Адам қарады: 341 | Жарияланды: 2017-03-25 03:04:33

Мәңгіліктің бекетінде

(Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының рухына бағышталады)

Қатысушылар:

Тайшыбаев Мақсұт – Риддер қалалық «Жұмысшы» газетінің редакторы, жасы 27-30-да  (1930 жылдары), орта бойлы, дөңгелек жүзді, шалт қимылды.

Роза – Мақсұттың қызы, жасы 75 те, ақ мәрмәрдай өңді, кербез, байыпты, әр қимылынан тектілігі аңғарылып тұр.

Балжан – Розаның қызы, Мақсұттың жиен немересі, жасы 50 лерде.

Журналист – жасы 55 терде, орта бойлы, көзәйнекті.

Таганский Иван Иванович – Риддер қалалық партия комитетінің 1- хатшысы. Байыпты, сөзі ісіне сай, ақылды адам.

Курицин Иван Васильевич  –  Риддер қалалық партия комитетінің кейінгі 1- хатшысы. Атжақты, арық, ұзын бойлы. Қызба, шаш ал десе бас алуға даяр әпербақан адам.

Сүйіншалин Қапсұлтан (Сұлтан) – қалалық партия комитетінің 2-хатшысы,

Мәдалиев Есенәлі – Риддер комбинаты директорының орынбасары.

Баймұхамбетов Болат – тау-кен техникумы директорының орынбасары.

Асқаров – қалалық Кеңестің төрағасы. Өзіндік пікір-мінезі жоқ, жалтақ адам.

Алпысбаев Қабиден – «Жұмысшы» газетінің бөлім меңгерушісі, бастауыш партия ұйымының хатшысы.

Исабеков Бейсек – «Жұмысшы» газетінің жас журналисі.

Әлібаев Мұқат – Риддер қалалық партия комитетінің нұсқаушысы. Мақсұтқа пейілдес, жанашыр адам.

Бөлегенов Сатыбалды – қорғасын заводының агломератшылар бригадирі.

Себебаев Ағзам – екпінді забойшылар бригадирі, орта жастан асқан адам.

Киров Сергей Миронович – қоғам қайраткері, оның жанындағы республика, облыс, қала басшыларының тобы.

Константинов – Риддер қалалық НКВД бастығы, аға лейтенант.

Эпизодта - завод жұмысшылары, НКВД қызметкерлері, журналистер...

Нағима – Мақсұттың әйелі және 9,5,2 жасар балалары - Бекет, Роза, Рая.

Сот төрағасы, мүшелері.

 

1 – көрініс

Алматы. Роза Тайшыбаева-Сужикованың пәтері. Отбасының ауқаттылығы көрініп тұр. Қымбат жиһаздар, шетелдік кәдесыйлар талғаммен қойылған. Қабырғада –Розаның әкесі Тайшыбаев пен қайын атасы Сужиковтың үлкен портреттері. Терезеден «Қазақстан» қонақ үйінің бір шеті көрініп тұр. Бөлмедегі екі креслода – Роза мен журналист.

Роза: Осынша жылдан кейін әкемнің дерегін іздеп, ат ізін алғаш салған өздеріңе алғысым шексіз, айналайын!.. (қатты қобалжу, толқу үстінде, көзіне жас алады).

Журналист: Отызыншы жылдары Риддерде қазақ тілінде алғаш шыққан «Жұмысшы» газетінің тұңғыш редакторы туралы деректерді көптен жинақтап жүретінмін. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан ол кісінің ақталған қағазының Алматыда тұратын қызы Роза Мақсұтқызы Тайшыбаева-Сужиковаға, яғни Сізге жіберілгенін ұшыраттым. Екінші фамилияңыз иісі қазаққа жақсы танымал ғой. Кезінде Орталық Комитеттің хатшысы болған Мұхаметғалий Әленұлының келіні екендігіңізді сырттай білген соң, өзіңізді табу қиын болған жоқ...

Роза: Рахмет, айналайын!..(еркінен тыс бетін айғыздай жөнелген көз жасын жібек орамалымен сүрте жүріп) Ол, міне, мына кісілер ғой (портреттерді көрсетеді, журналист те орнынан тұрып, жақындап, ойлана қарайды «Арыстар-ай!» деп күрсінеді). Әкемнің асыл бейнесі, оның алақанының ыстық табы көзімде емес, көңілімде, айналайын (сөйлей жүріп, өзінің қазына қобдишасынан әкесінің көзіндей сақтап жүрген бір фотосын, екі кітапшасын, журналистік куәлігі мен ақталу қағазын шығарады). Әкемнен қалған барлық қазынам осы, айналайын. Балжан, келе ғой, ағаңа сәлемдес те, шайыңды қамдап жібер...

Балжан: (кіріп, қол беріп сәлемдеседі) Мамаммен бірге біз де қуанып жатырмыз, аға. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Журналист: Рахмет, Балжан. Аталарыңыз мықты адамдар болған екен...

Роза: (өзіне өзі келген, Балжанға қарап әзілдеп) Ойбай, мұның өзі де осал емес, туғанына алты ай болғанда Мақсұт атасын «ақтап алған». Шешем жарықтық төсек тартып жатқанда, 1956 жылдың күзінде, әкемді ақтаған қағаз қолымызға тиіп еді, сонда шешем «Майтабаным сол, енді менің арманым жоқ» деп алты айлық осы қыздың табанынан иіскеп жатып көз жұмып еді...

  Балжан дастархан басына шақырып,үшеуі жайғасады

Журналист: Апай, әкеңізден төрт-бес жасыңызда айрылыпсыз, есіңізде бірдеңе қалды ма?

Роза: Екі сәт өң мен түстің арасындағыдай жадымда қалыпты. Біріншісі – әкемді үйден алып кеткені... Басымнан сипап, маңдайымнан иіскегендей еді. Екіншісі – мамаммен бірге түрмеге барғаным. «Папамды көрсетші, көрсетші» деп бір милиционердің аяғына жабысып, жылағаным... Көрсетпеді ғой, көрсетпеді (лықсып келіп қалған көз жасын әзер тыйып отыр).

 Жарық ақырындап сөнеді де оқиға отызыншы жылдарға ауысады).

 

2 – көрініс

Қыркүйек айы. Риддер қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Таганскийдің кабинеті. Столда – телефон, қағаздар, шетінде – графин мен стакан. Бөлмеде шкаф, киім ілгіш, қабырғада – Қызыл ту, Сталиннің портреті және лозунг «1931 жыл – алғашқы бесжылдықтың шешуші жылы!». Кабинетте төрт адам – Таганский, Сүйіншалин, Мадалиев және шаруамен кірген өндіріс озаты Рыбченко..

Сүйіншалин: Халық жан-жақтан ағылып келіп жатыр, 25 мыңнан асты. Ауылдан келген қазақтар да көп, Көпшілігі ( Мадалиевке қарап) сендерге, комбинатқа келіп жатыр. Олардың қалай орналасып жатқанын қадағаламасаң болмайды, көпшілігі тіл білмейді...

Таганский: Султан Кайсанович, сіз өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Сауатсыздықты жою үйірмелерімен қатар, тіл үйрету топтарын да көбейту керек. Соны өзіңіз бақылауда ұстаңыз.

Сүйіншалин: Иван Иванович, олар...

Таганский: Біліп отырмын. Олар түрлі мамандықтар үйрететін үйірмелерде ғой. Бұларды дұрыс меңгеру үшін ең алдымен орыстың тілін оқысын. Техникумдағыларға айт, екі тілді де білетін мұғалімдер тапсын... Содан соң жоспар... ерекше көңіл бөлу керек. Мемлекеттің бізге қыруар көмек беріп жатқанын өздерің  көріп отырсыңдар. Ленинградтықтар промакадемияны бітірген жаңа директормен қоса бізге 60 тәжірибелі коммунист-маман жіберіп отыр. Үкімет екпінділерімізді, стахановшыларымызды шетелдерге жіберіп жатыр...

Мадалиев: Иә, олар керемет әсерленіп оралды. Соның бірі міне отыр,  Германия мен Англияға барып қайтты, Гена, айтшы өзің, қалай болды.

Рыбченко (картузын қолына умаждай орнынан көтерілген жұмыскер жұдырығын түйіп, қызулана сөйледі): «Бізде  жұмыс қызып, өмір деген қайнап жатыр ғой. Ал Батыстың тіршілігі мүлде тұралап тұр... Тек Совет Одағына жүк жөнелтетін порттарда ғана жұмыс бар екен.

Таганский: Солай ма?!

Рыбченко: Лондондағы Хайгет зиратында болып, Карл Маркстың бейітіне гүл шоқтарын қойып келе жатқанда демонстранттарды көрдік. Қызыл туларын желбіретіп, «Советтер Одағы жасасын!» «Ағылшын Компартиясы жасасын!» деп ұрандаған топты полицейлер малша үйіріп, жуан таяқтарымен төпелеп, бізге жақындатпай қойды. Әттең, қанымыз қайнап тұрғанымен не істерсің?!

Сүйіншалин: Әй, шіркін-ай десеңші, капиталистің мұрнын бет қылар едіңдер (барлығы да күлісіп, жымияды)... Мұны редакторға айтып, «Риддерский рабочийға» жаздыру керек қой...

Таганский: Өте дұрыс. Романикоға мен өзім телефон шалармын... Айтпақшы, жігіттер, облыстан хабар келген: Риддерде қазақ газетін ашудың мәселесі ЦК-да шешіліпті. Оның редакторы бүгін-ертең келіп те қалар... (екеуіне кезек қарап) Айтарларың бар ма?

Мадалиев: Ескі машиналарды, қондырғыларды бұзып, орындарын тазалап жатырмыз. Бетон заводын қалпына келтіру жұмыстарында коммунистер мен комсомолдар  сменаларынан кейін тағы қалып, қосымша жұмыс істеп жүр...

Таганский: Уркварттың диверсиясын Москва біліп отыр. Риддер комбинатының қаржымен, материалдармен, техперсоналмен қамтамасыз етілуін нарком Куйбышевтің өзі қадағалап отыр. «Уркварт жасаған Риддердегі жауыздық өртінің жалыны оны құртудың орнына еңбекшілердің жүрегінде капитализмге деген өшпенділіктің алауын жақты» демеді ме ол. Энтузиазм керек, алайда ауыр жұмыста жұмысшыларды тым қажытып алуға да болмайды.

Мадалиев: Келіп жатқан жаңа техниканы игеру үшін жергілікті жұмысшылардан да жоғары оқу орындарына жіберсек...

Таганский: Дұрыс. Өзің көріп жүрсің ғой: қай оқуға кімді жібересіңдер, ұсыныстарыңды дайында, горком қарсы болмайды. ЦК-ның ұлттандыру, коренизация туралы қаулысын білесің. Сондықтан тіл білетін, іскер қазақ жастарын тізіміңе міндетті түрде қосатын бол... (Сүйіншалинге қарап) Сенде ше?

Сүйіншалин: Жоқ, әзірше айтарым жоқ.

Таганский: Онда боссыздар.

(Бөлмеде өзі қалады, темекі тартып, ой үстінде ары-бері жүреді. Есік тықылдатып, хатшы әйел кіреді)

Хатшы әйел: Иван Иванович, сізге Алматыданмын деп бір адам келіп отыр.

Таганский: Кірсін.

(Тайшыбаев кіреді)

Тайшыбаев: Сәлеметсіз бе! Мені Орталық Комитет осы Риддерге қызметке жіберіп еді (қолындағы бұйрықты Таганскийге беріп, қолдасып амандасады): Тайшыбаев Мақсұт...

Таганский: А-а-а, хош келдіңіз, Максут Тайчибаевич, сіз туралы телефон шалған. (Қолындағы қағазды қарап, оқиды) «Тайшыбаев жолдас Риддердегі қазақ газетінің редакторы болып тағайындалсын. Голощекин». О, Филип Исаевичтің өзі қол қойыпты ғой. Былтыр ол кісінің өзі де осы Риддерге келіп кеткен болатын. «Большевиктік жоспарды орындап, техниканың тілін үйреніп, Уркварттың аузын ұрып кетіңдер!» - деп еді...Өзіңіз қалай жеттіңіз, жол қиын, шаршаған боларсыз?

Тайшыбаев: Рахмет, жақсы. Риддерге жеткенше тамашалап келдім, табиғаты керемет екен!..

Таганский: Бұл өңірдің үсті ғана емес, асты да толған қазына ғой. Ағылшынның алпауыты Уркварттың бүлдіріп кеткенін қайтадан қалпына келтіріп, Голощекинше айтқанда капиталистердің аузын ұрып жатырмыз (лекіте күледі).

Тайшыбаев: Онда, бұдан былай бірігіп ұратын болдық, Иван Иванович...

(екеуі де күлісіп, түсіністік пайда болғандай)

Таганский: Үлбі ГЭС-інің құрылысы басталды, енді теміржол салынбақ. Жұмыс көп, ал жұмыс қолы қат, сондықтан да жан-жақтан – Балхаштан, Екібастұздан, деревнялар мен ауылдардан халық ағылып жатыр...Екі жылдан бері орыс тілінде «Риддерский рабочий» газеті шығып келеді. Енді, міне, қазақша шықса, тіпті жақсы болды, қалада қазақ жұмысшылары да аз емес.

(хатшы әйелді шақырып, Сүйіншалинді шақыртады) Қазір менің орынбасарым келеді. Білімді, іскер азамат (Сүйіншалин кіреді) Султан Кайсанович, міне, бағана айтқан редакторымыз келіп те қалды, танысып қойыңыздар.

(екеуі қол алысып, танысады)

Тайшыбаев: Мақсұт Тайшыбаев.

Сүйіншалин: Қапсұлтан Сүйіншалин.

Таганский: Сұлтан, қазір мына кісіні кабинетіңе апарып, кеңірек әңгімелесіңдер. Мұнда дайын журналистер жоқ, жұмысшылардың арасында жазуға икемі барларды білсең, байқасаң, Мақсұтқа айт. «Риддерский рабочийды» да қолындағы саймандарын қаламға айырбастаған жұмысшылар шығарып жүр емес пе... Редакцияға қалалық Советтен кеңсе берілетін болады. Сендер басқа да ұйымдастыру мәселелерін , газеттің атауын, журналист бола алатын кандидатураларды ойластырыңдар. Алдағы қазан айынан қалдырмай, газетті шығаруымыз керек . Ең бастысы, Сұлтан Қайсанович, мына кісінің пәтер мәселесі шешілгенше бір баспана табу керек.

Сүйіншалин: Жарайды, Иван Иванович, ақылдасармыз. Орын жетеді, әзірше біздің үйде тұрса да болады.

Таганский: Онда тіпті жақсы. Ертең  партактивпен, комбинат басшыларымен таныстырып, кеңірек әңгімелесерміз.

Тайшыбаев: Иван Иванович, газетке алдынала ойластырып келген бір атауым бар еді...

Таганский: Айтыңыз, қандай?

Тайшыбаев: Қазақта бертінге дейін жұмысшы табы болған жоқ. Мықты тап ретінде Түрксібте, Балқашта, осы Риддерде қалыптасып келеді. Және газетіміз негізінен сол жұмысшылар үшін шығады емес пе... Сондықтан газетімізді «Жұмысшы» деп атасақ, қалай болар еді?

Таганский (ойланыңқырап): Несі бар, дұрыс ұсыныс сияқты. Сен қалай ойлайсың, Сұлтан?

Сүйіншалин: Өте орынды атау...

Таганский: Мен қарсы емеспін, дегенмен бюрода тағы да ақылдасу керек... Байқаймын , Максут Тайчибаевич, бойыңызда жылдамдық, іскерлік қасиеттер бар сияқты...

Тайшыбаев: Рахмет, Иван Иванович, әр істің де сөзбұйдаланбай, тезірек атқарылуын ұнататыным рас...

Таганский: Ендеше, іске сәт!  Онда «Жұмысшымыздың» алғашқы санын осы айдың аяғында оқитын болайық. Кедергі кездесіп жатса, тікелей өзіме келіңіз...

(екеуі шығады, Таганский жазу столына отырып, бірдеңелерді жазып жатады)

 

 

3 - көрініс

Қазан айының соңы. Күздің күні шытқыл. Завод проходнойының алды.Сменадан шыққан топырлаған шахтерлар тақтаға ілінген «Жұмысшының» бетіндегі жарыс листогын қарап тұр. Қолдарында – карбид шамдары, бастарында – каска, беттері көмір шаңдарымен айғыздалған. Берірек тұрғандары – ду-ду әңгіме үстінде.

Шахтер: Әй, мына қазақша газетің дұрыс болды...

Қалжыңбас: Иә, өз тілімізде оқитын болдық қой...

Шахтер: (кекесінмен) Е, байғұс-ай, әсіресе сен орысша шүлдірлеп, тіліңді ұмытып қала жаздадың емес пе...

Қалжыңбас: Атчо, я говору руски...

Ағзам: Әй, бос сөзді қойып, біреуің дауыстап оқыңдаршы андағыны.

Шахтер: Бүгінгі озат забойшылар бригадалары – Тілепов Бекіш, Ықсанов Хамит, Бархатов Андрей, Себебаев Ағзам...

Қалжыңбас: Ағеке, екпіндімін, үздікпін деп жүруші едің, сенің бригадаң тізімнің, кешіріңіз... көт жағына түсіп қалыпты ғой.

Шахтер: Проценті аналардікінен кем емес, бірақ соңына жазып қойыпты.

( «Әкеңді» деп күбірлей түнерген Ағзам  сол күйі топтан сытыла шығып, редакцияны бетке алады).

 

4 - көрініс

Редакция іші. Үш стол. Біреуінің екі жағында екі журналист, қабырғада – ұңғыға орнатылған Қызыл ту. Сталиннің портреті ілінген төр жақтағы столдың басында Тайшыбаев гранка оқып отыр. Ашулы Ағзам кіргенде бөлмедегілер орындарынан тұрысып, сәлемдесіп жатады. Оған көңіл бөлген шахтер жоқ, өзі танитын Бейсекке дүрсе қоя береді.

Ағзам: Әй, Бейсек, мыналарыңды білмеймін (сұқ саусағымен өзгелерді нұсқайды). Сен өзің менің бригадамда істедің емес пе? Енді мына бүлдіріп жүргендерің не?

Бейсек: Ағеке, дұрыстап айтыңызшы, не бүлінді?

Тайшыбаев ( Ағзамға жақындап): Ағасы, бір ашуыңызды қиыңыз, не болып қалды?

Ағзам: Тайшыбаев деген сен бе?

Тайшыбаев: Иә, Тайшыбаев Мақсұт деген мен...

Ағзам: Осы газеттің бастығысың ғой?!

Тайшыбаев: Иә, редактормын...

Ағзам: Менің бригадам үздік бригада, мынау біледі (Бейсекке иегін көтереді). Ал сонда мені анау тізімнің ең көтіне тіркеп қойғандарың не?

Бейсек: Ағеке, тізімдегінің бәрі де нормаларын асыра орындаған екпінділер ғой...

Ағзам: Әй, шатпа. Гәзеттеріңнен бәрі оқып, мені әбден масқара қылды. Тым болмаса жасымды сыйламайсыңдар ма. Ананың барлығы менің баламмен жасты боқмұрындар... (Бейсекке) Ертең сен менімен бірге шахтаға түсіп, сменнің соңына дейін жанымда боласың. Норманы есептетеміз. Көрсетейін мен шалдардың қалай қимылдайтынын. Қарай көр бұларды...Ал, мен кеттім (Себебаев қалай кірді, солай тез шығып кетеді. Журналистер өзара күлісіп қала береді).

Бейсек: Мен бірдеңе бүлініп қалды ма десем. Ағекеңнің тұрған бойы осы, ашуы да қайтуы да тез. Кейде осындай шәлкестеу мінезі болмаса аңқылдаған ақкөңіл, еңбекқор жан...

Тайшыбаев: Газеттің күші, ықпалы деген осы, жігіттер. Жаңағы ақсақалдың ұсынысы дұрыс. Бейсек, сен ертең забойға бірге бар. Жақсы бір репортаж жазып кел, қатырып бірінші беттен берейік.

Қабиден: Ағекеңнің бригадасын тізімнің басына шығармасақ, келесі жолы ұрыс естігенді қойып, таяқ жейміз. (Барлығы күлісіп, орындарына жайғаса бастайды).  

Тайшыбаев: Ал, жігіттер, мен қалалық Советтің комиссиясымен бірге алтыншы баракқа барып қайтайын, жағдайлары ауыр көрінеді. Бейсек, сен дайын гранкалар болса оқып, баспаханаға жөнелте бер. Жұмыс тежеліп қалмасын (қойын кітапшасы мен қарындашын төс қалтасына салып, дөңгелек бөркі мен жеңіл пальтосын киіп алып, бөлмеден шығады).

 

5 - көрініс

Құрамында қалалық совет төрағасы Асқаров, комбинат ауруханасының бас дәрігері Колосов, газет редакторы Тайшыбаев, орыс газетінің журналисі, горком, кәсіподақ ұйымының өкілдері бар комиссия алтыншы баракты аралап келеді.

Колосов: (топтың алдында қатарласа адымдап келе жатқан Асқаровқа қарата) Мыналардың ешқайсысында баспана жоқ. Аурухананың  бөртпе-сүзек бөліміне бөлінген осы баракқа өз беттерімен кіріп алды.

Барак бөлмелері нағыз антисанитарияның үлгісі: едені лас, қоқыс. Дәлізде киізге оралған өлген қазақтың денесі жатыр. Бәрінің дерлік киімдері – тәнін әзер жабатын шоқпыт. Лас ағаш астаудағы тамақтары – асхананың қалған-құтқан жуынды-шайындылары мен үсіген капуста... Төрт-бес еркек-әйел бөлменің ортасында, комиссия мүшелерімен жауаптасуда. Күркілдеп жөтеліп, денелерін қасынып қояды.

Асқаров (бір жұмысшыға): Қай жақтан келіп едің?

Жұмысшы: Балқаштан...

Асқаров Жұмыстан неге шығарды?

(Кібіртіктеп қалған жұмысшыдан бұрын)

Колосов: Бұл төбелескен екен...

Асқаров: Ой, батырым-ай. Өле алмай жүріп төбелес неңді алған сенің ?...

Жұмысшы: Жолдасымды орыстар жазықсыздан-жазықсыз жабылып ұрып жатса, мен қайтып қарап тұрам...

Асқаров (жан-жағына қуыстана қарап, кекжиіңкі): Әй, сен тіліңді тарта сөйле, совет адамында ұлтқа бөліну деген болмайды...Қайда істеуші едің?

Жұмысшы: Атқорада...

Асқаров (жанындағы көмекшісіне «барлығын жазып ал» дегендей ишарамен тапсырма беріп, қолындағы қағазына қарап): Тулабаев деген қайсың?

Тулабаев: Тулабайұлы мен болам.

Асқаров: Жұмыстан неге шығарды?

Тулабаев (Тістеніп, жыламсырап): Өздерінде әке жоқтай, шошқаның балалары,..

Асқаров: Әй, жұмыстан неге шығып қалдың деп тұрмын мен саған?

Тулабаев:  Әкемді жерлегенім үшін...

Асқаров (аз ғана абыржып): Ескертпегенсің ғой, тегі...

Тулабаев: Айтқам, сұранғам... «жұмыстан кейін бірақ көмесің» деп, күндіз жібермей қойды...

Тайшыбаев: Бұл не деген сұмдық. Сен қайда істедің, бауырым? Бастығың кім?  (өзінен басқаның килігіп кеткенін Асқаров жақтырмай, тыжырынады).

 Асқаров (редактордың бұл сұрағын ұнатпайды, Тайшыбаевқа): Байқа, сен бұларды арандатып тұрсың...

Тайшыбаев: Арандатқан емес, прокуратураға айтып, сотқа беру керек ондай арсызды... Біле білсеңіз, осы әлеуметтік шаруаның барлығын қадағалап, жөнге салу – сіздің, қалалық Советтің кезек күттірмейтін жұмысы, сіздердің құзырларыңызда...

Асқаров (бетіне қан ойнап, сызданып): Сен өйтіп дандайсыма, андағы қаламыңнан айрылып қаларсың.

Тайшыбаев (қызына ашуланып): Дәл сізге қаламымды бере қоймаспын. Ал бұл комиссияның құрамына мені бюро мүшелігіне кандидат ретінде қалалық партия комитеті енгізіп отыр. (Колосовқа) Мұндағы былық-сұмдықты газетке де береміз, прокуратураға да беру керек...

(Комиссия тексеруін жалғастырып, дуылдасып, одан ары жылжып бара жатады)

 

6 - көрініс

Цех іші. Таңғы алакеуім. Смена  басталар  алдында  Сатыбалды пешін тазалап, жұмысқа әзірлеп жатыр. «Ау, кім бар-ау, мұнда?» деген Тайшыбаевтың дауысы естіледі...

 

Сатыбалды: Мен бармын. Кімді іздеп едің? (пештің қуысынан басын шығарып, бойын тіктейді)

Тайшыбаев (көңілді, ақжарқын):  Ассалаумағалейкүм! Алдымен танысып қояйық. Мен жақында ашылған «Жұмысшы» газетінің редакторы Тайшыбаев Мақсұт деген қазақ боламын. Озат бригада ретінде сіздерге жаңа қондырғылар беріпті. Сол туралы, өзіңіздің жұмысыңыз туралы жазғалы келдім.

(қол алысады)

Сатыбалды: Иә, естігем. Сауатты жұмысшылардың біразын газетіңе алыпсың. Анау Ағзамның забойынан газетке ауысқан Бейсек сені «тілді, шешен жігіт, ақындығы да бар» деп мақтап отырады. Ол рас айтса, алдымен мені бір ауыз өлеңге қосып жібер. Сонда ғана сөйлесеміз.

Тайшыбаев: Жөн-ақ! Айтқаныңыз болсын, Сәтаға (қолын босатып, сәл шегініп, сахнадағыдай оң қолын көтеріп, соқтырта жөнеледі):

Тау қопарып, кен ағызған бұрғышымыз,

Қайта өрлеген Риддердің тұңғышымыз.

Таласып бозторғаймен таңнан тұрып,

Шалқытқан еңбек күйін жұмысшымыз.

Қалай?

Сатыбалды: Бәрекелді! Сендім. Енді сұрай бер.

Тайшыбаев: Сәке, сіздің цех, бригада туралы менің мәліметтерім жеткілікті. Өзіңіз туралы да «мықты бригадир, жанындағыларға қамқор, ортақ іске жанашыр» деген жылы пікірлерді көп естідім. Сондықтан да өзіңізге бір қолқа сала келіп отырмын. Мақала жазылар, өзіңізді жұмыс басынан осыншалық ерте жолықтырам деп ойламап едім, жолым болады екен. Болашақ мақаламның аты да тілдің ұшында тұр, «Бозторғай» деп атасақ...

Сатыбалды: Ол жағын қалам ұстаған өздерің білерсіңдер. Сен енді мені күпті етіп, үрейлендіріп қойған басты жұмысыңды айта отыр...

Тайшыбаев: Үрейленетін ештеңесі жоқ, Сәтаға. Бүгін түстен кейін бізге орталықтан, сонау Мәскеудің өзінен үлкен қонақ – Сергей Миронович Киров келеді екен. Заводты аралап, жұмысшылармен кеңеспек екен... Бірақ, жергілікті басшылар  сорақымыз шығып қалмасын деп, сол үлкен адаммен кездесуге өздерінің сенімді адамдарын дайындап қойыпты. Заводты аралағанда, қонақтың алдынан солар ғана шығып, жаттап алған сөздерін сайрамақ екен...

Сатыбалды: Ойпыр-о-о-й де... Мұнысы қызық екен... Ал, сонымен...

Тайшыбаев: Қызық емес, қылықтары шыжық пен былық  болып тұр ғой, Сәтаға. Сонымен... сіз солардың өтірігін шығарыңыз... Өзіңіз білесіз, жұмысшылардың халі өте ауыр, қазір өндіріс ісі де оңып тұрған жоқ. Осының бәрін үлкен басшының алдында жасқанбай айтып берер жұмысшы болса, ортақ іске оның орасан зор пайдасы тиер еді...

Сатыбалды (сәл ойланып): Мен дайынмын. Бірақ қалай, қайтіп жолығуым керек ол кісімен?

Тайшыбаев: Оған алаң болмаңыз, мен ұйымдастырамын. Тек түстен кейін өз пешіңіздің маңынан ұзап кетіп қалмаңыз.

Сатыбалды: Келістік..

 

7 - көрініс

Сол көрініс, түстен кейінгі мезгіл. Сатыбалды сынған колосниктерді ауыстырып, пеш аузынан үсті-басын күл, шлак басып шыға бергенде қонақтар да сау етіп келіп қалады. Алда – қыран кеуделі, ашық жүзді, гимнастерка, галифе киген, аяғында тоза бастаған хром етікті Киров, соңында – республика басшылығының өкілдері, облыс, қала, завод басшылары,  фотоаппарат, қалам-қағаздарын ұстаған баспасөз өкілдері...

Тайшыбаев: (Сабырмен тосып тұрған Сатыбалдыны байқаған қонақ сәл іркіле бергенде, топтың алдында келе жатқан Тайшыбаев Кировқа қарата) Заводтың байырғы, тәжірибелі жұмысшысы – Бөлегенов...

Киров (Сатыбалдыға қолын созып, тұра қалады): Мұнда көптен істейсіз бе?

Сатыбалды: Екібастұздан осы заводпен бірге көшіп келдім. Пеште істегеніме он бес жыл болды.

Киров (өңі жылып): О, олай болса, сіз заводтың шын қожасы болдыңыз ғой... Жұмысыңыз қалай, Булегенов жолдас?

Сатыбалды: Менің бригадам жоспарын 110-115 процентке орындайды.

Киров: А, сіз бригадирсіз бе? Онда сіз жауапты адамның бірі екенсіз. Мына заводтарыңыз үш ай бойы тоқтап қалыпты, бұл қалайша?

Сатыбалды (қонаққа тура қарап): Завод үш ай тұрған жоқ. Небәрі қырық күн жөндеуде болды.

Киров: Кокс жоқ боп тұрған жоқсыздар ма?

Сатыбалды: Жоқ, кокстан тұрғамыз жоқ. Бұрыннан жатқан, шала жағылған коксты елеп, қайта жақтық. Жөндеу мерзімінен артық тұрғызбауға тырыстық.

Киров: Бірақ, кокстың болмағаны рас қой?..

Сатыбалды: Рас. Бұған облыстың басшылары кінәлі. Солардың сөзіне сеніп, кокссыз қалдық. Өтірік десе, өздері айтсын...

Киров (артына мойын бұрғанда, облыс басшылары жерге қарайды): Ал, Бөлегенов жолдас, тұрмыс жағы қалай? Азық-түлік жөнін айтыңыз. Шынын айтыңыз.

Сатыбалды: Айтуға болады. Тәулігіне 900 грамм қара нан аламыз. Асханадан бір аяқ картоп көже береді.

Киров: Қазақстан малға бай. Ет бермей ме сіздерге?

Сатыбалды: Жоқ, ет көрмейміз.

Киров: Сіздің облыста балық та көп қой...

Сатыбалды: Балық та көрмейміз. Май мейрамында 500 грамнан селедка алғамыз...

(нөкерлердің кейбірі еріксіз күліп жібереді, бірақ қонақ күлмейді, қабағын одан сайын түйе түседі. Осы кезде Бөлегеновтың жанына келіп тұра қалған орыс жұмысшыға қарап)

Киров: Сіз орыс адамысыз. Жерлеріңіз қара топырақ, құнарлы екен. Картоп неге екпейсіздер?

Жұмысшы: Тұқым жоқ. Аз-маз болған, қыста жеп қойдық. Бала-шаға шыдамады.

Киров: Қосалқы шаруашылық жоқ па қалаңызда?

Жұмысшы: Жоқ...

Киров (қатты түнеріп, артына бұрылып, даусын қатайтып): Неткен қырсыздық! Жұмысшылар қалай төзіп жүр десеңші! Көрдіңдер ме, мына жұмысшы (Бөлегеновке қарата) мемлекеттік қайраткерше ойлайды. Міне, кіммен бірге ақыл қосып істеу керек, сіздерге... (жұмысшыларға  рахметін айтып, қоштасып тұрып) Бәрін де жөндейміз, Алаңдамай, жұмыстарыңызды істей беріңіздер...

Оның соңынан қарап, аңырып қалған жұмысшылардың жанына Тайшыбаев келіп, Бөлегеновтың қолын қысып тұрып

Тайшыбаев: Әй, Сәт аға-ай. Қатырдыңыз – ау... бәрін бірақ сілейттіңіз, облысын да, қаласын да... Мың да бір рахмет сізге. Уақытша болса да енді жағдай оңала бастайды, көріңіз де тұрыңыз...(топтың соңынан кетеді).

 

8 - көрініс

«Жұмысшы» (латын әріптерімен) газетінің  редакциясы. Іші жұпыны, үш стол тұр Қабырғада – ұңғысындағы Қызыл ту. Төрде – Сталиннің портреті. Редактордың столын айнала – 5-6 журналист, алдарында қалам, қағаз, «Жұмысшының»  кезекті саны. Тайшыбаев «летучка» өткізіп отыр. 

 

Тайшыбаев: Жігіттер, кеше халық ағарту үйінде өздеріңмен кездесіп қайтқан Мұхтар Әуезов біраз ақыл-кеңестер айтып кетті, оны естідіңдер. Қазір қазақ жеріндегі Сәкенмен, Сәбитпен қатар келе жатқан пролетариат жазушыларының ішіндегі мықтының бірі – осы, Мұхтар. Әңгімелері, мақалалары «Абай» журналында, «Таң», «Шолпан» журналдарында жиі жарияланып тұрады. Оның жанашырлық ақылы – талапты жастардың кәсіби білім алуы. Бұл мәселе горкомда да сөз болды... Міне, сондықтан, арамыздан осы күзде Бейсек Исабековты Алматыдағы Коммунистік Журналистика институтына оқуға жіберуді ұйғарып отырмыз. Бұған қалай қарайсыңдар?

Қозғалыс, дуылдасу, «дұрыс-ақ» деген дауыстар, Бейсектің қолын алып, құттықтап жатқандар да бар.

Ал, енді ішкі жұмысымызға оралайық, жігіттер. Газет, ең алдымен, қалың бұқараның, жұмысшылардың мүддесін көздеуі керек. Стахановшыларды, үздіктерді мақтап жазған дұрыс - ақ, бірақ кемшіліктерді көрсетіп, сынап,  отыруымыз да керек... Мәселен, екі жұма болды, кемі 30 вагон қорғасын стансада қаңтарылып тұр. Өскеменге вагондар бос кетіп жатыр, ал қорғасынды жөнелтейік-ау деген жан жоқ... Бейсек, сен осы қорғасын заводы бастықтарының салақтығын, бассыздығын нақтылап тексеріп, алдағы емес, одан кейінгі нөмірге бір мақала бер...(Бейсек орнында отырып, «Жарайды» деп басын изеп, қойын кітапшасына түртіп алады).

Қабиден: Мәке, сіз айтқан соң, мен комбинаттың дәрігері Колосовпен жолығып, сөйлесіп едім. алтыншы барақтағы жұмыссыз қалған 26 қазақтың ешқайсысымен есеп айырысу жасалмаған...  «Комиссияның қорытындысын мен берейін, бірақ газеттеріңе оны басқызар ма екен?» – дейді Колосов. Сіз қалай ойлайсыз?

Тайшыбаев: Жағдайлары өте қиын екен, мен өз көзіммен көрдім ғой... Қабиден, сен сол қорытындыны алып, өткір мақала етіп әзірле. Сталиннің алты шартының бірі – жұмысшылардың тұрмысы, қазақ жұмысшыларын тұрақтандыру. Дұрыс жағдай туғызып, қамқорлық жасамаса қазақ қайдан тұрақтасын. Сен соған барақ комитетінің көңіл бөлмей отырғанына екпін жасай отырып, сына. Прокурор біледі, енді горкомның бюросына қойғызатын боламыз.

Бейсек: Мәке, тағы бір мәселе. Үйінде пеші жоқ болған соң атқорадағы Ыбырайдың қатыны желден ық болсын деп, жарқабақтың астында қазанға тамақ істеп жатпай ма...

Журналист (қалжыңдайды): Сен не, жанында тұрып па ең? (Мырс-мырс күлкі)

Бейсек: Әй, осы қылжақты қойсаңдаршы...Сол кезде  екі орыстың жігіті оған тас атып, тамақты алып кетпек болады. Жұмыстан келе жатып кездескен бес қазақ аналарды ұстап алып, итше тепкілейді... Осы арада Голдин деген милиционер килігіп, тапаншасымен атып,қатынның қазанын жарып, екі орысты босатып, бес қазақты апарып, абақтыға тығады...  Мұны не істейміз?

Тайшыбаев: Не жазсаңдар да, қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін байыппен, сабырмен анықтап алыңдар. Сынағанды қай басшы тәуір көрсін. «Социалистік Қазақстанға» жазған фельетон үшін комбинат директоры Духанов «Риддерский рабочийге» 1000 сом сыйлық беріп тұрып, «Жұмысшы» мені әлі де сынай түссін» деп бізге ештеңе бермегені естеріңде болар... Қалалық Советтің  бастығы Асқаров «Газетіңде сынайсың, қалалық Советтің үйінен «Жұмысшыны» көшіріп жіберем» деп үстел, жәшігімізді көшеге шығартып, қираттырып тастағанын көздеріңмен көрдіңдер емес пе!..

Журналист: Қазақ әріптерінің көпшілігі мүжіліп қалды, мүлде жеткіліксіз. Бір лаж жасамасақ, газетімізді шығара алмай қалуымыз мүмкін...

Тайшыбаев: Шыдайық, жігіттер! Мынау қиын кезең де өтер, әлі біздің де күніміз туар...Ал, енді іске кірісейік...!

Барлығы қағаз-қаламдарын жинап, бөлмеден шығады. Тайшыбаев жалғыз. Ой үстінде. Алдында – «Қазақ әдебиеті», «Правда газеттері».

Тайшыбаев (ойы, өзімен өзі сөйлескендей дауыс): Соңғы кездері жауабы жоқ сауалдар тым көбейіп кетті. ҚазЦИК-тің төрағасы болған, көзіммен көріп, сөздерін тыңдаған Ұзақбай Құлымбетовтың «халық жауы» болып шыққанына сенер-сенбесімді білмеймін. Енді міне, халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов те соның аяғын құшты... Ал, мына «Правдаңыз» (газетті қолына алып) тіпті «...Қазақстанда буржуазияшыл ұлтшылдар басынып барады, бұған қашанғы төзу керек» деп бүкіл бір халықты кінәлайды... Қайта өз жерінде өздері өгейлік кешіп жүрген қазақтар «ұлы халықтың» шовинизміне қашанғы төзбек!?..Тіпті бір-бірімізге қатынасудан қалып барамыз. Екі-үш жолдас, көрші-қолаң бас қосып бір шәугім шай ішсе де жиын өткізіп, қастандық жасамақ сияқты...Түсініксіз, тіпті санаға сыймайды. Жеке бұлардың ғана емес, иісі ұлтымыздың қасіреті болып жүрмесе екен. Заман дегеніңіз тым ұза-а-қ сұрыпталатын кезең екен-ау... Е-е-еһ, өмір - жалған деген осы да...

(столының үстін жинастырып, кейбір қағаздарын портфеліне салып, кабинетінен шығады).

 

9 - көрініс

Горкомның акт залы. «Қазақ активінің» жиналысы. Қабырғада – Қызыл ту, Сталиннің портреті және «Да здравствует великиий вождь -  Сталин! Да здравствует Сталинская Конституция!» деген ұран жазылып, ілінген. Президиумда – Таганский, Мәдалиев, Сүйіншалин, Тайшыбаев. Жиналысты горкомның нұсқаушысы Әлібаев жүргізіп отыр.

Әлібаев: Жиналысты ашу үшін сөз Риддер қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Таганский жолдасқа беріледі.

Таганский: Жолдастар, бүгінгі жиналыстың жөні бөлек. Қазақ пролетариатының қалыптасуы, негізінен, осы Риддерде жүзеге асып отыр десек қателеспейміз. Сталин жолдастың нұсқауының бірі – жергілікті ұлт жұмысшыларын өндіріс орындарында тұрақтандыру және оларға жағдай жасау. Бүгінгі «қазақ активінің» жиналысы сол ұлы көсеміміздің коренизациялауды  іске асыру міндетінен туып отыр.Оның үстіне  «Орыс тілін білмейтін жұмысшылар көп, сондықтан ана тілінде өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін еркін білдіріп, кеңінен ақылдасса» деген «Жұмысшының» редакторы, горкомның бюро мүшелігіне кандидат Мақсұт Тайшыбаевтың ұсынысын қолдап отырмыз.Бүгінгі жиналыста негізінен комбинаттағы қазақ жұмысшыларының әр саладағы проблемалары өздерінің ана тілінде айтылып, тыңдалып, талқыланады. Қысылып-қымтырылмай, көкейлеріңіздегіні еркін ақтарыңыздар. Олқылықтар, кемшіліктер болса – горком оларды түзетуге тырысады. Ал, менің шұғыл шаруаларым бар еді, сіздердің рұхсаттарыңызбен жұмысыма бара берейін. (шығып кетеді).

Әлібаев: Комбинаттың биылғы, 1937 жылғы жоспары мен коллективтің міндеттері туралы қысқаша баяндама жасау үшін сөз горкомның бюро мүшесі, Риддер комбинаты директорының орынбасары Мәдалиев жолдасқа беріледі.

Мәдалиев (мінберге шығады): Жолдастар, өзінің қорғасын, мырыш, алтын мен күміс және мыс кенінің қоры жағынан Риддер бүкіл Советтер Союзы  бойынша бірінші орында. Сондықтан да «Алтайполиметал» комбинатының 1937 жылғы жоспарына партияның Өлкелік Комитеті ерекше көңіл бөліп отыр. Мен кейбір ішкі шаруаларға ғана тоқталайын.

Комбинаттың өндіріс цехтарында механизмдер көп қирайды, бүлінеді. Оның басты себебі – көп жұмысшылар механизм техникасын толық үйренбеген, тілін жете білмейді. Және ол цех бастықтарының салақтығынан, салғырттығынан. Ал, қорғасын заводындағы авариялар –  тап дұшпандарының зиянкестігі. НКВД-ның жылға жуық зерттеуінің арқасында Риддерде Вебер, Марков сияқты тап дұшпандары табылып, аварияны солардың әдейі ұйымдастырғаны анықталып отыр.

Советтер Союзының ҮІІІ съезі бекіткен Сталиндік Конституцияда Қазақстан Одақтас республикалардың қатарына қосылды. Бұл – ерекше саяси маңызды оқиға. Біз барлығымыз да ұйымшылдықпен биылғы жоспарды ойдағыдай орындап шығуға жұмылуымыз керек. (Әлібаевқа қарап «Өзге мәселелерді менен гөрі Мақсұт жеткізе айтып берер» деп, мінберден түсіп, орнына отырады).

Әлібаев: Жолдастар, сөз Риддер қалалық «Жұмысшы» газетінің редакторы Тайшыбаев жолдасқа беріледі.

Тайшыбаев: Менің осы Риддерде қызмет істеп келе жатқаныма алты жыл болды. Горкомның мүшесі ретінде де, редактор ретінде де көп мәселелерге араласуыма тура келеді. Алғашқы кезде осы ірі өндіріске жан-жақтан ағылып келіп жатқан қазақ жұмысшылары көп еді. Қазір олардың келуінен кетуі көп болып тұр. Міне, көріңіздер, ресми мәлімет мынандай: 1932-33 жылдары Риддердегі жалпы жұмыскерлер санының 55 проценті қазақтар болған, ал 33-34 жылдары олар 38 процентке дейін төмендеген. Ал, қазір олардың үлесі небәрі 20 процентті әзер құрап отыр. Неге?

Залдан орнынан тұрған бір шахтер: Өйткені аяқ аттасаң қазаққа қысым көрсетіледі. Мен өзім 8-горизонттың 3-забойында істеймін. Ондағы жұмысшылардың барлығы да ысылған маман, ескі жұмысшылар... Алайда тапсырмаларымызды  орындаған соң қайдағы лас, қосалқы жұмыстарға жұмсайды. Ал, енді онбасы Коваленконың осы қылығын нағыз орысшылдық демегенде не деуге болады? (зал гуілдеп, қостаған дауыстар, репликалар шығып жатады...).

Әлібаев: Жолдастар, тыныш, тыныш! Сабыр сақтайық; барлығыңызға да кезек беріледі. (Тайшыбаевқа қарап) Мәке, жалғастыра беріңіз.

Тайшыбаев: Жаңа Мәдалиев жолдас «техниканы оқып-үйрену керек» деді, дұрыс-ақ. Бірақ, жаңағы жолдас айтқандай, оған да кедергі жасайтын басшылар жеткілікті... Жуықта редакцияға Нұрманов келді. «Горкомның қаулысын көрсетсем де цех бастығы Коротин сырттай оқитын үш қазақты жұмыстан босатпады» дейді. «Егер горком сен сияқты бұзаубастарды оқытқысы келсе, жалақыны өздері төлесін. Мына қаулың – маған заң емес. Калинин мен Молотовтың қолдары қойылған бұйрықты әкелсең – босатам» деп мазақтайды дейді. Мұндай әпербақандыққа қалай қаның қайнамайды?! Міне, өзі отыр ғой, өтірік десе, Нұрмановтың өзі айтсын...

Нұрманов: (орнынан тұрып):Құдайға рас, дәл осылай болды, екеуіміз жұдырықтаса жаздадық...

Тайшыбаев: Комбинат басшысының бірі ретінде мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу жағын сіздердің қарастырғандарыңыз жөн болар еді, Есенәлі жолдас. Біз бұл туралы «Жұмысшыда» жарияладық, бірақ селт еткен басшы болған жоқ...

Халықты тұрақтандыруда мәдениеттің алар орны да ерекше. Алғашқы, қазақтардың көбірек кезінде, 32-жылы осында ашылған қазақ театрының ғұмыры екі-ақ жылға жетті. Өгізбаев, Шамова, Камал Қармысов, Манарбек Ержанов, Шәкен Айманов деген болашағы бар, жанып тұрған өнерпаздар бар еді, Алматыға кетіп тынды-ау деймін, әйтеуір сонда ойнаған Тохметовты мен газетке алып қалдым. Міне, сол театрдың жабылғанына қынжылған да бір де бір басшыны көргем жоқ. Дәл осы қалыппен жүре берсе, Риддерде мүлде қазақ қалмауы мүмкін...

Залда дуылдаған репликалар: - Рас айтасың...

- Ойын көргенді қойып домбыраның үнін естімегелі қашан...

- Сменнен кейін де жұмысқа салып қойса, қайдағы ойын... 

Тайшыбаев (қолын көтеріп, залды тыныштандырады): Ал, енді, ағайын, кемшілік өзімізде де бар. Анау атқорадағы қазақтардың ұрлықтары, кетіп қалған жесірін қуып барып таяққа жыққан жігіттің сотқа тартылуы, ауруханаға емес, бақсыға емдетем деп, әйелінен айрылып қала жаздаған Боқаштың қылығы – біздің қараңғылығымыз, жаңа заман талаптарына әлі де болса бейімделе алмай жатқандығымыз (залда мырс-мырс күлкі). Оларды біреуден көруге болмайды, өзіміз түзеуіміз керек. Халқымыздың басынан нендей қиындықтар өтпеді, барлығына да шыдады ғой. Бүгінгі уақытша қиындықтарға да төзе білуіміз керек, еліміздің ертеңінің жарқын боларына сенуіміз керек. Және сол жарқын елдің іргесін сіздер мен біздердің қалап жатқанымыз анық. Бүгінгі кемшіліктерді қоғамның өзі, уақыттың өзі реттейді, түзейді.

(Тайшыбаев мінберден түседі. Екінші планда – жиналыс қызу созылып жатыр, кейбір репликалар естіліп жатады):

  • Риддерде қазақтарға жұмыс істеу мүмкін емес. Қазақтың қолынан ештеңе келмейді, надансыңдар деп қорлайды.
  • Түйінді жердің барлығында орыстар отыр, басшылық жұмыстарға қазақты жолатпайды.
  • Дәл қазір шовинистік пиғылдың тамырына балта шаппаса, күн сайын өршіп барады.
  • Тек қазақ жастарынан ФЗУ жасақтау керек, мамандықты ана тілімізде оқиық...

 (Жиналыс өтіп жатады, ақырындап шымылдық түсіріледі)

 

10 – көрініс

    Түн.  Тайшыбаевтың үйі. Стол шамының жарығымен Мақсұт жазу жазып отыр. Иығында – желбегей жамылған пенжақ. Балалар ұйықтап қалған. Бүйірдегі бөлмеден жеңіл көйлекті, мойнына шәлі салған Нағима шығады. Мақсұттың иығындағы пенжағын түзеп, жанына отырады.

Мақсұт (басын көтеріп, бүйірдегі есікке иегін көтеріп): Қалай, үшеуі де қылжиды ма? Өзің неге тұрдың?

Нағима: Ұйқы келетін емес. Әлі көп отырасың ба? Шаршадың ғой...

Мақсұт (әйеліне ойнақы, еркелей): Оның рас, сен бір кәсе су әперіп жіберсең, шаршағаным сап басылар еді.

Нағима: Шын айтасың ба, жаным. Онда мен шайды қоса қояйын.

Мақсұт: Жоқ, Нағыш, суықтайы жақсы, ұйқыны ашады.

(Нағима су әкеледі. Мақсұт оның ұсынған қолын сол қолымен қыса өзіне тартыңқырап ұстап тұрып, оң қолымен кәсені алып, сіміріп салады).Зәмзәм суындай екен, келші, отыршы (ақырын тартып, белінен құшақтап, оң жақ тізесіне отырғызады).

Нағима (кәдімгідей қысылып қалады): Мұның не, Мәкесі?!..

Мақсұт: Жұмыс көбейіп, сендерге де дұрыс көңіл бөле алмай жүрмін.

Нағима: Сенің жұмысың қашан аз болып еді... Бағана дүкенде Омардың әйелін көріп едім. Жаңа келген бірінші хатшы тым қатал екен дейді, Омарды орнынан  алғызып тастапты ғой...

Мақсұт: Сөйлескем, қатал ғана емес, әпербақандау ма деп қалдым. Омар кен-барлау бөлімін басқарып келді ғой, өте білімді, алғыр жігіт. Орынбасарлыққа түсіріп тастағанда, сол жаңа хатшының көзінше «Немене, қазаққа көлеңкеде жүрсе де жарап жатыр дегендеріңіз бе?!» депті. Содан сол байғұстың соңына түсіп алды. Оған салсаң, жұмыстан басқа жерде бас қосқандардың барлығы жау болып көрінеді. Шаш ал десе бас алатынның өзі-ау деймін... Жә, қойшы Нағыш, саясаттың соңында біреуіміздің жүргеніміз де жетер, сен араласпай-ақ қойшы... Дауысыңды сағындым, одан да бір әу деп жіберші...

Нағима: Балалар ұйқыда, түн ортасынан ауып барады, қайдағы ән. Осы сен бірдеңеге алаңдап, көңіл қошың болмай жүрген сияқты...

Мақсұт: Апырау, осы сенің көріпкелдігің бар-ау, көңілдегі алаңның бәрін басатын сүйіктіңнің әсем  әуені ғой, Нағышым менің...(екі алақанымен әйелінің бетін өзіне қаратып, ғашық көздерімен қиыла сұрайды) ...Ал, ақырындап, «Елім-айды» бастап жіберші, баяғы Есілдің жағасында жүргенде айтушы ең ғой...

Нағима (күйеуіне аса бір сүйіспеншілік көзқараспен ынтыға қарай отырып , баяулата бастайды):                Қаратаудың басынан көш келеді,

                                    Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

                                    Елім-ай, елім-ай.

 

                                    Ел-жұртынан айрылған жаман екен,

                                    Қара көзден мөлтілдеп жас келеді.

                                    Елім-ай, елім-ай.

 

                                    Мына заман қай заман, қысқан заман,

                                    Бақыт құсы Алаштан ұшқан заман.

                                    Елім-ай, елім-ай...

(Екеуі бір-біріне біраз уақыт ынтыға қарап тұрады. Нағиманың көзінен аққан жасты Мақсұт қолымен сүртіп, өзіне жақындата түсіп,  әйелінің тамағынан сүйеді).

Мақсұт: Неге жылайсың, Нағыш?

Нағима: Жаным, жүрегім біртүрлі, өрекпіп тұр... Бір сұрапыл дауыл жақындап келе жатқан сияқты... Сен неге бұл әнді таңдадың?

Мақсұт: (терең ойлана күрсініп, өзіне өзі айтқандай)  Қай заманның да өзінің «Ақтабан шұбырындысы» болады екен. Риддеріңіз қазаққа қақпасы жабық, пейілі өгей қала болып тұр ғой. (Нағимаға қарап, оның көзінің жасын сүртіп) Сен  ештеңеге алаң болма, енді барып дем ала ғой. Мен ертеңгі номерге салынатын мына бір мақаланы аяқтап тастайын, көп кешікпеймін.

(Нағима артына қарайлай жатын бөлмеге кетеді, Мақсұт оның соңынан біраз қарап отырып, жазуына қайта кіріседі) Әйел жүрегінің сезімтал болатындығы рас екен-ау. Курицынның кешегі әңгімесі тым кесек. Жан тазалығы жұтаған кезде адам рухани жағынан жүдейді екен. Таяп қалған тықыр бір күні мені де бір жақ жағаға лақтырмаса не қылсын?! (қайтадан жаза бастайды).

 

11 - көрініс

Көктем айы.Риддер қалалық партия комитетінің жаңадан тағайындалған бірінші хатшысы Курицынның кабинеті. Столда – телефон, қағаздар, шетінде – графин мен стакан. Бөлмеде шкаф, киім ілгіш, қабырғада – Сталиннің портреті, тұғырлы Қызыл ту. Кабинетте екі адам – Курицин мен қалалық НКВД бастығы Константинов.

Курицын: Сенің сводкаңмен таныстым. Ондағы күдікті деген 20 адамның біразымен жеке-жеке әңгімелесіп шықтым. Міне, «Казправда» мына Ұлан ауданында әшкереленген контрреволюциялық банды ұйымы туралы жазып отыр. Ауылдық жерде ондай ұйым болғанда, Риддерде жоқ деп айтуға қалай ауыз барады? Ұйым бар, тек оны тезірек аша білу керек. Мына «қазақ активі» дегеннің өзі нағыз ұлтшылдықты өршітетін жиын емес пе...

Константинов: Өте дұрыс айтасыз, Иван Васильевич. Бірақ, сол пәле горкомның ұйғарымымен өткізілді ғой...

Курицын: Оны горкомға жаба салуға болмайды. Ол – Таганский, Сүйіншалин сияқты бұрынғы хатшылардың саяси көрсоқырлығы. Ұят, масқара! Партия ұлтқа бөлінуші ме еді... Ал мұнда өңкей қазақ жиылып алып, ауыздарына келгенін оттаған. Бұл жиылыс  жергілікті ұлтшылдарға жақсы мүмкіндік, кең жол ашады... Өлкелік Комитет пленумының шешімі бойынша дәл қазір қазақтардың жергілікті ұлтшылдығы нағыз бас қауіптілік болып тұр. Ең алдымен бұлардың сүт бетіне шығатын қаймақтарын құрту керек. Ал сендер оларды тайраңдатып қойғансыңдар...

Константинов (қызарақтап, намыстанып): Иван Васильевич, біз...

Курицын: Жә, білем, «ай қарап жүргеміз жоқ» демексің ғой. Мына тізіміңдегілер (қолына алып, оқиды) – Тайшыбаев, Мадалиев, Толыбаев, Турлыбаев, Баймухамбетов... осы жиырманың барлығы да жасырын топтасқан ұлттық-фашистік ұйым. Мен бір-екі тілдескеннен-ақ байқадым,  әбжыланның ордасы – қалалық «Жұмысшы» газетінің редакциясы, ал, оның басы – Тайшыбаев. Бізден басқа жерлердің барлығында мұндай жауыздарды үйір-үйірімен әшкерелеп, түп-тамырымен құртып жатыр. Ал сендер әлі күнге дейін тізім жасаудан аса алмай жүрсіңдер...

Константинов: Ашамыз, әшкерелейміз, Иван Васильевич!..

Курицын: Қашан? Осы халық жаулары ертең төбеңе шай қайнатқанда ма?!.. Қысқасы былай, чекист жолдас, бұлардың біразы – қанаушы тап, ірі байлардың тұқымы, біразы – партиялық тексеруден айласын асырдым деп жасырын  жүрген алаяқтар. Оны мен мұқият тексерттім. Өткен бюрода бір рет қарап, «қазақ активі» үшін сүмірейткеміз, бүгін түстен кейін бюрода дербес істерін қарап, партия қатарынан аластаймыз. Одан арғысы – сенің шаруаң. Тек жеделдету керек, жоғарғы жақтың (сұқ саусағын жоғары шошайтып) нұсқауы сондай.

Константинов: Құп болады жолдас хатшы. Барлығын да түсіреміз тұзаққа, бетперделерін сыпырамыз анталаған жаулардың...

 

12 - көрініс

Түстен кейінгі уақыт. Сол кабинет. Бюро мәжілісі өтіп жатыр. Төргі столды жағалай горкомның бюро мүшелері – Курицын, Трофимов (хатшының орынбасары), Коротин (цех бастығы), Мадалиев, Константинов. Босаға жақта – дербес ісі қаралып жатқан Баймұхамбетов.

Курицын (Баймұхамбетовке): ... Жарайды,өзің жайлы білдік, енді Тайшыбаевпен қандай қарым-қатынасың бар, соны айтшы. Оның әкесінің бай болғаны рас па?

Баймұхамбетов: Рас. Тоғыз жыл бойы Атбасар өңірінде болыс және би болған. Әйелдеріміз – өзара немерелес туыс, Петропавлдың ауқатты бай-көпестерінің қыздары...

Курицын: Мәссаған, керек болса...

Баймұхамбетов (сасқалақтап) Бірақ, мен әйелімді идеологиялық жағынан қайта тәрбиелеп алғам. Ол пролетариаттық соттың алдында өзінің әкесін әшкерелеп, мүлкін тәркілеп, халық жауы ретінде жер аударып жіберуге маған көмектескен...

Константинов: Тайшыбаевтың үйінде екеуара Троцкий туралы әңгімелестіңдер ме?

Баймұхамбетов: Тайшыбаев қазақ газетін оқып отырып, Зиновьевтің партияның алдындағы еңбегін әсіре бағалап, оны халықаралық деңгейдегі шешен, үлкен тұлға  деді... Оның барлығы жалған болып, Троцкий екеуінің Орталық Комитетке  қарсы контрреволюциялық күрес жүргізіп келгеніне көзіміз жетті емес пе деп едім, «екеуіміз жандарында жүрген жоқпыз ғой. Кейін уақыт барлығын орнына қоятын болады» деп ол өз пікірінде қалды...

Курицын (түнеріп): Қарай гөр, жаудың жансызының сөзін... Кейбіреу оны жазушы дейді ғой, одан не хабарың бар?..

Баймұхамбетов: Қазақ ауылдарын шапқан ақтардың әскері туралы «Қанды шеңгел» деген бір повесі жазушылар жинағында басылып шыққан. Ал, Риддер жайында, қорғасын заводының жұмысшылары туралы «Алтынды Алтай» деген романының қолжазбасын Алматыға, пікір жаздыру үшін Сәбит Мұқановқа апарып берген болатын...

Курицын: Жазуын сылтау қылып, сенімге кірген ғой. Көрінген тесікке мұрнын тығып, құпия мәліметтер жинаған. Жұмысшыларды зиянкестікке, төңкеріске үгіттеп, өзінің арам ойын іске асырып жүр десеңші... Неткен сұрқиялық... Ал, жарайды, бюро мүшелері, Баймұхамбетовке қандай шара қолданамыз, кім не айтады?

Трофимов: Жұмыстан қуып, партиядан шығарып, ісін сотқа беру керек...

(біраз үнсіздік)

Курицын: Менің еркіме салса, мұндай сілімтіктерді тап қазір қаңғыртып жіберер едім. Бірақ, партия кешірімді. Осы араға енді бір келсең – соңғы келуің болады. Ал қазір Тайшыбаев сияқты Кеңес өкіметіне жат элемент, сатқынды дер кезінде хабарламағаны үшін қатаң сөгіс берейік. Бар!.. Тайшыбаев кірсін!

Баймұхамбетов шығады

Курицын: Трофимов жолдас дұрыс ұсыныс жасады. Бірақ, ең алдымен мұндай топтасқан әбжыланның басын шабу керек, басын... Содан кейін өздері-ақ бір-бірлеп құрықталады. Ал, енді мен айтып отырған айдаһардың басы қазір кіреді. Міне, мұның көзін жедел жоймаса, болмайды...

Тайшыбаев сәлемдесіп кіреді, бірақ оның сәлемі еш жауапсыз қалады

Курицын (терісіне сыймай, бірден дүрсе қоя береді): «Батырақпын, жалшымын» деп байдың тұқымынан екендігіңді осы уақытқа дейін неге жасырып келдің?!

Тайшыбаев: (өзін салмақты, орнықты ұстауға тырысады) Партиялық тазалауда әкемнің әрі бай, әрі би болғанын, өзім әкемнен бес жасымда жетім қалып, Ақмоланың балалар үйінде тәрбиеленгенімді айтып та, жазып та бергенмін. Бұл ешқандай жасырын да емес, мақтанарлық та жағдай емес.

Трофимов:1929 жылы партиядан шығарылса да, кейінірек айламен партбилетті қайтадан қолына түсіріп алған. Партияны алдап, «Жұмысшыға» редактор болып шыға келген деген ресми мәліметтер бар сіз туралы. Оған не дейсіз?

Тайшыбаев: Партиядан өмірі шығып көрген емеспін. Бұл мәселе есеп карточкам жоғалғанда көтерілген еді, содан бері қайта-қайта алдымнан шығып келеді. Ол табылып, партиялық документтерді ауыстырғанда жаңа партбилет берілген болатын. Ал енді «алдап редактор болды» дегендеріңіз күлкілі екен. Өлкелік партия комитетінің «Газет жұмысына алынады» деп, алдымен Ақмоладан республикалық «Еңбекші қазақ» газетіне шақырып алғандағы, одан соң 31-жылғы 23-тамыздағы Өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекиннің «Тайшыбаев Риддердегі қазақ газетіне редактор етіп тағайындалсын»  деген бұйрықтары андағы алдарыңыздағы папкада бар болуы керек...(мысқылмен жымияды)

Константинов: Орыста «Смеется тот, кто смеется последним» деген мәтел бар. Күлкі қысып тұрса, оған да көп қалмаған болар, шыдай тұрыңыз. Январьда өткізілген «қазақ активі» туралы не айтасыз?

Тайшыбаев: Қазақ активінің жиылысын горкомның рұхсатымен аштық. Мен де горком бюросына кандидатпын ғой, сондықтан менің ағаттығым – қазақ активін жеке бөліп алудың  дұрыс еместігін дер кезінде көрсетпегенім...Әйтпесе, ол жиында жаулыққа үндейтіндей ештеңе айтылған жоқ, қазақ жұмысшыларының жағдайы ғана айтылды...

Курицын: Жә, жетер! Неше жылдан бері астыртын жұмысқа төселген, қой терісін жамылған қасқырларды әшкерелеу оңай емес. Балақтағы биттерді басқа шығарып, әбден құтыртқан – Таганский мен Сүйіншалин сияқты саяси соқыр хатшылар ғой. Троцкий, Құлымбетов сияқты фашистердің қарғылы төбеттерінің агенттеріне ешқандай аяушылық болмауы керек.Мұндайлар ең алдымен партия ұйымдарына, партия аппаратына кіріп кетуге тырысады да, сосын өздерінің арам ойларын іске асыра бастайды... 

Трофимов: Веберлер сияқты ғой...

Курицын (сөзін бөлгеніне Трофимовқа алая қарайды): Менің ұсынысым – «Жұмысшы» газетін өзінің ұлтшылдық, зиянкестік пиғылдарын іске асыруға пайдаланған Тайшыбаевты партия қатарынан аластап, жұмысынан қуып, ісін заң орындарына беру керек...

Тайшыбаев (күйініп): Мені 16 жасымнан партия тәрбиелеп келеді. Партияға ешқашан қастығым болған емес. Мына шешімдеріңіз әділ емес қой...

Курицын: Оны сен емес, біз шешеміз. Қане, бюро мүшелері, менің ұсынысымды қолдағандарыңыз қол көтеріңіздер (барлығы қолдарын көтереді). Бірауыздан! (Тайшыбаевқа) Барыңыз, боссыз!..

Тайшыбаев: (мұндай шұғыл шешімді күтпеген оның өңі бұзылып) Жолдастар!..Айтарым бар...

Курицын (оны сөйлетпей, қатқыл дауыспен): Әлі құмарың қанғанша жауаптасар жерге барарсың. Бұл жер – базар емес, бюроның мәжілісі. Енді бөгет болмай шығып тұрыңыз!..

(Шетірек отырған Константинов оны есікке қарай қақпайлап, Тайшыбаев есеңгіреп, кабинеттен шығады. Ауызғы бөлмедегі орындыққа сылқ етіп отыра кеткен оған хатшы әйел графиннен су құйып ұсынады)

Хатшы әйел: Максут Тайчибаевич, сізге не болды?. Міне, су жұтып жіберіңіз...

Тайшыбаев: Рахмет! Ана Курицынға берерсің...(орнынан дел-сал тұрып, кеңседен шығып кетеді).

 

 

 

13 - көрініс

Тайшыбаевтың үйі. Түн. Керосин шам жанып тұр. Жұмыс столының басында Мақсұт көйлекшең, жазу жазып отыр. Анда-санда басын көтеріп, ойланып қалады... Оның ішкі монологын Мақсұттың даусымен диктор оқиды. Монологтың мазмұнына байланысты Мақсұт бір отырып, бір тұрып, бөлмеде арлы-берлі адымдап, ширығып жүреді.

Тайшыбаев - диктор:

Сәкен мен Бейімбет, Тұрар Рысқұловтар Советке жау болып шықса, досы қайсы... Курицын сияқтылар болғаны ма?.. Соңғы кезде өзіміздің «Жұмысшы» да горкомнан «халық жаулары» туралы айына осынша материал жариялайсыңдар деген тапсырма алып, ол туралы обкомның бақылау комиссиясына есеп беріп тұрдық емес пе... Сонда, жоғарғы жақтан «халық жауларын» әшкерелеудің де жоспары түсіп отыратын болғаны ғой, шамасы. Бұл неткен зауал?! Бұл жеке тұлғалардың ғана емес, тұтастай елдің иініне түскен қасірет болмағай... Онсыз да өз билігі өзінен кетіп бара жатқан қазақтың ертеңі не болмақ?! (дауысы қатайып) Ел тарихына бұл зобалаң қай бетімен енбек? Тәркілеуі, ашаршылығы, «халық жаулары» бар, қарабет болып еніп, кейінгі ұрпақтың қарғысын алар кезең болатын шығар, сірә...

Тайшыбаев (өз даусымен): Қой, Курицынның пиғылы белгілі болды, обкомға өтініш жазайын, мүмкін жұмыста қалдырар, әлде басқа бір жұмыс тауып берер...

Столға қайтадан отыра бергенде, сыртқы есік қатты-қатты қағылып, өктем дауыс естіледі.

Константиновтың дауысы: Тайшыбаев, аш есігіңді! НКВД келіп тұр...

Екінші бөлмеден үстіне шәлі жамылып, үрейленген әйелі Нағима шығады

Нағима: Мақсұт, түн ішінде бұлар кім?

Тайшыбаев: Қазір көрейік... Сен абыржыма, балаларға бара тұр, қорқып қалмасын...

Мақсұт есікті ашады. Былғары курткалы, кепкалы Константинов бастаған формалы, мылтықты екі жауынгер екпіндей кіреді

Константинов: Сен Тайшыбаевсың ба?

Тайшыбаев: Мені танитын едіңіз ғой... Жайшылық па?

Константинов: Менің қылмыскермен еш таныстығым жоқ. Сені алып кетуге келдік, киіне бер. Міне, ордер, тінту жүргіземіз (ана екеуіне иек қағады, олар үйді тінте бастайды)

 

Балалары шешелерімен бірге үрпиісіп, қолдағы кішкентайы жылап, әкелерінің жанына жиналады.

 

Тайшыбаев (әйеліне): Бір қателік болған болар, көп ұзамай қайтып келермін. (9 жасар Бекетті өзіне жақындатып) Мен келгенше осы үйдің тірегі сен боласың.Үлкен жігіт болып қалдың, анаңа көмектес, қарындастарыңа қара...

Константинов: Тезірек, киін, жинал!

Жауынгер: (стол үстіне біраз қолжазбаны, бір револьвер, куәлік-құжаттарды қояды): Барлығы осы...

Константинов (револьверді қолына алып): Қаруың да сай екен ғой... (жауынгерге ымдап, ол стол үстіндегілерді жинастырып, салып алады).

Тайшыбаев: Ол заңды, табельдік қару...

Нағима үнсіз, қолдағы 2 жасар Рая шырылдап жылап тұр, Бекет жанында. 5 жасар Роза әкесінің аяғынан тас қып құшақтап, «Әке, кетпеші! Әке, кетпеші!» деп еңіреп тұр.

Тайшыбаев (балаларын маңдайларынан емірене иіскеп, даусы жарықшақтана дірілдеп): Келемін, жыламаңдар! (әйеліне) Аман болыңдар, Нағыш!

(Барлығы шығып кетеді)

Роза: Мама, әкемді қайда алып кетті? Қашан келеді?..

Нағима (көзінен жас сорғалап тұр) Келеді, құлындарым! Әкелерің әлі-ақ оралады қайтадан... (көзін сүртіп, үрпиіскен балаларын бауырына қысып тұрып қалады)

 

14 - көрініс

Төрт айдан аса уақыт өткен. Алматының НКВД түрмесі. Бір стол, бір орындық, кіре беріс қабырғада екі жағынан мықты бекітілген сырық, оның екі ұшында салбырай байланып, салақтаған арқан. Тергеуші орыс Мақсұттан жауап алып отыр. Мақсұт жүдеген, сақалы өскен, өкпе ауруына шалдыққаны білініп тұр, булығып жөтеле береді.

Тергеуші (алдындағы Мақсұттың ісін парақтап шығып): Сөйле, батырым, қай жақтан келдің?

Тайшыбаев: Риддерден...

Тергеуші: Этаппен Семейге, одан Алматыға жіберіпті (өзі қағазға қарап, күбірлеп) сол Риддеріңде-ақ қарамай, бірден Алматыға айдағанына қарағанда, сен осал болмадың. Шамасы, көптің бірі емес, ұйымның серкесі болған болуың керек...(үнсіздік) Неге үндемейсің?

Тайшыбаев: Не айтуым керек?

Тергеуші: Төңкерісшіл ұйымыңда қанша адам, кімдер болды?

Тайшыбаев: Газет редакциясында жеті адам жұмыс істедік, басқа ешқандай ұйым болған жоқ.

Тергеуші: Сен өйтіп жәдігөйленбе. Сендейлердің талайын көргенбіз... Советтік құрылысқа қарсы ұлтшыл ұйымдарыңның жоспары, мақсаты қандай болды?

Тайшыбаев: (әбден ашынған) Әр бұтаның түбінен «жау» іздеп, жәдігөйленіп жүрген өздерің емес пе...Совет өкіметіне қарсы ешқандай ұйым болған емес...

Тергеуші: (қаны бетіне шауып, ызадан жарыла жаздайды, атылып келіп Тайшыбаевтың ішінен бір тебеді), Әй, әкеңді!..Қайдағы бір калбит мені «жәдігөй» дейді, көрсетейін мен саған ондай қорлауды (беттен соғып, біраз тепкілеп «айызы қанған» соң, орнына келіп, қайтадан отырады. Жерде жатқан Мақсұтты айдауыл көтеріп тұрғызады. Бетін қан жуып кеткен, ауырсынып тұр, бірақ рухы түспеген, тістеніп тұр). Сенің бүкіл документтеріңді де, аудармашымен отырып, газетіңді де ақтарып шықтым. Газеттің мылтықтан да күшті қару екенін мен де білем. Міне («Жұмысшыны» сілкілеп), сенің газетіңнің тең жартысы дерлік – орыстарды жамандау...Тегінде, Совет өкіметі дегеніміз ұлы орыс халқы екендігі есіңде болсын...

Тайшыбаев: Ол пікіріңізге келісе алмаймын. Советтер Одағы – барлық ұлттардың Отаны...

Тергеуші: Әй, иттің баласы,өз пікіріңді өзің езіп іш... Мына «Аты өшкір Андреев» деп тақырыбына дейін айғайлатып қойған – сенің мақалаң ғой...

Тайшыбаев:...Иә, мен жазғам.

Тергеуші(оқиды): «...Өз қарамағындағы қазақтардың үш тобына Әндіреев жер қаздыртады, тас сындыртады, саз күретеді, арық тазалаттырады...».  Әй, қолынан түк келмейтін топастарға қара жұмыс істетпегенде, сеніңше, шалқайтып креслоға отырғызып қою керек пе?

Тайшыбаев: Мені йанаттап отырсыз, жарайды. Ал бүкіл ұлтты қорламай, тіліңізді тарта сөйлеңіз...Кәсіби жағынан оқып, мамандық меңгергендер де бар қазақ жұмысшыларының арасында. Соларды өз мамандықтары бойынша дұрыс пайдалану керек қой. Оқытып, үйретуге неге болмасын...

Тергеуші: (тұтқынның қайсарлығына таңдана тұрып, ыза болып, қатты-қатты сөйлейді) Әй, тіл білмейтін миғұлаларды үйретіп болғанша, топан су қаптайтын шығар...

Тайшыбаев: Олай қорламаңыз, тергеуші жолдас. Ұлтқа жіктеп, ұлтшылдықты қоздырып отырған өзіңіз ғой. Әйтпесе 1924 жылғы  Конституцияда қазақ және орыс тілдері бірдей дәрежеде мемлекеттік тіл болып белгіленген...

Тергеуші: Қысқарт! Білгішін қара мұның. Әкеңнің аузын..., калбит! (ұрып, өршелене  тепкілейді). Мен сенің көзіңе көк шыбын үймелетермін. Конвой! (айдауылға) Ертеңге дейін мынаның әптігін басып, тілін қысқартып әкеліңдер. Әкет!

Конвой: Құп болады! (алып кетеді, Мақсұтты тепкілеп, соғып жатқаны, оның қиналысы естіліп тұрады).

 

15 – көрініс

Түрменің сол тергеу бөлмесі. Мақсұттың көзі көгерген, бет-аузы жара, сақалы өскен, өңі жүдеу, шашы ұйпа-тұйпа, еңкіш, жүрісі ауыр, булығып жөтеле береді. Ауырсынып, тікесінен тік тұр. Сол тергеуші.

Тергеуші: Риддердегі  сенің ұлтшыл-контралар ұйымыңның мүшелері белгілі болды: комбинат директорының орынбасары Мадалиев, спецсектордың бастығы Тұрлыбаев, кадрлар бөлімінің қызметкері Насыров, инженер-геолог Толыбаев. Бәрі де әшкереленіп, қазір Семейдің абақтысында отыр. Бұларды танисың ғой?

Тайшыбаев: Білемін, барлығы да өз істерін жақсы меңгерген мамандар...

Тергеуші: Сен де бір саппас екенсің. Оларға сен баға бермейсің, біз береміз. Осылардың барлығы 19-январьдағы қазақ активінің жиналысына қатысты ма?

Тайшыбаев: Қатысқан...

Тергеуші: Онда «бүкіл қазақтар комбинатта төңкеріс жасау керек», «Шовинистердің қорлығына төзгенше Риддерден кетіп қалу керек» деген пікірлер айтылды ма?

Тайшыбаев: Жоқ, ондай әңгіме болған жоқ.

Тергеуші: «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Өзіңді ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымға кім, қашан және қалай тартты?

Тайшыбаев: Мен ешқандай ұйымды білмеймін, қабылданғам да жоқ...

(тергеуші долданып, жақын келіп, жұдырықтың астына алады).

Тергеуші: Ұйымдарың қарулы көтеріліске қалай әзірленді?

(Тайшыбаев үндей алмайды) Жауап?!.. (тағы соғады)

Тайшыбаев:(әзер сөйлейді, бет-аузы қан) Ешқандай ұйым болған емес...

Тергеуші: Тап жауының тұқымы, заводты қалай бүлдіріп, қандай зиянкестік жасадыңдар?

(әр сұрақтан соң бір жұдырықтап, мұқатып, қорлайды)

Ақмолада, Алматыда сендерге басшылық жасап, дем беріп жүргендер кімдер?

Тайшыбаев: (мұрнынан, бетінен қан ағып, аяғынан әзер тұр): Ондайлар жоқ...

(Тағы бір ұрғанда Мақсұт құлайды. Тергеуші айдауылға Мақсұттың екі қолынан арқанмен байлатқызып, төбеге кергізіп қояды)

Тергеуші: Жаудың сілімтігі! Осылай тұрып, ақылына келсін... Қозғамаңдар. Мен екі сағаттан кейін қайтып келемін...

(Шығып кетеді)

Екі сағат өткен. Тергеуші қайтып келеді.Мақсұт арқанның күшімен ғана аяғынан әзер тұр. Әбден қалжыраған, сағы сынған.

Тергеуші: Тайшыбаев, сенің осында келгеніңе екі ай болды, күнде көрген күнің мынау. Қасарысам деп осында өлесің ғой, бейшара. Мен қажетті қағаздың барлығын жөндеп әкелдім... Өй, мынау ұйықтап кеткен бе... естімей тұр ғой (айдауылға шелекпен су алдырып, бетіне шашады. Мақсұт есін жияды) Сен сол қағазға қол қойсаң болғаны. Мүмкін сот жазаңды жеңілдетер...(Мақсұттың қолына қалам ұстатып, қағазын жақындатады. Әділдіктен түңіліп, әбден қалжыраған Мақсұт «Мен түңілдім, сенің дегенің-ақ болсын, шошқа» деп үзіп-үзіп, әзер күбірлеп, тергеушінің көрсеткен тұсына әзер дегенде қолын қояды).

(Мақсұттың сөздеріне көп мән бермеген және ұқпаған  тергеуші қуанышты, өзіне-өзі) Вот и порядок! (айдауылға) Қолын шешіп, камерасына апарыңдар!

 

16 –көрініс

Түрме бастығының кабинеті. Сталиннің портреті, Қызыл жалау. Стол, диван, кресло, терезеде – перде. Столды айнала – үш адам, біреуі – тергеуші. Мақсұт қолы артында, босағада тұр, жанында – мылтықты айдауыл.

Тергеуші (орнынан тұрып,қолындағы қағаздан оқиды): Тайшыбаев Мақсұт, 1904 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданының Қорғалжын ауылында туған. Шыққан тегі – бай, феодал. Партия қатарынан шығарылған. Соңғы жұмыс орны – Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қалалық «Жұмысшы» газетінің редакторы. Тайшыбаев өзіне қойылып отырған айыбын толық мойындады. (Мақсұт ұмсынып қалады)

Сот төрағасы: Айыпталушы Тайшыбаев, не айтасыз?

Тайшыбаев: Өзімді тәрбиелеген Коммунистік партияға, өзім құрысқан Советтік құрылысқа мен қалайша жау боламын. Тіпті санаға сыймайтын айыптау ғой мыналарыңыз...

Сот төрағасы: Па, шіркін, Советтер Союзын сен құрған екенсің ғой (оның кекеткеніне жанындағылар жағымпаздана күледі)

Тергеуші: Бүкіл бұратаналарды жалғыз өзі ұстап тұрғандай кесірленеді, жауап кезінде де ылғи салғыласты...

Сот төрағасы: Ерігіп отыратын уақыт жоқ, жұмыс көп. Оқы үкімді! (жанындағыға иек қағады)

Үштіктің үшіншісі: СССР Жоғарғы соты әскери коллегиясының бүгінгі, яғни 1938 жылғы 11 – наурыздағы отырысында Тайшыбаев Мақсұт  РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2-тармағы – қарулы көтеріліс әзірлеу, 7-тармағы – зиянкестік әрекеттер, 8-тармағы – террористік акт, және 11 – контрреволюциялық ұйымға қатысу тармағы бойынша айыпталып, ең жоғары жаза – ату жазасына кесіледі. Сот үкімі жедел орындалуға жатады.

Тайшыбаев (жағдайдың тым ушығып кеткенінен үрейленген): Мәртебелі коллегия мүшелері, жастығымды ескеріп, үкім жазасын ауыстыруларыңызды өтінемін... Айыпты болсам, маған айыбымды адал еңбегіммен өтеуге мүмкіндік беріңіздер...

Сот төрағасы: Е, енді қалай сайрады, Совет өкіметін құрушы сабазың (қолпаштаған күлкілер). Ол өтінішің қабылданбайды (отырғандар бір-біріне қарап, бастарын шұлғысады)

Сот төрағасы: Сот үкімі жедел орындалуға жатады. Сондықтан, айыпталушы, соңғы сөзің болса, айт.

Тайшыбаев (үкімнің өзгермейтініне әбден көзі жеткен ол бойын билеген үрейден арылып, сабасына түседі): Не деген мәрттік десеңізші.

Сот төрағасы: Айтушы ма ең. Әлде жоқ па соңғы сөзіңді? (абыржыңқы, айғай салады).

Тайшыбаев: Соңғы сөз... Не деген ызғарлы, не деген қатыгез...Көрмеген құқайың жоқ, қайран қазағым-ай, кезекті бір ақтабан шұбырындыдан аман-есен өтсең екен (бөлмедегілерге назар салмай, алыс бір қиырға қарағандай, тамағын кенеп, жайлап «Елім-айды» ыңылдайды):

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Елім-ай, елім-ай..

Сот төрағасы (шошыған, айдауылға жандәрмен айғай салады) Әкет мынаны, жынданып кетті...

(Тайшыбаев өткір көзқарасын төрағаға қадап, өлеңін жалғай береді, енді ол өлеңге Нағиманың әсем де зарлы әуені қосылып, төбе құйқаңды шымырлатып тұрады... Айдауыл Мақсұтты итеріп шығарып әкетеді).

Біраздан соң Нағиманың әуені кілт үзіліп, тарс еткен мылтықтың ащы дауысы шығады. Шерлі әуен біразға дейін үздіге қалықтап тұрады.

 

17 – көрініс

Бүгінгі Тәуелсіздік заманы. Риддер қаласы. Жаз. Риддердегі Тайшыбаев атындағы көшенің ашылу салтанаты. Көше басындағы Көк туды желбіретіп, көк галстуктарын желкілдетіп сапқа тұрған жасұландықтар алдында – Роза Мақсұтқызы, журналист, Риддер қаласының әкімі, Балжан, қала белсенділері... Микрофон жанында қала әкімі сөйлеп тұр.

Қала әкімі: Құрметті қауым, айналайын балалар! Қаламыздағы мына даңғыл енді Мақсұт Тайшыбаев атындағы көше болатын болды. Бүгін біздің арамызда Алматыдан келген қадірлі қонақтар тұр. Олар - осы Шығыс өңіріндегі алғашқы қазақ газеті - «Жұмысшының» редакторы болған Мақсұт Тайшыбаевтың қызы Роза апамыз бен немересі Балжан қарындасымыз...(жұрт қошеметпен қол соғып жатыр. «Рахмет, қарақтарым, рахмет!» деп күбірлеп тұрған Роза апаның жанарынан еріксіз домалаған жастар. Оны елеп,сөз тыңдап тұрған ол жоқ, әкесінен айрылғаннан кейінгі өмірлері үзік-үзік кино ленталарындай көз алдынан өтіп жатады)

1-эпизод:

Роза (бес жаста. Константинов әкесін тұтқындаған кезде өзінің әкесінің аяғынан тас қып құшақтап алған) Папа, кетпеші..кетпеші!.. (Шырылдаған баланы Константинов жұлқи тартып, шешесіне қарай итеріп жібереді. Бала шырылдап жерде жатады. Әкесін қолын қайырып, үйден шығарып әкетеді).

2-эпизод:

(Риддердегі үйлерінде. Қолына Раяны көтерген шешесі, Бекет, Роза үрпиісіп тұр. Түн ортасында есікті тоқылдатып Әлібаев кіреді).

Әлібаев: Нағима,осы қазір жиналып, қашуларың керек. Ертең кеш болады.  «Халық жауының семьясы» деп сені ұстауға ордер жазылып қойды. Мен ептеп станцияға жеткізіп салайын... Тездет, ең керектілеріңді ғана ал... (Кішкентайын қолына алған шешесі, Розаны жетектеген Бекет үйлерінен жалтақтай, зәрелері ұшып, қашып шығып барады.

Өкірген отарба, зырылдаған дөңгелек, алакөлеңке елестерде «Усть-Каменогорск», «Семипалатинск», «Караганда», «Акмола» деген жазулары бар қалалар бірінен соң бірі қалып отырады. Вагон ішінде біріне-бірі жабысқан бұлар, адамдардың барлығынан қорқып, беймәлім бағытқа қашып барады...

Өкірген отарба, зырылдаған дөңгелек, бір мезет «Бозінген» күйі, бір мезет «Елім-ай» әуені...

Балжан: (қолындағы қол орамалымен шешесінің бетін сүртеді) Мама, саған не болған. Елдің бәрі бізге қарап тұрған жоқ па...

Роза (өзіне-өзі келгендей болады): Білмеймін, босап кеттім... Барлығы есіме түсіп ... Болдым, жаным.

Қала әкімі (сөзі жалынды): ... Диірменнің тасындай шыр айналған дүние-тарихтың 1937-38 - жылғы қызыл қырғынды бекетінде халқымыздың көптеген аяулы ұлдары қалды. Сол қызыл қырғынның сұрапылы неғұрлым алыстаған сайын Мәңгілік бекетінде қалған арыстар бейнесі, олардың киелі рухы солғұрлым зорайып, өзінің халқына ерекше жақындай түскендей. Жандарың жәннатта болсын, нақақтан күйген аяулы да асыл ағалар!..

Балалар Роза апайды құрметті ұлан қатарына қабылдап, мойнына көгілдір галстук тағады.

Роза Мақсұтқызы: «Рахмет, қарақтарым, өркендерің өссін!» (Роза олардың маңдайларынан иіскеп жатады)

Ақырындап, баяулап басталған «Көк тудың желбірегені» әнінің әуені біртіндеп зорая түседі. 

Әкім Роза апаны қолтықтап апарып, екеуі үй қабырғасына орнатылған мемориалдық  тақтайшаны ашады. Роза тақтайшадағы әкесінің суретіне елжірей қарап, ерекше бір тебіреніспен, баспалдақты тепкішекке көтеріліп,маңдайын әкесінің суретіне төсейді.

Роза Мақсұтқызы: Аллаға шүкіршілік! Тәубе! Әке, сені көрмей кетемін бе деп едім. Арамызға қайтадан оралдың... Енді менің арманым жоқ! (залға қырындай бұрылып, қос қолын кеудесіне айқастырып, сәл иіледі.) Рахмет, айналайындар, барлығыңа мың да бір рахмет! (Көзінен домалаған жас тамшылары. Бірақ, бұл – қуаныштың, бақыттың жастары). 

«Көк тудың желбірегені» енді әуеннен әнге ауысып, залды керней шырқалады.

Соңы

 

Қазақ тілінде жазылған