Адам қарады: 4685 | Жарияланды: 2019-07-18 05:12:21

Алғашқы  табыс

...Жатқанбайдың көңіліне алаң кірді. «Қалай байысам екен?». Бұл туралы ол жатып та ойланды, тұрып та ойланды. Әжетханада отырып та ойланды. Басыма ерен ой келер деп ішіп те ойланды. Жұмысты қойды. Құдды есі ауысқан адам секілді меңірейіп, жүрсе сүмірейіп, жатса бүкірейіп, тіл-ауыздан қалып, тас керең қара мақауға айналды. Ештеңемен ісі болмады.

Әйелі бұған ашуланып, қымбатшылық буған мына жоқшылық-қысталаң заманда ерінің бүйтіп жүріп алуы қыжырына тиіп, ызадан булығып жарылып кете жаздады. Балаларына қырғидай тиіп, қит етсе көкала қойдай ғып сойып салатынды шығарды.

- Әкеңнің жүрісі  анау! Не жарытып жұмыс істемейді. Не ел құсап көлденең табыс табуды білмейді. Тапқаны татымсыз – не кигенге, не ішкенге жетпейді. Сыбай-салтаң басы бос адам секілді түкпен ісі жоқ. Қаперіне ештеме кіріп-шықпайды. Қайтсем жеткіземін деп, қиыншылық көрсетпей өсіремін деп барымды салып, аянбай, жәрдемақының бірін-бірге жалғап, ұшпа-ұш ілініп әрең  жүргенде, қасақы, үстіңе ие бола алмай, бір киер қымбат киімді бүлдіруің. Не істейін осы, ә!?

Әп-әдемі жүзі сұрланып, долырып, алдында тұрған баланы бала емес құдды Жатқанбайдың өзі тұрғандай қолындағы шыбықпен осып-осып, осып-осып алатын. Одан кейін жазықсыз жапа шеккен баланы құшақтап отырып: ас та төк мол ортада тілегені болып, айтқаны орындалып, қалауына қарай киініп, сәнденіп, жастық шақтың мінезіне тән түрліше құбылып, баршылықтың арқасында жайқалып өткен бұла өмірін көз алдына елестетіп, өзегі удай ашып, жанары мөлт-мөлт етіп, іштей егіліп жылайтын. Тарамдалып аққан жаспен бірге басына талай тәтті ой келіп, талай арман тұл болатын. Жастық шақтың аңғал мінезіне есіркеушілікпен қарап, елжірей еске алатын.

О кезде мәуесі төгілген дүние айналасын түгел сәулеге бөлеп мөлдіреп тұратын. Ақ жарқын сипатымен ақыл-ойға жарық құйып, қараңғылықтың бодауына шөкімдей де орын қалдырмайтын. Жадырап атқан әр таңның нұр шуағы көңілін өсіріп, қиялына қанат бітіріп, тылсым болашақтың қиянына ғажайып сапар шектіретін. Жан дүниесі ләззатқа шомып, әсем жаратылған түр-сымбатына қарап, алдағы өмірі де тап осы сымбатындай тамаша сәттерден тұратындығына шүбә келтірмейтін. Ер тұлғалы көркем жігітті қасына ертіп, сүттей ақ керім иномарканы шайқалта мініп, тұрмысы жарасқан берекелі шат тірліктің аясында желкілдеп өтемін деп ойлаған.

 Сөйткен тілектің ту талақайы шықты. Сұлу өмірдің орнына «жарық астауға» кез келіп, жоқшылыққа тап болды. Жан дүниесін баураған тәтті қиялы әлденеге соғылғандай быт-шыт болып, әйтсе де із-түссіз кетпей, жан түкпірін сағалады. Кей-кейде әзәзіл сынды, көңіл хошы бұзылған сәтте, бой жазып бұлаңдап шыға келеді. Кеудесінде аңсар тілек оятып, қу медиен шөл далаға ұқсас сүреңсіз тірлігіне ашуын қоздырып, қастандығын оятады. Жүрегі бұлқынып, тарс-тұрс ұрып, ұясына симай кетеді.

Бірақ, қайтерсің, тағдырдан аттап өтер амал бар ма? Өткен өмір түс сияқты зу етіп көзден бұл-бұл ұшты. Қайта айналып келмейді. Басқа түскен баспақшыл. Ақиқаттан қашып құтылған ешкім жоқ. Тағдырына бойұсынып бірте-бірте сабасына түсіп, жансыз дене секілді сілейіп жатқан Жатқанбайдың жотасына қарап тұнжырап ойға шомады.

Мұның бәрі Жатқанбайға еш әсер етпегендей тырс етіп дыбыс білдірмейді. Басқа планеталарда тіршіліктің бар-жоғын білу үшін жіберілетін байланысшы дыбыстар сияқты әйелінің нала-мұңы да ауаға сіңіп ізім-ғайым жоғалып жатады.

...Бүк түскен Жатқанбай со қалпынан жаңылмай қыбырсыз жатыр. Әйтсе де бұл оның сырт сыпаты ғана. Ішкі  дүниесі дауылдағы теңіздей алай-түлей. Бей-берекет жағаны соққылаған толқындар іспетті, оның басын жан-жақтан ой қамап, шырмап алған. Лек-легімен келген ой бірінен соң бірі өтіп және қайталап, айналып соғады. Дөп келіп тоқтам болар бірі жоқ. Дағдарысқа ұшыраған ой-ақылы, білімі, тіршілік тұрғысындағы танымы тығырықтан шығар жол таппай шарасыздық танытады. Бұндай сәтте Жатқанбайдың денесі одан бетер бүкшиіп құныса түседі. Алпамсадай жігіттің бүйтіп жатуы әйелінің намысына тиіп, ызасын қоздырады. «Жігерсіз туған ез неме!» деп, ерінің мүсәпір сиқына жиренішпен қарайды.

Бірақ мұны елең қылар Жатқанбайда шама жоқ. Қалың ойдың шырмауында бір ойдан бір ойға малтығып шыға алмай, жағаға қайырлаған балық санатты сырт өмірдің қам-қарекетінен тыс, оқшау, меңіреу қалған.

...Ол өткен өмірді ойлайды. О кез Кеңес өкіметінің тұсы. Адамның жаманы өмір сүретін, тіпті «күн көрісім нашар» деп айтудың өзі ұят саналатын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кеңшілік заман етін. Егіл-тегіл молшылық. Не алам десең, ықтиярыңда. Ақшаның құны да салмақты. Жүз соммен базар аралап, қыдырыстап, рақаттанып қайтатынсың. Бірақ сондай мезетте де қайыршылық жасағандар болмай қалған жоқ. Солардың тоғышар қылығына қарап Жатқанбайдың жыны келетін. Егер қолына мылтық беріп «ат десе» еш тайынбас еді. Шетінен тізіп атар еді. Тиыны күйленген мырзалық заманда алақан жаю жаманшылық шақырғанмен бірдей емес пе?!

Ақыры, міне, сол ниетке қарай қияпат заман да жетті. Енді қайыршылық жасаудан Жатқанбай да тартынбас еді. Екі көзін тарс жұмып, малдасын құрып, алдына кепкасын қойып, алласын аузынан тастамай, имандылық көрсетсе: кәрісі, жасы, қасқасы аяушылық білдіріп «жас екен, обал бопты» деп, тиынын-тебенін, тіпті мейрімі түскен кейбірі теңгесін тастамасына кім кепіл.

Бір тіленшінің айтқаны Жатқанбайдың есінде. «Қыр-сырын білген адам үшін қайыр сұрау бір кәсіп. Оған да ерекше икем, қабілет қажет. Ыждаһатпен қарау лазым. Кейбіреулер ойлағандай тіленшілік кім көрінгеннің ісі емес. Оны істеу үшін де көп нәрсе қажет. Көкірек көзі ояу, көреген, сөзге ұста болуы шарт. Әйтпесе одан тіленші шығу екіталай. Тебен шықса жаны қоса шығатын сараңның, ақша мен дәулеттің буына қаныққан маң-маң тәкаппардың, тіпті, мейірбан адамның жанындағы затын ақысыз тегін алуды оңай шаруа даген кім!

Бұл бір  ойлауы үстірт жеңілтек мінез адамның көзқарасы. Расында, кей пенделер өзінің жамандығынан, жалқаулығынан, тіршілікке икемсіздігінен қайыршылық жолға түсіп жатады. Әйтсе де олардың ғұмыры ұзақ  емес. Онда да қырсыздығын білдіріп арып-ашып, жадап, өліп те кетеді. Ал ішіндегі нағыз іскерлерінің тұрмысы молынан. Олардың ішім-жемі, үй-жиһазы, тіршілігі бар. Бір күндік табысы екі жарым, үш мыңның айналасында. Кейде одан да көп. Бұл ненің айғағы? Бұл қайыршылықтың жеңіл-желпі нәрсе емес . Тек ыңғайын білген адам үшін ғана ол сауын сиыр сынды».

 Тіленшінің айтқанын Жатқанбай қызығушылықпен тыңдаған. Әсіресе, табысын естігенде екі көзі атыздай боп тас төбесіне шыққан. Өйтпей ше! Бұл жеке шаруа қожалығында еңбектенеді. Талабы зор. Көште қалған вагонын сүйретіп, жердің бір жеріне апарып тастайды. Күн-түнге қарамай есек тәрізді салпаңдатып жұмысқа жегеді. Сондағы, таңның атысы-күннің батысы, қысы-жазы дамыл көрмей салынып істегендегі табатын айлығы қайыршының бір күндік табысының үштен біріне татымайды екен. Бұл не деген сұмдық! Және де оның табысы қолмен ұстап көзбен көретін тірі ақша. Ал мұныке ше? Қожайынның алдында әртүрлі пішінге түсіп мың құбылатын маймөңке ақы. Байлаулы ит сияқты тізімде семіп-семіп: түйірдей нәрсе беріп түйедей ақы алуы және де өзі баптаған өнімін өзіне екі есе бағаға сатуы, отын-суы, өлгенге бергені, тіріге бергені бар, жымқырылғаны бар, ақшаның құнсыздануы бар, айналып келгенінде бір жылдық табысының өзі бір айлық жалақысының төңірегінен аспай тоқырап қалады екен.

Міне осындай жағдайда қайыршының күніне қызықпағанда неге қызығысың. Күшіңді тектен текке шығын қылғанша, елдің дүрмегінің ортасына барып, алақаныңды жайып, күндігіңді ақтарлық қолұстар тірі теңге тапқаның ұжымшардың жұмысынан әлдеқайда пайдалы емес пе!?

Бірақ бұл кәсіппен айналысқанда ертеңгі күні артыңнан ілескен ұрпағыңа не деп жауап бермекшісің. «Төрт мүшең түгел сау, әке, мұның не?» десе, не айтпақсың?

...Жатқанбай дөңбешіп кетті. Иә, не айтпақ. Мейлі, бұл ол кәсіппен айналыспай-ақ қойсын, бірақ, бүгін, тап қазіргі сәттен бастап тірлігіне береке болар өмірлік ісін дәл басып іздеп таппаса, бәрібір, мұның жай-күйінің соған тірелері хақ. Сонда, не істемек, қайтпек?

Бұл сұрақ Жатқанбайдың алдына бірінші рет емес әлденешенші рет, заман өзгеріске ұшырап, тірлігі тоқырағалы бері тұр. Не жауабын таппай, не амалын таппай Жатқанбай дал.

Жаңа Үкіметтің жаңа бағдарламасына ілесіп жеке шаруа істемекші еді, бірақ онда да анық шешілмеген жағдайлар бар екен. Жеке шаруа болу үшін саған жер, мал қажет. Оны өңдеу үшін, өсіріп баптау үшін техника қажет. Құрал- жабдық, жанар-жағар май керек. Электр жүйесі, қора-жай қажет. Ал бұл қажеттің бәрін өтеу үшін қолыңда ақша, қалтаңда қаржың болғаны дұрыс. Бұл үшін не шіріген бай болуың керек, не әкімнің, не соның маңында қызмет істейтін «мықты» кісілердің бірінің туысы болуың шарт. Әйтпесе, күнің қараң. Өзің жалаң аяқ кедей болсаң, артыңнан тіреп тұрар танысың болмаса, қажетінде ұсынар пұлың тұрмаса, сенің жеке шаруаңның құны көк тиын. Пәре алмаса тұра алмайтын әкімшіл қазақ ағайыңның сұрағанын бермесең, өкіметтен алар қарыз ақшаңның үстемесі еселеніп, жердің сорына кез келіп, тексеру көбейіп, бастаған ісің алға баспай, өзің-ақ мойырыларсың. Ол сені көрсе кіділеніп, тең сөйлесуге арланып, амалсыз жауап үшін сырт қабақпен: – Ей, сен, өзің қандайсың! Қоралап санар малың жоқ, кепілге қояр құнды мүлкің жоқ, қарымта жасар қалтаң тұл. Сендей сорлыға қарызақы беретін мемлекет жынды ма! Несие қоры бар қондыларға ғана қаралған, – деп жастық жігеріңді жасқап, құлшынып тұрған ынтаңды жаншып, аяғыңнан шалып, алға басуыңа кедергі жасайды. Ол үшін атқарып отырған қызметі үкіметтің жұмысы емес, қара басының қамы. Оған жаңадан құрылған жас мемлекетінің дамуы, жетілуі түкке де қажет емес пайдасыз нәрсе. Қайта осындай қолайлы сәтте жанына керектіні қармап, жалмап қалса, сол пайдалы. Басқа нәрсе оның қаперіне кіріп те шықпайды. Жатқанбай үшін шенеунік нан шайнап отырған адам боп елестейді. Бірнәрсе сұрай барсаң, әрине, алдымен наның бар ма деп сұрайды, жоқ болса сырт айналады. Сен наныңнан бөліп бермесең, шайнап отырғанынан айырылып қалатындай зәре-құты қалмайды. Ал наны бар келсе, зыр жүгіреді. Ел үшін жазылған мемлекеттің заңы тек сол адам ғана қызмет жасап, халық игілігіндегі иелік сол кісінің меншігіне айналып шыға келеді.

Әйтсе де, Жатқанбай, алған бетінен қайтпай, осы айтылған қиыншылықтың бәрін жеңіп, өнімін өсіріп, баптап, жетілдірсе. Енді соны қайда өткізбек? Тағы да аты бар, заты жоқ, базары ұйымдаспаған, нарық экономикасының дақпыртына барып ұрынбақ. Сонда, Жатқанбай, ескінің соңында жүремін деп қайыршыға айналса, жаңаға ілесемін деп сан түрлі қитұрқыға кездесіп шаң қауып жатса, не амал жасамақ? Ескінің тозғандығын көріп жаны шошынса, жаңаның өгейлігіне ұшырап жүрегі сазса, тірлігі тоқыраса не істемек? Және басына мұндай ауыртпалық түсетіндей Жатқанбайдың жазығы не? Жайбарақат тып-тыныш өміріне қол сұққан кім? «Мені алдады, арбады, зорлықпен жұмсап қорлады» деп кімге шағынды? Кімнен көмек сұрады? Қамсыз-мұңсыз берекелі тіршіліктің тұнығына тас лақтырған кім? Кім берді оған мұндай құқықты? Кім!?...

Бұл сұрақтардың жауабын Жатқанбай білмейді. Бір білетіні: өткен қайтып келмейді. Ал не ескі емес, не жаңа емес, не ілгерлеуі, дамуы жоқ, болашағы көмескі, аумалы-төкпелі мына заманнан қайыр күту үмітсіз дүние. Демек бір амалын жасау керек. Қайтіп? Мұны Жатқанбай тап басып айта алмайды. Тек іштей сезетіні, соқыр түйсігі арқылы ұғатыны, бүгін қандай іс бастамасын, оның нәтижесі мен жемісі – ертеңгі ісінің негізі. Ал ертеңгі күн – бизнестің заманы болғандықтан, сол бизнесті жасау үшін қор жинау қажет. Ал оған мына заман қолайлы сәт туғызып тұрған сияқты. Дәл осы мезетте басып қалмаса, кейінгі күні кеш болатынын Жатқанбай іштей сезетін секілді.

Бірақ, қайтіп, қалай? Міне осының шешімін таппай Жатқанбайдың басы қатты. Миы су болып ағып кетуге айналды. Діңкесі құрып әбден қалжыраған ол, көзін жұмып жатып, қалай ұйықтап кеткенін байқамай қалды. Түсіне шым-шытырық, түсініксіз, қилы-қилы нәрселер енді. Қап-қара түнектің арасынан малтығып шыға алмай жүр ме-ау. Кескіні келіспеген әлдебір үрейлі мақлұқаттар аяғынан ұстап жібермеуге тырыса ма-ау. Бұл олардан құтылғысы кеп аяқтарын жанталаса ербелеңдете ме-ау. Бірақ жанталасқан сайын құтылудың орнына қайта құрдымға бата түсеме-ау. Бұл одан бетер жанығып жан ұшырады. Сонда да түк шықпай, жаны мұрнының ұшына тіреліп, тұңғиыққа шым батып бара жатқанда бір сәуле жарқ етіп, түнекті қақ жарып жол салғандай, қарсы алдынан бір көрініс ашылып, тура өңіндегідей айқындалып көрініп жүре берді. «Кең жазира дала. Үлкен жолдың үсті. Бұл шетелдік жеңіл мәшинеден түсіп келеді. Алдында тізілген кәрі-жас иіліп сәлем беріп тұр. Бұл паң да маңғаз. Бірақ сәлем беріп тұрғандардан аттап өтпей, әрқайсысымен жеке-жеке сәлемдеседі. Өзіне сенімді, нық. Бойын еркін ұстайды. Салиқалы, салмақты, білікті, ісіне бекем, пысық, көзі ашық, жан-жақты пайымы бар, іскер, турасын айтқанда бесаспап адамның кейпі. Жарқырап тұрған күнге тайсалмай тік қарайды. Қараса қөз қарықтыратын күннің өткір сәулелерінің өзі бұдан жасқаншақтайтын сыңайлы. Алдында төселіп кең жазира дала, шалқайып даңғыл жол жатыр. Артында шетелдік мәшина, екі көзі желкесін тесіп өтіп барады»...

Селт етіп оянып кетті. Терезеден түскен сәуле үй ішін нұрландырып тұр. Бойы сергіп, денесі жеңілдеп қалыпты. Орнынан ширақ тұрып далаға шықты. Есіктен шыға бере бетке ұрған жарықтан көздері қарығып тұрып қалды. Дүние керемет. Тамылжып тұр. Өлімге бас қойған адамның өзін қызықтыратындай әсем. Жатқанбай сүйсініп, өмірге жаңа көз ашқан сәбидей, айналасына таңырқай қарайды. Кеудесін кернеген шаттықтан орнында секіріп-секіріп қалып, құлашын сермеп-сермеп жіберді. Бойына құйылған ерен күштен бұлшық еттері  бұлт-бұлт ойнап, күрес тілеген палуандай шиыршық атты. Дөң қабағының астына орналасқан бүркіт көздері түйіліп жан-жағына шалт-шалт қарады. Бәйгіге бапталған саңлақтай ішкі сезімі тыпыршып дегбір таппады.

«Аян берілді. Енді соның бір нышаны, хабары болу керек», – дейді Жатқанбай. Түсінде көрген тұлғасын қайта-қайта сүйіспеншілікпен есіне алып, соған жету жолында ешнәрседен беті қайтып тайынбайтындығын Жатқанбайдың іші сезді.

Кешқұрым уақыт. Мал келетін кез. Жатқанбайдың үш-төрт бас ешкі-лағы бар еді. Солар кіріп жатқан. Ортасынан бір бөтен семіз қызыл қой бұған қарап маңырап жіберді. Көздері...

Жатқанбай тартынбады. Қызыл қойды бөлек қамады. Ал түнде сойып, әп-сәтте жайғап алды. Ертеңіне жүріп жатқан мәшинелердің біріне мініп, жол үстіндегі асханаларға барып сатып келді. Бір күнде қалтасы ақшаға толып, қарқ болды да қалды. Алғашқы табысына екі бөтелке арақ алды. Бірін ырым етіп жерге төкті. Бірін құрдасы кезбе Жүсіппен тең бөліп ішті. Қалтасынан қобырап шығып тұрған ақшаны көрген кезбе:

 – Қайдан? – деді.

– Бизнес – деп жауап қатты Жатқанбай. – Бұл басы. Әлі көкесін көресің. Мен енді Жатқанбай емес Жаңа баймын!!! Иә, Жаңа баймын! Қазіргі миллионер, шіріген байлар қайдан шықты дейсің? Тірнектеп жиған Советтің байлығын ұрлап, ал содан соң «Жекелендіру» саясатын заңдастырып, халықтың меншігін біржолата тонап, иеленіп алған жоқ па? Сөйтіп күллі әлемге аян болып, «мақрұм қалған елден» тұңғыш шыққан нағыз іскер жаңа адам болып...

  Екі жүз грамдық ыстақанға құйылған арақты еш ашырқанбай, бір деммен көмейіне құя салды. Тісін шықырлата аузындағы күллі ащы сілекейін жинап жұтып жіберді. Добалдай жұдырығымен ұзынтұра жалғызаяқ үстелдің төбесінен қойып қалды.

– Иә, иәәә! Мен Жатқанбай емес Жаңа баймын!!! ...Әлі көкесін көресіңдер.

 Мұны кімге айтқаны белгісіз. Бір анығы жай айтпады. Екі көзі шоқша жайнап құшырланып айтты.                                                            

Соңы

 

Қазақ тілінде жазылған