Түгелбайдың түкірігі
Ырғызда нағашым тұрады. Шешемнің жан дегендегі жалғыз інісі. Әкімшілікте қызмет істейді. Түнде үйге телефон соғыпты. Ақтөбеде тұратын біреудің түкірігін сұраған. Түк түсінсем бұйырмасын...Шешем де шошып отыр. «Жалғыз інім ақылынан алжасып кеткен бе?» деп таң атқанша дөңбекшіп шықты.
Таң алдында біреу есік қағып тұр. Аштым. Нағашым Алпысбай екен.
-Ассалаумағалейкум! Қош келдіңіз, үйге кіріңіз.
- Тыссс... Уағалейкумассалам, ақ жиен. Үйге кіретіндей уақытым жоқ. Көлігің жүріп тұр ма?-деді аузын қолымен басып.
Кешегі телефон арқылы айтқан әңгімесі де біртүрлі еді. Күдіктене
бастадым. Сау адам түкірік сұрамайды ғой.
-Нағашы, тым асығыс екенсіз. Ең болмаса жалғыз апаңызбен амандаспайсыз ба?-дедім күліп. Үйде кәрі жездесі де бар, менің әкемді айтамын.
-Ойбай, асығыспын. Кейін,-деген нағашым мені қолымнан сүйреп сыртқа шығарды.
“Ешкімге айтпаймын”–деп, уәде берші?-деді нағашым қиылып.
-Аманшылық па?
-Уәде бересің бе?
-Жарайды. Бірақ, ауыз жабатын бірдеңе бола ма?- дедім қалжыңдап.
Түріне қарасам, әбіржіп кеткен. Таң атқанша түнгі клубта жүрген бойжеткен сияқты. Тегін жүрмегені көзінен-ақ көрініп тұр. Бұрын үйге жарқылдап келетін.
-Үйтілген семіз қой,-деді нағашым құлағыма сыбырлап. Келістім.
Бүгін жексенбі. Үйдегілер әлі төсектен тұра қоймаған еді. Ақырын ауланың қақпасын ашып, нағашым екеуміз зытып отырдық.
Машинада келе жатып, бірдеңе бүлдіріп алды ма екен?- деп ойлап қоямын. Аудандағы майлы шелпек бір мекеменің бастығы еді. Біреуден пара аламын деп басы пәлеге қалған шығар?-деген ой шақшадай басымды мазалап жатыр. Бір көшеден өткен соң, нағашым тіл қатты:
-Сені танымайтын адам жоқ. Атың жер жарады,-деп бастады әнгімесін нағашым. –Еее,-дедім ішімнен, айтқаным келді. Сот пен прокуратурада танысың бар ма?- деп сұрайын деп тұр ғой, мынауың...
-Ақтөбеде Түгелбай деген емшіні танисың ба?-деді сыбырлап. Селк ете қалдым. Жаңағы ойларым жан-жаққа қашып кетті.
-Немене, бір жерің ауырып қалды ма?-деп көліктің тежегішін бастым.
-Байғұс нағашым жаман ауруға тап болған ғой. Бәсе, үйге кірмеуі жаман еді. Жалғыз апасының көңілін түсіргісі келмеген екен. Менің нағашым азамат қой,-деп қатты аядым. Көзімнен домалап жерге бір тамшы жас ағып түсті.
-Ауру емеспін. Денім сау,-деді ол. Қуанып кеттім. Жаман ойларымды дереу шашыратып жібердім. Көліктің жылдамдығын қайта үдеттім.
-Денің сау болса, емші не керек?- дедім жұлып алғандай.
-Ойбай, біздің ауданға жаңа әкім келді. Ол қолынан іс келмейтін жалқауларды тырқыратып қуып жатыр.
-Сіз жұмысқа жақсы едіңіз ғой,-дедім көңілін жұбатып.
-Жақсысы жақсымын ғой. Дегенмен бір амалын жасауым керек.
-Ол қандай амал?
-Ақтөбеде Түгелбай деген емші бар екен, сол кісінің түкірігі себеп болады дейді. Әкім ауысқалы қызметтегі ірілі-уақты бастықтардың бәрі соны іздеп кетті.
-Қалайша?
-Түгелбайға түкіртіп алсаң, жұмыс орның сақталады екен,-деді нағашым жымиып.
Түгелбай туралы естігенім бар еді. Таныстарыма телефон шалып, мекенжайын әрең тауып алдым. Сүйтсек, мұнда кезек күткендер көп екен.
Соңы болып біз тіркелдік. Алдымызда жүзден аса адам бар. Мені көріп, кейбіреулер танып та жатыр.
-Мынау әлгі әртіс бала ғой, театрдың директоры,-деді көзілдірік киген бір көлемді апай. Түрі таныс. Көп кеңсенің бірінен көрдім осы кісіні...
-Бұл бейшара да Түгелбайға түкіртейін деп келген шығар? Жақында мәдениет саласында ауыс-түйіс болып еді ғой,–деп кезекте тұрғандар шулап кетті.
-Жұлдыз болсаң жұлдыз шығарсың. Бірақ кезексіз аяқ баспайсың,-деп бір дәу қара кісі жұдырығын түйді. Кескінін шырамытып тұрмын. Ееее, енді таныдым. Облыста он бес жыл бойы бір үлкен мекемені басқарып отырған кісі. Маған қарап бедірейіп тұр.
-Кешіріңіздер, мен кірмеймін. Мына қасымдағы нағашым қаралады,-дедім.
Сол-ақ екен емшінің бөлмесінен бір адам аһылап-үһілеп шықты. Оның да жүзі таныс. Бірақ беті түкірік-түкірік. Әкімиятта істейтін адам, әйтеуір.
Түгелбай емші дем салғанда бірінші басшының бетіне, қалғандарының артына түкіреді екен. Жан-жағыма анықтап көз жүгіртіп едім, мұнда кезек күтіп тұрғандардың арасында қарапайым адам жоқ. Өңкей мекеме басшылары мен ауданнан келген шенеуніктер. Біреулері жұмыс орнынан қысқарып қалмауы үшін, қайта-қайта түкіртіп жатыр. Алыс ауданнан келген бір қызметкердің бетіне түкірігі таусылған Түкең қақырып жіберіпті. Бірақ ол қызметкер мәз. Орынтағы сақталса болды.
-Бұлардың бәріне бірдеңе болған,- дейді Түгелбайдың үйіндегі жеңгей танауын көтеріп. Өзі қарға аунаған түлкідей құлпырып кетіпті. Байының табысы екі еселенген сияқты. Келушілердің саны әлі де азаяр емес. Үйдің кіреберісінде «Зейнеткер басшылар кезексіз қабылданады» деген жазу іліп қойыпты.
Бір кезде менің нағашымның кезегі де жетті-ау... Есікке қарай ұмтыла бергені сол еді, іштен емшінің көмекші қызы шығып:
-Кешіріңіздер, ағайдың түкірігі
таусылып қалды. Бүгін қабылдамайды,-деді. Кезекте тұрғандар улап-шулап жылап қоя берді.
-Құдай-ай, зейнетке шығуыма бір жыл қалып еді. Жаңа әкім орнымнан қозғамаса екен деп келіп едім. Енді қайттім?-деп бір әйел дауыс етті. Лауазымды мекемеден келген бес қатын жер тепкілеп жылап жатыр. Бір ауданның әкімі осы арада түнеп жатып, табақтай бетіне бес күн бойы түкіртіпті.
-Түгелбайдың түкірігін құртқан осы,- деп барлығы жабыла кетті. Беті табақтай әкім тұра қашты. Қарсы алдымнан бір мектептің директоры шыға келді. Оның да бетінің сау жері жоқ. Аямай түкіртіпті. Қуанышында шек жоқ. Түгелбайдың түкірігіне сенімі мол. Ал менің нағашым болса, түкіріктің таусылып қалғанын естіп, үйдің бұрышында еңкілдеп жылап отыр.
-Жыламаңыз, жүріңіз. Түгелбайдың түкірігі жиналғасын өзім ыдысқа түкіртіп, Ырғызға беріп жіберемін, -деп әзер көндірдім.
Нағашым ауылына кетті. Бір аптадан соң, уәдем бойынша түкірікті жеткізіп бердім. Аудан әкімі қорытынды жиналыста менің нағашымның жұмысына жақсы баға беріп, өз орнында қалдырыпты. Ол қуанғаннан маған семіз қойын сойып, беріп жіберіпті.
Бірақ... Шынымды айтсам, ол түкірік Түгелбайдікі емес, менің түкірігім еді. Сонда мен де тегін адам болмадым-ау...