Қазақша ашылып сайрау
Екі актілі, алты көріністі комедия
Негізгі кейіпкерлер:
Көмекбай – шаруа, жасы 44-45-терде
Рысты – Көмекбайдың әйелі, жасы 42-43-терде
Зибаш – дүкенші келіншек, 35-тер шамасында
Ермек – Көмекбайдың көршісі, 45-46-лар шамасында
Әлайдар – Көмекбайдың мектепте бірге оқыған сыныптасы
Жанайдар – Әлайдардың төртінші сыныпта оқитын ұлы
Учаскелік полиция инспекторы – жасы 32-33-терде
Бірінші акт
№ 1 көрініс
Түс қайтқан мезгіл. Жұмыстан оралған Көмекбай адымдай басып, өзінің ауыл шетіндегі арзан қам кірпіштен салынған, ескілеу, шатырын күн едәуір жеп тастаған шиферлармен жабылған үйіне келіп кіреді. Дәліздің табалдырығынан аттай бергенде ол есік алдында тұрған шоқ самаурынның кернейіне сүрініп кетіп, құлап қала жаздайды. Керней Көмекбайдың екпінімен қаңғыр етіп, есік пен төрдей жерге домалап түседі. Дәліздің бүгіндікке жиналмағаны көрініп тұр: екі-үш үлкенді-кішілі пластмасса леген, су тасуға арналған сырты кірқожалақ темір фляға, осы үйдегі жандардың сыртқа киетін аяқкиімдері еденде қалай болса, солай шашылып жатыр. Бұл көрініс онсыз да іші алай-түлей болып, сіркесі су көтермей келе жатқан Көмекбайдың одан сайын жынын қоздырады.
Көмекбай. Мыналарды неге жинамаған-әй?! Әрдайымғылары осы, жау тигендей жайрайды да жатады бұл үйдің іші.Ырысты-Ырысты! Ырысты деймін!..
Көмекбай аяқкиімдерін дәлізге қалдырып, үйдің ішіне енеді. Төргі бөлмеден бет-жүзі сәл-пәл ісіңкі тартып, басындағы гүлді жібек орамалы желкесіне қарай әнтек қисайып кеткен Көмекбайдың Құдай қосқан қосағы Ырыстының басы қылтияды.
Рысты. Не боп қалды?
Көмекбай. Қайда жүрсің?
Рысты. Қайда жүргені несі? Осы үйде де. Жаңа ғана қисая қойып ем, кішкене көзімнің шырымын алайын деп...
Көмекбай. Сенің-ақ әйтеуір ұйқың қанбайды. Дүниені топан су қаптап келе жатса да саған бәрібір, пырылдап ұйықтай бересің. Күн кеш болған жоқ па, тамақты қашан асасың, шайды қашан қоясың? Бері кел, сөйлесетін әңгіме бар.
Рысты. Айта берсеңші...
Көмекбай. Бері кел дедім ғой мен саған!..
Рысты. Ойбай, Құдай-ай, келіп тұрмыз ғой енді!..
Көмекбай. Көшеміз! Бүгіннен бастап жинал. Осы «Кеңтүпті» бар ғой... Желкемнің шұқыры көрсін енді!..
Рысты. Не деп тұр осы?! Мына қыстың көзі қырауда ма?..
Көмекбай. Қайдағы қыстың көзі қырауда, қайдағы қыстың көзі қырауда, а-а?! Осы сенің-ақ қысыңның көзі қыраулайды да тұрады екен! Бүгін бар болған қарашаның екісі!..
Рысты. Қарашаның екісі болса, көзді ашып жұмғанша күні ертең-ақ желтоқсаның келмей ме ысқырып. Енді қыс болмағанда несі қалды сонда?
Көмекбай дәл осы кезде қабырғадағы киімілгішке курткасын іліп жатып, әйеліне ерекше бір «мағыналы көздермен» тағы бір оқшырая қадалып өтеді.
Көмекбай. Осы әдетіңді қашан қояр екенсің сен?! Мен бірдеңе айтсам әйтеуір есебін тауып «әбизателні» қарсы шығудан өзге білерің жоқ. Осы үйдің еркегі кім өзі – мен бе, сен бе?
Рысты. Ойбай, сен ғой, сен! Аяқ астынан не боп қалды? Енді түсіндіріп айтсаңшы былай...
Пауза. Көмекбай сәл-пәл ентігін басып, төрдегі құрақ көрпенің үстіне барып, малдасын құрып, шоқиып отырады.
Көмекбай. Ашытпа көже бар ма?
Рысты шоландағы сырлы шелектен бір сапар кесе ашытпаны әкеп, күйеуіне ұсынады. Кесені ұсынып жатып Көмекбайдың бет-жүзін көзінің астымен тағы бір мұқият бажайлай шолып шығады.
Рысты. Ал сонымен?
Көмекбай. Сонымен болса әлгі Ниетәлі «сболышпен» біржолата ат құйрығын кесісіп келіп отырмын. Әнеукүнгі мен коорперативке өткізген 2 машина картоп пен 6 тонна асқабаққа, 3 машина қауын-қарбызға – бәріне 120 мың теңге беріп қарап тұр беті былш етпей!.. «Бары осы-ақ па, әлде...» десем, «Бары – осы, қалғаны транспорт шығынына, «перекупшиктерге», әлгі алыпсатарларға, салыққа, пәлен-пәштуанға кетті» дейді. Енді айтшы, өзің – кісіні тірідей тонау емей не осы?! Кеттім боқтап-боқтап! Құрысын бүйткен кооперативі де, серіктестігі де. Шығам бәрінен. Жалпы, бұл ауылдан қарамызды батырмасақ, бір күні аштан өлеміз. Кету керек. Түсіндің бе?
Рысты. Жоғарыдағы бастықтарға, әлгі кім еді... Әкімдерге шағымданам, арызданам демедің бе?
Көмекбай. Айтпады деймісің!.. «Қайда барсаң, онда бар, олардан зорларына бар!» дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайтынын білмейді деймісің о қу. Бәрін біліп отыр. Қысқасы, осымен сөз бітті – көшеміз!
Рысты. (Ернін сылп еткізіп). Қайда шырағым-ау?! Жиделібайсынға ма?
Көмекбай. Бас ауған жаққа!.. Бала-шағаға нан табатын бір кәсіп іздеп кету керек. Айтып тұрған жоқпын ба мен саған қазақтың жалпақ тілімен соқырға таяқ ұстатқандай түсінікті етіп, әйтпесе, бұл түрімізбен бір күні аштан өлеміз.
Рысты. Ол жақта бізге біреу жұмысын дайындап, тосып отыр ма екен сонда?
Көмекбай. Әй, осы сен үнемі маған неге осылайша қарсы шығасың, а-а?! Осы үйдің еркегі сен бе, жоқ, әлде мен бе?! Айтшы!..
Рысты. Жоғ-ау, енді өзің емес пе... Қыстың көзі қырауда жылы орнымызды суытып, шиеттей бес баланы шұбыртып қайда қаңғырмақпыз? О жаққа барғанда бізге дайын тұрған үй-жай, қора-қопсы, отын, тамақ-су қайда?.. Ниетәлімен келіспесең, шықсаң шық сол серіктестігінен. Жеке шаруа, әлгі не ет... иә, фермер бол қайтадан.
Көмекбай. Жеке шаруа, фермер боп та көрген жоқ па едік кезінде. Күнімізді көре алмаған соң кірмеп пе едік әлгі Ниетәлі иттің құрған серіктестігіне. Қайда барсаң да көретін күнің сол – тірідей тонау!.. Кетеміз ана «Майлыбасқа». Теміржолға жұмысқа кірем. Стансасының бастығы неміс көрінеді. Сол неміске барып паналамасақ, мына түйені түгімен жұтатын қазақтар бір күні мына бізді де жұтып қояды. Қазақтан сен ешқашан әділет таба алмайсың, білдің бе?!
Рысты. Теміржолда жұмыс бар ма екен? Өткенде Әлайдар: «Шойынжолда да қысқарту жүріп жатыр екен, біраз кісі жұмыссыз қалыпты» деп отыр еді ғой.
Көмекбай. (Арыны басылған жуастау үнмен міңгірлеп). Енді былай бірдеңе қылармыз...
Рысты. Қой, шырағым!.. Көшсең, өзің көше бер. Мен мына жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Ұшпаққа шығатын болсақ, «Екпіндіден» көшіп келдік қой осы «Кеңтүпке» осыдан жеті жыл бұрын. Сонда да «Ойбай, «Кеңтүпке» барамыз, туып-өскен жер, ағайынның ортасы, шаруашылықтары да дүркіреп тұр» деп, желпілдеп едің. Сонда да «Екпіндінің» бастықтарымен ұстасқансың осылай. Осы сен жайыңа қарап жүре алмайсың ба басқа жұрт секілді тып-тыныш.
Көмекбай. Мен олармен әдейі еріккеннен ұстасып жүр ме екем? Солардың өздері емес пе кісіге күн көрсетпей жүрген. Айтшы өзің, жүз жиырма мың теңге деген не мына қымбатшылық заманда. Сені мен менің екі айлық шайлығымыз. Ал жылдың қалған он айында немен күн көреміз?!
Рысты. Онда солармен, бастықтарыңмен, арпалыс та жүр осылай! Сөз бітті, точка, нүкте!.. Мен жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Көшу оңай дей ме екен? Жайына қарап жүрмей, үнемі осы істейтіні – басын бір дау-дамайға тығады да жүреді. Жүр ғой осы ауылдың сенен басқа адамдары әп-әдемі болып тып-тыныш.
Көмекбай. Сонда мына тап көз алдыңда жасалып жатқан әділетсіздіктерге, алаяқтықтарға, жемқорлыққа көзімізді жұмып жүре беруіміз керек пе бәріміздің? Адамшылық қайда, имандылық қайда? Әлде олардың бізге көк тиынға керегі жоқ па? Бүйте берсек, бұл ауыл бір күні сен айтқандай, әп-әдемі болып ішінен шіріп өледі. «Ауруын жасырған өледі» дегенді естуің бар шығар. Білдей онжылдықты бітірген сауатты адамсың ғой.
Рысты. Өлсе, өмірем қапсын. Сенің не шаруаң бар-ей онда? Айтшы!.. Ақыр аяғында енді жұрттың дұрыстап «спокойно» өлуіне де мұрша бермессің сен. Сен бе, сенен бәрі шығады! Қыршаңқы!..
Көмекбай. Мейлі, не десең, о де. Мен бәрібір шындықты айтпай тұра алмаймын. Өйткені мен айтпасам, солармен бірге мына біз де өлеміз іштей іріп-шіріп. Бүткіл қоғам іріп-шіріп, сасып кетеді.
Рысты. (Тұлданып). Сасыса, сасысын! Көппен көрген ұлы той.
Көмекбай. Бұл – құлдардың психологиясы. Ал құлдар мен құл иеленушілердің қоғамы әлдеқашан тарихтың бір қойнауында қалып қойған. Тіпті одан кейінгі феодализм дәуірінің де қарасы батқалы қашан. Ал, сені мен біз қай ғасырда өмір сүреміз, айтшы? XXI ғасырда! Дүние жүзіне демократия мен плюреализм кең қанат жайған гуманистік ғасырда!
Рысты. Әй, қойшы, сен осы «демократия-семократия» деп осы үйге апта сайын буат-буат болып келетін де жататын ана газет-журналдардан жаттап алған қияли сөздеріңмен адамның басын қатырмай! Осы газет-журналдар деген де бәле болып жабысты осы үйге! Ана Астана мен Алматыдағы еріккен журналистер қайдағыны қайдан тауып алып жазады да жатады. Шаршамайды екен өздері. Тамақтары тоқ, көйлектері көк болған соң, ерігеді ғой деймін. Тыныш жатқан елді дүрліктіріп!...
Рысты бірте-бірте өз позицияларынан айрыла бастағандықтан, үн-түнсіз қалған Көмекбайға төне түседі.
Рысты. Үсті-басы май сасыған мына тракторшыға – cаған – не керек, а, газет-журнал? Газет-журналды ана екі астанадағы – Оңтүстік пен Солтүстік астаналардағы – кім еді әлгі, жазушылар мен журналистер, академиктер мен сакадемиктер, ғалымдар оқысын! Олар сол үшін ақша алады үкіметтен. Ал саған не жоқ, ә?! Саған сол үшін ана жазушылар мен академиктерге төлегендей ақша төлеп жатыр ма біреулер?!
Айтқышын өзінің! «Пұлымберизм», «пұлымберизм» деп аузы жып-жып етеді ғой кісінің жынын келтіріп. О немеңнің мағынасы немене өзі? «Пұлымды бер», яғни, «ақшамды бер» деген сөз бе?
Көмекбай. Иә, сенің ойың тек сол ақша ғой. Ол қандай жолмен келіп жатыр – адал жолмен бе, арам жолмен бе – оған ешқашан басыңды қатырмайсың. Ал плюрализмге келетін болсақ, пікір алуандығы деген сөз ол. Былайша айтқанда, бастық Ниетәлінің айтқан сөзіне қара шаруа Көмекбай да, Рысты да өзінің қарсы уәжін айтуға хұқылы деген сөз. Әне, сонда ғана әлгіндей пікір алуандығынан қоғамда, мемлекетте шындық, әділет салтанат құрады.
Рысты. Атаңның басы! О заман да, бұ заман дүниеде қашан, қай қоғамда шындық пен әділет орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қалып еді осы, а-а?! Сен оқыған тарихты мен де оқығам мектепте. Әне, оныншы класты бітірді деген аттестатым жатыр ана көк сандықтың ішінде ешбір кәдеге жарамай. Сенің кесіріңнен!..
«Қарындас, қарындас!..» деп ізімнен қалмай қойған соң, мен байғұс жыланға арбалған торғайдай сенің ізіңе еріп жүре беріппін ғой ештеңенің байыбына бармастан. Әйтпесе, тым жақсы бір жігіттер болған сөз де салған, көз де салған. Әйел деген қыз кезінде ақымақ болады екен ғой.
Көмекбай. Солай ма?!
Рысты. Иә, дәп солай!..
Көмекбай. Кімдер олар саған әрі сөзін, әрі көзін салып жүрген?
Рысты. Оны не қыласың?
Көмекбай. Білейік те біз де. Қанша айтқанмен сенімен жиырма жыл бірге тұрып жатырмыз ғой.
Рысты. Қойш әрі, кісінің басын қатырмай!
Көмекбай. Айпақшы, сенің жаңағы «атаңның басы» дегенің не сөз? Енді мені қойып, аталарыма ауыз салайын дедің бе? Олардың қандай жазығы бар?
Рысты. «Прямой» жазығы бар.
Көмекбай. Ал...
Рысты. Ал болса, дұрыстап тыңда, ал дейді ғой маған! Егер олар ештеңені бүлдірмей, жайларына қарап жүргенде бар ғой, тап сен секілді газет оқығыш, телевизор көргіш қияли, мәжігүн біреу келмейтін еді мына күнәһар өмірге. Сонда менің де, мына үйдегі шиеттей бес баланың да милары қатпас еді бүгінгідей.
Көмекбай. Айтатыныңды айтып болдың ба?
Рысты. Айтып болсам не қылайын деп едің?
Көмекбай. Ендеше маған 700-800 теңге бере тұр.
Рысты. Оны не қылмақшысың?
Көмекбай. Ішім алай-түлей болып барады бүгінгі мына Ниетәлі екеуіңнің маған жасаған қорлықтарыңнан кейін. Дүкенге барып, бір бөтелкі алып, шер тарқату керек. Біреумен.
Рысты. Көк тиын жоқ менде. Осы үйге сенің ақша әкелмегеніңе неше ай болды? Міне, бақандай үш ай балалардың жәрдемақысымен ілдәлап отырмыз. Шертарқату дейді ғой маған!.. Сенің-ақ шерің тарқап болмайды екен осы! Сылтаумен ана дүкенші қатын Зибашпен кездесуге асығып бара жатсың ғой өліп!.. Мен егер үстеріңнен түссем бар ғой бір күні, екеуіңнің де шаштарыңды жұлып қолдарыңа берем! Көр де тұр жұртты көзінше масқараларыңды шығарам! Сосын халықтың бетіне қалай ұялмай қарар екенсіңдер?! Тек қор болғанда үстеріңнен түсе алмай жүрмін ғой мысым құрып.
Көмекбай. Түһ, сен қайдағыны айтып кеттің өзі?! Жұрттың өсегіне еріп қарадай бүлініп. Өллә-біллә, Зибаш екеуміздің арамызда ондай ештеңе болып көрген емес сенсең.
Рысты. Сенбеймін мен саған. Сенсең дейді ғой маған ещё періште секілденіп. Әнеукүні мен «Қызылқайраттағы» Жарықбас қайнағаның құдалығына кеткенде үйге қонбапсың? Қайда жүрдің сонда? Өй, түрің құрсын сенің, түрің, жабайы мысыққа ұқсаған!.. Көздерін қараш жабайы мысықтың көзіндей ежірейіп кеткен.
Көмекбай. Оны саған кім айтты?
Рысты. Кім айтты дейді бұл ещё ұялмай, ә?! Кім болса, сол айтты! Сенен басқа жұрттың көзі жоқ дейсің бе? Бар, бар ғашығыңа, шеріңді тарқат. Ақ балтырына басыңды қойып, жыла көзіңнің сорасын ағызып. Бүлдіргі!..
Көмекбай. Әй, мен шерімді қатындарға ақтармаймын, білдің бе?!
Рысты. Бар, бар, кімге ақтарсаң да. Тек түн ішінде мас болып келіп, мазамды алма. Ана балаларыңның алды жігіт, қыз болып қалды. Тым болмаса енді солардан ұялсаңшы.
Көмекбай енді Құдай қосқан қосағының соңғы айтқан сөздеріне не уәж қайтарарын білмей орнына атып тұрып, төрдің алдында сәл-пәл состиып тұрып қалады да, сонан соң бәріне қолын бір сілтеп, киілгіштегі курткасын алып, есікті сыртынан тарс жауып, шоланда жатқан бәтеңкесін сірісінен баса-маса аяғына сұға салған күйі ауыл орталығындағы азық-түлік дүкеніне қарай бет алады.
№ 2 көрініс
Көмекбай азық-түлік дүкеніне келіп кіреді. Прилавканың ар жағындағы ақ борықтай әдемі келіншек Зибаш оны ескі танысындай жылы қарсы алады. Зибаштың үстіндегі шатырдай ақ халат пен басындағы аппақ қардай телпек оны одан сайын ажарландырып тұр.
Көмекбай. (Прилавкаға жақындай беріп, солғындау үнмен). Сәлем...
Зибаш. (Көздері жылыұшырай күлімдеп). Сәлем-сәлем!.. Немене, ауырып қалғаннан саумысың? «Настроениең» нәскиіңе түсіп кетіпті ғой.
Көмекбай. Жо-жоқ... Жай. Кішкене басым ауырыңқырап.
Зибаш. Әлде кеше біреулермен ішіп қойып па едің?
Көмекбай. Жоқ, қайдағы...
Зибаш. (Көмекбайға жақындай түсіп, сүйріктей аппақ саусақтарымен оның бетін аялай сипап). Сақалың да өсіп кетіпті. Тікенек-тікенек... Қырынып жүрсеңші! А то біртүрлі шал секілді болып барасың.
Көмекбай. (Ептеп көңілденіп, дүкен витринасының ар жағындағы қабырғада ілулі тұрған үлкен шарайнаға қарап). Қырынамыз ғой. Шынында да, шал секілді болып барам ба?
Зибаш. Ойнап айтам. Сен жігіттің сұлтанысың ғой, Элвис Преслиге ұқсайсың. Әйтпесе Зибаштың анау-мынау еркекке көз салмайтыны белгілі емес пе.
Көмекбай. Дегенмен мен енді он-он бес жылдан кейін шынымен шал болам ғой, со кезде қарамай қойып жүрмеймісің?
Зибаш. Мен сені сақалың қудай ақсақал болсаң да, жақсы көріп өтем өмір бойы. Өйткені сен жақсысың, сенің жаның жайсаң. Онда сенің Рыстыңның мұрнына иісі де бармайтын, тек мына мен ғана түсінетін талай кереметтер бар.
Көмекбай. Рахмет, жаным. Сенің осы өмірде бар болғаның қандай жақсы. Әйтпесе...
Зибаш. Әйтпесе не?..
Көмекбай. Әйтпесе мына тіршілікте еш мән қалмай барады емес пе. Кейде тіпті өзіңнің не үшін өмір сүріп жүргеніңді де білмейсің. Әйтеуір үнемі бітіп болмайтын бір сылп-сылп жүріс, таусылмайтын шаруа...
Зибаш. Қойш, олай демеші. Тым болмаса мен үшін өмір сүрсеңші. Айтпақшы, бүгін түнде әйеліңнен жасырынып, кіріп шыға аласың ба маған шамалы уақытқа? Жеңісжан қазір каникулда ғой, бір жетіге папамдардікіне кеткен.
Көмекбай. Қайдам, бүгін соның реті қалай болатынын. Егер баратын болсам, күні бұрын «соткамен» звондаймын ғой.
Зибаш. Жарайт. Ал бұйымтайыңды айт енді.
Көмекбай. (Қипақтап). Қарызға бір бөтелкі ақ берші, сосын бір «пәшкі» сигарет.
Зибаш сөрелердің бәрінен бір шиша ақ арақ пен бір қорап темекі алып, оларды целлофан пакетке салады да, Көмекбайға ұсынады.
Зибаш. Тағы не керек? Ұялма, айта бер.
Көмекбай. Жоқ, осымен болды. Зибаш, рахмет саған. Жуырда кооперативтен ақшамды алам, сосын барлық қарыздарымда қайтарам ғой. Жарай ма?
Зибаш. Өй, қойш соны әңгіме қылмай. Жаным, менің бар тапқаным сенікі емес пе?
Көмекбай. (Зибаштың бетін аялай сүйіп). Рахмет.
Зибаш. Жақсы онда, көріскенше.
Көмекбай Зибашпен қоштасып, дүкеннің ауласына шығады. Дәл осы сәтте оның алдынан көршісі Ермек ұшырасады.
Көмекбай. Ассалаумағалейкүм, көрші!..
Ермек. Әликүмұссалам.
Көмекбай. «Жолы болатын жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, Ереке, жақсы кездестің. Мен тап қазір өзіңді іздеп бара жатыр едім.
Ермек. Жай ма?..
Көмекбай. (Кінәлі пішінмен желкесін қасып). Жай болғанда... Жай ғой енді. (Қолындағы пакетін нұсқап). Менде бір жарты бар еді. Соның былай... басына су құйып тастасақ қайтеді.
Ермек. (Күмілжіп) Су құйып деймісің?..
Көмекбай. Иә-иә!.. Кішкене шер тарқатысып дегендей...
Ермек. Шер тарқатысып дейсің, ә?.. Дұрыс қой, бірақ...
Көмекбай. Оның үстіне Құдайы көршіміз. Әңгімелеспегенімізге де көп болыпты өзі. Отырайық та кішкене оны мұны айтып. Өзбектерше айтқанда, «гәплешіп».
Ермек. Дұрыс қой, дегенмен соның бүгін реті келмейді-ау.
Көмекбай. Неге?!
Ермек. Кешке Жарбосынның үйі шақырып кеткен.
Көмекбай. Немене, туған күн бе?
Ермек. Жоқ, Алматыдан бір сыйлы қонақтар келіпті. Нағашылары көрінеді. Айтпақшы, сендерді шақырмады ма?
Көмекбай. Жоқ.
Ермек. Бұрын аяқ-табақтарың араласып тұратын секілді еді ғой дегенім ғой.
Көмекбай. Сағат нешеге шақырып еді?
Ермек. Жетіге.
Көмекбай. Ойбай-ау, оған дейін әлі бақандай екі сағат бар ғой. Біз бұның басына бір жарты сағатта-ақ су құйып бітіреміз, сәтін салса.
Ермек. (Басын шайқап) Жоқ, Көмеке, мені қинама. Сыйлы кісілердің үстіне арақ сасып, ішіп барған ыңғайсыз ғой. Және қазір жарты сағаттан кейін қаладан бір кампаньеондарым келмек. Олармен де кішкене әңгіме бар. Келісімшарт түзуіміз керек.
Көмекбай. (Ұнжұрғасы түсіп). Жақсы.
Ермек. (Маңғазданып) Жақсы, көрші, ренжіме.
Екеуі екі жаққа кетеді.
№ 3 көрініс
Шер тарқатысуға қасына серік іздеген Көмекбай Ермекпен қоштасқаннан кейін ауылдың келесі шетіндегі бір кездегі сыныптасы Әлайдардың үйінің ауласынан келіп шығады. Аулаға кірсе, Көмекбайдың мұның бесінші сыныптағы қызымен бірге оқитын борсаңбай сарысы Жанайдар бір жас қоразды жан таптырмай алай-бұлай қуалап жүреді. Көмекбай соларға қарап, қақпа алдында бірер минут селтиіп тұрып қалады. Ал борсаңбай сары бұның аулаға кіргенін байқамаған тәрізді, бейшара қоразға жан таптырар емес.
Көмекбай. (Жанайдарға) Әй, сәлем қайда?!
Бет-аузы моншадан жаңа ғана шыққандай қызара бөртіп, қара терге түскен сары сонда ғана бұған жалт қарап, қалт тұра қалады. Көздері ежірейіп, екі танауы делдиіп кеткен.
Жанайдар. Ассалаумағалейкүм!..
Көмекбай. Әликсалам... Әй, ана қораз байғұсты өлгенше қуып алаөкпе еттің ғой. Әкең Әлайдардың алынбай қалған ақысы бар ма онда?
Жанайдар. Жоқ.
Көмекбай. Онда неге соншама қуалайсың?
Жанайдар. Өзі ғой, тауықтарға тыныштық бермейт.
Көмекбай. Тауықтарға тыныштық бермесе, бір жұмысы бар шығар. Айтпақшы, сен осы менің Бақытгүліммен бірге оқиды емеспісің?
Жанайдар. Иә, бәріміз бесінші «А» сыныбын да оқимыз.
Көмекбай. Атың кім?
Жанайдар. Жанайдар.
Көмекбай. Імм...Жанайдар Әлайдаровпын де.
Жанайдар. Иә.
Көмекбай. Әкең үйде ме?
Жанайдар. Иә, үйде.
Көмекбай. Шақыр онда әкеңді. Көмекбай көкем келіп тұр де. Сен өзі мені танисың ба?
Жанайдар. Танимын ғой, сіз папамның сыныптас жолдасысыз.
Көмекбай. Жарайсың. Сен осы ана әкеңе қарағанда ақылдырақсың-ау деймін. Онда шақыр Әлайдарыңды, сыныптасың келіп тұр де.
Жанайдар. Үйге кіріп, өзіңіз сөйлеспейсіз бе?
Көмекбай. Жоқ, асығыспын.
Жанайдар. Онда қазір...
Жанайдар зып беріп, үйіне кіріп кетеді. Аздан соң жаңағы борсаңбай сарының үлкен түрі – Әлайдар шығады аулаға. Қарны алдына төңкерілген, орта бойлы, төртбақ жігіт ағасы алғашында жан-жағына алақтап, тұрып қалады – шамасы қақпа алдындағы нән қарағаштың тасасында қалған Көмекбайды әп дегенде байқамай қалған тәрізді.
Көмекбай ағаштың қалқасынан шығып, бері жүреді.
Көмекбай. Немене, тауық соқыр болып қалғанбысың?
Әлайдар. Өй, мұнда тұр екенсің ғой. Тауық соқырдан Құдай сақтасын. Біздің бәйбіше сені ішіп алғанда қараңғы сарайға қамап қоятын Рысты секілді мені ондай қапасқа қамап көрген емес. Ал тауық соқыр деген сондай қараңғыдан болатын ауру ғой.
Көмекбай. «Сәбәкі», мешін жылғыны ұмытпайсыңдар, ә?! Сонда да сендердің кесіріңнен ғой қамалып жүргенім.
Әлайдар. Иә, бала-шаға аман... Үйге кірмеймісің?
Көмекбай. Жоқ, асығыспын.
Әлайдар. Ал онда құлағым сенде.
Көмекбай. (Кінәлі пішінмен желкесін қасып). Бір жарты бар еді. Соны екеуміз былай...
Әлайдар. Нетіп тастасақ дейсің ғой.
Көмекбай. Иә, солай... нетіп тастасақ. Бір кішкене шер тарқатып дегендей...
Әлайдар. Дұрыс қой, бірақ...
Көмекбай. Кластас деген атымыз бар. Бір ауылда тұрып, көптен бері кездеспеппіз де.
Әлайдар. Жұмыс қой енді. Бала-шаға қамы, тіршілік дегендей.
Көмекбай. Бәріміздің де жұмысымыз, бала-шағамыз бар ғой. Сен енді бір сағат уақытыңды бөлші мен үшін бүгін. Айтатын әңгіме бар.
Әлайдар. Көмеке, мені қинама.
Көмекбай. Не боп қалды сонша?
Әлайдар. Қазір бір сағаттан соң Ниетәлі келеді. Ауданға апарып тастайтын бір машина картобы бар екен. Соған жүрмекшіміз.
Көмекбай. Онда үлгереміз ғой. (Қолындағы пакетті көрсетіп). Оған дейін мынаның басына су құйып тастайық.
Әлайдар. Көмеке, жындымысың?! Мен рульдемін, жол бойы толған «гаишниктер», мені «правадан» айрылсын дейсің бе бала-шағаны асырап отырған.
Көмекбай. Онда әлі Ниетәліңе «соткаңмен» «звонить» ете сал, ертең апарайық деп. Бір күн ерте, бір күн кеш – онда тұрған не бар? Бүгін екеуміз бір дұрыстап тұрып «бухать» етейік. Сүйт енді.
Әлайдар. Жо-жоқ, уәдені жұтуға болмайды. Оның үстіне Нәкең осы ауылдың білдей бір басшысы ғой, ұят емес емес пе.
Көмекбай. (Ашуланып) Өй, қойш, сол Ниетәлі итті әлдеқандай қылмай! Осы ауылды теспей сорып отырған обыр емес пе ол?! Соны білмейтін шығарсың. О несі тіпті, Нәкең, Нәкең деп қалыпты ғой.
Әлайдар. (Таңырқап) Әй, Көмеке, бүгін саған не болған?
Көмекбай. Маған ештеңе болған жоқ. Мен бұрынғы Көмекбаймын. Ал мына сендерге шынында да бірдеңе болған. Ал жақсы, жолың болсын, мен кеттім.
Көмекбай кетеді. Әлайдар оның артынан аң-таң болып, қарап қалады.
Екінші акт
№ 4 көрініс
Кешқұрым. Бір бөтелкіні өзімен бірге бөліп ішіп, шер тарқатысарға ауылдастарының арасынан жан баласын таба алмаған қапалы Көмекбай ақыры қайтадан өз үйінің ауласынан келіп шығады. Ол әуелі үйдегілерді мазаламау үшін аяғын ұшынан ғана басып, верандаға енеді, сонан соң дәліздің төрінде тұрған артық-ауыс ыдыс-аяқтар мен азық-түліктерді салуға арналған абажадай үлкен ағаш шкафтың ішінен қол фонарь, екі жүз елулік қырлы стакан мен бес-алты түйір тіске басар құрт алады да, оларды екі қабаттап газетке орап, тысқа шығады.
Содан кейін үйге қарама-қарсы тұрған сарайдың төбесіне сатымен өрмелеп көтеріліп, сарайдың үстіндегі жауын-шашын бола қалса, су үймелемесін деп, конус секілдендіріп шошайта үйілген маяның ығына келіп жайғасады. Астына қалың қылып шөп төсеп, пішеннің бір шетіне малдас құрып отырады. Өзінің алдына газетті асықпай дастархан секілді қылып жаяды, оның үстіне манадан бері курткасының ішкі қалтасында жүрген бір шыны арақты, жаңағы қырлы стакан мен бес-алты түйір құртты қойып, қол фонарьды жағады. Фонарьдың жарығы қараңғылықты жарып, айналасын әжептәуір сәулелендіріп жібереді. Сүйтіп бұл отырыс әлдебір жақын адамдардың табиғат аясында өткізетін романтикалық кештерін көзге елестеткендей әсер береді.
Көмекбай әуелі «енді не қылсам екен?» дегендей сәл-пәл ойланып отырады да, бір мезетте батыл түрде бөтелкенің қақпағын ашып, оның ішіндегі сұйықтықты қырлы стаканға мөлтілдетіп құя бастайды. Іле-шала көзін жұмып, қабағын тыржитып қойып, өндіршегі бүлк-бүлк етіп, ақ арақты қылқылдатып жұта бастайды. Сонан соң газеттің үстіндегі құрттардың біреуін өткір тістерімен кірш еткізіп, таңдайына басады да, екі-үш минуттай «кайф аулап» мәңгірген кісіше өзімен өзі үн-түнсіз отырады.
Көмекбай. (Сәлден кейін ептеп көңілденіп) «Сәбәкі!..» Осы иттің бір пәлесі бар-әй!.. Жанымның жай тауып, тыныштала қалғанын қараш!.. (Мырс-мырс күліп, басын шайқап). Әй, кейде өзімнің өстіп басымның істеп кететіні бар. Ойбай-ау, мен манадан бері әркімге бір «жүр, шер тарқатысайықшы аздап» деп жалынып, неменеге алтын басымды қор қылып жүрмін-ай осы?! Арағың болса, бір өзің-ақ шер тарқатуға болады екен ғой. Уһ-һ!..
Көмекбай қырлы стаканга арақты қайтадан құя бастайды. Бірақ бұл жолы жартылай. Сонан соң басына бір керемет көркем идея жарқ етіп сәтімен орала кеткендей орнынан қуана атып тұрып, сарайдың үстіндегі бұрыш-бұрыштан бірдеңелерді іздей бастайды. Сәлден соң іздегенін табады да. Бұл – бос бөтелкілер еді. Көмекбай олардың үшеуін «дастарханның» өзіне қарама-қарсы жағына қаздай тізіп қояды.
Көмекбай. Тамаша! (Екі алақанын бір-біріне ысқылап). Қараңыз да тұрыңыз, нағыз шер тарқату енді басталады!..
(Бөтелкелердің біріншісін сұқ саусағымен түртіп). Әй, сен Ниетәлі арам боласың!.. (Екінші бөтелкіге). Сен Ермек қусың. (Үшінші бөтелкіге) Ал сен былпық сарысың, яғни Әлайдарсың. Қазір сендер менің алдымда ашылып сайрайтын боласыңдар. Айтпақшы, сендер «ашылып сайрау» дегеннен хабардарсыңдар ма? «Жоқ» деймісіңдер? Әрине, үшеуің де, міне, «білмейміз» деп бастарыңды шайқап отырсыңдар. Өзім де солай ойлағам. Өзімнің бес саусағымдай білем ғой мен сендерді: үшеуің де өмірі газет-журнал, кітап дегендердің бетін ашып көрмеген қусыңдар. Адамзаттың ғасырлар бойы бал араларынша тірнектеп жинаған бүкіл ілім-білімінің сонда жатқанымен еш шаруаларың жоқ. Сондықтан бүткіл адал ниетті адам баласы осылайша ілім мен білім жинаса, сендердің жинайтындарың – қулық-сұмдық, алдау мен арбау, сол арқылы араммен болса да мал табу.
«Оның есесіне біз телевизор көреміз» деймісіңдер? Рас, таласпаймын, көресіңдер, бірақ одан сендердің тамашалайтындарың ана үйлеріңдегі бала-шағаларың қызықтайтын мультфильмдер мен үндінің жылауық кинолары ғой. Кешке қарай диванның үстінде соларға көз қиықтарыңды салып жатып, бір кезде қор ете түсесіңдер. Бітті. Одан соң таңертеңге дейін сендермен қоштаса берсе де болады: немісше айтқанда – «Ауф видер зейн!»
Неменеге көздерің бақырая қалды? «Мына Көмекбай немісшені қайдан үйреніп алған?» деп тұрмысыңдар? Үйренбей ше, мына көкелерің баяғыда Совет әскерінің қатарында Германия Демократиялық Республикасында аттай бір жарым жыл «служить» етті емес пе? Ал сендер болсаңдар біреуің бар болғаны мынау тұрған өзіміздің Сарышағанда, қалған екеуің Түрікменстанның Ташауызында «служить» еттіңдер. Сондықтан Германия, Европа дегендер сендердің өңдерің түгіл түстеріңе де кіріп шыққан жоқ. Жалпы, атам қазақ ондайларды «көргенсіздер» дейді. Мен сендерді олай демей-ақ қояйын. Дегенмен, бар ғой, әркімнің өмірде өз орындарын біліп жүргені артықтық етпейді.
(Көмекбай екі алақанын бір-біріне ысқылап, көздері жайнаңдап). Сонымен енді «ашылып сайрауды» бастаймыз. Айтпақшы, мұның мәнісін сен мәгәстерге аздап түсіндіре кетейін. Мао Цзе Дунның кезінде коммунистік Қытайда осындай саяси науқан болған. «Ашылып сайрау» деген. Оны Маоның жергілікті жерлердегі қолшоқпарлары хунбэйвиндер, яғни әсіре саяси белсенділер жүзеге асырған. Олар немен айналысқан дейсіңдер ғой?! Олар Қытайдың әлгі қып-қызыл коммунистік билігіне жақпаған жандардың бәрін кінәларының бар-жоқтығына қарамастан жаппай түрмеге жауып, олардан күндіз-түні жауап алған. Сол кезде әлгі байғұс тырнақшаның ішіндегі халық жаулары бұл өмірдегі істегендері бар, істемегені бар – барлық қылмыстарын мойындарына алып, және соларды дүйім жұрттың алдында жайып салып, жақсылап тұрып ашылып сайрайтын болған. Әлгі хунбэйвиндер осындайда кім де кім басқалардан гөрі көбірек ашылып сайраса, соларға аздап жібіген, сүйтіп олардың алатын жазасын ептеп жеңілдеткен.
Әрине, мен хунбэйвин емеспін. Сондықтан маған сендердің мына өмірде нақты жасаған қылмыстарыңды мойындарыңа алып, сайрағандарың да жеткілікті. Өйткені мен әділетті, шындықты сүйетін жанмын, сол себепті де сендер маған қытайларша ашылып сайрамай-ақ, кәдімгі қазақша ашылып сайрасаңдар да мархабат. Әрі мен оның үстіне мейірбан, қайырымды адам емеспін бе, сондықтан егер істеген күнәларыңды шын көңілден мойындап, кешірім сұрасаңдар, сендерді жазадан мүлде босатып жіберуім де ғажап емес. Түсінікті болды ма енді бәрі?..
Көмекбай. (Ниетәліге бұрылып). Әй, ит, қане, алдымен сен ашылып сайра! Өйткені осылардың ішіндегі ең арамы, ең жемқоры, қулығына сырық байламайтын ең сұңғыласы мына сенсің! Жалған деші осынымды?! Кәне, өтірік мүләйімсімей, басыңды көтер! Өй, түрің құрсын сенің түрің құрғыр, мыршай түлкі секілденген. Ал, сөйле, сайра!.. «Ұяттан өртеніп, аузыма сөз түспей тұр» деймісің? Аузыңа сөз түсетіндей сенде қай бір бет бар?! Сендегі анау екеуі бет емес, өліп қалған түйенің терісінен жасалған екі жапырақ көн ғой, көн!..
Егер шынымен де бет моншағың үзіліп тұрса, сенің бар иттігіңді өзім-ақ баяндап берейін онда. Мұқият тыңда! Мен ғой сен құрған серіктестікте ала жаздай тыным таппай еңбек еттім. Рас қой?! Рас. Өзімнің жаман тракторыммен жер жырттым, қауын ектім, картоп түптедім, шөп шаптым. Жарты гектарға отырғызған асқабағым тағы бар. Ал осылардың өтеуіне жиын-терін аяқталған кезде сенің маған төлемекші еңбекақың қанша болып отыр? Бар болғаны 120 мың!.. Доллар емес, теңге. Бес айғы мігірсіз еткен еңбектің құны бұл!..
Ал, қане, есептеп көрейікші. Картоптың келісі аудандағы базарда да, облыс орталығында да орта есеппен алғанда ең құрығында 50 теңге. Мен саған 5 тонна картопия өткізгенмін. Демек, бұл дегеніңіз бақандай 250 мың теңге.
Қауын-қарбыздың бағасы қай жерде де 40 теңгеден кем емес. Одан мен саған санап тұрып 12 тонна өткізіп бердім. Екі төртім – cегіз, бір төртім – төрт, барлығы – қырық сегіз. Оған төрт нөлді қос. Қанша болды? 480 мың болды.
Енді асқабаққа келейік. Оның келісі алпыстан. Мен саған оның 6 тоннасын өткізген болатынмын. Бұнымның бағасы 360 мың болады. Ал енді осылардың бәрін қосып есептейік. Мен оны баяғыда-ақ есептеп қойғам. Барлығы бір миллион тоқсан мың теңге болады.
Жарайт, артығымен-ақ санайықшы, осының тең жартысы салыққа, транспорт шығынына, алыпсатарларға, сенің ана тойымсыз құлқыныңа-ақ кетсін делік, соның өзінде маған кем дегенде бір бес жүз мыңы қалуы керек қой. Ал сенің маған бермекші болып отырғаның – бар болғаны 120 мың! Мұнымен мен келесі жазға дейін үйдегі шиеттей бес бала мен ана аюдай ақырып отырған қатынды қалай асыраймын? Өзім қалай жан бағам? Күнделікті ішетін тамақ бар, киім бар, темекінің пұлы бар, анда-санда осындай шер тарқатуға керек бөтелкең тағы бар. Мен де сен секілді адамын ғой. Сен ойладың ба осының бәрін?!.
Әрине, ойлаған жоқсың. Өйткені өз ұпайыңды бірнеше есе артығымен түгендеп алғансың. Одан өзгенің саған керегі қанша. Әй, нағыз қулығына құрық бойламайтын арамның өзісің ғой!.. Қайтем енді, қайтем?! Уһ!..
Көмекбай газеттің үстінде мөлдіреп тұрған стаканды қолына алып, баппен қылқылдатып жұта бастайды. Сонан кейін құрттың біреуін аузына салып, өткір тістерімен тағы да кірш еткізеді.
Енді саған келейік. (Көмекбай енді «Ермекті» тергеуге кіріседі). Сөйле, кәне! Сен де неғып бір ұртыңа су толтырып алғандай үнсіз қалғансың, әшейінде ауыздыға сөз бермейтін шешен едің ғой. Әлде сенің де ар-ұятың оянып, мысың құрып отыр ма? Әй, бірақ қайдам, сендерде қазір қайбір ар-ұят қалды дейсің. Достық, адамгершілік атаулыны мүлде ұмыттыңдар ғой, ертең соларды өздеріңмен бірге о дүниеге әкететіндей күні-түні ойлайтындарың дүние, ақша.
Әрі көршім, әрі туысқаным деп сені ішімнен әлдеқандай көруші едім. Сүйткен сен менімен бір шер тарқатысуға жарамадың ғой. Шерді шер, ойды ой қозғайды демекші, өзің білесің, осыдан аттай сегіз жыл бұрын мен «Екпіндіні» тастап, «ағайынның ортасы», «туып-өскен жер» деп, туыссырап, осы «Кеңтүпке» қайтып көшіп келдім. Онда сен осы ауылдағы май сасыған көп шопырдың бірі едің. Осыны өтірік деші! Дей алмайсың. Міне, енді даладағы темір-терсектерді жинап, ақша тауып, біраз қоңданып алдың. Осы ауылдың метал сынықтарын қабылдайтын агенті болдың. Соған мейманаң тасиын деген екен, ә?! «Кампанеоным» , «кампанеоным» деп қалыпты ғой айдаладағы біреулерді әлдеқандай қылып. Сол қаланың қулары сені ұшпаққа шығарса, көрермін. Жарайды, сенімен әңгіме қысқа, осымен доғарамын, сен секілді тоймойынға әңгіме айттың не, айтпадың не – бәрібір.
Көмекбай қалтасынан темекінің қорабын алып, асықпай, баппен бір тал шылым алып, тұтатады да, әлдебір ойлардың жетегіне еріп, сәл-пәл үнсіз қалады. Темекінің түтінінен сақина жасап, аздап фокус та жасап көреді.
Көмекбай. Баяғыда, мектеп бітірген жылы, кемпір-шалды жалғыз тастап кете алмай, журналист болам деген арманым әдіра болып, «сапқоздың» бір көкжөтел «Беларусь» тракторына өмірбақи таңылып, ауылда қалып қойдым мінекей. Әйтпегенде мен де ҚазГу-дың журфагын бітіріп алып, Алматыда ма, әлде Астанада ма курстас достарыммен шалқып жүрер едім-ау, шіркін! Басым істемейді ғой менің, істемейді. Сол кемпір-шал, әке-шешемді айтам, бәрібір мен мектеп бітіргеннен кейін біреуі он бес, екіншісі он жеті жыл өткен соң қайтыс болды марқұмдар. Оған дейін бір оқу емес, үш оқу бітіруге болатын. Бас істемесе, қайтесің! Енді жүр осылай әркімге бір жем болып. Не айтатыны бар, менен жап-жақсы журналист шығатыны сөзсіз еді. Оныншы класс оқып жүргенде менің аудандық газетте жарияланған очеркім жылдың ең үздік публицистикалық туындысы ретінде танылды емес пе?!
Жарайды, бұл әңгімені осымен доғарып, өзіміздің «қазақша ашылып сайрауымызға» қайта оралайық. (Көмекбай енді «Әлайдарға» шүйіледі). Әй, арамсары, ендігі кезек сенікі. Кәне, айт бәрін, ішіңдегінің түгін қалдырмай ақтар осы араға бұлбұлша сайрап. Тек шыныңды айт, сен мені алдай алмайсың, өтйкені он жыл бойы бір мектепте, бір класта оқыдық, сондықтан аттың сыры иесіне мәлім болса, сенің сырың маған мәлім. Так что, я тебя насквозь вижу! Давай-давай, докладывай! Я тебя очень внимательно слушаю.
Көмекбай манағы тістелген құрттың жартысын аузына салып, малжаңдайды.
Көмекбай. (Әлайдарға оқты көзін қадап). Немене-немене?! Аузыма сөз түспей отыр деймісің? Әй, сенде қайбір ауыз бар, ауыз деп отырғаның тістерінің жартысы парадонтоздан түсіп қалған опырайған апан секілді тесігің бе анау?! Сол ма ауыз-ауыз деп әлдеқандай қылып отырғаның?! Жарайт, сен үшін де мен сөйлейтін болдым ғой тағы. Жазған құлда жату жоқ деген емес пе, сөйлесем, сөйлейін енді.
Екеуміз бір класта бақандай он жыл бірге оқыдық. Басқаны былай қойғанда, бозбала кезімізде қыздарға бірге бардық. Қыздарға бірге бардық дегенім ол бер жағы ғой, сенің ана қазіргі үйіңдегі бес биенің сабасындай болған сарқарын қатыныңды да өзім алып беріп едім ғой кезінде. Ол кезде, әрине, ол белі қылдырықтай үлпілдеген сары қыз болатын. Есіңде шығар, соны саған алып қашқанымыз. Сол операцияны басымды бәйгеге тігіп, мына мен, Көмекбай көкең, басқарған болатын. Егер қыздың әке-шешесі, немесе туыстары «мілитсаға» арыз түсіргенде, бас кететін алмағайып шаруа еді ғой ол. Сенің әйеліңнің әке-шешесі мен туысқандарына рахмет, ақыры қайырлы болды ол істің әйтеуір. Соның бәрін ұмыта қоймаған шығарсың?! Әрине, ұмытқан жоқсың, өйткені мен әзірше Әлайдар арам склероз аурумен ауырып жүр дегенді естіген емеспін.
Ал сүйткен мені бүгін қайттің? Қайткені сол, әбден жерге қараттың. Сен менің ата жауым Ниетәлінің жағына шығып кеттің. Енді бұдан артық сен маған не істейін деп едің а-а?! Ладно-ладно, когда нибудь я тебе припомню это твое предательство! Ты знаешь, я свое слово на ветер не бросаю!
Сені де әлдеқандай қылып досым деп жүрдім-ау. Менің шер тарқатысуымды бір рет бірігіп атқаруға жарамаған. Бәрі осындай еске түседі екен, былтыр қыста анау ит өлген жер – «Сарыбұлақтан» бір тележка шөбіңді ақ қар, көк мұзда жаман тракторыммен үйіңе сүйреп әкеп бердім-ау мен сезбес. Сонда, ұмытпасам, қырық градус аяз болатын, бір құлағымның ұшын үсітіп алғаным есімде әйтеуір.
Ал бұрнағы жылы сенің әлгі өзіңнен аумайтын былпық сары інің Жидебай үйленгенде ше? Онда да қыстың көзі қырау болатын. Сен арам сонда да: «Қаладағы жаңа құдаларымды шақырып жатыр едім, мендегі бар мал шетінен көтерем боп тұр, бір семіз қойыңды қарызға бере тұршы» деп, маған келгенсің. Мен сөзге келмей, қорамдағы жемге байлап отырған қоңыр ісегімді саған жетектетіп жібердім, сенің мұндай сатқын екеніңді қайдан білейін. Ақымақпын ғой, басымда ми жоқ қой менің, ми жоқ.
Енді ғана түсініп отырмын, асылы, сенімен дос болғанша мына менің құдайы көршім Қалдыбек шалдың көк есегімен жолдас болған әлдеқайда жақсы екен ғой. Қалдыекеңнің сол есегінің арқасында біздің балалар ауылдың шетіндегі бұлақтан, міне, екі жылдың жүзі болды суды еш проблемасыз тасып ішіп отыр. Сол есек тартатын арбаға Қалекеңнің үйінің де, біздің үйдің де бүткіл флягасы сыйып кетеді. Рахат, Ырысты да, біздің үйдің балалары да бұрынғыдай суды ит өлген жерден иінағашпен тасудан құтылды. Сонда деймін ғой, осы біздің үйдің шын досы менің кластас арамсарым Әлайдар ма, әлде әлгі көк есек пе? Әрине, көк есек. Бірақ біз, пенделер, мына өмірде шын досымыз қайсы, өтірік досымыз қайсы ажырата алмаймыз ғой. Соқырмыз ғой, соқырмыз!.. Тек осындай басымызға іс түскен кезде ғана көзіміз ашылады. Бірақ кейінірек бәрібір соның бәрін ұмытып, пенделігімізге қайта түсеміз. Негізі өзімізге де сол керек. Уһ, бүгін шерімді армансыз тарқатып, біраз жеңілдеп қалдым ғой.
Менің бұл өмірде нағыз бір шынайы досым болған. Оның аты Тұрсын болатын. Егер ол тірі болғанда бүгін менің қасымнан табылатыны сөзсіз еді. Етек-жеңі мол пішілген, палуан денелі, жайсаң жігіт-тін, шіркін! Менің сорыма қарай, осыдан аттай он жыл бұрын жол апатынан қапияда қаза болып кетті емес пе. Айтпақшы, мен осы сол Тұрсынжанымды тауып алып сырласпай, қайдағы бір қуларға қайран сөзімді қор қылып, бағанадан бері неменеге бос былшылдап отырмын өзі?! Қазір, қазір мен оны қалайда осы жерге тауып әкелем!..
Көмекбай орнынан тәлтіректей тұрып, қараңғыда «Тұрсынды» қармалап іздей бастайды. Біраздан соң сарайдың төбесінің екінші басынан бір ағаш күбіні көтеріп, «дастарханның» жанына оралады. Күбіні жерге түсіріп, жан қалтасындағы бетормалымен оның шаңын мұқият жақсылап сүртіп шығады. Сонан соң оны өте бір аяулы жанша өбектей құшақтап, өзінің ұзақ монологын одан әрі қарай жалғастырады.
Көмекбай. Тұрсынжан, сені қатты сағындым. Өзің білесің, бұ дүниеде мені тап сендей түсінетін ешкім жоқ қой. Сондықтан мен қазір, білесің бе, сұмдық жалғызсырап тұрмын. Сен де жалғызсырап жүрген жоқсың ба ана жақта? Бірақ сен жайсаң, жайдары жансың ғой, ол жақтан да мен секілді біраз дос жинап алған шығарсың, сондықтан сенің мен секілді жалғызсырамауың да мүмкін.
Негізі айтайын дегенім бұл емес. Айтайын дегенім қазір бұл ауылда мені Зибаштан өзге түсінетін бір адам қалмады.Жұрттың көпшілігі мені қияли, оқу өтіп кеткен деп есептейді. Солардың бірі өз әйелім Рысты. Өзіңнің туған әйелің солай деп ойлаған соң, басқаларға не жорық десеңші. Сонан соң, міне, баяғының бақсыларынша өз өзіммен сырласып, сөйлесіп отырмын. Зибашпен сырласуға да болар еді, бірақ өкінішке қарай, ол еркек емес қой. Онымен осылай бір оңаша отырып сырласайын десең, жұрттың өсегіне қаласың. Оның үстіне біздің қатын отыр тепсініп: «Егер сол сайқал екеуіңнің үстеріңнен түссем бар ғой, екеуіңнің де шаштарыңды жұлып, қолдарыңа берем» деп. Оның солай етуі де ғажап емес, ашуы қатты неме ғой, шет жағын өзің де білесің.
Тұрсын, бәлкім, сен: «Достым-ау, сонда сені алып бара жатқан не күйік, қандай шер, айтшы!..» дерсің. Айтайын, айт десең. Мені пұшайман қылып отырған біздің ауылдағы баяғы өзің білетін Ниетәлінің көзкөрекі зорлығы. Қазір ол бір кездегідей совхоздың кеңсесінде қағаз кеміріп отырған көп бухгалтердің бірі емес, білдей бір серіктестіктің бастығы. Еш қарсылығым жоқ, болсын бастық, ол болмаса, әйтеуір басқа біреу болады ғой. Бірақ бұл бір тойымсыз нағыз жебір болып шықты. Тал түсте тірідей тонайды сыпайылап. Еткен еңбегіңді еш, тұзыңды сор қылып, бар күшіңді сығып алады да, өтеуіне болмашы тиын-тебен ұсынады. Жарайт, сонысын-ақ қанағат тұтайын десең, оған жан баға алмайсың. Өзің білесің, менде шиеттей бала-шаға ғой. Сонан соң әділдік талап етіп, жағаласпаймын ба баяғы. Бірақ айналамдағылар мыңқ етпейді, бәрі соның құлдығына көндігіп алған. Бәрі де «басекеизм» деген бір ауруға шалдыққан, Ниетәлі түшкіріп қалса: «Сау бол, сабазым!..» деп, құлдық ұруды ғана біледі. Құдай, Әділет, Шындық дегендермен шаруалары жоқ. Білмеймін бәріне бірдей не болғанын, бұл да жұқпалы індеттің бірі-ау деймін.
Тұрсынжан, айтпақшы, өзімнің жайымды қазбалап, сенің жағдайыңды сұрауды ұмытып кетіппін ғой. Ана жақта, – о дүниеде дегенім ғой, – қалай екен өзі? Көңіл-күйің жақсы ма? Хор қыздары жаныңа келіп тұра ма сызылып? Бәрің Эдем бағында армансыз қыдыратын шығарсыңдар, ә? Онда сылдырап аққан мөлдір бұлақтар да, уылжып піскен жеміс-жидектердің түр-түрі де жеткілікті болатын болар. Кейін түбінде мен де сол жаққа барам ғой, қасыңнан бір орын алып қоярсың мына жаман досыңа. Ең болмаса, бұ дүниеде көрмеген қызығымды, сол жаққа барып көрейін.
Тұрсын, кешір, мен әрнәрсені бір айтам деп, саған ең басты жаңалықты айтуды ұмытып кетіппін ғой. Қызық болғанда, сен ана жаққа – о дүниеге – аттанып кеткеннен кейін бес-алты айдан соң тура соны күтіп тұрғандай-ақ Совет Одағы күрс етіп құлады ғой. Оның орнына он бес тәуелсіз мемлекет құрылды. Білем, білем, сен қазір: «Көмеке, сен ондай қалжыңыңды қойсаңшы, ол мүмкін емес қой» деп, сенбей тұрсың маған. Сенің орныңда мен болсам, осыған мен де сенбес едім.
Анау Алматыдағы ма, Астанадағы ма, есімде жоқ, бір дәу жазушы айтыпты ғой: «Япыр-ай, мұндай да болады екен ғой! Мен бұрын мына жарықтық Алатау құласа құлар, бірақ Совет Одағы деген мына қызыл монстр ешқашан мызғымас деп ойлаушы едім. Сөйтсем, Алладан пәрмен келсе, болмайтын нәрсе бола салады екен ғой» деп. Сондықтан мен саған дәл қазір қалжыңдап тұрғам жоқ, айдай ақиқатты жайып салып отырмын өзіңе.
Осылардың бәрін неге саған тәптіштеп жатқанымды түсініп отырған шығарсың. Сен: «Шіркін, Совет Одағы тарап, оның орнына тәуелсіз Қазақ мемлекеті орнаса» деп армандайтын едің ғой жас күнімізде. Біз сені мазақтап күлетінбіз, «Болатын нәрсені армандасаңшы ең болмаса» деп. Міне, Құдай аузыңа салған екен, сенің сол арманың орындалды. Ал мен саған қазіргі өз армандарымды айтайын ба? Рас, менің арманым сенікіне қарағанда қораштау. Ол – Ниетәлі қу «Ақбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлығынан бұрынғы Совет Одағы секілді гүрс етіп құлап түссе деген бір тілек. Нансаң, дәл қазір осы дүниеде содан басқа түк арманым жоқ.
Тұрсын, біздің ауылдағы Александр, Константин Эрлихтарды жақсы білесің ғой. Олар 1993 жылы өздерінің тарихи Отандарына – Германияға көшіп кетті. Өткен жылы екеуі де демалысқа әйел, бала-шағаларымен біздің ауылға келіп кетті. Бәріміз кезектесіп қонақ қылдық. Біраз «гәплештік». Жағдайлары керемет құсайды. Саша бір заводта механик, Костя Мюнхендегі бір дәу ресторанның шеф-повары болып жұмыс істеп жатыр екен. Айлықтары 2-3 мың евроның маңайында секілді. Қысқасы, ішкендері – алдында, ішпегендері – артында астатөк өмір сүруде көрінеді. Жыл сайын демалыстарында бала-шағаларымен круизге шығады екен. Европа мен Азияны былай қойғанда, Африкада да, Америкада да, тіпті ана папуас тайпалары мекен ететін қайсы ел еді, ұмытпасам, Жаңа Гвинея ғой деймін, соған дейін барып қайтыпты. Ал менің жүрісім мынау, басқаны былай қойғанда, ішер ас, киер киімге жарымай. Сондықтан кейде өзімнің көндімбай ауылдастарыма ерегіскенде менің де сол Германияға көшіп кеткім келеді. Бірақ солярка сасыған жаман тракторшы қазақты олар қайтсін, ең болмаса, олардың тілін де білмеймін.
Досым, сен, бәлкім, менің бұл ойыммен келіспейтін де шығарсың. «Кісі есігінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол, Көмеке. Ондай теріс пиғылдан тыйыл дерсің». Өйткені мектепте оқып жүргенде сен бәрімізден де гөрі патриот едің ғой. Бірақ, өзің айтшы енді, қашанғы сол Ниетәлі «сыболыштың» ұлтаны бола беруге болады, мен де адам баласымын ғой.
Жарайт, сенің мазаңды ала бермей әңгімені осы жерден доғарайын. Сенімен сырласамын деп өзім де біраз ашылып сайраған секілдімін. Уһ, дегенмен шерімді тарқатқан соң, үстімнен біраз жүк түскендей, кәдімгідей жеңілейіп қалдым-әй!.. Әзірше қош болып тұр, достым. Айтпақшы, қасыңнан маған бір орын алып қоюды ұмытпа.
Көмекбай күбімен «қоштасып», дастарханның басына келіп, тізе бүгеді. Сонан соң екі жүз елулік қырлы стаканды қолға алып, оның ішіндегі мөлдір сұйықтықты қылқылдатып жұта бастайды. Стаканды құрғатқан соң, «дастарханнан» бір құртты алып, таңдайына басады да, орнынан қайта тұрып, төңірекке көз салады. Қарабарқын аспан төрінен жыпырлаған жұлдыздар мен ай көрінеді.
Көмекбай. Пай-пай, мына жақтан сызылып ай туыпты ғой. Ассалаумағалейкүм, жарықтық жаңа ай, жарық ай!.. Амансың ба, арудай ақ мүсіндім!.. Жаңа түскен келіншектей сызыла қалуын қарашы өзінің!..
Дәл осы сәтте Көмекбай манадан бері мекен еткен сарайдың төбесіне қарай сатымен көтеріліп келе жатқан Рыстының даусы кешкі ауаны жарып, саңқылдап қоя береді. Оқыс шыққан үннен шошып кеткен Көмекбай селк ете түсіп, жалма-жан дауыс шыққан жаққа жалт қарайды.
Рысты. Әй, аймен амандасып болсаң, енді төмен түс. Сені полицей іздеп келіп тұр. О, тоба, өстіп жүріп бір күні алжиды бұл әлі. «Крышасы» кетіп қалғаннан сау ма өзінің? Бол, түс төменге!
Көмекбай. (Шошып кетіп). Қайдағы полицей?!
Рысты. Осы ауылдың учаскелік полицейі де. Сары жездемнің үлкен ұлы.
Көмекбай. Оның менде несі бар?
Рысты. Ниетәлі: «Көмекбай мені боқтады, әкемнен, шешемнен түк қалдырмады» деп, үстіңнен арыз түсіріпті. Мына ұл сені сол үшін қазір кеңсесіне апарып тергемекші. Бол енді, тездетіп түс жерге.
Бір жарты араққа едәуір қызып қалған Көмекбай денесін әзер көтеріп, сатымен жерге түседі. Сонан соң әйелі Рысты мен оның жанындағы учаскелік полиция инспекторына бейне басқа бір планеталықтарды көріп тұрғандай көздерін ежірейтіп, таңдана қарайды.
Көмекбай. (Тілі күрметіліңкіреп). Ал...
Учаскелік полиция инспекторы. Қазір менімен бірге бөлімшеге жүресіз. Сіздің үстіңізден арыз түсті.
Көмекбай. Ол не деген арыз?
Учаскелік полицей. Сіз азамат Ниетәлі Сыздықовқа тіл тигізіпсіз, оған қоқан-лоққы жасапсыз.
Көмекбай. Рас, мен сенің азамат Сыздықовыңды боқтадым, онда тұрған не бар? Боқтамайтындай ол бір әулие ме еді? Оның бүткіл істеп жүрген істері соған лайық.
Учаскелік полицей. Жүріңіз кеңсеге, түсініктеме жазасыз. Қалған мәселені сонда барған соң баяндайсыз.
Көмекбай. Мен ешқайда бармаймын және ештеңені де баяндамаймын саған. Сондай-ақ сен кімсің өзі маған әмір беретін?!
Учаскелік полицей. Онда мен сізді күштеп апаруға мәжбүр боламын.
Учаскелік полицей Көмекбайды қолтығынан ұстап, есікке қарай дырылдатып сүйрей ала жөнеледі.
Көмекбай. Әй, мынау қайтеді-әй?! Қазір мен саған әлімжеттік жасағанды көрсетем. Өй, боқмұрын!..
Рысты. Әй, аузыңды жап! Үкімет адамына тіл тигізем деп сотталып кетерсің байғұс!.. Ана сала құлаш тіліңе ие бол!..
Көмекбай. (Артына, Рыстыға бұрылып) Кім үкімет адамы, мынау ма? Онда жетіскен екенбіз.
Рысты. Бар, бар. Түсініктеме жаз десе, жаз. Қызбаланып, байқамай қалыппын де. Әлгі Ниетәліден кешірім сұрай сал. Содан хандығыңнан түсіп қалмассың.
Көмекбай. Нитеәліден кешірім сұра?! Өліп қалсам да кешірім сұрамаймын мен. Кешірім сұра дейді ғой маған «еще» бұлар!..
Сәлден соң Көмекбай мен учаскелік полицей бірін бірі сүйрелеп, көшеге шығады. Олар кеткеннен кейін ауланың іші ештеңе болмағандай тым-тырыс тына қалады. Күйеуі мен полицейді көзімен ұзатып салып тұрған сарайдың жанындағы Рысты да сам-соз.
№ 5 көрініс
Учаскелік полиция инспекторының кеңсесі. Абажадай жұпынылау бөлмеде жазу үстелі мен үш-төрт орындықтан, киімілгіш шкафтан, бұрыштағы дәу темір сейфтен, көнетоз, арзанқол диваннан өзге дүние-мүлік көрінбейді. Полицей мен Көмекбай жазу үстелінің жанында біріне бірі қарама-қарсы жайғасқан.
Учаскелік полицей. (Қағазы мен қаламын сайлап). Ал, айта беріңіз, құлағым сізде.
Көмекбай. Нені айтам?
Учаскелік полицей. Азамат Ниетәлі Сыздықовты боқтағаныңыз рас қой.
Көмекбай. Ал, рас, сонда не істемекшісіңдер маған?
Учаскелік полицей. Мен сіздің бүгінгі Ниетәлі Сыздықовқа қатысты іс-әрекетіңіздің бәрін қағазға түсірем. Соңынан сіз менің сол жазғандарымды растап, астына қол қоясыз.
Көмекбай. Ал қол қоймасам ше?
Учаскелік полицей. Қоясыз, қоясыз!..
Түсініктеме. Мен, «Қайрақты ауылының 1969 жылдың 25 тамызында туған тұрғыны Көмекбай Қуанұлы Жаңбырбаев 2012 жылдың 1 қазанында «Ақбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ниетәлі Көпболсыновтың, яғни, үкімет адамының әкесін боқтап, оған әжептәуір тіл тигіздім.
Көмекбай. Әй, сеніңше, Ниетәлі арам үкімет адамы ма сонда? Онда мына біз кім боламыз, хұкімет адамы боламыз ба? Әлде күресінге лақтырылған тастандылармыз ба?! Сонда, сендерше, жемқорлар үкімет адамы болады да, біз сияқты адал еңбегімен күн көріп жүрген момын бейшаралар хұкімет адамы болады екен ғой, ә?! Солай ма?!
Учаскелік полицей. Сөзді бөлмеңіз. Мен, яғни мемлекеттік, құқық қорғау қызметінің өкілі жұмыс істеп жатқан кезде сіз оған кедергі келтірмеуге тиістісіз. Так.. сонан соң ауылдық азық-түлік дүкеніне барып, бір шиша арақ сатып алып, оны бірге бөлісіп ішу үшін адам, яғни өзіме бөтелкелес іздей бастадым.
Көмекбай. (Орнынан атып тұрып). Әй, сен мұның бәрін қайдан білесің? Әлде мені күні бойы сыртымнан аңдып жүрдің бе?
Учаскелік полицей. (Жекіңкіреп) Отырыңыз!.. Қазір сіз өз үйіңіздің төрінде емес, мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің кеңсесіндесіз. Так, қай жерге келіп едік? Иә, өзіме бөтелкелес іздей бастадым. Бірақ ауылдастарым Ермек Шынарбаев та, Әлайдар Жетесов та менімен бөтелкелес болудан бас тартты. Сонан соң...
Көмекбай. Айттым ғой, бұл мені күні бойы аңдыған деп. Ниетәлі «сыболыш» аңдытып қойған болу керек бұған.
Учаскелік полицей. Сөзді бөлмеңіз дедім ғой мен сізге. Және онымен қоймай Ниетәлі Сыздықовқа тағы да мемлекеттік кеңселерде айтуға тыйым салынған боғауыз сөздермен орысшалап тіл тигізіп отырсыз. Оны да қазір айыптау протоколына түсіреміз, Жаңбырбаев Сыздықовты әрі қазақша, әрі орысша боқтады деп.
Көмекбай. Жаз-жаз!.. Мен енді бәрін түсіндім. Сен де Ниетәлімен ауыз жаласып алған болып шықтың. Қап, баяғыда сен туғанда Ақбұлақтан шелекпен бекер-ақ су тасығам екен. Байғұс басым ол кезде сенің мені кейін осылайша Ниетәліге жығып беретініңді қайдан білейін.
Учаскелік полицей. Өйтіп, өтірік айтпаңыз. Мен туғанда сіз шелекпен су тасыды дегенді ешқашан естіген емеспін.
Көмекбай. Естімесең, қазір үйіңе барған соң, ана әкең мен шешеңнен сұра. Көздері тірі ғой, олардың қай-қайсысы да бұнымды өтірік деп айта алмайды. Ана сенің қитар әкең Еркебай мына менің жездем болып келетінінен хабардар шығарсың. Ол менің нағашы апам Гүлсімді, яғни сенің шешеңді алып қашқан баяғыда. Егер соттау керек болса, Ниетәліге ашумен бір ауыз сөз айтқан мені емес, сенің әкеңді сотау керек алдымен заңсыз қыз алып қашқан.
Учаскелік полицей. Сіз тіліңізді тарта сөйлеңіз. Менің әкем қитар емес.
Көмекбай. Кешіріп қойыңыз, мырзам. Сонда сіздің сол әлгі ардақты әкеңіздің біреуі айға, біреуі сайға қарап тұрған көздерін не деп атаймыз? Күлімкөз дейміз бе, әлде қаракөз дейміз бе, а-а?!
Учаскелік полицей. Онда сіздің шаруаңыз болмасын!
Көмекбай. Шаруаңыз болмасын?! Шаруам болғанда қандай?.. Біріншіден, ол менің жездем. Екіншіден, менің апамды оның келісімінсіз еріксіз алып қашқанымен қоймай ол кейін көктиын қалыңмал төлеген жоқ біз жақтың жуастығын пайдаланып.
Учаскелік полицей. Қалыңмал деген ол ескіліктің қалдығы. Так, енді түсініктемеге келейік. Қай жерге келіп едік? Иә, бөтелкелестер туралы айтып жатыр едік қой. Сонымен, мен Көмекбай Жаңбырбаев ауылдастарымның арасынан өзіме бөтелкелес іздей бастадым. Бірақ көршім Ермек Шынарбаев та, бір кездегі сыныптасым Әлайдар Жетесов та менімен бөтелкелес болудан бас тартты. Сонан соң оларға ызыланған мен сол бөтелкіні бір өзім тауысып тастауға бекініп, өзімнің үйіме қайтып келдім де, сатымен сарайдың төбесіне көтерілдім.
Көмекбай. (Тілі күрмеліп, басын шайқап) Айттым ғой... бұл мені күні бойы аңдып жүрген деп. Әй, мен сені жиенім деп жүрсем, сен нағыз шпион...н екенсің ғой!
Учаскелік полицей. Немене-немене?!..
Көмекбай. Сенн... әлгі Ниетәлі «сыболыштың» шпионысың, білдің-ң... бе?!
Учаскелік полицей. Тартыңыз тіліңізді!.. Сіз мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің өкіліне тіл тигізіп отырсыз!
Көмекбай. (Орнынан қисалаңдай тұрып жатып, учаскелік полиция инспекторына ешкікөздене ежірейе төніп). Сен бе мемлекеттік құқық қорғау органының өкілі? Әй, онда сен неге әділеттілікті қорғамайсың, а? Айтшы маған, осы қызметке сені үкімет момындардың ақысын жейтін жебірлерді желеп-жебеп жүр деп тағайындада ма, а-а? Айтшы!..
Учаскелік полицей. (Мырс етіп). Сонда сіз бе момын?! Бүткіл жұртты әрі қазақшалап, әрі орысшалап сыбап жүрген шетінен...
Көмекбай. Иә, мен. Не, ұқсамаймын ба?
Учаскелік полицей. Түк ұқсамайсыз. Ал жебір кім сонда?
Көмекбай. Білмей тұрған шығарсың, жебір Ниетәлі да. Әй, құқық қорғау органының өкілі, сен мені дұрыстап тыңда. Мен саған ол жасаған қылмыстың масағын қалдырмай, түгел айтып берейін. Тыңда... Мына мен ол құрған «Ақбұлақ» деген серіктестікке ала жаздай тыным таппай еңбек еттім. Түсінесің бе, ала жаздай, ешбір демалыссыз! Өзімнің жаман тракторыммен сол арамның жерін жырттым, картобын түптедім, қауын-қарбызын ектім, шөбін шаптым. Жарты гектарға отырғызған асқабағым тағы бар. Асқабақтың дәнінің базарда қамбат тұратынын білетін шығарсың.
Учаскелік полицей. Бұның бәрін маған немесіне тәптіштеп отырсыз. Тоқетерін айтсаңызшы.
Көмекбай. Әй, енді бірте-бірте тоқетеріне келе жатырмыз ғой, сендерде шыдам деген бола ма осы? Әлде тыңдағың келмей отыр ма мені?
Учаскелік полицей. Қысқартыңқырап айтыңыз.
Көмекбай. (Учаскелік полицейдің үстелінің бір шетінде тұрған графинді нұсқап) Мынауың су ма?
Учаскелік полицей. Иә.
Көмекбай. Уһ, тамағым кеуіп қалды ғой бәрін түсіндірем деп. Маған сол суыңнан бір стакан құйшы.
Полицей графиннен екі жүз елулік қырлы стаканға су құйып, Көмекбайға ұсынады.
Учаскелік полицей: Әрине, бір бөтелкені бір өзіңіз ішсеңіз, тамақ кеппегенде қайтеді.
Көмекбай. (Стакандағы суды жұтқыншағы бүлкілдеп бір-ақ қотарып). Бірге ішетін жан адам табылмаса, бір өзім ішпей қайтем енді, өлем бе? Уһ!.. Әңгіменің қай жеріне келіп едім жаңа? Иә-иә, картоп отырғыздым, қауын-қарбыз бен асқабақ та ектім ала жаздай. Бір күн дұрыстап дамыл тапқаным жоқ. Ал сүйткен еңбектің өтеуіне Ниетәлі арам маған қанша төледі деп ойлайсың жиын-терін аяқталғанда? Бар болғаны – жүз жиырма мың теңге! Кісіні көзін бақырайтып қойып, тірідей тонау емей немене бұл, а-а? Айтшы өзің құдайшылығын.
Нанбасаң, қазір есептеп көрейік.
Учаскелік полицей. Жарайт, есептемей-ақ қойыңыз. Бәрі түсінікті.
Көмекбай. Жо-жоқ, есептейміз, әйтпесе сен мені Ниетәліге жала жауып отыр деп ойлап қалуың мүмкін.
Так, өзің жақсы білуге тиістісің, бізде картоптың келісі аудандағы базарда да, облыс орталығында да орта есеппен алғанда ең құрығанда елу теңге. Мен оған сол картоптың бес тоннасын өткізгем. Бұл дегеніңіз бақандай 250 мың.
Қауын мен қарбыздың келісі қай жерде де қырық теңгеден кем емес. Мен оның он екі тоннасын өткізіп бердім әлгі «сәбәкіге». Екі төртім – сегіз, бір төртім – төрт, барлығы – қырық сегіз. Оған төрт нөлді қос. Қанша болды? Дұрыс, төрт жүз сексен мың.
Енді асқабаққа келейік. Оның келісі алпыстан. Мен оған сол асқабақтан алты тонна өткіздім. Бұның бағасы сонда үш жүз алпыс мыңнан кем емес. Ал енді осылардың бәрін қосайықшы. Мен оны баяғыда-ақ шотқа салып, есептеп қойғам: барлығы бір миллион тоқсан мың теңге болады.
Жарайт, артығымен-ақ санайық, жаңағы миллионның тең жартысы салыққа, транспорт шығынына, алыпсатарларға, ана Ниетәлі иттің тойымсыз обыр құлқынына-ақ кетсін делік, соның өзінде маған сол соманың кем дегенде бір бес жүз мыңы қалуы керек қой. Ал оның менің қолыма ұстатып отырғаны бар болғаны – жүз жиырма мың. Мұнымен мен келесі жазға дейін ана шиеттей бес бала мен үйдегі аюдай ақырып отырған қатынды қалай асыраймын, а-а?! Өзім қалай жан бағам? Күнделікті ішетін тамақ пен киетін киім бар, темекінің пұлы бар, анда-санда осындай шер тарқатуға керек бірер бөтелкең ол тағы бар. Мен де сендер секілді адаммын ғой. Енді сен түсіндің бе өзі менің неге қарадай бүлініп жүргенімді?
Учаскелік полицей. Болдыңыз ба?
Көмекбай. Болдым.
Учаскелік полицей. Бұның бәрін немеге айтып отырсыз маған? Басты қатырып.
Көмекбай. Неменеге айтып отырсыңың не-әй сенің?! Ойбай-ау, сен үкімет адамы емессің бе? Қалай ей әлгі?.. Иә-иә, құқық қорғау орғанының өкілі емессің бе?!. Ал менің хұқығым бұзылып отыр емес пе?
Учаскелік полицей. Не сонда, біреуді боқтау керек пе сол үшін?
Көмекбай. (Орнынан атып тұрып). Туһ, мынау нағыз антұрғанның өзі екен ғой. Бағанадан бері осыған сөз айтып отырған мені де атып тастайтын адам жоқ.
Учаскелік полицей. (Ол да орнынан тұрып жатып, Көмекбайға зілдене көз салып). Немене-немене?!
Көмекбай. Сен де әлгі Ниетәлі секілді антұрғансың, білдің бе?! Сендерде ешқандай жүрек, сезім дегендер атымен жоқ, тойымсыз құлқын ғана бар!..
Учаскелік полицей. Ақсақал, тіліңді тарт!..
Көмекбай. Тартпаймын! Мен өлсем де ақиқатты айтып өлетін адаммын, білдің бе?! Сендер секілді өзінен күштілерге құйрықты бұлғаңдатып өмір сүруді білмеймін.
Учаскелік полицей. Олай болса, мен қазір сені КПЗ-ге қамаймын. Әбден есірген екенсіз!..
Көмекбай. Неменеге-неменеге?!
Учаскелік полицей. КПЗ-ге! «Камера предварительного задержания» дегенді естігенің бар ма еді?
Полицей көз ілеспес жылдамдықпен Көмекбайдың қолдарына сарт-сұрт етіп кісен салады да, оны КПЗ-ге қарай сүйрелей жөнеледі.
Көмекбай. Отстань! Не имееш право!
Учаскелік полицей. Имею-имею!.. Сіз массыз, қоғамға қауіпті адамсыз, сондықтан да мен қазір сізді заңды сыйлайтын, оған бағынатын саналы азаматтардан оқшаулауым керек. Ниетәлі Көпбосыновқа қоса менің де әкеме тіл тигізгеніңіз үшін кейін соттың алдында «двойной» жауап беретін боласыз әлі.
Көмекбай. Қоғамға қауіпті мен емес, мына сендер, білдің бе?!
Учаскелік полицей. Жап аузыңды!..
Көмекбай. Жаппаймын!..
Учаскелік полицей. Ендеше қазір жабатын боласың!
Учаскелік полиция инспекторы аяғынан тәлтіректеп әзер тұрған Көмекбайды қарулы қолдарымен дырылдатып сүйреп әкеліп, КПЗ-ге итеріп кіргізіп жібереді. Сонан соң шалбарының жан қалтасынан бір уыс кілтті суырып алып, соның ішіндегі ең үлкенімен уақытша оқшаулау камерасының темір торлы ауыр есігін тез-тез жауып, құлыптап тастайды. Іштен темір есікті жұдырығымен тарсылдата ұрып, айқай салған Көмекбайдың даусы естіледі, алайда оның бүл әрекеттеріне пысқырып та қарағысы келмеген полицей ештеңені естімеген кісіше өз жөніне кетіп қалады.
№ 6 көрініс
Жұрт ұйқыларынан оянып, күн ұясынан енді-енді көтеріле бастаған таңертеңгі шақ. Уақытша оқшаулау камерасы. Жүз ваттық кішкентай электр шамының жарығының астындағы абажадай темір керуетте сегіздік секілді бүктетіліп, бір уыс боп ұйықтап кеткен Көмекбай түс көріп жатыр. Түсінде ол өзінің сүйіктісі Зибашпен тілдесуде. Әрине, Зибаштың өзімен емес, оның елесімен.
Зибаштың елесі. (Көмекбайға). Жаным, еңсеңді түсірмеші! Аллатағаланың бұл сынын да сабырмен қарсы ал, алтыным. Сен нағыз еркек едің ғой, ер едің ғой! Соны маған тағы бір дәлелдеші. Мынаны ұмытпа: пенде қанша қиындыққа ұшыраса да, ешқашан Жаратқанның шапағатынан үміт үзбеуге тиіс, өйткені ол кешірімшіл, рахымды, оның сүйіспеншілігінде, махаббатында, мейірімінде шек жоқ. Тек сәл шыдаш, көрерсің, кейін бәрі жақсы болады.
Көмекбай. Қайдам, осы күнге дейін маған бірдеңенің жақсы болғанын көргем жоқ. Марқұм әкем Қуан тақыр кедей еді, мен де одан көп ұзап кеткем жоқ. Міне, жасым қырық беске келсе де, ештеңеге бір дұрыстап жарымай-ақ қойдым: көргенім – бейнет, қара жұмыс, бастықтардың алдауы мен арбауы. Әйтеуір осы дүниенің бір қызығына дұрыстап тұшынған емеспін.
Зибаштың елесі. Жаным, неге олай дейсің? Екеуміздің тар төсекте табысып, сырласқан бал татыған түндеріміз бен күндеріміз ше? Шыныңды айтшы, сол кездерде мен сені бақытты ете алмадым ба, алтыным?! Мен сол сәттерде бойымдағы бар жылуымды соңғы тамшысына дейін сарқып беріп едім ғой саған. Айтшы, сонда да сен бақытты бола алмадың ба?
Көмекбай. Иә, мүмкін, мен сол сәттерде ғана шын бақыт дегеннің не екенін еміс-еміс ұққан болармын. Бірақ сол бір шақтар дүниені селдетіп өте шығатын жаздың алапат нөсерлері секілді тым қысқа еді ғой, сондықтан көрген түстей ұмытылып кетіпті. Кешір.
Зибаштың елесі. (Басын реніштен шайқап). Иә, сендер, еркектер, сондай ұмытшақсыңдар, өкінішке қарай. Ал мен көрген түстей, жер-дүниені селдетіп өте шыққан ерке жаздың алапат нөсерлеріндей сол бір ләззатты шақтарымызды ешқашан есімнен шығарып көргенім жоқ. Нансаң, жаным, қиналған, жаным жалғыздықтан жабырқаған сәттерімде сенің сол бір кездерде аузыңнан, бәлкім, ерікті түрде, не еріксіз шығып кеткен «Жаным! Сәулешім!..» деген шын жүректен ақтарылған оттай періште лебіздерің мені жардан құлап кетуден аман сақтап келеді осы күнге дейін мынау опасызынан опалысы аз жалғанда.
Көмек, есіңде ме, екеуміздің әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жаңғырық» романының кейбір тұстарын біздің үйде түні бойы бір төсекте қатар жатып бірге оқығанымыз? Есіңде ғой деп ойлаймын, ендеше сол кітаптың басты қаһармандарының бірі Авдий Калистратовтың Құдайдан басқаның бәрі ұмытқан Мойынқұм деп аталатын ұланғайыр даланың туу бір қиян шетіндегі кішкентай ғана «Жалпақсаз» деген теміржол бекетіндегі медпунктте медбике болып қызмет істеп жүрген өзінің сүйіктісін екінші рет іздеп келетін сәтін ұмыта қоймаған шығарсың? Сонда нақсүйеріне жете алмай, орта жолда браконьерлердің тұтқынына түсіп, екі қолы артына байлаулы күйі жаңағы баскесерлер оңды-солды аяусыз қырған өлі киіктердің ұшаларымен бірге дәу жүк машинасының кузовында қапа боп жатқан Авдий өзінің сүйіктісі туралы: «Жаратқан аман болғай! Жүрегіңе махаббат кеп жабысқанда Құдайдың рахымында шек болмайтынын ол да түсінсе ғой!..» деп армандамаушы ма еді. Мен де қазір саған сол кейіпкер секілді өліп өшті сүйіспеншілікті шын көңілімнен Алладан жалбарына тілеп тұрмын. Өйткені бәріміз де Тәңірдің мейрімі түсіп, жүрегімізге махаббат періштесі кеп ұя салған шақтан бастап қана бақытты бола бастаймыз. Басқаны ұмытсаң да осыны ешқашан ұмытпа, жаным! Сол кезде ғана сенің ғазиз жаның ызадан, кектен, барлық жеккөрушіліктен арылып, тыныштық табады, сол кезде ғана сен өмірдің мәнін шын түсініп, Жаратқанға шексіз алғысыңды жаудырасың.
Көмекбай. Ол айтып отырғандарың рас та шығар. Мен саған сенем, өйткені әйел жаны мұхиттай шалқар, теңіздей терең ғой. Менің оған талай көзім жеткен. Иә, шынында да, бұл өмірде маған бақыт дегеннің не екенін ұқтырған екі адам болса, соның алғашқысы – менің аяулы анашым, екіншісі – жасым қырыққа шыққанда маған Жаратқанның сәтімен жолықтырған періштесі сенсің, сәулем.
Зибаштың елесі. Ендеше, мені де, менімен бірге өткізген бақытты шақтарыңды да ешқашан ұмытпай, үнемі есіңе алып жүр. Жаның жаңбырдан соңғы даладай тазарып, мына жалған дүниенің қыбыр-жыбыр тіршілігінен босап, жүрегің дамыл тапқан бір шақтарда бізді осылай қиыннан қиыстырып жолықтырған Жаратқанға ақ көңілден ақтарылып, алғысыңды жаудыр! Келісесің бе осыған, жалпы, біз, адамдар, пенделер, жақсылыққа дұрыстап алғыс айтуды да білмейміз ғой.
Көмекбай. Толығымен келісем, бозқарағаным! Сені ұмыту мүмкін емес қой. Бірақ мен мына өмірден әбден жалықтым. Достарымның, жолдастарымның бәрі мені сатып кетті. Адамдар бар мен бағыландардың, байлардың жағына шығып кетеді екен жеме-жемге келгенде. Бүгін мен соны айқын, қапысыз ұқтым.
Зибаштың елесі. Көмек, көңіліңе келмесін, жалпы, сен тым аңғалсың. Үйбай-ау, сату мен сатылу бұл екіаяқты пенделердің сонау Адам ата мен Хауа анадан бермен келе жатқан ата салты емес пе?! Соның неменесіне осыншама күйіп пісесің?! Біліп қой, мұндай құқайдың талайын көрге басы кіргенше көретін сен ғана емессің мына аспан асты, жер бетінде. Адамзаттың бәрі де өткен бұл жолдан, ендеше сен де өтуге тиістісің бұдан.
Көмекбай. Зибаш, сен түсінемісің, мен бүгін бұ дүниеде жалғыз қалдым ғой.
Зибаштың елесі. Олай деп өтірік айтпа! Мен ше?! Әлде сен мені әйел деп, төмен етекті деп, көзіңе ілмей тұрмысың? Мен тірі тұрғанда сен бұ дүниеде де, о дүниеде де жалғыз қалмайсың. Кәне, салбыратпай, ана алтын басыңды көтер жоғары! Сенің әлсіз болуға хақың жоқ, өйткені сен еркексің, менің арқа сүйер асқар тауымсың.
Көмекбай. Қорықпа, біздің бақытымыз үшін мен қайтадан аяғыма тік тұрамын. Тек кеше әлгі Ниетәлімен ерегісем деп, біраз сілтеңкіреп жіберіппін. Қазір қатты шөлдеп, басым ауырыңқырап жатыр.
Зибаштың елесі. Ештеңе етпейді, қазір ұйқыңнан тұрған соң, біздің үйге кел, өзім қаймақ қатқан үндінің ыстық-ыстық шайын құйып беріп, басыңды жазып алам. Айтпақшы, алтыным, жаңа мені «бірдеңем-бірдеңем» деп еркелетіп жатырсың ғой, сол жеріңді түсініңкіремей қалдым.
Көмекбай. «Бозқарағаным менің!..» дедім.
Зибаштың елесі. Бозқараған?! Ол немене?
Көмекбай. (Күліп). Өй, сен білмейді екенсің ғой, ол «сирень» деген сөздің қазақша атауы емес пе?
Зибаштың елесі. Сирень?! Бозқараған?! Мына теңеуің, шынында да, тамаша екен. Жалпы, сенің «вкусың» күшті-ай осы! Осындай әдемі сөздерді қайдан тауып аласың? Шіркін, сиреннің, бозқарағанның исі қандай тамаша көктемде!..
Көмекбай. Сенің де иісің сол бозқарағанның иісі секілді керемет, иіскей бергің келеді.
Зибаштың елесі. Қойш, шын ба?
Көмекбай. Мен сені қашан өтірік алдап едім?
Зибаштың елесі. Оның рас, сен мен білетін кісілердің ішіндегі ең шыншыл, ең әділетті адамсың, біреуге көлгірсуді, жампарысуды мүлде білмейсің. Сонымен қатар сенің жаның ақындыққа толы. Мысалы, мен ешбір кітаптан, не кинодан өзінің жақсы көретін әйелін «Бозқарағаным!..» деп еркелеткен еркекті кездестірмеппін осы күнге дейін. Анандай... былай енді... «раушаным», «қызғалдағым», «хризантемам менің» деген секілді теңеулерді білеміз ғой, ал «бозқарағаным менің» дегенді бірінші естуім. Рас, сен нағыз ақынсың. Мұндай кереметтер тек сенің аузыңа ғана түседі. Айтақшы, өткендегі маған арнап шығарған өлеңіңді компьютерге басып, өзімнің альбомымның арасына салып қойдым.
Көмекбай. Рас, мен сені шын көңілден жақсы көрем. Бұған дейін мен ешбір әйел баласын дәл сендей сүйіп көрмеппін.
Зибаштың елесі. Рахмет, жаным, Ер Тарғыным, Элвис Преслиім менің!.. Ал енді ояна ғой, беті-қолыңды жуып, тістеріңді тазала. Күн әлдеқашан шықты, езіліп ұйықтай берсең, басың одан сайын ауырады. Және оның үстіне, өзіңнің сөзіңмен айтқанда, үйіңдегі анау аюдай ақырып отырған қатының Рысты: «Түнімен қайда жоғалып кеттің?!» деп, мазаңды май ішкендей қылып жүрер. Тұр!..
Дәл осы кезде КПЗ-ының ауыр темір есігі сарт-сұрт ашылып, камераға учаскелік полицей мен Рысты кіріп келеді. Көмекбай оқыс шыққан дыбыстардан шошып оянып, орнынан атып тұрады да, есік алдында состиып қалған екеуге ештеңеге түсінбеген кісінің пішінімен бажырая қарайды.
Рысты. Әй, тұр, қарағым!.. Күн сәске түс болды. Мына жерде ұйқыңды әбден қандырған шығарсың.
Қолдары кісендеулі Көмекбай орнынан ирелеңдей әзер тұрып, керуетке отырады. Учаскелік полицей келіп, оның қолындағы кісенін алады. Кісенді шешіп жатқан кезде Көмекбай мен полицей бір бірлеріне үн-түнсіз, ерекше бір мағыналы көздермен жақтырмай қарап өтеді.
Рысты. (Көмекбайға). Жүр енді, үйге қайтамыз. (Сұқ саусағымен полицейді нұсқап). Мына ұлға рахметіңді айт. Екеуміз таң атпай үйіне барып, Ниетәліні арызын қайтып алуға әзер көндірдік әйтеуір. Әйтпегенде сотталып кететін едің, байғұс. Енді жайыңа қарап, тыныш жүр, білдің бе?! Егер осындайыңды тағы қайталайтын болсаң бар ғой, мен тағы екінші рет осылай жүгірет деп ойлама. Жүр!..
Кешегі асаулықтан бойында түк қалмаған Көмекбай үнсіз. Алдын ала оқшаулау камерасының оған кәдімгідей-ақ әсер еткені байқалады. Еңсесі түсіп, иығы салбыраңқырап кеткен ол мектептегі ұстазының барша нұсқауларын қалтқысыз орындауға тырысатын бастауыш сыныптың тәртіпті оқушысы секілді Рыстының бар айтқанын қалт еткізбей, оның соңынан ереді.
Көмекбай. (Сыртқа шыққан соң). Сағат неше болды?
Рысты. Оны не қыласың? Кеңседегі қызметіңнен қалып бара жатсың ба?
Көмекбай. Білейік те енді...
Рысты. Сегіз, не сегіз жарымның шамасы шығар.
Көмекбай. Рысты, кешір, енді қайталанбайды.
Рысты. Кешірмегенде не істеймін? Тек сенің осындай «кәнсерттеріңнен» кейін екі-үш аптаға дейін жұрттың бетіне тура қарай алмаймын ғой мен бейшара жаңа түскен келіншектей бетмоншағым үзіліп.
Көмекбай. (Даусы дірілдеп) Кешір, осы жолы шын айтам.
Рысты. Ниетәліні де көрерміз, дүние-кезек, оның да осылай асығы үнемі алшысынан түсіп тұра бермес. Бір заманда мүмкін біздің де қолымызға қарға саңғырар. Айтпақшы, ертең «мәтимәтик» мұғалім бала біздің Назымбекжанды да оқушылардың аудандық олимпиадасына апарғалы жатыр. Ауданның есепке жүйрік ең үздік балалары жарысатын көрінеді. Соған біздің ауылдан мектебінен комиссия екі-ақ баланы іріктеп алыпты, біреуі – cенің жаңағы жаман ұлың, екіншісі – Жарықбас қайнағаның сүткенжесі – Жарас.
Көмекбай. Қойш?!
Рысты. Рас. Әйтеуір кеше кешкілік сынып жиналысында Назымбекжанды әлгі «мәтемәтик» мұғалім жігіт жатып кеп мақтады. «Көрерсіздер, түбінде Көмекбаевтан үлкен оқымысты шығады» деп.
Көмекбай. Алтыным, сол жаман негізі өзіме тартқан. Ана қалқиған құлағы мен жарқыраған маңдайына шейін.
Рысты. (Жұлқынып) Қойш әрі осы, кісінің жынын келтірмей! Саған тартса, жетісер!.. «Арғы бабамыз Қойгелді қара қылды қақ жарған би болған, болыс болған» деп отырушы едің ғой, қарағым түнімен полицейлердің кеңсесін күзетіп шығатын саған тартқанша, сол кісіге тартсыншы. Саған ешқайсысы ұқсамай-ақ қойсын құлындарымның.
Екеуі осы пәтуаға тоқтасқандай, үнсіз қалады. Сәлден соң ерлі-зайыптылар тізілісіп, өз үйлерінің ауласына барып енеді. Ауыл тегіс оянып, құдіретті Жаратқанның тағы бір жарық күні басталған. Соны дүйім жұртқа жариялауға асыққандай әлдеқайдан ата қораздың бар даусымен шабыттана шақырғаны, өріске бет алған сауын сиырлардың қорада қалып бара жатқан бұзауларын қия алмай мейірлене мөңірегендері, малсақ төбеттердің әлденеге мазасызданып, маңқ-маңқ үргендері естіледі.
СОҢЫ