Адам қарады: 286 | Жарияланды: 2017-03-02 07:34:02

Сырттай және іштей

Елу бірдеңе «джип» еркін сиятын сарай-бөлме кинодағы «Аврора» кемесінше әлем-жәлем сәндендірілген. Қарқ-қарқ, сылқ-сылқ күліп кіре бастаған ер-әйел қауым да соған сай: бірінде жоқты бірі киіп, бірінде барды бірі кимей, бірі иық үйкестіре, бірі шынтақ сүзістіре, бірінің өкшесін бірі баса ұмтылуда. Сымға тізілген  шашлықтай қызылкүрең орындықтардың алдыңғы қатарына отыруға асыққандары. Ол қатарда: обләкімнің әйелі және ұл-келіндері, қыз-күйеулері, немерелері (шөберелері екі-үш жылда келіп қалады деген хабар-ошар бар) және әкімнің орынбасарлары отырады («Нүкеңнің орнын басамын!» деп жүріп-ақ зейнет жасына жетіп, күресінге шығып қалғандары  болған, әлі де болатын шығар). Ішкі-сыртқы ескі-жаңа жоба-тәртіп солай.

Нүкеңнің өзі, әрине, сахна төрінде,  қораның қақпасындай нән сары үстелдің басында құрдың қоразындай қойқиып отыр. Томпақ маңдайының  о жағы мен бұ жағындағы  селдір болса да қап-қара шашы сілекейлеп жапсырып қойғандай (Бейжинге тоқсан сайын барып боятып келеді екен). «Ұқсамасаң тумағыр» дегендей, қастары...  шашының қырық  шақты талын қырқып алып, екіге бөліп желімдей салғандай. Ал қоңырлау күлім көздері үстелінің екі жағынан әлдененің кезекпен шыға келерін күткендей-ақ, оңнан солған, солдан оңға лыпылдайды. Жә, одан төмен қарайғы  мүшелерін кейін түгендерміз, қазір, жыпырлап жинала қалған көпшілікті енді бөгемей, өткен  аптада облтеле-радио-гәзет атаулылар ата-бабаларымызға ас берілетіндей етіп хабарлаған жиынның жұмысын бастайық. О, әнеки, Нүкең қызғылт көйлегін «жағадан алған» жасыл галстукты сол қолымен бірер сипап, оң қолын алға соза көтерді. «Хайл...», астапыралла, «Кәнеки, тынышталыңдар!» дегені. Жұрт жым болды. Нүкең қолын түсіріп, ырғалып алып:

-Мырзалар мен ханымдар!  Мына мен - обләкімдерің сендерді онекі жыл аман-есен басқардым, риза шығарсыңдар...

-О не дегеніңіз?!.

-А как же?!.

-Әрине!..

-Олай болса, мен президентімізге мың бір алғыс айтамын! Ол кісі мені тырп еттірмей ұстады және тағы ұстамақ, келесі төрт жылға кандидат етіп отыр, ол үшін сендердің пікірлеріңді білмекші, өйткені бізде демократия жылдан жылға нығайып, күшейіп келеді. Кәне, менің кандидатурам туралы ойларыңды айтыңдар, тек естеріңде болсын, өздерің көріп те отырсыңдар, бұл мемлекеттік маңызды мәселені шешуге ең сенімді деген мырзалар мен ханымдар шақырылды. Кәне,  облбанк Омпай, сен баста, бері, трибунаға кел!

-Иә, мемлекеттік маңызды мәселені шешуге қатысу – мен үшін үлкен абырой және зор бақыт, сондықтан, құрметті ханымдар мен мырзалар, мен Нүкеңнің, яғни Нүрпібек Намазғаев ағамыздың кандидатурасын дұрыс деймін!

Шапалақ шартылдады. Омпай ішінен: «Сен бәрібір тапжылмай отыра бересің, қара тізіміңе жазылмай-ақ қояйын!» деп кетті.

-Ал, облкультура Сопай, сенің ойың қандай? Бері шық!

-Мырзалар, мұндайда сөзді көбейтпеу керек. Мен Нүкеңнен енді онекі жыл отыруын сұраймын!

Шапалақ шартылдады. Сопай ішінен: «Пәлесінен аулақ!» деп кетті.

-Қатпар, барсың ба?

-Бармын, Нүке, бармын! Мырзалар мен ханымдар, мен Нүкеңмен жеті жыл істесіп келемін, ешкім Нүкеңдей істей алмайды! Нүкеңмен істесу – мен үшін просто удовольствие! Сондықтан президентімізден Нүкеңнің істей беруін тоқтатпауды өтінемін!

Шапалақ шартылдады. Қатпар ішінен: «Нүкең болмаса, мен облполицияның бастығы болып алты жыл отырар ма едім?» деп бара жатты.

-Тәк, кім...  Сапарқұл, кезек сенікі!

-Құрметті ханымдар! Мен өзі әйел қауымын құрметтеймін, оны жақсы білесіздер, сондықтан  бұрын айтып тұрмын, иә, ханымдар мен мырзалар! Менің тура сөйлейтінімді бәріңіз білесіздер, сондықтан менің айтарым: егер біздің облысты Нүкең басқармаған болса, біз баяғыда-ақ банкрот болып, анау ұжымшар, кеңшар сияқты сатылып, жалға беріліп бітер едік. Олай болса, турасын айтайын, біз Нүкеңді сақтай білетін болайық! Құдайға шүкір, дансаулығы жақсы. Алпыс тоғыз деген не жас? Жігіттің жасы! Әлі он, онбес жыл отыра алады. Сондықтан, жаңа Қатекең дұрыс айтты, президенттен Қатекеңді, - тфу! - Нүке, кешіріңіз, президентімізден Нүкеңді қанша отырғысы келсе, сонша мерзімге тағы тағайындауды өтініп хат жазайық!

Шапалақ шартылдады. Сапарқұл ішінен: «Облыстағы бес санаторийдің үшеуін балаларыңа, екеуін құдаларыңа бір-бір сиырдың құнына алып бергеніңді бәріміз білеміз, бірақ соны бедірейген бетіңе тура айтар заман қайда?!» деп кетті. 

-Мырзабай!

-Меніңше, жолдастар, тойыст, мырзалар, мәселе жаста емес, баста. Нүкеңнің арқасында біздің облыс бүкіл республикаға, даже бүкіл СНГ-ға танылды, солай ғой?! Мұнайымыз сонау Америка Құрама Штаттарына ағып барып жатыр! Кәне, мұндай облыс? Жоқ! Олай болса, біз Нүкеңді алақанға салған осы қалпында сексен жасқа дейін ұстауымыз керек!

Шапалақ шартылдады. Мырзабай ішінен: «Өзімді облыстық Білім департаментіне бастық қылып, әйелімді облыстық Денсаулық департаментіне бастық қылып, ұлымды өзінің аппаратына алып отырған ағайынгершілік қамқорлығын ақтай білуге тиіспін!» деп бара жатты.

-Көрікқали, облқаржы, қайдасың?

-Нүке, өзіңіз білесіз, баяғы атамзаманда Аристөтіл деген ғұлама: «Қандай мәселені болсын кадр шешеді» деген ғой.  Біздің президентіміз соны есінен ешқашан шығармай, сіздей кадрларды ұстап, өсіріп келеді, ал сіз ол үлкен кісінің сенімін ақтап келесіз. Жаңа Мырзекең мұнайымызды айтты. Бізде басқа да байлық көп. Мысалы, газымыз ше? Біздің ерекше сапалы газымыз мыңдаған километр жердегі Қытай Халық республикасына нән тұрбалар арқылы тура барып, таусылмастан құйылып жатқан жоқ па? Так что, мырзалар, бізге Нүкеңнен басқа әкім вообще керек емес!

Шапалақ шартылдады. Көрікқали ішінен: «Мемлекеттік бюджетке бес жүз  миллиард теңге қарызбыз, одан қашан құтыла аларымызды ит білсін!» деп кетті.

-Облгәзет Шойбекті тыңдайық!

-Мен Көрекеңдей  қаржы  жағының маманы емеспін,  жорналшымын, яғни жалпы пікірдің адамымын. Қазақта: «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген, содан соң: «У ішсең – руыңмен», «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген қанатты сөздер бар, егер айта берсең, тауысу қиын. Бұдан аңғаратынымыз не? Бұдан аңғаратынымыз: «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз» керек. Ендеше, мен көпшіліктің ұйғарымын қолдауға міндеттімін, мырзалар мен ханымдар!

Шапалақ шартылдады. Шойбек ішінен: «Облыстың байлығын сыбайластарымен өзара бөліске салып, жұртты қымбатшылықтың қыспағына тап қылған бұдан  қашан құтылар екенбіз?!» деп кетті.

-Облмаи Қойлыхан, енді сені тыңдайық!

-«Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, меніңше, әкім болып келу оңай, ал әкім болып отыру қиын. Онекі жыл отырған Нүкең мұны, әрине, өте жақсы біледі. Бұл онекі жыл, меніңше, бүкіл жер шарының экономикалық, орысша айтқанда, кризисі жағдайында  өтті. Азық-түлік, дүние мүлік, меніңше, түгел қымбаттады. Біздің облысымыздың байлығы, меніңше, шетелдік монополияның шайлығы болды. Да, түсіну қиын. Алайда жағдайды түзету керек. Егер, меніңше, жаңа әкім келсе, ол түсінбейді, ал Нүрпібек Намазғаев мырза, меніңше, түсініп болды. Демек, жағдайды өзі түзетуге тиіс. Меніңше, орнынан қозғамау керек!

Шапалақ шартылдады. Қойлыхан ішінен: «Өзінің отбасынан ресми түрде бір миллиардер, төрт миллионер  шығып отырған мұны орнынан қозғайтын кран әлі жасалған жоқ» деп кетті.

-Облстрой Ешкібай!

-Қадірлі қауым! Біз бүгінгі мынау тәуелсіздігімізді жүздеген жыл бойы арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып күресіп жүріп алдық. Шөкеңдей гуманитар емес, экономика ғылымдарының кандидаты болсам да, мақал мен мәтелді білем, «алмас кездік қап түбінде жатпайды» дейді, ол – шындық. Значит бізге шындық әрқашан керек. Мен осылай ұғамын. Ал айтайын деп тұрған шындығым, қадірлі қауым, мынау: сонау алысқа көз жіберіңіздерші, тарихта осы біздің Құбажон облысымыз  болды ма?  Болған жоқ. Егер алдарыңызда отырған ұлы қайраткер тұлға – біздің Нүкеңіміз болмағанда, шындықты батыл айту керек, бұл облыс та болмас еді! Мәселе облыстың 1936-жылы ашылғанында емес, мәселе, әрине, мұны Нүкеңнің басқарып отырғанында! Құдай біледі деп айтайын, қадірлі қауым, Нүкең басқа жаққа ауысып кете қалса, біздің бұл облыс бір айда ауданның деңгейіне түседі де, екінші айда жабылып қалады! Мен мұны экономист ретінде ғылымға сүйеніп айтып тұрмын, значит бізге Нүкең ауадай қажет!

Шапалақ шартылдады. Ешкібай ішінен: «Өзіме бірінші орынбасар етіп аламын деген уәдесін орындайтын болар, позициясы мықты ғой!» деп бара жатты.

-Тәәәк, тағы кімде қандай пікір бар?

-Нүке, менде бар!

-Ә, Мырышқұлсың ба? Кел! Облпрокурорға сөз бермейтіндей, не, басым екеу емес қой!

Қарқ-қарқ күлкі.

-Нүке! Арғы тарихты қозғамай, бергі тарихтан айтсам, заң шығару - жеңіл де, оны қадағалау - ауыр. Менің мұны басымнан кешіріп келе жатқаныма  неше жыл болғанын өзіңіз жақсы білесіз, мені танып-білген, маған сенген, мені бекіттірген - өзіңізсіз! Осы уақытта менің алдыма талай іс келді, мен талай шешім шығардым, ал соның ешқайсысына сіз наразы болған жоқсыз, қазақ айтқан: «келісіп пішкен тон келте болмайды, келісіп кескен қол ауырмайды» деген, олай болса, Нүке, сіз бен біз тіл табыса жұмыс істедік, әлі де істейміз! Басшылар түсінісіп жүрсе, ол...  ақындар айтатындай, ол – халықтың бақыты! Ардақты ағайындар, біз бұдан былай да Нүкеңмен бірге болайық!

Шапалақ шартылдады. Мырышқұл ішінен: «Анау жылы қағынған күйеу баласының қылмысты ісін жауып тастағаным дұрыс болды. Ұлым джип мінді, қызым обләкім қорының есебінен Кембридж университетінде оқып жүр» деп шүкіршілік  етті.

-Оу, Оңайгүл келе жатыр! Жаңа Мырекең «ақындар айтатындай» деп бекер айтпаған екен, заңның пайғамбары ғой, әне, баршамызға белгілі ақын қызымыз Оңайгүл шықты, кел, кел!

-Айналайын үлкен-кіші халайық! Біздің Нүкеңдей бір ғұлама бұдан екі-үш ғасыр бұрын: «Жер бетіне сызат түссе, ол ақынның жүрегі арқылы өтеді» деген екен, сол рас, мен біздің облыстың әрбір жетістігі Нүкеңнің жүрек соғысының жемісі деп білемін және ол ойымды екі шумақ өлеңмен жеткізсем деймін:

             Күн шығыстан шығады,

             Күн батысқа батады.

             Күштіден қиындық ығады,

             Жақсыдан жаманшылық қашады!

 

              Нүкең – біздің күніміз!

              Нүкең – біздің айымыз!

              Біз Нүкеңмен күштіміз,

              Нүкең барда жақсы біздің жайымыз!

Шапалақ шартылдады. Оңайгүл ішінен: «Нүке! Өзіме төрт бөлмелі пәтер бергізгеніңе рахмет! Енді «Мемлекеттік силықты әперемін!» деген сертіңде тұрғайсың!» деп кетіп бара жатты.

Нүкең оң қолын тағы көтерді. Жұрт тағы жым болды.

-Құрметті  халқым! «Жақсы сөз жаныңды семіртеді» деген ата-бабамыз ақылды екен ғой! Оған мен де, сендер де талай рет куә болдық и куә бола да береміз. Ал менің айтарым: бәріңе жүректеріңді жарып шыққан жаңағы  жақсы сөздерің үшін қатты ризамын! Бұл облысты облыс еткеніме шынайы мақтаныштымын! Қымбатты халқым, сендер барда – мен бармын! Сендердің сенімдеріңді әлі он жыл, жиырма жыл ақтауға дайынмын! Осымен жиынымызды  жабық деп жариялаймын!..

Шапалақ  шартылдатқан  жұрт тарай бастады. Біреу ішінен: «Онекі жыл тойтаңдағаның аз еді...» деп; біреу: «Ерекең өркендеткен облысты кері кетіргені ойында жоқ, ұятсыз неме!» деп; біреу: «зәлімге арамдық майдай жағады-ақ» деп; біреу: «жемқор тойып өледі, обыр тоймай өледі» деп  бара жатты.

Қазақ тілінде жазылған