Алла қолдап тоқсан бірде ғарыштан...
Алла қолдап тоқсан бірде ғарыштан,
Сілкінді елім – егеменді арыстан.
Бар құндылық қайта оралды жүдеген,
Көлімде аққу, көгімде құс жарысқан!
Зарықтырған рухани несібем,
Шүлен шуақ шашты, соған тесілгем.
Қазақ болып жылуына ұмтылдым,
Мейірімі – майда самал есілген.
“Бес дұшпанды” жаулап алды қуалап,
“Бес асыл іс” баурап алды дуалап.
“Алдың – жалын, артың – мұз” деп тұрғандай,
Қаңғып қайда барар едің дуадақ?
Таптым әзер, енді мүлде адаспан,
Жарқылдасын намыс атты алдаспан!
Алтын қазық, бағдары – құт жол екен,
Надандықтың байлығына таласпан!
Ес кеткенде сол жарықтың қасына,
Жеттім, сөнген рухым ғажап тасына.
Абай жыры, қара сөзі екен ол –
Мәңгі алаулар адамзатқа қазына!
Адастырмас құрдымдарға ендігің,
Теңселместей Қазақстан елдігің.
Өзегіңе нәрін құйды дана Абай,
Бүтіндерсің енді әлемнің кемдігін!