Адам қарады: 115 | Жарияланды:

ЖАПЫРАҚ- ЖҮРЕК ЖАС ҚАЙЫҢ

1980 жылдың соңғы айында Қырымға демалалуға барған едім.Ол кездегі жолдамалар жиырма төрт күндік болатын.Бұрын болмаған жерді тамашалап,шағын әрі мәңгі жасыл Ялта қалансын аралап, көріп шықтым.Таулары біздің Алатауға қарағанда тау деп айтуға да келмейді. Қара теңізді бойлай жатқан Яйла тау жоталары.Ай-Петри, Ялта, Чатырдаг сияқты жоталардың ішіндегі ең биігі Роман-Кош тауының биіктігі 1545 метр екен.

Бірақ табиғаты мүлде бөлек.Кезінде Меңлі Гирей тәуелсіз хандық құрған осы жердің климаты жерортатеңіздік,орташа температурасы қаңтарды 1-4 градус жылы болатын жер.Сырт жерде жүргендіктен жерлестерден біреулер жолығып қала ма?-деген ойым да жоқ емес.Мұндайда өзімнің қазағым емес, елден келген орекеңде бауыр боп көрінеді емес пе?.Қара теңіз жағалауын біраз серуендеп. бізде өспейтін мәңгі жасыл ағаштарды көріп, кешкі асқа келгенімде түрі қазаққа ұқсайтын жігітті көріп қалдым. Ол да мені көріп, жылы шырай танытты. Маған жақындап келіп: –Сіз қазақсыз ба? деді.Мен де қуанышымды жасыра алмай өзімнің қазақ екенімді және Алматы облысынан келгенімді айттым.Екеуміз асханаға бірге кірдік.Кешкі тамақтан соң, бұрыннан таныс адамдай теңіз жағасында серуендеп, біраз әңгімелестік.

Аты Амандық екенін, Көкшетауда тұратынын,және совхозда инженер-механик болып қызмет жасайтынын әңгіме арасында айтып берді.  Жаңадан танысқан жерлесім Амандық үш күннен соң демалыс мерзімі бітіп елге кетеді екен.МеніңНарынқол ауданынан екенімді білген соң Амандық:

 -Сіз Мұқағалидың жерлесі екенсіз ғой, Мұқаңдай ақын шыққан елдеріңіз қандай бақытты.

Шіркін, сол ауылды бір көрсем деп ойлап жүрмін-деді.

 -Амандық, Көкшетау да қазақтың бір киелі жері емес пе? Сендер де ақын жазушылардан кенде емессіңдер, бір Ақанның өзі неге тұрады дедім.

 -Оныңыз рас, бірақ мен қазіргі ақындардан Мұқағалиды ерекше оқимын.Өлеңдері жаныма жақын.Мысалы мына өлеңін тыңдаңызшы:

                               Жапырақ- жүрек жас қайың,

                               Жанымды айырбастайын.

                               Сен адам бола бастасаң,

                               Мен қайың бола бастаймын,

                               Келісесің бе,жас қайың?! – деп, өлеңнің толық мәтінін оқып шықты да:

-Осы өлеңін ақынның өзінен  естіп едім, -деп әңгімесін жалғастырды.1975 жылдың сәуір айы,оқуды бітіретін жылым болатын.Сәуле екеуміздің әлі үйленбеген кезіміз,қолымда Мұқаңның1974 жылы шыққан «Ақулар ұйықтағанда» атты кітабы. Әлгінде ғана  сатып алған едік. Үкімет үйінің

алдындағы сая бақта өсіп тұрған қайыңның жанында тұрып, сол қайыңға қызықтап қарап сөйлесіп тұрғанбыз.Қолымыз қалт етіп босай қалса осында келетін едік. Осы кезде жанында арықтау, бойы Мұқаңнан аласалау бір жігіті бар Мұқағали өтіп бара жатты.

                                                          -1-

Дереу кітапқа ақынның қол таңбасын қойғызып алайын деп:

 -Мұқағали аға,! Ассалаумағалейкүм,мына кітабыңызға қол таңба жазып беріңізші,Сізден ескерткіш болсын деп кітапты ұсындым.. Мұқаң Сәуле екеумізге жылышыраймен қарап:

 -Неге жазбаймын, жазып беремін- деп кітапты қолына алды да, Сәулеге қарап:

 -Келін бе? деді. Сәуледен бұрын мен сөйлеп:

 -Иә, жаңадан қосылдық дедім.Сәуле менің өтірігіме ұялып төмен қарады. Мұқаң кітапқа: «Жұптарың жазылмасын»-деп жазып, астына автор деп қол қойып берді.

 -Рахмет аға, деп кітапты қолыма ала бергенде Мұқаң маған қарап:

 -Қайыңды жақсы көресің бе? деді.

 -Иә аға, жақсы көремін,өйткені оның жанына келсең, көңілің көтеріліп қалады.Сәуле екеуміз осында жиі келіп тұрамыз деп шынымды айттым.Мұқаңның жүзі маған жайнап, бетіне қан жүгіріп кеткендей көрінді:

 -Әлі кітапқа шықпаған өлеңім еді, екеуіңе оқып берейін-деп, осы өлеңді оқып берді.

-Шіркін, осы өлеңді Мұқаңдай ешкім оқи алмайтын шығар,даусы қандай десеңші, әлі күнге дейін құлағымнан Мұқаңның даусы кетпейді,анық диктордың даусы –деп, әңгімесін аяқтады. Мен Мұқаңның осы өлеңін бірінші рет сонда естіп едім деді де:

 -Мұқағалидың көптеген өлеңдерін  Сәуле екеуміз де жатқа білеміз, ақынның құрметіне ұлымыздың атын Мүқаш деп қойдық деп сөзін аяқтады...

     Уақыт шіркін таудан аққан өзеннің суындай жылжып өте берді.1992 жылы қызмет бабымен облыстық делегация құрамында болып,  Қытайға іссапармен барған едім.Алғаш Құлжа қаласында бес күн болып,қалған жеті күн Үрімжі қаласында болдық.Біздің сол қаладағы  өтетін жәрмеңкеге келгенімізді біліп, жергілікті баспасөз өкілдері біздермен кездесу өткізді.Жергілікті газеттің тілшісі Қайрат деген журналист жігіт біз кеткенше бізбен бірге болды.Әңгімеміз жарасып, екеуміз біраз әңгімелестік. Сөз арасында өзінің екі өлең кітабы шыққанын,кезінде Алматыда оқығанын және  Мұқағали, Қадр, Тұманбай ақындардың өлеңдерін үнемі оқып тұратынын  айтып қалды.Біраз үнсіздіктен кейін:

 -Аға,мен Мұқағалидың өлеңдерін оқыған сайын шабытыма шабыт қосылғандай сезінемін.Саздың нотасын дәл басқандай әр өлеңі сол дәл басылған нотадай жүрегіңе жылы тиіп жатады.Өлеңдерін оқып біткенде сусыным қанып қалғандай боламын.Мына өлеңін тыңдап көріңізші деп «Жапырақ жүрек жас қайың,Жанымды айырбастайын» деп өлеңнің мәтінін толық оқып шықты.Өлеңді нақышына келтіріп оқығаны сондай осы өлеңді білетін маған да ерекше әсер етті.Қайраттың өлең оқу шеберлігіне разы                                             

болып, рахмет айттым. Біз жұмысымыз бітіп елге қайттық.Қайраттың сол өлең оқыған даусының сарыны көпке дейін құлағымда тұрды.

 

                                                 -2-

    Арада біраз жылдар өткен. 1994 жылы жұмыс сапарымен Алматыға келгенмін. Облыстағы бастығымызда болған жиналыстан соң,

бухгалтериядағы шаруамызды бітіру үшін сонда кірдім. Ай сайын келіп тұрғандықтан мұндағылардың бәрін танимын.                                                    

Тек қана кассадағы қыз ауысып, орнына басқа қыз келіпті.Жұмыстарымыз жартылай бітіп, жартысы түстен кейінге қалды.Бәріміз түскі тамақ ішуге асханаға түстік.  Осы  кезде бейтаныс кассир қыз жаныма келіп:

 -Аға, сіз Нарынқолдан екенсіз ғой?-деді.                                                

  -Ия, мен сол ауданнанмын дедім, қызға қарап оны неге сұрады екен-деп.

 - Аға менің атым Мөлдір, осы жұмысқа жаңадан келдім.Өзім КазПИ дің тіл әдебиет бөлімінде сырттай оқып жүрмін.Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқитын едім.Бүкіл Алматыдан сол ағайдың”Соғады жүрек” деген кітабын таба алмадым.Ақшасын беріп жіберейін, сіздерде бар шығар. мүмкін болса сол кітабын әкеліп беріңізші деді.Мұқағали кітаптары дүкендерде көп тұрмайтынын білетінмін.

 -Жақсы, ол кітапты тауып берейін, өзің Мұқағалмдың өлеңдерін жай оқисың ба? жоқ әлде жатқа білесің бе? дедім,әңгіме болсын-деп.

 -Көп өлеңдерін жатқа білемін,сенбесеңіз бір өлеңін оқып берейін деп:

                  Жапырақ-жүрек жас қайың,

                  Жанымды айырбастайын-деп, өлеңді  оқи жөнелді.

                  Өмірге-өмір жалғасып,

                  Анамыз жерге жармасып,

                  Бірде адам,бірде қайың боп,

                  Сүрейік өмір алмасып- деген соңғы жолдарын   оқып болған соң маған қарап:

 -Менің өмірім осы ағаның өлеңдеріне байланысты сияқты болып тұрады,маған сол кітапты тауып, ала келіңізші –деп, өтінішін айтты.

Тағы да сол өлең алдымнан шықты.Мұқаңның осы “Өмір сүрейік алмасып” деген өлеңінің не қасиеті бар екенін қайдам,маған бүкіл қазақ осы өлеңді жақсы көретіндей әсер етті. Ақын Қадыр Мырзалиев - Мұқағали екеуміздің арамызда ешқандай кикілжің болған емес. Біз екеуміз шамамен 1959 немесе 1960 жылы таныстық-деп естелігінде айта келе  осы өлең жайлы “Не құдіреті барын білмеймін,осы өлеңді өлердей жақсы көрем

Неге? Неге? Түсіндіріп көруге болады,әрине! Бірақ соның бәрі, өлеңнің өзімен салыстырғанда жай сөз болып қана шығады.Өлеңнің қадірін кетіріп,бағасын түсіресің.Тіпті обалына қаласың!”- деп жазыпты, «Иірім» -атты кітабында.Бұл өлеңге Қадр ағамыздан артық баға беру мүмкін емес шығар.

    1996 жылыдың сегізінші айында Бурабайдағы Щучинск санаториіне барудың сәті түсіп, демалуға барған едім. Демалыс күні Бурабайдың табиғатын тамашалауға баратын топқа қосылып, Оқжетпес. Жұмбақтас және Биші қайыңдар деп аталатын жерлерін көріп тамашаладық..Біздің жол                              

бастаушымыз Жұмбақтас пен Оқжетпес жайлы аңыз әңгімелерді айтып берді.

                                                        -3-

Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романындағы осы Жұмбақтас пен Оқжетпесті көріп, көңілім бір марқайып қалды. «Биші қайыңдар»- деп аталатын жерге келгенде елімізде қайыңның он бес түрі өсетінін және олардың 80 жылға дейін өмір сүретінін әңгімелеп берді.Шындығында  мұнда өсіп тұрған қайыңдар билеп тұрғандай әсер етеді.Түзу өскен қайың жоқ,бәрі бұралып өскен.Қолмен әдейілеп өсірсең олай өспейді.Қайыңдарды қызықтап тұрғанымызда жол бастаушы қыз Мұқаңның «Жас қайыңын» оқи жөнелді. Оқып біткен кезде бәріміз қол шапалақтадық.Өлеңді менерлеп, ерекше шабытпен  оқыды.Бізге рахмет айтып:-Араларыңызда Алматы облысынан келгендер бар ма? деді. Біздердің бесеуіміз Алматылықтар болып шықтық..Менің кеудемді қуаныш кернеп:-Мен Мұқағалидың жерлесі боламын,сол ауданда туып өскенмін дедім, ақынның жерлесі болғанымды мақтан тұтып.-Мұқағалидай ақынды дүниеге әкелген анасы қандай бақытты,қазақ поэзиясын Мұқағалидай асқақтататын ақындар арамызда көп болса ғой шіркін- деп,жол басшымыз біздерді Ақылбайдың асуына бастап кетті.Жол бастаушы қыздың осы сөзі бәрімізді қанаттандып  жібергендей болды. Табиғаты тамаша осы Бурабайда қымызбен емдейтін ең алғашқы емхана 1910 жылы ашылып,1920 жылдан бастап курорт істей бастаған екен.                                                                  

Содан бері қаншама адамдар денсаулықтарын түзеп қатты десеңізші. Халық аузында «Бурабай –екінші Швейцария» деген сөз бар. Меніңше сол Швейцарияңыздың өзі- екінші Бурабай болуы мүмкін.

    Мұқаңның көптеген өлеңдеріне профессионал компазиторлар мен бірге әуесқой сазгерлер де  әндер шығарды.Мұқағалидың өлеңдері ән тілеп тұрады, деп тегін айтылмаған болуы керек.Өлеңнің сөзі мен әуені үйлесіп жатқан әндерге не жетсін.Сол шыққан әндерді халыққа жеткізуде әншілердің алатын орны ерекше болатынын жұрттың бәрі біледі.  Мұқаңның осы  «Өмір сүрейік алмасып» деген өлеңіне Алмахан Кенжебекова керемет ән шығарған екен.  Бір күні телевизордан осы әнді  нақышына келтіріп Индира Расылхан атты әнші қыз орындады.Керемет.Әннің сөздері анық,орындау шеберлігі де тамаша.Сол әнді осы орындауда  тыңдау үшін  Республика сарайына арнайы бардым. Өз кезегі келгенде Индира әнді орындап шықты. Бүкіл зал жақсы қабылдағаны көрермендердің қол шапалақтауынан-ақ байқалды.Халықтың жүрегіне жол табатын  ән шығарған Алмахан мен сол әнді жүрекке жеткізе орындаған Индира қарындастарымызға алланың нұры жаусын- деген алғыстан  басқа не айтуға болады. Ал Индираның әншілік қабілеті өзінше бір тақырып екені даусыз.

     Жақында Алматы қаласында Нарынқолдық Алмас Сырғабаевтің сурет көрмесі өтті.

Алмастың әкесі Болат марқұммен замандас болдық.Ел силайтын қадірлі кеңпейіл азамат болатын.  Әкесінің жолын қуған Алмас өз суреттеріне Мұқағалидің өлеңдерін тақырып етіп алыпты.Мұқағалидің өлеңдерін терең түсіне оқыған Алмастың бір ерекшелігі  өлеңдерді бейнеге айналдыра білген.Мәселен  “Жас қайың “-атты суретін көргенде  Мұқаңның “Өмір

                                                -4-

сүрейік алмасып” атты өлеңін оқып тұрғандай әсер аласың. Бейне бір сол қайыңға жан біткендей. Мұқағали рухын өз шығармасына негіз етіп алған Алмастан келешекте талай жақсы туындылар күтеміз және жасайтынына сенім мол.

   Өмірден ерте кеткен Мұқаңның көп істі тындырып кеткені рас, бірақ әлі талай дүниелерді  жазуға үлгермеді.Ақынның осы бір өлеңі маған  осы әңгімені жазуға қанат берді.                                                           

Жаратушының  адамға дарын мен сұлулықты бере отырып, қысқа ғұмыр бергені өкінішті-ақ. Дегенмен қазақ аман болса әлі талай дарын иелері шыға беретіні сөзсіз.Ал осы «Жапырақ жүрек жас қайың» өлеңі әлі де болса алдымнан шығарына  толық сенемін.

Қазақ тілінде жазылған