Қалжалы қайыршы
Белгілі театрдың бір кездердегі белді әртістері нарық заманының әсіресе өнер адамын өлеусе етіп тұлапайын шығарғанда, кәсіптерін өзгертіп, беттің арын белге буып — өнерлерін «қайыр сұрауға» бағыттағандарына еш өкінбейді.
Қазіргі «мінейін» деп тұрған «Астана-Алматы» бағытындағы тек дөйлер ғана мінетін «Тұлпар» жүрдек пойызына дейін қай-қайда қайыр сұрап көрмеді дейсің... Әртістіктің арқасында — «жүдеп-жадап» жыртық-жамауда кие алады, көз жасқа ерік беріп еңіреу де қолдан келеді, ойһой, бұлар небірді айтып тілін безенгенде — ет пен сүйектен жаралған пенде атаулының қайырылмайтыны кемде-кем...
Бұл екеуі жүрдек пойыздың бас жағындағы бас вагон тұсында бұл пойыздың бас жібін ұстаған басекеңе «мінетіндерін айтып» есеп-айырысып бітіп, көлік қозғалғанша деп екеуара күбірлесіп тұр.
— Барған курортым ит арқасы қиянда болса да, самолет тіке ұшады екен, алты сағатта желдей есіп жеткізе қойды. Бес жұлдызды қонақ үйі ғажап! Ертегідегідей елес кезіп, он күн тез-ақ бітіп, бала-шаға бола тұрайықшы деген соң тағы бір бес күнге ұзартып керіліп-созылып жаттық.
— Мен онда ертерек болғаным дұрыс болыпты. Ортаншы ұл үйленіп, әуре-сарсаңымен біздің де он күн өте шығыпты... Қарға тамырлы емеспіз бе, бес жүз адам бірден сиярлық мейрамхана болмай, екі күнге бөліп шақырып әупіріммен өткердім-ау әйтеуір.
Басқасын білмеймін, жылқының құны үш жүз мыңның үстінде екен, молынан жетсін деп төртеуін бірақ тырапай асырдым.
Бір бітіргенім, той үстінде келін-баланың оңаша үйінің кілтін табыстадым.
— Жаңағы осында әкелген көлігің «Мерседес» емес пе, мен де соның мықтысын міндім. Онымды Қарағандыдағы вокзалға жібердім, қазір мындағы жұмыс бітіп онда түсе сала соған мініп Алматыға тартамыз. Ол мына жүрдек пойызыңды шаң қаптырады. Ертерек жетіп, Алатау бөктерінде бөгіп демалып, ертеңгі «Тұлпар» пойызына қайта шығамыз.
— Пойыздың қозғалатын сұрқы бар, бұл жолы мен қара көзілдірігімді кидім, тілімді тістедім, аянышты кейпіме түстім, өзің сөйле, зарла, жырла... ал кірдік.
— Жортқанда жолдарың болсын жолаушы! Кім-кімде де арман-
тілек болады, сол Алланың кұлағына шалынып, дегендерің болсын
абзал азаматтар! Біз бір бейшара пенделеріңізбіз. Ажал айтып келмейді, өрт — тілсіз жау, бірақ күнде ордамызды ойрандап, шаңырағымызды опырып ортасына түсірді... Төрінен көрі жақын әке-шеше боздап ол отыр. Бесіктен белі шықпаған бала-шаға аңырап айдалада қалды. Онекі мүшесі сау мына інім көрер көзден, сөйлер тілден қалып қалт-құлт құр сүлдесін сүйретіп қалды... Демеп-жебей көріңдер, еліміздің маңдай алды марқасқалары!..