Адам қарады: 4132 | Жарияланды: 2017-03-06 05:09:14

Ғарыш қақпасының құпия өткелі... немесе «айығу»...

                Өз басым ойыма алғанды, біреуге берген уәдемді орындамай тынбаймын. Бұл маған бала кезімнен біткен қасиет. Өткен жолы Шолпанатадан оралғандағы жағдайым онша мәз болмаса да, көкейімнен сол бір ғарыш кемелерін көру деген арман кетпей-ақ қойды.

     Араға бір жыл салып, мен Шолпанатадағы Сүбебай досымның үйіне тағы да келдім. Менің мінезіме әбден қаныққан Сүбебай бұл жолы маған тіпті таңданған да жоқ. Тек қана:

     -Жүр, Ыстықкөлдің жағасына барып дем алайық, мен саған біраз әңгіме айтайын, бүгін көл жағасына түнейміз, балық аулайық,  сенің баратын тесіктасың ешқайда асықпайды!, -  деп сөз соңына леп белгі қойған соң, мен оған келістім.

     Мен оның бұл ұсынысының астарында не бар екенін білген жоқпын. «Дем алса несі бар, өзі де көл жағасының таза ауасын сағынып жүрген шығар» деп ой қорыттым да қойдым. Және  оның бұл ұсынысы маған ұнады. Өйткені мен өзім көріп жүрген көлдер Ыстықкөлдің қасында көлшік дерсің. Ыстықкөлдің бір ерекшелігі – жағалауының қай бұрышына барсаң да ұйытқыған шаң деген атымен жоқ, ауасының тазалығы – керемет! Суы ше?!. Суына сүңгіп көзіңді ашсаң – көлдің тұңғиығы батпақ емес, құздиған құздар, шоқиған шоқылар... Түнде төбеңнен аспан жұлдыздары жарқырап, қолыңды созсаң жететін секілді көрінеді. Көл бетіндегі шалқалай жүзген жұлдыздардың сәулесін қағып алмақ болып шоршыған шабақтар...

     Түнгі қараңғылықты жамылып отырып, Сүбебай маған «Манастан» біраз жыр оқыды. Ол «Манасты» жатқа біледі. Аспанда ай жоқ еді.

     -Сен мұнда қанша рет келіп жүріп, өзің «жақсы көретін» ғарыш кемелерін сырттай бақылап көрмеген екенсің, бұл ағаттық менен кетті, - деп, бастады ол өз сөзін. – Мен сол кемшілігімді толтырайын деп, бүгін сені әдейі мұнда алып келдім. Мұндағы жергілікті адамдарға түнде тауда болып жататын оқиға  үйреншікті нәрсе, ешкім ескермейді де. Неге екенін мен де білмеймін. Ол келімсектер бұл таудан не іздейді, оны да екшеген емеспін, әйтеуір олар жылонекі ай уақыттарынан бір минут та ауытқымайды. Сен бүгін оларды сырттай бақыла, таудағы тесіктасыңа ертең бара берерсің. Шындығы мынау: сен көріп жүрген тесіктас – ғарыш қақпасы! Ол қақападан сен дұрыс өте алмай жүрсің-ау деймін. Бірақ, есіңде болсын, қазір ғарыш кемелері келе бастайды. Оларды көрісімен жүгіріп кетпе, олардың келіп қонатын жерін өзің де білесің – алыс. Сондықтан шыда!

     Мен Сүбебаймен келістім. Келіскен соң шыдаймын да...

     Осындай әңгімелермен отырып түнгі сағат бірге жақындап та қалыпты. Мен тықырши бастадым. Екі көзім төбесінде тесіктасы – ғарыш қақпасы бар тау жақта. Бір кезде Сүбебай досым: «тауға емес, алдымен аспанға қарашы» деген соң, аспанға көз жүгіртпеймін бе. О, тоба!... Ғарыш кемесіне міну емес, мұндай көріністі көрудің өзі өзі бір ғанибет еді. Мен сонау аспан төрінде /мүмкін тұңғиығында/ сап түзіп, тізіліп тұрған, пішімдері дөп-дөңгелек, жап-жарық жұмбақ денелер көзіме түскенде таң қалдым. Өздері өте көп. Көзіме дүрбімді кидім. Дүрбі оларды маған ептеп жақындатты. Бір қызығы, бұлар менің ойымда жүрген ғарыш кемелеріне тіпті де ұқсаған жоқ. Оларды бір орында тұр дегенім де бекер болып шықты. Бұл ғарыш кемелерінің қозғалысы - ұшты, жүрді деуге келмейді... Олар біріндеп өзім екі рет болған, басында тесіктасы бар тауға сіңіп кетіп жатты. Бұл ғарыш кемелерінің қозғалысын тілім жетіп сипаттай білсем – ол былай болып шығатын сияқты. Олар ұшпайды да, жүрмейді де... Олар өздерінің ғарыштағы мекен жайынан баратын жеріне аттап өте салатын сияқты. Қашықтық, уақыт деген өлшемдермен санасу бұл кемелерде жоқ тәрізді көрінді. Және бұл кемелер ешқандай да бір металдан, яки басқа материалдан құрастырылған ұшақ секілді емес. Бұл – кемелер /егер кеме болса/ бізге таныс емес бір сұйықтықтан жасалынған ба деп қалдым. Өйткені олардың жерге қонуы – үлкен ыдысқа тамшылатып құйған көлемі зор бөлек-бөлек мөлдір тамшылар /бәлкім жалпақ-жалпақ шар/ сияқтанып тау басына сіңіп кетіп жатты... Алып тамшылардың арақашықтықтары, көлденеңі мен ені де белгісіз бір математикалық заңдылыққа тәуелді секілді. Бұлар, осылайша, бір сағаттан астам уақыт /біздің өлшеммен/ бойы біз білетін тау басына құйылып тұрды. Ешқандай бөтен-бөгде дыбыс болған жоқ.

     /Реті келгенде айта кететін бір нәрсе: мен өзім бала кезімнен сурет салуға құмар болып едім. Сурет салғанда да көбінесе ғарыш, оған қалай жету тақырыбына ой қозғайтынмын. Менің бала қиялымнан туған ғарыш кемесінің нобайы тырналар легі сықылды – ылғи сүйіртұмсық болатын. Бір қызығы, кейін дәл осы менің салған суреттерімдегідей ғарыш кемесімен Гагарин аспанға ұшты. Сонда бұл не? Кездейсоқтық па? Соған күні бүгінге дейін миым жетпейді./

     Осы уақыт ішіндегі Шолпаната тауының басындағы керемет көріністі тілмен айтып жеткізу – әрине, мүмкін емес.

    Мені іштартқызған бұл таңқалысымды Сүбебайдың:

     -Енді, олардың кері қайтуын бақылайық, бұлардың кері сапары бұдан да тамаша көрініс болады, - деген сөзі бұзды.

     -Жарайды, дедім мен. Ал, бұл ғарыш кемелерін неге осы уақытқа дейін біздің ғалымдар зерттемеген? Неге қайдағы бір қолдан, өзіміздің көзімізге таныс металдан жасалған ғарыш кемелеріне сенеміз, ұсқындары тым жұпыны аспан қуыршақтарына таң қаламыз. Мұндай, тәрелке секілді ұшақтарды немістер соғыс жылдары-ақ жасап шығарған екен. Ол қазір жұмбақ, жасырын нәрсе болмай қалды емес пе?

     -Бұл керемет тек қарапайым көзге ғана көрінеді. Ғалымдар суретке түсіре-түсіре, шығара алмай шаршаған. Олар таудағы өзің өтетін тесіктасты да біледі. Одан өтемін деп тәуекел жасағандары да болған. Өзім тауда мал жайып жүргенде ондай батырларды көргем. Бірақ, осы уақытқа дейін ол тәуекелшілердің бірде бірі қайтып келген жоқ... Жергілікті оқиғашылдардан қаншасы мерт болды, айтылмайды.  Тауда қанша жер ұшағының қаңқасы жатыр, ол жағы да бүркемелеулі. Бұл өзі мемлекеттік құпия білем.

     Біз осылай әңгімелесіп отырғанымызда сағат та таңғы төрт болды. Екеуміздің төрт көзіміз тау жақта ғой. Кенет, таудың үсті бірден жап-жарық болып кетті. Осыдан үш сағат бұрын тауға қонған алып мөлдір көпіршіктер ендігі жерде сыртқа шыға бастады және келген кездеріндегідей емес, өте жылдам. Құдды бір су бетіне қалқып шыққан медуза секілді. Менің бұл жерде сыртқа шыға бастады дегенім де ұшатын немесе жүретін заттарға арнап айтылатын теңеу шығар. Мұнда тіпті де олай емес. Бұлардың кері қайтудағы қозғалысының сипаты -  бұл кемелер әлгінде өздері алғаш көрінген ғарыш тұңғиығына тағы да аттап бара салған секілді көрінді. Жерде тұрып бұл арақашықтықты өлшеу де мүмкін еместігін енді білдім. Негізінде бұлар осы көзді ашып жұмғандай ғана уақыттың ішінде-ақ өздері келген жұлдызға барып қонған болулары керек. Әлден уақытта көзден ғайып болды... Таудың басын да, аспанды да қараңғылық басты.

     Сүбебайды білмеймін, бұл көріністен жақсысы бар, жаманы бар, менің басыма мың-мың сұрақ ұялап қалған еді. Дегенмен, ол сұрақтардың бірде бірі мені алған бетімнен қайтара алмады.

*     *     *

     Тықыршып жүріп кешті зорға болдырдым. Менің «Бүгін ертерек шыға берсек қайтеді...» деген сұрағыма, әйелі қасынан қабаттасып қалмай жүрген Сүбебай сүлесоқтау жауап қатты: «бара алсам... жолды өзің де білесің ғой...». Мен оның бұл жауабып «бармаймынға» сайдым да, жолға өзім шықтым. Бір кезде соңымнан:

     -Ай, батыр қазақ, жайырақ жүр, - деген сөзді есітіп, артыма қарасам – Сүбебай екен.

     -Қатынның аты қатын да! – деп ақталғандай болды ол. – Мені сенімен бірге жібергісі келмеді. Оған не дерсің!

     Сүбебай досым бұл жолы астына як мініп /мүйізі сала құлаш келетін сиырдың бір түрі/ алған екен.

     -Немене, қашып кету оңай болсын деп мініп алғансың ба, мына мүйізі арбайған көлігіңді?!. Мен сөзді әзілге сайдым.

     -Жоқ-ә...

     Жол-жөнекей әңгіме теріп, Сүбебай екеуміз өзімізге үйреншікті болып қалған таудағы үңгірдің алдына келдік. Бұл үңгір де күндіз тып – тыныш. Мазасын алмасаң түнде де мүлгіп тұра беруі мүмкін-ау...

     Мен Сүбебайға таудағы тесіктасқа ертерек барғым келіп отырғанын айттым. Саймандарымды түгелдедім – бәрі орнында екен. Менің бұл жолғы жаңалығым – кенептен өзіме арнайы костюм тігіп алғанмын. Кенеп оңайлықпен жыртылмайды. Оның үстіне киіп-шешуі оңай. Адамның етімен қоректенетін құрт-құмырсқаның, жылан,  жарқанаттың тісі бата қоймайды... Оның үстіне екі қолым мен екі аяғымды тарбайтсам – құдды парашют секілді болады да қалады.  Мен бұл костюммен бірнеше рет биік жарқабақтан көлге, соңынан жерге  секіріп жаттыққам, діттеген тұсыңа жұп-жұмсақ түсесің. Алда не күтіп тұрғанын кім білген, керек болып қалар...

    Бұл костюмнің сырын үркіп қалар деген оймен Сүбебайға айтпадым. Дегенмен, менің білмегенге бейтаныс костюмді киініп, маңдайыма да фонарь жапсырып жатқанымды көрген ол басын шайқады. Күрсінді... Бірақ маған ештеңе деген жоқ. Айтпақшы, бұл жолы менде екі қолшам, маңдайымда бір шам, бәрін қосқанда үш жарық, шегірен етігімнің қонышында үлкен бір қанжар болды. Қандай кездейсоқтық болса да дайын сияқтымын. Көре-көре «көсем» болған кезім ғой бұл.

     Сонымен, мен жолға шықтым. Бұл жолы бұрыңғы уақытымнан ертерек. Қайта-қайта жүре берген соң жол да қысқарып кетеді. Мен өзімнің үйренген тесіктасыма /бұл жолы ғарыш қақпасы/ лезде келіп қалдым. Айналам - меңіреу түн. Оқтын-оқтын әр тұстан байғыздың сұңқылдап қалғаны болмаса, басқа бөтен дыбыс жоқ. Бұлардың дауысы да, сұңқылы да, қарқылдаған күлкісі де құдды Қаратаудың байғыздарының дауысындай... Қорқынышты ештеңесі жоқ.

     Бұл жолы ғарыш қақпасы-тесіктастың айнала шетін, түймедей тасына дейін байқап, қолмен ұстап көрдім. Күдікті ештеңе таппадым. Тас – кәдімгі тас! Мұнда ешқандай да бұғып тұрған бір құпия жоқ секілді... Өткен жолғы екі рет келгенімде, мен бұл тастың ортасынан өтіп көрдім, оң жағынан өтіп көрдім, ендігі қалғаны... Тәуекел!

     Мен тесіктастың сол жағынан аттап өттім де қалт тұра қадым. Өзгерген ештеңе байқағам жоқ. Өткен жолы оң жағынан өткенімде де осындай болған... Оның арты неге апарып соққанын оқырман біледі. Бұл жолы мені не күтіп тұр екен? Маңайыма жарық түсіріп көрдім. Жым-жырт... мұндай тылсым үнсіздіктің өзі де кейде үрей шақырады ғой. Бірақ, мен оған әбден үйренгем. Алдымдағы бірінші жарқабақтан өттім. Тып-тыныш. Екінші жарқабақтан да кідіріссіз өттім. Күдікті ештеңені байқамадым. Өткен жолғы молда отырған тұста да түк жоқ. Ендігі қалғаны алдымдағы үшінші жартас. Оның үсті теп-тегіс... Мен бұл жартасқа да оп-оңай секіріп шықтым. Секіріп шықтым да қалт тұра қалдым. Өйткені менің теп-тегіс жартасымның үстінде екі адам отыр... Менің екі қолымдағы, маңдайымдағы шамдар олардың кәдімгі адам екендігін анық көрсетті. Менде қорқыныш сезімі тіпті болған жоқ. Өйткені, мен бұл жолы ештеңеден сескенбеуге серт  бергем. Бүкіл денесінде қараңғы түнді тілгілеген үш жарығы бар «құбыжықтан» олар да қорқа қойған жоқ. Есесіне:

     -Жарығыңды өшір! – деп, ымдады.

     Мен қолымдағы, маңдайымдағы жарықтарды сөндіріп, олардың қасына келдім. Көзім қараңғылыққа да үйрене бастады. Отырғандардың біреуі орыс жігіті, екіншісі келіншегі екен. Мен сонда да болса бұл екеуінен күдіктендім. Кім біліпті, жын-шайтан, пері болса, әрбейнеге, әртүске еніп жүре береді олар... Қолыма бір шыбық тауып алып, келіншекті бүйірінен түртіп көрдім. Ол үсті басын қаққыштап кетті. Мұны істеген мен екенімді білген жоқ. Мен оның адам екендігіне сендім. «Бұл жерге келіп опат болатындардың ішінде жергілікті адамдар да бар» деп Сүбебайдың айтқаны есіме түсті. Маған олардың алдарында тұрған, иісінен адам тұншығатын арақ ұнаған жоқ. Мұндай жерге кіршіксіз болып келуді білмейді екен ғой, бұл ыпылас сормаңдайлар... Әңгімелерінен баққаным, екеуі де мен сияқты ғарыш кемелерін көруге келіпті.

     Уақыт таяп қалды-ау деп сағатыма қарай бергенім сол еді, таудың басы жап-жарық болып кетті. Мен аспанға жалт қарадым. Байқап үлгергенім – алып бір шар, алып шардың маңдай тұсында селт ете қалғанның жүрегін селкілдетіп жіберетін бадырайған екі көз болды...

     Мен дәл мұндай бақырайған үлкен көзді бұрын да көргенмін:

*     *     *

         «Газ-53» деген машинамен малшыларға жем тасып жүрген кезім. Бір күні машинама толтыра жем артып, кештетіп жолға шықтым. Жолда бір терең шатқал болушы еді. Шатқалдың айналасының бәрі жалмауыз кемпір сықылды құздиған құздар... қорқынышты. Машина ол шатқалдың ар жағына да, бер жағына да ыңыранып зорға шығатын. Сол тұстан өтіп бара жатып ойладым: «қайтар жолым түннің бейуағына сәйкес болайын де тұр-ау, осы шатқалда машинам бұзылып қалмаса жарар еді» деп. Ол кезде бұлай ойланудың өзі қателік екендігін, ой дегеннің өзі де шындыққа - материяға айналып кететіндігін біле бермейтін жас едім.

     Қайтар жолда тура сол шатқалдың табанында машинам бұзылып қалсын. Сағатыма қарасам – түнгі екі екен. Нағыз жын-шайтандардың сайрандайтын уақыты. Өз ойымнан өзім үрке бастадым. Бұл шатқалда жын-періден басқа ит-құс та бар ғой... Ары-бері өтіп жүріп оларды да көзіміз шалатын. Өткен күзде дәл осы жерде Құду қартты қасқыр тартып еткен. Шалдан түте-түтесі шыққан жаман тымақтан басқа түк те қалмаған. Осы ойлармен отырғанымда сырттан әлдене тықыр-тықыр ете қалды. Мен қорқып кеттім. Тез-тез машинаның есіктерін кілттеп алдым. Мұндай ұзақ таңды, мен өмірімде көрген емеспін. Ақыры шыдамадым. Машинаның бұзылған жерін біліп отырмын. Егер ол тетікті орнынан шығарып алсам – жөндеуге көп болса екі-үш-ақ минут уақыт кетеді. Мен тәуекелге бел будым. Машинаның есігін жайлап сырт еткізіп аштым да сыртқа шықтым. Отырып тың тыңдадым. Әл-әзір мені бас салатындай ештеңе байқалмайды. Орнымнан тұрып еппенен капотты көтерейін... дәл осы кезде ұсақ тісті бірдеме балтырыма келіп сарт ете түсті. Мен орнымда қалшидым да қалдым... Шындығымды айтайын, бақыруға да шамам келген жоқ. Егер бақырғанымда бар ғой, бүкіл тау жаңғыратын еді... Аяғымды ептеп қимылдатып көріп едім, әлгі сарт ете қалған түйеқарын екен. Мен оны аяғыммен ыңғайлап өз жөніне жібердім. Сонан соң капотты ашып, мотордың бұзылған тетігін шығарып алдым. Шығарып алдым да, машинаның кабинасына сүңгідім. Есіктерді кілттедім. Кабинаның жарығы жанып тұр. Бұзылған тетікті жөндеп болып та қалғам. Машинамның қорабы сықырлағандай болды. Жан-жағымда күбір-сыбыр көбейіп кеткендей... Несін жасырайын, бұл тұста мен шындап қорықтым... Тісім тісіме тимей сақылдай бастады... Осы түріммен мені сыртымнан біреу көрсе ғой, шіркін, күлкіден ішегі қатып немесе менің түрімнен қорыққанынан жүрегі жарылып кетер еді. Не де болса күтіп алдым деп жөндеген тетігімді қолыма ұстап, төмен қарап бұғып отыра бердім. Дәл қазір мені жаналғыштар бір бүйірімнен келіп жалмаңдап жеп жатса да – ешбір қауқар жасай алмас едім. Ендігі кезекте әлгі тықырлаған нәрсе машинаның капотына, менің дәл қарсы алдыма келіп талтайып отырып алғандай көрінді. Мен бәрін де сезіп отырмын. Тек қана мен іштемін, ол сыртта... Бір кезде машинамның бір бүйірі сыр-р ете қалды... Бүткіл денем қалшылдасын... Өлетін болдым-ау!.. Қанша ауқыт өткенін білмеймін. Дала тас қараңғы. Маған, өлсем, қарсы алдымда капотта талтайып отырған жаналғышты көріп өлейін деген ой келген болу керек, мен сол қалшылдаған бойыммен жайлап көзімді машинаның алдыңғы айнасына қарай көтердім... О, сұмдық!.. Екі көзі табақтай-табақтай біреу айнадан маған тесіле қарап отыр екен... Қолымдағы әлгі жөндеген тетігім еденге түсіп кетті де, екі қолымды екі жаққа жайып, мен шалқалап құлай бердім. Айнадан маған тесіле қарап отырған албасты да екі құшағын жайып мені қаусыра бастағандай болды. Бір сәтке есімнен танып кетіппін...

     Ажалдыға да, ажалсызға да себеп көп. Мен есімді тез жиған болуым керек. Көзімді ашсам әлгі албасты маған әлі тесіле қарап отыр. Бір секундқа болса да есінен танған адам тыңайып қалатындығын мен осы жолы сезіндім. Көзімді жұмып қайта ашып едім, о, тоба, қарсы алдымдағы жаналғыш та бадырайған көздерін жұмып-ашты... Мен тағы да қайталап едім, ол да қайталады. Сол кезде барып бір-ақ ұқтым!.. Ол іштегі жарықтың әсерімен машинаның алдыңғы айнасына түсіп тұрған өзімнің бейнем екен!.. Дала қараңғы. Ой, алла-ай, осыдан да қорықтым-ау...

*     *     *

     Менің ойыма сол оқиға түсті.

     Бірақ, ғарыштан тау басына келіп құйылып /қонып/ жатқан алып шарлардың маңдайларындағы көздер бізге назар да аудармады ғой деймін. Қалай келсе, солай кідірместен, бізді көктей өтіп, төменге қарай зымырап жатты. Ал, бұл шыңыраудың табанында не бар, ол жағы бір құдайға ғана аян. Жанымдағы екі адамға көз жүгіртіп едім, екеуі де үрей буған көздері шарасынан шыққан күйі қатып қалыпты. Сірә жантәсілім етсе керек. Бұл өлім дегеніңіз – жер тұрғындарына тән нәрсе. Оларға  көңіл аударуға менде уақыт та жоқ еді.

     Шым-шытырық талай оқиғаның куәсі болып, әбден шыныққан мен, бұл тұста тіпті де үрейге бой алдырмағанымды білемін. Есесіне, қызығушылығым артып, арқам қозып бара жатты... Міне, нағыз ғарыш кемелері осылар екендігіне, осы уақытқа дейін әркімнің құрастырған өтірігіне алданып келгеніме менің көзім анық жетті!  Не істеуім керек? Мені қинап тұрған «ертең кімді сендіре аламын» деген ой ғой. Бұлардан қалайда бір белгі алып қалуым керек! Менің тәуекелшілдігім ойымнан да ұшқыр боп кететін кездері бар... Кенет, қонышымдағы қанжарды суырып алдым да әлгі ғарыш кемелеріндегі көздердің бірін тұспалдап тұрып лақтырайын... /Бұл жерде далбаса болса да одан басқа әрекет жасау мүмкін емес./ Менің бұл әрекетім өзіме тиесілі сұмдықтың яки қызықтың басы болды: мен қолымды сол созған күйімше жарқабақтың басынан ұштым да кеттім... «Қап, сырын білмейтін, бейтаныс ортаға қанжар лақтырып нем бар еді» деп ойлануға да мұршам болған жоқ. Қаншама сасып қалсам да, менде енді қалғаны аяқ-қолдарымды жан-жағыма тарбайту ғана екендігін білдім. Сонда ғана мен өзімнің қонатын жеріме жұмсақтау түсемін, өлмеймін. Мен аяқ-қолдарымды жазып жібердім. Білген адамға бұл тіпті бір бөлек дүние, бөлек құштарлық. Мен қанаттарым жазылып, құдды бір мұзбалақ-қыранға ұқсап түпсіз тұңғиыққа қарай бет алған сияқтымын. Жарқабақтан секіру деген мұның қасында түк те емес. Мынау дегеніңіз рахаттың рахаты! Бірақ, бұл қуанышым ұзаққа бармады. Себебі, жағдайымды анықтаңқырасам, дәл қазір, ұшып келе жатқан сияқты емес, өзім ауасыз кеңістікте қалықтап тұрған секілді екенмін... Көздерім ашылмай қалыпты. Ары-бері қимылдауға әрекет жасап едім, онымнан түк шықпады. Аяқ-қолым тарбайып бір орында айналып тұрғаныма енді көзім анық жетті... Бұл ойларымды жинақтауға көп болса секундтың мыңнан біріндей ғана уақыт кетсе керек. Бір кезде мені бірдеме іліп кеткенін түйсігіммен сезініп қалдым...

*     *     *

     Құлағыма естілген күңгір-күңгір дауыстан оянып кеттім. Менде сақтық та бар. Көзімді жайлап ашсам, күңгірт бір бөлме ішінде жатқан секілдімін. Бөлмеде менен басқа ешкім жоқ. Аяқ-қолдарымды түгелдеп, башпайларыма дейін қимылдатып көрдім – бәрі орнында. Бір кезде әлгі дауыс «оянды» деді. Осы сөзден соң жаныма екі адам /мен бұл жерде жаңылысып отырмын, олар адамға ұқсамайды/ келді. Мен олардың толық бейнесін айта алмаймын, әйтеуір бір жылжитын мөлдір сұйықтық секілді, анық көрінбейді. Нобайлары қысқа екі аяқты, ұзынша екі қолды болу керек деп шамаладым. Бастары үлкен. Бұлардың екі шекесінде өзім бұрын көргендей шөлмек секілді құлақтары жоқ, есесіне алақандай көздері бар. Бірақ сөйлеген сөздері маған өте түсінікті болды:

     -Жер тұрғындарының бәрі осындай, - деді, әлгілердің бірі. – Бұлардың бәрі – ауру. Мынаның /мені айтып отыр/ жүрегі ауырады, миы шайқалған... Есерсоқтың қанжар лақтыруын көрдің бе?..

     Осы кезде екінші біреуі менің үстіме үңіліп, көкірегімді ашты да, жүрегімді суырып алды. Үшінші біреуі басымның қақпағын ашып миымды қопарды... Біреулер табақшаға салып менің қып-қызыл жүрегім мен ботқа секілді миымды бір жаққа алып кетті. Мен олардың бұл әрекеттерін тіпті де ауырсынған жоқпын. Бәрін өз көзіммен көріп жатырмын... Олар менің денемдегі шимайлап бұрын тігілген жерлердің бәрін де көрді, жұп-жұмсақ алақандарымен сипады. Қазандай-қазандай бастарын шайқады. Өздері, жүрістері қараңдаған елес сияқты болса да, олардың әрбір қимылын қадағалаудамын.

    Үстінде менің миым мен жүрегім кеткен табақша лезде қайтып келіп қалды. Көріп жатырмын. Жүрегімді менің көкірегімнен алған әлгі елес оны қайтадан қолына алып сипалай бастады. Оның бұл әрекеті маған ұнағаны сондай, қайталай берсе екен дедім. Ол көкірегімді ашып, жүрегімді орнына қойды. Миымды да дәл солай етті. Мен ендігі жерде өзімді сондай тың, тілмен айтып жеткізе алмастай басқаша сезіндім. Бұл жерден кеткім келмеді...

     Артынша: «болды, бара берсін...» деген сөзді де есіттім. Бұдан арғысын білмеймін.

*     *     *

     Есімді жисам, өзім түнде жанынан өтетін ғарыш қақпасы – таудағы тесіктастың жанында отыр екенмін. Бұл жолғы менің көргенім – құдды бір жайлы да жағымды түс  секілді болды. Бұрыңғыдай мені ешкім азаптаған жоқ. Мұның  бәрін түс дейін десем, көкірегім күмбірлеп тұр! Кейіннен көрдім, денемдегі тігістен қалған тыртықтардың ізі де қалмапты. Басымды ұстап көрсем – орнында! Миыма да бір беймәлім ғарыштық қуат қонып қалған секілді – санам шайдай ашық. Қанжарым мен қолшамдарым жанымда жатыр.

     Мен көкірегімдегі ол күмбірдің не екенін алғашқыда ұқпадым. Кейіннен ғой, көкірегім күй толғап, өлең – перінің қызына ғашық болып кеткенім...

    Таң ата Сүбебай досыма қайтып келдім.

    Досымның сондағы қуанғанын көрсеңдер...

    Бұл – 1980 жыл еді...

Қазақ тілінде жазылған