Адам қарады: 30 | Жарияланды: 2020-06-12 03:38:38

Атам соққан жылан

Аспан айналып жерге түсердей шілденің шіліңгір аптабы. Біздің үй ойда – қапырық, ыстық, диханшылық өңірде отыратын. Атам есік пен төрдей тортөбел атына мінгестіріп алып Бұғылы қолтық  жайлауындағы туыстарды қыдыртты. Жаннаттай жайлау алуан бояулы бәйшешектерімен көзіме шоқтай басылды. Көк сеңгір найза шыңдары көк торғын  көкпен тілдеседі.  Баурайы жап-жасыл қарағайлармен  көмкерілген. Жұпардай  тұнық ауасын айтсайшы, кекілімді сипап, сап-салқын  қалпында баяу есіп тұр.

Апам біз жүрерде қалыңдау киімдерімді дайындап  берген. “Сумкам ауырлап кетті, оның үстіне қалың  киініп жүрсем балалар мазақтайтын шығар” деп  ойладым. Сөйттім де көрсетпей шкапқа салып  кеттім. Сол ақымақтығыма енді өкініп тұрмын. Өйткені, тоңази бастадым. Жегеніміз бағлан, ішкеніміз қымыз болса да өзімді жайсыздау сезіндім. Үлкендер жағы: “Акау, ақсақал, апамыз аса бұйынтақ  кісі еді, Есілді қалыңдау киіндірмеген бе?  Қараңызшы, өңі бозарып кетіпті”демесі бар ма. Сосын біреудің қалыңдау, кең шапанын қолқылдатып кигізіп қойды. “Мазаққа қалғанның көкесін енді көрермін.Туыс-туғандардың  балалары түсінер, бөгделері не дер екен?” Бірақ  мен ойлағандай болмады. Ешкім сайқыламады. Шамама қарай жуастау тай мен тайынша мінуге бапандай болдым.Түнімен енелерімен бірге жайылған құлындарды биебаудағы  желіге шұнаңдата байлауға таласамыз. Қапталда қаптаған ну қарағай құдды  саптақа тұрғызылған әскерлердей еді. Оған да  шәйір жинаймыз деп барып талай адасқам. Беттерден бүлдірген, шатқалдардан таңқурай, қарақат, тошала, шие теріп шаттандым. Жайлау балалары көз сүріндірген көркем тау табиғатына өте қанық екен. Олар менің ең үлкен ұстаздарым болды...

Қызыққа батқаным соншалық, апамдарды да ұмытып кетіппін. Атам:

  • Ойының қанды-ау деймін? Қайтпақпыз. Тортөбел ерттеулі тұр. Оны-мұныңды жинап дайындал,- деді бас-аяғыма жылы жүзбен көз жүгіртіп.

Аттанып кеттік. Артыма қайта-қайта бұрылып, достарыма  қимастықпен қол бұлғап барам...

    Әжемнің шылауышын киген таулар алыстай берді.

Мені аймалаған кер самалы енді бізге өкпелегендей өз жайлауында қала берді. Ботамойнақ сары адырлар түгеп бермеді. Ат мазалаған бүгелектерден дамылсыз изектейді. Пысқырынуы да жиіледі. Атам: “Ат көп пысқырынса  бір нәрсе кез болады, немесе алда қатты болдыруына көрінеді деуші еді” деп күбірлеп қойады.

    Жол жорғасымен лыпып келе жатқамыз. Кенет кілт тоқтадық. Атам ширақы қимылдап аттан тез түсті.

    Жол жағасындағы шөптесінге қарай кесер басын қақшитып алып сұмаңдап бара жатқан құлаштай ұзын,  жуан қарашұбар жыланды қуа жөнелді.

     Осы кезде ат жүріп кетті. Ердің артында ұзақ отырып борбайым созылып қалған сияқты, ұмтылып тізгін тартуға шамам келмей жанталастым. Әне-міне дегенше ат мойнаққа таяды. Әзер дегенде басын іріктім. Атам қамшысымен шаңын аспанға шығара жылан соғып жүр.

   Бір уақта бет орамалымен басы кесілген жыланды үш бүктеп буып алып келді. Жыланды көргенімде суқаным ұшты.

  • Ата, ата, өлдіме, неге тастамадыңыз?
  • Өлді ғой. Балам, бұл бағалы дәрі болады.
  • Сонда мұны жейміз бе?
  • Мен жеген емеспін. Әртүрлі науқаспен ауырғандарға, әсіресе ем қонбайтын жаман дерттерге қайнатып сорпасымен береді. Кептіріп, талқандап, дәрі-дәрмектерге қосып жесе тіпті жақсы екен. Адамды қуаттандырады дейді емшілер. Ал, жем-шөпке араластырып жақсы аттарға берсе қаны түзеліп, жылтырап кетеді. Төрт түліктің қайсысы болсын індеттеріне таптырмас шипа екенін білмейсің-ау.
  • Көбейтіп жібердіңіз ғой.
  • Өзі де көп ем емес пе.

    Атам жыланды қоржынның аузына сала салды.Үрейлене, үрке қарап мен отырдым.

    Қылышын сүйреп қыс та тақап қалды. Шайлық сүттен асып, бәріміз ішсек те таусылмайтын “Ақ бұлақ” атанған дәу, сүті мол ақ сиырымыз болды. Ол қоңыр күзде өзінен аумайтын ақ бұзау туған. Апам:     “Ақ бұлағым – құт. Ұлан қыстай сүт ішкізеді енді” деп мәз. Ақ бұзауды “Ақ бөпе” атандырып кеттік. Өзі сары уызға әбден тойған мәйекті де сүйкімді. Екеуіне ауыл адамдарының бәрі қызыға қарайтын.

    “Ақ бұлақ” табын тарап кеткендіктен, өз еркімен жайылып жүретін. Бататын қысқа күнге қарамастан қораға ерте келіп мөңіреп тұратын ол бір күні көрінбей қалды. Тайлы-тұйағымызға дейін сабылып іздедік. “Елдің тіл-сұғы тиді-ау, қолды болды-ау, мандымағырларын” әлсін-әлі қайталап кейіді апам.

    Бәріміз діңкеледік. Шайға отыра бергенімізде, өлеусіреп мөңіреген “ақ бұлақ” даусы естілді. Дүркіреп далаға шықтық. Ауладағы шырақтар жағулы. Сүйретілген бойда сүйекке қарысып зорға жеткен оның құймышағынан тірсегіне дейін қарысқа таяу ырсита шабылған. Ақ сан қызылкүрең қатқан қанға боялған. Қансырап, әлсіреп қалған тәрізді. Апам бұзауын салып тойғыза емізді де,   қалғанын сауып алды. Қатты ауырсынғанынан дірілдеп тұрды. “Біреудің үйінді шөбіне барып қалып, мал бітпегір имансыздың қолына түсті-ау қайран мал” деп жасын сығымдап қояды ақ пейіл апам.

    Болар іс болды. Атам көрші азаматтарын шақырып, “ақ бұлақты” қораға еппен жықтырды. Бұлқынуға дәрменсіз. Аямай шабылған мелжемді санның ақсиған сүйегі көрінеді. Жарақатты тазалап жудырды. Жазда өзі соққан қарашұбар жыланды үлкен әйнек құмараға салып қойған тұғын. Алдырып көрді. Еріп майлы қоймалжыңға айналған екен. Оны шабылған жерге молаңдата жақты. Жіңішкерек ток сымымен көн жамағандай әдемілеп жөрмеп шықты.

     Ертеңінде сүйемелдеп тұрғызылған “ақ бұлақ” жем-шөпке нарау ауыз салды. Ал, “ақ бөпе” бәрінен бейхабар. Енесінің мама емшегін көпіршіте еміп жатыр. Бүйірі шықты-ау дегенде апам оны тартып байлады да, ақ теректен шабылған қайыс баулы шелегіне иітіп сауа бастады.

     - Ой, кемпір-ау, өзі әрең тұрғанда қақтап сауғаның не? – деп еді атам.

     - “Ақ бұлағым” сүтті, жанына батқан жарақаттан азайғаны болмаса. Бәрін мына жүгірмегі емсе іші өтіп қалады. Сауғанымыз екеуіне де жағысты, - деді апам ақ жаулығын бір тартып қойып.

     Қыс көрпесі сөгіліп, күлімдеген көктем жақындады. “Ақ бұлақ” аяғын толық басты. Жарақаты дақсыз жазылды. Кезінде жөрмелген ток сымы қара қотырымен бірге жылан тастаған қабықтай қопсып түсіп қалды. Еті мінсіз жетіліп, тыртық та қалмапты.

      -Балам, жыланның емдік қасиетін міне көрдің бе? Оның ашылмаған сырлары әлі де көп болар, - деді атам ойлы пішінмен маған қарап...

     

            

Қазақ тілінде жазылған