Темекі берші
Ауыл адамдары қысыр әңгіме құруға әбден машықтанып алғанға ұқсайды. Өрістен қайтқан малдың алдынан шыққан көршілер қауқылдасып жоқты-барды айтып, әңгіме-дүкен құрып тұр.
Бұл жолы жастары 40 - 50 ді алқымдап қалған төрт бес жігіт ағалары темекінің пайдасы мен зияны турасында әңгіме өрбітті.
Бұл топқа темекі шегүден бала жасынан мол тәжирибе жинаған ауылдың бетке ұстар азаматы Рғалбек қосылды. Ол екі алақанымен жан қалтасын ары-бері қағып, темекісінің таусылып қалғанын қасындағыларға ишарамен жеткізді. Айналасында тұрған жерлестері оның жағдайын түсінді. Жоқшылық жомарттың қолын байлаған заман емес пе?
Ол ыңғайсыз болса да замандасы Томаштан:
-Әкел... Темекіңнен!- деп қолын созды.
Томаштың жомарт мінезін жақсы білетін темекі шеккіш ағайындар қолқа салып, сұраудан бір тынбайды. Қалыптасқан нарық жағдайына орай Томаш та кейінгі кезде қулыққа басып жүр. Ол сол жақ күртешесінің қалтасынан фильтірсіз «Астра» сигаретін бір данасын Рғалбектің қолына ұстатты. Ал ішкі жан қалтасынан ойып орын алған қымбат темекісіне тиіспеді. Бұл темекісін беделді деген кісілерге ғана ұсынады. Ал Рғалбектің ондай дәрежеге жетпегені бесенеден белгілі. Қазіргі нарықтың заманында темекі де қымбат. Бағасы удай! Енді қайтсін? Әр кімге шашыла беретін шамасы жоқ.
Томаш Рғалбектің бетіне бақшия қарап:
-Осы шегетін темекілеріңді неге қалталарыңа салып жүрмейсіңдер, ә !?- деді. -Я, болмаса біржола темекі шеккенді қоймайсыңдар ма?- деп қайдағы бір өзекті тақырыпты қозғап жіберді.
Рғалбек Томаш берген темекіні тұтандырып ерніне қыстырды. Ол демін ішіне тартып, танауын көкке көтеріп, бұдақтаған көк түтінді ауызынан шығарды. Танауын жыртқан темекі түтіні айналаға тарап, сіңіп жатты... Рғалбек темекісін бірді-екілі рахаттанып сорған соң, оның пайдасы жөнінде сөз қозғады.
-Осы темекінің қандай «пәлесі» бар екенін білмеймін, қалай шектім, өрекпіген жүйкені, аласапыран болған көңілімнің аптығын, демде орнына келтіреді. Жаным жай тауып, мамыражай қалыпқа түсемін.- деді масаттанып.
Сөзге шорқақтау Камал, сығырайған көзін арайланып батып бара жатқан күн шуағынан тасалап, темекісін құшырлана сорды.
-Жарықтық жақсы нәрсе ғой!- деді ол әрі қысқа, әрі нұсқа.
Манадан көршілердің әңгімесін тыңдап отырған Қалдыбек, дене тұрпаты қатқан қайыстай бұралған Рғалбекке:
-Рғалбек, менімше, темекінің денсаулыққа ешқандай да пайдасы жоқ. Өзің темекінің «майын» ішкен боларсың. Темекі шеккеніңе қанша жыл болды? – деді.
Ол бір келелі істі тындырғандай өзінше марқайып:
-Табаны күректей отыз жылдың ар жақ, бер жағында «стаж» бар ғой-деді.
Сөзге Сәлім килікті. Ол айтар ойын салмақтап:
-Менің де бұл «пәлені» шеккеніме табаны күректей 34 жыл болды...-деп күрк күрк жөтелді. -Мектеп жасынан бастадым ғой. Ата-анамыздан тығылып, жылқының қиын күнге кептіріп... Әдемілеп, қағаз түтікке орап... Жан рахатын сезінгендей шегүші едік... Сөйтіп жүріп қалыптастық. Адам болдық... Енді міне, бұл сұмдықтың денсаулыққа зиянын біле, сезіне , кейбір кезде темекінің тұқылын іздеп әлек боламыз... Адамның жаман әдетке үйірсектігі, санасын еріксіз улап, жазылмас дертке әкеліп соқтыратынын бәрі жақсы беледі. Біле тұра былғанамыз. «Неге?»- деп, кейде ойланып қоямын...
-Бұл құрғырың бір дендеп бойға енсе, әдетке айналса, санаң соның жетегінде, ал ерік,жігер деген адамның асыл қасиеттері ұланып, бойдан қашатын болса керек- деді Қалдыбек пәлсапалап...
«Стаж» демекші Қалдыбектің өзі де 20 жылдың көлемінде көк түтіннің қызығын өкпесімен өбіп,танауын армансыз ыстап, 32 тісінің табиғи ақ маржан сипатын-сарғайтып, күш қайратын-селдіреткені өзіне де белгілі. Күш қайраты тасыған, жастықтың албырт шағында, көк түтіннің ішінде, күнгірт тамұққа сана сезімі ұланып, басы мең зең, таң ала кеүімде, ауыз қуысы сасып, өкпесін көк жөтел қысып, тоқтамай талай күркілдейтін. Келіншегі Жамал жар құшағында темекінің қоламта иісінен жиіркеніп, сол жамбасынан, оң жамбасына аунап, «Сен-ақ! Темекіңді қоймадың ғой!» деп теріс қарап, оны жақтырмай жатып қалатын...Ал таңертеңгісін ауыз қуысынан шыққан иіске талай лоқсып, құсатыны оның есінен бірде шыққан емес. Темекі шеккен соң белгілі ғой, үстіңдегі киімдерің ыс сасып, жағымсыз иісі айналаңа тарайтын. Өкпесі тесілгендей, таңертеңгісін күркетауықтай куркілдеп, қақырынып,түкірініп әбігерге түсетін. Сол әрекеттеріне бала шағасының алдында өзін қолайсыз күйде сезінетін. «Бір грамм никотиннің бір сәйгүлік жылқыны өлтіретіні» рас болар деп ойлайтын. Кейін таман өзінен өзі жиіркенетін жағдайға келді. Жан ұясы да Қалдыбектің темекіні қоя алмай жүргеніне талай налыйтын. Содан ол бар күш-қуатын, ерік, жігерін бойына жинап бір күнде тастап кетті...Қалдыбектің бұл ерлігіне бәрі қуанды. Таңданғандары да жоқ емес.
-Қалеке! Темекі шеккенді қалай қойдың? - деп темекі шеккіш көршілер сұрай бастады.
-Бұл бір өзінше хикая- деді Қалдыбек. –Менің темекіні қою алгоритмім былай қалыптасты. Әлбетте, қазіргі нарық заманына орай міндетті түрде есеп- қисапқа жүгінесің. Есептеп көрсем, бір жылда 365 күн болады екен. Күндік шегү «нормам» - бір қорап темекі. Бір қорап темекінің орталау құны 100 тенге. Сонда бір жылда 36500 теңге көк түтінге айналады екен! Онымен қоймай: өкпеңе қауіп төндіріп, жүйке тамырларыңның жұқарып, қан қысысымыңның шапшуының себебін алыңыз! Бір жылғы темекі шығынын, енді 20 жылға «шақсаңыз» 8 760 000 теңге «желге» кеткеніне толықтай көзің жетеді! «Шақшадай басың-шарадай» болмағанда несі қалды!?
Ал темекінің пайдасы денсаулығыңа, жан ұя «бюджетіне» «арық қойдың бағасынан төмен». Одан да, күнде, немереңе бір «сникерс» конфетін сатып алып берсең сол пайдалы. Сыйлы боласың. Осы жағдайларды ой елегінен өткізіп, сенімді түрде бел шештім. Темекі қою жоспарын іске асыру үшін досым Қадырмен «темекіні қоямын» деп бәс тіктім. Егерде сөзімде тұрмай, айнып, тайқып кететін болсам 100 000 теңге, я болмаса бір жылқы берем деп серттестік. Қадыр өзі темекі шекпейтін болған соң «жән» деп келісті. Менде «өзім дегенде-өгіз қара күш пайда болды», «айтылған сөз-атылған оқ». Өзіме керегі де сол. Жанымды қоярға жер таппай екі жеті қиналдым. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз бекер екен, қалыптастым,әбден төселдім. Берген сертімнің беріктігін бір жігіттей атқардым. Қазір темекі қойғаныма 7 жыл болды- деп ол әңгімесін тәмамдады.
Қасында тұрған көршілер «қоюға болады екен» деп бастарын шұлғып, «әкеңнен қалған әдет емес... Мынауың ақыл болды» деп өз ара қауқылдасты.
...Андатпасын келесі жолы ауылга барғанда көрерміз. Қай көршінің ерік-жігері солқылдақ емес-сом темірдей тас түйін берік екен.
-...Темекі берші!
Томаш бұл жолы да Рғалбектің көңілін қалдырмады...