Адам қарады: 156 | Жарияланды: 2017-05-11 02:14:04

Ана жүрегі

Тәуелсіз Қазақстандағы халықтар ынтымақтастығына арналады

Кейіпкерлер:

1.Бихан ана

2.Аят

3.Саадат

4.Нағима

5.Дидар.

6.Гүлназ

7.Махмуд

8.Садық

9. Ауыл әкімі

 

 Сахнада ауыл әкімі мен Саадат отыр. Сырттан Аяттың «Немене бастықтарың мені шақырып орден бергелі жатыр ма?» деген дауысы естіледі. Артынша өзі де көрінеді.

Бастық: Ассалаумағалейкум Айеке, төрлетіңіз.

Аят: Төрге шығып жайғасып отыратындай қонаққа келіп пе едім. Айтатын шаруаны тезірек айтыңыздар. Жігіттер тосып отыр. Жаңадан алдырған техниканың жайрап жатқаны анау... Біреуінің не орыс, не қазақ тіліндегі инструкциясы жоқ. Ағылшын ба, қытай ма итім білсін бір тілде жазылған, алғанда қарап алсаңдар қайтеді...

Ауыл әкімі:  Жұмысты қоя тұршы. Сәл аптығыңды бас. Ту-у! Осы екпіндеп кететінің-ай сенің. Сені мүлде басқа шаруа бойынша шақырған едім. Мына кісі... (Аятқа қарап) Айтпақшы жүрегің қалай еді өзіңнің?

Аят: Е, жүрегіме не бопты? Жүрегім бұқаның жүрегіндей. Тарсылдап соғып тұр Құдайға шүкір. Оны неге сұрадың? Тыныштық па?..

Ауыл әкімі:  Мына кісі саған келіп отыр. Аты-жөні Саадат.

Аят: (Саадатқа қарап) Сәлеметсіз бе. Маған ба?

Саадат: Иә! Аят! Бауырым! (Саадат бірдеңе айтпақшы болып Аятқа жақындай беріп жылап жібереді).

Аят: Мұныңыз не!? Сізге не болған? (Бастыққа қарап) Сендер менен бірнәрсе жасырып тұрған жоқсыздар ма? Жаманат хабар болмаса еді! Дидарым аман ба?

Нағима мен Дидар кіреді.

Дидар: Мен мұндамын, аманмын әке.

Аят: Қызым-ау сен Алматыда емес пе едің? Нағима сен қайдан жүрсің?

Нағима: Аят, сен сабыр етші. Дидар маған бәрін түсіндіріп айтты.

Аят: (Дидарға қарап) Не күйеуге шықпақшымысың? Әлі ерте емес пе?

Дидар: Әке тыңдаңызшы енді.

Ауыл әкімі:  Жүрегіңнің ақауы жоқ па еді Аят?

Аят: Өй сендерді жын соққан ба шеттеріңнен түге! Айттым ғой жаңа бұқаның жүрегіндей деп. Не болды айтсаңдаршы енді.

Ауыл әкімі:  Айтсақ, мәселе былай Аят. Мына кісінің аты-жөні Саадат екен...

Аят: Оны айттың ғой.

Ауыл әкімі:  Иә, оны айтқан екенмін ғой...Бұл кісі сонау Қытай елінен арнайы келіпті... Сол жердегі Қарамай деген қалада тұрады екен.(Саадатқа қарап) Ар жағын өзіңіз айтыңызшы. Біртүрлі тамағым құрғап...

Саадат: Аят!..Аятжан! Бауырым!

Нағима: Аят мынау Саадат сенің туған әпкең.

Аят: Қайдағы әпке? Қытай несі? Менің бауырларым түгел осында. Ешқандай туысқаным жоқ қытайда.

Дидар: Сіздің туған әпкеңіз осы кісі. Туған анаңыз Қытайда тұрады. Есімі—Бихан. Кәзір жасы сексен жетіде. Сізді елу төрт жыл бойы жоғалтып, енді тауып отыр.

Аят: Естерің дұрыс па сендердің! Жоғалтып алатын мен затпын ба? Менің әке-шешем қайтыс болып кеткен. Осы жерге жерледік емес пе бүкіл ел боп жылап еңіреп. (Бастыққа қарап) Рас қой. Енді қайдағы анамды айтып тұрсыңдар?

Саадат: Айтып тұрғаныңның бәрі де рас Аят. Бірақ нағыз ақиқат мынау; сенің нағыз анаң, яғни туған анаң Қытайда. Тағдырдың жазғаны шығар, осы күнге дейін оны сен білген жоқсың. Сондықтан да бұған таңғалуың орынды. Сенің орныңда кім болса да сөйтер еді.

Мына Дидар мен Гүлназдың арқасында елу төрт жыл бойы іздеген адамымызды тауып отырмыз.

Аят: Ол кім еді? Әлгі Гүлназды айтам. (Дидарға) Рас па қызым?

Дидар: Рас әке. Гүлназ, менің құрбым. Саадат апайдың қызы.

Аят: Түк түсінсем бұйырмасын. Былай, анықтап айтшы. Сен не Қытайға барып па едің?

Дидар: Жоқ. Ол Қытайдан келген қыз. Бір курста оқимыз.

Аят: Сонда қалай? Түсіндіріп, анықтап айтшы өзі.

Дидар: Бір күні сабаққа дайындалып отырғам. Гүлназ маған тесіле қарап отыр екен. Оның маған ұзақ қадалып қарайтынын бұрын да байқайтынмын...

Жатақхана. Дидар сабағына дайындалып отыр. Гүлназ Дидарға қырынан қараған күйі таңырқап отырып қалады. Мұны байқаған Дидар басын көтеріп Гүлназға қарайды.

Дидар: Саған не болған Гүлназ? Неге бұлай қарайсың?

Гүлназ: Сенен бірнәрсе сұрасам бола ма Дидар?

Дидар: Ал, сұра.

Гүлназ: Анау тамағыңдағы меңіңді жақынырақ көрсем бола ма?

Дидар: Мынау ма? Е, кәдімгі мең ғой. Көре ғой. Өзің қызық екенсің. Онда тұрған не бар?

Гүлназ: Ой Құдайым-ай! Мұндай да ұқсастық болады екен-ау!

Дидар: Түсінбедім Гүлназ?

Гүлназ: Сен бар ғой Дидар менің нағашы әжеме қатты ұқсайсың. Күлгенің де, мұңайғаның да бәрі-бәрі аумайды. Ал, бүгін қарап отырсам тіпті тамағыңдағы меңіңе дейін бірдей екен.

Дидар: Адамға адам ұқсай береді ғой.

Гүлназ: Жоқ, ол ерекше кісі. Өзі елге өте сыйлы. Екі рет Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтқан.Оның да себебі бар. Қытайда көп балалы болуға шектеу қойылған сұмдық жылдары бір баласын  осы жаққа беріп жіберген екен. Содан бері тыным таппай іздесе де ешбір дерегін ала алмапты. Сөйтіп жүргенде Қытай мен СССР-дың арасындағы шекара жабылып қалған. Содан амалы таусылып тағдырына мойынсұнған көрінеді. Өзі бұл күнде әбден қартайды, тіпті екі көзі де көрмей қалған. Бірақ, ұлын табам деген үмітін әлі де үзбейді. Өткенде осы жаққа жүргелі жатқанымда қазақстаннан менің ұлымды іздей жүрші дейді. Қызық. Мынау Алматының көшесіне шықсам адасып кете жаздайтын жазған басым, оның  ұлын мына байтақ мемлекеттің қай түкпірінен іздемекпін. Адам қартайғанда бір бала деген осы шығар. Барғанда әжемнің ең бірінші менен сұрайтыны да осы боларын сезем. Тіпті не деп айтарымды білмей қысылатын шығармын.

Дидар: Ұлының аты кім екен? Дегенмен іздеу салып көрсек қайтеді. Бәлкім, бір дерегі шығып қалар. Кәзір мүмкіндік жетеді ғой. Тіпті болмаса «Қазақстан» арнасындағы «Бармысың бауырым» деген хабарға хат жазайық.

Гүлназ: Ой Дидар жақсы болар еді. Ол кісі өте қасиетті, ізгі жанды, мейірбан адам. Қуанышқа кенелтіп, ақ батасын алсақ сауап болар еді.

Дидар: Ендеше «Қазақстан» арнасына хат жазудан бастайық. Сонымен  ұлының аты кім дедің?

Гүлназ: Ұмытпасам ол кісінің ұлының аты «Аят» (Дидар атып түрегеледі). Не болды? Саған не болды Дидар?

Дидар: Менің әкемнің аты да Аят. Бірақ оның әке-шешесі бар болатын. Олар кәзір қайтыс болған.

Гүлназ: Мүмкін әжемнің іздегені сенің әкең шығар. Әке-шешесінің аттары кім еді?

Дидар: Әкесінің аты Қожа...Қожа Ақтеміров, анасының аты Орынбүбі Қалиева.

Гүлназ: (Дидарды құшақтап) Яғни әкеңнің аты-жөні Аят Ақтеміров қой? Дәл осылай деп айтып барармын. Сен екеуміз түбінде туысқан боп шығып жүрмейік.

Қытай. Қарамайлы елді мекеніндегі Бихан ананың пәтері. Бихан ана, Саадат.

Бихан ана: Құлыным, үйдің дәмін сағынған-ақ шығар. Неге кешігіп жатыр? Бұрынғы кезім болса алдынан шығып қарсы алар едім. Аяқтан, көзден қалып отырған отырысым мынау.

Саадат: Келеді ғой апа, жаңа телефон соққан, қалаға кірдік деп. (Бихан ананың қобалжып отырған түріне қарап) Бойжеткен қыз ғой,  және шет жерде оқып жатқан жалғыз сіздің немереңіз емес, қобалжи бермесеңізші.

Бихан ана: Әй, Саадатжан-ай! Сендерге олай деу оңай ғой... Өмірінде ең қымбатты адамдарынан қапияда көз жазып қалған бейбақтың ойына әр нәрсе келгіш. Не болса соны ойлап түні бойы кірпігім ілінбей қойды. Әйтеуір жақсылыққа болса екен, біраздан бері жүрегім алып ұшып лүпілдеп, елегізіп отыратын болдым.

Есіктің қоңырауы соғылады. Саадат есікті ашады. Қол жүгін көтеріп Гүлназ кіреді. Анасымен асығыс амандаса салып әжесіне тұра ұмтылады.

Гүлназ: Әже!

Бихан ана: Келе ғой, қоңыр қозым! (Құшақтары ажырамай біраз отырысады).

Саадат: Ту-у! Әбден сағынысып қалыпсыңдар ғой өзі.

Бихан ана: Е сағынбай. Өмір бойы  аяғым бір жетпей қойған  ел емес пе ол. Сол елде жүрген, Аятжаныма деген елу жылғы сағынышым емес пе бұл.

Саадат: Апа, тағы да бастадыңыз ба? Тағы да ауырып қаласыз ғой. Жыламаңызшы енді.

Гүлназ: Апа, жыламаңызшы. Сізге бір қызық айтайын ба? Жатақханада менімен бірге тұратын Дидар дейтін құрбымның әкесінің аты да Аят екен.

Бихан ана аңырып Гүлназдың бетіне қарап, жауап күтеді.

Саадат: Аят деген есім көп емес пе, соның бірі де.

Гүлназ: Жоқ. Бір қызығы сол Дидар бар ғой сізден аумайды әже. Тіпті мына меңіңізге дейін.

Бихан ана: Не дейді!? Әке-шешесі кім екен? Қазақстанның қай жағында тұрады екен? Құлыным! Тірілей жоғалтып алған құлыным болғай. Бәсе, менің мына қырық жамау қарт жүрегім алдамаса керек. Жаратқан ием өлерімде бір қуантайын деген шығар.

Саадат: Сабыр етіңізші апа. Сізге не болды? (Гүлназға) Сен де... Мұндай нәрсені абайлап айтсаң қайтеді. 

Бихан ана: (қолымен қарманып)  Жо-жоқ айт Гүлназ, айт енді, әке-шешесінің аттары кім екен?

Гүлназ айтсам ба, айтпасам ба дегендей кідіріп қалады.

Бихан ана: Сұрамадың ба, құлыным-ау!? Елу жыл бойы аңыраған әжеңнің жанын шырылдатып қойғаның ба? Түгел біле келсең қайтер еді жарығым-ау!

Гүлназ: Ұмытпасам...өз аты Аят, тегі Ақтемір,  әкесінің аты Қожа

Бихан ана: Қожа! Анасы...анасы кім?

Гүлназ: Орын...Орынбүбі...

Бихан ана: Сол! Сол! Алла! Мың мәртебе тәубе Жасаған! Бердің бе тілегімді! Аятым...Менің Аятым табылды! Енді маңдайынан бір иіскеп өлсем арманым жоқ.

Алғашқы сахнаға қайтып ораламыз. Аят аңырып отырып қалған.  

Аят: Сонда сіз менің туған әпкемсіз бе?

Саадат: Солай сияқты бауырым.(Аятты құшақтап сүйеді. Аят әлі де сенер-сенбесін білмей есеңгіреп тұр. Нағима құшақтасаңшы деп ымдайды).

Аят: Ол кісі...Менің анам... біле ме бұл жағдайды?

Саадат: Біледі. Өткенде мына Дидармен қатар оқитын қызым Гүлназ айтып келген. Сексен жеті жастағы жүруден қалып, көзі көрмей қалған қарт адамға оңай соққан жоқ бұл қуаныш. Есеңгіреп барып есін жиды. Содан бір сәт дамыл бермей, «барып қайттың» астына алды.   

Аят: Шынында да естен тандыратын жаңалық екен. (Бастыққа қарап) Бәсе мынау «жүрегің қалай еді?» деп қайта-қайта сұрайды.

Саадат: Сақтанғаны ғой. Рахмет оған. Мен де анық-қанығына біржола көз жеткізіп алайын деп арнайы келдім.

Аят: Иә айтпақшы мынау жердің түбі Аягөзге қалай келдіңіз? Қалай іздеп таптыңыз дегенім ғой.

Саадат: Гүлназ екеуміз Дидарға телефон соқтық. Сөйтіп анықтап алдық. Алматыға келген соң Дидар күтіп алды. Ар жағы белгілі ғой.

Аят: (Дидарды маңдайынан сүйіп) Алтыным сол!

Саадат: Шынында да әжесінен аумай қалған екен. Анамыздың жас кезіндегі суретін көрген адам Дидарды сөзсіз сол екен дер еді.

Нағима: Ал енді не тұрыс. Жүріңіздер үйге барайық.

Саадат: Егер мүмкіндік болса мен тездетіп қайтып кетсем. Мына жаңалықты анама, ол жақтағы бауырларыма  жеткізгенше шыдай алар емеспін.

Ауыл әкімі:  Жоқ, ол болмайды. Сонша жерден іздеп келіп, жарты ғасырдан соң бауырлар табысып жатқанда ел болып тойлауымыз керек бұл жаңалықты.

Саадат: Ол жағына әуре болмай-ақ қойыңыздар. Барлық той әлі алда.

Дидар: Егер де біздің үйге сіз бармасаңыз, біз де қытайға бармаймыз.

Нағима: Қой қызым! Ол не дегенің? Қонаққа солай айтуға бола ма екен? Ренжітесің ғой.

Аят: Қап, мына қызды-ай!

Дидар: Өйткені қазақтың салты солай.

Саадат: Болды, болды Дидар. Барамын жаным. Сен отты қыз екенсің. Не айтсаң да орындаймын.

Ауыл әкімі:  Е, енді дұрыс болды.

Аят: Не боп кетті өзі? Сонда қайтыс болған әкем мен анам бұл туралы маған неге айтпаған? Неге жасырып келген? Неге?

Қытай. Қарамайлы қаласы. Көп қабатты зәулім үйдің алдында біраз адамдар жиналып әлдекімді күтіп тұр. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан автомобильдердің үні естіледі. Махмудтың  ұялы телефоны шырылдайды.

Махмуд: Ало... Саадат, қалайсыңдар? Келді ме? Таксиде келе жатсыңдар ма? (Махмуд телефонын өшіріп жанындағыларға) Келіпті. Жақындап қалдық дейді.

Келіп тоқтаған жеңіл көліктің үні естіледі. Саадат бастап, Аят, Нағима, Дидарлар сахнаға шығады.

Махмуд: Амансың ба Аят!

 Аят: Амансыздар ма? (Саадатқа) Ол кісінің өзі қайда?

Махмуд:  Бүгін келетініңді ол кісіге айтқан жоқпыз. Бүкіл ағайындар жиналып ақырындап сездірсек деп отырмыз. Өткенде, мені дәл бүгін Қазақстанға апарыңдар деп есімізді шығарды емес пе? Жүруден қалғалы біраз болды ғой. Жаңа  бірнәрсені сезгендей далаға шықпақшы да болды. Қас қылғанда лифт жұмыс істемей қалыпты. Жақын маңда бір жөндеу жұмысы жүріп жатқан көрінеді.

Саадат: Сонда алтыншы қабатқа жаяу көтерілеміз бе?

Аят: Жарайды, ондайға үйренгенбіз. Қарт адамды көп күттіргеніміз жарамас. Тезірек барайық.

Осы кезде «Аят! Ұлым! Құлыным!» деген Бихан ананың жан даусы естіледі.  Таяғына сүйенген күйі, қолымен ауаны қармап, келе жатқан өзі де көрінеді.

Махмуд:  Апа, қалай түстіңіз? Мұныңыз қалай?

Дихан ана: Аят! Қайдасың құлыным? Мен Аяттың үнін естідім ғой жаңа. Қайдасың Аят?

Аят: Мен мұндамын апа!

Аят жүгіріп кеп Бихан ананы құшақтайды. Бихан ана мен Аяттың мына жағдайы тұрғандардың да жүрегін елжіретіп жібергендей.

Бихан ана: Келдің бе құлыным? Жеткіздің бе Жаратқан? Рас па көрсеткенің Жасаған ием-ау! Сағындырдың ғой сорлы анаңды құлыным-ау!

Аят: Апатай, бүгін, дәл бүгін келгенді жөн көрдім. Айтшы апатай бүгін қандай күн? Туған анам екенің рас болса айтшы бүгін қандай күн?

Бихан ана: Өлсем ұмытамын ба бұл күнді ботам...Осыдан дәл елу төрт жыл бұрын таңғы сағат тоғызда сен дүниеге келгенсің.

Аят: Анашым! Асыл анашым! Енді еш күмәнім қалмады. Сенің ұлың екенмін. Сенсің менің туған анам!

Бихан ананың пәтері. Қонақтардың қолында альбом.  Махмуд  Аятқа, Нағима, Дидарларға түсіндіріп отыр.

Саадат: Жүре алмаймын деп бізді алдап жүрген екенсіз ғой апа.

Махмуд:  Айтпа деймін. Көзім де көрмейді деуші еді. Аяттың келе жатқанын қалай сезіп қойдыңыз?  Алтыншы қабаттан өзіңіздің зымырап түскеніңізге сенер-сенбесімді білмедім. Бұл не құдірет!?

Саадат: Лифтінің жұмыс істемей қалғаны да тоқтата алмапты апамды.

Бихан ана мәз. Кетіп қалатындай Аяттың қолынан ұстап алған қайта-қайта сүйіп қояды. Бір мезет Дидардың маңдайынан иіскейді.

Бихан ана: Мұны өз басынан өткерген адам ғана біледі. Тек сендерге де, ешбір адам баласына да оны тілемеймін қарақтарым. Екі рет  Меккеге барғанда Алладан жылап-еңіреп сұрағанығы мақсатым «Қажы» атану емес,  қасиетті «Қағбаны» құшақтап тұрып ұлыммен қауыштыра гөр Жасаған!—деп Аллаға жалбарыну еді. Алла тілегіңе жеткізген күні ауру-сырқау дегеннің өзі безіп кетеді екен.

Махмуд:  Енді сағыныштарыңыз басылған шығар. Аят сендерге қаланы аралатып көрсетсек деген жоспарымыз бар еді.

Дидар: Мен де сіздермен барам.

Саадат: Әрине барасыңдар Дидар. Мына Гүлназ екеуіңнің арқаң емес пе осы қуанышқа жеткеніміз.

Бихан ана: Қайда? Қайда барасыңдар? Үйде бола берсеңдерші құлындарым-ау.

Саадат: Апатайым, үйде сарылып отыра беріп іші пысады ғой. Онсыз да міне үшінші күн тырп етпей жаныңызда отырды ғой. Оның үстіне елге ала баратын базарлық қарау керек дегендей...

Бихан ана аз уақыт үнсіз қалады.

Бихан ана: Ә, ол да дұрыс екен. Барсаңдар барып қайтыңдар қарақтарым. Тек байқап жүрші Аятжан. Қанша дегенмен басқа қала, көрмеген жерің, Саадат,  Махмуд тезірек қайтыңдар.

Табысқан туыстар шығып кетеді. Бихан ана үйде жалғыз. Көзін жұмып жымиып отыр. Ақырын күбірлеп «Тәубе, тәубе Жасаған ием!» дейді. Кенет сипалап барып Аяттың шешіп қалдырып кеткен костюмін алады да есікке ұмтыла береді де тоқтайды.

Бихан ана: Тоңа қоймас күн жылы ғой. Тер қатып ауырып қалар, қайта қалдырып кеткені де дұрыс болған екен Құлынымның.

Костюмды орнына қоймақ болады да. Тұмсығына жақындатып иіскейді. Сосын бетіне басады.  Үйге қайта айналып кірген  Нағима мына көрініске қарап сәл тұрып қалады.

Бихан ана: Мың мәртебе шүкір Жаратқан ием! Ризамын! Бүгін алсаң да ризамын Жаратқан!

Нағима: Апа. Мен сіздің жаныңызда бола тұрғым келді. Әлі талай келеміз ғой. Кейін-ақ аралармын қаланы.

Бихан ана: Алтыным! Аятыма лайық екенсің ғой. Келін болса сендей-ақ болсын. Айналайын!

Нағима: Егер де сізге ауыр болмаса болған жайды түгел өз аузыңыздан естігім келген еді апа. Өз перзентіңізден қалай айырылып қалып жүрсіз?

Бихан ана: Бұл оқиға 1958 жылы болған еді. Ол кезде күйеуім Садық екеуміз Майтаудағы мұнай өңдеу заводында қызмет ететінбіз. Ел қатарлы күнімізді көріп жаттық. Үбірлі-шүбірлі болып үш бірдей қызымыз дүниеге келді. Адал еңбегіміздің арқасында сол зауыттың салдырған баспанасына да қолымыз жеткен. Ендігі арманымыз бір ұлымыз болса екен деп тілейтінбіз. 1956 жылдан бастап Қытай елінде бала тууға шектеу қойылды деген хабар шықты.  Алғашында сенер-сенбесімізді білмей жүрдік. Құдай-ау бар тіршілік иесі ұрпағы үшін өмір сүреді емес пе?  Үкіметтің мұнысы несі? Әлдекімдердің шығарған қауесеті шығар дестік. Сөйтіп жүргенде осы Аятыма екіқабат болдым. Кеудемізге шексіз шаттық сыйлаған Аятымның алғашқы үні мен үкіметтің зәрлі хабары ресми түрде бірге жарияланды ғой сорымызға.

         Перзентхана бөлмесі. Жаңа ғана босанған Бихан ана бөбегімен мәз болып отыр. Ақ халат киген екі дәрігер кіреді. Біреуі ер адам, біреуі әйел.

Әйел медбике: Емізіп болсаңыз сәбиді алып кетейін.

Бихан ана: Жарайды.

Медбике сәбиді алып шығып кетеді. Ер адам орындықты алып Бихан анаға қарама-қарсы отырады.

Ер дәрігер: Көңіл-күйіңіз қалай?

Бихан ана: Шүкір! Жақсымын. Сәбиімнің денсаулығы қалай?

Ер дәрігер: Жақсы. Барлық мүшесі аман-сау. Бірақ...

Бихан ана: Не бірақ?

Ер дәрігер: Ауыр болса да естіртуге тиістімін. Өйткені бұл үкімет жарлығы; Өзіңіз білесіз Қытай Халық Республикасының Заңы бойынша бала санын шектеу жөнінде қаулы қабылданған болатын. Сол қаулының пәрмені мен Заңға енгізілген өзгеріс талабы бойынша сіздерде үш баладан артық бала болмауы тиіс. Яғни мына бала артық.

Бихан ана: Артығы қалай? Қалайша!? Ол менің балам ғой. Не, тартып аласыңдар ма? Өйтуге қақыларыңыз жоқ. Беріңіздер баламды.

Ер дәрігер: Сабыр етіңіз. Аласыз балаңызды. Мен сізді түсінем. Оңай емес әрине. Бірақ, сіз де түсінуге тиіссіз. Қайта ұлттық азшылдықты ескеріп моңғол, ұйғыр, дүнген секілді ұлт өкілдеріне екі,тіпті үш балаға дейін  рұқсат етілген. Ал қытай ұлтына, жергілікті ұлт иесі қытай халқының өзіне бір отбасында бір баладан артық бала  болмауы керек делінген. Түсінесіз бе? Бір бала. Сондықтан сіздердің ренжитін жөндеріңіз жоқ. Үш бірдей перзенттеріңіз бер. Рас қой?

Бихан ана: Бірақ, мынауым ұл ғой.

Ер дәрігер: Бола берсін. Бұған дейін туылған үш перзентіңіз бар. Жоқ әлде бұрынғы балаларыңыздың біреуін басқа жаққа жіберіп осы баланы қалдырасыз ба? 

Бихан ана басын шайқайды.

Ер дәрігер: Әне көрдіңіз бе? Олар өсіп қалды, бауыр басып кеттіңіз. Ал, мына бала әлі сәби. Тез ұмытылады.

Бихан ана: Жоқ бермеймін! Ешқайсысын да бермеймін! Бермеймін!

Медбике кіреді.

Ер дәрігер:  Ол өз еркіңіз. Ондай жағдайда үлкен көлемде айыппұл төлеп отыруларыңызға тура келеді.  Жұмыстан да тұрғын үйден де айырылуларыңыз әбден мүмкін.  Ханзудың құрығымен ойнауға болмайды. Ал, жарайды. Менің кетуім керек. Дәл бүгін сәбилі болып қуанып жатқан аналарға осы бір жексұрын хабарды жеткізу маған тапсырылды. Айып етпеңіз.

Бихан ана: Тоқтаңызшы дәрігер! Аяңызшы. Сізде мендей анадан туылдыңыз ғой. Айырмаңыздаршы мені сәбиімнен. Тоқтаңызшы. Тыңдаңызшы.

Ер дәрігер: Егер де менің қолымда болса...

Ер дәрігер ауыр күрсініп шығып кетеді.

Медбике: Сабыр етіңіз. Сізге күйзелуге болмайды. Қан кетіп, жағдайыңыздың нашарлап қалуы мүмкін.

Бихан ана: Қарғыс атсын! Қарғыс атсын бүйткен үкіметті.  Құрып кетсін мұндай заңдары!

Бихан ана аласұрып жатып талықсып кетеді. Дәрігерлер әбігерге түсіп жүр. Сәлден соң тыныштық орнайды.

Бихан ана: (ыңырсып) Бермеймін. Бермеймін құлынымды. Хақыларың жоқ!

Есіктен халат жамылған Садық кіреді.

Садық: Бихан! Қалайсың?

Бихан ана: Естідің бе?  Сен естідің бе мына сұмдықты.  Үш қыздан соң көрген ұлымыз.., өз құрсағымнан шыққан перзентім артық екен мына қоғамға.  

Садық:  Тыныш! Тыныштал Бихан. Сабырлы бол.

Бихан ана: Қайдағы сабыр? Сабырлы бол дейді ғой маған. Баламнан ажыратқалы жатса қол қусырып қарап отыруымыз керек пе!?

Садық:  Басқа не келеді қолымыздан. Қытай үкіметінің заңына қарсы шықсаң қос қолыңды төбеңе артып қаңғытып жіберуден тайынбайды. Заңмен ойнауға болмайды.

Бихан ана: Не деп отырсың Садық? Сонда өз перзентіңді өзіңнен аластауға келіскенің бе сенің!? Ер-азамат емес пе едің?

Садық:  Есіңді жи Бихан! Мен бүкіл жағдайды жоспарлап келіп отырмын. Бұдан басқа амалымыз жоқ біздің. Заң талабын орындамағандардың жұмыстан қысқартылып, тіпті жұмысынан қуылатыны жөнінде ескерту жасалды. Тіпті кейбіреулер осы жағдайға ұшырап та жатыр. Шиеттей бала-шағамен көшеде қаңғып қалудың қандай екенін білесің ғой. Сен түсінші мені Дихан.

Бихан ана: Түсінбеймін! Түсінгім де келмейді. Кет! Көзіме көрінбе Садық.

Садық: Тыңда Бихан! Бұл баладан мәңгі айрылғалы отырған жоқпыз. Мына қиын уақыттан шыққанша бөлек тұра тұрамыз. Алыста жүрсе де аман жүрсін әйтеуір. Заман тынышталған соң қайтып аламыз. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Мен тірі болсам перзентімді өзгенің қолында  қалдырмаймын. Қайтсем де алып қайтам. Ол қолымнан келмесе мені тірі деп есептемей-ақ қой Бихан!

Бихан ана: Сонда не істемек ойың бар?

Садық:  Қазақ көршілеріміз Қожа мен Орынбүбіні білесің ғой. Солар бүгін Қазақстанға көшуге рұқсат алыпты. Бір-екі күнде көшіп кеткелі жатыр. Өзің білесің ғой, қанша жыл күтсе де сәби көрмеген бейбақтар. Солар мына баланы Қазақстанға алып кетейік деп отыр.

Бихан ана: Не айтып отырсың? Туған баламды басқа адамдарға, басқа жерге қалай беріп жіберемін. Ең болмаса осындағы дос-жарандарға қалдырудың жолын қарастырайықшы!

Садық:  Оны мен ойламады ғой деймісің? Кім бар? Айтшы кәне. Кімің бар? Дәл біздің басымыздағы жағдаймен бәрі де  тығырыққа тіреліп отырған жоқ па!?  Баланы ырыс деп білген бейбақтардың қайсысы біліпті бұлай боларын? Артық балаларын қайда жасырарын білмей жанұшырып жүрген жоқ па бәрі.

Бихан ана: Мүмкін ел болып қарсы көтерілсе үкімет райынан қайтар.

Садық:  Өзін-өзі аямай отырған қытай үкіметі өзгені аяр деймісің. Аузынан жалын шашқан айдаһар бүкіл елді бір-ақ күнде жусатып салмай ма? Тез арада шешім қабылдамасақ кешігеміз Бихан.  Зарығып көрген ұлымнан тірілей айырылу маған оңай деймісің!?   Алыста болса да аман болсын! Кеудемде жаным болса тауып әкелемін. Сен маған сенші Бихан. (Күйеуі еңкілдеп жылап жібереді).

Бихан ана есінен айырылған адамдай отырып қалады. Сахна жартылай қараңғыланады. Екі жақтан шыққан ерлі зайыптылар көрінеді. Бір ананың қолында құндақтаулы сәби. Олар жақындап келеді. Екінші әйел сәбиді қолына алмақ болады. Сәбиді ұстап тұрған Бихан ана амалсыз сәбиін береді.

Бихан ана: Қош құлыным! Амалым жоқ қайтейін. Қайда жүрсең де аман бол! Тірі жүрсек іздеп табармыз бір-бірімізді.

Есімін «Аят» деп қойыңдар. Өтінемін «Аят» деп атаңдар ұлымды. Сол атымен іздеп табармын.

Сахнада Бихан ана мен Нағима.

Бихан ана: Сөйтіп ұйғырдың отбасын қуанышқа бөлеймін деп келген сәби ата-анасын қайғыға батырып, бір-ақ күнде қазақ еліне кете барды.

Нағима: Сонда сіздер ұйғыр боласыздар ма?

Бихан ана: Иә, құлыным біз ұйғыр деген ұлттан боламыз.

Нағима: Бәсе салт-дәстүрлеріңізде кәдімгідей өзгешелік бар екен. Ал, Аят мұны қалай қабылдар екен.

Бихан ана: Онда тұрған ештеңе жоқ құлыным. Қазақ, ұйғыр деп бөлініп жүретініміз жайшылықта. Ал, адамның басына күн туғанда ұлттан ұлттың айырмашылығы жоқ, бәрі де бір атаның баласындай. Егер сенсең, қатты қиналған күндерде Аятымның өзге  емес қазақ арасына кеткенін көңіліме жұбаныш еттім.

Нағима: Неге апа?

Бихан ана: Өйткені, «Қазақ» деген ел жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, арып-ашып келген мүсәпірге ысырылып орын берген, қонағына аузындағысын бөліп ұсынған бауырмал халық. Сол халықтың ортасында жүрсе аман боларын мына жүрегі құрғыр сезді. Соны медеу тұтты.

Нағима: Осы уақытқа дейін Аятты іздеп баруға не кедергі болды?

Бихан ана: Іздеп баруға қаншама ниет етсек те тағдыр жолымызды кесе берді. Қандай күнәм үшін,не жазығым үшін бұлай еттің деп Жаратқанға сұрақ қойып жылаумен жүрсемде ертеңгі күннен үміт бар еді. Оның үстіне, босана салып мынадай оқиғаға душар болған соң денсаулығым күрт төмендеп кетті. Тіпті бұрынғы жұмысымды атқаруымның өзі мұң болды. Ол кезде екі елдің арасы жаймашуақ, достықта еді ғой. (Осы арада экран арқылы қытай әншілерінің орындауында «Катюша» немесе «Подмосковые вечера» әні беріледі, немесе Қытай мен СССР достық қатынаста болған кезеңнен кинокадрлер берілсе дұрыс болар еді)  Тек аман болсын, бүгін болмаса ертең барармыз деп жүріп  арада он екі жыл уақытты өткізіп алдық. Алда не күтіп тұрғанын қайдан білейік!?. 1969 жылы Уссури деген өзендегі «Даман» аралына таласып қалып Қытай мен СССР арасында үлкен дау шықты. Ақыр аяғында екі мемлекеттің арасындағы шекара тарс жабылды. Екі жақтың адамдарының бір-біріне қарым-қатынасы мүлде тоқталды. Қожа мен Орынбүбіге ұлымның амандығын сұрап жазған хаттарымның біреуіне де жауап ала алмадық.

Құдай-ау біреудің жеріне, біреудің еліне адамдар неге көзін сатады. Ел мен елдің арасына іріткі салып адамдардың бейбіт, ынтымақта өмір сүруіне кедергі жасайтын жексұрындар қалайша жер басып жүреді екен— деп көрер таңды көз ілмей атырған түндерім қаншама!?

Нағима: Ал, күйеуіңіз қайда?

Бихан ана: Менің ертелі-кеш еңіреген зарыма шыдай алмай, шекарадан жасырын өтіп, қайтсем де перзентімді іздеп табамын деп тәуекел етсе керек. Онысын маған айтпапты да. Сөйтіп жүріп қолға түсіпті. Ар жаққа өтпек болғандарға ешқандай аяушылық жоқ сұм жылдар еді ғой. Содан кейін көре алмадық. Қай жерде қалғанын да біле алмадық. Іздеу салып, жоғарғы жаққа бармақ болып едік «сатқынның отбасы» атанып өздерің де құрисыңдар деп жанашыр ағайын тоқтау салып, жібермеді.

Сөйтіп баладан бір айрылсам, күйеуден екі айырылып жығылған үстіне жұдырық жеп зарлап қалдым мен бейбақ. Бірақ, тәубемнен жаңылмадым. Алда бір жарық күннің барына сенімімді жоғалтпадым. Тірілердің жасаған зұлымдығы үшін бір Жаратқаннан кешірім сұрап, соның ғана жақсылығынан үмітімді үзбедім.

Мына менің.., бұл күнде жасы тоқсанды алқымдаған ананың адамдарға айтар ақ тілегі мынау;  Жемсауына жұмыр жерді тықса да тоймайтұғын жемірлердің кесірінен тыныш жатқан елдердің арасы бүлінбесе екен! Тіршілікке бақыт пен шаттық үшін келген адамзат баласы тек ынтымақпен, бірлікте өмір сүрсе екен. Ешқашан да!...Жер бетіндегі ешбір ана жары мен перзентінен тірідей айырылмаса екен! Елу төрт жыл бойы менің көрген азабым мен жүрегімді өртеген күйікті ешбір ананың басына бермесе екен Жаратқан!

Пекин аэропорты. Аят, Нағима, Дидар үшеуін шығарып салып тұрған Бихан ана бастаған туыстар.

Диктор үні: Пекин қаласынан Астанаға ұшатын «Эйр Астана»  ұшағына жолаушыларды отырғызу басталды. Құрмметті жолаушылар қол жүктеріңізді тапсырып, билеттеріңізді рәсімдеулеріңізді өтінеміз. (Бұл хабарландыру алғаш қытай тілінде оқылғаны дұрыс).

Саадат: Ал, қанша қимасақ та қоштасатын уақыт келді.

Аят: Иә, әлі талай келерміз. Анашым, сізді бұл өмірде тағдыр аз жылатпапты. Ертерек кездессек арман не? Бірақ, өтінерім, енді жыламаңыз. Алыс та болсам жаныңыздамын. Қолым қалт етіп босай қалса келіп тұрамын.

Жаныңызда қалғым-ақ келеді. Бірақ, тәуелсіздік алып, егеменді ел атанып, еңсе көтеріп келе жатқан еліме, мені аялап өсірген қазақ еліне қызмет етуді парызым деп білем.

Бихан ана: Әрине құлыным. Сені туған менмін. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ тағдыр маған сенің тәй-тәй басқаныңды көруді, алғашқы былдырлап сөйлегеніңді естуді, балалық ерке қылығыңды тамашалауды жазбады. Оның есесіне жарты ғасыр етегімді жасқа толтырып барып аман-есен көруді нәсіп етті. Сол үшін бірінші Аллаға, екінші Қазақ еліне мен шексіз қарыздармын. Қаншама жандардың басындағы қара тұманды сейілткен Тәуелсіздігі мәңгілік болсын қазақ елінің. Ұлы түркі ұрпағынан тараған ажырамасс бауырым емес пе қазақ елі. Осыдан елу төрт жыл бұрын тапсырған аманатымды есен-сау қайтарған сол бауырларға тілейтінім тек жақсылық.  Жер бетіндегі барлық адамның, барлық ананың ақ тілегі бейбітшілік пен ынтымақ. Сол қасиетті тілекті ту етіп көтерген ердің ері—Нұрсұлтан балама осы тілегімді жеткіз. Қазақ елінің алар асуы әлі алда. Сол елдің өркендеуіне менің ұлымның үлес қосып жүргені мен үшін мақтаныш. Өзіңді қиын күнде аман сақтап қалған сол елге опалы бол, абыройлы бол құлыным!

Аят, Нағима, Дидар үшеуі көрермендердің арасына сіңіп барады. Сахнада қалғандар қол бұлғап қоштасып тұр. Ұшақтың шуылдап қозғалғаны, сосын әуеге көтерілген үні естіледі.

Бихан ана: (Күбірлеп алға шыға береді). Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар құлындарым!

 Шымылдық.

 

Қазақ тілінде жазылған