Адам қарады: 509 | Жарияланды: 2017-04-04 02:05:14

Алаш  қайраткері Жақып Ақбаев

Қарқаралы қаласында тұратын апайым Ыбырайқызы Рахима  Тойшыбек келіні бірде өзінің туған бауыры Ыбырайұлы Сембайдың үлкен фотосын  беріп: «мынаған сен ие бол, жалғыз бауырым еді,  Қарқаралының  техникумын бітіргеннен кейін соғысқа кеткен, сол соғыстан қайтпады.  Бұл кісіні бір білсе Аманбаев Сұлтан біледі. Сұлтан екеуі айырылыспайтын  жан жолдас еді», - деген болатын.  Сол сурет көп қағаздардың арасында жатып қалыпты. Бірде фотоны тауып алып, Сұлтан ағаның үйіне келдім де,  суретті көрсетіп,  ол кісінің өмір жолы туралы дерек сұрадым. Сұлтекең  суретті көріп: «Қайран арысым-ай,  суретің бар екен ғой», - деп  Сембайдың фотосын бетіне басып тұрып, «балам сен бұл фотоны маған тастап кет, мен өзімнің қанды көйлек достарымның суреттерін жинастырып, музейге бергім келіп жүр, кейін келіп аларсың» деп  суретті алып қалған болатын.

2009 жылы Сұлтекеңе амандасып,  біраз әңгімелесіп, реті келсе, немере ағайымның фотосын алып кетейін деп, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарқаралының батыры, ІІ және ІІІ   дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, ұлағатты  өмірі әркімге үлгі-өнеге болатын, Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы, қолынан мөрі тамған  өнерлі ағамыздың үйіне келдім. Таңертеңгілік мезгіл еді. Бәйбішесімен екеуі  таңғы шайларын ішіп отыр екен.           

- «Ассалаумағалейкум, аға»- деп сәлем бере кіріп барғанымда,  85-жасқа аяқ басқан ағамыз көзін жарықтан көлеңкелеп отырып: «Ағалейкумассәләм, балам, таныдым, таныдым, сен Сембайдың фотосына келген шығарсың»,  - деді. Сұлтан ағаның  бір көрген адамын бір жыл өткеннен кейін жазбай танығанына, ол кісінің зеректігіне,  таң қалдым.  Шәй үстінде  Сұлтекең фотомен қоса өзінің өмір жолы, соғыстағы қанды көйлек достарымен бірге түскен фотолары бар,  олар туралы жазылған естеліктерін қоса беріп тұрып: «Мұнда менің көзімнің тірісінде жадымнан,  ойға алсам көз алдымнан кетпейтін, азапты соғыс жылдарының табы және бірге жүрген жанқияр достарымның бейнелері бар.  Мұндағы суреттерде менің  барлық өмір жолым көрсетілген, онымен бірге мен саған бұрын айтылмаған әңгімелерімді айтайын, сен осылардың басын қосып әңгіме жаз, бұл менің саған аманатым» деп,  шағын папканы қоса берді. Сұлтекеңнің   өз ойында жүрген ойлары мен қоса, өзіне өте қымбат та қадірлі достарының қайталанбас бейнелері мен, жазған қағаздарын, маған сенім білдіріп беріп тұрғанының өзі мен үшін  үлкен абырой, үлкен қуаныш еді. «Алла қаласа сеніміңізді ақтауға тырысамын, аға, сау болып тұрыңыз» - деп қоштасып, үлкен де жауапты жүк арқалап шығып кеттім.

 

Балалық шақ

 

                                             Өтті ғасыр артында қалды жылдар,

                                             Еске алуға сескенер сұсты жылдар.

                                   «Елім-ай» лап зар кешкен сорлы қазақ,

                                              Көрді ғой бұл ғасырда талай азап.

                                                                                          Автор

 

Мен 1925 жылы Қарқаралы уезі, Берікқара болысы,Семей губерниясында, Кәзіргі Қарқаралы ауданының  Жамбыл атындағы совхозында  дүниеге келіппін. Әкем Қожа Ахмет  үш ағайынды екен. Екі үлкен ағасы Омар мен Аманбай - бәрі де өздерінің күн-көрістік  орта шаруалары бар адамдар болатын.   Әкемнің әкесі де үш ағайынды екен. Олар Ниқанбай, Сүйгенбай, Туғанбайлар бәрі де ел ортасында сыйлы, ауқатты, тілге шешен адамдар болған. Адам баласына қиянат жасамаған, елге озбырлығы жоқ, қайта шешілмей жүрген даулары болса  көмектесіп, елдің қамқоршылары болып жүреді екен.  Шешем Сәттібайқызы Рысбаланың  руы Киікбай болады. Шешем де  3-4 жасында әке-шешесінен бірдей айырылып,  жетім қалыпты. Өздері үш ағайынды екен, үлкен ағасы  ертеректе қайтыс болыпты, ал кіші бауыры емшектегі кезінде көз жұмса керек. Таза жетім қалған шешем ағайындарының қолында жүрген. Есейіп бой жеткен кезінде әкеймен кездесіп отбасын құрған екен.

Ел арасында  үлкен әкеміз Ниқанбайдың інісі Сүйгенбай жөнінде  «Құнан өгіз беріп, елдің дауын сатып алған» деген сөз бар. Сонда бұл қылығы Сүйгенбайдың қайда жүрсе де дау-шар, пәле-жала іздегенінен емес, ол арғы бабаларынан келе жатқан тектіліктің бір болмысы. Сүгенбайдың да бойына біткен,  қанына сіңген, озбырлыққа, кісімсіп, өзінің мықтылығын көрсеткісі келгендерге, қарапайым халықты менсінбей, оған өзінің күшін, билігін көрсетіп, зорлық жасағандарға қарсы тұра алатын, ел ішінде бойында ар мен ұяты бар,  азаматқа біткен намысы мен қайраты бар, әдептілік пен әділеттілікті  өзінің   бойына  ата-баба тегі арқылы қанына сіңірген азаматтардың да бар екенін көрсете отырып, оларды жәбірленушілерге жығып беріп отырады.  Бұл да сол бір озбыр замандарда, ағашқа қарсы біткен бұтақтай, тіресіп,  зорлықшылардың ойына алғанын істей беруіне  қарсылық көрсете алатын бір күштің бар екенін білдіре білген, «Иттің иесісі болса, бөрінің тәңірісі бар» дегендей, жәбір көргендердің де  қорғаны бар екенін білдірген   ерен азамат еді. Бірде Сүйгенбай, осы Қара елінің малын Тобықтының ұрылары  айдап кетіпті дегенді естиді. Елден хабар алғаннан кейін, шынында да, малдың айдалып кеткенін анықтап білгеннен соң, Тобықты еліне барып,  сол кезде ел аузына ілігіп жүрген Құнанбайдың  баласы Абайдың үйіне барады. Абайға сәлем беріп, келген бұйымтайларын айтып,  ұрыларды мойындатып, ат-шапан айыбын алып, ұрланған малдарын айдап қайтқан екен. Батыраш-Қотыраштың да еліне барып, ұрыларын ұстап, оны айнытпас дәлелдерімен сөзге жығып, қолды болған елдің малын қайтарып алған.

Бір жолы ел аралап жүрген Сүйгенбай жаңадан сайланған ауылнайдың, үйінде мал сойғызып, өздерінің жеңістеріне ырза болып, жарыса сөйлеп, мәре-сәре болып жатқан  елдің үстіне келіп, «Уа халқым, сендер жаңа тышқан жылқының боғына үймелеген қара шыбындай мынаның шәшбауын көтеріп, бұл күлсе өтірік болса да қоса күліп, айналасына үйіріліп  қаптап отыр екенсіңдер, ал енді осыдан елге  жақсылық болса жақсы ғой», - деген екен. Өйткені жаңа сайлаған ауылнайдың озбырлығы, арамдығы  бар екенін ертеден білсе керек. Сол жаңа сайланған ауылнайдың  ауылына бұрынырақ бір барғанында, бір үйден жалынып айқайлаған дауыс естиді. Жанына еріп келген кісілерін тоқтата тұрып,  жаңағы жалынышты дауыс шыққан үйге таяп келіп, сырттағы елден мұнда не болып жатқанын білсе,  сол  ауылнай бір кедей  шаруаны, шабармандарына ұстатып қойып, шырылдатып қамшымен ұрып жатыр екен. Кедей бейшара ауылнайға берешек болып, соны уақытында қайтарып бере алмай қалыпты. Кедейдің шырылдаған дауысын есігенде, зорлыққа жаны шыдамайтын Сүйгенбай, шылбырын жанындағы жігітке беріп, өзі аттан секіріп түсіп, киіз үйдің есігіне келсе, есікті іштен бекітіп алған екен. Ауылнайдың ісіне ыза болған Сүйгенбай киіз үйдің есігін иығымен қаттырақ итеріп қалғанда, есіктің күршегі ұшып кетеді де, есікті  итере ашып кіріп келеді. Кірген бетте  ауылнайдың қолындағы қамшысын жұлып алады да,  өзін өз қамшысымен бір тартып,  «Оңбаған, жақсыдан болыс сайласаң аузыңды май етеді, жаманнан болыс сайласаң ауызыңды қан етеді» деген. Мына бейшараны осынша шырылдатпасаң нең кетеді?»-деп ауылнайды жанындағы көмекшілерімен қоса   байлап жеке үйге қаматып тастапты. Үш күннен кейін, екінші ешкімге  бейсауат  тимеймін деген антын алып босатқан екен.

Баяғыда Шорманның Мұстафасы да озбыр  мінезді, өр кеудесі басылмаған, ешкімнен беті қайтпаған кезі болса керек. Қарқаралыдағы Бекметов  Қалиолла байдың көк төбелі үйінде қонақта отырғанда, Қалиолланың күйеу баласы, белгілі Алаш қараткері  Ақбайдың Жақыбымен сөзге келісіп қалады. Мұстафа өзінің басынан сөз асырмаған озбырлығына басып, төрдегі отырған орнынан атып тұрып,   ширақ адымдай басып барып, анадай жерде ілулі тұрған қамшысын ала салып, Жақыпты  тартып жіберіпті. Жақып бұл жерде бірден өзінің атасының үйінде шу шығарып елдің реңін бұзғысы келмей және ол сияқты адыраңдаған даланың өктем байының баласы емес, көзі ашық оқығаны бар мәдениеттілігін көрсетіп, ызасын ішіне бүгіп, Мұстафаға ызбарлана бір қарайды да, әріге бармай үйден шығып кетеді.                                

Мұстафаның әкесі Шорман Баянауыл жақтағы Төртуыл руының атына көшірілген елдегі Айдабол, Қаржас, Малай-жәдігер, Орманшы, Күлік, Қозған, Қақсал, Ақбура, Қаблан, Қалқаман, Тұлпар, барлығы 9200 үй Шоңның елін ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстаған адам болған.  Ертеде Қарқаралыда, төреден Бөкейханның немересі Тұрсын Шыңғысұлын (Жамантай)  аға сұлтандыққа, заседательдігіне Үлдебай Өртауов пен шекшек Жаманбай Нұралинді, ел-елдерге болыс, старшындар  сайлаған жиында өзінің бұл сайлаудан тыс қалғанына намыстанып,  Төртуылды бастап келген Шоң мен Шормандар  патшаға ант беруге қатыспай, «Енді бізді төре сайлаған жерден көрмейтін боласыңдар», - деп,  топ ішінен шығып кеткен болатын. Осыдан кейін Шоң мен Шорманның төремен сыйыспайтынын сезген, ел арасында жанжал болып кетпеуін ойлаған  Дуан бастығы полковник Броновский Баянауылдан жеке дуан ашып, Едігенің Шоңын аға сұлтандыққа, Шорманды кандидаттыққа бекіткен болатын. «Жаманнан жесең бір қамшы, ол сүйегіңе жетпес пе» деп Мөңке би айтқандай, өркөкірек байдың баласы, осы Шорманның ұлы Мұстафадан өшін ала алмай күйінген Жақып бұдан есесін қайтару  бір келсе Сүйгенбайдың қолынан келер деп,  Сүйгенбайдың ауылына  атпен кісі шаптырады.  Ел шетіне жау келсе, халық үстіне дау келсе, жамандайын жалтаңдап, ер жігіт қарап тұрар ма? дегендей, Шорманның Мұстафасы Қарқаралы халқы жанындай жақсы көретін, елдің сыйлайтын азаматы Жақыпты ұрып кетіпті дегенін естігенде, оның озбырлығына шыдай алмай, іштей күйініп, ауылдас ағайынның кеткен есесін  қайтару үшін Сүйгенбай атқа мініп, жанына сенімді жігіттерін ертіп алып, түнімен суыт жүріп отырып, күн көтеріле   Қарқаралыға келеді. Келсе Қалиолла байдың көк төбелі үйінің  есігінің алдында Мұстафа паңдана  басып пәуескеге мініп, кеткелі жатыр екен. Айналасында атақты байдың баласын шығарып салып тұрған Қарқаралының игі жақсылары мен Қалиолла байдың туыстары. Сүйгенбай қасындағы 7-8 жігіттерден бөлініп шығып,  бірден топталып тұрған елдің дәл ортасына келеді де, атының тізгінін тартып тоқтатқанда, Сүйгенбайдың астындағы аты да өзіне сай екен, иесісінің басқа елден үстемдігін көрсеткісі келгендей шаршап келсе де алдыңғы екі аяғын тік көтеріп қасқайып  тұра қалған екен. Мына бір тосын жағдайға елдің бәрінің  назары Мұстафаны тастап өзіне қарай бұрылған кезде, Сүйгенбай  өзінің ашуланған кезде шығатын бүркіттің ащы шаңқылындай  қатты дауысымен «Ей, Мұстафа,  қайтар,  қане, алған ақшаңды,» -деп зілдене  айқай салады.

Өзінің атын атап  айқайлаған дауыс шыққан жаққа жалт бұрылып қарағанда, ат үстінде тұрған адамды көреді де, бұл кім болды екен деп, Мұстафа  бір жағы таңырқай, бір жағы озбыр мінезіне басып, кім де болсаң  көріп алайын, деген өрлікпен түсін суытып,  «Кімсің-ей, сен, не сандалып түрсың, қайдағы ақша?» деп пәуескеден түсіп,  кім екенін анықтап көрейінші деген адамдай жанына таяғанда, Сүйгенбай қолындағы  қамшысымен оның басынан екі рет тартып-тартып жіберіп, «Жарайды, бермей-ақ қой, сол ақшаны сен-ақ ал» деп бұрылып кетіп қалыпты. Алғашқыда  өзіне дәті барып, қамшы көтереді деп ойламаған Мұстафа,  екінші қамшаны дарытпас үшін екі қолымен басын көлегейлей отырып кейін қарай шегініпті. Бірақ шапшаң қимылдаған Сүйгенбайдың екінші қамшысы да жон арқадан оңбай тиген. Жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын сезген, өздерімен қоса тұрғандардың біреулері, «Өй, мынау қайтеді-ей» деп, Сүйгенбайдың астындағы атын үркітіп жатса, екінші біреулері  соққы тиген Мұстафаны  қорғаштай сүйреп бара жатты.   Қала жақсыларының алдында  ұятты болған Мұстафа, осы тосын оқиғаның бір ұшы кешегі өзі жәбірлеген Ақбайдың Жақыбында жатқанын бірден сезген екен. Бірақ бұл жерде Жақып жоқ еді.

Жақыптың бір сәлеміне бола, Сүйгенбайдың жанына жігіттерін ертіп түн қатып жетіп келуі Жақыптың ел ортасында өте сыйлы болғанын көрсетеді.

Мұстафа қолында билік, байлық та бола тұра, неге шағымданбады, Сүйгенбай деген кім?

Бөргөз  жетінші ата, шын аты Тілеуберген екен. Ол кісі Жоңғарлармен соғысып, оларды Алатаудан асырған батырлардың бірі болып саналады. Аңызда жоңғарлар,  қазақтардың   бас қосып, қарсы шыққан шабуылына шыдай алмай, жеңіліп қашып бара жатқанда,  Алатаудың тар шатқалынан өтіп келе жатқан Бөргөз жасағына,  таудың басында тұрған жоңғарлар,   алдын ала дайындап қойған үлкен-үлкен тастарын домалатып  жібереді. Бөргөз сол жерде басына тас тиіп қаза тапқан екен де, сол жерге тау ішіне жерленіпті. Қазір Қырғыз  Алатауында  Бөргөз асуы деген үлкен асу бар  дейді.

Сонда руымыз Қараның ішінде Бөргөз болады.  Аталарымыз Қожас-Бекбас-Бөргөз-Найманбай-Мейрам- Ниханбай-Қожа-Ахмет-Сұлтан, міне үлкен аталарымыздың айтуы бойынша біздің аталарымыз осылай өрбиді. Аталарымыз ешкімге жалданбаған, орта шаруасы  болған адамдар екен.

Бірде тау арасындағы ауылға  патшаның жарлығымен  қазақ жеріне  келген қарулы мұжықтар, шұрайлы жер іздеп, Сарыарқаға, осы біздің жаққа  келеді де, ауылды ойрандап, мылтық атып, елді қорқытып, қолға түскен малдарын сойып алып,  күш көрсетіп, бір жағы ауылдың аңқау қазағын мазақ етіп жатқаны туралы хабар Сүйгенбайға жетеді. Бұл кезде қазақтың жеріне келген отарлаушы орыс патшасы, елдің шұрайлы жерлерін зорлықпен тартып алып, өздерін құнарлылығы төмен, шөбі аз жерлерге қуып, өз жерлері үшін өздеріне салық салған кез еді. Халық та  әр түрлі әрекеттер жасағанымен, төреден қойған билер елді басынып,  бөлшектеп, біріне-бірін айдап салып, заңсыз әлімжеттік жасап, «бергенін қолынан, бермегенін жолынан» деген озбыр саясатпен,  елдің малы мен жерін барымталап, неше түрлі сылтаумен тартып алып жатты.  Халықтың да бір жағы өздерінің болыс билерінен, екінші жағы орыс патшасының жарылқауымен жөнсіз кеткен мұжықтарынан жапа шегіп жүрген кезі еді. Халық ішіндегі кеудесінде жаны, намысы  бар азаматтардың  кеудесін ыза кернегенмен,  істерге лажы жоқ, іштен тынып, патша билігінің озбырлығына еріксіз шыдап күйзелісте  жүрген. Мына хабарды естіген Сүйгенбай үйінде  отырып, патшаны арқа тұтқандардың әділетсіздігіне шыдап жата алмай, атына мініп, жалғыз өзі мұжықтар жаулап жатқан ауылға  келеді. Бұлар негізі сол кездегі патшаның жаулаушы әскеріне айналған казактар. Олардың шаштарының қаралығына қарай қазақтар, қара орыс деп, ал шаштары сарыларын сары орыс деп атайды. Келсе қарындары тойған, жандары жайлау, «әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ, елді әбден басынған мұжықтар қаннен-қаперсіз бір үйді жайлап ұйықтап жатқан үстінен түседі.  Сол жерде Сүлеймен  ауылдағы жігіттердің ішінен әлділерін  жинап, мұжықтар жатқан үйге келеді де,  жатқан жерлерінде қол аяқтарын байлап, қөздерін таңып,  қаруын, ат-көліктерін тартып алады. Мұжықтардың мініп келген көліктеріне өздерін отырғызып, екі түн жүріп Қоңырат жаққа, иесіз тауға апарып байлап тастайды.  Аттарын елге сойып беріп, арба мылтықтарын тауға жасырып, ешбір белгі қалдырмай, айғақ болар нәрсенің бәрін жойып, көрген елге, бала-шағаға ауыздарыңнан тіс жарып ештеңе айтушы болмаңдар. Іздеп келгендер болса «Мұжықтар сендерге келді, ойран салып кетіп қалды. Қайда кеткенін білмейсіңдер, кім сұраса да айтар сөздерің осы болсын» деп қатты тапсырады. Сөйтіп елді озбыр мұжықтардан құтқарған екен. Міне, бұл  халық ішіндегі  елге жанашыр болған, ел аузында  жақсы істерімен өзінің  батыр бейнесін бейнелеген, өтімді ісімен, шешен тілімен  елдің қорғаны болған Сүйгенбайдың бір әрекеті.  Кейіннен еш хабар болмай кеткен мұжықтарды іздеуге солдаттар шығады, бірақ ешқандай дерек таба алмайды.

Жамантай төре  Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрған кезінде, Қара шордың ішінде руы  Бөргөз  Сүйгенбай қажыны өте қадірлеп, аса құрметпен сыйлап, ол кісінің сөзіне құлақ қойып отырады екен. Бірде Жамантайдан ағаттық болып, Жарлы өзенінің жайлауынан  шала қазақтарды ығыстырып, орныққан жерлерінен қуып жіберіпті. Кейіннен Қоянды жәрмеңкесінде халық көп жиналған бір жиында, ел қадырлысы Машан би Жамантайдың көзінше,  Сүйгенбай қажыға  қарап:

-  Қажеке, қабырғадан қар жауса, атан сүйрер дөңбекті. Ел шетіне сөз келсе, билер көрер бейнетті, - демекші, қарапайым халықтың жоғын жоқтап сөзін сөйлейтін сіз бен біз сияқты, арқа сүйер адамдары болмаса, елдің мұңын  шағатын, жандары күйзеліп, іштегі кектері қара қазандай қайнағанымен, олардың сөзін тыңдайтын, сүрінгенде  сүйенетіні  де болмай қалады емес пе? Баяғыда Айдаболдың Торайғыры айтқан екен. «Қара жерді жамандама, кіретұғын көріңді. Қауым жұртты жамандама, көп табады мініңді. Білгендерді жамандама, басшы болар піріңді»- деген екен. Мен мына бүгінде  бүкіл Қарқаралы дуанының аға сұлтаны  болып тұрған Жамантайды сізге жамандайын деп отырған жоқпын,  елдің Жамантайдан көрген қиянатын айтайын деп тұрмын.  Бүгінде бір дуан елдің орталығына айналған Қарқаралы маңындағы Жарлы өзенінің  бойын неше жылдан бері шағын ел, шала қазақтар жаз жайлап жүруші еді. Бергені көп болды ма, әлде біреулердің сөзіне ерді ме екен, білмеймін,  әйтеуір, соларды Жамантай төре  жайлап отырған  орныққан жерлерінен қуып шығыпты, осыған не айтасыз?- дейді.   Сонда Сүйгенбай елге қиянат істеген адамға деген жеккөрінішті қалпымен және  ешкімге бетің бар, жүзің бар демей еркін сөйлейтін әдетіне басып, айбарлы түрімен Жамантай төреге қарап; Халық даналығы, «бақаны алтын таққа отырғызсаң да, батпағын көрсе қарғып түседі» деген ғой, тәрізі аға сұлтаннан  бір ағаттық кеткен екен. Ақылы бар азамат емес пе орнына келтірер-депті. Мұны естіген Жамантай қап-қара болып  түтігіп; «Айғырдың арыны кетсе де, қырыны кетпейді деуші еді. Сен, құл қазақ, бұл дүниеден  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өтерсің-ау, тегі», - деп тоқтаған екен. 

Ақжан әл-Машанидің «Әл-Фараби көпірі» кітабындағы профессор Шамшиден  Абдраманның жазуынша, Машан бидің кіші келіні, Жақсыбегінің келіншегі,  Ғайшаның төркіні тобықты екен. Содан да  Құнанбай қажымен үзеңгілес, құда-жекжаттығы бар, ел арасында  өзінің ұлтжандылығымен халықтың тірегіне айналған адам еді. Жаңағы Машанның кіші ұлы Жақсыбектен  туған Ақжан  асылдың сынығы, тұлпардың тұяғындай болған асыл туған азаматтың, Отырар тумасы  Орта Азия ғалымдарының ішіндегі ең ғұламасы, ұстаздардың  ішінде, екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің қазақ екенін дәлелдеп, ол кісінің Құран аяттары тектен-тек жазыла салған сөз емес, аса құнды ғылыми кітап екенін, және сол аяттарды және Мекедегі қасиетті Қағбаның  құрылысын, темірқазық жұлдызының мағынасын, жаратылыс заңдары мен математикалық тұрғыдан бір жүйеде екендігін дәлелдеген еңбегін жарыққа шығаруының өзі неге тұрады?      Әл-Фарабидің Отырардан  шыққан қыпшақ тумасы екенін дәлелдеп өзбектерге бермей талай ғасырдан кейін өз ұрпағымен қауыштыруы, бүкіл қазақ елі үшін теңдесі жоқ үлкен жетістік.

/Ел аузынан/. Ертеде Қарқаралы дуанына аға сұлтандыққа Құсбек төре мен Жамантай (Тұрсын) төрелердің кандидатурасы бірдей ұсынылған екен.  Аға сұлтандыққа нақты біреуін бекіту  уезд орталығы Семейдегі губернатор мен билердің билігінде болған. Қайсысын бекітетіні белгісіз болғандықтан, Семейге Құсбек төре мен Жамантай төре екеуі де бірге барады. Құсбек төренің келіскен адамдары, не «бергені»  мықты болды ма,  бекісем сол жақта тойлаймын деп, жанына бірнеше болыс билерді ерте барыпты. Жамантай төре жанына жалғыз Машан биді ғана ертіп алған екен. Семейге барғаннан кейін, губернатор мен оның жанындағыларға өздерінің келгендерін білдіріп, хабар тосып жата береді.  Осы кезде Машан би ішім ауырып тұр деп,  ешкімге сездірмей, елден бөлініп қайта-қайта кетіп қала береді екен. Аға сұлтанды бекіту мерзімі  кешігеді. Тосып жатқандардан маза кете бастайды. Бір күні губернатордың жарлығын жариялау үшін  келгендердің бәрін губернатор кеңсесіне жинайды. Мазасыздана тосып отырған елдің алдына  губернатордың хатшысы  шығып,  жарлықты оқып, Қарқаралы дуанының аға сұлтандығына Жамантай төренің бекітілгенін хабарлайды. Сонда Құсбек төре: «Ә, бұл Машан бидің іші тегін аурмаған екен» депті.  Міне осы Машан бидің үйінде Құнанбай қажы да  өте жақсы сыйласып,  Қарқаралыға  мешіт салған жылы ерулеп Машан бидің үйінде жатады екен.  Құсбек пен Жамантай төре де Машан биді іш тартып оның адалдығына, әділдігіне орай, ілтипатпен  «Машекем» деп атап, елге үлгі өнеге еткен. Жамантай төре  Машан би дүние салды дегенді естігенде,  күңіреніп «Машан, Машандай ұл туғанша қашан» деуі де Машан бидің ел ортасындағы, ел билеген төрелердің алдындағы беделінің өте жоғары болғанын көрсетеді.

Мейірманның балалары Ниқанбай тілсіз шешен болса, Сүйгенбай тілді шешен еді, деп отырады екен үлкендер. Осы әрекеттеріне қарағанда Сүйгенбай еліне қорған, жалшы- жабықайлардың жақтаушысы болған, қиянат көргендердің кек қайтарушысы, сыртқы ел айбынынан,  ащы болсада орнымен тауып, және ақиқатымен сөйлейтін   тілінен сескенетін, өз ортасында ірі тұлға болған  адам. Ал ақиқаттан  зорлықшылар,  бойында арамдығы басым елді алдап кеткісі келіп тұратын адамдар ғана сескенеді. Сондықтан да қарапайым халық  Сүйгенбай, Машан сияқты адамдарды пір тұтқан, жапа шеккенде сондай адамдарды өздеріне пана көріп, олардың көмегіне сүйенген. Мұндай адамдар болмаса ел іші не болып кетер еді.             

                      Мен біткен ойпаң жерде аласа ағаш,

                     Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

                     Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,

                     Пайдалан шаруаңа ал, жараса Алаш.

- деп Міржақып Дулат айтқандай,  елдің қамын ойлаған, саналы ғұмырларын  жақсы істерге арнаған адамдар.     

Сүйгенбайдың осындай ерлікке бергісіз істері мен тиген жерін іреп түсетін орынды сөздері бар, адамгершілігі мықты, елдің алдына шығып сөйлей алатын, жақсы татымды сұлу сөздері бар, ел намысын өркөкірек ақымақтардың  аяғына таптатпайтын білгеннен кейін, Жақып ол кісіден көмек сұраған екен. Сүйгенбай сияқты адамдардың ерлігі өлшеусіз ерліктер. Мұндай адамдарды ел арасында ешқашан ұмытпай,  олардың жағымды істерін аңыз етіп айтып жүреді. Қазақ қашанда Сүйгенбай сияқты ел арасынан шыққан, өз ерлерін суреттегенде басқа елдің бір батырларымен салыстырып жатады. Ал осы кісілердің ерлігі мен өрлігі, бір елдің батыры болып жүрген, бір кітаптың кейіпкері болып жүрген  Робин Гудтан несі кем. Қайта артық болмаса. Уақыт өте келе қағаз бетіне түспесе, өткеннің бәрі ел жадынан ұмытылып қалады. Кейде біреудің  жанашырлық үшін істеген жақсы ісін, екінші біреу өзіне зорлық жасалды деп есептейді де, ол көпке сол мағынада тарап кетуі де мүмкін.  Сондықтан да жақсы адамдардың ұлағатты істерін дәлелдеп, оны елі қадірлеп, аттарын мәңгі елдің есінде қалатындай дәрежеге көтерсе, елін сыйлаған ердің аруағы ырза болар еді.  «Қадырын елі білмесе, қайратты туған ер ғаріп» - деген емес пе. Ендеше  Сүйгенбайдай орақ ауызды ерлердің ісін әлі де болса тереңірек зерттеп, атын аңызға айналдырса нұр үстіне нұр болар еді.

Сүйгенбайдың бейіті Қайнарбұлақ ауылында, Аппаз селосынан Қызыларайға қарай шыға берісінде, жамбылдықтар «Шампан бұлақ» деп атайтын жердің жоғарғы жағында тұр.

    Мұстафа Сүйгенбайдың  осындай айбынды әрекеттерін білгендіктен,  бүкіл қалың шордың ішіне сыйлы,  кімге де болса, сес көрсете білетін, өзіне қарсы тұра алатын адам болғандығынан, одан сескенсе керек.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған