Тіршілік
Алтайдың қысы ақ көрпесімен даланы қымтап, орап тастаған.Аппақ жамылғы боз аспанмен астасып, айналасы жұп-жұмыр, аузы-мұрны жоқ отау сияқтанады. Ал, етектегі елді мекен сол алып қауыздың құйттай дәнектері сияқты бір жерге ұйлығып қалған. Елді мекен деген аты болмаса бүгінде заты жоқ. Бір кездері әжептәуір тіршілігі бар бөлімше болатын. Енді сол бөлімше бөліне-бөліне, жұрты тарай-тарай төрт-бес үй қалған. Нарық деген алпауыт тып-тыныш жатқан елдің тұрмысын шайқап-шайқап тарыдай шашып жіберген. Күн көріс қамымен ел тау асып, даладан қалаға ойысқан.Әл-ауқаты барлар опырыла көшкен.
Отырып қалғандардың бірі «төрімізден көріміз жақын» дейтін Жарқынай кемпір және шалы Рақыш. Ержеткен ұл-қыздарының «қайдасың қала?» деп, құйрықтарын қайқайта, сәйгелден қайтқан сиырдай кеткендері қашан?! Үлкен қыздары Үкіш осы бірнеше жылдың жүзінде бір хат жазып, «күйеуге шықтым» деген, шамалы уақыттан соң «қызды болдым» деген хабар жіберіпті. Кемпір мен шал «Ия, алла, ұрпақтарымды өсіріп, өркендете гөр! Жарылқап жанды, есіркеп малды қыла гөр»,- деп бір Аллаға жалбарынып, сырттарынан тілеулерін тілеп отырған-ды. Содан біраз жыл бұрын тағы да хабарсыз кеткен қыздары бір күні талдырмаш, жас өспірім қызды әкеліп, «Бірдеңе ғып бағыңдар, мен басқа күйеуге шықпақпын, сендерге де жұмсарға бір адам керек. Жолыма кедергі болатын түрі бар»,- деп әкеліп тастағанына талай күндер куә. Қыз байғұстың не құлағы естімейтінін, не тілі жоқ екенін білгеннен кейін ауылдағылардың «Меңіреу» деп атап кеткеніне де бағзы бір уақыт өткен.Бүгінде сол қыз кемпір-шалдың қолқанаты, жандарын тындырып, үй-ішін күтіп, қариялардың үсті-басын мұнтаздай етіп ұстап отыр.Қолынан келмейтіні жоқ. Үкінікіндей дөңгелек көздері тұнжырап, мөлдірейді де тұрады. «Бұл пендемді мылқау, керең еттім, енді көріктен құр қалдырмай-ақ қояйын» дегендей АллаҺ оны тал шыбықтай бұралтып, көздің жанарын, адамның назарын аударатындай әсем, сүйкімді етіп жаратқан. «Балаларымыздан қайыр болмайтынын білген Алла- тағала жиеннен жақсылық көрсін деген шығар»,- деп қартайған шақта, шәй қойып ішуге шамалары келмей қалған сәттерінде қариялар бұған неге риза болмасын,соған шын ниеттерімен қуанышта болатын!
Тау сағасында тұрған ауылдың тағы бір тұрғыны Серікқұл.Әкесі Берікқұл өзіне серік болсын деп осылай атаған екен. Сол Серікқұлдың серіксіз қалғанына да бес-алты жылдың айналасы болып қалды. Өз кіндігінен тараған екі қыз, бір ұл да қалаға қарай оқу, жұмыс іздеп кеткен еді. Содан тұрақтап қалып, ауылға қайтпады. «Қыз байына, ұл жайына...» дегендей өз күнін күйттеп жүріп жатқан-ды. Алыстағы, ақ қарға көмілген ауылға пошта да келмейді. Хабар-ошарсыз болғанына да көп болды. Әйелі Естігүл қайтқалы бері мал-жан, үй-ішінің тірлігі бір мойнында. Қуаты қайтпаған еңгезердей, батыр денелі Серікқұлдың малы-малына қосылып, жыл сайын көбейе түскен.Сауылатын сиырлардың да қатары молайып, егіз-сегізден төлдеп, әбден мал басты болып қалған.
Сиырларды күрп-күрп сауып, сүтін тартып, қарын-қарын сары майын, қап-қап құртын бұрын аудан орталығы болған қалашыққа апарып, ақша жасап қайтады.Пұл салған қапшықтың да бүйірі бұлтиып, қалыңдай түскен. Атына теңдеп, ұн-шайын, қант-кәмпитін ала келеді. Бір жаппа наны бірталайға жетеді. Қарны тоқ, уайым – қайғысы жоқ болған соң өзі де бүйрекбеттеніп, қызыл-шырайланып, мұрты жылтырап, қоңдана бастаған.
-Үйімнің іші әйел өлгелі көк сасып, ыс тұрып, кірлеп кетті...... Мына жиендерің әйел заты ғой, маған қолғабыс беріп, үй-жайымды бір ретке келтіріп берсінші, ақысын жемеспін,-деп кемпір-шалдан меңіреу қызды сұрап алып келіп, ымдап ұқтырып, нені қалай істейтіндігін түсіндірген болатын.Содан бері Меңіреу де өзіне тиесілі, жұмыстай-ақ көрші үйге де жүгіріп, Серікқұлдың қолынан әйел тірлігінің біразын алып, қолы босап, мойны жеңілдеп қалған болатын. Қырау басқан терезенің аяз салған суретін жайлап қыра-қыра үңіліп, Рақыш шалдың жертөлеге ұқсап қалған үйі жағына қарап, Меңіреуді күтетін әдет тауып алған еді бұл соңғы уақытта.Міне,бүгін тағы сөйтті. Жертөленің есігінен шығып, өз үйіне бет алған қызды көргенде баяғы жас кезіндегідей бойына ыстық қан жүгірді. Жас қайыңдай майысып, ырғала басып келе жатқан қызға әдеттегіден өзгеше көзбен қарап, құлын мүшелеріне көз тігіп, үйіне кіргеннен ішіп-жеп, жанарымен тояттады.Қырдан алып келген тәттілерін үстелге қойып, қыз үй тіршіліктерін, оны-мұны шаруашылықтарын реттегенше дастархан жасап қойды. Ымдап, шай іш дегенді айтайын деп еді, қарай қоймады. Жәйлап қолынан ұстап, өзіне қаратқаннан кейін, тұп-тұнық көздердің шошына қарағанын, селк етіп, секем алғанын сезді. Еріксіз құшағына тарта түсті. Алпысты алқымдаса да қызуы бойынан қайтпаған еркекті табиғи талап еркіне қоймай, аяушылық сезімін тапап өткендей... Айдындай мөлдіреген жанарлары жасындай жарқ етіп, селк ете қалғанымен қыз қимылсыз тұр. Басына қаны теуіп, құлағы шыңылдап, көзі қарайды Серікқұлдың. Жазықсыз жанға, еліктің лағындай жаутаңдап тұрған мұңлыққа деген аяныш сезімді құйындап келген нәпсі дауылы жеңді. Әлсіз, иілген жағына қарай майысқан нәзік денені қолынан келгенше умаждады. Дәл осындай құнығып, дәл осындай нәпсі рахатын көрмегендей, әбден аймалап, шаршап құлағанша әуреледі. Ыңырсып жылаған қыз талмаусыраған ба, үнсіз. Нәзік тұла бойы жансыз қалды ма, әлде мойынсұнғандықтан ба әйтеуір, көзі жұмулы.Шалқалап жатқан қызды өзіне тартып еді, құшағына құлады.Бұла бойы бұлқынбады. «Оның жаны да рахат күйін шерткендей ме, әлде...»- деген оймен жіңішке, аппақ білекті кеудесіне салып еді ,ол қайтып алмады.Аптығы басылып, алқынғаны қойып,есіне келген соң алдына алып, сүмбі талдай иілген бойжеткенді балаша әлдиледі.Ана әлпешінің, әке ықыласының тапшылығы ма, аялай түссе екен дегендей қыз да ер мойнына білегін орай, қапсыра құшақтады. Көздері жұмылғанымен көңілі ояу,өзіне пана, жанына демеу тапқандай әсерде.Одан басқа ештеңе ойлауға құлқы жоқ.
Ертегідей өткен сол бір сәттің елесімен Серікқұл да бірнеше күн бойы бей-жай күйде жүрді.Бірақ әдеттегідей шалдың есігі ашылмады,бойжеткен мұның үйіне қарай бет алмады. Беттің арын белге байлап, көпті көрген басалқы емес пе, кемпір- шалдың үйіне кіріп барды.Жанары жалт етіп, есіктен кірген Серікқұлға қараған қыздың жүзіне қуаныш реңкі ұялағандай болды. «Бірнеше күннен бері неғып кірмей қалдың ?Көрші ауырып- сырқап қалды ма?»-деп кемпірден сұраймын дегенді айтып шал қаңғалақтап жатыр. Серікқұлдың жүрегі орнына түсті. Кемпір-шалдан келіп- кетер кикілжің көрінбейтін сияқты.Тіпті соның болмайтынына сенімді де еді.Өйткені, олардың азын-аулақ малдарын қарар адам болмаған соң, өсімінен еңбегіңді аларсың деп осы Серікқұлға табыстап қойған. Ит –құстан аман сақтап, күзетіп, бағып, жайып жүрген көршілеріне ризашылықтарын білдіріп, рахметін жаудырғаннан басқа қолдан келетін амалдарының жоқ екенін бұлар да түсінетін.
Серікқұл үшін түн күнге ауысқандай. Түнімен малдарды күзетіп шығады. Таудан анталаған аш қасқырдан жиі-жиі мылтық атып қана қорғана алады. Қалың қардан жемтік таба алмаған аш бөрілердің етектегі үйлердің малына көз тігіп, аңдығандарына біраз болды.Топ-топ болып, шоқыда шоқиып отырып алып ұлидай келіп... ауууу- ауууу... Бұл болса олардың ұлығанына жауап қайтарғандай әлсін - әлсін тысқа шығып меңірейіп-меңірейіп тұрған құз- шыңдарды, тау-тасты бір сілкіндіріп қояды. Соны аңдып тұрғандай жаңғырық мылтық даусын іліп алып, тау – тасты аралатып әкетеді. Бірін –бірі қайталай жартастар біразға дейін өздерінің тыныштықтарын бұзғанға наразылықтарын білдіргендей ащы дауысты қақпақылдап жібермей тұрар еді.
Күндіз терезеден түскен, сәулелі жарық күннің шуағына шомыла жатып, бойжеткенді құшып, мауқын басады. Әйел қолынан құйылған шай ішуді ұмытып қалғанын есіне ала отырып, сораптап, ұзақ шай ішеді. Қырдан әкелген тәттілерін қыздың аузына тосып , оның үлбіреген әдемі еріндерімен сүйірлете сорғанын көріп,балаша қуанады. Тіршіліктің беті түзеліп, бояуы қанығып, әдемі рең алғандай, мына баз дүниеде екеуінен басқа ешкім жоқтай..., дәл осы сәтте бұларға шынымен- ақ ешкімнің де қажеті жоқ болатын. Тылсым әлем, қар жапқан дала, өлі тыныштық, табиғаттың төл перзенттері әйел және еркек. Адам -ата мен Хауа -ана тәріздес... Күндер өткен сайын олар бір-біріне әбден үйренісіп қалды. Бірін-бірі аңсай күтіп, сағына қауышатын болды.
Міне, тағы да Алтайдың ақ түтек бораны басталғалы бірнеше күннің жүзі.Мал да, жан да тырп етпей мүлгуде.Боран езуінен ысқырып, «қане, маған кім бар қарсы келетін?»-дегендей қаҺарына міне түскен. Жер астынан шыққандай ирелеңдеп, созалаңдап қатар тұрған екі түтін ғана аспанға өрлейді. Сол екеуі тіршіліктің нышанын танытқандай.Бүкіл аспан мен жер асты астасып, тұтасып ақ әлемге айналғандай... Биыл бұл өңірде қыс қатты болып тұр. Ат бауырынан асып түскен қарды омбылап, екі үйдің ортасында жүретін екі-ақ адам. Бүкіл тіршіліктің үміт жібін жалғастырып, өмір атты үлкен сахнаның басты кейіпкерлері рөлін ойнаушылар да осылар. Сүю, сағыну, бірін-бірі аңсау бар жерде торығу, жабығу, үмітсіздік дегендерге орын жоқ екендігін тіршілік шіркін тағы бір дәлелдегендей.Өмірге, өмір сүруге деген махаббат оты да қоздап жалындай түскендей.
Дүлей табиғат та, маң дала да, түксиген таулар да осы бір адамзат сезіміне , өзге тіршілік иелерінен осындай «махаббат» атты ерекшеліктері бар адамға қызғана әрі қызыға қарағандай...
Әлде бір тосын сезім қыз бойын билегелі бірталай уақыт болды.Тал шыбықтай белі толысып, аяқ-қолы жұмырланып, өңінде шырай көбейгенін «сәл толысқаным жақсы ғой» деп ойлап қойған болатын. Енді түннің бір уағында біреу түртіп қалғандай оянады. Шынымен- ақ түртеді, ал қозғалып жатқан болашақтың өкілі, өмір жалғасы, тұла бойы тұңғышы екенін көпке дейін біле алмады. Кейіннен барып омырауға сүт толып, құрсақтағы сәби өсе бастағанда ғана қуаныштан көзіне жас келді.Өзінің ана болатынына шексіз қуанған.Көңіл қабаттарының тереңінен көтерілген ана болу бақытын сезініп, жаны жай тапқандай.Сол бір бүкіл адамзат мойынсұнатын қасиетті сезімнің бесігінде тербелгеніне дән риза болатын. Сөзін айта алмаса да жан дүниесінен шығып жататын әлди әуенін өзі іштей ұзақ тыңдап, айта-айта
шаршап, ұйықтап қалатын. Өз бойындағы өзгерістерді байқамады ма дегендей оның қарулы қолдарын іш тұсына апарып қояр еді, «қыспа мені» дегендей дереу құрсақтағы сәби бұлқынар еді. Екеуі де мәз болатын соған.Риясыз қуанатын.
Уілдеген боран шегіне жетіп, ұйытқыған жел де саябыр тапқан. Енді мүліген тыныштық орнап, адуын мінез басылып, табиғаттың Жер-перзенті ақ көрпенің астында қалғып, мүлгіп, ұйқылы -ояу жатыр.Таулар да момақансып, жуаси қапты. Бәрінің үстінен тәкәббар қарап тұратын шың ғана тасты жара жайғасып алған шынар қызбен сыбырласып, сырласып тұрғандай...
Меңіреу қыз, меңіреу тыныштық, меңіреу табиғат... Тек адами тіршілік қана осынау меңіреу дүниенің түңілдігін сырып тастап, ары қарай жалғасуда...