Есектің еті
- Паһ-паһ-паһ, мына шашлыктың дәмдісін-ай! Тап маған арнап жасалғандай екен. Жеңеше, мәледес!
Мәстек буы бұрқырап алдына келген кәуапты алғаш көргендей майын ағызып-тамызып, апандай аузына тыққылап жатып айтқан сөзі осы болды. Әкесі сырадан өлгендей, «сары суды» сіміруі сары ала сиырдың шөлдеп келіп, бір науа суды тауысқандай кейпін көз алдына әкеледі дейсің жарықтық. Мәстек сонда да қояр емес.
- Паһ-паһ-паһ!..
«Иә, жей бер, бұл шашлык сен сияқтыларға арналған» деп, естілер-естілмес күңкілдеген кафенің иесі Шыбыш жеңгей миығынан күліп, бөлмеге ығысты. Онда да шашлыкқа жерік жуанқарындар толып отырған соң кері бұрылды. Есінен күйеуінің әңгімесі кетер емес.
Таңертеңгілік екі қап ет әкелген күйеуі: «Айал, мына етті жуанқарын байларға, шіренген шенеуніктерге, адамды қанап, арам ақшаға ие боп жүрген басшыларға арнайы алып келдім. Бүгін күн жұма. Олар жұмада мешітке емес, кафе-ресторандарға баратынын білесің ғой. Кешкілік біздің кафенің де оларсыз сәні кірмейді. Міне, мына ет соларға арналған. Шашлыкты қалай, қанша жасасаң да жетеді.
- Отағасы-ау, не айтып кеттің?.. Ерекше болатындай бұл ненің еті сонда?
- Есектің еті!..
- ...
Шыбыш жеңгей тілін тістеген күйі отыра қалды. Бұрын-соңды ептеп иттің етін, шошқаның майын шашлыкқа пайдаланатын ол мына сұмдықты естігенде денесі дір етті. «Есектің еті. Біреу-міреу ұшынып қалса. Не дейміз? Қой, шалды райынан қайтарайын».
- Мақұрым-ау, мынандай несібеміз еселеп тасып, еліміз қарыштап дамып жатқанда, есектің етін бергеніміз жарамас. Олар адам емес пе? Қойдың, иттің етін жей берсін...
- Айал-ау, мәселе сол адамның сортында болып тұр ғой. Қазірде жоғары оқу орнында оқитын, ақшасы көп жұмысқа орналасатын кімдер? Түкірігі жерге түспейтін байлардың, айтқанын орындататын шенеуніктердің балалары. Сен жүрген жоқсың ба, бір балаңды ақшаң жетпеген соң оқыта алмай. Ал, «оқып жатыр» деген байдың балаларының өздері оқымайды, ақшасы оқиды. Жұмыс істеп шікірейіп жүрсе де, сауаты мына сегіз жылдық менің білімімнен төмен. Өткенде бір анықтамамды анау Мәстектің баласы сауатсыз толтырып, соның кесірінен екі ай сандалып жүрген жоқпын ба арып-ашып. Есекбастар кілең. Оларға есектің етін ғана беру керек. Қойдың еті обал болады.
Мақұрым өз-өзінен жынданып, орнынан атып тұрды. Қой-қойлаған Шыбыштың сөзін тыңдар емес.
- «Несібеміз тасыды» дейсің. Есектің етін жегендерге кетіп жатыр несібеміз. Олар ертең несібемізді тауысып бітеді. Сосын қайда барасың? Ол кезде есектің де етіне зар болып қаласың. «Еңбегі адал, еті арам» есектің етін жеп үйренсін олар. Адал еңбектің қандай болатынын білсін. Еліне есектей еңбек етсе, қадірі болмай ма?
- Шал-ау, жетеме жеткізіп айттың. Жетер енді. Айтқаныңды екі етпей, бүгін «қадірлі қонақтарыма» есектің етінен шашлык жасап беремін. Ал, айлығы мардымсыз, тапқан табысы бұлай тартса, мына жағына, олай тартса, ана жағына жетпейтін қарапайым адамдарға қойдың еті бұйырады. Бітті!
- Жеңеше, ау, жеңеше!
Шыбыш жеңгейдің ойын Мәстектің барылдаған даусы бұзып жіберді.
- Жеңеше, тағы да маған арналған шашлыктан әкелсеңіз. Сосын сыра!
«Өзіне арналғанын білгеніне шүкір» деп, тісін ақситқан Шыбыш жеңгей дайын шашлыкты алып келуге кері бұрылғанда Мәстек келістіріп мақтап жатқан-ды:
- Паһ-паһ-паһ!..