Адам қарады: 30972 | Жарияланды: 2019-05-13 02:27:42

Бөпе

Эссе

Бес жастан асқан кезім. Наурыз айы еді. Таңертеңгі тəтті ұйқымнан анамның жылағанын естіп оянып кеттім. Əкемде ары-бері жүгіріп жүр. Көршілер келе бастады.
Сəлден соң далаға шықсам, ауылдастардың бірі қорадағы қойдың бірін сойып жатыр.
Қонақ келсе ол бөлмеге кірмеуге дағдыланған мен көбіне далада жүрдім.
Келесі күні əкеміз тоғыз айлық Болсынай бөпеміздің шетінеп кеткенін хабарлады. Түнде мысық жылы көріп, бесіктегі бөпенің кеудесіне жатып алған тəрізді екенін айтты.
Мен аң-таңмын. Далаға атып шықтым.Сенгім келмеді. "Сонда қалай болғаны?.Əкем " жерлеп те тастадық"-деді ғой.
Өткен күнді есіме алдым. Батыс бағытқа ішінде əкем бар, біраз адамдар бара жатқанын көргем.
Сонда жерлеуге бара жатқаны болғаны ғой. "Байқамағанымды қарашы. Аңқаулығым-ай менің?!"-деген оймен батысқа қарай жүрдім.
Біздің үйдің ол бағытына қарай үш шақырымдай елсіздік , ашық дала еді.
"Жерледік дегені жерге көмгені болды ғой"-деп түйдім. Өткенде иті өліп қалғанда көршілердің оны аз ғана топырақпен көміп тастағанын көргем.
Жүгіріп сол бағытты қарап жүрмін. Ойым жақында көмілген жерді іздеу. "Тез табуым керек. Мүмкін, өлмеген шығар? Не болса да өзім көз жеткізуім керек"-деген ой дамыл таптырмады. Осылай 4-5 сағат жүрдім. Ондай жаңа көмілген жерде жоқ. Бір кезде шешем іздеп келді.
-Балам-ау, не істеп жүрсің?
-Болсынайды іздеп жүрмін.
-Іздегені қалай?
-Кеше осы бағытқа алып кеткен. Енді көмген жерін табуым керек.Мүмкін тірі шығар?
Шешем жылап жіберді. Бауырына басты.Болсынайдың шынымен шетінеп кеткенін, жерлеген қойымшылық 7-8 шақырымдық жерде екенін айтты.

Арадан он бір ай өтті. Қыстың іші. Алты жастан өтіп барам. Шешеміздің іші қатты шығып кеткен. Бөпелі болатынымызға қуанып жүрміз.
Пештің жанында үйдегі үш бала отырмыз. Өзімнен екі жас үлкен Шолпан апаммен біраз талқыладық. Енді туылған бөпе жасы үлкен Шолпандікі, келесісі менікі, одан кейін туғаны Əділдікі болуға тиісті. Одан кейін дүниеге келгені қазіргі туылатын бөпенікі болуға тиісті. Осылай кете береді.Артымыздан ергеннің іні-қарындастарымызға бəріміз жақсы қараймыз. Тамақтандырамыз, ойнатамыз, үйретеміз. Басты қараушы "бөпенің иесі" болады.
Келіскендей боп апам екеуміз шапалақтарымызды қағыстырдық. Алақтап төрт жасар ініміз Əділде қолын қағыстырып келіскенін білдірді.
Бір аптадан соң Əсем қарындасымыз дүниеге келіп, Шолпанды құттықтадық. Араға бірнеше жыл салып менің бөпем Ағзия туылды. Екі-үш жылдан соң Əділ, тағы екі жылдан соң Əсемнің өзі бөпелі болды.
Мен өзім қарындастарымның бəрін бірдей жақсы көрдім. Бір бөпе аздық ететініне көз жеткіздім.
Тоғыз жасар кезім.Əрқайсысымыздың бөліп алған жұмысымыз бар. Мен қыста отын жарам. Бір күні үйге су тасып жүрген Шолпанға ұсыныспен бардым.
-Апа, сен бөпең Əсемді маған бер.
-Қалай?
-Менің бөпем көп болуы керек. Орнына сенің орныңа бір ай су тасимын.
-Ұлдарға инеағаш көтеруге болмайды.
-Білемін. Мен флягпен тасимын. Оны ташкіге салып, итеріп келемін.

Шолпан келісе кетті. Мен Əсемді де бөпелігіме алғаныма қуанышымда шек жоқ.
Əділ ешбір ұсынысты мақұлдамай қойды. Он төрт жасымда Əлия дүниеге келді. Ол кезек бойынша Əсемнің бөпесі болуға тиістін.
Сол кезеңде ауылдағы қазақтардың есігінде құлып болмаса да, үйінің сандығында кішкене құлып тұрушы еді. Қонақ келіп қалса ашылып, ішінен конфет, печенье, кептірілген өрік, мейіз тағы да басқа тəттілер шығып, дастарқанға қойылатын. Əрине, сатып əкелген кездері əр тəттіден əрқайсысымызға шешеміз бір уыстан беретін.
Басқалары өз үлесін бірден жеп қойса, мен бірнеше ай сақтап жүруші ем. Өзім азын жеп , қалғанын қарындастарыма үлестіріп берем.
Шешеміз роддомнан шықпай-ақ Əсемге тəттілер жиналған коропкамды алып келдім.
-Əсем бөпем, мынаның бəрін саған берем.
-Бəрін , бірден?
-Ия. Тек бір шартым бар. Жаңа туылған бөпе де менікі болу керек.
Сегіз жасар Əсем бірден келісе кетті.
Мен қарындастарымды өте жақсы көрдім. Оларды арқама мінгізіп , төрт аяқты ат боп жүрем. Түйеде бола салам. Сағаттап кезек арқалап, жүгіріп жүре берем.

" Етікші етікке жарымайды"-деген мақал бар ғой. Біз құралпылардың үйленер тұсы , одан кейінгі жылдары өтпелі кезеңге сəйкес келді. Əуелі 90-жылдардың бастарында дүкендер қаңырап бос тұрды. Азық-түліктің өзін талонмен алып жүрдік. Кейінгі жылдары дүкен тола бастағанмен, жалпы халықтың қалтасы оншақты жыл жұқа болды. Айлық 20-30 доллар шамасы. Оны да кешіктіріп береді. Оның үстіне біздің қатарластардың көбісі қалаларға жиналды. Универ оқығандары қалып қойды. Совхоздар тарағасын ауылдағы жас отбасылардың нобайы қалаларға ағылды.Түгел дерлік пəтер жалдап тұрды.
Сонымен не керек, бұлар тіршіліктіге қиындықтарды жеңе бергенімен , бір тұрғыдан жас қазақ отбасыларында кемшін тұс болды. Ол біздің кластас, курстас , т.б көптеген жолдастардың басымына ортақ кемшілік болатын. Оларда орташа есеппен 3-4 баладан боп қалды. Болмаса көбісі көп балалы отбасыларда ержетіп еді ғой.
Бала күнімізде елуге шыққан əр үшінші əйел он бала тəрбиелеген "мать-геройня" болатын.
Біздің қатарластарымыздың біразы ол жағынан , кезеңге байланысты олқы боп шықтық. Бірақ, соған қарамай ұмтылып жүргендерге қуанамыз.

Өткен шілдеде универ бітіргеніміздің 25 жылдығына қарай курстастар бас қостық. Көп жыл көрмегеніміз бар. Қауқылдасып отырмыз. Кешке мейрамханада жиналғанда əркім өзі туралы қысқаша айту керек болатын.
Сонда бір келіншек , "Он жылдан бір босанатын əдетім бар еді. Келесі жылды күтіп жүрмін"-деді əзіл-шыны аралас. Мен тағы да бірнеше достар қол шапалақтадық.
"Міне, оптимизм! Бəріміз осылай болуымыз керек. Балалар көп болғанға не жетсін?!"
Содан бері дұғаларымызға анда-санда ол курстасымызды да қосып жүрмін. "Тілегін бер, Мутякбар Алла"-деп.

Тілек демекші, бəрін шешетін Жаратқан иеміз ғой.
Кейде оқыған намаздарымыздың соңғы сəжделерінде кейде ұзақ уақыт Жасаған иемізден отбасымыздың, ел-жұрттың амандығы , пендеуи тілектерімізден соң тағы да басқа тілектерімді іштей күбірлеп қалам. Соның бірі отбасылардың көбіне сəби сыйлап, жылына елімізде миллиондай қара көз дүниеге келсе -деп.
Шексіздікті жаратқан
иеміз мен пақырдың да дұғаларын қабыл алатын шығар?! ИншАЛЛА!

 

 

Қазақ тілінде жазылған