Адам қарады: 222 | Жарияланды: 2017-03-14 03:22:41

Вирус

Жаз. Түнгі ашық аспан. Жымың қаққан жұлдыздар. Далада сәкінің үстінде шалқамнан жатырмын. Жұмыс жоқ. Рахат. Бір кезде аспаннан төменге қарай бір комета жерге қарай зуылдап келеді. Тарс етіп  төбеде жарылды . Ауданның жарығы өшіп қалды. Тура фантастикалық кинодағыдай болды. Ойланып жатып ұйықтап кетіппін. Таңертең көшеде біреу айқайлап өлең айтып жүр, оянып кеттім.

-Кімде үй жоқ үй беремін, халайық кімнің баспанасы жоқ, тез менің кабинетіме келіңдер-дейді. Жүгіріп қақпадан шықтым. Жүзі таныс, сүйтсем аудандық тұрғын үймен қамту бөлімінің бастығы Қошан екен.

-Ассалаумағалейкум, аға

-Уағалейкумассалам, айналайын үй керек пе?

-Үй, әрине. Бірақ мен кезекке тұрмаған едім

-Кезектің түкке керегі жоқ, маған кабинетіме кел, жүр –деп, қолымнан шап беріп жетектеп жұмыс орнына апарды да, тартпасынан бір бума кілттің ішінен екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстата салды. Мынау өңім бе, түсім бе? Содан сыртқа шыға беріп едім, ауданның әкімі Талтаңбай алдымнан ербең етіп шыға келді.

-О, қалайсың бауырым?-деп, әкім кең құшағын жайды.

-Жақсы шүкірмін-дедім, күбірлеп. Былтыр қабылдауына барғанымда көзінің қиығын да салмап еді. Тап қазір мені құшақтап, бетімнен сүйіп алғысы келіп тұр. Түсі жылы. Жүзі жарқын.

-Саған жұмыс керек па?

-Неге? А, қалайша?

-Қызметің бар ма?

-Қайдан болсын, аяқты аспанға көтеріп үйде алаңсыз жатқаныма алты ай болды. Сіз мені біреумен шатастырып тұрған жоқсыз ба?

-Жоқ-деді де, әкім кабинетіне апарды. Мен аң-таңмын. Бұларға бірдеңе болған ба? Жынды дейін десем, түрлері әп-әсем. Беттері шырайлы.

-Саған өзі қандай қызмет ұнайды?-деді, арқамнан қағып. Шынымды айтсам арқам жыбырлап қышып кетті. Не айтарымды білмедім.

-Әйтеуір, жан бағатын жұмыс болса болды ғой-дедім

-Жарайды, таңертең келерсің. Бір үлкен мекемеге басшы боласың.

-Сізге не дерімді білмей тұрмын?

-Ештеңе де керек емес, қызметпен бірге әйелімнің атындағы мейрамханамды да саған беремін, әкімдер халықты алдамайды-деді. Екі көзім бадырайып, аузым ашылып мыштай боп қалдым.

-Рахмет-деп, кабинетінен қуанып шықтым. Аяқ астынан пәтерлі, жұмысты  болдым. Мейрамхана туралы үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін еді. Енді қуанышым ішіме сыймай барады. Көшеде адам толып жүр. Бәрі бір-бірін құшақтап, ілтипат көрсетіп мәз. Қалалық емхананың бас дәрігері аузы апандай Топан халыққа қымбат дәрілерін тегін үлестіріп жатыр. Бір кезде біреу арқамнан қақты. Аудандағы атақты бизнесмен Тоңбай екен.

-Осы саған ақша керек па?

-Несиеге ме?

-Жоқ

-Қанша пайызға?

-Жоқ, тегін

-Тегіні қалай?

-Менде ақша пішен, теңге керек па, доллар керек өзің таңда?

-Ааа, рас айтасыз ба?

-Әрине, көңілің қанша қалап тұр?

-Өзіңіз біліңіз

-Жарайды, мә ала ғой, деп бір бума көк қағазды қойныма тығып жіберді. Тұла-бойым шым ете қалды. Шыныменде бұл қалай? Адамдар қуып кетті ма?

-Қаражат керек болса келіп тұр-деді Тоңбай. Бір күнде басыма бақ қонды. Жан-жағыма қарасам, басқа халықта жұмыс пен қаражатқа қарық болып жатыр. Үйге жақындап қалып едім, алдымнан бес әйелі бар, банк директоры Сәлімбай шыға келді. Көзі адал, бетінен нұр тамып тұр.

-О, айналайын амансың ба? Қайда асығып барасың?

-Үйге

-Саған бір әйелімді берсем бола ма?

-Ойбай аға, рахмет үйдегі бір қатынға ие болсам сол де жетеді ғой.

-Артық болмайды

-Жоқ, аға рахмет-деп, әрең қашып құтылдым. Көшенің арғы бетінде жеті баласы бар Жоңышгүл жеңгем мәз. Оған бір бай коттеджін сыйлапты. Қара жаяу жүрген етікші Қоңқыш астына джип мініп шалқайып кетіп барады. Сонымен бір күнде ауданның тұрғындары байып, жағдайлары елу жылға түзеліп кетті. Айтпақшы, қыста қар сұрасаң жоқ дейтін, дүкенші көршім, үйге бір қап ұн мен бір қап құм шекер әкеліп тастапты. Әліме қарамай мен де біреуге бірдеңе бергім келіп барады. Әншейінде, «үйде түк жоқ» әйелім соғымнан қалған сұр етті асып, көшеде таратып жүр. Сүйтсем, мұның бәріне түнде аспанда жарылған кометаның әсері екен. Комета айдың арғы бетінен жұқпалы вирус әкеліпті. Әйтеуір, «Эбола», «Зомби» секілді қауіпті емес. Аузыңнан ақ көбік ағып, көзің қызармайды. Адамды ақ көңіл, ақ жарқын ететін вирус. Бұл дертті жұқтырған адам ешкімнің жұмысына араласып, аяғынан шалмайды екен. Кызғаныш, тойымсыздық, көре алмаушылық қасиеттер адам ағзасынан бірден жойылады екен. Әзірге ешқандай емі жоқ көрінеді. Болмағаны да дұрыс. Дем арасында бұл дерт барлық қазақ жеріне тарап кетіпті. Вирус әсіресе, жоғарыда шалқайып отырған мекеме басшылары мен шіріген байларға тезірек жұқса екен деп, қара халық құдайдан тілеп отыр...

Қазақ тілінде жазылған