Адам қарады: 508 | Жарияланды: 2017-06-10 01:46:09

Айт, айт, әкім, айт, әкім!

Осы әкімдер тағайындалған орнында неге ұзақ отырмайды? Астарынан бақа шыққандай, көздері бақыраяды да жүреді. «Қайтып келген қыз жаман» дегендей, кей тағынан шошынған әкім-қаралардың уақыт өте келе бұрынғы жұмыстарына ұялмай қайтып баратынын қайтерсің?! Әсіресе, осындай індет ана бір жылдары біздің қаланы жайлап, қайран әкімдердің бастары олай да бұлай «домалаған». Қазір де жетісіп тұрғаны шамалы. Ізінен бір уыс топырақ шашып, ит қосып қуған «жеңіл-желпі» әкімдеріміз дәу әкімнің қолтығына тығылып, әйтеуір, бір жайлы орынға орналасып алады. Осындайда кімнің кім екенін білмей қаласың. Бір-екі жыл отырып, тайып тұратындарға күдікпен қарайтынды шығардық. Я тойып, ықылық атып кетті, я бірнәрсені бүлдіріп, артын былғап кетті. «Сондықтан ондай күдіктен арылу үшін не істеу керек?» деген оймен үш күн, үш түн ұйықтамай, ақыры бір амалын таптым. Ол үшін ауданға, қалаға, тіпті облысқа келген шенеуніктің кәдімгідей келін секілді бетін ашып, жұмысқа кірістіру керек. Сосын сынап көр, қайда барады екен? Әкімің ақ келіндей сызылып, елге иіліп сәлем беріп тұратын болады.

Сонымен әкімге арналған беташардың қысқаша нұсқасы былайша өрбиді:

Уа, халайық, бет аштым!

Домбыра алып қолыма.

Кілем төсеп қояйық,

Жаңа әкімнің жолына.

Елдің қамын ойласаң,

Айың туар оңына.

Жемқор болсаң егер де,

Арызқой түсер соңына.

 

Үлкен келсе алдына,

Шіреніп тұрмай, қолын ал.

Кіші келсе, кісімсіп,

Тұрма, қарсы ал оны да.

Алдына барған адамның,

Баға берме тонына.

Жұмыс іздеп келгеннің,

Көп қарама қолына.

 

Командаңды жасақтап,

Сырттан кадр іздеме.

Осы жердің маманы

Жатқан жоқ текке іргеде.

Қуамын деп масаны,

Таланып қалма бүргеге.

Істің жайын білетін

Қарап қой мынау бізге де.

Пара үшін қол бұлғап,

Кетіп қалма түрмеге.

Сондықтан да әкімім,

Абырой керек сізге де,

Абырой керек бізге де.

 

Айт, айт, әкім, айт, әкім!

Райыңнан қайт, әкім!

Жемқорлардан сақ әкім,

Бұйырған осы тақ әкім.

Тағына ұзақ отырып,

Еліне шындап жақ әкім.

Сараң байдың қалтасын,

Кедей үшін қақ әкім.

Жұмыссызбен күресіп,

Оның да көңілін тап әкім.

 

Ал, әкімім, әкімім,

Әкім боп жүр ақырын.

Жақсы әкім әр кезде,

Көп ойлайды пақырын.

Жаман әкім өзіне

Көп тартады жақынын.

Шені үлкен келгенде,

Жалтаңдама әкімім.

Қара халық алдында

Талтаңдама әкімім.

Тайқазанның қаржысын

Сыға берме, әкімім.

Құлқыңды ойлап, қалтаға

Тыға берме, әкімім.

 

Үлкендер мен кішілер,

Деп отырмын түсінер.

Жаңа әкімді көріңдер,

Көрімдігін беріңдер.

Шұбар төс, шойын қара емес,

Сөз білмейтін бала емес.

Ыржың-ыржың етіп тұр,

Жаңа әкімге мәледес!

Ақыл айтсам, ұғып тұр.

Сөз-сойылдан бұғып тұр.

Жаңа әкімге жақпайтын

Осы бастан шығып тұр.

 

Ал, әкімім, әкімім,

Сіз де бері келіңіз.

Айтқан сөзге сеніңіз.

Ала да бар, құла бар.

Өз көзіңмен көріңіз.

Ашыла берсін бағыңыз,

Құтты болсын тағыңыз!

Осы бастан жағыңыз,

Үлкен менен кішіге

Иіліп сәлем беріңіз!

Халқыңызға мың сәлем!

Қазақ тілінде жазылған