Адам қарады: 463 | Жарияланды: 2017-04-26 00:52:28

Күнә мен жаза

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Алланың  атымен бастаймын!                                           

        Екі бөлімді драма

ҚАТЫСАТЫНДАР:

ЕРКІН

ӘЛІБЕК

ӘСИЯ

ИСЛАМ

АЙША

ИМАМ

ЖҰМБАҚ ҚАРТ

ДӘРІГЕР

АСАБА

 

 БІРІНШІ  БӨЛІМ

  БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Шоқпыт-шоқпыт төсеніштері мен бір-екі ескі ағаш  жиһаздары бар тар бөлме.  Төр жақтағы темір керуетте басын таңып алған Әсия ыңырсып жатыр. Бүйірдегі жер төсекте ұзынынан түсіп аяқ жағы жамылғымен жабылған Ислам ұйықтап жатыр.

     Әсия(жұтынып): Су.. су.. Әлібек, қайдасың?

Қолына  пакет ұстаған, үстіне еск-құсқы киім киген, сақал-мұрты өсіп әбіржіп, азып кеткен Әлібек келеді.

     Әлібек:Қәзір, қәзір, Әсия. Жұма намазынан шығып, дүкенге соғып едім. Мен қазір.. (Пакетін қойып тез шығып кетеді де, кесемен су әкеліп, Әсияның басын көтеріп, су ішкізеді). Әсия, қалайсың? Басың ауырғаны басылайын деді ме?

     Әсия: Әлібек, басымның ауырғанын қойшы, ауырар да басылар, ал, жаным.. жанымның ауырғанын  қалай басарымды білмеймін. Бұл не болды, өзі? Бір күнде, бір сәтте бәрінің астаң-кестеңі шыққаны қалай? Сен екеуміз мақұл, күнәға белшемізден батқан-ақ шығармыз, ал, ана Ислам.. Исламның не кінәсі бар еді? Есейіп, өмірдің қызығын енді көрем бе деп отырғанда, екі аяғынан бірдей айрылардай қандай күнә істеп қойып еді? Айтшы, Әлібек. Айтшы соны..(Қатты айғайлап жібереді).

     Әлібек(Ислам жаққа жалтақтап): Әсия, жай сөйлесеңші. Ислам ұйықтап жатыр ғой. Сен тым уайымдай бермеші. Әлі-ақ бәрі де жақсы болып кетеді. Бұл Құдайдың бізге жіберген сынағы. Үшеуміз бірлесіп күрессек, бұл сынақтан да өтеміз.

     Әсия: Сынақ дейсің. Лайым сынақ болсын. Әлібек, менің де діни кітаптарды көбірек оқитынымды жақсы білесің ғой. Алла Тағала Құранда сынақты әркімнің иманына қарай  берем деген. Біз өзі Алла Тағаланың  мұншалық  ауыр сынағын көтере алатындай иманы кәміл жандардан ба едік? Естуімше, сол күні біздің көлік апатқа ұшыраған сәтте  сендер салған алып ғимарат та опырылып құлап түсіпті. Ең қорқыныштысы, дәл сол мезетте ашық аспанда күн тұтылып, жасын ойнап, күн күркірепті. Бұл нені білдіреді, Әлібек? Әлде.. біз.. біз.. әлде біреулердің қарғысына ұшырадық па? (Жылап жібереді).

     Осы кезде Ислам оянып кетіп, сөз тыңдап жатады. Оны Әлібек пен Әсия байқамайды.

     Әлібек(Әсияның қолынан ұстап, қинала): Әсия, бұл сұрағыңа мен.. мен жауап бере алмаймын. Тіпті, жауап беруге хақым да жоқ. Өйткені.. өйткені осының бәрі менің.. менің кінәмнан, ойсыздығымнан, жетесіздігімнен болды. Енді, мұны сенен жасыратын шамам жоқ. Мен.. мен орны толмас қателік жасап, күәһар болдым. Мен.. мен адамның қарғысы ғана емес, құдыреті күшті Алла Тағаланың  қаһарына да ұшырадым.

     Әсия(селк етіп, қолын тартып алып):Астапыралла! Әлібек, сен не деп отырсың? Сенің Астанаға келгелі бері  мешітке жоламай кеткеніңді, тіпті Алланы аузыңа алмай кеткеніңді де байқаған  едім. Бірақ.. бірақ, сен.. сен  дәл қазір не сұмдықты айтқалы отырсың? Не себепті біз Алланың қаһарына ұшырадық? Айт, Әлібек, айт. (Әлібекті жұлқылай орнынан көтеріле береді).

     Әлібек(Әсияны әрең жатқызып): Әсия, саған қатты ренжіп, толқуға болмайды ғой. Әсия, мен саған сабыр ет деп те айта алмаймын.Өйткені, мен.. мен сол күннен бастап, қуыс кеуде, тірі өлікке айналдым. Шынымды айтсам, менің кесірімнен жапа шеккен Ислам екеуің үшін ғана сүйретіліп тірі жүрмін. Екеуіңнің де сауығып, орындарыңнан тұрып, жүріп кеткендеріңді күтіп жүрмін. Сонан соң.. сонан соң.. адам естімес, көз көрмес алыс  жаққа кетіп.. Алладан күнәмді кешіруін сұрап..

     Әсия(қатқыл):Жоқ, Әлібек! Олай етуші болма? Отбасыңнан алыс кетсең, күнәңнан арылмақ түгілкүнәңа күнә қосатыныңды өзің де жақсы білесің ғой. Сондықтан, отбасыңда отырып-ақ  өзің үшін, біз үшін Аллаға құлшылық етіп, дұға жаса. Аса мейірімді де, Рахымды Алла Тағала өте кешірімшіл ғой. Шындап жыласақ, кешіретініне кәміл сенемін.

     Әлібек: Солай болса ғой, Әсия. Бірақ.. бірақ  менің оларға жасаған жамандығымды Алланың өзі де кешіре алар ма екен? (Әсияны құшақтап, өкіре жылап жібереді).

Әсия(жұбатып): Әлібек, мен де саған жылама деп айта алмаймын. Жыла, жыла. Бәлкім, сәл де болса жеңілдеп қаларсың.

     Әлібек(өкси):Әсияш-ау, жылағаннан жеңілдесем, күні-түні жылаудан да ұялмас едім ғой. Бірақ.. бірақ, менің Еркін мен Айшаға жасаған жамандығымды Алла кешіре алар ма екен?

     Ислам(селт етіп, басын көтере):Айша! Әке, сіз Айша дедіңіз бе? Ол кім? Сосын.. сосын  Алланың өзі де кешіре алмайтындай, сіз қандай күнә жасап қойдыңыз? Сіз осыншалық жамандық жасаған Еркін мен Айша кім?

Әлібек(селт етіп): Балам, сен ояу жатыр ма едің? Бұл.. бұл менің.. менің.. жазылмайтын жан жарам, қасіретім еді ғой. (Серпіле) Болды! Жетті! Осы жасырып келгенім де жетер. Мен саған қәзір бәрін, бәрін айтып беремін. Дәл қәзір. Мен өзің сұраған Еркінмен бала кезден айрылмас дос болдым. Керісіп-келісіп жүріп орта мектепті бітірдік. Бал-шырын қызыққа, мөлдір сезімге толы студенттік шақтарды бастан бірге өткердік. Әскерге де бір күнде аттанып, бір жерде қызмет етіп, бір күнде елге оралдық. Ол ол ма, екеуміз де бір күнде үйленіп, бір күнде қызметке тұрдық. Тіпті, Алланың  қалауымен  екеуміз де бір күнде әке атандық..

 

 

                                                        ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

    Орталықмешіттің алды. Қымбат киім киген Әлібек тағат таппай Еркінді күтіп тұр. Еркін келеді.

    Әлібек:Ассаламуғалейкум, Ереке!

    Еркін:Әлейкүмассалам, Әлеке! (Амандасады). Не болды, Әлеке? Бүгін тым ерте келіпсің ғой.

    Әлібек: Ерте келгенде, сені күтіп тұрмын. Өзіңе айтар  керемет жаңалығым бар.

    Еркін: Жаңалық дейсің бе? Менің де керемет жаңалығым бар еді. Алдымен сені тыңдайық.

    Әлібек: Еркін досым, білесің бе, мен.. мен әке болатын болдым, әке! Осы жаңа ғана келіншегімнің өз аузынан естідім. Содан өзіңе жолыққанша асықтым.

    Еркін: Алла қаласа  де, досым. Құттықтаймын! (Әлібекті құшақтайды).

    Әлібек: Алла қаласа! Алла қаласа! Ал, досым, енді өзің айт жаңалығыңды.

    Еркін: Әлібек досым, Алла қаласа, мен де әке болатын болдым. Мен де осы қазір ғана естідім.

    Әлібек:Досым-ау, мынау керемет болды ғой. (Еркінді құшақтайды). Осындай сүйінші хабармен сені де, мені де  қасиетті жұма күні сүйіншілеген теңдесі жоқ Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

    Еркін: Әумин!

    Әлібек(көзіне жас ала, толқи): Еркін, досым, бұл.. бұл Алланың бізге сыйлаған ең үлкен нығыметі. Біз.. біз де бәлкім Алланың сүйген құлының бірі шығармыз. Екеуміз ес тоқтатып, етек жапқаннан бері бір елі ажырамастан, дос болып келеміз. Керісіп-келісіп жүріп орта мектепті бірге бітірдік. Бал-шырын қызыққа, мөлдір сезімге толы студенттік шақтарды да бастан бірге өткердік. Әскерге де бір күнде аттанып, бір жерде қызмет етіп, бір күнде елге оралдық. Ол ол ма, екеуміз де бір күнде үйленіп, бір күнде қызметке тұрдық. Қанша жерден жоспарласа да, бұл жұмыр басты пенденің қолынан келмес еді. Енді міне, Алла қаласа,  екеуміз де бір күнде әкеатанғалы отырмыз. Бұл Алланың бізге сыйлаған нығыметі емей немене?

    Еркін: Әрине, әрине, Әлеке, мұндай нығыметті сыйлауға  бір Алла Тағланың ғана құдыреті жетеді. (Күліп)Досым-ау, тым  алыстан орағытып, мұнша толқыдың. Саған не болды, өзі? Әлде.. әлде сен де дәл мен ойлағандай..

    Әлібек: Досым, сенің не ойлағаныңды білмеймін. Енді, күлтілдетпей турасын айтайын. Біздің айрылмас достығымызды ертеңгі өмірге келер балаларымыздың да одан әрі жалғай түскенін қалаймын. Егер, келіншектеріміз екеуі де ұл немесе қыз тапса, олар ағалы-інідей немесе апалы-сіңілідей бауыр, жақын болсын. Ал, бірі ұл, бірі қыз тапса, оларды.. оларды үйлендіріп, құдай қосқан құда болайық. Егер, жоқ десең, дәл қәзір..

    Еркін (толқи):Досым-ау, саған қалай жоқ деп айтпақпын. Үйткені, менің  де ойым.. ойым..

    Әлібек: Досым! Сен де осылай етуді ойлап па едің? Бұл Алланың құдыретінде тіптен шек жоқ екен ғой. Сен қандай тамаша жан едің, Еркін! Сендей адал да батыл дос берген Алла Тағалаға шын ризамын. (Толқи Еркінді құшақтайды). Мен қәзір жұма намазында да, намаздан кейін де Алладан екеуміздің ойымыздың орындалуын тілеймін.

Еркін: Солай болуын Алладан мен де тілеймін. Алла ниетімізді қабыл етсін. Бірақ.. дегенмен.. мұнымыз.. мұнымыз..  Ертең балалар қалай көреді? Мақұл дей ме, әлде..

Әлібек: Ту-у, Ереке-ай! Сенің енді осындайың бар.  Біз әкесі емеспіз бе? Олар біздің айтқанымызға қарсы шықпауға тиіс. Егер, анау-мынау деп жатса, екеулеп түсіндірерміз.

Еркін: Әлібек, солайы солай ғой.. Белімізден шыққан балалар айтқанымызға қарсы бола қоймас. Бірақ.. бірақ менің айтайын дегенім.. мен.. мен Алла Тағала қандай сынақ берсе де, сабырлықпен жеңіп, уәдемнен таймауға күш саламын деп Алланың атымен сөз беремін. Ал, сен ше? Сен де Алла атымен уәде бере аласың ба?

Әлібек: Досым-ау, сен аяқ астынан не айтып кеттің? Бұл қаншама жылдан бері өмірдің ыстығы мен суығын, қызығы мен қиынын, ащысы мен тәттісін бірге татып келе жатқан жан досың-маған сенбегенің бе? Алла Тағала сынақты көтере алатын адамға беремін, және көтере алатындай етіп беремін деген емес пе? Дегенмен, түсіндіріп айтшы. Қандай сынақ туралы айтып тұрсың?

Еркін: Әлібек, менің айтайын дегенім.. айтайын дегенім.. әрине, Алла Тағала ондайдан сақтасын, дегенмен, біріміздің ұлымыз, не қызымыз жарық дүниеге кемтар, жарымжан  болып келсе, Алланың атымен берген уәдеміз.. уәдеміз.. уәдемізден..

Әлібек(күліп): Болды, болды, досым. Сенің уайымыңды түсіндім. Әрине, бәрі де бір Алланың ғана қолында. Алла Тағалының мейірімінде шек жоқ қой. Ондай сынақ бере қоймас. Ал, беріп жатса, мен де сен секілді бәрін сабырлықпен жеңіп, уәдемнен таймауға күш саламын деп Алланың атымен сөз беремін.

Еркін(толқи, жанары жасаурап): Досым, мен сенің дәл осылай айтарыңа сенгенмін. Мен.. мен.. сендей досымды мақтан тұтамын. (Толқи Әлібекті құшақтай алады).

Әлібек: Досым, менде бір керемет  ой бар. Ертең өмірге келер перзенттерімізге бүгіннен бастап ең әдемі ат қойып қояйық. Мен сенің балаларыңа, сен менің балаларыма  әдемі ат қояйық. (Ойланып) Егер, Алла қалап, келіншегің ұл тапса, оның аты Омар,  қыз болса, Айша болсын. Егер, қойған аттарыма келіспеймін десең, онда.. дәл қәзір..

Еркін(сөзді бөле): Ол не дегенің, досым? Керемет! Керемет аттар! Мен келісемін.

Әлібек: Рахмет, досым. Айтарымды айтсам да, қалай қарар екен деп қорқып отыр едім. Ал, енді сенің кезегің. Сен қандай ат қоясың менің балаларыма?

Еркін(толқи): Мен бе? Мен.. мен.. (Серпіле) Сенің әдемі келіншегің ұл тапса, атын Ислам деп, қыз болса, Хадиша деп қояр едім. Әрине, бұл аттар сенің көңіліңнен шығып жатса..

Осы кезде азан дауысы естіледі.

Әлібек(толқи): Тамаша! Керемет! Бәрі иман нұрын шашып тұрған есімдер екен. Мен қос қолымды көтеріп тұрып келісемін. (Еркінді құшақтап)  Ал, Ереке, көңілің орнына түсіп, жаның жай тапса, Алланың жердегі үйіне барып, құлшылық жасайық.

    Екеуі жамағатқа қосылып, намаз оқиды. Бірен-саран адамдар намаздарын оқып бітіріп шығып   кетеді де, Әлібек пен Еркін қалып, тілек тілей бастайды.

    Әлібек(қолын жайып): Е, Аллаһым! Сен мені жоқтан бар ғып жарық дүниеге әкелдің. Адам ата әлейһисәлламғаХауа ананы нәсіп еткендей, маған да жақсы жар нәсіп еттің. Менің Өзіңе ризашылығым шексіз. Тек, мені сол жарыма, өзіңнің қалауыңмен ертең өмірге келетін балаларыма мықты сүйеу, жақсы әке бола алатын құлдарыңның қатарынан ете гөр. Аллаһым, Еркін екуміздіңбүгінгі ізгі ой, тілек-ниеттерімізді қабыл ете гөр! Аллаһым, Сен маған байлық берсең, мен оның жартысынан көбін тек дін жолына, қайырымдылық жолына жұмсар едім. Аллаһым, Сен кешірімшілсің әрі тілек-ниетті қабыл етушісің. Біліп істеген, білмей істеген қателіктерім мен күнәләрімді кешіріп, тілек-ниетімді қабыл ете гөр. Әумин! (Жанарынан жас парлап, бетін сипап, орнынан тұрады).

    Еркін: Әумин! (Ол да бетін сипап, орнынан тұрады. Екеуі де сахнаның алдыңғы жағына келеді). Әлібек, саған.. саған досың ретінде бірнәрсе  айтсам ба деп едім.. соны..

    Әлібек: Еркін, ол не дегенің? Айт. Сендей досымды тыңдамағанда, кімді тыңдауым керек?

    Еркін: Айтқанда не ғой.. Сен мешітке келіп намаз оқыған сайын Алладан тек осы тілекті тілейсің. Алла да саған сұрағаныңды беріп жатыр. Аллаға шүкір, бүгінде сен де дәулеттілердің қатарына іліктің. Алланың берген байлығының көбін дін жолына, қайырымдылық жолына жұмсап, тура жолдан таймай келесің. Жан досың есебінде айтайын дегенім, ертең ең мықты деген дәулеттілердің қатарына қосылғаныңда, ар-иманыңды нәпсің жеңіп, дүние жолына түсіп  кетіп жүрмейсің бе?

    Әлібек(күліп): Досым, сен осыдан қорқады екенсің ғой. Дегенмен, айтқаның да, қорқынышың да өте орынды. Үйткені, дүние-байлықтың нәпсіні күшейтіп, иманды әлсірететінін жақсы білемін. Бірақ, кедейшілікте өмір сүріп, дүние-байлықты әке-шешемізден емес, мейірімді де рахымды Алла Тағланың Өзінен ғана алып жатқан мен де, сен де  Алланың нығыметін ұмытып, дүние жолына  түсіп кетерміз деп ойламаймын.

    Еркін:Инша Алла! Айтқаның келсін! Алла Тағала екеумізді де Өз тура жолынан тайдырмасын! Әумин!

    Әлібек: Әумин!

 

                                                    ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

    Перзентхананың алды. Әлібек пен Еркін аурухананың есігінен көз алмай, қатты алаңдап тұр. Әсіресе Әлібек әрі-бері тоқтаусыз жүріп, қайта-қайта есікке қарай бара береді.

    Еркін: Досым-ау, не болды, сонша сабырсызданып? Одан да жәрдем ете гөр деп Аллаға дұға жасайық та.

    Әлібек: Білмеймін, Еркін. Бір түрлі мазам кетіп, дегбірім қашып тұр. Екеуі де аман-есен босанса екен.

    Еркін (күліп): Байқап тұрмын, Әлеке. Келіншегіңді білмеймін, ал, сен одан да қатты қиналып тұрған секілдісің. Уайымдама, Алла қаласа, бәрі де жақсы болады. Көп ұзамай сүйінші хабарды да еститін боламыз.

    Әлібек: Айтқаның келсін! Әумин!

    Осы кезде өмірге келіп, шар ете қалған нәрестенің дауысы естіліп, сәлден соң іштен жасы егде тартқан дәрігер әйел шығады.

    Әлібек, Еркін(қосарлана) Дәрігер?! (Дәрігерге жақындай береді).

    Дәрігер: Әлібек деген қайсыңыз?

    Әлібек: Дәрігер, ол.. ол мен.

    Дәрігер: Сіз болсаңыз, сүйіншімді беріңіз. Әдемі келіншегіңіз шекесі торсықтай ұл тапты.

    Әлібек (толқи): Не дейсіз? Ұл?! Мен.. мен әке болдым ба? (Еркінге) Еркін, досым, мен.. мен әке болдым! Естисің бе, әке болдым!

    Еркін: Естідім, Әлеке. Мен сені шын жүректен құттықтаймын!(Екеуі біраз құшақтасып тұрып ажырайды). Оу, біз құшақтасып тұрғанымызда дәрігер кетіп қалыпты ғой.

    Әлібек: Қап! Сүйіншісін де бере алмай қалдым-ау. Жарайды, ештеңе етпес. Қазір шығып сенен сүйінші сұрайды ғой, сол кезде сенімен бірге-ақ бере салармын.

    Еркін: Әумин! Айтқаның келсін!

    Осы кезде тағыда өмірге келіп, шар ете қалған нәрестенің дауысы естіліп, сәлден соң іштен баяғы дәрігер әйел шығады.

    Әлібек, Еркін(қосарлана):Дәрігер?! (Дәрігерге жақындай береді).

    Дәрігер: Ал, Еркін сіз боларсыз?

Еркін: Ия, ол.. ол мен..

    Дәрігер: Сіз болсаңыз, сізге де сүйінші.. Сұлу келіншегіңіз ай мен күндей қыз тапты.

    Әлібек(толқи):Не дейсіз? Қыз?! Мен.. мен әке болдым ба? (Әлібекке) Әлібек, досым, мен.. мен әке болдым! Естисің бе, әке болдым!

    Әлібек: Естідім, Ереке. Мен сені шын жүректен құттықтаймын. (Екеуі тағы құшақтасып тұрып қалады).

    Дәрігер(біраз күтіп тұрып):Мен де сізді шын жүректен құттықтаймын! Дегенмен, өзіңізге айтар бір әңгіме болып тұр..

    Осы кезде Еркіннің телефоны шырылдайды.

    Еркін(телефонын көріп): Кешіріңіздер. Өте маңызды еді.. Мен қазір.. (Шеткері шығып телефонмен сөйлесіп жатады).

    Әлібек(кете берген дәрігерге):Дәрігер, сіз жаңа әлде не айтпақ болдыңыз-ау деймін.. Әлде, Еркін досымның келіншегіне немесе нәрестеге бірдеңе болып қалды ма?

Дәрігер: Ия, ия, аман-есен, аман-есен. Біздегі тәртіп бойынша біз.. біз нәрестенің хәл-жайы туралы әкесінен ешнәрсе жасырып қалмауымыз керек. Сізге өтініш, досыңыз сөйлесіп болған соң маған жолығып кетсінші. (Кетпек болады).

    Әлібек: Дәрігер, сіз оған не айтпақ едіңіз? Менің де естігім келеді. Ол.. ол менің досым ғой. Дос болғанда да, кішкентайымыздан бірге өскен, өмірдің қызығын бірге кешіп, қиындығын бірге көтеріп келе жатқан, бауырымнан да артық болып кеткен айрылмас жан досым.

    Дәрігер:А-а, бауырымнан да артық жан досым дейсіз бе? Олай болса, күлтілдетпей ащы шындықты бірден айтайын. Жан досыңыздың қызы іштен кемтар болып туылды. Аяғы.. аяғында үлкен кемістік бар. Әзір байқалмағанмен көп өтпей-ақ анық біліне бастайды. Есейген соң да өз аяғымен жүріп кетеді деп нық сеніммен айта алмаймын. Әрине, бәрі бір Құдайдың қолында ғой..

Әлібек (шошына): Кемтар болып туылды дейсіз бе? Көп өтпей білінеді дейсіз бе? Сонда.. сонда.. оның аяғы.. аяғы..

Дәрігер: Қатты әбіржіп кеттіңіз ғой. Түсінем, ол  кісі жан досыңыз болғандықтан бұл хабар сіздің  жаныңызға да қатты батты. Бірақ, амал не, көнулеріңізге тура келеді. Жан досым дедіңіз ғой, бұл шындықты досыңызға менен гөрі өзіңіздің жеткізгеніңіз дұрыс сияқты.. (Шырылдаған телефонын алып)Міні-міні, қазір.. (Әлібекке) Мені шақырып жатыр. Бұл жайтты досыңызға жеткізерссз деген үміттемін. Сосын, досыңыз кетіп қалмай, қалай да маған жолығып кетсін. Мен сәлден кейін келемін. (Ішке кіріп кетеді).

Әлібек(ойда): Кемтар.. Кемтар болып туылды.. Кемтар.. Есейген соң да өз аяғымен жүріп кете алмайды..(Еркінніңмешітте айтқаны есіне түседі).

Еркіннің дауысы: Әлібек, менің айтайын дегенім.. айтайын дегенім.. әрине, Алла Тағала ондайдан сақтасын, дегенмен, біріміздің ұлымыз, не қызымыз жарық дүниеге кемтар, жарымжан  болып келсе, Алланың атымен берген уәдеміз.. уәдеміз.. уәдемізден..

Әлібектің дауысы: Еркін, дүние-байлықтың нәпсіні күшейтіп, иманды әлсірететінін жақсы білемін. Бірақ, кедейшілікте өмір сүріп, дүние-байлықты әке-шешемізден емес, мейірімді де рахымды Алла Тағланың Өзінен ғана алып жатқан мен де, сен де  Алланың нығыметін ұмытып, дүние жолына  түсіп кетерміз деп ойламаймын

Көңілді Еркін келеді.

Еркін: Әпкем ғой. Қазір жетемін дейді. Оған дейін ананы үйт, мынаны бүйт деп басымды қатырып жатыр. (Әлібекке қарап) Досым, сен.. сен қатты алаңдап, әбіржіп тұрсың ғой. Не болды? Айтпақшы дәрігер.. дәрігер не деді? Соны айтшы.

Әлібек: Пәлендей ешнәрсе айтқан жоқ. Жай, менің келіншегім босанарда біраз қиындық кездесіпті. Нәресте де аздап.. аздап  қиналып қалған секілді..

Еркін (шошып): Не дейсің? Қиындық дейсің бе? Сонымен не бопты? Енді бәрі жақсы ма?

Әлібек: Жақсы секілді. Бірақ, мен.. мен тез кетуім керек. Жұмысқа. Іздеп жатыр. Сенімен кейінірек хабарласамын. (Асыға басып кете береді).

Еркін: Досым, еш уайымдамай жұмысыңа бара бер. Бұл жаққа мен өзім бас-көз боламын. (Ойлана) Әжептеуір бірнәрсе болған ғой.. Әйтпесе, менің Әлібек досым анау-мынау қиындыққа жаси қоймайтын жігіт еді ғой. Не болғанын дәрігерден сұрап білмей болмас.

Іштен дәрігер шығады.

Еркін(асыға дәрігерге жақындап): Дәрігер, айтыңызшы, менің досымның келіншегі мен нәрестесінің хәлі қалай?

Дәрігер(түсінбей): Досымның келіншегі, нәрестесі дейсіз бе? Өте жақсы. Бірақ, алдымен өз нәрестеңіздің хәлін неге сұрамайсыз? Сіздің нәрестеңіз..

Еркін(сөзді бөле): Білем, білем. Бәрін білем. Досым бәрін айтты.

Дәрігер: Бәрін айтты дейсіз бе? Барлық шындықты өз құлағыңызбен естіген екенсіз ғой? Мен айтты ма, айтпады ма деп күмәндәніп едім, досыңыз.. досыңыз нағыз азамат екен!

Еркін (өрекпи):Дұрыс айтасыз. Ол нағыз азамат! Ол менің жан досым. Алла қаласа бір-бірімізбен құда да болмақпыз.

Дәрігер(таңдана):А-а, сіздер жан дос қана емес, бір-біріңізбен құда да болмақ екенсіздер ғой.

Еркін(күліп): Ия, досым екеуміздің Алланың алдында берген уәдеміз бар. Егер, біріміз ұлды, біріміз қызды болсақ, оларды айттырып, құда болайық деп келіскенбіз.

Дәрігер(таңдана):Сонда, бүгін дүниеге келген екі нәрестені бір-бірімен атастырып.. Бұл тіптен керемет екен!(Сынай қарап) Дегенмен, досыңыз уақыт өте келе уәдесінен.. уәдесінен..

    Еркін(өрекпи):Ол не дегеніңіз, дәрігер? Олай болуы тіптен мүмкін емес.Біз тіпті дүниеге келер нәрестелердің бірі кемтар болып туылса  да құда боламыз деп Алланың атымен сөз беріп қойғанбыз.Ол ол ма, Алланың қалауымен жарық дүниеге келер перзенттеріміздің есімдері Ислам, Айша болсын деп те келісіп қойғанбыз.

Дәрігер(қатты толқи, жанары жасқа толып):Ислам, Айша! Қандай ғажап! Қандай ғажап! Сіздердей  керемет достарды бірінші рет көруім. Менің енді айтарға сөзім жоқ. Екі нәресте де шын бақытты болып туылған екен. Әсіресе, сіздің қызыңыз. Жан досыңыздың ұлына мәңгі серік болып, бақытты өмір кешетінін ойласам, қуаныштан.. қуаныштан.. (Сөзін аяқтамай, қуаныштан жылап, шығып кетеді).

Еркін(күліп): Дәрігер де қызық. Жылағаны несі? (Сәл ойланып тұрады да, жүріп кетеді).

 

                                              ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Әлібектің зәулім үйінің ауласы. Бір шеттегі биік ағаш бесікте нәресте ұйықтап жатыр. Еркін өзімсіне, екпіндей басып шығады.

Еркін(жан-жағына қарап, дауыстап):Ассәламуғалейкум! Кім бар екен мұнда? Ешкім жоқ секілді. Бүгін жексенбі емес пе? Әлібек досым үйде шығар. Қаншама уақыттан бері жолықпай кеттік. Қазір, мені көргенде не істер екен? Құдай біледі, таң-тамаша болып, есінен танып қалатын шығар? (Нәрестені көріп, емірене)Ө-ө-й, кішкентай Әлібек мұнда жатыр екен ғой. Өзі әжептеуір жігіт болып қалыпты.(Жақындап, қолын қысып)Ассәламуғалейкум, Ислам мырза! Қазақтың батырларындай  аяқ-қолын созып жіберіп жатысын қарасайшы. Қазір, мен сені шырт еткізіп суретке түсіріп алайын. Кім біледі.. Күндердің күні біздің үйдегі бесікте жатқан Айша арумен екеуің.. (Телефонын алып енді түсіре бергенде, үй ішінен қатты шыққан дауысты естіп, қалт тұрып қалады).

Әлібектің дауысы: Жоқ дедім ғой саған, жоқ! Болмайды. Енді мен бұрынғы шұлғауы шұбатылған кедей Әлібек емес, біреулер қызыға, қызғана қарайтындай бай Әлібекпін. Соны неге түсінбейсің сен.

Әсияның дауысы: Әлібек, неге сонша дауыс көтересің? Мен бар болғаны, Еркіннің бала кезден келе жатқан жан досың екенін, қиын сәттерде өзін ұмытып, сен үшін талай рет өлімге де бас тіккенін айттым. Екеуіңнің Алланың атымен берген уәделерің бар екенін айттым..

Әлібектің дауысы: Жетер! Жетер! Ал, дос болдық. Уәде де бердік. Онда тұрған не бар? Кім-кіммен дос болмай, кім-кімге уәде бермей жатыр? Сонда не? Дос болдым екен деп, уәде

бердім екен деп оның  бейшара қызын жарылқап, өз баламның  өмірін қор қылуым керек пе?

Еркін(түршіге селк ете қалып):Не дейді? Менің қызымды бейшара дей ме?   Мұны айтып жатқан менің Әлібек досым ба, әлде бөтен біреу ме? Қап! Бекер келген екем. Тезірек  кетейін. Бірақ..

Әсияның дауысы: Жоқ, Әлібек, сен қатты қателесесің. Сендердің достықтарың да, уәделерің де олардыкінен басқа. Өйткені, сендер достықтарыңа да, уәделеріңе де Алланы куә еттіңдер. Ендеше, Алланың атымен берілген  уәдені сенің де, Еркіннің де, менің де бұзуға хақымыз жоқ.

Әлібектің дауысы: Сенің де айтқаның дұрыс шығар. Бірақ, өзің ойлап көрші, басқаны айтпағанда, Еркін енді менің теңім емес қой. «Тең теңімен, тезек қабымен» демей ме. Егер тапқан табысын Алла жолына, қайырымдылық жолына деп шаша бермей, дүние-мал да жинағанда, мен секілді байып та кетер ме еді?.. Сөйткен оған Алла Тағала  не жақсылық сыйлады? Қызы болса анау, өзі болса, сіңірі шыққан кедей. Менің ендігі досым да, құдам да Майлыбай. Исламнан бір-екі жас үлкендігі болмаса, қызы да сондай сүйкімді.

Еркін қатты ашуланып, дауыс шыққан жаққа ұмытыла беріп  тоқтайды.

Әсияның дауысы: Тоқтат, Әлібек! Сен не деп шатып барасың? Құдайдан  қорықсаң қайтеді. Құдайым-ау, сен өзі Әлібексің бе, әлде соның кейіпіндегі шайтансың ба? Досың туралы бұлай айтуға қалай аузың барды? Баймын деп шалқаясың. Сол байлық саған қайдан келді? Кім берді? Соны неге ойламайсың? Жаратушы Алла пенделерді  байлық беріп сынайды екен деп өзің көп айтатын едің ғой. Бәлкім, осынша дүние-байлық беріп, Алла сені сынап отырған шығар? Мен оқығанды сен де оқыдың ғой. Мыңғыртып мал айдаған іші қап-қара Қарабай бір-ақ күнде бар малынан айрылып, ең соңында үкілеп отырған қызы Баяннан айрылып, қайғыдан қан жұтып, қара жерге талтайып қалмап па еді? Мен баймын, Еркін кедей дейсің. Құдам Майлыбай  дейсің. Күндердің күні Майлыбай  да, сен де қу тақыр кедейге, Еркін байға айналып, өзің айтқан бейшара қыз гүлдей жайнап шыға келмесін қайдан білесің? Бәрі бір ғана Алланың қолында, еркінде емес пе?

Еркін(басын шайқап, ернін тістей): Әттеген-ай! Әттеген-ай! Естиін деген сөзім осы ма еді? (Кете беріп, бесіктегі Исламның жанына келеді. Дауысы дірілдей) Айналайын, балам.  Сені бір Аллаға тапсырдым. Атыңа сай иманды азамат бол. Енді қайтып көрісеміз бе, жоқ па? Қош бол, балам! (Бетінен сүйіп, көз жасын сүртіп, тез бұрыла бергенде, іштен Әсия шығады).

Әсия(таңдана): Еркін!? Бұл сен бе? Қашан келдің? Ол жерде неғып тұрсың?

Еркін (қуыстана):Сә.. сә.. сәләмәтсіз ба, Әсия. Мен.. мен.. жолығайын деп.. Әлібек.. Әлібек..

Әсия (Еркінге жақындап, қолын алып, күле): Амансың ба, Еркін. Көптен бері келмей

кеттіңғой. Өзіңді әбден сағындық. Қалай, үй іші аман ба? Айша ару өсіп жатыр ма?

Еркін(кібіртіктеп):Бәрі дұрыс.. Аман-есен.. Әлібек.. Әлібек көптен бері мешітке келмей кетті. Те.. те.. телефоны да өшірулі. Соған.. мен.. мен.. сіздерге жолығып.. аман-есен..

Әсия: Еркін, сен неге сіз-сіз деп сызыла қалғансың? Неге мұнша салқын сөйлесіп тұрсың? (Ойлана) Әлде.. әлде біздің айтқан сөздеріміздің бәрін естіп.. естіп қойдың ба?

Еркін(басын изей): Ия, ия.. естідім.. Естідім. Бастан-аяқ естуіме тура келді. Қолайсыз уақытта келгеніме қатты өкініп тұрмын. Кешіріңіздер. Сау болыңыздар. (Кетпек болады).

Әсия(Еркіннің қолынан ұстап, жібермей): Еркін, қайта сен бізді кешір. Бірақ, сені жібере алмаймын. Сен.. сен Әлібекпен қалай да сөйлесуің керек. Ол бәлкім қатты ашуға беріліп отырған болар. Сондықтан мені тыңдамады. Жан досысың ғой, сені көрсе, мүмкін райынан қайтар. Өтінем. Онымен жолығып, бір ауыз сөйлесші.

Еркін: Жоқ, Әсия, сенің ізгі ниетіңді түсініп тұрмын. Бірақ.. бірақ жаңағыдай сөздерінен кейін онымен жолығудың да, сөйлесудің де жөні жоқ секілді. Мен енді..

Осы кезде іштен шыттай киінген Әлібек сөйлей шығады.

Әлібек: Мен болашақ құдам Майлыбай досымның үйіне кеттім. Біраз биллярд ойнап келейін. (Еркінді көріп, таңдана) Еркін!? Сен мұнда неғып жүрсің? Қашан келдің?

Еркін(қос қолын созып)Ассәламуғалейкум, Әлібек мырза.

Әлібек(сасқалақтап) Әл.. әл.. Әлейкімассәлам, Еркін. (Қолын алады) Қашан келдің, Еркін?

Әсия: Әлібек, оның қашан келгенін не қыласың. Бір білерім, Еркін бәрінен де хабардар

Сөзімізді де бастан-аяқ естіпті.Телефоныңды сөндіріп, қашып-пыса бермей, досыңмен жақсылап сөйлес. Ойыңды жасырмай, ашып айт. Алла жарылқап уәделеріңнен таймай, қайтадан келісімге келіп жатсаңдар.. келісімге келіп жатсаңдар.. (Жылап шығып кетеді).

Әлібек: Еркін, өзің де естідің ғой. Қонаққа асығып бара жатыр едім. Не айтпақ едің?

Еркін: Мен бе? Менің айтар ешңәрсем жоқ. Ал, сен айтсаң, тыңдауға әзірмін.

Әлібек: Олай болса, тыңда, Еркін. Ақыры, шариғат, сүннетке қарсы амал жасап, сөзімізді бастан-аяқ тыңдапсың ғой. Меніңше, осының өзі де дұрыс болған секілді. Саған қалай айтарымды білмей, қиналып жүр едім. Естіген сөзіңнің бәрі де шындық. Ағамдай болып кеткен Майлыбаймен құда болдым. Шынымды айтсам, мұндай ұсынысты бірінші болып айтқан оның өзі. Оны өте қатты сыйлайтынымды өзің де білесің ғой. Көңілін қимадым. Келістім. Оның үстіне, өзің білесің, Майлыбайдың маған көп көмегі тиді ғой. Осы жолы да соның арқасында тендерден жеңіп шығып, ұзақ мерзімді өте үлкен жұмысты бастап та кеттім. Таяу арада жұмыс бабымен Астанағы көшпекпін. Керемет элитный үй де алып қойдым. Енді сол жақта тұрамын.  Мен осындай шешімге келдім. Енді ол шешімімнен айнымаймын да.

Еркін: Әлібек, қандай шешімге келесің, ол сенің өз еркің. Саған шешіміңді өзгерт демеймін. Тек, мұндай шешімге неліктен келдің? Аланың алдында берген уәдеңнен неге тайдың?

Әлібек: Еркін, сөзді несіне көбейтеміз. Неге бұлай еткенімді өзің де сезіп тұрсың ғой. Менің орнымда болсаң сенде,басқалар да дәл осылай етер еді.

Еркін:Әлібек, сен не деп кеттің? Сонда, біздің сыйластық, достығымыздан о дүниеде қайыры жоқ дүние-байлықты артық көргенің бе? Сонда, сен өз уәдеңнен  менің сіңірі шыққан кедей болғаным үшін, Айшамның кедейдің қызы болғаны үшін бас тарттың ба? Ех, Әлібек, Әлібек! Дүние-байлық сені осыншалық өзгертіп, көзіңді шелге, көкірегіңде көрге айналдырып жіберер деп ойлап та көрмеппін. (Ойлана) Есіңде ме, баяғыда, мешіттің алдында саған: Ертең ең мықты деген дәулеттілердің қатарына қосылғаныңда, ар-иманыңды нәпсің жеңіп, дүние жолына түсіп  кетіп жүрмейсің бе?-дегенімде, сен не деп едің. Сен ұмытып қалған да шығарсың, ал, мен ұматқаным жоқ. Сен сонда: Дүние-байлықтың нәпсіні күшейтіп, иманды әлсірететінін жақсы білемін. Бірақ, кедейшілікте өмір сүріп, дүние-байлықты әке-шешемізден емес, мейірімді де рахымды Алла Тағланың Өзінен ғана алып жатқан мен де, сен де  Алланың нығыметін ұмытып, дүние жолына  түсіп кетерміз деп ойламаймын,-деген едің. Ал, енді.. енді қатты қайран қалып тұрмын.

Әлібек:Еркін, оның несін мыжи бересің? Бір кездері мешітке де бардық. Уәде де бердік. Ал, енді ертеңімізді, бала-шағаның жайын ойлайтын жасқа келдік. Жалғыз ұлымның бір кездегі өзім секілді біреудің күлін шығарып, жерін қазып, азып-тозып жүргенін қаламаймын. Енді түсіндің бе? Сау бол! (Кете беріп)Еркін, қолыңнан келсе, мені кешір. Сосын, бұдан былай кездесеміз бе, кездеспейміз бе, білмеймін. Бәлкім кездеспейтін де шығармыз.

Еркін: Неге олай дейсің, Әлібек? Жер домалақ. Тау мен тау кездеспес. Ал, адам мен адам кездесетініне кәміл сенемін. Алладан бұйрық келіп жатса, әлі бір емес, бірнеше рет кездесерміз. Тек, жақсылықта кездесейік. Сосын, ең соңғы өтінішім болсын. Кішкентай Исламды атына сай, Ислам дінін берік ұстаған иманды азамат етіп тәрбиеле. Ал, кешірімге келсек, кешірімді менен емес, Алладан сұра. Алла кешірсе, мен кешірдім.

Әлібек: Рахмет, Еркін. Сенің көп пендеден артықшылығың да осы ғой.. (Кете бере тоқтап, артына бұрылып) Айтпақшы, жаңа қатты қайран қалып тұрмын дедің ғой. Неге қайран қалдың?

Еркін: Неге дейсің бе? Ең алдымен «Кім дүниені қуса, оны дүниеге құл қылып қоямын..» деген Құран сөзінің ақиқаттығына қайран қалып тұрмын. Одан кейін лағынеті шайтанның кез келген пендені тура жолдан тайдыратын ақылдылығы мен қулығына  қайран қалып тұрмын. Ал, ең соңында, адаманың бар болғаны боқтың қабы екенін дәл тауып айтқан хәкімАбай мен«Жақсылықты жақсы адам екенін біліп барып  жаса» деп ескертіп кеткен ата-бабаларымыздың ғұламалығына қайран қалып тұрмын.

Әлібек: Бұл сөздің бәрі менің атыма айтылып жатқанын біліп тұрмын.  Жазғыра бер. Қорлай бер. Бірақ, мұнымен не айтпақсың? Байқап тұрмын, сенің де ішіңде мен білмейтін әлде бір қыжыл бар секілді ғой..

Еркін: Ия, Әлібек, дұрыс айтасың. Боқтың қабын көтерген пенде болған соң есіңе әрнәрсе түседі екен. Есіме өз басымды ажалға тігіп сені бұзақылардан құтқарып қалғаным, сені көлік қағып кеткенде ұзақ жылдар бойы тиындап жиған ақшама сатып алған жеңіл көлігімді бір мінбестен қайта сатып, саған ота жасатқаным, одан басқа да қайдағы-жайдағы нәрселер түсіп жатыр. Сөйткен досымөзің байға айналып, болып-толған кезіңде бұрынғы досың менікедей, қызымды бейшара деп Алланың атымен берген уәдеңнен тайыпшыға келдің. Жарайды, мен.. мені қойшы, жарық дүниенің есігін енді ғана ашқан, періштедей күнәдан пәк  нәресте-Айшамның қандай жазығы бар?

Әлібек: Еркін,әрине Айшаның еш жазығы жоқ. Тағдыры солай болған шығар. Бірақ, тағы да айтамын, қанша жерден досым болсаң да сенің қызыңа үйлендіріп, жалғыз ұлымның бақыты мен болашағына балта шаба алмаймын.

Еркін: Түсінбедім, Әлібек. Менің қызымның тағдырына не болыпты? Менің қызыма үйленсе, сенің ұлың неге неге бақытсыз болады?  Құда болайық деп бірінші айтқан өзің едің ғой.  Енді, аяқ астынан қызымнан бас тартуыңа  не себеп? Бәрі бір Алланың қолында емес пе? Егер, Алла қаласа..

Әлібек(сөзді бөіп, қолын көкке көтере бажылдап)Алла! Алла! Сол Аллаң сенің қызыңды кемтар етіп жаратқан жоқ па? Қызың кемтар, ақсақ болып туылған жоқ па? Ертең-ақ ақсақ болып жүре алмай қалатын қызыңды аяқ-қолы бүп-бүтіналтын айдарлы ұлыма қалай қоспақпын? Қалай?

Еркін: Ақсақ!(ақсақ деген сөз жаңғырып естіліп, тәлтіректеп құлап қала жаздап барып, бойын тіктейді).

Әлібек: Еркін! (Еркінді сүйемелдеп) Еркін, Саған не болды? Жарайды. Енді мен кетейін. Майлыбай күтіп қалған шығар. (Асыға басып шығып кетеді).

Еркін (теңселе күбірлеп) Ақсақ.. Кемтар.. ақсақ.. Жүре алмай қалады... (Серпіле) Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Бұл.. бұл Әлібектің маған әдейі айтқаны шығар.. Мен қазір.. қазір.. (Ұялы телефонын алып тереді) Алло, Зеркүл апай, бұл мен ғой, Еркін. Ия, ия, сол Айшаның әкесі. Бәрі аман-есен, шапқылап жүр. Құда дейсіз бе? А-а.. ия, ия, қазір дәл сол құдамның үйіндемін. Ислам дейсіз бе? (Ислам жатқан жаққа қарап) Ә-ә, ол да жатыр ғой батырлардай аяқ-қолынсозып жіберіп. Айшаның денсаулығы туралы дейсіз бе? Құдам? Өте жақсы адам екен дейсіз бе? Ә-ә, Әлібек досымды айтасыз ба? Ия, ия ол.. ол жақсы кісі. Ия, ол қызым туралы бәрін айтып берді. Дегенмен.. өз аузыңыздан да естісем деп едім. (Телефонды тыңдап, түрі бұзылып, бір орнында тұра алмай қиналып кетеді) Ия, ия, тыңдап тұрмын. Екеуі бақытты болады дейсіз бе? Айтқаныңыз келсін. Оған мен де кәміл сенемін. Үйлену тойына дейсіз бе? Шақырам. Міндетті түрде шақырам. Өзіңіз де сау болыңыз. (Телефонын өшіріп) Бақытты болады.. Шақырам.. Тойға шақырам..(Сәлден соң өзіне-өзі келіп, қолын көкке жайып) Е, Алла, жұмыр жердің бетіндегі барлық адамзат баласы сынақта екенін де, Сен оларға көтере алатын ғана сынақ беретіңді де білемін. Сен маған да сынақ бердің. Мен қандай ауыр сынақ берсең де көтеруге бел будым. Тек, маған жігер-күш, сабыр-төзім бере гөр. Табанды да сабырлы құлдарыңның қатарынан ете гөр!Аумин! (Бетін сипап, нық басып жүріп кетеді).

 

 ЕКІНШІ  БӨЛІМ

БЕСІНШІ  КӨРІНІС

 

 Арада 15-20 жылдай уақыт өткен. Әлібектің үйі. Жиһазға бай үлкен бөлме. Ислам диванда шалқалай отырып, телефонына ынтыға қарап қалған. Қолына үтік ұстаған Әсия келеді.

Әсия (Исламның жанына келіп, телефоына үңіліп) Балам, мынау сол қыз ба? Алдымен түсімде көріп, жақында ғана телефон арқылы таныстық деп едің ғой.

Ислам: Ия, апа, сол қыз осы. Суретін әрең алдым. Алла қаласа, жақында кездеспекпіз.

Әсия: Тілегіңе жет, балам. (Үтікті столға қойып, Исламды құшақтай жанына отырады). Өзі өте көрікті қыз екен. Байсалды, ақылды екені де көрініп тұр.

Ислам: Рас айтасыз ба, апа? Сізге ұнады ма?

Әсия: Ұнағанда қандай, балам. Маған ұнауын ұнады ғой.. бірақ, әлгі әкең..

Ислам (елпілдеп)Ең бастысы сізге ұнаса болды, апа. Сіз мені қолдасаңыз, әкем жалғыз өзі қайда барар дейсіз.

Әсия: Қайдам, балам. Әкеңнің мінезін білем ғой. (Ойына әлде не түскендей)   Өзі біреуге ұқсайтын секілді.. Бұл қыздың есімі кім?

Ислам: Есімі кім дейсіз бе? Сізге қатты ұнаған бұл қыздың есімі..

 Осы кезде пижама киген Әлібек асыға, сөйлей кіреді.

Әлібек: Қайдам, бұл түрімізбен келесі аптаға дейін де бітіре аламайтын шығармыз. Ал, мен болсам, жоғарыдағылардың бәрін келесі аптада өтетін ашылу салтанатына шақырып қойдым. (Әсия мен Исламды көріп, Әсияға) Әй, сен мұнда неғып отырсың? Көйлек-шалбарымды үтіктеп жатыр екен десем..

Әсия: Мен.. мен қазір.. Демде.. (Орнынан тұрып, Әлібекке жалтақ-жалтақ қарап шығып кетеді).

Әлібек (Исламға жақындап,телефонына үңіле) Әй, саған да сөз өтпейді екен. Тағы сол қыздың суретіне қарап, өліп-өшіп отырсың ба? Бірақ, айтқаным айтқан, сен ол қызға емес Майлыбай досымның қызы Лейлаға үйленесің. Құда түсіп, сырға салып қойғанымызды да, бір-бірімізбен алыс-беріс жасап жүргенімізді де жақсы білесің. Ендеше..

Ислам (телефонын өшіріп қатулана орнынан тұрып) Әке, сізді тағы да ренжіткім келмейді. Бірақ, тағы да айтам, мен осы қызды ұнатып қалдым. Жақында кездесетін болып келістік.

Әлібек: Ұнатып қалдым, кездесеміз дейді. Әй, ол қыз кім? Әкесі, шешесі кім? Қандай адамдар? Біз секілді, Майлыбай құда секілді дәулетті жандар ма, әлде, сіңірі шыққан қу кедейлер ме? Сосын, суретін  телефоннан ғана көріп өліп-өшіп отырсың. Ол қыз мүмкін ақсақ шығар? Ертеңгі күндерің қалай болады? Осы жағын бір рет болса да ойлап көрдің бе?

Ислам: Әке, олай деуге қалай аузыңыз барады? Біріншіден, маған  ол қыздың  дүние байлығы  емес, өзі керек. Екіншіден, ақсақ болса да, маған тек осы қыз ғана ұнайды. Өз ойымды сізге қалай түсіндірсем екен?  Әке, алдымен суретін бір көріңізші. Сізге бірден ұнары анық. (Елпектеп телефонын Әлібекке ұсынады).

Әлібек (ашулана) Маған сенің түсіндіргеніңнің де, суретіңнің де керегі жоқ. Сенімен керілдесіп тұрар жайым тағы жоқ. Айттым бітті. Сені Майлыбайдың қызына үйлендірем. (Қолындағы телефонды  диванның үстіне лақтырып жібереді). Алдымен ауыл жаққа барып, жұмыстарымды бітіріп келейін, сосын сені үйлендіру әрекетіне кірісем. Оған дейін мемлекеттік сарптау комиссиясы да өз жұмысын аяқтап қалатын шығар. Сенің тойыңды дүрілдетіп тұрып осы  қонақ үйдің той залында өткізетін боламын.

Ислам: Сараптау комиссиясы дейсіз бе? Әке, сізге бұған дейін де айтып едім ғой. Жоғары оқу орнын бітірген құрылыс маманы ретінде тағы да айтамын. Сіз тұрғызған объект яғни қонақ үйді пайдалануға беруге мүлде болмайды. Құрылыс жұмысына өте арзан, төзімділігі төмен материалдар жұмсалғанын айтпағанда, сейсмикалық қауіпсіздік жағынан да талапқа сай емес.

Әлібек: Ей, сен маған тағы да ақыл айта бастадың ба? Әуелі мұрын боғыңды сүртіп алсайшы. Емін-еркін шалқып жүргенің сол құрылыстың арқасы емес пе?

Ислам: Әке, сіз байқадыңыз ба, байқамадыңыз ба, білмеймін, мен біраздан бері Аллаға құлшылық етіп, намаз оқып жүрмін. Шамам келгенше Құран, хадисті де оқып қоямын. Соның бірінде: «Мұсылманның ең жақсысы-тілімен де, қолымен де өзге біреуге залал келтірмеген» деп жазылыпты. Әке, жалынып сұраймын. Қонақ үй туралы өз ойыңызды өзгертіңіз. Оны пайдалануға беру ең алдымен адам өмірі үшін өте қауіпті.

Әлібек: Жетер енді! Тым оттап барасың ғой. Мен шешім қабылдап қойдым. Менің бұл шешімімді адам түгіл Құдай да өзгерте алмайды.

Ислам (үрейлене) Әке!? Сіз.. сіз.. (Әлібекке таңдана қарап тұрады да, тез-тез басып шығып кетеді).

Әлібек: Бар, бар, бара бер. Көрдің бе, маған ақыл айтып.. (Ойланып) Мүмкін, осылай еткенім де дұрыс шығар. Ақша мен дүние-байлықтың қалай, қайдан келіп жатқанын білсін. Өмірдің ащы-тұщысына да осы бастан үйрене берсін. (Кете бере, кідіріп) Айтпақшы, бұл неменің өліп-өшіп жүрген қызы кім екен өзі? (Телефондағы суретті көріп, риза болып) Пәллі! Менің баламның талғамы жаман емес секілді ғой. Өліп өшетініндей-ақ бар екен. Өзі шынында көрікті екен. Тоқта! Түрі таныс секілді ғой. Қайдан көрдім бұл қызды? (Телефонға үңіліп) Өзі Исламға хабарлама жіберіпті. (Оқиды) «Тез теледидарды қос. Осы хабарды көрген соң-ақ менен теріс айналарыңды  білемін. Жылтыраған түрімді ғана көрсетіп, сені де, өзімді де алдай бергім келмейді. Бұл бағдарламаға қатысуымның себебі де осы. Айша». (Таңдана, шошына) Айша?! Сонда.. бұл.. бұл сол Айша болғаны ма? (Асыға теледидарды қосады).

Теледидар (Айшаның дауысы): : Рас, өз аяғыммен жүре алмаймын. Бірақ, солай екен деп бәрінен баз кешер болсам несіне адаммын? Несіне өмірге келдім? Тіпті, тіршіліктің барлық жұмысы адамның аяғына қарап тұрған жоқ қой. Аллаға шүкір, аяғым кеміс болғанмен, қолы-басым сау. Отырып істегенім болмаса, жұрттың істеп жатқан  жұмысын істеу менің де қолымнан келеді. Сондықтан, өзімді өзгелерден ешқашан да қор санап көрген емеспін. Санамаймын да! Өзім секілді кемтар жандарға да осыны айтар едім.

Тележүргізуші: Айша Еркінқызы, шақыруымызды қабыл алып телестудиямызға келіп сұхбат бергеніңіз үшін..

Әлібек: (таңдана, шошына) Еркінқызы?! (Теледидарды өшіре салады). Бұл Еркіннің қызы Айша болғаны ма? Мен араларын алыстатам деп жанталасып жүрсем ұлым мен екеуі..

(Осы кезде Әсия кіреді).

Әсия: Әлібек, бәрін дайындап қойдым. Түскі асты да даярлай берейін бе? Ауылға қарай қашан шығатын болдың?

Әлібек (сасқалақтап, қолындағы телефонды  диванның үстіне лақтырып жіберіпі) Түскі ас дейсің бе? Ауылға дейсің бе? Ия, ия, қазір.. қазір шығамын. Қакзір шығам дедім ғой саған.  Бар, бар, тез түскі асты дайында.

Әсия: Әлібек, саған не болды? (Аң-таң болып тұрады да, шығып кетеді).

Әлібек (диванға отыра кетіп) Ух!  Бұл қыздан қалай құтылсам екен? (Исламның телефонына көзі түсіп) Айтпақшы, телефон.. Исламның телефонымен хабарлама жіберейін. (Телефонды алып хабарлама жазады) «Бағдарламаны әке-шешем де көрді. Мені кешір. Ара қатынасымызды үзгеніміз дұрыс. Ислам». Ал, енді басамыз, ОК-ейді. Кетті! Енді  бұл хабарламаны өшіріп тастауымыз керек. Удалить! Міне, енді дұрыс болды. (Телефонды диванның үстіне тастап шығып кетеді де, шыттай киініп ап дауыстай кіреді). Әсия, қайдасың? (Асыға Әсия кіреді).Сен қайда жоғалдың кеттің? Мен бұл үйден қашан шығам, өзі?

Әсия: Жаңа ғана өзің тез түскі асты дайында деген жоқсың ба? Асхана жақта жүрмін.

Әлібек: Тамағың құрып қалсын. Асығыспын. Қазір машина келеді. Тез балаңды шақыр. Екеуіңе тапсырар біраз шаруалар бар.

Әсия: Ислам бағана асыға басып шығып кетіп еді, әлі оралған жоқ.

Әлібек: Оралмаса, оралуы құрып кетсін. Оған сен айта саларсың. Қысқасы, тапсырма былай: Сен ғимараттың ішкі безендіру жұмысының дұрыс жүруін бақыла. Көрген жан көз ала алмайтындай болсын.  Ақшаны аяма. Сараптамашылардың да көңілінен шығатын болсын. Ең бастысы, ана үлкен кісілер риза болса болды. Кеткен шығын бір-ақ күнде орнына келеді. Тағы да қайталап айтам, бәрі ойдағыдай болатын  болсын. Түсіндің бе?

Әсия: Ту-у, Әлібек, бүгін өзі саған не болған? Тіптен жанығып кеттің ғой. Түсіндім. Бәрін де сен айтқандай етіп орындаймын. Енді, болды ма?

Әлібек: Әлі болған жоқпын. Ана балаңа да беретін тапсырмаларым бар. Оған жақсылап түсіндіретін бол. Ертеңнен  бастап сағат 8-ден 3-ке дейін, 4-тен 7-ге дейін сол ғимарат жақта болып, жүргізіліп жатқан жұмыстың барысын бақылайтын болсын. Ақыры, заң қызметкері болғысы келмей, осы құрылыс мамандығын таңдады емес пе? Ендеше, жұмыс істесін. Үйренсін. Құрылыс жұмысының оңай емес екенін сезінсін. Менімен үзбей хабарласып тұрсын. Сараптау комиссиясы мен жоқта келіп қалса.. Жоқ, мұны оған тапсырудың қажеті жоқ. Былжырап бінәрсені бүлдіріп жүрер. (Ойланып) Тә-ә-к, тағы не қалды? Ә-ә, айтпақшы ауыл жақтағы жұмысымды бітіріп келген соң бұл баланы үйлендірудің қамына кірісемін. Майлыбай құдам да асықтырып жатыр. Так что, бұл жағын да есіңнен шығармай, балаңның тамырын басып, сөйлесе бер. Үйлену тойын дәл осы қонақ үйдің той залында  дүрілдетіп тұрып өткізем.

Әсия: Құдай деп сөйлесейші, жазған-ау..

Әлібек: Құдай десем де, демесем де.. (Телефоны шылдырлайды) Алло, не болды, көлікті жолға дайындадың ба? Жарайды, олай болса, келе бер. Мен де шығайын деп жатырмын. (Әсияға) Мен кеттім. Мен келгенше, бәріне өзің бас-көз бол. (Шығып кетеді).

Әсия: Жолың болсын, Әлібек. Бір Алла өзі жар болсын! (Біраз уақыт ойланып тұрады да, шығып кетеді).     

 

                                                     АЛТЫНШЫ  КӨРІНІС

 

Қала көшесі. Телефонмен сөйлескен Әлібек шығады.

Әлібек (көңілдене) Ә-ә, мен бе, келген шаруамды почти бітірдім десем де болады. Ал, өзің ше, құжаттарды бердің бе? Сонымен бәрі ойдағыдай болды ғой?

Телефондағы дауыс: Басеке, мен де сізге осы мәселе жөнінде айтайын деп тұрмын. Сіз айтқан құжаттардың бәрін беруін бердім ғой, бірақ.. бірақ ғимарат.. ғимаратымыз  мемлекеттік сарптаудан өтпей қалды. 

Әлібек: Өтпей қалды? Қалайша? Мен.. мен комиссия төрағасының өзімен сөйлесіп, бәрін реттеп қойып едім ғой? Ол.. ол тек «дұшпан көзі» қылып тексерген болам деп еді ғой. Сонда, ол.. ол оңбаған..

Телефондағы дауыс: Жоқ, басеке, ол кісі өз уәдесінде тұрды. Егер, бұл іске  Ислам.. ұлыңыз араласпағанда, бәрі ойдағыдай болатын еді..

Әлібек: Ислам? Оның бұған  қандай қатысы бар? Не болды өзі? Дұрыстап түсіндірші.

Телефондағы дауыс: Түсіндіргенде, комиссия жұмысын аяқтап, актіге қол қояйын деп жатқан ғой. Дәл сол кезде қолында қаншама құжаттар мен сызбалар бар ұлыңыздың кіріп келмесі бар ма. Келген бетте комиссия төрағасынан қонақ үйдің құжаттарын өзі дайындап келген құжаттармен салыстыруын талап етті. Ол әкелген құжат-сызбалардың сауатты жасалғаны сондай, комиссия төрағасының өзі не айтарын білмей қалды. Сөйтіп.. Сөйтіп объектіміз.. қонақ үйіміз мемлекеттік сараптудан өтпей қалды. Олар.. олар кетіп қалды.

Әлібек: Ей, сен не деп мыңқылдап тұрсың? Өтпей қалдың не? Сонда оған берген қаншама ақшамыз босқа кеткені ме? Екеуің жабылып, бір боқмұрын балаға шамаларың келмеді ме?

Телефондағы дауыс: Басеке, мен.. мен.. сіздің ұлыңыз болған соң.. Әбекең де..

Әлібек: Ей, Әбекең екеуің де құрып кетіңдерші. Сендерге сенген мен де.. (Телефонын өшіріп, арқалы ұзын орындыққа отыра кетеді). Бұл қалай болғаны? Ех, Ислам, Ислам.. (Ойланып) Әлде, осының өзі де дұрыс болды ма? Шынымен де ертең құлап қалып жатса.. Адам өлімі болып жатса.. Бірақ, қаншама қаржы жұмсап, қанашама жыл бойы өліп-талып салған ғимаратымыз..қонақ үйіміз..(Орнынан баяу тұрып, аяғын сүйрете басып кете барады. Төмен қарап терең ойға батқан Еркін шығып, арқалы ұзын орындыққа отыра кетеді.

Еркін(күрсіне): Ия, қызымның есейіп, бой жетіп те қалғанын  байқамаппын. Мүгедектерге арналған мектепте оқып жүргенде, анда-санда көрген соң ба, онша мән бере бермейтін едім, енді, мектепті бітіріп үйге келгелі, оның шынымен де ғәріп.. кемтар  екенін..

Осы кезде мешіттің имамы келеді. Ойға батқан Еркін оны байқамайды.

Имам:Ассәламуғалейкүм, Еркін аға. (Қос қолын созады).

Еркін(енді байқап, орнынан тұрып):Уағликүмасәлам! (Амандасады).

Имам: Аға, өзіңізді көріп қалып, сәлем бере кетейін деп бұрылдым. Сұрағаныма айып етпеңіз, аға, соңғы екі жұма намазында да болмадыңыз. Ал, Әлібек досыңыз тіптен көрінбей кетті. Екеуіңіз бір-біріңізден бір елі де ажырамайтын едіңіздер ғой.

Еркін(күрсіне):Е-е, інім-ай, оның несін сұрайсың. Ол екеуміз достықтан кетіп, бір-бірімізді көрмегелі қай заман. Ол қәзір қатты байып кеткен. Астанада тұрады. Байыған соң мен секілді кедей досын керек етпей, лақтырып тастады.

Имам: Тоқтаңыз. Ол байып кетті, мен кедей боп қалдым дейсіз бе? Жоқ, аға, ешбір пенде өздігінен байып, ешбір пенде өздігінен кедей болмайды. Өзіңіз де білесіз, Құранда Алла Сүббханәһу уә Тағаланың адамды бай және кедей етіп жаратқаны, байды кедейлерге қайырымдылық жасау үшін, ал, кедейлерді Өзіне құлшылық ету үшін жаратқаны, осылайша  оларды сынайтыны туралы айтылған. Досыңызға дүние-байлық берсе, оны дүние-байлықпен сынағаны, сізге кедейлік берсе, сізді кедейлікпен сынағаны. Сол секілді, Құранда Алла Тағаланың  кім дүниені қуса, оны дүниеге құл қылып қоятыны, кім дүниеден қашса, оған дүниені құл қылып қоятыны, оның соңынан  дүниенің өзі  қуып жүретіні, сол секілді  дүниені сүйген құлына да, сүймеген құлына да беретіні, ал, иман, ілімді тек сүйген құлына ғана беретіні де айтылған. Енді, аға, өзіңіз ойлап көріңіз. Бұл жағынан алғанда, бәлкім, ол кедей, сіз бай шығарсыз? Бәлкім, сіз тіпті Алланың сүйген құлы да шығарсыз? Сондықтан, қай кезде де тәубеге келіп, Аллаға шүкіршілік етушілердің қатарынан болыңыз.

Еркін(толқи, имамды құшақтай): Рахмет, інім! Менің уайым-күдік торлаған көңілімді бір серпілтіп тастадың. Саған Алла разы болсын!

Имам: Сізге де Алла разы болсын! Енді рұқсат етсеңіз, мен кетейін. (Кетпек болады).

Еркін:Тоқташы, інім. Мені күні-түні қатты мазалап жүрген бір жайт  бар еді. Егер, уақытың болса..

Имам: Ол не дегеніңіз, аға? Уақыт та Алланың иелігінде емес пе? Мен сізді тыңдауға дайынмын.

Еркін: Рахмет.  Бірақ, бұл сәл ұзақтау әңгіме еді. Отырайық. (Екеуі де арқалы орындыққа жайғасады) Өзің де білесің, Әлібек екеуміз бала кезден дос болып.. (Ары қарата дауысы естілмей кетеді. Мұңды әуеннің фонында Еркін имамға басынан өткен жайтты айтып жатыр. Имам да бірде күліп, бірде ашуға беріліңкіреп ұйып тыңдап отыр. Сәлден кейін Еркіннің дауысы естіледі) Міне, бауырым, осылайша имандай сенген жан досым Алланың атымен берген сертін бұзып, мені де, қызымды да жұрт алдында мазақ қылып кетті. Мені қойшы, қызым.. қызым.. (Көз жасын сүртеді).

Имам: Аға, сабыр етіңіз. Мұсылманның қаруы-сабыр. Сіз айттыңыз, мен тыңдадым. Дін өкілі ретінде айтарым, бұл сіз бен досыңызға берілген Алланың сынағы. Бұдан былай да бұрынғыдай дос, құда болып қаламыз десеңіздер, мықтап күресулеріңіз керек. Нәпсі қалауына, шайтанның азғыруына көнбеулеріңіз керек. «Үмітсіз тек шайтан» деген. Досыңыз екеуіңіз бірлесіп күресер болсаңыздар, инша Алла, бұл сынақтан да өтесіздер.

Еркін:Інім-ау, жаңа бәрін өзіңе айтып берген жоқпын ба? Бірлесіп күреспек түгіл,ол досым мені көргісі де келмейді.

Имам: Сізді түсініп тұрмын. Бұл мүмкін емес дейсіз ғой? Алла қаласа, мүмкін болмайтын нәрсе жоқ. Бірақ, ол үшін біріңіз міндетті түрде алғашқы қадам жасауыңыз керек және ондай ізгі амалды ең алдымен сіз жасауыңыз керек.

Еркін(тұрып кетіп, қайта отырады):Мен?! Неге мен? Берген сертінен тайған мен емес, ол ғой. Мақұл, оның алдына тағы да барайын. Бірақ, ол мені тыңдай ма әлде үйінен қуып шыға ма?

Имам: Сабыр, сабыр, аға. Пендешілікке бой алдырмаңыз. Лағнеті шайтан да осындай күмәнді сөздер мен үмітсіздікті жақсы көреді. Сіз ол кісіге бармай, көрмей жатып-ақ үмітіңізді үзіп жатырсыз. Қайдан білесіз. Ол кісі бәлкім, өзгерген шығар, бәлкім сіз барып сөйлескен соң жаман ойынан қайтар? Алла Тағала қаласа, болмайтын ешнәрсе жоқ. Ал, енді, алғашқы қадамды не үшін сіз жасауыңыз керек екенін мысал арқылы түсіндірейін. Мәселен, сізге  біреу ақша немесе мал беремін деп, сіз аламын деп Алланың  атымен уәде берсеніздер, сол уәделі күннен бастап ол мал да, ақша да  сіздікі болып саналады. Ал, әлгі кісі айтқан уақытында бермей қойса, сіз ол кісінің алдына екі рет барып, Алланың атымен уәде бергенін есіне салып, алашағыңызды алуыңыз керек немесе қарыз ретінде кешуіңіз керек. Ал, олай етпейтін болсаңыз, ол кісі оны ақыретке қарыз қылып арқалап кетеді де, сіз Алла Тағаланың  берген сыйынан бас тартқан болып саналасыз.

Еркін: Мен өте жақсы түсінген секілдімін. Сонда, мен досымның алдына тағы да бір рет барып, Алланың атымен берген уәдесін есіне салуым керек қой? Бірақ, өл өте алыста, Астанада. Қашан, қай кезде барып  жолығарымды бір Құдай білсін. Жолыққан күнде де, райынан қайтпай үйінен қуып шықса қайтемін?

Имам: Астана түгіл Америкада тұрса да жолыққаныңыз дұрыс. Жолығыңыз, айтыңыз. Райынан қайтпай ма, Бір Аллаға тапсырыңыз да, үн-түнсіз кері қайтып кетіңіз. Әрі қарата сіз бен менің айтқаным емес, құдыреті күшті Алла Тағаланың дегені болады.  Алла Тағаланың бұйрығынсыз бір жапырақ үзіліп түсіп, бір түйір құм жерден көтерілмейді. Ия, аға, ертеңім жақсы болсын десеңіз осындай амалға баруыңыз керек. Ал, қашан жолығатыныңызға келсек, Алла сәтін салған күні жолығарыңыз анық.  Алла сәтін салса, бүгін, тіпті дәл қәзір  жолығып қалуыңыз да ғажап емес. Жақсы, аға, сау болыңыз. Барлық қайырлы істе Алла Тағала жәрдемшіңіз болсын! (Орнынан тұрады).

Еркін(ол да тұрып, имамның қолын қысып):Рахмет, інім. Сен менің көзімді көп нәрсеге жеткіздің. Саған да Алланың өзі жәрдемші болсын. (Имам асыға басып кетіп қалады да, өзі қайтадан орындыққа отырып ойланып кетеді. Сәлден соң әлденеге бел байлағандай телефонын алып тере бастайды. 2-3 рет терген соң барып) Алло, Әлібек, ассәламуғалейкүм! Таныдың ба? Мен.. Еркінмін ғой. Менің телефонымның нөмірін өшіріп тастамағаныңа рахмет. Қолың бос болса сөйлессем деп едім.

Телефондағы дауыс: Еркін, неге танымайын. Танып тұрмын. Бірақ, сөйлесуге тіптен уақытым жоқ. Алыс шетелге ұшпақ болып тұрмын.

Еркін: Онда.. онда ол жақтан қашан ораласың? Мен сол кезде саған барып жолығайын.

Телефондағы дауыс: Маған жолығу үшін Астанаға келмексің бе? Сонда, жолыққанда не айтпақсың? Тағы да берген уәдемді есіме салу үшін бе? Еркін, саған айтқан жоқпын ба, мен Майлыбаймен, Майлыбаймен  уәделесіп қойдым. Енді, екі арамыздағы достық, құдалық мәселелесін ұмытайық. Жолығуымыздың да қажеті жоқ. Енді, тіпті, кездеспейтін де шығармыз..

Еркін: Құдай деп сөйле, Әлібек. Алла Тағала қаласа, әлі талай кездесерміз, бүгін, тіпті дәл қәзір  кездесіп қалуымыз да ғажап емес.

Телефондағы дауыс: Ха-ха-ха! Еркін, өзің таза дін фанаты болып кеткенсің бе? Он жерден Алла десең де, Қазақстанның екі шетінде тұрып, дәл қәзір қалай кездеспекпіз?

Бұл кезде телефонмен сөйлесіп келе жатқан Әлібек тасадан шығып, Еркіннің жанына отырады. Екеуі бірін-бірі байқамастан сөйлесе береді.

Еркін:Астфиралла! Астфиралла! Әлібек, сен тіпті өзгеріп кеткен екенсің. Сені Алланың өзі кешірсін. Енді, саған айтар сөзім жоқ. (Телефонын қалтасына сала беріп, Әлібекті байқап, таңдана орнынан тұра береді) Әлібек!? Бұл сен бе? Әлде маған елес көрінді ме? (Көзін уқалап-уқалап жіберіп, Әлібектің қолынан ұстап) Жоқ, Әлібектің нағыз өзі. Сонда қалай. Жаңа ғана.. сен.. сен Астана.. Астанада тұрмын деп едің ғой..

Әлібек(телефонын құлағына тосқан күйі, сасқалақтап): Ия, ия.. Мен.. мен.. Астанада..

Еркін: Ех, Әлібек, Әлібек! Сені осынша майдаланып кетер деп ойламаппын.Ақырында, осындай лас әрекетке де бардың ба? Мен секілді пенделерді  алдағаныңмен Алланы алдай алмайтыныңды неге білмейсің?  Жарайды, өзің  қашан келдің? Үй ішің аман-есен бе? Әсия, Исламдар  шапқылап жүр ме?

Әлібек(өзіне келіп, телефонын сөндіреді. Орнынан тұрып):Бәрі аман-есен. Кеше келгем. Осы жақтағы үйімді сатып едім. Соның мәселесімен..

Еркін: Үйді саттым дейсің бе? Бекер істедің-ау. Бұл жер сенің туып-өскен ауылың, ал, ол үй қара шаңырағың  еді ғой.. Туған жеріңде өз баспанаң болғаны жақсы емес пе?

Әлібек: Білем, білем, Еркін. Жұмыс бабымен осылай етуіме тура келді. Енді мен кетейін. Шынымен де дәл қәзір Астанаға ұшуым керек. (Кетпек болады).

Еркін: Әлібек, мен имаммен ақылдасып  едім. Ол маған сенімен қалай да сөйлес деді. Өзің білесің, Ислам мен Айша да есейіп қалды. Екеуін бір-бірімен кездестірсек қайтеді? Мақұл, кездеспей-ақ қойсын, бір-біріне суретін.. тым болмаса, суреттерін көрсетейік. Бәлкім, бірін-бірі..

Әлібек(күмілжіп): Суретің дейсің бе?.. (Бірден қатулана)Еркін, жаңа да айтқан жоқпын ба? Ол енді мүмкін емес. Турасын айтайын. Жалғыз ұлымның өмірін қор еткім келмейді.

Еркін: Бұл менің қызымның кемтар екенін бетіме басқаның ғой. (Сәл үнсіз қалып) Әлібек, одан құдай сақтасын, дегенмен бір күні сенің ұлың да жазатайым бір жағдайға ұшырап, менің қызымдай кемтар болып қалса, не істейсің. Сенің маған берген уәдеңнен тайғандай, ана Майлыбай досың да уәдесінен тайып кетіп жүрмей ме?

Әлібек (дызылдай):Еркін, сен.. сен неге бұлай дейсің? Әлде.. әлде менің ұлымның да бір жаманшылыққа ұшырағанын тілеп жүрсің бе?

Еркін: Әлібек, айтар сөзіңді ойланып айт. Менің ондай адам емес екенімді өзгеден гөрі сен

жақсы білесің. Айша қызым болса, Ислам ұлым емес пе? (Ойланып) Әлібек, бірнәрсе сұрасам, айтасың ба? Сен.. ол жақта мешітке.. жұма намазына барып жүрсің бе? Намаздың соңында бұрынғыдай дұға жасап, қол жайып Алла Тағаладан әлі де тілек тілейсің бе?

Әлібек: Не айтпақ болғаныңды түсіндім. Турасын айтайын. Қәзір жұма намазына бармаймын. Дұға жасап, тілек те тілемеймін. Оған уақытым да жоқ.

Еркін: Не дейсің, Әлібек? Тілек те тілемеймін дейсің бе? Сонда сен.. сен өзіңді осындай дәрежеге жеткізген Алла Тағаланы ұмытып.. Алла Тағаланы ұмытып..

Әлібек (ашулана бажылдап): Алла, Алла! Сен неге қайта-қайта Алланы айтып басымды қатыра бересің. Рас, берді. Жарылқады. Осындай дәрежеге дейін жеткізді. Мойындаймын. Бірақ, дәл бүгін керегімнің бәрін Алланың жәрдемінсіз-ақ, бір ғана өз күшіммен тауып жатырмын.(Қолын сермей) Ал, сен болсаң, Алла, Алла деп..

Осы кезде шайдай ашық күн тұтылып, бір сәтте қап-қараңғы түнге айналып, көкте жасын ойнап, аспан жарылғандай шатырлап күн күркіреп өтеді де, бірден бұрынғы қалпына келеді.

Еркін(үрейлене аспанға қарап): Астағфиралла! Астағфиралла! Кешіре гөр Жаратқан! Аузына не келсе, соны оттайтын біздей күнәһар пенделеріңді кешіре гөр. (Әлібектің иығынан ұстап, өзіне қаратып) Ей, Әлібек, мен сенің сөзіңнен де, өзіңнен де қорқайын дедім. (Қолындағы сағатын оның көз алдына тосып) Жақсылап көріп ал да, есіңде сақта! Қазір сағат тура екі болды. Дәл сағат екіде Құдайдың құдыретімен күн түнге айналып, шайдай ашық аспанда  жасын ойнап, күн күркіреді. Сен Алланы қатты ашуландырдың. Осы сәттен бастап мен де сенімен байланысымды үземін. Осы уақытқа дейін жүрегімде сақталып, жанымды шуаққа бөлеп келген балалық шағымыздың естеліктерін де ұмытамын. Ол үшін кіндігіміздің қаны тамып, жалаң аяғымызбен топырағын кешкен мына туған жерім, туған елімнен де тым алыс кетуге бел будым. Бұл сен үшін де, мен үшін де, тіпті бүгінде елдің әңгімесіне айналғанжарымжан қызым үшін де дұрыс  болар деп ойлаймын. Енді маған мына жансыз бейнелерің де қажет емес. Тіптен қажеті жоқ. (Телефонындағы суреттерді өшіре бастайды да, ызалана телефонын лақтырып жібереді. Кете бере тоқтайды) Сенімен қоштасып, кетер алдында  бір ғана тілек тілеймін. Сені Жаратушы Алланың өзі кешірсін. (Асыға басып кете береді).

Әлібек: Қап! Тағы да Алла. Сенің ұлың да менің қызымдай кемтар болып қалса, не істейсің дейді, оңбаған. Менің балам неліктен кемтар болып қалу керек? Олай болуы мүмкін емес.. (Телефоны шырылдайды) Алло, сен бе? Тағы не айтпақсың?

Телефондағы дауыс: Басеке, сұмдық.. сұмдық болды. Айтайын дегенім ғимаратымыз.. ғимаратымыз.. анау-мынау емес, әлемдік стандартпен салған  ғимаратымыз..

Әлібек: Ғимаратымыз!?.. Оған  не болды? Айтсайшы-әй, тезірек сағызша созбай.

Телефондағы дауыс: Сол.. сол аяқ астынан жермен жексен болып құлап түсті.

Әлібек(теңселіп кетіп): Құлап түсті? Әй, сен не деп тұрсың? Ол аяқ астынан  қалай құлап түседі?

Телефондағы дауыс:Оны.. оны мен де білмедім, басеке. Басеке, біз.. біз оған.. оған миллиярдтап қаржы жұмсадық қой. Компанияларға да шаш-етектен қарызбыз. Енді не істейміз?

Әлібек(қинала жүрегін ұстап): Ей, сен де сол жердегі басшылардың бірі емессің бе? Басыңды неге істетпейсің? (Ойланып) Үйді сат. Тез менің үйімді сат та ақшасын...

Телефондағы дауыс:Басеке-ау, есіңізден шығып кеткен бе? Үйіңізді кепілдікке қойып, банкіден ақша алып қойып едіңіз ғой. Олар да кешелі бері төле-төленің астына алып жатыр.

Әлібек: Төленің астына алса, төле. Әй, айтпақшы, әлгі ғимарат..  ғимаратымыз қай кезде құлады?

Телефондағы дауыс: Сағат екіде. Ия, ия, тура сағат екіде аяқ астынан қопарылып құлап түскенін өз көзіммен көрдім.

Әлібек:Сағат екіде дейсің бе? Әйтеуір астында қалып кеткен ешкім жоқ  шығар?

Телефондағы дауыс:Құдайға шүкір, басеке, бәрі аман секілді. Жұмысшылар да түскі үзілістен енді келіп жатыр.

Әлібек:Ух, жүрегім орнына енді түсті ғой. Адам аман болса болыпты. Ғимараттың бір жөні болар..

Телефондағы дауыс:Басеке, басеке, тоқтаңыз. Күзетші.. Күзетші бір нәрсе айтып жатыр. Басеке, кешіріңіз, сізбен біраздан соң өзім хабарласам.(Телефон үзіледі).

Әлібек:Мынау не дейді? Күзетші дей ме? (Телефоны шырылдайды) Алло, Не болды?

Телефондағы дауыс: Не болғанда.. Басеке, бір суықтау хабар естідім. Ислам.. Ислам іште қалып кетіпті. Қазір шығарып алдық..

Әлібек: Ислам!?.. Іште қалып кетіпті?! Әй, сен не деп оттап тұрсың? Ол жалғыз өзі қалай іште қалып кетіп жүр? Өзі.. өзі тірі ме?

Телефондағы дауыс:Басеке, ұлыңыз аман-есен, тірі, бірақ.. бірақ..

Әлібек: Ей, сен не деп міңгірлеп кеттің? Не бірақ?

Телефондағы дауыс:Бірақ, екі аяғы.. екі аяғы.. ауыр нәрсе басып, сынып.. Қазір дәрігерлер келіп ауруханаға әкетейін деп жатыр.

Әлібек:Екі аяғы сынып?.. Сонда.. дәрігер.. дәрігерлер не деп жатыр?

Телефондағы дауыс: Енді.. әзір ешнәрсе айта алмаймыз. Жақсылап емделмесе, жүре алмай қалуы да әбден мүмкін дейді.

Әлібек (шоши): Жүре алмай?! Жүре алмай қалуы да мүмкін деді дейсің бе?(Телефонын өшіре салады. Еркіннің айтқан сөзі есіне түседі).

 Еркіннің дауысы:  Әлібек, одан құдай сақтасын, дегенмен бір күні сенің ұлың да жазатайым бір жағдайға ұшырап, менің қызымдай кемтар болып қалса, не істейсің. Сенің маған берген уәдеңнен тайғандай, ана Майлыбай досың да уәдесінен тайып кетіп жүрмей ме?

Әлібек(оиланып): Сонда.. Еркін айтқандай менің ұлым да Айша секілді.. кемтар.. ақсақ.. О, Жаратқан! (Телефоны шылдырлайды) Алло, тағы не сұмдықты  айтқалы тұрсың?

     Телефондағы дауыс:Басеке, тағы бір жайсыз хабар.. Әсия жеңгей.. Әсия жеңгей..

Әлібек (үрейлене): Не дейді? Әсия?!.. Әсияға не болды?

Телефондағы дауыс:Не болғанда, сол.. өте жоғары жылдамдықпен жүргізіп келе жатқанда көлігі аударылып..

Әлібек: Көлігі.. Аударылып..Енді.. жағдайы.. хәлі қалай? Әйтеуір өзі аман ба? Тірі ме?

Телефондағы дауыс: Тірі, тірі, басеке. Бірақ, жағдайы өте ауыр дейді. Осы қазір ғана ауруханадан телефон соқты. Мен сол жаққа бара жатырмын.

Әлібек (шоши): Жағдайы өте ауыр дейсің бе?  Әй, бұл.. бұл.. бұл өзі қай кезде болыпты?

Телефондағы дауыс: Автоинспекторлар жол апатының  сағат тура екіде орын алғанын айтты.

Әлібек(үрейлене):Не? Сағат екіде!? Сонда.. ғимарат та.. Ислам да.. Әсия да.. бәрі бір сәтте.. сағат екіде.. О, Жаратқан Алла! (Жүрегін қолымен басып, орындыққа отыра кетеді. Есіне Еркіннің айтқан сөзі түседі).

Еркіннің дауысы: Ей, Әлібек, мен сенің сөзіңнен де, өзіңнен де қорқайын дедім. Жақсылап көріп ал да, есіңде сақта! Қазір сағат тура екі болды. Дәл сағат екіде Құдайдың құдыретімен күн түнге айналып, шайдай ашық аспанда  жасын ойнап, күн күркіреді. Сен Алланы қатты ашуландырдың. Осы сәттен бастап мен де сенімен байланысымды үземін..

Әлібек(сәлден соң есін жиып, орнынан қаңғалақтай тұрып):Құдайым-ау.. Құдайым-ау.

Енді не істедім? (Ойлана) Еркін досыма телефон соғайын. (Телефонын тере беріп) Бірақ, оған қай бетіммен телефон соғамын? Жоқ, қалай да соғуым керек. Бір көмектессе, енді тек сол ғана көмектеседі. (Телефон соғады. Жерде жатқан Еркіннің  телефоны шырылдайды. Еркіннің телефонын алып) О, Құдайым.. О, Құдайым.. (Естен танғандай, теңселе басып, жүріп кетеді).

 

ЖЕТІНШІ  КӨРІНІС 

 

Бірінші көріністегі Әлібектің тар пәтері. Әсия мен Ислам Әлібектің әңгімесін тыңдап,

қимылдамастан тас болып қатып қалған.

Әлібек(күрсіне):Сөйтіп, Еркінмен соңғы кездесуім осылай аяқталды.Мен.. мен сол жолы Еркін досымды ғана ренжітіп қоймай, Алла Тағланы да қатты ашуландырдым..

     Әсия (басын көтере):Құдайым-ау, Құдайым-ау! Әлібек, сен.. сен не істегенсің? Не бүлдіргенсің? Мен.. мен саған сеніп жүрсем..

     Ислам (орнынан тұра алмай, қолын соза):Әке! Әке, сіз.. сіз  не істегенсіз? Бәріне кінәлі сіз екенсіз ғой? Сіз.. сіз аяулы жарыңыз-анамды да, бауыр етіңіз-балаңыз-мені де дүние-байлықтың жолында құрбан етіп жіберген екенсіз ғой. Сіз.. сіз қандай қатыгез, екіжүзді адам едіңіз.(Басын жерге ұрғылайды).

     Әсия (басын көтере, қолын соза):Ислам! Балам!..

     Әлібек(жаны шыға):Балам! (Жүгіріп келіп Исламды төсегіне жатқызбақ болады. Ислам естен танғандай қарсыласа бастайды) Балам, менің сенен кешірім сұрауға, тіпті әкеңмін деп айтуға да  хақым жоқ. Бірақ, шешеңді.. шешеңді аяй көр. Ол сенің жаныңа келуге де шамасы келмей, іштен тынып жатыр ғой.. Орныңа жатшы, балам. Жалынамын. (Сәл басылған Исламды орнына жатқызады). Балам, түсінем, сендер менен жиіркеніп тұрсыңдар. Бірақ, шешең екеуіңе де айығып, орындарыңнан тұрып кеткенше, менің күнәдан қап-қара болған бетімді көрулеріңе тура келеді. Өйткені, төсек тартып жатқан екеуіңнің ауызыңа су тамызар менен басқа тірі жан жоқ. Сендер орындарыңнан тұрған соң өзім-ақ.. өзім-ақ.. (Іштей егіліп шығып кетеді).

Әсия: Балам, мені тыңдашы. Әкең рас, Алла Тағаланың алдында өте ауыр күнә жасады. Енді, міне, сол істеген ісіне қатты өкініп, тәубеге келіп, Аллаға  жалынып, жылап құлшылық етіп жүр. Істеген ағат ісіне қатты өкініп, тәубеге келген пендесін Алла да кешіреді екен. Біз де сабырмен әліптің артын күтейік.

     Ислам(қинала):Апа, сіздің айтқаныңыз да дұрыс шығар. Сонда да.. Сонда да әкемнің бұл лас әрекетін қалай ұмытпақпын? Қалай? «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деген. Әкемнің маған жасаған жамандығын кешіруге тырысармын-ау, бірақ жарымжан, бейкүнә Айшаға жасаған жамандығын қалай кешірмекпін?

     Әсия: Балам, тым күйзеле бермеші. «Тау мен тау емес, адам мен адам кездеседі» деген, Алла қаласа, тағы да кездесерсіңдер. Сол кезде..

     Ислам: Жоқ, апа, енді кездеспейтін секілдіміз. Ол менімен байланысын неге үзді десем.. Апа, мен онымен қалай кездесем? Енді мен де тобан аяқ, кемтар жанның бірі емеспін бе? Мына түріммен оны қалай іздеп табамын? Қалай?

     Осы кезде ішке кірген Әлібек Исламның сөзін егіле тыңдап тұрады.

Әлібек(жасқана Исламға жақындап): Балам, ауылға көшіп келгелі бері мен де Еркін досымды іздестіріп жүрмін. Сол, маған өкпелеп көшіп кеткелі бір тірі жан көрмепті. Қайда кеткенін де ешкім білмейді. Балам, мен Құдай қаласа Еркін досымды да, Айшаны да іздеп  табамын. Тек, маған біраз уақыт бер.(Көзінің жасын сүртіп) Мен.. мен  барып тамақты әкелейін. Пісіп те қалған шығар. (Асыға шығып кетеді де, орташа кесемен тамақ әкеледі). Алдымен баламның тамағын берейін, сонан соң жақсылап тұрып кемпірімді тамақтандырамын. Кәне, балам. (Тамақты жанына қойып, арқасына жастық сүйеп, Исламды отырғызады да, тамақты алдына қояды). Ішіп-жеп тойып ал, балам.

Ислам(алдындағы тамаққа қасық сала беріп): Әке, тағы да қатықсыз қара макарон ба? Бүгін басқа тамақ істеймін деп едіңіз ғой..

Әлібек(күрсіне): Балам,енді ақша болмай жатыр ғой. Ертең.. ия, Құдай қаласа, ертең жақсы, дәмді тамақ пісіріп беремін. Бүгін көршіміз Нағима апаңның шарбағын қалап беретін болып келісіп келдім. Төлейтін ақшасының  жартысын да алдын-ала беретін болды.

Әсия: Қай, Нағиманы айтасың? Әлгі, біздің үйде қызметші болып, кейін сен ақшасын бермей қуып жіберген Нағима ма?

Әлібек(күмілжи): Ия.. Сол.. сол Нағима. Ол.. ол менің сол иттігімді кешіріп, шарбағын қалап беруіме келісті. Жарайды, Әсия, мен сенің тамағыңды берейін. (Осы кезде «Ассәлаумағалейкум! Үйде кім бар?» деген дауыс естіледі). Имам ғой. Кеше кіріп шығармын деп еді. Қазір. (Шығып кетіп Имам екеуі кіреді).

Имам:Ассәлаумағалейкум! Алла денсаулықтарыңызға шипа берсін! (Исламмен амандасады).

Ислам:Уағлейкүмәссалам! (Амандасады).

Әсия: Есенсіз бе, молдеке.

Әлібек: Жоғарылатыңыз. Жоғары шығыңыз.

Имам: Әлібек аға, мен Еркін аға екеуіңіздің  інілеріңіз едім ғой. Бұрынғыдай сен деп айта берсеңізші.

Әлібек:Е-е, бауырым-ай! Еркін Еркін, Сен сенсің ғой.. Ал, мен ше? Менің кім болып кеткенімді сен білмейсің ғой. (Төмен қарап, көз жасын сүртеді).

Имам: Аға, тым мүжіле бермеңіз. Бәріміз де пендеміз. Пенде болған соң, күнә жасамай тұрмаймыз. Бірақ, істеген жаман ісіне қатты өкініп, тәубеге келген жанды мейірімді де Рахымды Алла Сүббхәнаһу уа Тағла кешірмей қалмайды. Аға, сіздер өз ауылдарыңызға көшіп келгелі де біраз уақыт өткенін білемін. Сіздердің үлкен сынақты бастан өткеріп, қиналып жатқандарыңыздан да хабардармын. Қолымыздан келгенін жасап, мешіт жамағаты болып сіздер үшін  Аллаға дұға етіп те жатырмыз. Сосын.. Ислам бауырымыздың  тез жүріп кеткенін тілеп бір арба.. қол арба алған едік. Қәзір.. соны.. (Шығып кетіп мүгедектер арбасын әкеледі). Сосын.. тағы.. сіздердің пәтер жалдап тұрып жатқандарыңызды ескеріп, шағын болса да, жеке үй алып беруді де қарастырып жатырмыз. Инша Алла, таяу күнде болып қалар.

Әлібек(көңілі босап): Айналайын інім, бауырым! Мен саған не дерімді білмей тұрмын. Егер, Алланың атымен сөйлеуге хақым болса, Алла разы болсын, саған!

Әсия: Ия, Алла разы болсын, саған, айналайын!

Ислам: Көке, сізге Алла разы болсын!

Имам: Сіздерге де Алла разы болсын! Енді мен кетейін. Жәрдемшілеріңіз бір Алла болсын! Аман-сау болыңыздар! (Асыға басып шығып кетеді).

Әлібек: Сау бол, бауырым! Сенің де жәрдемшің бір Алла болсын! (Қатты толқып, көзінің жасын сүрткіштей береді).

 

                                            СЕГІЗІНШІ  КӨРІНІС

 

Аурухана ауласы. Ислам отырған мүгедектер арбасын айдаған Әлібек шығады.

Әлібек: Балам, мен ішке кіріп шығайын. Кезегіміз де келіп қалған шығар. (Кетеді).

Ислам(қолындағы телефон бетіне тесіле қарап): Айша! Сен қайдасың? Сен де мен секілді мүгедектер арбасына таңылып отыр ма екенсің? (Алақанын жайып) Е, мейірімі күшті Алла! Сен шын жылап  жайған алақанды бос қайтаруға ұяласың. Өзіңнен жылап тұрып тілеймін. Менің кесірімнен зардап шеккен Айшаға жақсылық нұрыңды төге гөр! Оның тезірек өз аяғынан жүріп кетуін нәсіп ете гөр. Сол сияқты, оны менімен қауыштыра гөр!  (Қолын жайып күбірлеп отырады).

Осы кезде «Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!» деген қыздың ащы айғайы естіледі. Ислам селт етіп, айғай шыққан жаққа қарайды да, жанұшыра арбасын солай қарай  жүргізеді. Қатты жүріп келе жатқанда, арбасы аударылып, құлап  түседі. Құлап түссе де жан дәрмен  солай қарай жақындай береді. Осы кезде көлбеу биіктен төмен түсіп келе жатқан Айшаның арбасы  көлденең жатқан Исламға тіреліп, тоқтап қалады.

Айша(үрейлене):Аға! Аға! (Жан-жағына қарап айғайлайды) Көмектесіңдер! Ағаға көмектесіңдер! Ешкім жоқ. Енді қайттім. (Еңкейіп Исламның қолынан тарта бастайды) Аға, көзіңізді ашыңызшы. Басыңызды көтеріңізші. Құдайым-ай, енді не қылдым? (Шарасыздан жылап жібереді).

Ислам(көзін ашып, басын көтеріп, Айшаны танып, таңдана):Айша!

Айша(ол да Исламды танып қатты таңдана):  Ислам! Бұл.. бұл сен бе? Сен.. сен.. сен де мүгедектер арбасына...

    Ислам: Айша, ол.. ол өте ұзақ әңгіме. Менің арбам.. Менің арбам.. (Арбасы жаққа қарап орнынан тұрмақ болып, тұра алмайды).

Айша: Ой, кешір. Мен саған рахмет айтуды да ұмытып кетіппін ғой. Саған Алла разы болсын! Сен  болмағанда онсыз да ақсақ аяғым..

Ислам: Айша, олай демеші. Сен  де, мен де сұрап алған жоқпыз ғой. Бәрі де дұрыс.  Мен енді бірнәрсе қылып арбама жетіп алсам..

Осы кезде үстіне әппақ шапан киіп, қолына таяқ ұстаған бір қарт кісі пайда болып, шойқаңдап жүріп Айшаның арбасын тегіс жерге апарып қояды. Шойқаңдап жүріп, Исламның арбасын әкеліп, оған Исламды отырғызады да, Айшаның арбасының жанына апарып қояды.

Ислам: Алла разы болсын сізге, ата!

Айша: Ия, ата, Алла разы болсын! Сіз келмегенде..

Қарт  кісі: Қызым, алғысыңды  маған емес, мына батыр жігітке  айт. Бұл жігіт сен үшін Алладан жылап тұрып тілек тіледі. Алла Тағаланың  бұйрығымен сені қатерден аман алып қалды. Екеуің қол ұстассаңдар, қиындықтың бәрін де жеңесіңдер. Ата-аналарыңның, әкелеріңнің шынайы ақ батасын алған сәтте Алла Тағаланның адамның сөзі түгіл ойы да жетпес нағыз құдыреті мен кереметін өз көздеріңмен көріп, бастан кешесіңдер. Не тілесеңдер де, не сұрасаңдар да Бір Алладан ғана тілеп, сұраңдар. Алла тілектеріңді қабыл етсін! Әумин! (Бетін сипап, Ислам мен Айшаның қолын бір-біріне ұстатады да, шойқаңдай басып кете барады).

Ислам (толқи): Айша, бұрын бір-біріміздің бейнемізді телефоннан ғана көрсек, енді міне, қолымыз қолымызға тиіп, тым жақын отырмыз. Сен бұл туралы хабардарсың ба, жоқ па, білмеймін. Менің әкем.. әкем мен Еркін көке жан дос болған екен.. Мен мұны осы жақында ғана.. ия жақында ғана білдім. Егер ертерек білгенде..

Айша(сөзді бөле): Білем, Ислам. Мен бәрін білем. Бірақ, мен де өте кеш білдім. Жақында ғана әкем мен анамның сен екеуміз туралы айтып жатқанын кездейсоқ естіп қалып, олардың шындықты  айтуын тура келді. Есіңде ме, Ислам? Сен екеуміз телефон арқылы танысып, алғаш рет  бейнемді көрген сәтте-ақ  оған дейін де түсіңде мені жиі көретініңді айтып едің ғой. Сенерсің, сенбессің  мен де сені түсімде жиі көретін едім. Тек, өзіңнен телефон арқылы «Ара қатынасымызды үзейік» деген хабарлама алғаннан кейін ғана өзімнің кім екенімді анық білгендей болдым. Сол күннен бастап сен түсіме де енбейтін болдың.

Ислам: Айша, енді айттым не, айтпадым не. Ойым түгіл түсіме  кірмеген сондай хабарламаның жазылып кеткенін де енді ғана білдім. Жасыратыны жоқ, бұған дейін байланысты кілт үзіп, хабарласпай кеткенің үшін сені кінәлап келдім. Әкемнен барлық шындықты естіген соң ғана кеудемде үміт оты қайта жана бастады. Содан бастап күні-түні Аллаға жалынып, сені жолықтыруын сұрадым. Бүгін де,  осында келгелі бері де, Алладан тек осыны ғана тілеумен болдым. Ақыры міне, мейірімі күшті Алла Тағала тілегімді қабыл алып, өзіңмен кезіктірді.

Айша: Қалай десем екен.. Жасыратыны жоқ, осында келген соң сенімен жолықтыруын сұрап, Алладан мен де шындап тіледім. Бірақ, дәл бүгін, бұлай кездесерміз деп ойламаппын.

Ислам: Мен де, Айша. Өз басым Алла Тағаланың құдыреті мен кереметіне кәміл сенемін.

Айша: Ислам, жаңағы ата кім? Бізге осыншама жақсылық жасады. Тым болмаса, атын да сұрамаппыз. Әлде, ол ата болып бізге келген періште.. ия, ия, періште емес пе екен?

Ислам: Мен де солай ойлаймын, Айша. Қалай келгенін де, қалай кеткенін де білмей қалдық. Періште болсын, адам болсын, бұл Алланың бізге жіберген жәрдемшісі екені анық.

Айша: Мен де солай ойлаймын, Ислам.

Ислам: Айша, бүгін бірінші рет жүздесіп отырғанымызбен, Алла Тағала біздің тағдырымызды анамыздың құрсағында жатқанда-ақ шешіп қойған секілді. Бүгінгі кездейсоқ кездесуіміз де, тіпті екеумідің мына мүгедектер арбасында.. (Телефоны шырылдайды). Мен қазір.. (Шеткері шығып телефонмен сөйлесе бастайды. Осы кезде ентіге жеткен Әлібек оны құшақтай алады).

Әлібек: Балам-ау, амансың ба? Еш жерің жарақаттанған жоқ па? Сенің арбадан құлап қалғаныңды естіп..

Ислам: Әке, бәрі жақсы. Көріп тұрсыз, аман-саумын.  Мен жай.. бір керемет қызға көмектесем деп.. (Серпіле). Әке, мені анау отырған әдемі қызға апарыңызшы.

Әлібек(күліп):Әдемі қызға дейсің бе? Апарайын, балам. (Исламды Айшаның жанына әкеледі). Қызым, аман ба, айналайын. Мына менің балам бүгін.. (Айшаны танып, таңдана)Айша, қызым! Бұл сен бе? Бұл.. бұл шынымен де сен бе? Құдайым-ау, бұл өңім бе, әлде түсім бе? Қызым! Менің қызым! Кішкентай Айшам менің! Ақыры сені де көрдім-ау! (Айшаны құшақтай алып, жылап жібереді). Мен Еркінді, сендерді ұзақ іздедім ғой.. Таба алмадым ғой.. Енді міне, өзіңмен.. өзіңмен кездестім. Шүкір Аллаға! Шүкір! Шүкір! (Телефоны шырылдайды. Алып) Алло, дайын болды дейсіз бе? Мен қазір барамын. (Ислам мен Айшаға) Сараптама қорытындысы дайын болыпты. Мен барып алып келейін. Сендер еш жаққа кетіп қалмаңдар. Мен тез келемін. (Кетеді).

Әлібек кете салысымен, жан ұшыра жүгіріп  Еркін жетеді.

Еркін: Қызым-ау, амансың ба? Еш жерің жарақаттанған жоқ па? (Айшаны құшақтай алады). Сені бір бала құтқарып қалды деп еді.. Оның да аяғы.. аяғы..

Айша: Бала дейсіз бе, әке? (Күліп) Әке, мені құтқарып қалған  бала дәл жаныңызда отыр.

Еркін(Исламға бұрылып):Аман ба, балам? Қызымды қатерден құтқарып қалған сен екенсің ғой? Балам, сені менің қызыма кезіктіріп, оны сенің қолыңмен қатерден аман алып қалған бір Алланың құдыреті шығар. Саған Алла разы болсын, балам! Мен де, Айша да сенің алдыңда қарыздармыз. Алла жеңілдігін, шипасын беріп тезірек жүріп кет, балам. Менің бір жан досыма қатты ұқсайды екенсің. (Мұңайып, ойланып қалады). Жарайды, кім болсаң, ол бол, бүгіннен бастап сені ұлым деп санаймын. (Исламды құшақтап, жылап жібереді).

Ислам: Көке, мен.. мен  шынымен де сіздің ұлыңызбын ғой. Мен.. мен атымды өзіңіз қойған ұлыңыз Исламмын ғой. (Жылап жібереді).

Айша(толқи): Ия, әке, бұл жан досыңыз Әлібек көкенің ұлы Ислам ғой.

Еркін(таңдана):Ислам! Әлібектің ұлы! Балам-ау, сонда сен де аяғыңнан.. аяғыңнан.. Бұл қалай болғаны? (Еркінді  құшақтап, тағы кемсеңдей жөнеледі).

Осы кезде даудырай сөйлеп, қолына қалта ұстаған Әлібек келеді.

Әлібек: Міне, мен де келдім. Сендерге балмұздақ пен сусын әкелдім. (Еркінді көріп) Еркін! Бұл сен бе? Бұл шынымен де сен бе? Ақыры кездестім-ау, өзіңмен. Мен сені қанша іздедім. Таба алмадым ғой, досым-ау. Менің өзіңе істеген иттігімді кешіресің бе, кешірмейсің бе, өзің біл. Тек.. тек дәл қазір өзіңді құшақтап мауқымды, сағынышымды  бір басайыншы. Тек.. тек соған рұқсат етші. (Қолындағы қалтасын тастай сап, Еркінге жалына қарап, қолын соза береді).

Еркін (орнынан көтеріліп, таңдана):Әлібек! Әлібек, досым!  Бұл сен бе? Сен.. сен мені шынымен де іздедің бе? Шынымен.. шынымен де сағындың ба? Мен.. мен де сені әбден сағындым ғой. Келші, досым! (Кемсеңдей Әлібекті құшақтай алады).

Әлібек(кемсеңдей):Еркін, досым, менің қызым Айша.. Айшаны  нағыз арудың өзі етіп өсіріпсің ғой.

Еркін (ол да кемсеңдей): Досым, менің ұлым Ислам.. Ислам да хас батырдың өзі болыпты. Ол.. ол Айшаны.. Айшамызды қатерден құтқарып қалды ғой.

Әлібек: Ия, досым, Алланың құдретінде шынымен де шек жоқ екен. Әуелі жасаған күнәма қарай ауыр жазалады. Енді міне, рахымын, мейірімін төгіп сен екеумізді де, ұл-қыздарымызды да, бір күнде, бір сәтте қауыштырды. Ия, ия, алдымен Ислам мен Айшаны, содан соң сен екеумізді қауыштырды. Тек, ұлымыз бен қызымыз тезірек жазылып, өз аяқтарынан жүріп кетсін деп тілейік.

Еркін: Дұрыс айтасың, досым. Алланың қалауы шығар. Ұлымыз бен қызымыз қауышты. Біздің жаратушы Алладан күні-түні жылап тілегеніміз де осы емес пе? Енді.. енді..

Әлібек(күліп): Енді мен тезірек барып Әсия құрдасыңнан сүйінші сұрайын. Сен ол құрдасыңды жақсы білесің ғой. Бірден той қамына кірісіп кетпесе болғаны..

Еркін(күліп):Досым-ау, балаларды  ұялтпасаңшы. Олар да ойлансын. Бір шешімге келсін.

Әлібек: Жоқ досым, жетеді. Егер, Айшадай ару қыз маған келін болудан бас тартар болса, онда, батыр ұлым ата-баба салтымен оны алып қашатынын ұмытпа.

Еркін(күліп): Жарайды, жарайды, досым. Сен балалардың алдында тұрған соң ба, тіпті күшейіп кеттің ғой. Бірақ, қыз алатын жақ аздап болса да өзін төменшіктеу көрсетіп, «ләппәй!

ләппәй! деп тұратын секілді еді..

Екеуі рахаттана күліп тағы да құшақтаса кетеді. Содан соң Еркін Исламның, Әлібек Айшаның арбасын айдап мәз болған қалпы кете барады.

                                    

                                               

 

 

                                             ТОҒЫЗЫНШЫ  КӨРІНІС

 

Тойхана залы. Әуезді, әсем әуен-ән төгіліп тұр. (Әнші ән шырқап тұруы да мүмкін). Ислам мен Айшаның үйлену тойы өтіп жатыр. Төрде әппақ қалыңдық киімін киген Айша мен Ислам мүгедектер арбасында отыр. Екі жағына күйеу жолдас пен қыз жолдас жайғасқан. Ортаға асаба жігіт шығады:

Асаба: Асыл әкем, тірегім сен, асқар тауға балаған.

            Әлемдегі бар асылды өн бойыңнан таба алам.

            Өмірімнің сыңғыр қағып аққан мөлдір бұлағы,

            Жан әкешім, сенің терең бастауыңнан нәр алған,-деп енді ортаға екі жасқа ақ баталарын беру үшін Ислам мен Айшаның асқар тау-әкелері Әлібек аға  мен Еркін ағаны  шақырамыз.(Ортаға Әлібек пен Еркін шығады) Қош келіпсіздер, асыл ағалар! Осы жерде бір айта кететін жайт, Әлібек аға мен Еркін аға құда болып қол алыспай тұрып та айырылмас жан дос болған. Керісіп-келісіп жүріп орта мектепті бірге бітіріп, бал-шырын қызыққа, мөлдір сезімге толы студенттік шақтарды да бастан бірге өткерген. Әскерге де бір күнде аттанып, бір жерде қызмет етіп, бір күнде елге оралған. Ол ол ма, екеуі де бір күнде үйленіп, бір күнде қызметке тұрған.  Тіпті, Алланың  қалауымен  екеуі де бір күнде әке атанған. Дәл сол сәтте-ақ олар:«Егер екі жақтан да өмірге ұл немесе қыз келсе, олар ағалы-інілідей немесе апалы-сіңілідейтуыс-бауыр болсын, ал, бірі ұл, бірі қыз болса, олардыүйлендіріп, құдай қосқан құда болайық» деп уәделеседі.Енді міне, қадірлі қос аға сол берік достықтарын одан сайын нығайта түсіп, бүгін Құдай қосқан құда болып отыр. Асыл ағалардың бұл игі ісі кімге болса да үлгі-өнеге боларлық және қандай құрметке болса да лайық деп ойлаймын. (Қолын шапалақтайды. Жұрт та ду қол шапалақтайды).Рахмет! Олай болса, халайық, сөз кезегі Әлібек аға мен Еркін ағада. Алдымен қайсыңыз сөйлейсіз? Әдетте тойдың иесі сөйлейді ғой, дегенмен, «Қыз берген жақтың назы да бар» деген..

     Әлібек(микрофонды алып):Дұрыс айтасың, асаба інім. Ондай тәртіп барын білемін. Дегенмен мен үшін Еркін досымның, орны өте бөлек. Ерекең бастасын.  (Микрофонды Еркінге ұсынады).

     Еркін(микрофонды алып, толқи):Қатып қалған тәртіпті бұзып, Әлекең құдамның өзі микрофон  ұсынса, мен неге бас тартайын. Қадірлі халайық! Біздің болар-болмас жақсы істерімізді ерліктей бағалап, үлкен құрмет білдіріп жатырсыздар. Әлібек екеуміз бала кезден жан дос болып, ол құдалыққа ұласып жатса, бұл тек Алла Тағаланың қалауы. Егер Алла Тағала  бұл ісімізді хош көрмеген болса, біз он жерден, мың жерден өліп-тіріліп, жүгірсек те, мұндай нығыметке ешқашан да жете алмас едік..

Ары қарата әуезді әуен ойнап, дауысы естілмей кетеді. Еркін қолын сермеп сөйлеп тұр. Басқалар ұйып тыңдап қалған. Сәлден соң Еркін қолын жайып бата беріп, бетін сипайды. Ду қол шапалақ соғылады.

Асаба(микрофонды алып): Қандай жан толқытар керемет сөздер! Осындай керемет игі істердің ұйытқысы бола білген мұндай иманды ағалардан тек осындай керемет сөздер ғана туатыны заңдылық деп ойлаймын. (Микрофонды Әлібекке ұсынып) Ал, Әлібек аға, сөз кезегі сізге келді. «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтып берейін» деп халық айтпақшы, сіздің де өз досыңыз Еркін аға секілді керемет сөздеріңізбен жұрттың жүрегіне жол табатыныңызға сенімдімін.

Әлібек(ойлы): Еркін аға секілді дейсің бе? Жоқ, асаба айналайын.. Мен Еркін ағаң секілді бола алмаймын, бола алған да емеспін. Жаңа айттым ғой, мен үшін Еркін досымның орны ерекше бөлек. Мені талай жерде өлімнен құтқарып, өз басын ажалға тіккенін айтпағанда, дүние-байлықтың буына мастанып, досым түгіл Құдайдың өзін ұмытқан сәттерімде де ол сабырын, парасаттылығын жоғалтпастан, мені лағнеті шайтанның азғыруынан сақтап қалды.

Еркін(микрофонға ауызын тақап): Оу, Әлеке, сіз бұл жерге мені мақтау үшін шықтыңыз ба, әлде, екі жасқа тілек айту үшін шықтыңыз ба? Қыз берген құдам ғой деп осынша мақтай беруге бола ма екен?

Әлібек:А, а, мен солай еттім бе? Бірақ, сен мұндай мақтауға әбден лайықсың ғой, досым. (Еркінді құшақтайды).Ия, досым, мен сені мақтан тұтамын. Сендей дос берген Алла Тағлаға ризашылығым шексіз! (Алға шығыңқырап) Халайық, неге бұлай айтып жатыр деп мені сөге көрмеңіздер. Асаба мақтауымды жеткізіп, сіздер құрмет білдіріп жатырсыздар. Мен осындай мақтау мен құрметке расында да лайықпын ба? Шынымды айтсам, бүгін алдарыңызда  бәрін, бәрін айтып, ағымнан жарылғым келіп еді. Алайда, Еркін досымның өте сыпайы, мәдениетті түрде қарсылық көрсеткенін бәріңіз де байқадыңыздар. Сондықтан, өз тойымда өз мұң-шерімді айтып, сіздердің көңілдеріңізді түсірмей, екі жасқа деген өз тілегімді айтқанды жөн көріп отырмын. Айналайын балам, Ислам, қызым Айша! Еркін досым екеуміз бұл есімді сендерге бекерден бекер қойған жоқпыз. Бірінші айтарым, бұл есімді сендерге не үшін қойғанымызды біліп, сол атқа лайық болыңдар. Алла Тағала: «Дүниені сүйген құлыма да, сүймеген құлыма да беремін, ал, иман мен ілімді тек сүйген құлыма ғана беремін» деген. Сендердің  де дүние-байлық  емес, иман-ілім жинап, Алланың сүйген құлы болғандарыңды қалаймын. Адамзаттың асылы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед салла Аллаһуәлейһи уә сәллам: «Үйленіңдер, үй болып, ұрпақ өсіріңдер! Мен ертең өзгелерге өз үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деген екен. Міне, бүгін екеуің сонау Адам ата, Хауа анадан басталған ғұрыпты жалғап отырсыңдар. Халқымыз: «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп тегін айтпаған. Бірақ, мен сендердің қандай тағдыр қиыншылығы кездессе де, жұптарыңды жазбастан, мойымастан, мүжілместен бірлесіп жеңіп шығатындарыңа сенімдімін. Құрған шаңырақтарың биік болып,қарлығаш ұяласын! Сол қарлығаштың балапандарындай өз балапандарың көбейсін! Той тойға ұласып, босағаларыңнан құтты қонақ арылмасын! Қосақтарыңмен қоса ағарып бақытты болыңдар!  Мен Алла Тағаладан  осы айтқан ақ тілек, ақ батамды қабыл етуін жылап тұрып сұраймын.(Тізерлей отырып, қолын көкке жайып, жылап тұрып) Ия, Жаратқан Алла! Мен өзіме де, өзгеге де зиян келтірушілерден болдым. Лағнеті шайтанның азғыруына еріп, Сені де қатты ашуландырдым. Менің біліп істеген, білмей істеген күнәләрімнің кесірінен кінәсіз екі жастың да ғәріп  күй кешкенін қаламаймын. Құдыреті күшті Алла! Мені жасаған күнәма қарай бұл дүниеде де, о дүниеде де аямай жазала!  Тек.. тек жаңа өмірге қадам басқан мына екі жасты бақытты ете гөр. Оларға ең үлкен нығыметіңді сыйлап, өз аяқтарынан жүргізе гөр! Әумин! (Бетін сипап,еңірей жылап,төмен қарап отырып қалады).

Еркін, асаба, төрде отырған Ислам, Айша, жолдастары да «Әумин!» деп беттерін сипайды.Көпшіліктің де «Әумин!» деген сөзі естіледі.

Жұмбақ қартттың дауысы (жаңғыра естіледі):Ата-аналарыңның, әкелеріңнің шынайы ақ батасын алған сәтте Алла Тағаланның  адамның сөзі түгіл ойы да жетпес нағыз құдыреті мен кереметін өз көздеріңмен көріп, бастан кешесіңдер.

Осы кезде жарық сөніп қалып, дәл бұрынғыдай жасын ойнап, күн күркіреп өтеді. Жарық жанғанда кенеттен Ислам мен Айша арбаларынан баяу тұрып, қол ұстасып ортаға қарай жақындай береді. Көңілді шалқытар күй төгіле жөнеледі. Жұрт қол шапалақтап гуілдеп кетеді. Ислам мен Айшаны көрген Еркін төмен қарап егіліп отырған Әлібекті сүйемелдей орнынан тұрғызып, өздеріне жақындап қалған Ислам мен Айшаны нұсқайды. Өз көзіне өзі сенбей, есінен танғандай сұлқ тұрып қалған Әлібек сәлден соң өзіне келіп, Ислам мен Айшаға құшағын жая ұмтылады. Еркін де солай етеді. Әлібек өзіне сәлем салып иілген Айшаны құшақтап, маңдайынан сүйсе, Еркін Исламды құшақтай алып,бетінен сүйе береді. Осы кезде оларға қарай  қыз жолдас пен күйеу жолдас, асаба, басқа қатысушы кейіпкерлерде (Имам, Әсия, дәрігер т.б.) қолдарын шапалақтап жақындай береді. Ең соңында олар Әлібек, Еркін, Ислам,  Айшаны орталарына алып тұрып, көрерменге иіліп ізет жасайды.

 

                                                 СОҢЫ.

 

 

 

 

 

 

                                                                             

 

                                                       

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған