Адам қарады: 162 | Жарияланды:

КҮРЕТАМЫР

Үйдегі тыныштықты тоңазытқыштың гуілі ғана бұзғандай. Оның да дыбысын байқамас па еді, тек көшу туралы ойланғанда жанұясының айнымас серігіне айналған осы бір құрылғының орнын ауыстра беруге болмайтыны есіне түседі. Қаланың ішінде көшіп-қонып жүріп-ақ артынан келген жасауының барлығының тозығы жетіп тынатын болды. Ағайын арасында ұятқа қалмайын деп артынан үйіп-төгіп алып келген дүниенің үйің болмаса шырқы жоқ екенін Назым үш жылдың ішінде әбден түсінді. Күндізгі келіп кеткен қожайынсымақтың сөзін жеткізгенде отағасы көңілсіз барып төсекке жата қалған.

Алдымен ас-ауқатын бермей, есіктен ене бергенде жайсыз хабарды жайып салғанына өкініп отырған келіншек майда-шүйде заттарды қораптарға салып көшудің қамына кірісе беріп еді, тықырды ести қойған Жомарт:

Асықпасаңшы, ертең қожайынға хабарласып өзім мән -жайды анықтайын. Бір үйдің екі бірдей қожайыны болуы мүмкін емес қой,-деді ашуды сабырға жеңдірген сыңайдағы үнмен. Ішін көтере алмай, аяғын әрең алып жүрген келіншегінен көшу барысында жинастырудан басқа қайыр жоғын ол жақсы біледі.

Онда тұрып тамағыңды ішсеңші,-деді келіншек бір үміттің жылт еткені мен күйеуінің әлі ұйқыға кете қоймағанына қуанып.

Тәбетім тартпай тұр, күндіз бойы ішім бұрап ауырды. Кел, одан да жатсаңшы.

Тым болмағанда қара шай ішсеңші.

Шәй ұйқыны қашырады, ерте тұруым керек. Онсыз да кеш келдім.

Қуықтай  ғана бөлменің ас үйі мен жатын жері бір. Сондықтан Жомартқа тыныштық беру керек екенін түсінген жүкті келіншек жарықты сөндіріп, төсекке қарай жақындап келеді.

Байқа қарныңды қараңғыда соғып алма,- деп, көңілсіз күйеуі жолына телефонның жарығын түсірді.

Ой, екі аттам жерді көз түгіл аяғымыз да жаттап алды ғой,-деп келіншек пәтер ауыстырғаннан жалққанын бір білдіріп қалғысы келгендей зілді сөйледі. Көңілсіз домалап жатқан екеуі ұйқыға кете бергенде тоңазытқыштың даусы да тыныштық әлеміне сіңіп бара жатты. Назымның телефоны ұйқы тыныштығын шорт кесіп, үш рет без-без етті. Екеуі жастықтан басын бірдей көтерді. Телефонды қолға алғанша дегбірсізденген Жомарт оған түскен хатты бірге оқымаққа ыңғайланып алыпты. Байланыс қызметін көрсететін орталықтан екеніне сенімді. Бірақ кім білсін, ақыры оянған екенсің, бірге оқи салу қажет емес пе? Жоқ хат Нұрболдан келіпті. «Кешірші. Ақымақ болдым. Күйеуіңді таста, мен сені сүйемін. Жүкті екеніңе қарамастан сені алуға бел будым», деп жазылып тұр. Біраз үнсіз отырып қалған Назым:

-Осы Нұрболдың дені сау емес қой деймін,-деп барып күйеуіне қарап еді, оның көзінің ағындағы тамырлары қызарып кеткенін байқады.

-Сонымен бәрін дұрыстап түсіндір. Оның денінің сау немесе сау емес екенін менен жақсы білетін болып тұрсың ғой.

Жомарт, оның не, сен оның атын бірінші рет біліп отырған жоқсың ғой.

Біз үйленген соң жаңа өмір бастамақ болғанбыз. Ал сенің бұрыңғы өмірің бізді түнде түрткілеп оятып жатса, мен қарап отыруым керек пе?

 Соңғы сұрақты қойып жатып ашулы күйеу әйеліне төніп келіп оның жағына жармаса:

Айт шыныңды, сайқалсыма, онымен күнде мен жоқта сөйлесіп жүрсің ғой.

Жоооомааарт, аурып кетті.

Әйелінің иегін қатты қысып жібергенін енді түсінген күйеу оны ары қарай итере салды. Жүкті келіншек жастыққа жалп ете түсті. Жарықты жағып, шылым шегуге кірісті. Бұрын үйдің ішінде шылым шекпейтін ол, тысқа шыққысы келмеді. «Шынымен оның өмірінде бұрын Нұрболдың бар екенін білдім ғой, менікі не қылық»,-деп ойлады. «Мен сені күтуден шаршадым, басқа қыз таптым, соған үйленемін»,-деп жазған хатын да оқыған. Оған Назым ағыл да тегіл жылағанда өзі жұбатқан. Бұрыннан ұнатып жүрген бір топта оқитын қыздың жігіті бұлайша жазғанына жұбатып отырып, қуанып еді. Осылайша бір хат оған аспандағы айды оп-оңай алып берген. Енді ол айды ешкім тартып ала алмайды деп ойлап жүрген. Сөйтсе,  шіркінің жүкті болса да аламынға шығыпты.

-Жомарт, қатты ауырып жатырмын.

Жомарт үндеген жоқ. «Жай ғана иегінен ұстағанға бәлсіне қалуын»,-дей ойлады.

-Жомарт, төсектің барлығы су болып кетті, ішім ауырып барады.

-Ойбай-ау не дейсің, оның не?

Асығыс келіншегіне жақындады. Ол қара терге түсіп жатыр екен. Расымен төсек малмандай болыпты.

***

Үш күн бойы дәрігерлер Назымның келіп тұрған толғағын қайтарып, баланы жатырда ұстауға тырысып еді, болмады. Осылайша өкпесі жетілмеген алты жарым айлық бала жарық әлемге асығыс келді. Әзірге вакумде жатқан қызыл шақаға өкпе жетілдіретін дәрілер дарытылуда. Назымды дәрігерлер басқа балаларға қарағанда жақсы жетіліп келе жатқандығын айтып жұбатып қояды. Келіншек бұл жұбанышты сөзді келген сайын кешірім сұрайтын күйеуіне жеткізеді. Жомарттың өзін осыншалықты кіналай беретініне Назым өзін ыңғайсыз сезінеді. Үш жыл ішінде бір рет қол көтеріп көрмеген жігіттің намсының қайнаудағы қазандай бұрқ ете қалғанын ол жақсы түсінеді. Оның үсіне баланың аман қалуының жанында кешіру мен кектесу деген ұғымдар түкке тұрғысыз секілді. Ал Жомарт олай ойламайды. Егер вакумдағы бала бері қарамаса, ол өмір бойы өзін кіналап өтер еді. Ол осы үрейін Назымға басқаша жеткізеді. Сондықтан ол күндіз бойы  ой үстінде сары машинаның күрегін топыраққа қатты батырып, осып-осып жіберетін әдет шығарып алған. Қарсы алдында қолын бұлғап тұрған жұмысытасын көріп, машинаның алып күрегін жиыстырды да, шуды тоқтаты. Енді өзіне ыржақтап келе жатқан жұмыстасына құлақ түрді.

-Саған не болған? Атыңды он бесіміз хормен айтсақ та естімейсің ғой. Қатыны ұл тапқан сен ғана ма едің? Жүр түстенейік.

-Ой қылжақбас. Тым болмаса вакумдағы баламен қалжыңдамсаң болмай ма?

-Өй, әлі-ақ ертең жігіт болып кетеді. Ол көшпенділердің тұқымы ғой. Тұмақта жатып адам болған бабалармыз, вакум-сакумыңды білмеймін, жүр-жүр.

Қанша қылжақтаса да, камаз жүргізетін жігттің тұмақ туралы ойы Жомартты бір серпілтіп тастады. Ауызы-аузына жұқпайтын жігіт экскаватордан түсіп келе жатқан жігітке тағы бір таң қалысын жеткізіп жатыр.

-Осылар қызық, ей. Былтыр ғана жол салыпты. Енді биыл құбыр жаңартады. Алдымен құбыр жаңартып, содан соң жол салмай ма? Мына Жомарт былтыр ғана салған тегіс жолдың типылын шығарып қазып тастады.

Жігіттер түс алдындағы қалжыңға қарық болып, асханаға аттанды.

**

Жомарттың жұмысы көп. Арасында перзентханаға сұранып барып келетін экскаваторшының жұмысы тоқтаса, басқаларына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан ол түскі астан кейін бұрынғыдай тоқты басайық деп өзгелер секілді ұзақ шылым шегіп тұрмайды. Сары машинаға кірген соң ой жетегінде картаға қарап қазуға кіріседі. Алдына қараса бағанағы қылжақбас тағы қолын бұлғап тұр. Шылымы таусылған болар деген оймен ол топырақты тағы бір рет осып қалып еді, әлгі қол бұлғағанды былай қойып, қос қолын көтеріп секіргені. Алып күректі нұсқап, қолын жоғары- төмен көтереді. Аузы «тоқта-тоқта» деп жатқан секілді. Күректі жиыстырып ол оталып тұрған машинадан тысқа шықты. Қайта кіріп сары экскаваторды өшірді. Қылжақбастың қасына басқа да жұмысшылар жиналып қалыпты.

Оның не Жомарт?

Не болды?

Картаға қарамаймысың? Сен ток желісін кесіп тастадың ғой.

Жігіт ішке кіріп, картаға қарады. Расымен мүлт кетіпті.

-Құдай-ай, енді сөгіс алатын болдым.

-Тым болмаса қызыл сызықпен қазуға тиіс жерде электр желісі жатқандығын көрсетпей ме екен,-деп бұны қылжақбас камазшы Жомартты қорғаштап жатыр. Мұртты бригадир Жомартқа сөгіс жариялап көрмепті. Оның соңғы кездегі жайынан хабарсыз да емес. Қылжақбастың сөзіне мұртын керіп күлгендей болды да:

- Жомарт перзентханаға ерте жіберу үшін жұмысты тоқтатқан амалың ғой, иа,-деді. Жомарт үнсіз ғана картаға тағы көз тастады.

- Камазшының сөзінің жаны бар, оқыған қу емес пе, ток желісі туралы ескерту сызылуы тиіс еді. Келіншегіңмен балаңа барып кел. Бәрі бір желіні жалғамай жұмыс жүргізбейміз.

**

Алып ұшқан жүрегінің жылдамдығына қос аяғы ілесе алмағандай алмағайып күй кешіп перзентханаға жеткен жігіттің қоңырауын Назым көтерген жоқ. Әдетте телефон арқылы терезеге келіншегін шақырып алып екеуі бірін-бірі көріп тұрып сөйлесетін. Бүгін ерте келетінімді білмей, ұйықтап жатқан болар деген оймен қайта нөмірді тереді. Бірақ дыбысқа сақ келіншегі бұлай үнсіз қалмаушы еді. Не де болса қабылдау бөліміндегі қыздардан алып келген тамағымды берейін деп ойлады. Есікті ашып қалса, аурухананың ішінде өлердей өзеуреп балауыз шамдар болмашы сәуле шығарып тұр. Сәуле өлімші болғанымен дәрігерлер абыр-сабыр жүріріс үстінде. Бірін-бірі тыңдамай жүгіріп жүргені астыңғы қабатқа естіледі.

Қарындас, мына сөмкені он үшінші бөлмеге жеткізесіз бе?

Фамилия,-деп діңк етті жарықсыз әлемде өтініш айтып отырғанын жақтырмағанын сездірген толық келіншек.

Нұржігіт Назым.

Ала көзімен бір қарап, орнынан әрең қозғалған келіншекке көк орамасы бар «Қазақстандық» деген шоколдты ұстата қойды да:

-Телефонын көтерсін деп айтып жатыр деңізші,- деп жымиды. Медбике тамағын кенеп, бір ықырынып алды да:

-Бұныңыз не,-деп ұялған кейіп танытты.

-Алыңыз, сізді жақсы түсінемін. Қаншама адам келеді. Оңай емес. Адам аяғы саябырсығанда шай ішіп аласыз.

Томпақ келіншек жоғары қарай көңілді көтеріліп барады. Оның бұл әрекетіне жігіттің келген күлкісін қара телефонға Назымының түскен қоңырауы тыйдырды.

Ау, жаным ұйықтап қалдың ба?

Жомарт, Жомарт, бала...

Оған не болды?

Жарық сөніп қалды?

Не? Оған не болды? Жарық сөнсе не болыпты?

Ол қойып жатқан сауылана келіншегінің жауап берер халде емес екенін түсінді. Артында тұрған темір орындықа отыра кеткенін томпақ медбике келгенде бірақ білді. Жомарт атып тұрды да медбикеге үмітті көздерімен қарады. Медбике орнына келіп, суырмада тұрған тағы бір балауыз шамды тұтатып жатып:

Сөмкеңізді төсегінің басына қойып кеттім, ол орнында жоқ екен,-деді. Шынымен ешнәрседен хабарсыз екені байқалады. Назымға қайта қоңырау шалды.

Назым, Назым қайдасың?

Бұл Назым емес, ол системада жатыр, ұйықтап кетті?

Сіз кімсіз? Оған не болды?

Мен бөлмелесімін. Сіз Жомартсыз ба?

Иа

Вакумдегі балалардың жағдайы электр қуатына байланысты екен ғой, соған қобалжып талып қалды.

Жомарт ары қарай ештеңе тыңдағысы келмеді. Өз қолымен, алып күректің арқасында жаңылыс қазған жеріне соңғы үмітінің сәулесін көміп тастағанын түсінді.

**

Бүгін тағы қарсы алдында қол бұлғап тұрған қылжақбас экскаваторды тоқтатты. Бұрынғыдай сыртта күтіп тұрмай, машинаның ішіне кіріп:

-Жомарт жұмысқа шыққаныңа үш күн болды, тік ішек болып қалмаған шығарсың. Бүгін бізбен бірге барып түстенсеңші. Әлі жассың, келешегің алдыда ғой.

-...

-Өзіңді неге кіналай бересің? Қаланың қақ ортасындағы ауруханада электр қуатын жинақтайтын немесе май арқылы өндіретін матор болуы керек қой.

- Иа, мен жаспын. Бірақ менің ғана балам кетті дейсің бе?

-Енді сен әдейі барып тұншықтырған жоқсың ғой оларды.

Жомарт  тағы да үнсіз қалды. Қылжақбас бұл жолғы жұбатуының жөнсіз екенін ұқты.

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған