп жағдайда кездейсоқтық қана, сондықтан екеулерінің арасына түсіп, делдал болатын мүмкіндік туындаса, одан бас тартпаңыз. Нағыз игі іс осындай ұсақ-түйектерден басталады.

Достарыма олар іздеп жүрген кітаптарды қалай тауып бергенімнің бірнеше мысалын келтірейін.

Менің қытайтанушы Тілектес деген досым бар. Елімізде Қытай туралы әдебиет көп шықпайды. Себебі, оны жазатын қытайтанушылар да бар-жоғы бір-екі-ақ адам. Екінші досымның есімі – Дәулет. Ол кітап шығарумен айналысады. Осы кітабымды жазардың алдында бірнеше апта бұрын сол Дәулеттің жұмыс орнына бардым. Сол жерде баспадан жарық көрген соңғы туындылардың арасынан Аспан асты елінің жаңа заман тарихына арналған үш томдықтың шыққанын байқап қалдым. Бірден қалтафонымның камерасына түсірдім де, Тілектеске осындай кітап шыққанын айтып, керек-керек еместігін сұрап, суретін уатсап арқылы жібердім. Ол бұл жаңалыққа қатты қуанып, кітапты сатып алуымды өтінді. Сөйтіп, бұл жерде кітабын сатқан Дәулет те ұтты, зерттеу саласына қатысты жаңа әдебиетті иеленген Тілектес те олжалы болып қалды. Ал өзім екі адамға көмегім тигенін сезініп бір марқайып қалдым.

Бұған дейін де досыма «Китай глазами казахстанцев» атты кітапты сыйлаған едім. Ал соңғы үш томдықты алған соң Тілектес қуанышын ішіне жасыра алмай, суретін фейсбуктағы парақшасына салып, былай деп жазды: «Қытай жайлы оқыған сайын өзімнің білімімнің жетік емес екенін мойындаймын! Жаңа кітап – жаңа білім шыңы! Бақытжан бауырыма кітап үшін алғысым шексіз!»

Әдеби «делдалдығымның» екінші және үшінші мысалдары келесі әңгімелерде.

 

Шәкірттік борышымды өтегендей болдым

Қатты сыйлайтын ұстаздарымның бірі – Әлия Саккоқызы Балапанова. Ол кісі қазір Германияда ғылыми жұмыстармен айналысып жүр. Маған жақсылығы көп тиді. Бір-бірімізге жиі кітап сыйлаймыз, кездескенде әдебиет жайында сөз өрбітеміз. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дейді. Келесі жақсылық менен болсын деген оймен, бірақ ол жақсылықты қалай білдіретінімді білмей жүргенде, Әлия Саккоқызының өзі сөз арасында қазір Германияда жас кезінде үйренген неміс тілін шыңдау үшін Томас Манның «Будденброки» шығармасының орыс тілінде шыққан кітабын іздеп жүргенін айтып қалды. Бұл 2015 жылы болған оқиға.

Ең қызығы, сол кітапты жетінші сыныпта оқып жүргенде қаладағы бүрге базарларының (блошиный рынок) бірінде жетпіс теңгеге сатып алып, кейін өскен соң оқимын ғой деп сақтап келе жатыр едім. Кеңес дәуірінде басылып шыққан сарғылт кітап еді. Міне, сәтті кездейсоқтық деп осыны айт! Мен ол кісіге романның менде барын қуана айтып, шын жүректен сыйладым.

Бір жыл өткен соң құрметті Әлия Саккоқызы маған уатсап арқылы хабарлама жолдады. Егер оны хат деп санайтын болсақ, менің өмірімде алған ең терең, ең әсерлі хаттардың бірі болды. Ұстазымның рұқсатымен осында жариялап отырмын:

«Құрметті Бақытжан! Неміс тілінің егжей-тегжейлеріне тереңірек үңілуге көмектескен үздік кітаптардың бірі үшін ризашылығымды білдіремін. Көп рақмет!

Бүгін Томас Манның Нобель сыйлығын иеленген «Будденброки» романын абыройлы сезіммен оқуды аяқтадым. Бұл мен үшін абзац бойынша орыс және неміс тілдерінде салыстырмалы оқудың алғашқы тәжірибесі болды. Әрине, біздің тез өтетін есепшілдік әбігерлікте мұндай әсем нәзіктік пен интерьердегі әрбір заттың толық сипаттамасы, сезімдердің әрбір реңкі мен жартылай тондарын қамтыған лепірмелі көркем тілді қазір кездестірмейсің.

Мен кітапты 2015 жылдың 27 тамызында оқи бастадым. Бір жылға жуық уақыт бойы мен Будденброк әулетінің төрт ұрпағының өмірін басымнан кешірдім, бірақ мен асықпадым, кейде керісінше уақыт созып, әсіресе қонақтарды қабылдаған кездегі атмосфераны, кейіпкерлердің мінезін олардың қылықтарын, әдеттерін, сөз саптауларын суреттегені арқылы ерекше ынтамен сезінгім келді. Томас Манн музыканы (кішкентай Ганноның пианинода ойнағанын, оның елірген сезімдерін) айрықша сипаттайды. Оқу барысында кітаптың шетіне белгілеп, бетбелгілер қалдырып, дәйексөздерді өзіме көшіріп алдым. Томас Манн маған әдемі неміс тілін үйретті, үйретіп те жатыр. Неміс тілі оқытушыма дәйексөздерді көрсетіп оқып бергенімде, ол мәз-мейрам болып: «Сен СӨЗДІҢ қадірін біледі екенсің», – деді. Бұл оған қатты ұнады, итальян тілін өзі олай оқымағандықтан, маған қызғанышпен қарайтынын айтты, бірақ мен оны ынталандырдым.

P.S. Бүгін зиялылық ырқыма көнбей тұр. Мені ақтайтын жалғыз нәрсе – Хорхе Луис Борхестің «Кейбіреулер жазған кітабымен мақтанса, мен оқыған кітабыммен мақтануды жақсы көремін» деген сөздері.

Мен әрдайым бірнеше кітапты қатар оқимын, біреуі ғылыми кітап, екіншісі – әдетте, журнал көсемсөзі және үшіншісі – көңілге арқау болатын кітаптар. Сіздің кітабыңыз көңіліме арқау болды».

 

Қырғыздар шығарған кітап көмекке келді

Қазақ тілін дамытуға үлесін қосып жүрген Қанат Тасыбеков ағамыз «Ситуативный казахский» кітабының үшінші томын жазу барысында өткен жолғыдай менің көмегімді сұрады. Соңғы томы сөздік форматында шығады деп жоспарлануда, яғни қазақша тіркес не қанатты сөздің орыс тіліндегі баламасы беріледі. Бұл жақсы идея, қазақ тілін үйренушілердің сөздік қорын байытатыны сөзсіз.

Менің ол кісіге осы жолғы көмегім Қырғызстанда жарық көріп, осы әдісті қамтыған кітапты тауып бергенім болды. Ол кітапта қырғыз мақал-мәтелдерінің орыс және ағылшын тілдеріндегі баламалары келтірілген.

2010 жылы Одессаға сапар шегіп, халықаралық жастар симпозиумына қатысқанымда, көрші жатқан бауырлас елден келген Арыстанбек деген жігітпен танысқан едім. Бұл кітапты қырғыз бауырымнан көріп қалдым, жолда оқып жүр екен. Мұқабасы жасыл кітап. Сол кезден бері есімде қалып қалған ғой.

Қанат ағаның былтыр кітабының үшінші томын жазып жатқанын естігенде, ойланбастан Арыстанбекке хабарласып, әлгі кітап жайында сұрастырдым. Ол еш қиналмастан оны сканерлеп, Интернет арқылы поштама жолдады. Сосын мен оны Қанат ағама апарып бердім. Ол да қатты риза болып қалды. Осылай көмек қолын беріп жүру, негізі, жақсы әдет.

 

Қазіргі ақындар пицца жеткізушідей болуы керек

Оқырмандармен кездесу барысында жиі еститін сұрақтарымның бірі: «Отандық жас ақын, жазушылардан кімді оқисыз?» Басында біртүрлі ыңғайсызданып қысылушы едім, бірақ кейінірек «ешкімді» деп жауап беретін болдым. Ащы болса да, шындық. Мен бұл үшін ұялмаймын және надандығым деп ойламаймын. Жас ақындар қай заманда өмір сүріп жатқанымен есептескені дұрыс.

Бірде шенеуніктің қатысуымен өткен жас ақындардың жиынында болдым. Сонда тәуелсіз жылдары қалыптасқан өлең шеберлерінің сөздері мен ойлауының кеңес кезіндегі ақындардан еш айырмашылығы жоқ екенін көрдім. Шенеуніктен өлеңдерін шығарып беруге қаражат сұрайды, кітаптарын басып беруді өтінеді. Бұған дейін бір жинақтары мемлекет қолдауымен басылып шығыпты, соған мәз.

Ал, жарайды, басылған екен. Шенеунік қолдаса, тағы басылады. Бірақ басты мақсаты кітаптарын кітап қылып шығарып, достарының алдында мақтану ма, әлде шығармаларының шынымен де оқырманның жүрегіне жеткені ме? Ол кітаптардың басылып шыққанын кім біліп жатыр? Сонда өлеңді өз замандасына жазбағанда кімге жазып жүр? «Болашақта дүниеге келетін оқырманым үшін жазамын», – десе, қаржыландыруды содан барып сұрасын.

Бізде ақын көп. Өлең жазбайтын қазақты әлі кездестірмедім. Неге олар бір-бірімен бәсекелестікке түспейді? Неге шығармалары бәсекелестіктен топ жарып, оқырманға жол тартпайды? Мен тұтынушы лық заманында өмір сүріп жатқан адаммын. Тұтынушылық болмыс менің санамды билейді, басқа амалым жоқ. Қарапайым тілмен айтсам, пицца жегім келсе, кептелісте тұрып, шаршап-шалдығып, оны қай жерде дайындайды екен деп іздеп жүрмеймін. Интернетке кіремін де, үйімнің жанындағы бес-алты кәсіпкердің пиццасын тез арада есігіме дейін жеткізіп беруге дайын екенін көремін. Соған жаман үйрене бастаймын, солай санам қалыптасады. Өлең де – тауар. Шенеуніктің қолдап, кітабыңды шығарып бергені шығармаға артықшылық қоспайды. Сен сұрап бардың, ал бір ұялшақ ақын оған бара алмады. Сонда оның поэзиясы оқуға лайықсыз деген сөз емес қой? Лайықты санасаң, дәлелде.

Мен «Күміс кітабымды» мемлекеттің есебінен шығарған жоқпын. Және шығарып алып, соған мәз болып, достарыма таратып немесе үйде ұстап отырмадым. Еліміздің ең үлкен кітап дүкендері желісінің басшысымен танысып, сөйлесе келе, оған кітаптың әлеуметтік маңызы барын дәлелдеп, халқыма деген сый екенін және жеке басымның пайдасын ойламай, қаламақымды қоспай, өз бағасына беретінімді айтып, оны да үстеме ақы қоймауға көндірген едім. Оңай болмады, көп жүгірдім. Сондағы мақсатым – кітабымның әрбір оқырманның есігіне жетуі. Мен оқырманмен, оның заманауи мінез-құлқымен санасуым керек.

Біздің интеллигенциямыз, жас ақын, жазушыларымыз масылдық сарыннан арылуы керек. Әйтпесе мәдениетіміз өрге жүзбейді және жаңғыруымыз екіталай.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Осымен кітабым тамам.

Бір қызық айтып берейін. Бұл жұмысты жазып аяқтаған соң, Медет Сүлейменов деген танысым кітап болып шыққан «Молодежь Центральной Азии. Казахстан» деген әлеуметтанушылық зерттеуді сыйлады. Еліміздің он төрт облысы мен екі қаласында жүргізілген зерттеудің нәтижесінде жастарымыздың қазіргі көңіл күйін анықтапты. Соның ішінде мынадай көрсеткіш бар: еліміздің жастарының 78,6 пайызы кітапты не сирек оқиды, не мүлдем бетін ашпайды екен. Бұл бізді алаңдатуы керек. Ертең пайдалы қазбаларымыз сарқылғанда, жиырма бірінші ғасырдың келбетін анықтайтын «ақылды» экономиканы құрудың орнына көше сыпырып кетпейік. Мен кітапты осыны сезгендей жазып шыққан екенмін. Бұрын мәселені сезіп жүрсем де, мына санды көріп шошығаным рас.

Кітап оқып үйренем деуші жастарға осы шағын еңбегім әдістемелік нұсқаулық болмаса да, кітап барысында айтылған кеңестерді қысқа да нұсқа бөліп көрсетуге болады:

кітап оқудың кез келген мүмкіндігінен бас тартпай, пайдаланыңыз;

сатып алуға ақшаңыз болмаса, дүкенде тұрып оқи беру керек. Бірақ қазіргі кезде ондайға бара қоймассыз деп ойлаймын. Қанша айтқанмен, көп жағдайда іздегеніңізді Интернеттен де тауып оқуға болады;

егер әлі оқушы не студент болсаңыз және кітап оқуға құмарлығыңыз енді оянса, онда қолға түскеннің барлығын таңдамай оқи беріңіз. Ертелі-кеш талғамыңыз қалыптасып, не керек екенін нақты білетін боласыз. Адамзат тарихында ертеден бүгінге дейін жазылған миллиондаған кітаптың арасында тек жүзін ғана оқыған шарт, бірақ сол жүз кітапты анықтау үшін мыңдаған кітап оқуыңыз керек;

ал егер оқуды аяқтап, жұмыс істеп жүрсеңіз, отбасылы болсаңыз, қолға түскенді оқи беруге уақыт табыла бермейтіндіктен, ұлы тұлғалардың өмірбаяндарын оқудан бастаңыз. Бұл әдістің арқасында өмірде және жұмыста қажет болатын қабілеттерді қалыптастыра аласыз;

әрбір кітаптың қадірі бар екенін естен шығармаңыз. Бұл туралы түсінік тек көп кітап оқығанда ғана қалыптасады;

күніне, кем дегенде, жарты сағатыңызды кітап оқуға арнауды ұмытпаңыз;

– ағылшын тілін меңгеріңіз;

– қазіргі заманда қаптап кеткен бизнес, өз-өзіңді дамыту, мотивацияны иелену туралы әдебиет жай ғана сән екенін ұмытпаңыз. Егер күлмесхан адам болсаңыз, сізге сәнге айналған кітаптарда жазылғандай, күліп үйренудің қажеті жоқ, күлмейтін адамдардың да басымдыққа ие тұстары болады. Сәннің жетегінде кетпеңіз;

– мотивация туралы жүз кітап оқудың қажеті жоқ. Нацистік Германияның концлагерлерінің тозағына түссе де, мотивациясын жоғалтпаған психолог Виктор Франклдің кітабын оқысаңыз жеткілікті, бұл тақырыпта одан ешкім асып түсе алмайды;

– балаңызды кітап оқуға мәжбүрлеп, өзіңіз кітап бетін ашпайтын адам болсаңыз, қанша тырыссаңыз да бұл нәтиже бермейді;

– кітаптарыңызды біреуге оқуға бермеңіз, басқалар оның қадірін сіз түсінгендей түсінбейді. Бірақ кітап сыйлауды әдетке айналдырыңыз;

– басында білімі жоқ шешеннен де, кітап оқитын момын артық. Спикерлерді мұқият таңдаңыз;

– мықты болам десеңіз, өзіңізді кітап жазуға қазірден бастап дайындай беріңіз. Бұл тек менің ғана пікірім емес, ресейлік маркетолог Игорь Манн да солай айтады;

– оқырман ретінде қалыптассаңыз, өзіңіздей оқырманды қалыптастыруды да ұмытпай, осыған он жыл уақытыңызды жұмсаңыз;

– біреудің ізденіп оқитын тақырыбын білсеңіз және сол туралы кітап кездестіріп қалсаңыз, оны міндетті түрде сатып алып, сыйлаңыз не болмаса ол туралы танысыңызға хабарлауды ұмытпаңыз;

– «Қандай кітап оқу керек?» деген сұраққа жауабым: ұнайтын кітапты оқыңыз, оқығанды тоқып, пайдасын іс жүзінде тексеруді естен шығармаңыз;

– қазірден бастап немереңізге сыйлауға лайық кітаптарды жинай беріңіз.

Бұл кітабымды 16 күн ішінде жазып аяқтадым. Оны оқып шығуға бұдан азырақ уақыт жұмсадыңыз деп сенемін.

Еліміздің игілігі үшін еңбек етейік! Амандықта жүздескенше!

 

* * *

Кітабымның жарық көруіне қаржылай демеушілік жасаған достарым Рүстем Мұстафин, Надир Құрымбаев пен Ғалым Даусейітке үлкен алғысымды білдіремін. Біздің заманымызда игі бастама қаржылай қолдау таппаса, оның қанаты қырқылатыны, айтпасам да баршаңызға мәлім.

Сонымен қатар «Меломан» дүкендер желісінің директоры Вадим Голенко мырзаға да алғысым шексіз екенін айтамын. Бұл кісінің көмегі болмағанда, кітаптың оқырмандарға жол тартуы әлдеқайда қиын болушы еді.

 

КІТАП ЖАЙЫНДА ПІКІРЛЕР

 

Алматыда кіп-кішкентай бір жүрген бала мектептен бастап: «Мен бұл ұлтқа қалай қызмет етем? Мен бұл заманды қалай өзгертем? Мен бұған қандай үлес қосам?» деген. Біздің ата-бабаларымыз әлі аздап қана оқыған кезде: «Шулап, жағаласып немесе төбелесіп ештеңені өзгерте алмайсың. Бірлікпен, біліммен өзгертесің» деген. Міне, «Күміс кітаптың» авторы Бақытжанның өмірде алдына қойған мақсаты да сол. Мына отырған бәрің алдыларыңа бір-бір мақсат қойсаңдар, бүкіл Қазақстан өзгеріп кетеді. Бұл кітаптан ұғатындарың сол. Қалай кітап оқуға болады? Қайтсек оқуға болады? «Уақыттарым жоқ». Әуезовтің төрт томдығын оқы дейміз мектепте. «Оқитын уақыттарым жоқ». Ал одан тек білетін нәрсені алу керек дейді. Бұған мен қосылам. «Заманды аңғармау – надандық» деген. Бұны бір ұлының аузына Әбіш Кекілбаев салады. Сендер қазір Әбіш Кекілбаевтың үлкен кітаптарын оқымайсыңдар. Ал Кекілбаев – біздің ғасырымыздың бізбен қатар өмір сүрген ұлы ойшылы. Айналайындар, ағылшын тілінен маман болыңдар, қытай тілінен маман болыңдар, технологияны меңгеріңдер, оның түбірінде ананың тілі мен ұлттық тарихи байлығың болу керек. Сонда сен мына жерде нық тұрасың. Дауыл соққанда жерден тамыр алған үлкен ағаштар шайқалмайды. Сондай болып тұра аласың. Ал егер кішкентай бірдеңелермен уақытша күн көретін болсаң, сен бүгінгі жұлып алынған гүл сияқты екі-үш күнде солып қаласың. Сенің ешкімге қадір-қасиетің болмайды. Саяң да, панаң да болмайды. Сондықтан әрбір жігіттің ойында «мен қазақтың, Ұлы қазақ даласының азаматымын» деген нәрсе қазірден болу керек. Ендеше мен Ұлы қазақ даласының ұлы боламын, намысын қорғаймын, туған даламның бетіне түкірмеймін, салып берген үйге тап-таза болып кіремін деген мәдениет пен намыс болуы керек сендерде. Біз алдымен таза тұруды үйренуіміз керек. Соны жоғалтып алдық. Ол мәдениет деп аталады. Ұлы даланың ұлы мәдениеті болды.

Қазақтың қызы жып-жинақты, қазақтың ұлы намысты болулары керек. Сонда біз егемен боламыз. Сонда Ұлы қазақ даласы боламыз. Енді соның кітап оқытуы қалай?

Қайтсек жастарға кітап оқытамыз? Қазақтың бір ғана жігіті шырқырап жүр. Көрмегенді көріп келіп жүр. Соны айтқысы келіп жүр. Бұған да бір жерде өз бетімен бастық болып рақат отыруға болады ғой. Жоқ! Бұның айтқысы келгені басқа нәрсе. Кітапты оқып шығыңдар. Бір-біріңнен алып оқыңдар. Бір кітап шығарған екен, соған тұсаукесерге бардық демеңдер. Осы жерде кім көрінгеннің тұсауы кесіліп жатыр, білесіңдер. Соған шақырады сендерді. Әкесі, көкесі жайлы, «мен бәлен жерде бастық болдым, сол жылы сөйттім» деген кітап шығарады қазір ақшасы барлар. Содан мына кітапхананы тазарта алмай жүрміз. Жоқ, ондайды оқуға болмайды. Міне, мына кітаптан бір нәрсе тауып алыңдар да, өздеріңнің болашақтарың үшін осы жерге келіп іздеңдер. Далада текке тұрғанша, осы жерде қоныңдар. Кафеде «ля-ля-ля» деп отырғанша, осы жерге келіп, екі-үш сағат бір нәрсе ақтарыңдар.

Туған жеріне ұл-қыз болу арқылы, тек ата-ананың ғана намысы емес, ұлтының намысын ойлау арқылы адам бақыт табады. Бұл отырған автордың тапқанын «джип» машинасы мен өзіне деген бірнеше қабат сарайға жұмсамай, қайтсем қазақ жастарына кітап оқытам, қайтсем қазақ тілін үйретем деп жүргені үшін ғана атын өздеріңе үлгі етіп алыңдар. Бүгінгі заманға сай кіші кітаптан үлкен мәлімет алу үшін шырылдап жүрген халқымыздың бір азаматы деп қараңдар. Бәлкім, кейін ұлтқа қызмет ететін ұлы азаматты біз сол кезде көрдік деп айтатын боларсыңдар. Айналайын Бақытжан, мен саған сондай тілек тілеймін. Сен ұлтыңа қызмет еткен ұлы азамат бол. Мен сенің анаң, әжең, апаң ретінде осындай бата беремін. Бақытты бол. Отбасыңмен бақытты бол. Ұлтыңа, халқыңа, адамзатқа жасалған қызмет ешқашан ұмытылмайды.

Халық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның «Күміс кітаптың» таныстырылымында сөйлеген сөзінен. Орал қаласы, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, 24 қаңтар, 2017 жыл.

 

* * *

Айналайын Бақытжан, сенің «Күміс кітабыңды» оқи отырып: «Апыр-ай, осы бір тұжырымдар қай заманда да жас ұрпақты тәрбиелеуге керек екен ғой», – деп таңғалдым. Кітапты оқу барысында оның өсіп келе жатқан ұрпақтардың уақыттарын бос өткізбей, білім алуына, жақсы азамат болып өсуіне, ортаға бейімделуіне өте қажет екеніне көзім жетті.

Кітаптағы ұлы ғұламалардың тұжырымдарымен қатар, өзіңнің замандас достарыңның да пікірлері осы кітапты қолына алып оқып шыққан әрбір жастың жүрегінен орын табады деп ойлаймын.

Қазір кітап оқудың кенже қалып бара жатқаны рас. Жастардың санасы басқа жаққа ауып барады. Сондықтан олардың адаспай, түзу жолды таңдап, жақсы азамат болуларына өзің сияқты ағаларының септігі тиер деп сенемін.

Ал мына еңбегінде жазғандарың бала емес, үлкендердің өзін ойландыратын дүние. Осы кітабың арқылы бір-екі емес, одан да көп ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосасың деп ойлаймын. Бұл – ғажап дүние. Бүгінде баланың құлақ бұрауын келтіруден гөрі, алдымен ата-ананың құлақ бұрауын келтіру керек. Қазір мына сан-сапалақ дүниеде өнегелі тәрбие берудің өзі қалыс қалып жатыр. Сенің кітабыңда ата-ана баласын қалай және қай бағытта тәрбиелеу керек, алдымен не ұсыну керек, міне, осының бәрі айқын көрсетілген. Сонымен бірге бала нені аңғаруы керек және қандай кітапты оқуы керек, одан нені үйренуі керек екенін де біледі. Кітаптың іші бағыт-бағдар емес, адамның жаны, әсіресе жастардың жаны екен. Бұл кітап – солардың бүгінгі қазақ болуына, бүгінгі айтылып жатқан рухани жаңғыруда – «қазақы код». Демек, үлкен дүниелердің алғашқы қадамы да сенің кітабыңда. Бұл кітаптағы қарапайымдылық пен сұңғұлалық бағыт-бағдар, жастарға деген келешек нық қадам, ал ата-ана үшін бала тәрбиелеудегі бүгінгі заманына сай қадау-қадау шешімдердің жолы. Бұл кітапты оқыған әрбір саналы жас есін жияды деп ойлаймын.

Айналайын, мен осы сенің өзіңнің жасыңдағы көтерген ауыр жүкті соншалықты таразылап, алдымен өзің болмысыңнан өткізіп, осындай тұжырым шығарғаныңа, біріншіден, таңғалып, екіншіден, шын мәнінде, біздің үміт күтіп отырған көп ұрпақтың ішінде өзіңдей азаматтардың барлығына қуанып отырмын.

1960–70-жылдарда біздің ортамызда өзіңдей оң-солын, алдыңғы барар жолын тез түсінген жастар болғанда, бәлкім, біз де, оның ішінде, мен өзім де, басқаша бағыт алар ма едім. Сол бағытым бүгін менің ой-өрісімді кеңейтпесе, менің алған жолымды бұдан да тегеурінді, ойларымды бұдан да асқар тауға бағыштар ма едім деп ойлаймын. Сондықтан сен бүгінгі жастардың үміт-мүддесі, арман тілегін орындауға көмектесетін азаматсың.

Айналайын Бақытжан, бақытты бол. Сенің келешегіңнен үлкен үміт күтем. Бірақ, өзің айтқандай, мына білімнің барлығы ертеңгі күні іске аспаса, барлығы түкке қажетсіз болып қалады.

Кітабыңа алдымен үлкен насихат керек деп ойлаймын. Ол үшін ақпарат құралдары арқылы өзің қатарлы жастармен бетпе-бет келуге қорықпау керек. Отырып алып теледидардан фәлсафа соққаннан гөрі, той-томалақта ауызымыз көпіріп сөйлегеннен гөрі, олармен бетпе-бет отырып, кәдімгі ой сайысына, келешекті бағдарлау сайысына, жалпы өмір түсінігі сайсына бару керек. Сонда ғана біздің қоғамдағы жастарымызың бет перделерін сыпырып, келешекте үлкен қызмет ететініне ешқандай күмәнім жок.

Сондықтан сенің «Күміс кітабың», шын мәнінде, келешек қазақтың көгірегінен орын табатын күміс қоңырау деп білемін. Аман бол, бауырым!

Досқан Жолжақсынов, кино және театр актері, кинорежиссер, халық әртісі

 

* * *

Интернет пен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған ғасырында дәстүрлі кітап оқу интернет-сайттарды оқумен және әлеуметтік желілерде пікір алысумен алмасуда. Бірақ бұл мүлдем тең мәндегі алмасу емес. Жақсы кітаптар – жүйелі білімнің бірден-бір көзі, жалпы адами кемеңгерлікті бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жеткізудің ғасырлар бойғы тексерілген құралы болып қала береді. Интернет және ақпараттар алудың алуандығы ғасырында жақсы кітаптардың құндылығы артады, себебі тек солар ғана сапалы білім бере алады. Кітап оқымайтын адамдар зияткерлік тұрғыдан дамуын тоқтатады. Ал бұл – надандық пен рухани құлдырауға апаратын тура жол. Осы ретте Бақытжанның жаңа кітабы жас ұрпақ үшін өте маңызды месседждерді қамтиды деп санаймын. Автор жастар ортасында кітап оқуды дәріптеуге бағытталған идеяларды қолжетімді түрде және қызықты нысанда алға тартады. Көптеген жастарға осы ой қозғайтын әрі парасатты кітапты оқу өте пайдалы болатынына сенімдімін.

Мәулен Әшімбаев, саясаткер

 

* * *

Бүгінде, әлеуметтік желі мен Интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған тұста, түрлі адамдардың жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығының бара-бара төмендеп жатқандығы жайлы пікірлерін естуімізге және оқуымызға тура келіп жатыр. Бұл мәселе қазіргі өміріміздегі кітаптың рөлі жайлы маңызды талқылауларға ұласуда. Тіпті саясаткерлердің өзі жас ұрпақтың жылдам әрі мобильді ақпарат алуы үшін ғаламторға көбірек қызығатындығына алаңдаулы. Сол үшін де кітаптың маңыздылығы жайлы қайта-қайта айтылуы өте орынды.

Бақытжан Бұқарбайдың кітабы осы талқылауға қосылған салмақты үлес болып саналады. Кітаптың жеңіл әрі түсінікті тілмен жазылуы автордың өз ойларын қалың аудиторияға жеткізе алуына мүмкіндік береді. Аталмыш кітап біреуге ақыл үйрету үшін жазылған әңгімелер жинағы емес, керісінше, ол – әрекетке итермелейтін месседж. Автор тек бүгінгі мәселер туралы ғана ойландырып қоймайды, оның осы еңбегін оқып болған соң қолыңа келесі бір кітапты алғың келіп тұрады.

Бақытжанның осындай тақырыпты алғандығы үшін алғыс айтқым келеді. Осы кітап арқылы оның жастармен кездесіп, соларға тікелей жүгініп, мәдениет, сөз және ой құндылықтарымен таныстыра түседі деп үміттенемін.

Ерлан Қарин, саясаттанушы

 

* * *

Жұмыс бабымен шетелге жиі шығып тұратын әдетім бар. Сол сапарлардың барысында жіргілікті халықтар мен өзімізді салыстыру әркімнің бойындағы қасиет қой. Өз басыма ерекше көрінген айырмашылықтардың бірі – кітап оқуға деген әуестік. Әсіресе, бұндай жағдай дамыған батыс қоғамдарына тән. Асылы, кітап оқуға кедергі саналатын Интернет пен әлеуметтік желілер оларда да мейлінше салтанат құрып тұр. Десе де, Америкада, Францияда, Германияда, басқа да елдерде қоғамдық көлікте немесе бұқара көп жиналатын орындарда кітап бетіне үңілген көптеген азаматтарды байқайсыз. Ерекше қуантатыны – аталмыш оқырмандардың басым бөлігі жастар. Жергілікті кітап дүкендеріне кіре қалсаңыз да дәл сол көрініске тап боласыз – еденде жайғасып кітап оқығандар немесе жаңа басылымды сатып алу үшін тізілген ұзын-сонар кезек...

Рас, осыдан болғаны 20–30 жыл бұрын Қазақстан, кітапқа әуестік тұрғысынан алғанда, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер санатында табылатын. Алайда уақыт өте зияткерлік, бәсекелестікке қабілетті болудың негізгі көзі – осындай керемет дәстүрден айырылып қалдық. Бәлкім, нарық заманының тәлкегі, рухани құндылықтардан гөрі қарын тойдыру, байлыққа қанығу секілді тұрпайы түсініктердің басым түскені себеп болар. Келді-кетті осындай ұстаным, айналып келгенде, елімізді де, жекелеген азаматтарымызды да жақсылыққа жетелемейтіні хақ. Қайта адами тұрғыда азып-тозып көш соңында қалуымыз әбден мүмкін. Олай болса, кітап оқу арқылы адамзат жинаған білім мен ілімнен құр қалмай, ұмыт болған дәстүрді жаңғыртуы – аса өзекті міндет.

Жас ғалым, көкірегі ояу азамат Бақытжан Бұқарбай бауырымның «Күміс кітабы» аталмыш зор олқылықтың орнын толтыруды көздеген құнды еңбек болып табылады. Онда кітап оқудың маңызы ғана емес, ең оңтайлы әдістері мен тәжірибелері берілген. Әсіресе, электрондық та, қағаз бетіндегі әдебиеттердің шексіз мұхитында қалайша әрекеттенген абзал, өзіңе керекті ақпаратты тауып игерудің жолдары тамаша көрсетілген. Ал, ең бастысы, жарқын болашақ, жемісті еңбек, бақытты да мағыналы ғұмырға жетудің негізгі кілті кітап екендігі жан-жақты тұжырымдалған. Сондықтан «Күміс кітаптың» жарық көруімен авторды шын жүректен құттықтай отырып, жерлес-замандастарымды, ең алдымен, жастарды, осы келелі еңбекпен танысуға шақырамын.

Расул Жұмалы, саясаттанушы

 

* * *

Кітапты оқып шыққан соң, қазақтың бүгінгі болмысы мен мінезіндегі мәселелерді анық сезіндім. Еңбек кітап туралы болғанымен, оны оқығаннан кейінгі сезім неге мұнша терең болды?! Өйткені, адам болудың, адам болып күн кешудің алғышарты – кітап оқу. Автор «Күміс кітабы» арқылы осы ақиқатты тағы бір растайды.

Кітап оқу мәдениеті құлдыраған бүгінгі қоғамға «Күміс кітап» әбден керек. Ол кез келген адамды қолынан жетелеп Кітаптар патшалығына әкеле алардай шынайы жазылған.

Оқи отырып, бұл әлемде Адам мен Кітап қана күн кешетіндей өзгеше күйде боласың. Шағын ғана еңбек сізді өз ұятыңызбен бетпе-бет қалдырады.

«Күміс кітаптың» басты кейіпкері – Бақытжан. Автор өзінің қалайша тамаша кейіпкерге айналғанын байқамаған да болар. Маған бұл кейіпкердің ұстанымы ұнайды. Осындай адамдар ғана өзін, айналасын, қоғамын өзгерте алады.

Мақпал Жұмабай, ақын

 

* * *

Бүгінде күн сайын еліміздегі ұялы телефон тұтынушылардың саны артты, үйіне газ бен су жеткен үй қожалықтарының саны артты, кең жолақты Интернетке қол жеткізген ауыл мен аймақтар саны артты деген сыңайдағы жаңалықтарды күн сайын оқып отырамыз. Халқымыздың әл-ауқатының, құқықтары мен мүмкіндіктерінің артқаны көзі ашық адамды қуантпай қоймайтыны анық. Алайда осы есеп-қисап пен ақпардың ішінде рухани сала мүлдем шет қалып жатады. Талай ақпаратты іздеп оқысам да, азаматтардың кітап оқуы, рухани өсуі туралы ақпараттарды, қажет десеңіз, рейтингтерді көзім шала бермейді. Себебі, рухани және мәдени тұрғыдан өсудің, өркендеудің ең кемел және ең мәрт көрсеткіші дәл осы кітап оқу деп түсінемін. Кітап оқу – бұл дүниедегі әлі де болса шынайы бақыттың бүлінбеген, бұзылмаған бір түрі деп ұғамын. Кітап арбайды, бірақ алдамайды. Әрбір жақсы талғаммен оқылған кітап – жаңа бір әлем, жаңа бір ғалам. Ал жаңа әлем мен ғаламды күніге ашып отырудан артық қандай керемет болуы ықтимал? Сондықтан да кітапқа, әдебиетке шын ғашық жандар – бақытты жандар. Мен білетін Бақытжан Бұқарбай осы бақытты жандар қатарынан. Өкінішке орай, қатары сиреп бара жатқан шоқтығы биік шоғырдағы азамат. Бақытжанның өзінің Интернеттегі парақшаларында, арнайы топтарда, кітапсүйер қауымның үлкенді-кішілі жиындары мен форумдарында «мына кітапты оқыдым», «мына кітапты оқуға кеңес беремін» деген жазбаларын көрген сайын шын жүректен қуанамын, риза боламын. Екі себепті. Біріншіден, бауырымның көбіне-көп өзім оқыған кітаптарды оқитынына. Екіншіден, ерінбей, жалықпай басқаға да болсын, басқалардың да оқығаны дұрыс, өз қазағымыздың өркенінің өскені керек деген ниетіне. Себебі, басқамен бөліскеннен азаймайтын, кемімейтін, керісінше көбейе түсетін жалғыз дүние – ол бақыт. Кітап оқу бақыты да осы қатарда. Кітап жазу – ерекше талант пен амбицияны қажет ететін Тәңірдің екінің біріне бере бермеген сыйы. Ал қалың жұртты кітап оқуға баулыған, кітапты насихаттаған кітап жазуды қалай бағалауға болады? Шынын айту керек, бұл кітап жазудан да қиын қоғамдық миссия. Себебі, біздер бүгінде ақпараттың еселеп көбейіп, мән мен мазмұнның еселеп азайып келе жатқан заманында ғұмыр кешіп жатырмыз. «Әлемдегі ең бақытты философ – Декарт» депті. Өйткені Декарт өзіне дейінгі барша философтардың кітабын оқып үлгерген екен. Бүгін Декарт болсаң да өз салаңда жазылғанның барлығын оқу мүмкін емес! Бүгін не көп, ақпарат көп. Шынайы жазушыдан гөрі жазғыштар көп. Өмірге аяқ басып келе жатқан жастарымыз сөреде не Интернетте тұрған барша дүниені оқи берсе, оған өмірі де жетпейді. Яғни, бүгін әріп үйретумен қатар, сауат ашумен қатар үйренуге міндетті тәртіп – ақпараттық талғам мен гигиена. Бақытжанның бұл кітабы – осы бағыттағы тың ізденіс. Сәтті ізденіс дер едім. Баяғыда ағылшынның керемет саясаткері Бенжамин Дизраэли: «Кітап оқығым келсе, отырамын да жазамын», – деп әзілдеген көрінеді. Орыстың көрнекті ақыны Константин Симонов: «Кейде жақсы өлең оқығым келеді. Өте жақсы өлең оқығым келеді. Сондай кезде үстелге отырып өлең жаза бастаймын», – депті. Бақытжан да қалыптасқан дефицитті толтыру, орнын жабуға кірісіп кетіпті. Біраз кітапсүйер адамға үлгі болар үрдіс. Сол біраздың қатарында мен де бармын. Кәдімгідей ойланып қалдым. Бір нақты нәтиже шығаруға тырысамын осыдан. Шаршама, талпына түс, Бақытжан!

Айдос Сарым, саясаттанушы

 

* * *

Томас Корли өзінің «Ауқатты адамдардың күнделікті әдеттері» атты кітабында байлар мен кедейлердің өмірін салыстыра отырып жүргізілген өте қызықты зерттеудің қорытындысын келтіреді. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, ауқатты адамдар теледидар қарауға уақыт шығындамайды. Олардың 67 пайызы теледидарды күніне бір сағатқа жетер-жетпес қана уақыт көреді екен. Кедей тұратындардың 78 пайызы реалити-шоу көрсе, мұндайды көретін байлардың үлесі 6% ғана. Есесіне, ауқатты адамдардың 86 пайызы кітап оқығанды жақсы көреді. Оқуды жақсы көретін кедейлердің үлесі – 26%. АҚШ-та ауқатты адамдардың 88 пайызы күн сайын кемінде жарты сағат әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқиды екен. Ал тұрмысы төмен адамдардың арасында мұндайды әдетке айналдырғандар 2% ғана көрінеді. Ауқатты адамдардың 63 пайызы жұмысқа бара жатқанда да аудиокітап тыңдауды әдетке айналдырған. Бұл зерттеудің нәтижесі «кедейлердің үйінде несиеге алынған үлкен теледидар тұрады, ал байлардың үйінде мұраға қалдыруға болатын кітапхана бар» деген сөзді растай түседі. Мұның барлығы адамның кітап оқуға құмарлығы оның әлеуметтік дәрежесі мен өмірден өз жолын табу жолындағы қабілетіне де байланысты екенін көрсетеді.

Әйгілі ақын Олжас Сүлейменов жуырда Қазақстанда «жазушы» деген кәсіптің жоғалып бара жатқанын айтты. Кітапқұмар адамдардың азаюы ел үшін де қауіпті, өйткені кез келген елде адам капиталы, негізінен, осындай адамдардан тұрады. Сондықтан қоғамның мәдени дамуын көздейтін мемлекет орта тұрмыс кешетін халықтың көбірек білім алуына жағдай жасауы тиіс. Басқаша айтсақ, Маслоудың әйгілі қажеттіліктер иерархиясын басшылыққа алуы тиіс. Онда «Рухани құндылық пирамиданың жоғарғы жағында орналасқан және тәннің қажеттілігін қанағаттандыру содан басталады» делінеді. Ал кедей қоғам үшін кітап отқа жағатын қағаз ғана болса, театр бар болғаны «буржуйлардың» бас қосатын жері. Яғни, орта таптың болуы және мәдениет ошақтарының бар болуы (театрлар, кітапханалар, мұражайлар т.б.) өздігінен тұтас ұлттың мәдени өсуіне ықпал ете алмайды. Дегенмен, адамның қандай кітап оқу, қандай ән тыңдау және қайда баруды таңдау мүмкіндігімен қатар, бос уақыты және таңдауын қанағаттандыра алатын қаржысы болуы керек. Яғни, мәдени даму үшін де белгілі бір дәрежеде капитал керек. Ал кітап оқу – мәдени дамудың ең негізгі бастауы.

Қазақстанда заманауи әдебиеттің ұзақ уақыт бойы тұралап тұрғаны белгілі. Оның бір себебі, авторларға қаламақы берілмеуі, баспагерлер үшін де стимулдың болмауы десек қателеспейміз. 1991 жылдан 2008 жылға дейінгі еліміздегі баспа нарығына зерттеу жүргізген ҚР Ұлттық кітап палатасы ел тұрғындарының көпшілігінің екі ай ішінде бір ғана кітап сатып алғанын анықтапты. Халықтың 17 пайызы ғана бір кітаптан көп алған. Ересектердің 50 пайызы кітапты мүлде оқымайды. 2008 жылдан кейін жағдай өзгерген болуы мүмкін. Дегенмен, қаржылық экономикалық дағдарыс та кітап нарығын ойсыратып кеткенін айтуға тиіспіз. Бұған Қазақстанның Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа ауып жатқан ақпарат тасқынының бел ортасында екенін қосыңыз. Мәдени провинция ретінде еліміз сырттан келетін интеллектуалдық өнімді тұтынуға мәжбүр. Әдеби өміріміз туралы айтқанда, қазақ тілінде балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдардың жеткіліксіз екенін де айтуымыз керек. Түрлі жанрдағы шетел әдебиетін сапалы әрі уақтылы қазақ тіліне аудару да кеш қалып отыр. Шығатын кітаптардың ассортименті мен таралымы аз, жанрлар тұтас қамтылмайды, сонымен бірге олардың сапасы да нашар. Соған қарамастан, Қазақстандағы кітап нарығының дамуға толық мүмкіндігі бар. Оның үстіне, өзгерісті күтіп отырмай, өзінен бастағысы келетін энтузиастар бар. Бақытжан Бұқарбай – солардың бірі. Бақытжанның «Күміс кітабы» ойлы оқырманын тауып, еліміздің мәдени дамуына айтарлықтай үлес қосады деуге болады.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы

 

* * *

Баспа кітапты ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі көзі деп білеміз. Жазба деректер бойынша, біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта оқу және жазу машықтарын сақ тайпалары меңгерген. Біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының екінші жартысында қазақ даласына орхон-енисей жазулары келген. Сөйтіп, оқу мәдениетінің тамырлары тарих қойнауынан тереңдеп келеді.

Ең қызығы, екінші мыңжылдықтың басында жағдай өзгерді ме, адамдар өзгерді ме, әлде мәдениет кетті ме – кітап оқымайтын қоғам пайда болды... Осындай қоғам бізде де қалыптасып отыр. Қалыптастырып отырған – өзіміз.

Бір кездері үйге кітап жинау, тіпті саябақта, автобуста, ұшақта, ат үстінде шұқшиып кітап оқу «сән» болған мәдениет қатты әлсіресе де, әлі толығымен ұмытыла қойған жоқ.

Өзім ерекше қадірлейтін бауырым Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап» атты еңбегінің қолжазбасын оқып шықтым. Дәл осы ойларды аша түсіп, қағазға төккен екен! Кітап оқу мәдениеті, кітап оқу идеологиясы, бір сөзбен айтқанда, кітап культі қоғам үшін қалайда қажет екенін тамаша көрсете білген.

«Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы.

Алайда талғам өзгергенімен, талап жалғыз. Ол – қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру. Себебі, тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың келешегі. Сонымен қатар бүгінгі күннің өзегі – жас ұрпақтың рухани кемелі. Ұрпағымызды, ең бастысы, ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүрге берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та өзімізге артылады. Бақытжанның өмір жолының осы ігі миссияны жүзеге асырумен өтуін жүрекжарды тілегімді білдіремін!

Саясат Нұрбек, саяаттанушы

 

СҰХБАТТАР

 

«КҮМІС КІТАП» ЖАСТАРДА ЖАҢА «ПОНТ» ҚАЛЫПТАССЫН ДЕП ЖАЗЫЛДЫ20[20]

Жуырда саясаттанушы Бақытжан Бұқарбайдың жалпы оқырманға арналған «Күміс кітап» атты еңбегі шықты. Тұсаукесері әлі өтпесе де, кітап жастар арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Осы орайда автормен сұхбаттасып, кітап жазудағы мақсаты, оқырман мәдениеті туралы сұхбаттасқан едік.

– Бақытжан мырза, «Күміс кітап» қалай жазылды?

– Кітаптың идеясы бір жарым жыл бойы ішімде пісіп жүрді. Соза беруге болмайтынын түсініп, күнделікті жұмысым қызып жатқанына қарамастан, өзімді мәжбүрлеп отырғызып, он алты күнде жазып, аяқ-тап тастадым. Достарым қаржылай қолдау көрсетіп, мың данамен шықты. Кітаптың тұсаукесері әлі болмай жатып, біраз адам оқып, әлеуметтік желілерде жақсы пікірлерін жазып жатыр. Ол қуанышты жағдай.

– «Күміс кітапты» жазуға не түрткі болды?

– Айналып келгенде, бұл кітапты жазуыма менің осы елде тұрғым келетіні ең негізгі себеп болды. Егерде менде бүгін, ертең немесе алдағы жылдары елден көшіп кететіндей ой болғанда, бұған басымды қатырмаушы едім. Осы елде өмір сүргім келгендіктен, оның тәуір болғанын қалаймын. Ал қазіргі көріп жүргендеріме қарап алдағы уақытта ойдағыдай керемет қоғам қалыптастырады дегенге сенбеймін. Қай саланы алып қарасақ та, атқарар жұмыс жетіп жатыр. Өзім күнделікті өмірімде, жүзеге асырып жатқан жобаларымда жастармен жұмыс істегендіктен, олардың арасындағы мәселелерді де байқаймын. Ертеңгі күннің келбетін анықтайтындар – жастар. Олардың қазіргі құндылықтары мен тұлғалық қасиеттері көңілімнен шықпайды. Ынжық, мойнына жауапкершілік алудан қашады, жаңа нәрсе үйреніп, өзін жетілдіруге жоқ. Уақытын бағаламайды, талапты болып талпынудан гөрі біреуге сеніп отырады. Бұл күйімен олар мықты қоғам құра алмайды.

Мен, керек десеңіз, жиырма бірінші ғасырда біз мемлекет ретінде әлем картасынан жойылып кетпейміз бе деп уайымдаймын. Бұл туралы ойлап жатқан ешкім жоқ. Біздің басымыз тоймен, жағымпаздықпен, атаққұмарлықпен қатып жүр. Кәсібилік деген нәрсе сирек кездесетін құбылысқа айналып бара жатыр. Неге? Себебі, жастардың ойлау қабілеті тарылып барады. Кітап оқымайды, талаптанбайды, еңбектенбейді, тырыспайды. Содан барып ісі өнбеген соң, кінәні басқадан іздеп, бұл елде «тамыр-танысың, ағаң-көкең болмаса ештеңе шешілмейді» деп өзін жұбатады. Бұлар өмір жолын бастамай жатын жеңілгендер. Осындай психологиямен болашағымыздың қандай болатынын елестете алған шығарсыз? «Бес саусақ бірдей емес қой» дейтіндер шығады. Әрине, талаптылар бар. Бірақ аз.

Осы үрдіс өзгермесе, елден кеткісі келетіндердің саны азая қоймас. Қазір мүмкіндік туындаса елден кетуге дайын тұрған адамдар көп екені жасыратын нәрсе емес. Адам төрт құбыласы түгел болып жатса елінен кете ме? Шетелде алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Соның өзінде елде өмір сүрудің орнына алыстағы белгісіздікті таңдайды. Демек, мына жақтағы болашағынан үміт үзді деген сөз.

Осының бәрін көре отырып, осы елде өмір сүргім келе отырып, олқылықтарды түзету үшін мен не істей алатынымды ойлап жүремін. Бұл жолы ұсынғаным «Күміс кітап» болды. Еңбегім жастарды кітап оқуға итермелесін деген ниетпен жаздым.

Халықтық медицинада күмісті тазартушы құрал ретінде қолданылады. Кітаптың «Күміс кітап» деп аталуы да сондықтан.

Кітабымды оқып отырсаңыз, «жастардың сексен пайызы кітап оқымайды» деген дерекпен танысасыз. Кітап жазудың арқасында осы көрсеткішті жетпіс бес пайызға түсірсем де, соның өзі жеткілікті. Жұрттың жүз пайызы кітап оқып кетеді деу – мүмкін емес нәрсе. Мен ондай идеалистік ұстанымда емеспін.

Кітап оқымай, жастардың көзі ашылмайды. Олардың көзқарастарын әдетте не қалыптастырады? Бірінші, үй іші. Көп үйде жастарға ақыл айтып, тәрбие беретіндей жағдай жоқ, себебі көбісі әрең күнін көріп жүр. Сосын оқу ордалары да дүниетаным қалыптастыра алмай келеді, себебі оларда білім де, сапа да болмай тұр. Бірлі-жарым ғана ардақты педагог бар. Бірақ қайтадан, бірлі-жарым педагог бүкіл елді аман алып қала алмайды.

Жағдай әбден ушыққан. Енді жастар қайда барады? Кімнің аузына үңіледі? Шоу бизнес өкілдерінің бе? Олардың не сандырақ айтып жүргенін көріп жүрсіздер. Бірі тоқал алу туралы айтса, мына жақта біреуі екіншісімен әлеуметтік желідегі пікір үшін соттасып жатыр. Міне, жастар осындай үлгі, осындай модельдерге сүйеніп өзінің құндылықтарын қалыптастырып жүр.

Бұл мен өмір сүргім келетін Қазақстанның болашағына алып келмейді. Ақылдылардың кетіп жатқаны содан. Олар шарасыздықтан кетіп жатыр. Бұның бәрін айту керек, себебі ауруын жасырған өледі. Жиырма бес жыл ішінде біз ұрандатуды әбден жетік меңгердік, әдемі даму бағдарламаларын жазуды үйрендік. Қолдан іс келмейді, бұл күймен қазақ адамзатқа бір нәрсе беру түгіл, бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптаспайды. Елулікке «кірдік», бірақ дамбалымыз жыртық. Өткен жолы тасжолда көлігімнің дөңгелегі жарылды, себебі жолда шұңқыр көп. Жол тайғақ, сол шұңқырдың кесірінен көлігімді лақтырып жіберіп, өліп қалуым да ғажап емес. Талай адам жолда солай кетіп те жатыр. Дамыған елулікке «кіргеніміз» осы. Маған және мыңдаған азаматымызға мұндай елулік керек емес. Жолдардың жақсы болғаны керек.

– Сіздің ойыңызша, жастардың қазіргі құндылықтары қандай?

– Қазіргі жастардың құндылықтары басқа, психологиясы біркүндік – өзі ләззатын көрсе, жұлып алса. Ертеңге деген жауапкершілік жоқ. Бүгінгі некелердің ажырасумен аяқталып жатқаны да содан.

Бұрын қазақ жеті атамен қоса жеті ұрпағына да аса назар аударатын болған. «Жеті ұрпақты білудің не қажеті болды?» деген сұрақ туындайды осы жерде. Бәрібір, әрі барса, шөпшектен кейінгісін көре алмайсың. Одан кейінгісін немене дейді. Көргеннің өзінде де танымайсың, себебі алжып жатасың. Қазақ не үшін осылай ойлап қойғанын мен ойландым. Бұл – қазақтың философиясындағы он төрт буынды қамтитын жүйе. Сен орта есеппен жиырма жылдан алғанның өзінде, 300 жылға жуық аралықтағы бір буынсың. Демек, сен тек өзің үшін ғана жауапты болмай, өзіңе дейінгі және өзіңнен кейінгі жауапкершілікті сезіне алатын жағдайдасың. Елің үшін, ұрпағың мен болашағың үшін жауапкершілікті көтересің. Бұл, менің пікірімше, қазақтың осы күнге жетуінің басты факторларының бірі. Қазіргі жастардан мен мұндай жауапкершілікті байқамаймын.

Расын айтатын болсақ, қазіргі жастардың көбінің ертеңгі күнін ойлауға ақылы да жетпейді. Неге? Себебі, оқымайды. Кітаптың бетін ашпайды. Үлкендерді тыңдамайды. Әңгімесі жарасқан тыңдайтын үлкендер де жоқ. Бірлі-жарым адам ғана болмаса, басқасын көріп жүрген жоқпын. Бар да шығар, алайда оларды үйлеріне іздеп барып жүрмейсің ғой. БАҚ-қа шықпайды, журналистер жазбайды, мемлекет бір жиындар өткізсе, оларды шақырмайды. Оны қай жерден естіп-тыңдайсың? Осыдан сабақтастық та жоғалады. Сондықтан жастар өз мәселесімен бетпе-бет қалып, өз сорпасына өзі қайнап жүр.

Былтыр жастар форумына қатыстым. Жақсы нәрселер аз да болса айтылды, бірақ жастардың кейбіріне қарап, араларында аға буынымыздың ішіндегі жағымпаздардың орнын басатын жаңа буын өсіп келе жатыр ма деп қалдым. Мұның бәрі жақсылыққа апармайды. Оны түсіну үшін, ел аралап салыстыру керек. Мен көптеген елдерде болдым. Барлық жерде жастар кітап оқиды. Біздің елде кітап бетін ашып жүрген жастарды аз байқаймын. Алты жыл оқыса, диплом үшін оқиды. Диплом үшін оқу – білім қуалау емес. Оның мақсаты – диплом алу. Болды. Ертең қандай ел боламыз деп ой жүгіртіп жүргені екіталай. Мен соған таңғаламын. Бұл жауапкершілікті мойнына алмаудан шығады. Жауапкершілікті сезінген жастар «Аға-көкем болмаса ешкім емеспін» немесе «мемлекет не қоғам кінәлі» деп сылтау қылмайды. Тырысады. Сондықтан да мен жастар кітап оқысын, кітап оқу трендке айналсын деп «Күміс кітапты» жазып отырмын. Кітапты көп оқыған адамда білім бар, білім көп болған сайын адам мүмкіндікті сырттан іздемей, өзі қалыптастыра алады. Ал әрбір мүмкіндік – ол табыс көзі. Мүмкіндікті өзі үшін өзі жасай алатын адам – мықты қоғам құруға қабілетті адам.

– Мүмкін кітап оқығысы келетін жастар көп, алайда қазіргі авторлар қызықтыра алмайтын шығар?

– Бізде жыл сайын мыңдаған кітап басылады, бірақ жай ғана макулатура деңгейінен аса алмай жатыр. Оқырманы жоқ. Не үшін? Оқылмайтын – идеологиялық бағыттағы кітап. Шығып жатқан кітаптардың тағы бір түрі – еріккеннен, өздерін мақтағысы келетіндіктен жазылатын кітаптар. Мен бұл туралы кітабымда да айтып өттім. Бір кісі алашордалықтарға арнап кітап шығарған. Сырты әдемі қалың кітап. Сонда кітаптың әрі барса, бес пайызы ғана алашордалықтар тақырыбын қамтыған екен. Қалғанын автор өзін ұлықтауға арнапты, өмірбаянын жазған, танымал тұлғалармен түскен суреттерін келтірген.

– Жастарға қалай кітап оқытамыз?

– Қазақ, сірә, мақтаншақтықтан арыла алмайтын шығар. Олай болса, мақтаншақтықтың басқа конструктивті формаларын іздеп қалыптастыру керекпіз. «Мен жүз кітап оқыдым, мықты болсаң, тырысып көр» деген «понттың» жаңа түрін шығару керек. Біз «понтсыз» өмір сүре алмаймыз ғой. Жаңа айфон шықса, келесі күні қазақтың қолында жүреді. Одан гөрі кітап оқып жарыс немесе өзіңнің арманыңнан бас тартпай, көкейіңде жүргенді жүзеге асырып көр. Жастар арасында осындай «понт» қалыптастырайық. Кітаптың жазылуындағы мақсат – осы.

– Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыру керек?

– Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қалыптасқан жағымсыз тозық трендтерді сындырудан басталады. Мен айтып отырмын ғой, кітап оқысаң, мүмкіндік жасайсың. Ал мүмкіндік дегеніміз – ол ақша. Жастардың ойында ақша жүр ме? Жарайды, осылай түсіндірейік. Ақша тапқың келе ме? Сен аға-көкеңе сенбе. Ол ескірген тренд. Оның сәні кетті. Ол – мақтанатын нәрсе емес. Егер сен осы позицияны ұстанатын болсаң, ертең сенің кесіріңнен елің құриды. Міне, осыны айту керек. Өз күшіңмен ақша табудың басқа да жолдары бар. Оның сауабы көбірек және ардақтылау. Ал, «танысым бар» деп өзін жұбатып, бірақ өзін дамытуға бір артық қадам жасамайтындар үшін бір мысал келтірейін.

Бір жігіт бар болатын. Алты жыл оқып, не қосымша жұмыс істемеді, не ештеңеге қызықпады, құр бекерге уақытын өткізіп жүрді. Содан: «Ертең мына ұядан ұшқан соң бір жерге барып басыңды тығуың керек қой. Қайда барасың? Кім алады сені?» – деп сұрасам: «Астанада бір таныс бар», – дейді. Кейін білсем, сеніп жүрген танысы – танысының туысқанының біреуі, Астанада бір мекемеде бөлім бастығының көмекшісі екен. Бұл көзқарастан арылу керек. Ал біреу арқылы не жалынып, не пұлын беріп жұмысқа тұрдың. Бірақ сен елдің ертеңгі құлдырауына үлесіңді қосасың. Ертең балаларыңа не бетіңмен қарайсың? Міне, осындай категорияларды қалыптастыру керек. Өз күшіңмен аяққа тұрып, өзіңе қажетті мүмкіндік жасап, сол арқылы ақша тапсаң, сен мықты боласың. Осындай мықты азаматтар көп болғанда ғана мықты Қазақстан болады. Қарапайым нәрсе. Осыны сәнге, жастар үшін «понтқа» айналдыру керек.

 

«Я ПАТРИОТ-МАЗОХИСТ!»[21]

Есть люди, которые мало говорят и много делают, Бахытжан Бухарбай один из них. Его не увидишь в бурных обсуждениях в соцсетях на языковые темы, он никогда не бьет себя в грудь, доказывая свою любовь к Родине, но более настоящего патриота своей страны и человека сделавшего так много для развития государственного языка, я лично не встречала. Бахытжан – политолог, журналист, редактор, художник, автор проектов по развитию казахского языка. Вчера он презентовал свою четвертую книгу «Күміс кітап» – это такое обращение к молодым людям. Его трудолюбие не знает предела, на встречу перед презентацией своей книги он неожиданно для меня опоздал. Оказалось, что Бахытжан… ловил в своем подъезда воров-домушников. Не пройти мимо беды – это про него.

Поймали воров?

– Конечно, догоняли их уже во дворе, но задержали. Вы уж извините за опоздание.

Я ждала вас в книжном магазине, где не соскучишься, успела полистать и вашу книгу. Она написана для молодых, которые не читают, каким образом вы будете их привлекать?

– Саму идею я вынашивал полтора года, а написал книгу за 16 дней. Да, мне хотелось обратиться к молодым людям. Проблем у них много, и одна из них, которая подтверждена социологическим исследованием фонда Эберта, что 80% людей не читают книг. Вот после этих данных, я начал размышлять, какое будущее мы получим с таким показателем, будет ли оно вообще при таком раскладе безоблачным? Мне это не безразлично, потому что свою жизнь связываю с нашей страной.

Книги развивают у людей свои ценности, а когда своих нет, то ты ищешь их в чужих идеях, людях, агашках, при этом перестаешь верить в свои силы, потенциал, начинаешь думать чужими мыслями. Тогда я решил изложить свой 17-летний опыт общения с книгой – как сформироваться читателю, как выбирать чтиво, собирать библиотеку, с кем делиться книгами, образовывать круг общения.

Изложил я все коротко, в формате фейсбучного поста, потому что молодые люди длинные тексты не читают, моя книга рассчитана всего на два часа чтения. Помимо этого, последние три года я делаю такой некий итог и подсчитываю, сколько книг я прочитал. В 2016 прочитал всего 40 книг от корочки до корочки, а два года назад я прочитал 88, описываю не только о чем произведение, но и ставлю цели прочесть больше, расстраиваюсь, что не хватило времени, подбадриваю других посоревноваться.

Казахи – они же не могут без понтов, и раз нельзя это искоренить, значит надо направить особенность в конструктивное русло. Я предложил понтоваться не машинами и гаджетами, а книгами, так и призвал молодых людей: «Я прочел 40 книг, а чего добился ты?». И эти мои отчеты вызвали ответную реакцию, люди удивлялись, стали задумываться о своем списке. Может быть это будет проходящей модой, но человек ведь все равно прочтет книги, что-то в его голове отложится, появятся знания, свои, а не агашкины.

Интересная эта «понтовая» особенность казахов, откуда ее корни?

– И Абай писал об этой черте, только называл ее бахвальством и хвастовством. Наверное, это складывалось веками, я не этнограф, но когда читаю какие-то летописи, то вижу, что всегда встречались у нашего народа такие качества. Но это есть у всех людей, просто в разном объёме, а когда ценности сбиты, то эти черты обостряются в обществе. Сейчас у нас ведь не все гладко в нашем обществе.

Вы написали и издали уже четвертую книгу. Сложно ли это в нашей стране?

– Я долгое время нахожусь в свободном плавании, работаю в разных областях, у меня много знакомых-единомышленников, в том числе, и издателей, дизайнеров, художников. На стадии написания мне удается убедить своих партнеров, они мне верят. За спонсорской поддержкой, обратился в три банка, но меня там не поддержали. Я готов был урезать свой семейный бюджет, но мои друзья, пусть они не очень обеспеченные, вовремя изъявили желание мне помочь.

Что с вашим авторским проектом BAS QOSU по изучению казахского языка, поддержали ли его наши министерства?

– За 2 года мы обучили более пятисот человек, в том числе, и иностранцев. Наша авторская методика – моя гордость, потому что много в этот проект вложился. Когда я убедился, что наша методика устоялась, она работает, обратился в Астане к специалистам, провел презентацию, предоставил показатели, как любят наши чиновники, им понравилось, готовы были поддержать, но потом состоялись досрочные выборы, затем еще что-то, всем стало не до меня, обещали перезвонить, но пока молчание.

У меня нет задачи потешить свое эго и превращать проект во что-то глобальное, но он вырос в многонациональное комьюнити, а в этом случае, ты начинаешь острее чувствовать обязательства перед людьми, мы же в ответе за тех, кого приручили. Так что мы продолжаем работать по-прежнему бесплатно, по крайней мере, в условиях Алматы.

Я никогда не видела ваши комментарии под национал-патриотическими постами в соцсетях, это принципиальная позиция?

– Мне говорили ребята, почему ты на стадии реализации свои национальные проекты не обсудишь со всеми. Попробовал, написал пост в фейсбуке, призвал всех подключиться к зарождающемуся проекту ради процветания нашей страны, в итоге получил 42 «лайка», 15 «патриотов» обещали встретиться, в итоге пришли всего 4 и все опоздали, хотя я просил этого не делать.

В конце концов никто так ничего и не сделал, поэтому предпочитаю действовать в одиночку. Я гораздо продуктивнее так работаю, нежели, когда трачу свое время на людей, которым «бла-бла-бла» дороже. Мне не надо тысячи сподвижников, мне нужны единицы трудоспособных и ответственных людей.

А почему проекты «ради процветания Родины» получают 42 «лайка», а скажем личная жизнь Баян Есентаевой, прическа госслужащего или признания токал 150 тысяч?

– Люди не читают книг, в этом вся причина. И не группы типа Ninety One, которую все критикуют, портят нацию, а как раз-таки то, что люди перестают читать. Это одна из причин деградации, а их на самом деле много. Просто я не могу все охватить, отвечаю за свою сферу, в которой, как говорят мои друзья, выполняю один работу целого Комитета.

Тяжело все-таки одному в поле, не было желания переехать куда-то?

– У всех нас есть в окружении есть люди, которые уехали, это становится для многих моделью поведения. У меня тоже веры в лучшее будущее становится все меньше и меньше, но я такой патриот-мазохист, у меня нет другой страны больше. Это, наверное, результат воспитания, традиций, уважения к предкам, мы казахи очень привязаны к своей земле.

Но это не результат государственной пропаганды, просто люди, которые тут живут, должны быть уверены, что они смогут реализовать свои возможности здесь, вот и все, уезжают только по этой причине. А я еще верю в бога, хотя не фанат, и во время молитв, задаю себе вопросы: «Почему я родился в этой стране?». И мне приходит ответ, что все в жизни неспроста, значит это мой путь, здесь мое предназначение, мне дано здоровье, даны возможности, надо работать, и вот это меня мотивирует.

 

[1] Иоганн Гутенберг (1400 ж. шамасы–1468) – неміс өнертапқышы, жылжымалы құйма әріпті баспа станогының еуропалық әдісін ойлап тауып, әлемде алғашқы болып баспахана негізін қалады.

[2] Әлеуметтік мимикрия – индивидтің немесе топтың айналадағылардың мінез-құлқы мен пікірін қайталауға бағытталған қорғаныш бейімделуі.

[3] Оларды мына сілтеме бойынша оқи аласыздар: http://mq.kz/category/retsenzii/.

[4] Латын мақалы, қазақшаға аударғанда – «бұл жерді өлілер мекендейді, бұл жерде мылқаулар сөйлейді» деген мағына береді.

[5] Хосе Эчегарай-и-Эйсагире (1832–1916) – испан драматургі, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1904).

[6] Джозуэ Кардуччи (1835–1907) – италиялық ақын, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1906).

[7] Грация Деледда (1871–1936) – италиялық жазушы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1926).

[8] Уильям Фолкнер (1897–1962) – америкалық жазушы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1949).

[9] Иосиф Бродский (1940–1996) – орыс және америкалық ақын, эссеист, драматург, аудармашы, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1987).

[10] Ригоберта Менчу (1959 ж.) – Гватемаланың байырғы тұрғындары – майя тобына кіретін киче халқының өкілі. Құқық қорғаушы, Гватемаланың байырғы тұрғындарының құқықтары үшін күрескер, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1992).

[11] Аун Сан Су Чжи (1945 ж.) – мьянмалық саясаткер, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1991).

[12] Оскар Ариас Санчес (1940 ж.) – Коста-Риканың мемлекет қайраткері, саясаткер, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1987).

[13] Джордж Маршалл (1880–1959) – АҚШ саяси және әскери қайраткері, армия генералы. «Маршалл жоспарының» бастаушысы, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері (1953).

[14] Орхан Памук (1952 ж.) – әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанған алғашқы түрік жазушысы (2006), қазақ тіліне бірнеше шығармасы аударылған.

[15] Zaria Gorvett, Why it pays to be grumpy and bad-tempered //http://www.bbc.com/future/story/20160809-why-it-pays-to-begrumpy-and-bad-tempered, 10.08.2016.

[16] Wish List — тілектер тізімі.

[17] «Аманат» – Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жайында ғылыми тұжырымдама жасаған белгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің 2016 жылы шыққан фильмі.

[18] Түсінгенге жеткілікті (лат.).

[19] Жобам туралы толығырақ ақпаратты оның фейсбуктағы парақшасынан ала аласыздар: www.facebook.com/basqosu.

[20] «Күміс кітап» жастарда жаңа «понт» қалыптассын деп жазылды – Бақытжан Бұқарбай // https://baribar.kz/16572/kumis-kitap-zhastarda-zhanha-pont-qalyptassyn-dep-zhazyldybaqytzhan-buqarbay/, 13.01.2017.

[21] Полина Шиманская, «Я патриот-мазохист!» // http://www.matritca.kz/news/41199-ya-patriot-mazohist.html, 19.01.2017.

Қазақ тілінде жазылған