Балаға хат
Өмір-өзен ағып кетіп жатыр. Өтіп жатқан күндер анау мидай даладағы құмға сіңгендей жоқ... Қайтып оралта да, көре де алмайсың... Алайда, санаңда сағымдай бұлдырап, сол күндердің естеліктері қалады екен... Өз- өзімнен жымиып, езу тартамын. Сендердің томпиған түрлерің, қолдарың, барбиған саусақтарың қандай тәтті еді... Күні бойы сәл қышқылы бар уыз иістеріңді иіскеп, сүйе беретінмін. Алғаш тілдерің шыққандағы сәтке ештеңені айырбастамайтыным хақ. Қандай бақытты күндер еді...
Сәбидің ана бойына біткеннен бастап тіршілігі бірге жүреді, жүрегі бірге соғады. Тұла бойынан бөлініп шыққаннан нәрестенің ары қарайғы тірлігі де сол ананың қамқор-құзырында. Абайдың әжесі Зеренің аузына салынған (мүмкін шыққан) мынадай бір сөз бар екен: «Бала тапқанның бәрі ана бола алмайды» деген. Сол айтқандай, бүгіндері жатырынан шыққан нәрестені қоқысқа лақтырып, өлтіріп жатқан, балалар үйіне тастап кетіп, өз қарабасының қанағаты үшін өгей әке қолына тапсырып, аяусыз ұрып-соғып жатқандар қаншама?! Оларды ана деуге ешкімнің де аузы бармас... Бірді айтып, бірге кеттім-ау...
Балапандарым, менің... Сендердің алғашқы уілдегендерің, маған келгілерің келіп талпынғандарың, неше түрлі қылықтар шыға бастаған сәттерің бәрі-бәрі көз алдымда. Қаңғалақтап қадам басып бара жатқаныңда құлап түсер ме екен деп, жан-дәрмен, жүрегім аузыма тығылып, талай ұмтылдым-ау... Жазатайым құлап қалсаң, соғып алған жеріңнің ауырғанын жаныммен сезініп, жанарға жас үйірілетін, аяқастынан шікірттеніп, ауыра қалсаңдар бірге ауырдым ғой... Әлдебір тәтті, дәмді бірдеңе қолға түсе қалса «құлындарым жесінші» деп титтәй түйіріне дейін сендерге сақтап, тәбетке тиым салушы едім...
Жылға жыл қосылып есейе бастадыңдар. Хат танытып, сабақтарыңды қаратып, білгенімді үйретіп әбігер болушы ем... Сондай бір күндерде қатты ұрысыппын ғой, оны анадағы бір әңгімелеріңнен байқап қалдым. Майлы жерден бір тартатыным бар еді, әбден сендер есіріп кеткенде. Сөйттім бе екен!? Өйткенше, қолы құрғыр неге түсіп қалмады екен?! Енді соған өкініп отырмын.
Ең кішкентайымды бір қолтығыма қысып, біреуіне етегімнен ұстатып, бір қолыммен ас дайындап, күнде ауыстыруға жетіспейтін киім-кешектерді түнімен жуып, кептіріп, өтектеп, ертеңгісін әп-әйбат қып біріңді мектепке, біріңді балабақшаға жеткізіп, әрі қарай тіршіліктің қарекетіне беттеп, «кешікпейін, бастықтан сөз естімейін» деп емпеңдеп, жартылай жүгіріп, екі өкпемді қолыма алып қызметіме жетуші едім... Жұмыстан қайтқанша сағынып, ет жүрегім елжіреп, сендерді көргенше асық болатынмын. Жол-жөнекей кешкі ас мәзірлерін ала-мала, бір қолыммен сендерді жетектеп, қазақтардың қабатына (5-қабат) көтеріліп, күні бойғы шаршау бар, әлсіреу бар (қай бір тоя тамақ іштік дейсің...) үйге кіретінмін, сонда да бақытты едім. Өйткені ,менің дем беретін қуат күшім, сендер бар едіңдер.
Кешкі дастарханда бас қосып бірге ас ішкен қандай мереке еді... «Тамақ дайын боп қалды, ішіп бірақ кетсеңдерші», - деп үлкендеу ыдысқа құйып жіберіп, әрлі-берлі шайқап, суытып үлгеретінмін. Бірақ, сендер асығып тұрғансыңдар, сонан соң да менің асыма қарамадыңдар. Ертеңгісін бәріңді шығарып сап, кешкісін қарсы алу, үй ішінен тәтті-дәмді бір иістерді аңқытып, сендердің көңіл-күйлеріңді жадыратар әрекет жасайын деп жанталасып жүгіретінмін... Алайда, кешке қарай қарсы алатын да ешкім болмай қалушы еді... Өйткені біреуіңді дос-жолдастарың, біріңді қыз, жігіт күтіп дегендей, әркімнің өз шаруасы табылатын. Мұңая отырып, бір өзім шай ішетінмін.
Шаш ағарды, бетті әжім басты. Денсаулық сыр бере бастады. Аяқтардың баяғы жылдамдығы азайып, шау тарттым.Сонда да балаларыма қызмет етейін, соларға жылы болсын, солар тоқ болсын, солар қиналып қалмасын деп әрекеттене бердім.Қызметтен оралған балаларымды қарсы алғым-ақ келеді..., бірақ табиғаттың заңдылығын аттауға қақым жоқ, әйелдері қарсы алады. Есіктен шығып бара жатқанда да зайыбымен қоштасып алсын, кедергі жасамайын деп бөлмеме кіріп кетемін. «Анашым, мен кетіп барамын» деген бір ауыз сөзді естіп, «Жасаған жолыңды оң қылсын, Алладан шапағат болсын!» дегенді айтамын деп күтіп отырамын. Бірақ, олай болмай қалады, іштей тілеп тілектерімді, налып, көзіме жас тығылады. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп бабаларымыз осының бәрін бастарынан өткерген соң айтқан екен ғой...
Сонан соң тағы да бөлмемнің есігі ашылып: «Анашым, қалың қалай?» деген сөзді біреуі болмаса біреуі айтар деп күтемін. Жарайды, заманның өзі де арпалысқан күндерге алмасып кеткен ғой, мүмкін шаршап жүрген болар... Осы мен де қызықпын! Өкпелегім келіп тұратыны несі? Қартайғанның белгісі ғой... Оны айтасың, кейде еркелегім де келеді. «Ана жерім ауырып, мына жерім ауырып, мазамның болмай тұрғаны-ай!...» деп қаламын сөз арасында. Ондағы қулығым: «Ой, қай жеріңіз? Не боп қалды? Ауырмашы, анашым, сен бізге керексің...»,- деген бір ауыз шипалы, дуалы сөзді күту болатын. Алайда,оны естімеймін, мүмкін естімей қалармын...
Дәлізде қыбыр-жыбыр көбейіп, әлдебір көлемді қапшықтарды қолына алып, келін өте шықты. Мойнымды бұрып қарап жатырмын мен де. Сәлден соң немерелер жаңа бірдеңелерді киіп, қолдарына әлдене заттарды ұстап шығып жатты... «Е..., дүкен аралап келген екен ғой... Анашым, мына орамалды сізге алдым...»,- деп маған да бірдеңе беретін шығар деп дәмеленіп қалдым.
- Төріңнен көрің жуық қой, бейбақ, саған дүниенің не керегі бар?- дейді сайтан ой.
-Жоға... дүниенің керегі не маған? Әншейін көңіл ғой, - деймін.
Балапандарым, менің... Балаларыңнан өздеріңді көріп, сендердің бал шақтарыңды есіме қайта алып, іштей рахат сезімге бөленіп, көз алдыма елестетіп, әдемі күй кешіп жатып, көзім ұйқыға енеді. Түн ұзақ. Бірер сағат қалғимын, көңіл ояу жатады. Күні бойы отыра-отыра кейде зерігемін.Асүй жақтан сылқылдап күлген дауыс естіледі. «Е, балалар бір қызық әңгіме айтып жатыр-ау, шамасы» деп қыбырлап, мен де үстелдің шетіне келіп жайғасамын. «Бір қызық әңгіме айтып жатыр едік, сізге айтып берейік» дей ме деп, орамалымды құлағымның сыртына сырып, дайындаламын. Бірақ, бекер дайындалыппын...
-Аш емес, жалаңаш емес, отырған жерінде отырмай ма, кедергі жасамай, - деген ойды келіннің алая қараған көздерінен оқыдым. Әлде солай көрінді ме? Солай көріне салса екен... Ой-бой,... талай көздердің сырын, пенделердің ойын сезіп,пиғылын біліп қоятын, жылдардың шежіресін ішіне сақтап отыратын кейуанаға айналдық қой...
Әрі аунап, бері аунап, әлсін-әлсін балапандарымның өмір кезеңдерін кезегімен еске алып жатамын. Біреулері кештеу оралды-ау шамасы... есік ашылды. Жабылғанын, бөлмелеріне қарай өткенін сезіп жатырмын. Жол жөнекей : «анамыз ұйықтап жатыр ма екен, әлде бір жері мазалап ұйықтай алмай жатыр ма екен...» деп есік ақырын ашылып, біреуі қарайтын шығар деп күніге күту де әдетке айналған. «Алла, сақтай гөр, өстіп жатып өліп қалсам, балаларыма бір ауыз жылы сөзімді де айта алмай кетем бе?» деген қорқыныш та ұялай қалады. Сондықтан, мұндайдың алдын алып, бәрінің басы жинала қалғанда оларды жанымнан да жақсы көретінімді, олардың өмірін, денсаулығын күніне бәлен рет Алладан тілеп, дұға оқитынымды, тек солар үшін өмір сүріп келгенімді айтпақпын. Айтқандай, «зейнетақымды алғандарыңда «мынау әжелеріңнің әпергені» деп немерелерге де бірдеңе әперіп қойсаңдаршы» дей салайын... Немерелер дегендей олардың тәрбиелеріне де іштей алаңдап, жақсы адам болып өссе екен деймін... Кейбір кемшіліктерін байқап, келіндердің бала тәрбиесіндегі олқылықтарын түзегім келеді. Кейде әкелері жоқ сәтін пайдаланып, ұрып жіберіп жатқандарында жүрегім шаншып кететіні бар. Мен өзім бала ұрып, жанын ауыртқан емеспін, сендерді әлпештеп-ақ өсірдім ғой...
Күні бойы көгілдір жәшіктің қазақшасын қараймын ғой, баяғы. Бір хабарда қарттар үйінде тұратын көген көздер жайлы айтып жатыр екен, көпшілігінің бала-шағасы бар көрінеді. Біразы келінге жақпаған, соның шешімімен әкелініпті. Бір кемпір: «Өзімнің мінезім шайпау, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатыным бар еді, содан жақпадым»,- деп отыр. Япыр-ай, айтса балаларының кемшіліктерін айтқан шығар... Сонда сүйретіп, көзін жәудіретіп, біреудің қолына телмеңдетіп, ажалын күткізіп осында апарып тастай ма екен? Алла, сақтай гөр мұндайдан! Қой.., ойымдағы кейбір жайларды айтамын деп едім ғой... Енді айтпаймын. Балаларымның босағасында (қандай жағдай болса да) жүре бергім келеді. Қартаяйын дедім-ау.., қит етсе көзге жас үйіріледі. «Әй, текке жылағаны несі, басыңа көрінгір!» деп баяғыда үлкендер қарғап жатушы еді.
Құдай-ай, сақтай гөр, балапандарымды! Отбасына жаманшылық көрсетпе! Балалардан ықылас, немерелерден мейірім, шапағат бере гөр, Аллаһ!