Орындалған тілек
-Бым-бым.. Қи-и-иқ!..-Аурухананың ұзын дәлізін бойлай Анар отырған мүгедектер арбасын ызғыта айдаған Арман «тежегішті»шірей басып кілт тоқтады.
-Ту-у, Арман, сонша қатты жүргенің не? Қорқып кеттім ғой.
-Қорықпа, Анар, мен мықты жүргізушімін. Сені ешқашан құлатпаймын.
-Жай айтқаным ғой, Арман. Сенің құлатпайтыныңды білем ғой. Егер.. егер өз аяғыммен жүре алсам, саған бүйтіп масыл болмас едім ғой.
-Анар, олай деме. Сен әлі-ақ өз аяғыңмен жүріп кетесің. Оған дейін мен сенің шопырың боламын.
-Шопыр дейсің бе?-Анар күліп жіберді.-Қойшы, шопыр деген біртүрлі естіледі екен. Сен шопыр емес, менің ең жақын жанашыр досымсың. Бірақ..-Сәби жүзін демде мұң торлап шыға келді.- Бірақ, Арман, мен сен айтқандай жақын арада жүріп кете алмайтын секілдімін. Бүйрегім де қатты жарақаттанған дейді. Ота жасаймыз дей ме, өте керек дәрілер табылмай жатыр дей ме, әйтеуір дәрігерлер апаммен ұзақ сөйлесті.
-Анар, сен не дейсің? Ота жасайды дедің бе? Дәрілер табылмай жатыр дедің бе? Ол қандай дәрі? Атын айтшы, мен қалай да тауып әкелемін.
-Рахмет, Арман. Бірақ, ол дәрінің атын білмеймін. Айтпақшы, ол дәріні көкем де іздеп жатыр екен. Дәріні таба салысымен барамын депті.
-Қызық екен. Менің анам да маған керек дәріні іздеп кетіпті.
-Арман, мен әкемді қатты сағындым. Кеп қалады деп қуанып жүрсем, тағы да дәрі іздеп кетіпті. Сен де анаңды сағынған шығарсың, ә?
-Ия, мен де анамды қатты сағынып жүрмін. Анар, олар дәріні қай кезде тауып, қай кезде келер екен? Оны да білмейміз ғой..
-Арман, қамыға бермеші. Менің де жылағым келіп тұр.
-Жоқ, Анар, мен қамығып тұрған жоқпын, ойланып тұрмын.-Тез бойын жиып алған Арман қолын жағына тірей сәл ойланып тұрды да, қуана айғайлап жіберді.-Таптым! Хат жазайық. «Бізге дәрінің керегі жоқ, өздеріңіз тезірек келіңіздер. Сіздерді бір көрсек, біз науқасымыздан айығып кетеміз»-деп хат жазайық.
-Керемет!-Қатты қуанған Анар да қолын шапалақтап жіберді.-Осы уақытқа дейін хат жазуды қалай ойламағамыз? Кеттік. Тезірек хат жазып жіберейік.
-Кеттік! Бым-бым-бым. Қы-қ!-«Машинасын оталдырып, жылдамдықты ауыстырған» Арман арбаны ызғыта жөнелді. Ызғытып келе жатып, алдынан шыға берген қарт әжейдің сүйенген таяғын қағып кеткенін байқамай қалды. Сүйеніші-таяғынан айрылып құлап түскен әже ауыр сөздерді түйдек-түйдегімен бората жөнелді: -Әй, көгермегірлер, айдың күннің аманында қурап қалған қу сүйегімді тағы сындырдыңдар ғой. Бесіктен белдерің шықпай жатып-ақ бірің әкеңді, бірің шешеңді жалмап едіңдер, енді мені де солардың жанына көмейін дедіңдер ме?
Әжеден кешірім сұрап, таяғын әперіп, орнынан тұрғызбақ болған Арман дағдарып қалды:-Әже, түсінбедім. Жалмаған деген не нәрсе? Жаман сөз бе?
-Жаман сөз бе дейді. Әрине, өте жаман сөз. Сендерге Астананы көрсетем
деп бара жатқанда машиналары алдынан шыққан машинаға соғысып, біріңнің әкең, біріңнің шешең бақилық болғанын білмеуші ме едіңдер?
-Жоқ, білмейміз. Әже, бақилық деген не сөз?
-Қап! Таскенеше жабысқан мына жүгермектен қалдым-ау.. Әй, жүгермек, тыңда. Бақилық деген..
Осы кезде жүгіріп келген медбике қыз әжені сүйемелдеп, орнынан тұрғыза берді.
-Әже, кішкентай бала ондай сөзді түсінбейді ғой. Жарақаттанып қалған жоқсыз ба?-Әженің үсті-басын қағып, әрі-бері жүргізіп көрді.-Бәрі дұрыс екен.- Жүріңіз, әже, палатаңызға жеткізіп салайын..-Жүре бере кідіріп, түкке түсінбей, аузы бұртиып, жылап жіберуге шақ тұрған Арманның басынан мейірлене сипады:-Кәні, балалар, сендер де палаталарыңа барыңдар.
Анарды палатасына дейін жеткізіп салған Арман өз палатасына келіп керуетке отыра кетті. Әже айтқан сөздердің мағынасын түсінбей қамығып отырғанда, даудырай сөйлеп Бекбол кірді:
-Ұлым қайда жүр десем, мұнда отыр екен ғой. Балам-ау, сен бұл кезде палатаңда болмаушы едің ғой. Мына отырысың не?-Жақындай бергені сол, Арман орнынан тұрып кетті.
-Балам, саған не болған? Мен бір күн жаныңда болмағаныма өкпелеп қалдың ба? Айтпақшы, анаңнан хат келді.
-Хат келді дейсіз бе?-Аузы бұртиып, өкпелеп тұрған Арман бірден жадырап сала берді:
- Әке, сізден бірнәрсе сұрасам, айтасыз ба?
-Білсем айтайын, ұлым.
-Онда, кішкентай бала үлкен адамды жалмай ала ма?
-Не дейсің?-Бекбол күліп жіберді.-Бұл сөзді сен бір ертегіден оқығансың-ау, шамасы. Бірақ, бақаны бала деп қате оқыған секілдісің. Ал, бақаны өзің де көріп жүрсің. Ұзын тіліне жабыстырып алып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаны жаламап жұта береді, жұта береді.
-Әке, тағы бірнәрсені сұрайын деп едім..
-Тағы да ертегіден бе? Жарайды, сұрай ғой.
-Ертегіден? А-а, ия, ия, ертегіден. Бақилық болды деген сөз нені білдіреді?
-Бақи деген сөз.. оны саған қалай түсіндірсем екен?-Бекбол сәл ойланып қалды.-Сен анау бізбен көрші тұратын ата қайтыс болғанда, «Енді атам келмейтін болды» деп жылап едің ғой. Міне, сол атаны қайтыс болды, немесе өзің айтқандай бақилық болды дейді. Ұқтың ба, балам?
-Қайтыс болған..-Әдепкіде шошып кеткен Арман тез өзгеріп, жайдарлана қалды.-Әке, жаңа сіз анамнан хат келді деп едіңіз ғой. Оқып беріңізші.
-Хат дейсің бе? Ол хат.. Қазір..-Бекбол қалталарын қарап, іздеген сыңай танытты.-Қап,
үйде қалып кетіпті. Ертең міндетті түрде алып келемін.
-Әке, жоқ хатты қалай әкелмексіз? Әлде, өзіңіз жазып әкеп, мені тағы алдамақсыз ба?
-Алдағаны несі?! Неге бұлай дейсің?
-Өйткені.. өйткені менің анам жоқ. Ол өзіңіз айтқан көрші ата секілді бақилық болып кеткен. Ал, бақилық болған адам қалай хат жазады?
Бекбол сылқ етіп керуетке отыра кеткенін білмей қалды.-Кешір, ұлым. Сенің ақыл тоқтатып, есейіп қалғаныңды да сезбеппін. Есейгенің сол, барлық шындықты әкеңе айтқызып, өз сөзімен өзін тұсап тастадың. Отыр, ұлым.-Арманды жанына отырғызып, иығынан құшақтай өзіне тартты.-Балам, анаң туралы шындықты өзіңе айтпақ болып талай рет оқталдым, бірақ кішкентай жүрегіңді жаралап алам ба деп қорықтым. Енді айтам ба деп жүргенімде, мінеки, көлік апатына ұшырап Анар екеуің тағы ауруханаға түстіңдер. Бұл шындық қозғалмағанда, кім білсін, әлі де сені алдап, сайрай берер ме едім.. Кешір, ұлым.
-Әке, мұны айту сізге ауыр тиетінін білем, дегенмен анамның қалай бақилық болғаны жайлы менің де білгім келеді.
-Анам жайлы дейсің бе?-Бекбол жүрек жара күрсініп салды.-Жарайды, ұлым, айтып берейін. Сен ол кезде тіпті кішкентай едің. Бірінші сыныпты енді бітірген кезің болатын. Анардың әкесі-Мақсат екеуміз ақылдасып, екі отбасы болып Астананы аралап, қыдырып қайтайық деген байламға келдік. Бұл ойымызға сенің анаң да, Анардың анасы да қуана келісіп, Астанаға жүретін күнді белгіледік. Бірақ.. бірақ дәл жүреміз деген күні Анардың анасы екеуміз жұмыстан босай алмай, Мақсат пен анаң сендерді алып, Астанаға жүріп кетті. Біз ертесіне баратын болдық. Бірақ.. бірақ сендер мінген көлік Астанаға тақағанда, қарсы келген екінші
көлікке соғылып, алдыңғы жақта отырған анаң да, рөлдегі Мақсат та тілге келместен бақилыққа аттаныпты. Ал, артқы орындықта отырған Анар екеуің Құдай сақтап, аман қалыпсыңдар. Міне, балам, осы кезге дейін өзіңнен жасырып келген шындық осы.
-Сонда қалай? Бәріміз бір көлікте отырсақ та тек анам мен Мақсат көке ғана бақилық.. бақилық.. –Арманның көзі жасқа шыланып шыға келді.
-Балам, бұл Алланың бұйрығы. Анаң бақилық болса, соңында сен қалдың. Мақсат көкең бақилық болса, соңында Анары қалды. Айтпақшы, сенің атыңды да Мақсат көкең қойып еді. Шіркін, Мақсат досым қандай керемет жігіт еді. Бір кездері ол маған өзінің бір бүйрегін бермегенде, мен осылай, сенің жаныңда отырар ма едім, отырмас па едім, кім білсін. Жарайды, балам, бәрі де тек бір Алланың қолында.. Шындап тілесең, Алла бәр тілегіңді орындайды.
-Арман селт ете қалды.-Әке, жаңа Мақсат көке бүйрегін берді дедіңіз. Ол қалай болған?
-Қалай болған дейсің бе? Ол.. ол..-Бекбол сәл кідіріп барып жауап қатты:-Бұл осы уақытқа дейін жан баласына айтпаған сырым еді. Жарайды, саған айтып берейін, тек сен де мұны ешкімге айтушы болма. Мақсат көкең де, мен де әке-шешесіз жетім балалар үйінде өстік. Дәл сен секілді үшінші сынапта оқып жүргенімде, қатты ауырып, ауруханаға түстім. Жағдайым күннен-күнге нашарлап, алдымен бір бүйрегім, көп өтпей екінші бүйрегім де жұмыс істеуін тоқтата бастады. Бойымды уайым мен үрей жеңді. Міне, осы кезде сыныптас досым Мақсат кез келген жанның қолынан келе бермейтін ерлікке барып, өзінің бір бүйрегін маған салдырды. Міне, балам, өз етінен ет кесіп беріп, менің өмірімді жалғаған Мақсат көкең осындай батыл ерекше жан еді.
-Әке, жаңа Алладан тілесең, Ол бәр тілегіңді орындайды дедіңіз. Іздеп таба алмай жүрген нәрсемізді сұрасақ та тауып бере ме?
-Сөз жоқ, тауып береді. Тек, шын ниетіңмен, жан-тәніңмен тілеуің керек. Сен Алла Тағаладан әлде бір тілек тілейін деп пе едің, ұлым?
-Иә, әке. Бірақ, оны қалай тілеу керек екенін білмеймін.
-Оның еш қиындығы жоқ. Ым.. Сен былай ет. Алладан шындап тілеп, ол тілегіңді қағазға жазып, ана Құран кітаптың арасына салып қой.
-Рахмет, әке. Мен дәл солай етемін.-Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Арман орындыққа отыра қалып, қағазға әлденені жаза бастады. Бекбол жайлап басып дәлізге шыға бергені сол, жүзі өте сынық Гүлзия қарсы жолықты.
-Амансың ба, Бекбол.-Даусы да жарықшақтана шықты.
-Аман ба, Гүлзия. Жүзің тым сынық қой. Не болды?
-Бекбол, соңғы кездері қызымды қатты уайымдап жүрмін. Әлгі тез арада табыңдар деген дәріні де таба алмай жатырмыз. Қызым.. қызым болса, күннен-күнге жүдеп, төмендеп барады. Ал, мен.. мен..
-Гүлзия, бүйтіп уайымға салына берме. Анар бір емес, екі рет көлік апатынан аман қалды. Ия, оны Алла Тағаланың өзі сақтап қалды.. Алла қаласа, іздеген дәріміз де табылар, Анарымыз да өз аяғымен жүгіріп кетер. Тек, Алладан тілейік.
-Ия, тек Алладан тілейік.
-Гүлзия, Арманға қарашы.-Бекбол бар дүниені ұмытып, жазу жазып жатқан Арманды нұсқады.-Ол қазір Алладан тілейтін тілектерін қағазға түсіріп жатыр. Сосын, оны алдындағы Құран кітаптің ішіне салып қояды. Анар да осылай етсе кішкене болса да көңілі бөлінер ме еді?
-Көңілі бөлінеді дейсің бе? Расында.. Бұл.. бұл.. Бұл шынында жақсы нәрсе екен. Мен.. мен кейін жолығармын. –Жүзінде қуаныш нұры ойнаған Гүлзия асыға басып шыға берді.
Тілек жазылған парақты бүктеп Құран кітабының арасына салған Арман кішкентай қолын қолын жайып тілек тілей бастады: -Е, Алла, Анарға керек дәрілер әлі табылмай жатыр. Соның тезірек табылуына жәрдем бере гөр. Анардың өз аяғымен жүріп кетуіне көмектесе гөр. Аумин!
*******************
-Әке, әке, қайдасыз?
Әлгінде ғана жүгіріп далаға шығып кеткен Арман палатаға асыға кіріп, таңертең ішетін дәрі-дәрмектерін дайындап жатқан Бекболды құшақтай алды.
-Не болды ұлым? Өзің өте қуаныштысың ғой.
-Әке, дәрі.. әлгі дәрі ше, сол табылыпты. Осы уақытқа дейін білмеппіз. Тек Алладан сұрау керек екен ғой. Көресіз, енді Анар жүгіріп кетеді. Мен Анарға кеттім.-Арман қалай асыға кірсе, дәл солай асыға палатадан шыға берді.
-Балам-ау, дәрің.. дәріңді ішпедің ғой.. Қап! Мына баланы-ай, ә.. Жарайды.. Көп өтпей-ақ шаңғытып өзің де келіп қаларсың.-Палатадан шығып, алдындағы ұзын орындыққа отыра кеткен Бекбол асыға басып бара жатқан Гүлзияны байқап қалды.
-Гүлзия?! Тым асығыссың ғой.. Бәрі дұрыс па? -Бекбол Гүлзияға жақындай берді.
-Бәрі дұрыс, Бекбол. Өте асығыс едім, кешір.-Көз жасын көрсеткісі келмеген Гүлзия жүзін бұра берді.
-Гүлзия, -Сенің жеке шаруаңа араласуға хақым жоқ екенін білемін.. Бірақ, мен.. мен Мақсаттың жан досы емеспін бе? Сенің жылағаныңды көре тұрып қалай үнсіз қалмақпын? Сосын.. сосын әлгінде ғана дәрінің табылғанын айтып қатты қуанып жүр едің..
-Кешір, Бекбол. Рас, азанда ғана қуаныштан жүрегім жарылып кетердей қуанып едім.. Өйткені, Анарға керек болып, қанша уақыттан бері іздеп таба алмай жүрген дәріміз бір күнде ойламаған жерден аурухана қоймасында үйілді де қалды. Жауапты дәрігерлердің өзі оның қайдан, қалай келіп қалғанын біле алмай дал болды. Бұл бәлкім біздей құлдарына жасаған Алланың Жақсылығы шығар..
-Міне керемет! Жаңағы Арманның айтып жүргені де осы екен ғой. Гүлзия-ау, сен бұған қуанбайсың ба? Жылағаның не?
-Әрине, Бекбол, неге қуанбайын. Қуанам ғой.. Қазірге дейін мәз болып қуанып келдім емес пе. Ал, енді.. енді көзім жасқа, көкірегім уайым мен үрейге толып, жанымды қоярға жер таба алар емеспін. Мен.. мен ешкімге мұң шақпай-ақ Анарыма өз бүйрегімді бере салармын деп ойлағам. Бірақ.. бірақ ит жегір бүйрегім оған да жарамады. Осы дәл қәзір ғана дәрігерлер менің бүйрегімді Анарға салуға болмайды деп шешті.
Өте көңілді, әндетіп келе жатқан Арман олардың сөзін естіп тұрып қалды.
-Анар?! Анарға дейсің бе? Сонда қалай? Өз бүйрегіңді..-Бекбол шошына тіл қатты.- Донор бүйрек.. Донор бүйрек ше? Оны табуға болады ғой..
-Бекбол, мен де солай ойлағам. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша оны кем дегенде жарты жыл бойы күтеді екенбіз. Әкесі тірі болғанда, қызым мұндай азапқа түспес еді ғой. Ал, мен.. мен қолымнан түк келмей, еңіреп жүрісім мынау. Сосын.. өзіңе жолығып..
-Маған жолығып.. Бірақ.. бірақ мен не істей аламын? Менің де денсаулығым.. денсаулығым..-Бекбол күмілжи жүзін төмен сала берді.
-Денсаулығың?!.. Денсаулығым дейсің бе?-Гүлзия ернін тістеп, басын шайқай берді.-Мен.. мен қандай ақымақ, өзімшіл едім. Мақсаттың бір кездегі жан досы ғой деп.. Бір ақылын айтады ғой деп.. –Алақанымен бетін басып бұрыла бергенде, Арман келіп қолынан ұстай алды.
-Гүлзия апа, сіз уайымдамаңыз. Анарға бүйрегімді мен беремін.
-Арман!? Сен қайдан келіп қалдың? Бүйрегімді берем дейсің бе?-Гүлзия Арманды мейірлене құшақтады. -Пейіліңе рахмет, айналайын Бірақ, бұл үлкен кісілер шешетін мәселе.
-Ия, балам, бұл сен араласатын мәселе емес. Бара ғой.—Бекбол да Арманға тоқтау салып жатыр.
-Жоқ, әке, мен ешқайда да бармаймын. Өзіңіз айтқан жоқсыз ба, ақыл тоқтатып, есейіп қалыпсың деп. Мен бұл сөзді балалықпен ойнап емес, әбден ойлап барып айтып тұрмын. Гүлзия апаның бүйрегі жарамаса, Анар досыма бүйрегімді мен бермегенде кім береді?
-Ол.. ол.. әрине, дұрыс қой, балам.. Егер сен.. сен әбден ойланып барып осылай шешсең, мен.. мен қалай қарсы болмақпын. Бірақ, мұндай іске бару үшін алдымен..
-Бекбол! Сен не айтып тұрсың?-Бекболға тіксіне қараған Гүлзияның үні де қатты шығып кетті. -Әлі есі кірмеген кішкентай баланы пышаққа итеріп, өзің сыртан тамашаламақ па едің? Жоқ, мұндай сұмдыққа мен келісім бермеймін. Анар естісе, ол да келіспес еді. Ал, әкесі тірі болғанда, қызы үшін бір емес, екі бірдей бүйрегін де суырып берер еді..
-Гүлзия, мен Анар үшін қажет болса, жүрегімді де суырып беруге..
-Жетер, Бекбол! Мұндай әдемі сөзді кез келген пенде айта алады. Ал,
екі бірдей бүйрегі бола тұра, бір бүйрегін беру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Былдырласа да шын ойын айтатын Арман секілді жаны таза балалар аман болсын. Ал, сен.. сен..
-Гүлзия апа, сіз әкеме бекер кіна артып тұрсыз. Ол кісі шынымен де бүйрегін бере алмайды.
Кішкентай Арманнан мұндай сөзді күтпеген Гүлзия жүре бере кілт тоқтады.
-Неге, Арман? Кіп-кішкентай сәби сен берем деп тұрғанда, ол неге бере алмайды? Неге?
-Өйткені.. өйткені әкемнің өзі де жалғыз бүйрекпен, онда да Мақсат көкенің бүйрегімен жүр.
-Арман, доғар енді. Мен саған не деп едім?-Ашу жеңген Бекболдың жүзі қабарып кетті.
-Мақсаттың бүйрегі?! Бұл қалай болғаны? Бекбол, мына баланың айтып тұрғаны рас па? Сен осы уақытқа дейін мұны маған неге айтпағансың?-Гүлзия Бекболға жақындай берді.
-Кешір, Гүлзия, айта алмадым. Ешкімге айтпаймыз деп Мақсат екеуміз уәделескен едік. Арман балалық жасап айтып қойды.
-Мақсаттың бүйрегі.. Айтпаймыз деп уәделескен. Ал, мен.. мен болсам, басқаша ойлап.. Бекболды аямай жазғырып.. Қандай ойсыз, надан әйел едім. Онсыз да жаралы жанын бүйтіп жаралағанша, неге өліп кетпедім екен.
Жүзін жас жуып, талықсып құлай берген Гүлзияны Бекбол сүйеп қалды.
-Арман, тез дәрігерді шақыр. Тез!
-Қәзір, әке.-Жүгіріп шығып кеткен Арман тез медбикені ертіп келді.
Медбике Гүлзияға дәрі искетіп, есін жиған оны Бекбол екеуі екі жағынан сүйемелдеп алып шығып кетті. Арман тізерлей отыра қалып кішкентай қолдарын көкке жайып тілек тілей бастады:
-Е, Алла, мен бүйрегімді берем деп айтарымды айтсам да, қатты қорқып
тұрмын. Маған Мақсат көкеге бергендей батылдық бере гөр. Менің бүйрегімді салған соң Анар өз аяғымен жүгіріп кетсін. Аумин!
*********************
Ота залының алдында тұрған Бекбол мен Гүлзия дәліздің кіре беріс жағына қарайлап, қатты мазасыздануда.
-Құдай-ай, қаршадай баланы дәтіміз барып саудаға салдық-ау. Кіп-кішкентай болып пышаққа түсетінін ойласам.. –Гүлзия шыдай алмай кемсеңдеп қоя берді.
-Сабыр ет, Гүлзия. Арман батыл әрі өте ақылды бала. Құдай қаласа, бәрі де ойдағыдай болады.
Көп өтпей аурухана киімін киген Арман отырған арбаны жүргізіп келе жатқан медбике де көрінді.
-Арман, балам! –Арманға құшағын жая ұмтылған Гүлзияны медбике тоқтатты.
-Апай, болмайды. Рұқсат етілмейді.
-Гүлзия апа, әке, уайымдамаңыздар. Бәрі де ойдағыдай болады. Менің бүйрегімді салған соң Анар жүгіріп кетеді.-Арманның үлкендерше айтқан байыпты сөзі мен салмақты мінезіне сүйсінген Гүлзия тағы кемсеңдей жөнелді:
-Айтқаның келсін, айналайын, айтқаның келсін..
-Балам, сен мұндай іске Анар үшін барғалы отырсың. Өзіңді сабырлы ұста. Алла Тағала саған Мақсат көкеңнің батылдығындай батылдық берсін. Сені тек бір Аллаға ғана тапсырдым.
-Бекбол баласын қайрай түсті.
-Әке, алаңдамаңыз. Мен Анар үшін қандай қиындық болса да шыдаймын. Сіздерді ұятқа қалдырмаймын. Еш уайымдамаңыздар.-Арман да «бәрі ойдағыдай болады» дегендей, тас-түйін болып түйілген кішкентай жұдырығын жоғары көтеріп қойды.
-Жүре ғой, Арман.-Медбике үлкен есікті ашып, Арман отырған арбаны ішке кіргізе берді.
*******************
Үлкен есіктің ар жағынан хабар күтіп тықыршыған Бекбол мен Гүлзияға уақыт бір орнында тұрып қалғандай көрінді.
-Осынша неге кешігіп жатыр? Бір хабары жететін кез болды ғой. Барып бір хабар алсақ қайтеді?
-Гүлзия, сәл шыдайық. Құдай қаласа, жақсы хабар да келіп қалар.
Осы кезде үлкен есік ашылып, көптен күткен дәрігер де шыға берді.
-Дәрігер?!..
-Дәрігер, Арман мен Анардың жағдайы қалай? Ота қалай болды?
Бекбол мен Гүлзия үміт күте дәрігерге жақындай берді.
-Ота өте сәтті аяқталды. -Жүзі қуаныштан нұрланған дәрігердің сөзінен де қуаныш лебі сезілді. -Ең бастысы, бүйрегін берген донордың да, бүйрек салынған науқастың да хал-жайы, көңіл күйі бір қалыпты, тіпті, өте жақсы деуге болады. Оның себебі, донордан алынған бүйректің ірілі-ұсақ қан тамырлары да, тіпті, көлемі мен жұмыс істеу белсенділігі де науқастың бүйрегімен өте сәйкес, және бірдей болып шықты. Мұндай сәйкестіктер медицинада болып тұрады. Алайда, дәл мынадай адам сенбес таңғажайып сәйкестік дәрігерлік тәжірибемде бірінші рет кездесіп отыр. Сау болыңыздар. -Кете бере, тоқтай қалып, кері бұрылды.-Осындай ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген сіздерге үлкен рахмет айтқым келеді. Мұндай батыл ұл мен сабырлы қызды мақтан тұтуға әбден болады!
*****************
Арман мен Анардың керуеттен тұрып, өз аяқтарымен жүріп кеткеніне де біраз күннің жүзі болды. Бекбол мен Гүлзияның қуанышында тіптен шек жоқ. Балаларының таяу арада ауруханадан шығып қалатынын естігелі бері екеуінің де үйге қарай шапқылауы тым жиілеп кетті. Брақ, неге екені белгісіз, ауруханадан шығатын күн жақындаған сайын Арман да, Анар да бұрынғы еркеліктерін кілт доғарып, томаға-тұйық болып алды.
Күндегі әдетінше бүгін де ауладағы ұзын орындыққа жайғасқан Арман терең ойға батып күбірлеп отыр: -Енді біраз күннен кейін мен де, Анар да ауруханадан шығамыз. Гүлзия апай мен Анар өз үйлеріне кетеді. Ал, әкем екеуміз тағы да бұрынғыдай шошайып жалғыз қаламыз. Шіркін! Анар да, мен де ауруханадан шықпай-ақ осылай бірге жүре берсек қой. Гүлзия апа мен әкем де бір-біріне жақынырақ..
-Арман, мен сені іштен іздеп жүрсем, осында екенсің ғой. Өзің қатты ойланып отырсың ғой.
Арман жанына келіп тұрған Анарды енді ғана байқады. -Ә-ә, Анар, келгенің жақсы болды. Сенімен бір нәрсе жайында сөйлессем бе деп едім. Кел, отыр.
-Қызық! Мен де сенімен бір нәрсе жайында сөйлессем бе деп іздеп келе жатыр едім.
-Анар Арманның жанына отырды. -Арман, енді көп ұзамай сен екеуміз де бұл жерден шығып, үйге қайтамыз ғой.. Сосын, сен де, мен де, анам да, Бекбол көке де бір-бірімізден алыстап, өз жөнімізге кетеміз. Ал, мен Бекбол көкені өз әкемдей, сені туған ағамдай көріп, әбден бауыр басып қалыппын. Шынымды айтсам.. шынымды айтсам, дәл солай болғанын қалаймын да.
-Анар, сен шын айтасың ба? –Қуанышын жасыра алмаған Арман орнынан ұшып тұрды. -Сен.. сен менің туған ағаң болғанымды шынымен де қалайсың ба?
-Ия, Арман. Бекбол көкедей әкем, сендей ағам болса, арманым болмас еді.
-Ғажап! Мен де саған осыны айтпақ болғам. Гүлзия ападай анам, сендей қарындасым болса, менің де арманым болмас еді.
-Рас па, Арман? Шын айтып тұрсың ба? Бұл сенің шын сөзің бе? –Анар да сенер-сенбесін білмегендей орнынан тұра берді.
-Рас, Анар. Шын сөзім. Сенің қарындасым болғаныңды қалаймын. –Арман көзі жасаураған Анарды құшақтай алды.
-Бірақ, Бекбол көке мен апам ше? Олар да біз секілді ойласа жақсы болар еді.
-Әкем бе? Әкемнен қорықпа. Өйткені әкем.. –Арман күліп Анардың құлағына сыбырлады. -Тек, сен мұны әзір ешкімге айтушы болма.
Анар күліп жіберді. -Құп болады, Арман аға. Бірақ, өз ойымызды, арманымызды ол кісілерге қалай жеткіземіз? Қалай көндіреміз?
-Мендей ағаң тұрғанда, қорықпа қарындасым. Ол кісілерді қалай көндіруді мен білетін секілдімін. Енді тезірек өз палатамызға барайық. Таңғы тексеру аяқталған соң саған өзім барып жолығамын.
Аға-қарындастай қол ұстасқан екеуі жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап жүгіріп бара жатты.
**********************
Аурухана дәлізін бойлай асыға басып келген Бекбол палатаның алдына келгенде, жан-жағына жалтақтап тұрып қалды. -Әйтеуір сыртта жүр екен. Ал, бұл қу бала әкесіне бүгін қандай сый дайындап қойды екен? -Жан-жағына қарап, ешкім жоқ екенін көрген соң палатаға кіріп кетті. Бекболдың ұрлана палатаға кіргенін қол ұстасып келе жатқан Арман мен Анар байқап қалды.
-Ә-ә, әкетай, ұрлығыңның үстінен түстім бе? Қарындасым екеуміздің де күткеніміз осы ғой. Бұл жолы не дер екенсіз? Білем, білем, бұл тілегімді сіз қостайсыз. –Арман күліп, әкесі жаққа сұқ саусағын безеп қойды. - Ал, Гүлзия апай.. Гүлзия апай ше? Анар, сенің апаң..
-Арман, қорықпа. Мен де тілегімді өзің айтқандай етіп әдемілеп тұрып жаздым. Апам қатты қарсылық таныта қоймас деп ойлаймын. Әдепкіде шарт-бұрт ашуланғанмен, мұның алдындағы тілегімізді де орындаған еді ғой.
-Ия, Анар, осы жолы да орындаса ғой.. -Осы кезде қолында бір жапырақ қағазы бар Бекбол палатадан асығыс шыға берді.-Әкем шықты. Бізді көріп қалмасын.
Анар екеуі тасалау жерге тығылып, Бекболды сыртынан бақылауға көшті. Бекбол шыққан бетте алдындағы ұзын орындыққа отыра кетті. -Қап, мына баланың еркінсуін-ай, ә. Өзін қәйтсем екен? Өткен жолы анау. Анар екеуі жарыса тілек тілеп, Гүлзия екеумізді бір-бірімізге өте жақын жүруге, тіпті бір үйде тұруға күштеп еді, енді мынау.. Бұл жолы тым еркін кеткен сияқты, бірақ.. бірақ тағы да дәл менің ойымды, Гүлзияға айта алмай жүрген менің сөзімді жазыпты.Тағы бір оқиыншы өзін. –Жүзі нұрлана қолындағы қағазға үңілді: -Е, Алла, мен Гүлзия апаның анам боғанын, Анардың қарындасым боғанын қалаймын. Әкем маған Алла тілегеніңнің бәрін орындайды деген. Егер бұл тілегім орындалмаса, мен бұдан кейін ешкімге де сенбейтін боламын.. Егер бұл тілегім орындалмаса, мен бұдан кейін ешкімге де, сенбейтін боламын. –Соңғы сөзді екі қайтара оқыған Бекбол жан-жағына қуыстана қарап, қағазды қалтасына сала берді: -Мен ғой, қуана-қуана келісермін-ау, ал, Гүлзия.. Гүлзия келісімін бермей қойса не болмақ? Анар ше, ол не дейді? Айтпақшы, Анар.. Анар қандай тілек тіледі екен?
Орнынан тұрып, көрші палатаға жақындай бергені сол, іштен ұяла бетін басқан Гүлзия атып шықты.
-Гүлзия, саған не болды?
-Сұрама, Бекбол, ұяттан жерге кіріп кетейін деп тұрмын. –Гүлзия жүзін төмен сала берді.
-Мен де оңып тұрғам жоқ, Гүлзия. Біздің Арман тым еркінсіп кетті.
-Арман?! Ол не істеп қойды тағы да?
-Е-е, сол баяғы, тілек тілейді де.
-Тілек? Тілек деген жақсы емес пе? Бұл жолы қандай тілек тілепті?
-Оны..оны аузыммен айта алмаймын, өзің оқы.–Қалтасындағы қағазды Гүлзияға ұсынды.
Гүлзия оқып шығып, қызарып сала берді. -Ия, шынымен де тым төтесінен кетіпті.
-Гүлзия, тек сен ренжи көрмеші. Мен ол баланы жақсылап тұрып жөнге саламын.
Гүлзия күліп жіберді. -Солай ма? Олай болса, ұлыңмен қоса менің қызымды да жөнге салуыңа тура келе ме деп қорқамын.
-Анар?! Бұған Анардың қандай қатысы бар?
-Қандай қатысы бар дейсің бе? Мен де оны аузыммен айта алмаймын. Мынаны оқысаң түсінесің. –Гүлзия қолындағы умаждалған қағазды Бекболға ұстата салды.
Бекбол умаждалған парақты жазып оқи бастады: -Е, Алла, Сен бар тілекті орындаушысың. Мен Бекбол көкенің әкем болғанын, Арманның ағам болғанын тілеймін. Анам маған Алла бар тілегіңді де орындайды деген. Сен біздің таба алмай жүрген дәрімізді бір-ақ күнде тауып бердің. Сенің бұл тілегімді де орындайтыныңа сенемін. Егер бұл тілегім орындалмайтын болса, бұдан былай ешкімге де сенбейтін болам.. Ия, екеуінің тілегі де егіз қозыдай ұқсас екен. Тіпті, қорқытқандарына дейін.
-Ия, Бекбол, бұл екеуіне шынымен де мықтап тыйым салатын кез жеткен секілді. Мен дәл қазір барып, қызымды жөнге саламын. –Ашу жеңген Гүлзия кетуге оқталды.
-Тоқтай тұр, Гүлзия. -Бекбол Гүлзияның қолынан ұстай алғанын байқамай қалды. -Егер, қызыңды жөнге салсаң, мені де қоса жөнге салуыңа тура келе ме деп қорқамын.
-Сені?!.. Сені не үшін жөнге салуым керек? –Аң-таң болған Гүлзия күліп жіберді.
-Өйткені.. өйткені мен.. мен.. мен де Анар мен Арманды қолдаймын.
-Бекбол!? Сен.. сен не айтып тұрсың? Сонда.. сонда сен де.. сен де..
-Ия, Гүлзия, мен.. мен де сенің Арманымның анасы болғаныңды қалаймын. Бұл ойымды саған бұған дейін де айтпақ болғам, бірақ батылым жетпеді. Егер Арман мен Анар бүгінгідей өз ойларын, өз тілектерін жазбағанда, өзімді-өзім іштей жеп әлі де үн-түнсіз жүре берер ме едім, кім білсін.-Гүлзияның сөзін бөліп жіберген Бекбол көкейдегі сөзінің бәрін айтып барып басылды
-Бекбол, бұл.. бұл.. –Гүлзия бетін басып, жанындағы ұзын орындыққа отыра кетті.
-Бекбол, бұл бірден шешіле салатын оп-оңай мәселе емес қой. Сен екеуміз де жап-жас бозбала мен бойжеткен емеспіз.. Ұлымыз бен қызымыз бар. Олар не дейді? Екеуіміздің де сүйіп қосылған жарымыз жер қойынында жатыр, олардың алдында не демекпіз?
-Гүлзия, сені жақсы түсінемін. Бірақ, «Өлген артынан өлмек жоқ», «Тірі адам тіршілігін жасайды» деген де сөз бар емес пе? Сен де, мен де сүйген жарымыздан айрылғалы бері міне, бір жылдан асып барады. Екеуміз шаңырақ құрар болсақ, балалар да қуанады деп ойлаймын. Ал, бұлай ете алмасақ, олар өздері айтқандай ешкімге, тіпті туған ата-аналары-бізге де сенбейтін бола ма деп қорқамын.
Гүлзия орнынан ұшып тұрғанын білмей қалды. -Бекбол, олай демеші. Мен.. мен жолы жіңішке әйелмін ғой. Ел бар, жұрт бар, олар не ойлайды? Ағайындарыммен ақылдасайын, қызыммен кеңесейін. Олар «жоқ, болмайды» десе..
Бекбол өрекпи сөзді бөліп жіберді: -Болады, Гүлзия, болады. Алла болдырам десе, бүгін, тіпті дәл қәзір-ақ болдырады.
-Жоқ, Бекбол, «Асыққан шайтанның ісі». Өтінем, маған ойлануға уақыт бер. Құдай-ай, сөзімізді біреулер естіп қойып, масқара болмасақ екен. Мен тезірек кетейін. -Орнынан асыға тұрып, жүре бергенде, Гүлзияның аяғы орындықа шалынып кетіп, Бекболдың жайған құшағына құлай берді. Қол ұстасып, бір-біріне елжірей қарап қалған олар қастарына Арман мен Анардың келіп тұрғанын да сезбей қалды.
-Әке!?
-Апа!?
Оларды алдымен байқаған Гүлзия күмілжи кейін шегіне берді: -Қызым, біз.. біз.. былай..
-Ия, ұлым, біз әлгі.. әлгі не ғой.. Гүлзия екеуміз.. –Бекбол да кінәлі жандай жүзін төмен салып міңгірлеп жатыр: –Өздерің жазған соң, бізді қолдап, келісетін шығар деп.. Екеуміз бір-бірімізге жақын жүрейік деп.. Бір-бірімізге сүйеу болайық деп.. яғни, сендер қарсы болмасаңдар, үйленіп шаңырақ құрайық деп бір шешімге.. шешімге..
Арман мен Анар екеуіне аң-таң болып біраз қарап тұрды да, ренжігендей қолдарын бір сілтеп кері бұрыла берді.
Гүлзия олардың соңынан ұмтыла бере кілт тоқтады да, жүзін жас жуып Бекболдың қолынан ұстай алды: -Ал, Бекбол, енді не дейсің? Енді балалардың бетіне қайтіп қараймыз? Сен Алла бәрін болдырады деген соң мен де өзімнің төмен етекті әйел екенімді ұмытып, тым еркінсіп кетіппін. Алдымен балалардың келісімін алмастан осындай ойсыз шешімге келгеніміз үшін ұяттан жерге кіріп барамын. Бұдан да өліп кеткенім жақсы еді.
-Кешір, Гүлзия, кешір. Мен де дәл бұлай болар деп, Арман мен Анар қарсы болар деп ойламаппын. Бәріне кінәлі мен. Тек қана мен.. –Өзін-өзі аямай жазғырған Бекбол да кішкентай балаша жылап жіберуге шақ қалды.
Кенет, біраз жерге барып қалған Арман мен Анар кілт бұрылып Бекбол мен Гүлзияға құшақ жая ұмтылды.
-Ана, анашым! Анашым менің! –Арман келген бетте Гүлзияны құшақтай алып, Анарға мақтана қарады: -Анар, көрдің бе, енді менің де анашым бар.
-Әке, әкешім! Әкешім менің! -Анар да Бекболды құшақтай алды. -Арман, көрдің бе, енді менің де әкешім бар.
Ешнәрсеге түсінбей өздеріне жәутеңдей қараған Гүлзияның қолын Арман Бекболдың қолына, ал, Анар Бекбодың қолын Гүлзияның қолына ұстатты. Сонан соң бір-біріне риза көңілмен қарап тұрды да, өздері де қол ұстасып алып, ұзын дәлізді бойлап құлдыраңдай жөнелді.