Бұзылған құлып
Оңтүстіктің ордасы, шырайлыда шұрайлы жасыл қала - Шымкент. Қазір мен
үшін емірене отырып еске алатын естелікке толы бір мың тоғыз жүз тоқсан
екінші жыл.Уақыттың құдіретіне кімнің шамасы келер дейсің?! Сол жылдар
бүгінде сағымға айналып барады. Өткеніме көз жүгірткенде езуіме күлкі
үйіріле кететін бір оқиға есіме жиі түсіп жүр. Аңқау да албырт студент
кезім. Мәдениет институтының екінші курсында оқып жүргенде, топтағы бір
досыммен тойға еріп бардым. Ол кезде мен үшін бұл үлкен мақтаныш.Ол
асаба, мен көмекшісі. Даладай дархан қазағым барын салып той қонақтарын
күтіп жүр. Біз болсақ жанымызды салып тойды думандатып жатырмыз. Мен
ән айтамын. Ән айтқан сайын қошемет мақтау естимін. Қызып алған халық
тағы да қолқа салады. Мен тағы да ән айтамын. Ішіне жүз грамм барған
ағаларым арқамнан қағып, кейбіреулері құшақтап кетіп жатыр. Қойшы,
әйтеуір сөйтіп тойдың ортасы болды. Бірінші тосттан тұрып қонақтар
билеуге шығып жатыр. Тойдың қыза түскен шағында жас шамасы отыздың
үстіндегі әдеміше келген, көздері ерекше қара, орташа бойлы жас келіншек
қасыма келді. Бірнәрсе айтқысы келгенін байқап тұрмын.
-Студентсің ба?-деді сыпайы, нәзік дауыспен күлімдей.
-Иә, театр факультетінде оқимын-дедім. Ол жақын маңдағы үйінен бір зат
алып келуге өтініш жасады.Үлкендер жұмсаса қарсы сөз айта алмайтын
тәрбием бар, оның үстіне қиылып сұрап тұрғаннан кейін бе екен жоқ дей
алмадым.Жас келіншек менен әр нәрсені бір сұрап әңгімеге айналдырып
келеді. Өзінің мінезі жайсаң, ашық адам екенін аңғардым. Екеуміз аяңдай
басып жеті қабатты үйге келдік. Пәтерге кіріп затты алып шыға бергеніміз
сол еді есіктің іштен жабылып, құлыпталып қалғанын көрдік. Жас келіншек
есігінің бұлай құлыпталып қалғаны осымен екінші рет екенін, жолдасына
жасау керек деп айтып тыңдата алмағанын айтып ақталып жатыр Содан екі
сағат әурелеп аша алмадық. Үйдегі ашуға жарайды-ау деген барлық затпен
байқап көрдік. Түк шықпаған соң сыртта тықыр естілсе болды, айқайлап
көмекке шақырдық. Ол кезде ұялы телефон да жоқ. Үйдің телефоны да
жасамайды екен. Терезеден шығайын десем жетінші қабатта тұрмыз.
Күздің қара суығы. Екеуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Жас келіншек менен
қысылып, ұят болдысын қайталап айтып пәтер ішін шарлап жүр. Оның ойы
тойдағылар іздеп қалды-ау болса, менің ойым тойдан күйеуі келсе не
ойлайды емес, студент болғасын ба қарын тойдыру. Төрт сағат бойы ән
айтып, көмекші болу оңай дейсіз бе?! Ішегім шұрылдап барады. Ас үй жаққа
қарап қоямын. Осы қылығымды қазір ойлап күлкім келеді. Қазіргі
студенттермен сол кездегі өзімді салыстырып қоямын.
Ол заманның студенттері басқа еді ғой...
Әлгі келіншек қысылып барады. Біресе есікке қарайды, біресе маған
қарайды. Тойдың аяқталатын уақыты таяп қалды. Үйге біреу келсе екен деп
ішімнен тілеп отырмын. Бірақ, тойдан үйге ешкім қайтпады. Біреу әдейілеп
сыртымыздан қамап қойғандай болды. Дәл кинодағыдай.
-Қап ұят болды ау, сені досың іздеп жатқан шығар-дейді келіншек.
-Әрине, енді не істейміз?- деймін мен.
-Білмеймін-деп, күрсінді ол.
Амалы таусылған келіншек ас үйге барып астың қамын жасады.Менің
арманым орындалып екеуміз кешкі асымызды ішіп ұйқыға жаттық.
Бөтен біреудің үйінде жатсынып ұйықтай алар емеспін. Күндізгі
шаршағаным бар ұйықтап кетіппін. Таң атты.Күннің көзі күлімдеп, көзімнен
қытықтап ұйқымнан еріксіз ояндым. Сабақ болса жөніне қалды.Көз алдыма
қатал апайымыздың келбеті еріксіз келіп, мазасыздана бастадым. Мен болсам
біреудің үйінде қамалып отырмын. Жас келіншектің дайындаған таңғы асына
да тәбетім болмады.Уақыт құрғыр да тоқтап қалғандай. Ішім пысқан мен
келіншекпен әңгіме айта бастадым.
-Сіздің шыныменде күйеуіңіз бар ма?-деп сұрадым мен үйдегі
тыныштықты меңзеп.
-Әрине бар, біздің үйленгенімізге 10жыл болды,бірақ баламыз әлі
жоқ-деді, келіншек көзі мөлдіреп. Аяп кеттім.Сұрақ қойғаныма өкініп,
қызарып кеттім. Аузыма түскені:
-Бұйырса болады, мұңаймаңыз.-дедім төмен қарап.
-Айтқаның келсін-деп, жас келіншек басын изеді. Шыныменде отбасы
құрғаннан кейін өмірге сәби келмесе, жұрт әйел адамды кінәлайды ғой.
Іштей түсіндім,бірақ одан әрі сөз айта алмадым.
Терезеден көзімді алмай, күннің қалай батқанын бақылып мен
отырмын. Кеш болды әлі жан адам жоқ. Қырсық қылғандай, әлгі келіншек
тыныш отырмай ас үйде бірдеңе жасап жүріп судың кранын байқамай
жұлып алыпты. Үйдің ішін су алып барады. Жарты сағат алысып суды
әрең тоқтаттық. Үсті-басым малмандай су болды. Енді жетпегені осы еді
деймін ішімнен. Шешініп кептіруге тура келді. Осы кезде есікті біреу қақты.
Қуанышымда шек болмады. Келген осы үйдің қожайыны екен. Шошып
кеттім. Мен іш киіммен тұрмын.Талай адамдар әйелін қызғанып өлтіріп жатыр. Басыма не бір жаман ойлар енді келді. Келіншек есіктің іштен ашылмай қалғанын айтып, айқайлап жатыр. Мен болсам қорқып қалтырып тұрмын. Ойша не болатынын елестетіп те үлгердім.Күйеуі сырттан адамдар шақырып есікті ашты. Қорықтым ба, әлде ұялдым ба, мен төргі бөлменің ішінен жауып ашпай қойдым. Балалық қой...Енді олар айқайлап есікті ұрып
жатыр. Ақыры не керек есікті ашып, көзімді жұмып, бетіме тиетін дәу
жұдырықты күтіп тұр ем, олай болмады. Қайта ол кісі неге екенін білмеймін
күлімдеп басымнан сипады. Мүмкін, келіншегіне қатты сыйлайтын, сенетін
адам болып шықты. Бейтаныс адамды іштей жақсы көріп кеттім. Үшеуміз
кешкі асымызды азан-қазан болып іштік.
Үйдің қожайыны да жақсы адам екен. Сөйтсек, олда тойда ішімдікті сілтеп
жүріп, досының үйіне барып, ұйықтап қалыпты. Кешегі тойдың қызығын
айтып ұзақ отырып қалыппыз,оның үстіне киімдерім кеуіп болмай тағы сол
үйге қонып қалдым.Таңертең тұрып сабаққа бардым. Мені көргеннің бәрі
адам көрмегендей бетіме бажырайып қарайды да: «Сені жоғалып кетті деп
еді. Қайдан келдің?» - деп сұрақтың астына алуда. Сөйтсем, қасымдағы
жігіттерекі күн бойы мені іздеп таба алмай, құқық қорғау бөліміне арыз
дайындап қойған екен. Осы оқиға есіме түскен сайын кино етіп те түсіргім
келеді. Негізі менің әр күнім кино сияқты...