Адам қарады: 1216 | Жарияланды: 2019-03-19 05:22:50

Қазағымның  қорғаны

толғау

Тыңда, балам!

Бабалардың айтар болсам мән-жайын,

Бүгін мен де шаттанайын, тебіреніптолғайын.

Мәңгілік ел болсын десең, медет тілеп Алладан,

Ата-баба ісін алға апаруға бол дайын!

 

Гұн мен сақтың, көк түріктің  құрғамаған арнасы,

Қазақ еліКүлтегін мен Тоныкөктің жалғасы.

Кең даланы дүбірлеткен көшпелілер арқасы,

Бар әлемге танылса егер  бүгін Қазақ Ордасы.

 

Мамыражай заман болып, өтіп жатса сырғып күн,

Атқа қонып, келген жауды түре қуған кіл мықтың.

Тізеліні тізерлетіп, басы барды еңкейткен,

Көне түрік қағанатытүп қазығы бірліктің.

 

Алтын орда шеше алмаған күн туғанда түйінді,

Ақ ордаға қалың қыпшақ аталған ел жиылды,

Мал көбейіп, жол кеңейіп, сауда-саттық өрістеп,

Сығанақта сыңғырлаған  алтын теңге құйылды.

 

Не десек те, Алтын орда, Ақ орда мен Көк орда

Жанкештілік көрсете  алды, жаншылмады табанға.

Адал ішіп, тура сөйлеп, билік құрды халыққа,

Бас имеді, өр кеудесін бастырмады арамға.

 

Құл-Қожахмет ілімімен негізделген сенімге,

Ислам діні қанат жайды ұлан-байтақ елімде.

Шариғатпен сәйкес келіп ұлтымыздың  дәстүрі,

Қасиетті Құран тұрды әр қазақтың төрінде.

 

Кешегі өткен бабаларым Жетісуды  қоңыс қып,

Деген жоқ па: «ата жаумен арыстандай алыстық

Керуен жолыШу мен Талас, Қозыбасы, Түркістан,

Сыр өңірі көзімізге  көрінеді әлі ыстық.

 

Болашақты болжай білген қыран тектес Керейім

Хан болғанда  асырды ғой ел-жұртының мерейін.

Өріс кеңіп, ырыс толып, ел іргесін бекітсе,

Еңкеймеген  ерлеріме алғыс айтпай не дейін?!

 

Атамқазақ, ұраныАлаш, керегесі ағаштан,

Қасиетті Түркістанда салтанаты жарасқан.

Қарашаның қамын ойлап хан мен сұлтан, бай мен би,

Жаһанамға аттандырдыжауы болса таласқан.

 

Орыс ханның шөбересі, Барақ ханның текті ұлы,

Мақсатына жету үшін бос  кетпеген  көп күні,

Ұран салып, ұлтты оятып, жігер беріп қазаққа,

Таққа отырды Жәнібек хан тау жығардай екпіні.

 

Қазақ ханы өзге жұрттан асырып бар дәулетін,

Тым-тырақай қылған жоқ па Шайбанилар әулетін.

Бір жағадан бас шығарып, жеткен болса жеңіске,

Жібі түзу басшысы бар бола алмайды ел жетім.

 

Сарайшық пен Ұлытау да хан ордасы болған жер,

Мейманасы асып-тасып, несібесі толған жер.

Хақназардың бағы жанып, ормандай көп орыстар

Басын иіп, құлдық ұрып, елші келіп тұрған жер.

 

Хан ұрпағы Тәуекел мен Есім, Жәңгір, Тәуке  де

Ханның ісін жалғағаныұлтыма зор мәртебе.

Көктем шыға қызғалдақтар қыр төсінде жайнаса,

Туған жердің ұландарын еске алады әр төбе.

 

«Жеті жарғы» сол дәуірде болған жұртқа төреші,

Естен кетпес Төле, Әйтеке, Қазыбектің кеңесі,

Тоқсан нарға жүк болардай қиын-қыстау кезеңде

Қазағымның жанталасып  асқан әрбір белесі.

 

Тезге салып ел ішінде есер болса мақтанған,

Жауды көрсе сарбаз жиып, ел қорғауға аттанған,

Жақынына көмек беріп, мейірімін аямай,

Алыстағы дұшпанынан алдын ала сақтанған.

 

Еске түсер қыпшақтарға кеткен сіңіп Жошы хан,

Атқан оқтан қашамын деп  ақсақ құлан шошыған.

Елдің қамын жеген болса ер қорғаны Едіге,

Ұлы ордалар басталады Ұлытаудың басынан.

 

Дешті Қыпшақ, Жошы ұлысы тамыр тартса тереңге,

Қазақ деген ерекше атау естілгенде әр елде.

Ұлтына ұя сала алмаса, елге қорған болмаса,

Хандары мен батырларын қоспас еді өлеңге.

 

Шаршы топта сөз бастаған, қол бастаған жасынан,

Күпшек санды күреңді де аямаған досынан,

Болмас жайды сөз етпеген, жаттың өзін өз еткен,

Арға тиер сөз болса егер, асырмаған басынан.

 

Қасқа жолы Қасым ханның, ескі жолы Есімнің

Қайнары еді қазынамның, сүрлеуі еді көшімнің,

Жылқыдайын мойынына әлі құрық түспеген

Кең далада кердең басып, оза шауып, көсілдім.

 

Үш жүздегіЖолбарыс пен Әбілқайыр, Қайып хан

Олардың да күндері жоқ қас жауынан қаймыққан.

Дұшпандар да жай жатпады, жылан кірді іргеден,

Олжа тауып қалсам дейтін қазақ жиған байлықтан.

 

Қалмақ келіп,бұрын-соңды жасалмаған қастандық

Салдарынан қанды қырғын, шұбырынды басталды.

Осы кезде атой салып Бөгенбай мен Қабанбай,

Соңына ерткен елім десе еңіреген жастарды.

 

Күндер өтті жүрген кейде тілім нанға жарымай,

Бытыраған ел-жұртының басын қосты Абылай.

Құдасына қойын сойып, құйрық-бауыр асатып,

Енді қазақ қосып жейтін болды нанға сары май.

 

Қазағымның ертеңіне алаң болған күні үшін

Кенесары қынабынан суырғанда қылышын,

Ер басына күн туғанда дегені боп дұшпанның,

Төгіп-шашып алдық,бірақ, ұлтымыздың ырысын.

 

Еркін, батыл, әділетті, бойы биік, еңселі,

Ұрпақтарым тарихымнан сыр сабақтап көрсе еді.

Шаршап-талып, аңсап барып олар салған сара жол

Елдік  пенен ерлік және имандылық өлшемі.

 

Жүзін салмай жамандарға, өрге салмай өгізді,

Сенім артып адамдарға, жұрттың қамын жегізді.

«Қой үстіне бозторғай кеп жұмыртқалар күн туса,

Жақындатқан сол күндерді хандар болған» – дегізді.

 

Келімсектер қожа болып малға жайлы қоңысқа,

Атамекен азып-тозып, бодан болдық орысқа.

«Жыртық үйдің Құдайы бар» деген сөз де рас-ау,

Сол кезде де ерлер шықты тізгін берген намысқа.

 

Қарашықтай қорғап жүрген қолдағы асыл барың  да,

Тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында

Кеткен кезде бас көтеріп азаматы Алаштың,

Тізе қосты, сөз байласты ұлы мақсат жолында.

 

Кезең өтті сан құбылған, талай-талай су ақты,

Лай балшық былғап бітті тұма, тұнық суатты.

Аштық болды, қастық болды, қорлық, зорлық көп болды,

Үйін өртеп, жесірлер мен жетімдерді жылатты.

 

Көрсе-дағы көз алартқан көрінгеннің қастығын,

Бірақ, қазақ қалды сақтап тілін және дәстүрін.

Арып-ашып келген жұртты құшақ жайып, қарсы алып,

Өзгелерді өгейсінбейдәлелдеді  достығын.

 

Таласпадық, дәм-тұзды да бірге татып,жарастық,

«Көппен көрген ұлы той» – деп талай қиын бел астық.

Соғыс  пенен бейбіт өмір алма-кезек алмасып,

Тұман күні адассақ та, көппен бірге адастық.

 

Көшіп-қонып жүрген қазақ кейін дербес ел болды,

Көршісімен тату тұрып, терезесі тең болды.

Арман бар ма ұрпақтары бабалардың кешегі

Енді бүгін жалғастырса осы  даңғыл, кең жолды.

 

Айнымаған кешегі өткен хан мен бидің сертінен,

Ұлан-байтақ қоңыстарын мекен еткен ел түгел,

Болашаққа сенім артқан, айқындалған мақсаты,

Бүгін Қазақтәуелсіз ел, ынтымақты, еркін ел.

 

Бүгін мен де арайланған нұрлы жолды таңдадым,

Ата-бабам аңсап күткен орындалды  арманым.

Торқа болсын жатқан жері, жәннатта нұр шалқысын,

Қазағыма қорған болған батырлар мен хандарым!

Қазақ тілінде жазылған