Адам қарады: 1167 | Жарияланды: 2017-06-10 01:43:54

Ұшты –ұшты... Каzsат ұшты

 Мұрны таңқиған қара қыз өзінен кішілерді жинап алып, сабақ оқытып жүргеніне екі апта болды. Оқу жылы аяқталғалы өзі арық үшке аяғы әрең ілінгеніне қарамастан қаладан бітіріп келген апайға еліктеп, шашын біресе олай лақтырып, біресе бұлай лақтырып, үйіндегі сәнді киімдерін бірінен соң бірін киіп, көрші-көлемнен жиып-терген тоғыз баланың басына күнде әңгіртаяқ ойнатып жатқаны. Сұрағына жауап бермесе, не екілік қояды, не маңдайынан қояды. Құдды жас мұғалима дерсің.

Майгүл бүгінгі сабағын ойынға құрды. «Ұшты, ұшты, кім ұшты?» Белін таянған қара қыз тоғызына бірдей қарап тұрды да:

- Ұшты, ұшты, қауын ұшты?- деді.

Бәрі тым-тырыс. Ешкім қолын көтермеді.

- Ұшты, ұшты, ауыл ұшты?

Тағы ешкім қолын көтере қоймады. Тек шеттеу отырған сары бала шошаң еткізіп қолын көтерді де, ешкім қоштай қоймаған соң қайта түсірді.

- Еркеш, қолыңды неге көтеріп түсірдің?- деді Майгүл. Бала үндеген жоқ, көмек күткендей жан-жағына алақтай қарады.

- Еркеш, қолыңды көтересің бе?

- Иә,- деп таңдайын тақ еткізді.

- Неге?

-Үйткені, біздің үй жақтағы жаңадан салынған үш үйдің шатыры кешегі дауылда ұшып кетті. Үлкен кісілердің «ауылымыз ұшты-ау» дегенін естіп қалғанмын.

- Ім-м... Ұшты, ұшты, дауыл ұшты.

Бәрі жапа-тармағай қолдарын көтерді. Тек Еркеш қана үндемей отырды.

- Еркеш, сен неге көтермейсің?

- Дауыл ұшпайды!

- Неге?

- Үйткені ол дауыл. Дауыл өздігінен болмайды. Ол Байқоңырдан ракета ұшқанда ғана болады.

- Ім-м... Еркеш, тұр орныңнан! Білгіш болсаң, сабақты сен жүргізесің. Мен сабаққа қатысушы директор болам. Ал, баста!

- Ұшты, ұшты, баға ұшты. Балалар аң-таң. «Директор» Майгүлге қарады.

- Еркеш, не айтып тұрсың?

- Қазіргі базардағы баға екі-үш есеге көтеріліп кеткен жоқ па? Мамам базардан келген сайын: «Ойбай, қалай өмір сүреміз енді? Қияр 200 теңге, жуа 250 теңге, картоп 300 теңге, помидор 350 теңге, баға деген ұшып кетті» деп жатады. Содан айтып тұрмын.

- Жарайды, сабағыңды жүргізе бер.

- Ұшты, ұшты, Аралдың тұзы ұшты.

Балалардың бірі түсінсін-түсінбесін қолдарын ербеңдетсе, бірі сол баяғы «директорына» жалтақтайды.

          - Еркеш, Аралда, экологияда не шаруаң бар? Ұшатын заттарың біздің ауылға қатысты болсын.

- Ұшты, ұшты, ауылдағы судың, светтің бағасы ұшты.

- Еркеш, не айтып кеттің?

          - Енді, өзіңіз ғой, ауылға қатысты болсын деген. Біздің ауылда қазір су мен светтің бағасы ұшып кетті ғой.

           - Су мен светте не шаруаң бар? Біздің ауылдың мектебіне қатысты айт. Келесі жылы сен мектепке барасың, сонда ойланбай айтатын боласың.

- Ұшты, ұшты, завуч ұшты.

- Еркеш, завучың не?

- Өткенде мамам: «Мектептің директорына бұзаулы сиырын бермегені үшін завучты орнынан ұшырып жіберді» деді ғой.

- Сенің мамаңның өсектен басқа айтатыны бар ма өзі? Отыр. Сабақты өзім жүргіземін. Балалар, сендер барлық жаңалықтан хабардар болуларың керек. Сондықтан мен сабақты күрделі етемін. Кім жақсы жауап береді, сол менің орынбасарым болады. Түсіндіңдер ме?

- Түсіндік! Балалар бір ауыздан айқайға баста. Майгүлдің сабағынан аман-есен құтылса, енді көзіне көрінбеу ойларында тұр.

Әйтеуір, амалын тауып, ауылдың ана шетіне қашып кету керек.

- Ал, балалар, сабағымызды жалғастырамыз. «Ұшты, ұшты, сиыр ұшты?

Балалардың ешқайсысы қолдарын көтерген жоқ, тек Еркеш қолын көтерейін деп келе жатыр еді, Майгүлдің көзіне көзі түсіп кетіп, екі аяғының арасына қолын сүңгіте салды.

- Ұшты, ұшты, тауық ұшты?

Балалардың бәрі қолдарын көтерді, тек Еркеш қана қатарға қосылған жоқ.

- Еркеш...

- Тауықтың ұшқанын көргенім жоқ. Тек қораз ізінен қуып, мазасын алған соң, қораның төбесіне ырғып кетеді. Бар ұшқаны сол.

- Ім-м... Ұшты, ұшты, Мақсат ұшты.

Бәрі ішек-сілесі қатқанша күлді. Тоғыздың бірінің есімі – Мақсат еді. Әсіресе, Еркеш саусағын кезеп тұрып, рахаттана қалды.

- Еркеш, не болды?

- Дұрыс айтасыз? Өткенде Қисықбай атаның қорасына ұрлыққа түскенде Мақсатты ата көріп қалып қуған. Сонда Мақсат  қол-аяғы жерге тимей, ұшып отырып, үйіне жеткен. Ұшқанын сонда өз көзіммен көргем.

- Ім-м. Ұшты, ұшты, Казсат ұшты?

Балалар тым-тырыс қалды. Аузына су жұқпайтын Еркеште үн жоқ. «Ә, бәлем, таба алмадың ғой» дегендей, Майгүл аспанға танауын көтеріп, білгішсінгендей:

- Иә, Еркеш қолыңды көтересің бе?- деді.

- Казсат деген не?- деді Еркеш

- Білмейсің бе?

- Жоқ. Бірінші рет естіп тұрмын. Біздің ауылда ондай ат жоқ.

- Білмесеңдер айтайын, балалар. Казсат деген Байқоңырдан ұшқан қазақтың ракетасы.

- Сонда ол қандай мағына береді? Еркеш едірейе қарады.

- Ол... ол деген... ол... Каз деген қазақ, сат деген өзге тілден аударғанда ракета, сонда «қазақтың ракетасы» деген сөз. Майгүл табан астында тауып айтқан уәжіне кәдімгідей қуанып қалды.

- Қазақтың ракетасы болса, неге қазақша атау бермеген. Өз ракетамыздың атауын неге өзге тілден аударамыз.

- Ол модный сөз. «Казрак» деп айтуға ерсі емес пе? Рак деген жаман аурудың аты...

- «Сат» дегеннің де оңып тұрғаны шамалы. «Казсат» деген «Қазақты сат» дегендей көрінеді маған. Сондықтан ұшпай-ақ қойсын!

Еркеш ашуланып кетті. Ұлты үшін намыстанатын сияқты. Майгүлге аузын бұртитып, атып жіберердей тесірейе қарады.

- Жарайды. Осымен сабақ бітті. Жалғасы ертең. Қазір ойнай беріңдер. Ал, Казсатты тоқтата алмайсың, Еркеш. Ол ұшып кетті. Қатты ұшқаны сондай, аспаннан ағаларың таба алмай жатыр.

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған