Адам қарады: 421 | Жарияланды: 2017-03-02 07:33:02

Творчестволық түлеуім

Мұсахан—көптен бергі құдайы көршім. Қатар есікке  қатар кіріп, қатар   есіктен қатар шығып, бір автобуспен қызметке барып, бір автобуспен қызметтен кайтып, қатар тіршілік етіп жүргенімізге тура пәленбай жыл толмақшы. Қашан толатынын қазір айтып берейін: так значит, қай жылы, қай айда еді, так, мың тоғыз жүз, әрине, мың тоғыз жүз алпыс... алпыс тоғызыншы жылы, яғни... жетпіс бестен бесті алсаң — жетпіс калады, значит жетпісінші жылы, мың тоғыз жүз жетпісінші жылы... Май мерекесінің алдында   осы үйге кіргенбіз, содан бері көршіміз. Ғажап, ә? Әрине! Ал бүдан да ғажабы мынау: екеуіміздің түріміз ұқсас болмаса    да, тағдырымыз    өте ұксас, тура кинодағыдай! Мұсахан   да үшінші әйелімен тұрып жатыр, менің де әйелім үшінші. Ол да бұрынғы   әйелдерін үш-төрт баласымен тастаған, мен де үш-төрт баламен тастадым. Значит жетімақыны да бірдей төлейміз. Жалко, конечно… Үшінші әйелінен оның бір қызы бар, менің де бір қызым бар. Екеуміз де балалар жазушысымыз. Екеуіміздің де алты кітабымыз шықты. Екеуіміздің де әке-шешеміз ауылда, қарындастарымыздың қолында тұрады. Екеуіміздің де соңғы әйелдеріміз қызмет істемейді, екеуінің де дипломдары қолдарында, бірақ балалы болғаннан кейін қызмет істегілер келмеді; көзі ашық, правосы тең кісіге күш жұмсай аласың ба!

 Екі үй ә деп көрші болғаннан-ақ қалайда қатты араласып кеттік.Пәтер жуудан бастадық та, содан жалғап жүріп бердік. Той   да ортақ, мейрам   да ортақ, мейман да ортақ... қысқасы: бала   мен әйелден басқаның   бәрі ортақ.

Сөйтіп, 1974 жылдың жазы шықты. Бір күні, жо…  күн емес,  түнде, ұйқының  алдында, менің әйелім… бір кітәптағы ма, әлде кинодағы ма, әйте-уір бір таныс маймылша мені  бүйіріме ақырын түртіп қалып:

-Әй, мен саған бірдеңе айтайын ба? - деді.

-Ертең айтарсың, - дедім. Ұйқы әкетіп бара жатқан.

-Жоқ, казір айтамын! - деп әйелім басын көтерді. Сақыш бас көтерді дегенше мәселе шешіліп, бұйрық жазылып, қол қойылды дей бер.

-Айтсаң, айта ғой, - дедім, еріксіз былп етіп.

-Айтсам: Мұсаханньщ былтырғы романы сыйлыққа ұсынылыпты!

-«Жасыл жайлауы» ма?! Оны кім айтты?

-Қатыны айтты.

-Кімнің?

-Кімнің болушы еді, өзінің қатыны!

-«Өзінің»?  Мұсаханның ба?

-Әй, сен ояусың ба, өлісің бе?!

-Түсіндім, қойдым.

-Оның ол кітәбі соншама жақсы кітәп па? Сен оқып па едің өзін? Сенің «Ұзақ сонарыңнан» артық па? -деген Сақыштың дауысы құмығып, егер мен бірдеңе сезсем, асқазанының астыңғы жағынан естілгендей болды.

-Дауысыңа не болған, тамағыңа суық тиген бе?  -дедім. Күз бен қыстың өліарасындағы көңілін көктемге жақындатқым келгенін сіздерден не үшін жасырайын.

-Сенің романың неге ұсынылмайды ол сыйлыққа?!

-Е, мен қайдан білейін?! Ондай ешбір сыбыс жоқ еді, мен кеткенде.

-Ендеше, сен командировкада  жүргенде Мұсахан жолын тапқан. Сен болсаң, уақсыз-уақта шақырған тауықша, командировкаға  кете бардың, тіпті  тым-ақ пысықсың!

Әйелім ойымда жоқ сойқан статьяларды тауып қажай бастағанда ептеп ереуілдейтін әдетім болушы еді, сол дәстүріме бағып:

-Үйде болғанда, немене, кітәбімді силықка өзім ұсынушы ма едім?  Біз, құдайға шүкір, Америка емеспіз ғой, ондай жойдасыздық жасайтын, - дедім, саясаттан хабар-ошарым барын батыл аңғартып. қалдым.

-Америка не теңің?! Ең алдымен еркек екеніңді ұмытпасаңшы!

-Ұмытып жүрген жоқпын ғой?!

-Иә, ағаш қиып, үй салып жүрсің! Өй, шіркін! Мұсахан ғұрлы болсаң-шы, тым құрығанда!

-Ол не істепті?

-Ол, әне, романын мемлекеттік силыққа ұсындырыпты! Еркекте, асай-мүсейінен басқа, намыс деген болуы керек! Сенің намысың қайда, намысың?!

-Ары қарай айта ғой.

-Мұсахан бөртіп, жортып жүрген көрінеді. Енді ше? Романының силыққа ұсынылғаны ертең  газетте жазылады дейді. Жаман қатыны айтты, оның да буы бұрқырап жүр! Әй, сенде  еркектік намыс болмаса да, жазушы-лық  намыс болмаушы ма еді?!.

Ештеңе деп қорғана алмадым. Ұйқым жел қуған бұлттай ыдырап кетсе де, ұйқы басып бара жатқандай баяу есінеп, іштей тыныштық тіледім. Сақыш та қашанғы таң күзетсін, сәлден соң қатты күрсінді де қайта қисайды. Содан қимылсыз біраз жатты. Сосын:

-Әй, сонда сол силықтың ақшалай құны қанша? - деді. Енді бүйіріме түртпей-ақ.Ұйқымның қаңғып кеткенін біліп жатты ғой, қатынның білмейтіні екі дүниеде де жоқ шығар.  Ұйқы жоқта  ұйықтап қадірімді кетіре берейін бе:

-Бес мың доллар, - деп ақпар бердім. Естігенімді айттым да.

Сақыш ыңқ етпеді. Естіді ме, естімеді ме?.. Талып қалғаннан сау ма?!. Дұрысырақ еститін оң құлағымды соған қарай бұрып, демімді ішіме тартып, тың тыңдап едім, тәубә,тәубә, оның демі сыртына шығып жатыр екен!..

Сонымен, ол түнгі айтысымыз сап болды.

Бірақ мен сол түні таңның бір жеріне дейін ұйықтай алмадым. Екі мың доллардың қаншама қаржы екенін, оған нендей дүние-мүлік сатып алуға болатынын алғаш рет ойлай-ойлай, кәдімгідей  алжаса жаздадым.

Таңертең төсектен тұра бере:

-Екі мың доллардың бір жарым мыңына...-деп аузымды адамша аша бергенімде:

-Күйісханның дачасын және «Самсунг» холодильнигін сатып алуға болады, - деді Сақышым,  сразу   іліп әкетіп. Әйел байғүстың ойлайтыны  үй ішінің   қамы емес  пе,  қайтсін-ай, түні бойы ол да ұйықтай алмаған екен-ау!

«Жасыл жайлауы» сыйлыққа ұсынылған Мұсаханды біз қайтадан тани  бастадық. Бұрын қалай байқамағанымызды албасты білсін, Мұсахан дегенің барып тұрған… қамытаяқ екен. Оның үстіне көзі қылилау ма, шапыраштау ма, қалайда аяғының да, көзінің дені дұрыс емес екен. Оң жақ ұрты салбырап, аузының қисыктығы тағы бар. Неткен сөзшең десеңші! «Аузы кисық болса да, бай баласы сөйлесін» баяғы. Күннен күнге көсілген көбік әңгімесінен ығыр болып, ақыры баласына баламды жұмсап төбелестіріп, әйелдеріміз ұйымшылдық көрсете шаш жұлыса жаздап, өзіміз де кеңірдек керісіп, әрең дегенде ажырасып, шекарамызды жауып тындық. Қатар есік әдірем калды. Мұсахан екеуіміз екі көшемен жүреміз, екі автобусқа  мінеміз. Сөйтіп, бетім безеуленіп, көңіл мұздап, әбден құрыстандым да, «Жасыл жайлауының» үстінен ақпан арызды ал борат!  Окиғасы сұйык, идеясы тұйык, тілі кібіртік, бас кейіпкердің пікірі ірімтік, жалпы кейіпкер өте көп, бірақ әдебиетке де, қазіргі оқырман қауымға да, әсіресе жас жеткіншектерге, сонсоң, әрине, үкіметке де ешқандай пайда жоқ, қайта:  көрсекызарлықты,  арамтамақтықты, қулық-сұмдыкты дәріптейді! -деп Мұсаханның алды-артына, қатыны екеуіне ғана емес, бүкіл ата-бабасына жетерлік пәле-жаланы үйдім кеп, үйдім кеп. Алдын ала араздасып алғанымыз керемет көрегендігіміз болды, оппозиция-лық ашық күреске әйелім де менімен иық тірестіре шығып, ай-хай, көсілттік-ау, көсілттік! Өз атымыздан да жаздық, жолдастар мен достарымыздың да, достарымыз бен қастарымыздың да,  нағашыларымыз бен жиендеріміздің де, көрші-қолаңдарымыздың да аттарынан жаздық. Адам бір іске шынайы беріліп, жан-тәнімен сүйіп, творчестволық ынтамен істесе, талантының қайнап  көзі сонда ғана жарқырап ашылады екен. Бұған дейін арыз жазып көрсекші! «Ештен кеш жақсы»! Шабыттын шалқарында еркін жүздік те, кеш қалғанымыздың есесін қайтардық. Небір оқиғалар, тың фактілер, тосын кейіпкерлер селше ақтарылды. Өз басым бір де бір кітабымды мұншалық серпінмен, мұншалық екпінмен еркін жазып көргем жоқ. Бұрындар жазып отырған қағазымның бетіне бір әріп жаңсақ түссе, немесе сиямның қою-сұйығы біркелкі болмаса,- қаламым жүрмей қоятын. Сөйтсем, ол өзі шабытқа байланысты екен. Мұсахан бас кейіпкерім болғаннан кейінгі жерде оның бәрі былай қалды, тіпті көк сия, жасыл сия, қызыл сия, қара сияларыңды кейіпкерімнің психологиясын суреттеу тәсіліме сай қолданатын әдеби-техникалық жаңалықтар да аштым.

Жаза білсең, арыз да  өнер екен! Айызың қанып жазып, поштаға апарып салып келгеннен кейін арқа-басың кеңіп, ақ моншадан шыққандай рахаттанып қаласың. Келесі арыздың сюжеті де оп-оңай орайласып, сан ва-рианты сапырылысып, әлгі, көне ауыз әдебиетімізден сусындағанымыз сияқты, «бақсының жынындай буып» бара жатады. Творчествоның рахаты мен азабы бірдей деген рас екен, өмірдің өз шындығы екен.

Тартынбай талмай ізденудің, табандылығымыздың, творчестволық тынымсыз еңбегіміздің нәтижесі ойлағанымыздай болып, атқан оғымыз көздеген нысанаға дәл тиіп, Мүсаханның «Жасыл жайлауы» силықтан қағылып, тақыр жайлауға айналды!  Мен танымайтын тағы бір жазушының романы ұсынылған еді сол сыйлықка, тегі, мен сияқты әдебиет достары ол романның да шаңын қақса керек, -оған да сыйлық бұйырмады. Міне, достым, біздің принцип осы: өзіңе бұйырмайтынды өзгеге де бұйыртпа!..

-Сең арызқой екенсің? - деді кеше маған секретарымыз  Қали.

-Қазіргі кезде арыз дегенің - әдеби жанр! Анау көкелеріміз бірінің    үстінен бірі  дилогия,  трилогия жазып жүргенде менің, тым болмаса, новелла жазбауым азаматтыққа жата ма?! -деп едім, секретарымыз жарылар сәттегі шиқанша сызданды.  Афоризмге бергісіз асыл сөздің авторы өзі болмағанына күйінді ол.

Қазақ тілінде жазылған