Адам қарады: 13264 | Жарияланды: 2017-05-02 03:51:52

Шәкәрім Құдайбердіұлы

(Шәкәрімнің ұлы Ахаттың естелігі бойынша жазылды)

Құнанбайдың Күңке ұлы бәйбішесі,

Ағанас – ақылды би қыз әкесі.

Бәйбіше Құнанбайдан бір ұл тауып,

Күңкеден Құдайберді жалғыз енші.

 

Ер жеткен Құдайберді мырза мықты,

Құнанбай ойластырды құдалықты.

Ұлына жеке дара қоныс беріп,

Руынан Қаракесек қыз алыпты.

 

Бойжеткен Төлебиге теңдесі еді,

Өнерімен жібермейтін елге есені.

Бірақ та бұл әйелден бала болмай,

Атасы кісі салып кеңеседі.

 

Біледі осы жайды құда-жекжат,

Көтермей Төлебике қойды құрсақ.

Үстіне әйел алып берем деп ем,

Келінім өзі ойланып берсе рұқсат.

 

Атасы келініне кісі салды,

Айтылған ақылымен сөзі анықты.

Келіні ойланбастан сөзге келіп,

Ақылын атасының жөн алыпты.

 

Еліне Дулат батыр қалың берген,

Құтылып бір уайымнан жанын жеген.

Ботантай құтты болып үш ұл тапты,

Жылқайдар, Ырғызбай, Әмір деген.

 

Басылып көңілдегі күпті көңіл,

Қойыны Ботантайдың құтты болды.

Талай жыл бала болмай үміт үзген,

Күнінде Дәметкен де жүкті болды.

 

Іргесі қос әйелдің қатар еді,

Силасып бір-бірімен жатар еді.

Келгенде келін болып Төлебике,

Ел-жұрты Дәметкен деп атар еді.

 

Шахмардан, Шәкәрім мен Нұртазасы,

Үщеуі Дәметкеннің өз баласы.

Алты ұл жұбын жазбай бір өскенде,

Болмайтын бір-бірінен еш аласы.

 

Шәкәрім жастайынан зерек болды,

Естіген ел-жұртынан дерек молды.

Дүкенде әкесінің пышақ жонып,

Ұсталығын ермек қып көрмек болды.

 

Шәкәрім жеті жасқа жеткенінде,

Хат танып оқиды ауыл мектебінде.

Еліктеп Абайға ұқсап өлең оқып,

Өзінше жыр жазады ептеп күнде.

 

Бар еді домбырада бір салары,

Еліктеп Әмірге ұқсап ән салады.

«Ертарғын», «Алпамыс» пен «Қыз Жібекті»,

Оқып ап жатқа айтатын қиссаларды.

 

Қалады құлағында ән естінің,

Шәкәрім әр нәрсеге әуес бүгін.

Келгенде Абай аға байқап қалды,

Інінің домбыраға әуестігін.

 

Арманы Шәкәрімнің, жанды дағы,

Бір үміт күтетіндей алдынтағы.

Ағасы інісіне үйретсін деп,

Күйші ата Біткенбайды алдыртады.

 

«Кертолғау», «Терісқақпай» - күйдің сәні,

Күніне сан мәртебе қайталады.

Шешесі күйші атаға риза болып,

Астына ат мінгізіп қайтарады.

 

«Бозінген», «Ақсақтоқты», «Аққу зары»,

«Боз айғыр, Жетім қыздың салған зары»

Осындай күй үйреніп Біткенбайдан,

Ауылда той-думанның болды сәні.

 

Ынтық боп жаңалыққа болды құмар,

Қойныңда қағаз-қалам, өлең-тұмар.

Аң аулап, құс салатын аңшы болды,

Тайынбай әр нәрсеге белді буар.

 

Ән жазды «Қозы көш» пен «Кәрілікті»

Жасында жау бұзардай бәрі мықты.

Әуені ел аузына тарап жатты,

Өзіне тәнті етіп жарым жұртты.

 

Бөкейханов бастаған Ұлы көшті

Зиялылар мақұлдап тізе қосты

Құруға Алашымның партиясын

Белсеніп Шәкәрімде үлес қосты

 

Шәкәрім боз баланың төресі еді,

Бекініп бір жұмысқа бел шешеді.

Түрік, қазақ тарихын жазбақ болып,

Ағасы Абайменен кеңеседі.

 

 

 

Бір іске мойның бекем бұрылғасын

Көңілің басқа жаққа бұрылмасын,-

Деп Абай ақыл берді кітап жиып,

Оқиды «Тибри», Тарих ғұламасын

 

«Құдатқу білік», «Ойғыр туралысын»

Іздейді көп кітаптар құрал үшін.

Шәкәрім жатпай-тұрмай көп оқиды,

Әр елдің тарих жайлы құнарлысын.

 

Болыстық Шәкәрімге емес кәсіп,

Қалғандай бір қара тас жолын басып.

Қарадай қиянатқа шыдамайды,

Беретін ел арасын адал ашып.

 

Келмейді оңайлықпен білім-ғылым,

Тастайды алты ай істеп болыстығын.

Оқы деп Абай ақыл бергеннен соң,

Үйренді Нұрпейістен орыс тілін.

 

Нұрпейіс көзі ашық білімді еді,

Сүйетін ғылымға көп үңілгенді.

Шәкәрім зеректігі арқасында,

Қиналмай үйренді орыс тілін де енді.

 

Ашылып жаңа бір жол алдан тағы,

Тілінен басқа елдің үлгі алады.

Өлеңін Крыловтың, Пушкиннің,

Толстойдың повестерін аударады.

 

Шәкәрім көп оқыған ғалым-ақын,

Жүрегі Толстоймен болды жақын.

Хат алысып тұрады пікірлесіп,

Болғанда сөзі дәру, ақылы алтын.

 

Бастаған толтыруға жаңа еңбекті,

Жолында сенім мықты, көңіл күпті.

Күзінде 1906 жыл,

Шәкәрім Стамболға сапар шекті.

 

Көздеген білімдіге бұл бір орын,

Ақтарды он үш күндей тарих қорын.

Еліне Үнді, Мекке барып қайтты,

Ұстанып мұсылманда қажы жолын.

 

Шәкәрімнің ұстазы Абай еді,

Өлеңімен суарған талай елді.

Шақырып жын ұрғандай шабыт келсе,

Астына ат ойнатып салар ерді.

 

 

 

Отырар қара атқа салмақтанып,

Шешеді жыр додасын аулақ барып.

Осындай Шәкәрімде бір мінез бар,

Аулынан жыр жазады аулақ барып.

 

Жыр жазса шабыттанып кетер әр күн,

Білетін үйдегілер мұның мәнін.

Қысында 1907 жыл,

Дастаны келді өмірге «Ләйлі-Мәжнүн».

 

Көшкенде қыстау барып ел қонысқа,

Жауабы бұл ақынның болды нұсқа.

Қасында кітап, қағаз, қаламы бар,

Шәкәрім қалып қойды «Кең қоныста».

 

Осылай өмір өтіп бара жатты,

Шәкәрім жаз жайлауда дара жатты.

Туыспен қыс қыстауда табысатын,

Жылына бір көретін ауыл жақты.

 

Қатталып жазбалары күннен-күнге,

Ауылдан қол үзетін кейде мүлде.

Қазақтың «Еңлік Кебек», «Қобыландысын»

Келтірді қайта жазып өлең түрге.

 

Жіберді газеттерге көшірмесін,

Жазбаса, өзіне – мін, еліне – сын.

Кітабын аяқтайды Қырғыз, Түрік,

«Қазақтың һәм хандардың шежіресін».

 

Жұртына Шәкәрімнің көңілі ақты,

Әр істі әділ шешіп жұртқа жақты.

Күзінде 1928

Елде көп өзгерістер болып жатты. 

 

Заманы бас алатын белсендінің,

Оқ сөзбен орға жығар кеселдіні.

Түскенде талай сынға қиналмастан,

Бар еді тауып айтар шешендігі.

 

Сыйлайтын алыс-жақын, туыс-жұрат,

Алатын кінәліні батыл сынап.

Елінде үлкен-кіші қиналғанда,

Баратын Шәкәрімнен ақыл сұрап.

 

Шәкәрім қыстау жатты жинап дерек,

Бұйыртса, өміріне өлмес дерек.

Елінде болып жатты осы сәтте,

Бай, шонжар, ақсүйекті кәмпескелеп.

 

 

 

Жүргенде бар мен жоққа ел алданып,

Біреу ренжіп, біреулер қуанды анық.

Байлардың жерін алып, малын алып,

Жібермек алыс жаққа жер аударып.

 

Келгенде бірін білмей, бірін біліп,

Алаңсыз дерек жинап, білім қуып.

Кінәсіз Шәкәрімді бай-қажы деп,

Жіберді кәмпескеге іліндіріп.

 

Болыс-болыс жиналыс ашып жатты,

Кей байлар малын айдап қашып жатты.

Болғанда әр жиналыс халқы жақтап,

Таппады Шәкәрімге дәлел нақты.

 

Халқына болмаған соң еш алалы,

Айтпаса әділдігін кеш қалады.

Жиынға үшінші рет жиналғанда,

Ауылда бір ақсақал сөз алады.

 

Жасайсың біреуге әділ, біреуге қас,

Аласың біруден мал, біреуден бас.

Біз айтсақ Шәкәрімнің жазығы жоқ,

Кінәсі бай ұрпағы болғаны рас.

 

Шәкәрім – Құнанбайдың немересі,

Шығарған жеке отау қып бөлек енші.

Керемет асып-тасқан байлығы жоқ,

Өкіметтің онда бар неменесі?

 

Дейсіңдер Шәкәрім де болыс болды,

Айырып білмеген соң оң мен солды.

Білгені жастайынан білім қуып,

Елінен жеке дара қоныс қонды.

 

Шәкәрім қызықпайды байлығыңа,

Өзің айт білсең егер жайды мына.

Ауылында кедей-кепшік әділ алған,

Тиетін киім-кешек, шайлығын да.

 

Болмайды әділ істі аттағаның,

Шәкәрім ел-жұртының мақтағаны.

Келмейді біреу қарсы, бастық жолдас,

Дұрысы аққа күйе жақпағаның.

 

Сөзімді текке айтармын елемесең,

Билігің қолыңда тұр берем десең.

Жиында үшінші күн ел қостайды,

Жұрт айтсын осы айтқаным бекер дессем.

 

 

 

Отырсың жоғарыда билік құрып,

Адалды ел қостайды құлдық ұрып.

Дегенде ақсақалдың сөзін қостап,

Орнынан отырғандар кетті тұрып.

 

Отырған басшы, қосшы қаны қанды,

Шаруаның ақ-қарасы анықталды.

Осылай көзкөргендер куә болып,

Бұл істен Шәкәрімді алып қалды.

 

Кешпейді бұра заман қаталықты,

Дүрбелеңге салдырып қара жұртты.

Жылдан соң Алматыдан мөр басылған,

Шәкәрім Исаевтан хат алыпты.

 

Жіберген Рұсқұлов мөрін басып,

Оқыды Исаевтың хатын ашып.

Көтерген қам көңілді бұл да демеу,

Қалады бірер уақыт көңілі тасып.

 

Күтпеген мұндай шаруа ақын әлі,

Туыстар елеңдесіп жатыр бәрі.

Хатында тарих зерттеу архивіне,

Жұмысқа келіңіз деп шақырады.

 

Алған соң келген хаттың жөнін біліп,

Отырды туыс-жақын елі біліп.

Қартайып орта жастан асқанымда,

Қалайша барам,- деді жерді қиып.

 

Ойланып келген хатқа жауып жазды,

Берілген хатындағы жауабы аз-ды.

Мендегі қалды дейсің қанша ғұмыр,

Осында өткізем деп қалған жасты.

 

Ұлына жөнін айтты астарламай,

Өмір өтті жақсы-жаман бастан талай.

Әкеңнің жазылмаған шаруасы көп,

Кетеді кең қонысты тастап қалай.

 

Баласы әкесіне жөн демеді,

Болады Шәкәрімнің өз дегені.

Жазу деп өмірбақи елден аулақ,

Иесіз кең қоныста өлмек пе енді.

 

Кең қоныс Шәкәрімнің бір ұясы,

Келтірген талай дастан, жыр ұясы.

Айнала арша тал мен жасыл дала,

Жаз шықса мың құбылар қырдың басы.

 

 

 

Кең қоныс шатқалы көп қырдың басы,

Мал менен жанға жайлы қыс пен жазы.

Қарамай , Тазқызыл мен Тектұрмастай,

Жекелеу Шыңғыстаудың бұл бір басы.

 

Аулақта жатқан жайлы бұл бір аймақ,

Кетеді жаз шыққанда гүлі жайнап.

Ұшқан құс, жүгірген аң мұнда да бар,

Жататын ақ бұлақтан суы қайнап.

 

Қаражал, Қызылжар мен Ділдәбасы,

Бұшантай, Қарақойтас жатыр қарсы.

Ауасы жанға қуат, емге дауа,

Бұлар да Шыңғыстаудың бір арнасы.

 

Қоржын там, жалғыз құдық, қара ат серік,

Маңайын қоршау жапқан талдан өріп.

Кішкене үй толған іші кітап, қағаз,

Отырар қаламына қанат беріп.

 

Шәкәрім жыр сақтайды, жан сақтамай,

Іс өтті бұл басынан жаңсақ талай.

Тарихы кең қоныс пен қоржын тамда,

Кетеді мұның бәрін тастап қалай.

 

Ақынсыз кең қоныста таң атпайды,

Ақынсыз ұясынан күн батпайды.

Төсінде жүгірген аң елегізіп,

Ақынсыз ұясына құс жатпайды.

 

Ақынға жұлдызды ай мен түн де ғашық,

Жайқалып бүрін ашқан гүл де ғашық.

Тау, қырат таң бозынан басын иіп,

Жатады ақынымен амандасып.

 

Қалады көрінбесе жер де жүдеп,

Іздейді сай-саласын жел де гулеп.

Құлазып, сәні кетіп сайын дала,

Қалады бәрі-бәрі жетімсіреп.

 

Осылай кең далаға билік құрып,

Жол іздеп, білім қуған бұл бір мұңлық.

Кеш бата оқыс шыққан мылтық даусы,

Жіберді тау мен тасты дүрліктіріп.

 

Білмеді еш нәрсені әлі ұғып,

Барады Шәкәрімнің әлі құрып.

Соңғы рет мылтық даусы саңқ еткенде,

Селк етті бүкіл әлем жаңғырып.

 

 

 

Кеткендей бір жойқын күш сеңді бұзып,

Ажалы екі оқпен келді де ұшып.

Қимылсыз бүкіл әлем тоқтап қалды,

Құлады ақын жүрек жерді құшып.

 

Аспанда құс жылады, аң да, жер де,

Хабарын айта алмайды-ау барған елге.

Жазғанын қарақшылар өртеп кетіп,

Осылай «ерлік» қылды қара пенде.

 

Денесін құр құдыққа лақтырды,

Көрмеді адам емес тулақ құрлы.

Куә боп кең қоныс пен айлы, жұлдыз,

Тау-қырат күңіреніп жылап тұрды.

 

Шыңғыстау бұғып басын үнсіз қалды,

Төсінен жел еседі бір ызғарлы.

Куә боп құдық пен үй арасында,

Сүйреткен қан жоса боп бір із қалды.

 

Аяусыз осындай бір қатаң тәртіп,

Кеткендей Шыңғыстауды аластырып.

Марқұмға ел жауы деп айдар тақты,

Өлтірген Хамитов пен Қарасартов.

 

Денесін Шәкәрімнің қыр жақтағы,

Құр құдық көлеңкелеп құндақтады.

Сенімсіз, әділі жоқ заңнан қорқып,

Келуге кең қонысқа ел батпады.

 

Аяусыз қилы заман бұралаңы.

Кінәсіз сөзге тартып сұрағанды

Көре алмай әке жүзін кенже қызы,

Гүлдардың жоқтау айтып жылағаны.

 

                 (Үзінді)

«Сіз кеттіңіз,  қалдық біз,

Жаттыңыз барып хабарсыз.

Сарқыншақ кенжем Гүлдарым,

Бір көрер ме едім дейтінсіз.

 

Сарғая күттім келер деп,

Насихат айтып берер деп.

Қоштасып кешу алысып,

Ойлаушы ем үйде өлер деп.

 

Қабырға жайлап салынбай,

Бетің жөндеп жабылмай.

Сүйегің қалды құдықта.

Әлі де жатыр алынбай.

 

 

Ойымнан кетпес арманым,

Жерленбей қолдан қалғанын.

Кеш, әке, нәзік әлсізбін,

Сондықтан алмай қалғаным.

 

Қамықтым жаным қиылмай,

Басыңа елің жиылмай.

Арманда қалды, әкем-ау,

Топырақ елден бұйырмай».

 

            *  * *

 

Баласы Шәкәрімнің Ахат деген,

Түрмеде отыр еді нақақпенен.

Орынсыз салық салып мал мен жанға,

Уағында төлемеген атақпенен.

 

Көргені түрме болды ес білгенде,

Жылады әке өлімін естігенде.

Әділсіз заман мынау ойпыл-тойпыл,

Есіріп ес қалмады естілерде.

 

Өзегі өртенеді өкініштен,

Жазықсыз өзі болса отыр іспен.

Айырмас ақ-қарасын заман мынау,

Өтетін жеңіспенен жеңілістен.

 

Кең Қоныс, құр құдықпен қорадағы,

Қасында әкесінің болады әлі.

Араға жылдар салып Ахат ұлы,

Еліне аман-есен оралады.

 

Оралып туыстардан жөн сұрады,

Болмады ел ішінде көп тұрағы.

Сүйегін әкесінің әкелмекке,

Ұлы Ахат Бақанасқа бет бұрады.

 

Кең Қоныс өзгермеген баяғыдай,

Құр құдық ол да жатыр баяғыдай.

Тұрғандай қарсы алдында әке күліп,

Дейтіндей: оралдыңда ба, қарағым-ай?

 

Көргенде құр құдықты көңілі жасып,

Жылады төмпешікке  мауқын басып.

Бұл күні іс бастауға асықпады,

Тазартты тас пен шөптен бетін аршып.

 

Ертемен төмпешікке күрек салды,

Қатты жер, епке келмей білек талды.

Бүлдіріп сүйектерін алам ба деп,

Қасына ертпеп еді өзге жанды.

Өткенде екінші күн және қазды,

Отырып топыраққа белін жазды,

Сүйегін әкесінің алғаннон соң,

Ойымен құдыққа арнап өлең жазды.

 

Бұл құдық әкесінің панасы еді,

Көрместей алыстайды-ау арасы енді.

Аялап Кеңқонысты жататұғын,

Сағынып іздейді ғой даласы енді.

 

Шілденің аяқ кезі бесін анық,

Ауданда тосып отыр қанша халық.

Қоштасып Кеңқоныспен жолға шықты,

Сүйекті сулығына орап алып.

 

Жүрегі жас Ахаттың алып ұшып,

Басқандай әкесімен сағынышын.

Ауылда тосып алды туыс-жақын,

Жылады қуаныштан халқы құшып.

 

Жиналды қанша халық өңірдегі,

Тарқады күпті ойлар көңілдегі.

Зиратын Шәкәрімнің аулақтатпай,

Абайдың дәл қасынан орын берді.

 

Өткізіп жетісінде қырқын бөлек,

Көрсетті басшы-қосшы үлкен көмек.

Сеніңіз айтқанымның бәрі де рас,

Бұл тарих ұлы Ахаттан қалған дерек.

 

Қарт ұстаз Шәкәрімнің ұлы – Ахат,

Көз жұмды сексен төртте меңдеп сырқат.

Мен жаздым естелігін өлең қылып,

Білсін деп Шәкәрімді кейінгі ұрпақ.

Қазақ тілінде жазылған