Валя апайдың әңгімесі
1977 жылдың күзі жауын-шашынды болып келді. Бұл жылы көктем ерте түсті де, жаз өте құрғақ болды. Соның салдарынан егін мен шөптің шығымдылығы да төмен болып, қысқы мал азығы жоспардан аз дайындалды. Осы жағдайды ескерген облыс, аудан басшылары Қарқаралы, Талды аудандарының совхоздарына сырттан мал азығын дайындауға жарлық берді.
Талды ауданының Жамбыл атындағы совхозына Көкшетау облысының Кемерово ауданынан сабан дайындайтын болыпты. Совхоз директоры Сыздықов Ағыбай өте іскер, байсалды, сөзі мен ісінің арасында ешқандай алшақтық болмайтын, ел жақсы сыйлайтын, орнықты азамат еді. Совхоздың барлық жұмыскерлері мен қызметкерлерін кезекке қойып, сырттан дайындалатын сабанды тездетіп жеткізіп алудың қамын жасап, барлық күшті соған жұмылдырып жатты. Ол кезде мен осы Жамбыл атындағы совхозда тұқым жөніндегі агроном болып қызмет ететінмін. Осы желтоқсан айының басында совхоз прорабы Қуаныш екеумізге келді. Бізге Қарағандының Северный шахтасынан 10 жұмыскер алып, Көкшетаудың Кемерово ауданына бару керек болды. Қарағандыға келіп, Северный шахтасынан 10 шахтерді ертіп алып поезға мініп Көкшетауға келдік. Одан автобуспен Кемерово ауданына бардық. Аудандық атқару комитетіне барып осы жұмыспен шұғылданып жүрген кісіге жолығып, баратын жерімізді білдік және жұмыскерлерді алып баруға автобуспен көмектесуін өтіндік. Бізге «Красный Октябрь» совхозына бару керек болды. Совхоз орталығына келгеннен кейін жұмыскерлерді орналастырып, бізден бұрын келіп, бір ай жұмыс істегендерді қайтардық та, жұмыс барысымен таныстық. Енді біз осы совхозда тұрып бір ай көлемінде жаңа жылға дейін сабан дайындап, дайындалған сабанды вагондарға тиеп, Қарағайлы станциясына жіберіп отыруымыз керек. Біз орналасқан жатақхананың жанында совхоздың үлкен астық қабылдайтын мекемесі бар, күнде таңертең жұмыскерлерді жұмысқа бөліп жібергеннен кейін осы мекеменің вахтасындағы телефон арқылы өзіміздің совхоз басшыларымен хабарласып, жалпы жағдайды айтып, дайындалған және жіберілген сабан туралы мәлімет беріп отырамын. Бірде вахтаға барғанымда, вахтеркада күзетте егделеу келген орыс әйелі отыр екен. Кезекші әйелмен амандасып, телефонмен сөйлесуге тапсырыс беріп едік бір сағат тосу керек болды. Уақыт өткізу үшін кезекшімен танысып, түртпектеп әңгіме сұрадым. Аты Валентина еді.
Валентинаның әңгімесі
Қарағым, соғыс туралы, сол қырғын келгір немістердің соғыстағы айуандық әрекеттерін еске түсірудің өзі маған өте ауыр. Осы «Красный Октябрь» совхозының 80 пайыз тұрғындары немістер. Мен дәл осылардың жазығы жоқ екенін білемін, бірақ сол ұлтқа деген жүрегімнің түбіндегі қатып қалған қара тас мен өлсем де жібімейтін шығар. Көшіп кетуге баламның жұмысы осы жерде, содан еріксіз отырмын. Қазіргі менің оларға жасаған қарсылығым сол, олармен араласпаймын, амандаспаймын, сөйлеспеймін. Ой, қарағым-ай, несін айтасың, сол соғыс ел басына, бүкіл совет елінің басына келген зұлымдық, ғаламат ауыр соққы болды ғой.
Сол 1941 жылы жазға қарай Гитлер Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашуы мүмкін деген сыбыс ел арасында жүріп жатты. Радиодан хабарлағанда СССР мен Германия арасындағы біріне-бірі шабуыл жасамау туралы келісім шарт жасалды, қарым қатынасымыз жақсы деп айтып жатады. Сонда да елде келешек не болар екен деген үрелі ой бар. Мен сол кезде 18 жастамын, Ленинградтағы медсестраларды даярлайтын училищені амандық болса алдымыздағы күзде бітірмекпін.
Маусым айының ортасында әке-шешемді Ташкенттегі апайыма баруға вокзалдан Москваға позға мінгіздім де, өзім үйге қайтып келдім. Ол кезде, әсіресе, жастарда соғыс бола қалған күнде де совет әскерлері немістерді көпке жібермей қуып шығады деген сенім өте күшті еді. Бізде соған имандай сендік. Үйткені газет арқылы берілген хабарларда, осындай мәліметтер жазылады, ал радио «Красная Армия всех сильней» деп өлеңдетіп жатады. Сөйтсек, көп жағдайда мұның бәрі құр үгіт- насихат қана екен ғой.
Қалада менің Виктор есімді таныс жігітім болды, әскери училищені бітірген жас лейтанант Ленинградты әуеден қорғау полкінде қызмет ететін. Соғыс басталардан бір күн бұрын сенбі күні біздің училищеге келді. «Валя, жүрші біраз қыдырыстап қайтайықшы, өзімнен-өзім көңілім жабырқап, оңбай жүрмін, қазір әуе қорғанысына дайындалып жатырмыз. 3 сағатқа зорға сұранып шықтым, тіпті босатпайды, негізі жағдай жақсы емес. Шекарадан өтіп келген бір кісі немістер 22 маусым күні Советтер Одағына қарсы соғысты бастайды»-депті, бізге мұны ешкімге айтпаңдар деген. Арандатушы болуы мүмкін дейтін шығар, сонда да біздің жақта қырғын дайындық байқалмайды. Мұның арты неменеге апарып соғады бір құдай біледі. Мүмкін бұл екеуміздің ақырғы күніміз шығар, жүр бір-екі сағат қыдырып қайтайық» деді. Виктордың соғыс басталуы мүмкін дегені мен үшін жаңалық емес болатын, дегенмен де дәл ертең соғыс болады дегені қорқынышты еді. Мен де сұранып шықтым. Содан екеуміз Ленинградтың орталық көшесіне, ескіше Нева даңғылына келдік. Көше бойында әр жерде гүл сатып отырған әйелдер. Сол жылы Ленинград көшелерінде алуан түрлі гүл дегенің сұмдық көп болып еді, тура қараған кісінің көзінің жауын алады. Виктор маған бір бума гүл сатып алып берді, екеуіміз қол ұстасып жүріп отырып, Норд кафесіне келдік. Бір столға отырып жеңілдеп тамақ алдық. Виктор маған балмұздақ алып берді. Одан шығып, демалыс паркіне келдік. Жазғы парк қандай тамаша, аллеясында жай қыдырып, кешкі Ленинградты тамашалап жүрген ел, парктің іші қыздардың сықылықтаған күлкісіне толы, әр жерден патефоннан айтылған әсем де сазды әндер естіледі. Патефон ойнатып отырған жерде, ән тыңдауға жыйналғандар көрінеді. Нева өзені бойында әр-түрлі әдемі серуен қайықтары... Осы бір әдемі кеш өмір бойы есімнен кеткен емес, сондай бір бақытқа толы, ешқашан қайталанбас уақыттар еді-ау. Ленинградтың осы әсем кешіне қарап ертең соғыс басталады дегенге ешкім де сенбес еді.
Виктор мені үйіне ертіп келді де, шешесімен және қарындасымен таныстырды.. Шешесі Маргарита елуден асқан орта бойлы, сұлу өңді әйел екен, қарындасының аты Татьяна, биыл мектеп бітірген, алдында арманы көп қыз еді. Содан әңгімелесіп отырып шай іштік. Виктордың шешесі мені жақсы қарсы алды. Елпілдеген ақкөңіл, мінезі ашық жан екен, екеуміз бірімізді-біріміз тез түсінісіп жақсы әңгімелесіп кеттік. Біраз отырғаннан кейін рұқсат сұрап екеуміз көшеге шықтық.. Виктор мені үйіме дейін шығарып салды да, өзі әскери бөліміне қайтты. Ертең соғыс басталады деген, қанша естіп жүргенімізбен ешкімнің ойында жоқ еді. Ертеңіне демалыс күні кештеу тұрдым да, әдеттегі сағат 12-дегі беретін түскі концертті тыңдайын деп радионы қоссам, концерттің орнына, сол кездегі сыртқы істер министірі Молотов сөйлеп жатыр екен, дауысы сондай қаһарлы, бір пәленің болғанын сезіп, жүрегім зырқ ете түсті. Бұл соғыс еді, есім шығып кетті, не істеп не қоярымды білмей, екі қолыммен басымды ұстап отырып қалыппын. Әлден уақытта есімді жинап, тез-тез киіндім де көшеге шығып, трамвайға мініп, училищеге бардым. Мен сияқты елдің бәрі де келген екен. Бізді, ақырғы курстағыларды жинап алды да, қолдарымызға медучилищені бітірді деген құжат беріп, жан-жаққа жіберіп жатты. Мені және 5 қызды Ленинградтағы үлкен ауруханада қалдырды. Ленинград көз алдымызда өзгерді. Қала үстінде дирижабль. Аспанда әуеден қорғауға жау самолеттерін бақылап журген біздің самолеттер. Көшелерде жоғарыдан жасырып тұратын тор құрып тастаған, көшелер мен парктер бос қалған. Елдің бәрі, қолына күрек ұстауға шамасы келетіндер, кәрі-жасы түгел қаланың айналасын қазып, танкіге қарсы ор қазуға жұмсалған. Жиналып тұра қалып, Информбюро хабарын тыңдаймыз. Совет әскерлері алысқа жібермей, немістерді тырқыратып қуып шығады деген сенім болғанымен, хабардан ондай сөз айтыла қоймады. Қалада түнде жарық жоқ, тек анда-санда прожектордың жарығы ғана көрініп қалады. Ауруханаға алғашқы жаралылар келіп түсе бастады. Олардың сөзінен неміс қаруы әзірше күшті болып тұрғанын естиміз. Ленинградқа жау самолеттері өтіп кетіп бомбалап кетіп жүрді. Оларды атып түсірді дегенді естігенде тура өзіміз атып түсіргендей сұмдық қуанып қаламыз. Ауруханада жаралылар өте көп. Күзде қыркүйек айының 10-күні Ленинград қоршауда қалды. Тамаққа норма белгіленді. Бір күні қыркүйек айының соңын ала Виктор ауруханаға жүк машинасымен жаралыларды алып келді. Бұл сол 21- маусымнан кейінгі екеуіміздің бірінші кездесуіміз еді. Ол үйіне бара алмады. Кетерінде маған «Валюша, айналайын, шамаң келсе, әрине, мүмкіндігің болғанда, шешем мен қарындасыма барып тамақпен көмектесіп тұршы», - деп тапсырды. Содан нормалы тамағымды жинап, басы құралған кезде уақыт тауып, апарып беріп тұрдым. Қыс түсе қалада жағдай тіпті қиындады. Жарық жоқ, жылу жоқ үйлерде буржуйка деген темір пеш бар, оның өзіне отын табу деген қиямет. Жағуға келетін нәрсенің бәрін ел әлдеқашан жинап алған. Жаралысы бар, аурулары бар ауруханаға ел сыймайды дәліз бен шаруашылық бөлмелерінің бәріне төсек салынған. Ауруханаға тек соғыстан келгендерді ғана аламыз, сонда да сыймайды, жазылып шығып жатады, оның орнына қайтадан келіп жатады, жұмыс өте ауыр. Елде тамақ жоқ, қаланың ішін аштық жайлаған. Нормамен беретін тамақты алудың өзіне кейде уақыт болмайды, тіпті түрегеліп жүріп ұйықтаймыз десек те болғандай. Бірде тоқ, бірде аш жүріп жаттық. Тек соғыста бұдан да ауыр ғой деп, өзімізді өзіміз жігерлендіріп, қалай да шыдап жүреміз.
Ақпанның аяғында Виктор тағы да бір рет жаралыларды алып келді. Жаралыларды орналастырып болғаннан кейін, Виктор маған «Валя, менің 3 сағаттай уақытым бар, әдейі сұранып шықтым, жалғыз баруға біртүрлі көңілім дауаламай тұр, босатса, сұранып шықшы, екеуміз шешеме барып қайтайық», - деді. Мен де бас дәрігерден сұранып, екеуміз Виктордың шешесінің үйіне келдік. Жолшыбай келе жатып Виктор шешем аман болса екен деп қояды. Соғыста жүріп өз аузынан жырып жинаған тамағын беріп, шешесі мен қарындасын бір ырза етпек. Мен де бұл үйге ақпанның басында бір рет келіп, азын-аулақ тамақ әкеліп беріп кеткенімді айтып жатырмын. Үйге келдік те екінші қабатқа көтерілдік, Виктордың үйінің сыртқы есігі ашық екен, біз екеуміз де бірден бір-бірімізге қарастық, далада 30 градус аяз болып тұрғанда үйдің есігінің ашық қалуы әрине тегін емес. Көңілімізді үрей жайлады, зәре жоқ, үрейлене үйге кірдік. Виктор үйге кіре салысымен «Мама, Таня қайдасыңдар, барсыңдар ма?» деп айқайлай кірді. Ешқандай дыбыс жоқ. Екеуміз жүгіре басып, тез-тез бөлмелерді аралап жүрміз. Шеткі ұйықтайтын бөлмеге кірсек, диванның үстінде көрпе-одеялдарға қабаттап оранып алған Таня отыр. Бізді көргеннен кейін, ол есі ауысқан адамдай екі көзі бағжиып, аузы ашылып қозғалмай үнсіз қалды. Виктор Таняны көрісімен жүгіріп барып екі иығынан жұлқылап «Таня, мына отырысың не, саған не болған, мамам қайда» - деп айқайлап жатыр. Таняда үн жоқ, кеудесінде жаны бар, бірақ есі ауысқан адам сияқты, алдында тұрған адамға тесірейіп қараған екі көзіне кісі қарап тұра алар емес. Виктор оны одан сайын екі иығынан ұстап алып «мамам қайда» деп қатты-қатты сілкілеп жатыр. Әлден уақытта Таня есі жаңа кіргендей, Викторға тесіліп қарап тұрып, бар дауысымен қатты шыңғырып жіберді де, «ой, құдайым-ай, Виктор, сен мені кешіре гөр, мен мамамды жеп қойдым» деп шыңғырып өзін-өзі жұлқылай бастады. Виктор екеуміз екі жақтап жүріп Таняның қолын артына қайырып отырғызып қойдық, ол болса әлі шыңғырып отыр. Әлден уақытта Виктор оны жаққа шарт еткізіп тартып жіберді де, «сен не айтып отырсың, оңбаған, мамам қайда?» деп қатты айқай салғанда Таня шыңғыруын тоқтатты да, алақанымен ауырып қалған жағын басып, басын бұрып қабырғаға таяу тұрған төсекке қарады. Викторда іші бірдемені сезгендей, жүгіріп барып, төсектің астынан үстіне жаман одеяломен жабылған шешесінің денесін суырып алып шықты. Оның бір аяғы қара санымен қоса жоқ еді.
Мен Виктор мына сұмдықты көтере алмай, есінен ауысып кете ме деп зәрем ұшты. Виктор да есі ауысқан адамдай айқай салып екі қолымен бетін басып, шешесінің денесінің жанына отыра қалды да, еңкейіп барып мәйіттің басынан құшақтай алды. «Мама, мені кешіре гөр, кешіре гөрші, анашым, мен, сендерге пана бола алмадым» деп анасының басын құшақтаған беті солқылдап жылап отыр. Мынадай адам естімеген сұмдықты көргеннен, менің де, жүрегім езіліп тұр. Үйдің ішін ауыр үнсіздік басты. Әлден уақытта Виктор «о, немістер, Гитлер, сені қарғыс атсын. Таня, жалғыз қарындасым-ау, құлыным-ау, мынауың не болғаның? Сен не істегеніңді білесің бе? . Сен өзіңнің туған шешеңнің етін жеп қойдың ғой! Құдайым-ау, мынадай да сұмдық болады екен ғой!» деп айқайлайды. Ол менен көмек сұрағандай маған қарады да «Валя, не істейміз?» -деді. Мен, Виктордың жанына барып, оны құшақтап, көңілін жұбатып, «Виктор, сен ер азаматсың ғой, енді сабыр сақта, болар іс болды, Таня біздің үйде тұра тұрсын, ал қазір шешеңді жерлейік», - дедім. Ол есі кіргендей орнынан тұрды да, жүгіріп далаға шығып, шоферін шақырып әкелді де, екеуі мәйітті далаға алып шығып, машинаның кузовына салып, апарып, жерлеуге кетті. Ол кезде қалада күніне жүздеген адам өліп жатады. Сондықтан жерді қазып дайындап қояды. Кейде бір шұңқырға бірнеше адам жерленеді. Олар келгенше Таняға аздап тамақ беріп, одан білгенім, шешесінің өлгеніне 10 күн болыпты. Тамақ жоқ, ісініп аштан өлген. Шешем өтерінде маған «қызым, сен, мен өлгеннен кейін қорықпа, менің етімді біраз тамақ қыл, мүмкін ол екі арада Виктор келіп сені ажалдан құтқарар, мен бәрі-бір бұл дүниенің адамы емеспін, кештім бәрін де, мен кешкеннен кейін, құдай да, сені кешірер, көңіліңе алма», - деп қайта-қайта айта беріп еді. Оған ұрсатынмын «мама, сен не болса соны айтпа, өлсек екеуіміз бірге өлеміз», деп. Шешем өлгеннен кейін, оны апарып жерлей алмадым, шамам жоқ. Далада күн қатты аяз, үй де суық, пешке от жағылмағалы қашан, пешке жағатын отын да жоқ.. Содан үш күннен кейін, тіпті аштық қысты. Ар жағымнан шешеңнің өзі айтты ғой, деген жаман ой түртпектеп маза бермейді, ақыры оның бір аяғын кесіп алдым», - деді де ол мені құшақтай алып, «ой, Валя, бұл не қылған сұмдық заман болды» деп өкіріп жылап жіберді. Мінеки, қарағым, біз осындай сұмдықты көрдік. Осыдан кейін оларға қалай ішің жібиді.
Таняның жүруге шамасы да жоқ еді, ол да ісіп кеткен. Виктордың машинасына салып, оны біздің үйге алып бардық. Виктор қайтып кетті . Бірақ көп ұзамай Таня да қайтыс болды. Менің оны күтуге шамам келмеді, оған уақыт та жоқ. Кейде ауруханада бірнеше күн түнеп қаламын. Осындай бір қарбалаң шақтан кейін үш күн өткенде, үйге келсем, Таня қайтыс болыпты. Төсекте жатқан беті жүріп кетіпті. Үйде ептеген азын-аулақ тамақ та бар еді, бірақ ол өзін-өзі кешіре алмады ғой деймін . Ол кезде арнаулы бригада көше аралап өлгендерді жинап жерлеп жүретін, соларға айтып Таняны жерлетіп, басына белгі қойдым. Оны құдай өзі кешірсін. Виктормен қайта кездесе алмадық. Сол беті өлі-тірісі белгісіз хабарсыз кетті.
Соғыс біткеннен кейін, Ташкенттегі апайыма бардым, әке-шешем қайтыс болыпты. Сонда жүріп тұрмысқа шықтым. Күйеуім қайтыс болған. Қазір міне, осы совхозда баламның қолындамын. Жасым келсе де, оларға масыл болып отырмайын деп вахтада кезекте жұмыс істеп жүрмін, бір тәулік істеп екі тәулік демаламын. Міне, қарағым, біздің жағдай осы деп анда-санда көзінің жасын сүртіп қойып Валя апай әңгімесін аяқтап еді.
Мен дәл сол жерде ол кісіні жұбатуға сөз таба алмадым. Ол кісінің көңілін бұзатын ескі жарасының аузын ашуға себепкер болғаныма өкіндім. Бірақ сол бір қасыретті күндердегі әркімнің басынан өткен бейнетті күндері, әр аданың өз қайғысы ғана болып қалмай, ол туралы халықтың да білгені дұрыс шығар. Міне, сол қырғын соғыстың біткеніне 2017 жылы 72-жыл болады. Алла ел басына енді ондай сұмдықты түсірмесін. Соғысқа қатысқандарды, соғыс кезінің елдегі ауыртпашылығын көтерген, аш-жалаңаш, жылап жүріп еңбек еткен адамдарды құрметтеу ұрпақ алдындағы үлкен парыз екенін естен шығармайық.