Елімнің ертеңі
Фантастикамен әуестенушілердің республикалық жиыны өтіп жатыр.Жиынға елімізге әйгілілермен қатар осы жанрға жаңа ғана қалам тарта бастаған селеу мұрттылар да қатысып отыр. Анығын айтсақ, қазақ атамыздың барлық бетке ұстар қиялдағыш көрегендері бас қосты мұнда.Мәжіліс қазақ фантастикасының қазіргі жәйі және болашағы туралы мәселені үтір, нүктесіне дейін талдап талқылады. Салиқалы пікірлер мен орынды ұсыныстар айтылып, алдағы шығармашылық іске бағдар жасалды. Жиынның талқылайтын негізгі мәселесі фантастар қатарына мүше қабылдау екенін естігенде залдағылар бір дүрлігіп қалды.Орынды қойылып отырған мәселе!
Шындығына қалғанда, қазақ топырағында фантастикамен айналысушылар бүгінгі таңда саусақпен санарлық.
Мүшелікке үміткерлерге қойылатын шарт та хабарланды: талапкер айтар ойын алты минут уақытқа сыйғызып, жиын алдында бүгінгіден тура 33 жыл ілгері озып, XXI ғасырдың дәл ортасы биігінен сөйлеуге тиіс.
Қазылар алқасы орындарын алуда. Мына шартқа қарсы қандай жүрек жұтқан бала алар екен дегендей, отырғандар бір сәтке тына қалысты.
Алғашқы болып өлкеміздің қиыр батысындағы Нарын құмы астындағы мұнайын ақтарып жүрген инженер Халықов Асылбек сөз алды.
- Өткен XX ғасыр ғылымның, техниканың қарыштап дамыған дәуірі ретінде адамзат тарихынан ерекше орын алатыны бәріңізге белгілі - деп, бастады сөзін Асылбек.
- Ал, XXІ ғасырдың алғашқы жартысы адамзаттың ақыл – парасатының шексіздігіне көз жеткізді. Дүлей күшті бағындырып, асау табиғаттың бар байлығын бейбіт игілікке пайдаланудың жолын ашқан, алғыр ой мен алып күштің бір ғана энергия көзін ашудағы жетістіктері қаншама!
- Ғасырлар тоғысы - 2000 жылдарға ат басын тірей бере, планета қойнауындағы барлық байлық алақанда болған еді – деп, жалғастырды сөзін ол.
- Тас көмір, мұнай, табиғи газ сияқты отын түрлерінің бұрын белгісіз болып келген тау – тау қорлары ашылды.Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан шыға бере ту тіккен бейбіт мақсаттағы атом отауының орны бір бөлек. Энергия жөнінен тапшылық төбесі әзірге көрінер емес. Бірақ, адамзат бүгінгі өмірін ойлап, ертеңіне қам жасамай қалған ба?!
Қанша мол дегенмен отын қорының да шегі бар. Күн санап өсе түскен тұтынудың қажетімен есептегенде, түбінде энергияның жаңа, оның ішінде, мол қорын – сарқылмас көзін іздеу керектігі сол кездің өзінде – ақ белгілі болды.
Өндірістің қарыштап дамуымен қатар одан бөлінетін зиянды қалдықтардың да еселеп көбейетіні түсінікті. Елдегі жылу электр станциялары, қаладағы, ауылдағы жылыту орталықтарынан бөлінетін түтіндер, мұнай өнімдерін пайдаланатын машиналардан шыққан улы газ, олардың санының өсуі атмосфераның ластануын қатерлі деңгейге жеткізді. Нәтижесінде Жер бетінде кенеттен болатын табиғи апаттар көбейді. Жұмыр жеріміздің тұрғындары өз ақыл – ойының жемісін парықсыздықпен өзіне қарсы қойып алды. Бүлінген экология тіршіліктің жүйкесін жеп, оның қалыпты тепе - теңдігін бұза бастады.
Сөйтіп , өндірістік зиянды қалдықтарды залалсыздардырып оны кадеге жарату жолын іздеуді, электр қуатын өндірудің табиғи арзан жолдарын игеруді, сондай - ақ жанармайдың зиянсыз түрлерін табуды өмірдің өзі алға қойды.
Жер тұрғындарының тағдырына ортақ аталған әлемдік проблемалардың оңтайлы шешілуіне еліміздің астанасы – Астана қаласында 2017 жыл ұйымдастырылған ЭКСПО–17 халықаралық көрмесінің зор пайдасы болды.
Әлемнің түгелге жуық елдері көрмеде өздерінің бар жетістігін көрсетті, тәжірибелер алмасты, идеяларымен бөлісті. Ақылдасып пішілген тон келте болмады.Көп кешікпей әлем елдері Қазақстан бастаған жасыл экономика көшіне ілесті.
Сан ғасырлар бойына тіршілік қауымындағыларға өз сәулесімен нәр беріп келген Күн көзі энергиясы мен Жер – Ана қойнауының жылу қоры ғалымдардың назарын аударды. Күн тіршілік көзі ретінде баршаға мәлім. Жерге 1 минут ішінде Күннен келетін энергия планетамыздағы барлық тас көмір қорын жаққанда алынатын энергияға тең екен! Ал Жер қойнауының 10 км лік қабатындағы жылу планетамыздағы барлық ашылған отындар қорының энергиясынан сан мыңдаған есе артық екен! Байтақ даламыздың жел жиі болатын аймақтарынан арзан энергия алу жолдары зерттелді .
Міне, осы шалқып жатқан сарқылмас қуат көздерін игеруге адам баласы білекті сыбанып, кірісіп кетті деп көз алдыңызға елестете қойыңыз да, нәтижесін қараңыз:
2040 – жылдардың өзінде – ақ геотермиялық (жер асты) жылумен жұмыс істейтін геоГЭС –тер мен күн батереяларынан қуат алатын қондырғылар Қазақстанның Оңтүстік аймағын электр энергиясымен толық қамтамасыз етті. Экономикалық тиімділігі де айтарлықтай. Ірі ГЭСтердің біреуін ғана салуға кететін шығынға геоГЭСтердің бесеуін тұрғызуға болады екен!
Бір кезде дүниені тұйыққа тіреген транспорттағы жанармай қалдығының экологиялық зияндылығы бүгін толық шешімін тапты. Алғашқы кезде транспортта отын ретінде бидай мен картоптан алынатын биоотын – бетонол қолдандық. Бұл отын қымбатқа түсті. Оның үстіне планета халқының біраз бөлігі жартылай аш отырғанда тамақтың атасы бидайды өзге мақсатқа пайдалану қисынсыз болатын. Енді күн сәулесі ықпалымен өсімдіктен бөлінетін сугегінің металданған гидридін кеңінен пайдалана бастағанбыз. Бұның да шығыны аз емес еді. Кейін, жер қыртысындағы таза сутек қоры табылғаннан бері, отынның бұл түрі өте арзанға түсіп отыр.
Бүгінгі күні елімізде пайдаланылатын энергияның жартысына жуығы Күн жылуынан, бестен бірі желді аймақтан, қалғаны жер асты жылуы мен құлама су қуатынан өндіріліп отыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, бүгін энергия өндіруде экологияға еш зиян келтірілмейді.
Күн және жел энергияларын және жер асты жылуын, сондақ–ақ танспортта арзан сутегін пайдалану үстіміздегі ғасырдың ортасында адамзатты аландатқан, ауаны улы түтіннен тазарту проблемасын да түбегейлі шешіп берді – деп аяқтады әңгімесін қияли әңгімешіміз.
Тыңдаушы көпшілікке Асылбек жөніндегі ойын қорытып үлгертпестен, мінбеге солтүстіктің атақты диханы атанған қадірменді Нұрғали қарттың немересі, Темірбайтегі Серғазин Айдар көтерілді.
– Республикамызда ауыл шаруашылық дақылдарынан қазіргі алынып отырған өнім қанағаттанарлық па, өнімді одан әрі молайтудың жолы бар ма? – деген сұрақ мамандармен ғалымдарды өткен ғасырда – ақ ойлантқан болатын – деп, ол айтар ойын жинақтайын дегендей сәл тыныс алды да, тез – тез сөйлеп кетті.
- Статистика есебіне қарасақ Республикамыздағы 35 млн гектардан астам егістік жерден алынатын сол кезгі өнім көлемі XXI ғасыр басында Қазақстанның өз тұтынуынан аз артатын шамада екен.
Алтын дәннің қоймасы атанған өлкеміздің бар мүмкіндігінің шегі миллиард ғана болғаны ма?! Жан – жақты ізденіс ғылыми зерттеу жұмыстары басталып кетті.
– Мал басын өсіре түсу жоспарланып отырғанда – деді,одан әрі Айдар, – өлкеміздегі жайылымдық жерді бұрынғы мөлшерінен кемітуге болмайтын еді. Сондықтан өнімді молайту жолын егістік жер көлемін кеңейтуден іздемей, әр гектардан өнімді мүмкіндігінше көп алу жолына баса назар аударылды. Жалпы алғанда, бұл мәселедегі ғалымдар ізденісі негізінен мына 3 бағытта жүргізілді:
- Егіншілік жұмысындағы кемшіліктерді ашу және оларды жою жолдарын табу.
- Қуаңшылыққа қарсы күрес.
- Өнімді молайтудың басқа ғылыми жолдарын іздестіру.
Алдымен егіс жұмысындағы кемшіліктер зерттелді. Жер шарындағы егілетін дақылдардың 20 пайызын зиянды жәндіктер мен әртүрлі өсімдік аурулары ысырап етеді екен. Әрбір өндірілген 100 ц бидайдың 20 сы ысырап болғаны ғой. Бидай зиянкестеріне қарсы ғалымдар тобы әдейі күресті бастады.
Сонымен бірге, ол кезгі өнім табиғат жомарттығына да, жер бетіне түсер ылғалдыққа тәуелді болатын. Сондықтан әр гектардан түсер бидайдын орташа өнімі 10–15, ал жекелеген құнарлы алқаптарда 20–23 ц ден аса алмаған еді ол жылдары.
- Қуаңшылық пен күресте – деп, жалғастырды сөзін дихан – гидрогеология ғылымы көмекке келді. Өткен ғасырдың сонау 30– жылдарында кеңес ғалымдары « теңіз» деп атаған жоғары сапалы жер асты суларының ғалым У.М. Ахметсафин жасаған картасына көз жіберсек өлкемізде 7,5 триллион текше метр су қорының жабулы жатқанын көреміз.Оның үстіне профессор В.И. Куделиннің есебі бойынша жер асты сулары атмосферадан түсетін ылғалдан жыл сайын 40 миллиард текше метрге молаяды екен. Жеткілікті су қоры табылғаннан кейін, республикамызда 2030 жылдары 15 метрден 500 метрге дейінгі тереңдіктен скважиналар күніне 10 мың текше метрге дейін су шығарып, егістікті қамтамасыз ете бастады. Жер астының мол суы бұрын пайдалануға жарамсыз болып келген шөл даладан жайқалған жайылымдар жасап мал шаруашылығына пайдаланып келген жерден егістікке қолайлы 28 миллион гектарды босатып берді. Сөйтіп күтпеген жерден егістік көлемі екі есе артты!
Егістікте арам шөппен күресте ғалым Әбдімәлік бастаған ғылыми топ тамаша жаңалық ашты. Олар жасаған ЭД–1 препараты дән себілер алдында арамшөпті тамырымен күйдіріп, кейін топырақта аз уақыт ішінде жоғары сапалы тыңайтқышқа айналады.
Егін шаруашылығына атом да көмекке келді. Тұқымына ядролық сәулемен әсер етілген бидай ешқандай өсімдік ауруына ұшырамай әдеттегіден 1,7 –2 есе артық өнім беретіндігі дәлелденгесін – ақ, көзге көрінбес атом сәулесімен жұмыс істейтін радиациялық қондырғылар жасалып, тұқым атом құшағында яровизацияланатын болды.
Біздің қазіргі радиациялық қондырғыларымыз ыдырау мерзімі ұзақ изотоптарды пайдаланып, 50–70 жыл бойына сырттан жем тілеместен , үздіксіз жұмыс істей алады!
Рентген сәулесіне ұстау арқылы республикамыздың климаты жылы облыстарында картоп егістігінен бір маусымда 3 рет өнім алуға қол жеткіздік.
– Сөйтіп егістікте су молшылығын жасаумен, құдіретті атом көмегімен, зиянкестермен күрестің тиімді жүйесін енгізумен дихандарымыз үстіміздегі 2050 жылдың күзінде Отан қоймасына 35 миллиард 915 миллион пұт астық құйды!– дегенде, сөйлеу уақыты аяқталды деген белгі де берілді.
Көпшілік аз тыныстағалы үзіліске шықты. Фантастар жиыны әлі жалғасады. Оның есігі Сіз үшін де ашық.