Адам қарады: 413 | Жарияланды: 2018-09-15 12:57:06

Перілер таңдаған өкіл

 

- Мен cайтанның қызын емдейтін бақсы емеспін.

- Гиппократқа берген антыңыз қайда?

- Ол серт Адамзат үшін берілген.

- Қанша сұрайсыз?

- Қызмет қылған қырық жылымда Тәңірдің тура жолынан тайғаным жоқ.

- Ендеше, сайтан да сол Тәңірдің жаратылысы.

- Неге түсінбейсіз? Олар басқа әлемнен.

- Ағатай, ең болмаса диогноз қойып беріңізші?!

- Біздің медицинада жындардың дертіне ем жоқ.

******

Бала кезден бері түсімнен бір қыздың сұлбасы кетбейді. Оның салған әні де. Мен оған ғашық болдым. Сағынышымды басу үшін үнемі ұйықтауға тырысатынмын. Сондағы еститінім мынау:

"- Торыштағы сансыз тас

Бізден қалған белгілер..."

Әріқарайғы сөздерін мүлдем түсіне алмай-ақ қойдым. Бұл жұмбақтың жауабының шешілуі күтпеген жағдайдан орын алды. "Үстірттегі соңғы бақсы қатаң жатыр" деген хабар біздің ауылға да жетті. Бақұлдасып қалуға ағылған жұрттың қарасы көп болды. Мен де бардым. Шілденің ми қайнатар ыстығында кішкентай күркеден сая тапқан шал:

- Е, бала келдің бе? - деді. Сені жиырма жыл күттім.

- Түсінбедім, кәке. Неге күттіңіз мені?

- Аманатым бар.

- Қандай аманат?

- Олардың таңдауы сен болдың?

- Кімдерді айтасыз?

- Перілер.

- Қайдағы перілер?

- Түсіңде ән айтатын қызды білесің ғой.

- Иә. Ал сіз қайдан білесіз?

- Ол менің қызым.

- Сонда қалай?

- Мен жиырма жасымда перінің қызына ғашық болдым. Оны адамзаттың арасында алып қалудың жалғыз жолы тілінің астындағы теңгесін ұрлап алу. Орайы олардың суға түскен сәтінде ғана келді. Өйткені, Сүлеймен әулие, Жер бетіндегі бұлақ пен көлді адамдар ғана арнаған. Сондықтан әулиенің ашуына тимес үшін перілік дәрежесін айқындайтын теңгелерін жағада қалдырады. Өзің де түсінген боларсың, ұлым. Қажеттілігімді орындадым. Содан 36 жыл өткенде ғана оның аяғы ауырлады. Менің бақсылығым да кемеліне жетіп толысқан болатын. Амал не? Алтыншы атамның перілерге берген серті бар екен. "Менен кейін ауысқан жеті ұрпақтың да қай-қайсына қолқа салсаңдар да тілектеріңді орындайтын болады" деген уәдесін әйелімнің төркіні бұлдап келді.

- Әй, күйеу, ежелден бері біздің қауым сіздің елге қыз беріп келеді. Бірақ, ешқайсың адал жолмен алдымыздан өтіп, төс түйістіріп алған жоқсыңдар. Алтыншы атаңның уәдесін құрметтесең жалғызымызды қайтарғалы келдік. Әйтпесе адамзаттың арасында туған пері де, оның сәбиі де бақилық болады. Осымен қоштасқандарың жөн. Мұңайма, күйеу. Сәби туылған соң кері қайтарамыз. Оны сендердің араларыңа әкелетін адамды да біз таңдаймыз. Енді, жиырма жыл ғұмырың қалды. Осы уақыттың ішінде аманат тапсырылған адамды іздеп тап.

Осылай деді де аспанан келген көш әйелімді алып кері қайтты. Содан бері құзырымдағы отыз жыным сені іздеп әлемді шарлап кетті. Осында өз білгеніммен келдім деп ойлама. Бастап келген сол жындар. Жә, қорықпа, қарағым. Торышқа бар. Ондағы сансыз тастың арасынан күншығысқа қаратыла шетіне айдың таңбасы бедерленген тасты тап. Қалғаны Құданың қалауымен орын алады. Айтпақшы, қызым дертті келеді. Оның шипасын өзің табарсың. Менің қолымнан келер қайран жоқ. Мойнымдағы ауырлықтан құтылдым, қош, - деп көзімен шығарып салды.

"Бақсы дүние салған кейін оның мүрдесі ғайып болыпты", "Сол күні көктен белгісіз тіршілік иелері түсіпті", "Үш күн бойы толассыз жаңбыр жауыпты" деген қауесет бүкіл елдің ауызынан ұзақ уақыт түспей жүрді.

Мен тек жаңа айдың туатын он төртінші күні жолға шықтым. Біздің елде Торыш туралы аңыз көп. Біреуі түмен әскер мәңгі қарғысқа ұшырап тасқа айналған десе, енді бірі бізден тыс жаратылыстан келген белгілер дейді. Маған керегі ескіден қалған ертегі емес, жиырма жыл бойы түсімнен шықпаған адам мен періден туған қыз.

...Күн іңірге құлап, қызарған сәтте терістікте орналасқан бір тастың беті де қызара бастағанын байқадым. Сәл аялдасам жоғалтып алатындай жүгіре жөнелдім. Бақсы айтқандай күншығыс жағында жаңа туған айдың бейнесі қашалыпты. Құлағымды тостым. Ешқандай тіршілік білінбеді. Жылжытып көрмекке әрекет еттім. Орнынан қозғалмады. Тек, жаңа ай көріне бастаған сәтте ғана әуеден жол көрінді. Көк пен жердің арасын жалғаған көпірден түсімдегі әуен жақындай берді. Сол сәтте көзімнің алды бұлдырай бастады.

 

"Торыштағы сансыз тас,

Бізден қалған белгілер..."

 

Көзімді ашсам қараңғы қапаста қамалған адамдай ештеңені байқай алмадым. Маңдайымнан әлдекім алақанымен сыйпап отыр.

- Есіңді жидың ба? - деді.

- Кімсің?

- Айқызы.

- Айқызы?

- Нағышыларым таңдаған өкілсің. Осында сол аманатты орындау үшін келмедің бе?

- Сен?..

- Иә, мен сенің түсіңдегі қызбын.

- Перілер неге мені таңдады?

- Әулетіңнің бізбен байланысы бар.

- Қандай байланыс?

- Оны уақытында айтып беремін.

- Енді қайда барамыз?

- Менің дертім бар?

- Ауыр ма?

- Жартылай перімін.

- Қайтеміз?

- Перілер адамзаттың қаны бар ұрпақты қабылдамайды. Сондықтан адамдар қатарына қосылуым қажет.

- Оның жолын білесің бе?

- Білмеймін. Нағашыларым да, әкем де саған сеніп отыр.

- Әкең бақилық болған.

- Жоқ. Перілермен отау құрған адамдар ешқашан өлмейді.

- Қалайша?

- Оның жердегі сапары аяқталғанымен, перілер арасындағы өмірі жалғаса береді.

- Сонда әкең?..

- Иә, ол сен білмейтін әлемде.

- Адамдар қатарына қосыла алмасаң не болады?

- Өлемін.

- Берілген уақыт қанша?

- Үш күн.

******

Қаладағы ең атақты хирургиялық орталықтың айтқаны - анау.

Қазір ауруханың алдында тұрмыз. Жанымда жартылай пері Айқызы. Жүзінің солып бара жатқанын байқадым. Әлі екі күн бар. Үлгере аламын ба?..

 

 

Қазақ тілінде жазылған