Адам қарады: 52797 | Жарияланды: 2017-03-27 05:51:43

Сәлем салу

Алпысыншы жылдары біздің ауылда Омаш деген кісі болған. Өзінің аздап молдалығы және елдің кемшілігін айтып жүретін әдеті бар болатын.Елдің кемшілігін түгендеп айтып жүрген адамды кім жақсы көрсін.Бірде жездесінің яғни әкпесінің баласы әскери борышын өтеп, ауылға қайтқанда Маша деген орыс қызға үйленіп келеді. Бір үйдің жалғыз баласы  келін түсірген соң әкесі Болатхан атай той жасап, қуанышқа бөленеді.Ауылды жердің әдеті бойынша жас келінге орамал салып, сәлем жасатып, шәй құйғызып, ертеңгісін есіктің алдын сыпыртып дегендей  жұмыстарға апасы үйрете бастайды. Апасының тәрбиесін жақсы қабылдаған Маша келінді елде жақсы көреді. Бір күні ертеңгісін сиырларын бадаға қосып келе жатқан Омаш атасын байқамай, сәлем салуды ұмытып кетеді.Омаш дереу әкпесі мен жездесіне келіп келін маған сәлем салмады, сендер жөнді тәрбие бермей жүрсіңдер- деп ескерту жасап кетеді.

      -Омеке! Келін байқамаған шығар, бұдан былай саған міндетті түрде сәлем салып тұратын болады деп жездесі қайнысын шығарып салады.Сол күні Маша келінге :

     -Маша шырағым, жаңағы келген Омаш Отановичті көрген жерде міндетті түрде тоқтатып алып сәлем салып тұр, ол да сенің бір атаң болады деп келінге қалай   сәлем салуды үйретіп қояды. Атасының сөзін тура түсінген Маша келін ертеңгісін көппен бірге сиыр айдап келе жатқан Омекеңді дауыстап тоқтатып алып :

   -Амаш Атанович здраствуйте-деп үш рет иіліп сәлем салады. Омашты Амаш деп оның үстіне әкесінің Отан деген атын бадырайтып тұрып Атан деп сәлем салған келіннен молдекең тұра қашады.Жанындағы адамдардың бәрі мәз болып күліп тарасыды. Мұндай масқараға шыдамаған Омекең айдап отырып әкпе-жездесіне келеді.Атасы мен апасына ертеңгі шәйін беріп отырған Маша келін қарғып тұрып:

    -Амаш Атанович, здраствуйте! деп тағы да үш рет сәлем салады. Омекең шәйға қарамай бұрыла салып үйден шығып кетеді.Атасы мәз.Түкке түсінбеген келін атасы мен апасына қарайды. Атасы:

   -Айналайын золотой келінім, сен өте дұрыс жасадың деп, келінінің маңдайынан иіскейді. Бар пәлені жасап жүрген шалы екенін түсінген апасы да мәз болып жетісіп қалады. Ертесінде Омекең әкпесіне келіп:

   -Әкпе, бұдан былай келін маған сәлем салмай-ақ қойсыншы-деп жалынады.Содан бастап Омекең келінге көрінбей сиырын басқа көшемен айдайтын болыпты.

 

Қазақ тілінде жазылған