Адам қарады: 135 | Жарияланды: 2017-06-11 18:56:11

Бөріжал

   Ықылым заманда қазақ жерінде Орман батыр деген адам өмір сүріпті. Ол бейбіт күнде ауылдағы халықты аң аулап, егін егіп асырайды екен.  Ал жаугершілік заманда қолына бес қаруын алып, елі мен жерін қорғайтын ержүрек батыр болыпты. Ол өте жомарт еді. Соғыста олжалаған дүние-мүлікті, орманнан аулаған аң-құсы етінің көбін ауылдағы кедей, баласы көп адамдарға таратып береді екен. Сөйтіп, ол үнемі елге көмектесіп, есімі алыс-жақын аймаққа таралыпты.

  Орман батырдың Жермайса деген әйелі болыпты. Батыр тоғайға аң аулауға бірнеше күнге кеткенде әйелі толғатады. Тура сол кезде бір қасқыр келіп, оның саусақпен санаулы ғана жылқыларын бірінен соң бірін жеп кетеді. Жермайса сыртқа шығуға қорқып, қатты шошығаннан балалары шетінеп кете беріпті. Жыл сайын осы оқиға қайталана береді. Қасқыр әуелі Орман батырдың сауық-сайранға мінетін Ақ атты, сосын жер жыртуға шегетін Көк аттың ішін жарып кетіпті. Үшінші рет мал баққанда мінетін Жирен жабағыны, төртінші рет бәйгеге шабатын Қара торы жылқыны жеп кетіпті. Орман батыр қатты ашуланып, әлгі қасқырды ұстап, өлтірмек болады. Қорасына барып қараса, жауға шабатын, өзі буаз Ақ маңдай аты ғана қалыпты. Амалсыз қару-жарағын асынып, жыл сайын бір жылқысын жеп дәнігіп алған қасқырды ұстауға жаяу аттанады. Екі күн жүріп, үшінші күн дегенде қасқырдың апанын тауып алады. Апан таудың баурайында екен. Орман батыр үңгірге кірсе, қасқыр жоқ, төрт бөлтірігі ғана жүр. Батыр оларды қапқа салып, аузын буып тастайды. Үңгірдің ішіне от жағып, қасқырды тосып отырады. Көп ұзамай қасқыр да көрінеді. Ол үңгірден түтін шыққанын көріп, жанұшыра жүгіріп келеді. Қасқыр-ана келе сала адам тілінде сөйлеп кетеді.

- Ей, Орман  батыр! Менің бөлтіріктерімді босат! – дейді айбат шегіп. Орман батыр қасқыр-ананың көздеріне қараса, оттай қызарып тұр екен. Бірақ батыр саспайды, бөлтіріктер салынған қапты лаулап жанып жатқан оттың үстіне апара беріп:

- Сен менің төрт баламды тумай жатып, шошытып өлтірдің. Соның орнына төрт бөлтірігіңді отқа тастаймын, - дейді қаймықпай қасқыр-ананың көзіне тесіле қарап.

- Бөлтіріктерімді өлтіре көрме! Отқа тастама! – деп жалынады қасқыр ана. – Олардың еш кінәсі жоқ.

- Жарайды, оларды қазір өлтірмеймін. Оларды өзіммен бірге алып кетем. Үлкейген соң терілерін сыпырып алып, сатып жіберем. Өйткені, сен менің төрт жылқымды жеп кеттің. Бөлтіріктерің жылқыларымның құнын өтейтін болады, - дейді Орман батыр. Қасқыр-ана жақындай түсіп, аянышты жүзбен:

- Жоқ, балаларымды өйтіп қинамашы! Мен олардың анасымын! Балаларымның қиналып өлгенін көргім келмейді. Сен не айтсаң да орындайын, - дейді.  

- Сен осы төңіректегі Сараңбайдың мыңғырған жылқысын көрмей, менің азғантай жылқыларыма тісіңді батырдың. Соның себебін білгім келеді, - дейді Орман батыр.

- Сен жылқыларыңды адал еңбекпен, маңдайыңды терлетіп таптың. Сондықтан бөлтіріктеріме адал адамның асын жегізгім келді. Ал Сараңбай мыңғырған жылқысын еңбекпен тапқан жоқ. Ол түнде адамдарын көрші ауылдарға жіберіп, мал иелеріне білдірмей жылқыларын барымталап айдап әкетті. Өсімге бір мал беріп, он мал қылып қайтарып алды. Өмір бойы алдап-сулап дүние жинады. Бірақ жинаған мал-дүниесі оған пайда бермейді. Биыл қыста жұт болып, бәрі қырылып қалады.

- Сенің айтқан сөздеріңе қалай сенемін? Сен осының бәрін бөлтіріктеріңді қайтарып алу үшін айтып тұрсың. Мен саған жылқыларымды жеп кеткенін үшін ғана емес, әйелімді шошытып, баларымның тумай өлгені үшін келіп тұрмын.

- Сенің әйелінің шошитын әдеті бұрын пайда болған. Әйелің ауыр аяқ кезде түнде суға барып, қатты шошынып қалған. Оны жын-пері иектеп алған. Одан туған балалар бәрібір ақыл-есі кем, денесі кемтар болып туар еді. Екеуің өмір бойы ауру бала тәрбиелеп, өздерің ерте қартайып, дертке душар болар едіңдер. Мен соны білдім де, әйеліңді әдейі шошыттым. Садақа ретінде жылқыларыңды жеп кеттім, - дейді Қасқыр-ана.

- Сонда бізге көмектеспек болдың ба? – дейді Орман батыр.  – Мұны қалай түсінуге болады? Егер сен балалардың әлжуаз болып туатынын білсең, бұл дерттен құтылудан да жолын білетін болдың ғой?

- Иә. Мен қазір екі омырауымдағы сүтті саған берем. Оң жақ омырауымдағы сүтті әйеліңе бер, ол шошымадан құтылып, саған шекесі торсықтай ұл туып береді. Ал сол жақ омырауымдағы сүтті құлындағалы жатқан биеңе бер, сонда жерде жүгірген аң, көкте ұшқан құсқа жеткізбейтін  тұлпар туады, - дейді Қасқыр-ана.

- Жақсы, - дейді Орман батыр. – Бөлтіріктеріңді босатайын, егер айтқандарың өтірік болса, сені жердің түбінен болсын тауып аламын. Сол кезде менен жақсылық күтпе!

  - Әйелің сүтімді ішкен соң, ішіндегі бала менің бөлтіріктерімнің бауыры болады. Міне, мына төрт түрлі қылды ал. Егер балаң қиындыққа тап болса, көмегі тиер. Ақ қыл – менің үлкен бөлтірігім. Ақ қылды қолымен үйкесе, жер бетінде ақ түтек боран соғады. Қара қылды үйкесе, қара құйын соғып, теңізде үлкен дауыл тұрады. Сұр қылды үйкесе, жер сілкініп, қарс айырылып кетеді. Ал, көк қылды үйкейтін болса, онда аспаннан найзағай жарқылдап, жерге жай оты түседі. Бірақ бұл өте қауіпті, сондықтан мұны өте қажет кезде ғана қолданған жөн, - дейді Қасқыр-ана.

  Қасқыр-ана қос омырауынан сүт ағызып, батыр жол азығы үшін алған қос торсыққа толтырып береді. Батыр бөлтіріктерді босатады. Қанша жыртқыш болса да, қасқыр-ана бөлтіріктерін бауырына басып, еркелетеді.

  Орман батыр үйіне келген соң әйелі Жермайсаға орманнан алып келген сүтті ішкізеді. Әйелі мұндай тамаша дәмді сүтті өмірі ішіп көрмегенін айтады. Сосын қорадағы биеге сүт береді. Көп ұзмай әйелі торсық шекелі ұл туады. Қорадағы бие де көздері оттай жанған құлын табады. Орман батыр мен Жермайса баланың атын - Бөріжал деп қояды.  Бала бір айда – бір жасар, он айда – он жасар бала болып, тез өседі. Ауылдағы адамдар желкесі күжірейген баладан қорқып, балаларын бірге ойнауға жібермей қояды. Қариялар батырға келіп; «Бұл бала тегін емес. Елге бір зияны тиіп жүрмесін. Бір жылға жетпей таймен жарысқан бала көргеніміз жоқ. Ел-жұрт шулап жатыр. Сендер бұл баланы жеке баққандарын жөн болар» дейді. Орман батыр отбасымен бірге Қаратауға көшуге бел байлап, киіз үйін жығады.  Сол кезде Орман батырдың есіне Қасқыр-ананың айтқаны түсіп, халықты жинап:

- Уа, халқым! Қыс қатты болады. Отын-суларыңды қазірден дайындап, қысқы соғымдарыңды молырақ етіп сойып алыңдар. Әлі ешкім көрмеген жұт болады. Малдарыңды жертөледен шығармаңдар. Жертөлені кеңірек жасап, шөпті сонда жинаңдар. Астықты қамбаға жасырыңдар, - дейді. Батырдың сөзін кедейлер ғана тыңдайды. Сараңбай бұған күліп:

- О, заманда, бұ заман, шөпті жертөлеге жинағанды кім көрген? Орман батыр өкпелеп, елден еріксіз көшетін болған соң айтқан ғой, - деп құлақ аспай қояды.

  Сөйтіп, Орман батыр  мен Жермайса бір атқа, Бөріжал ұлы тайына мініп, Қаратауға барып, бір үлкен үңгірдің жанына киіз үйін тігеді. Сол жылы қыс қатты болып, елді алапат жұт жайлапты. Сараңбайдың жинап қойған мая-мая шөбін алапат дауыл аспанға көтеріп, айдалаға ұшырып әкетіпті. Шөп жемеген мыңғырған жылқы мен қой аштан қырылып қалады. Бай өлейін деп жатқан екі-үш жылқыны әрең дегенде бауыздап үлгеріпті. Жел артынан ақ түтен боран болып, малдың өлекселерін қармен көміп тастапты.

    Көктемде қар кеткенде қараса, Сараңбайдың бірде-бір малы қалмапты. Арам өлген малдарын ит-құс жеп, ауылдың маңы сүйек-саяққа толып кетіпті. Бұл кезде кедейлер жертөледен жаңа қоздаған қой-ешкісін, азын-аулақ сиыр мен жылқысын шығара бастайды. Мұны көрген Сараңбайдың қызғаныштан іші өртенеді.

-  Қап, әттеген-ай! Орман батырды тыңдауым керек еді, сонда малым аман қалар еді, - дейді. Енді оны малшылары да, жалшылары да тыңдамапты. Сараңбай кедейлерге келіп:

- Малдарыңды маған сатыңдар, мен сендерге жарты қап күміс берем, - дейді. Кедейлер малын сатқысы келмейді.

- Ендеше, бидай мен арпаларыңды сатыңдар, мен сендерге бір қап алтын беремін, - дейді бай амалы таусылып.

- «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген бабаларымыз. Саған ештеңе сатпаймыз, - дейді кедейлер. Бай ашуланып:

- Мен әлі сендерге көрсетемін! – деп жұдырығын түйіп, басқа жаққа көшіп кетеді.

   Бұл кезде Бөріжал алпамсадай азамат болыпты. Әкесі оған садақ ату, найза лақтыру, шоқпар сілтеу, сүңгі бойлату, қылыштасу секілді бес қаруды үйретеді.

- Ал,  балам, сен енді ел қорғауға жарап қалдың, - дейді әкесі. – Міне, бұл төрт қылды ал. Мұны маған қасқыр-ана берген. Анаң сені туарда қасқырдың сүтін ішкен. Сол сүт сенің бойыңа дарыған. Бұл төрт қылды үйкелесең болды, сенің жалды бауырларың көзді ашып-жұмғанша саған көмекке келеді. Бірақ мұны орынсыз қолданба, қиындық туғанда ғана кәдеңе асыр, - дейді Орман батыр.

- Жақсы әке,  - дейді Бөріжал.  – Сенің өсиетіңді ұмытпаспын!

  Арада біраз жылдар өтеді. Орман батыр қартайып, аң аулауға баласы шығатын болыпты. Бірде Бөріжал аң аулап жүргенде өзіне қарай шауып келе жатқан бір баланы көреді. Ол аттан секіріп түсіп, Бөріжалдың жалына қарап таңырқап, қос қолдап сәлем береді.

- Ассалаумағалейкум, Бөріжал аға! Мен –Айбармын.

- Амансың ба, батыр. Ауыл-аймақ, мал-жан  аман ба?

 -Аға, елді жау шапты! Жан-жағымыздан жау қаптап, қазақтың жерін, қалаларын басып алып, ойран салып жатыр. Мен бұрын сіздер тұрған ауылдың баласымын. Ауылда қарттар мен балалар ғана қалды. Бәрі соғысқа аттанып кетті. Бізді жаудан қорғайтын сарбаздар азайып қалды. Тірі қалғандары жаралы. Осыны пайдаланып жау қазақ қыздарын күшпен әкетіп, өздеріне әйел қылмақшы. Менің әпкем Құмсағызды да алып кетті, - дейді бала мұңайып.

- Қиын болған екен, - дейді Бөріжал. – Сен батыр, еңсеңді түсірме! Бір амалын қылармыз.

-  Бөріжал аға, жау қырық құрбысымен бірге сейілге шыққан ханның қызын да алып кетіпті. Хан «Елімді жаудан құтқарып, қызымды қайтарған адамды мұрагер қылам» деп жарлық шашыпты. Мен Орман батырды іздеп келіп едім, - деді бала.

- Әкем үйде, кәрілік жеңіп науқастанып жатыр, - дейді Бөріжал.

- Үлкен кісіге сәлем беріп, көңілін сұрайын, - дейді бала.

- Иә, мұнын жөн екен. Үйге кіріп, дәм татып кет, - дейді Бөріжал.    

   Екеуі үйге кіреді. Бала Орман батырмен амандасып, мән-жайды баяндайды.

- Балам, еліміз бен жерімізді жау шауып жатыр екен, қолыңды жай, ақ батамды берейін. Мен қартайдым. Ел мен жерді сенің қорғайтын уақытың келді, - дейді Орман батыр.

- Әке, мен Отанымды әрқашан қорғауға дайынмын! –дейді Бөріжал.

- Ендеше, еліне қорған бол! Әумин! – дегенде батыр бетін сипайды. Айбар бауырсақ жеп, айран ішіп алған соң Бөріжал:

 - Сен бара бер, мен ханға жолығып, жауға қарай аттанамын, - дейді. Бала ауылына қарай шаба жөнеледі. Батыр жолға азық-түлігін, қару-жарағын сайлап, ханға келеді. Ханның күзетшілері Бөріжал батыр келді деген соң көп бөгелмей есік ашып, уәзірлері Тамырханмен кездестіріпті.

-  Сен кімсің? Жөнінді айт, - дейді хан.

- Мен – Бөріжалмын. Орман батырдың ұлымын. Біз елден жырақтап отауға қарай көшіп кеткенбіз. Елге жау тиді деген соң отыра алмай, мән-жайды білейін деп сізге келдім, - дейді.

- Менің алдыма сен секілді мың батыр келді. Бәрі де еліміз бен жерімізді құтқармыз деп, жауға аттанып, қайта оралмады. Сенің олардан артық нең бар? - дейді хан.

- Хан ием, міне мынау ғана, - деп үстіндегі сауытын шешіп, күжірейген жалын көрсетеді. Қасқырдың жалын көрген хан шошып кетеді. Бірақ қорыққанын білдіргісі келмей:

- Жаудан ықтырмайтын жалың, жеріңді сүйетін жүрегің бар екен. Сені де байқап көрейік. Жау жан-жақтан қыспаққа алды. Оңтүстікте – Алып жыланқұрт, шығыста – Алып шаян, солтүстікте – Алып үш аю, ал батыста – Алып қарақұс бар. Менің алдыма келіп, хандықтан дәметіп, қызыма үйленгісі келген батырлар қайтып келмеді. Егер сен жауды жеңіп, маған дәлел әкелсең, саған қызымды қосамын, - дейді хан.

- Сіз қазақ жерін жаудан азат етіп, елімізде қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман орнату жолында жан аямай жаумен шайқасуға серт беремін, - деді батыр. Хан Бөріжалдың сөзіне риза болып:

- Жолың болсын! Жауды жеңген соң бірден сарайыма кел, - дейді.

   Сөйтіп, батыр Бүртабан атты тұлпарымен солтүстіктен келген жауға қарай зулайды. Барса, адамдар жау әскерімен шайқасып жатыр екен. Есепсіз аяғы бар, жалғыз қызыл басты, үсті қара, екі құйрығы бар Алып жыланқұрт адамдарды артынан келгенін буындырып, алдына келгенін қылғытып жұта беріпті. Жан-жағына қараса, әскердің бәрі қырылып, жалғыз өзі қалыпты.  

- Ей, ебедейсіз кішкентай жыланқұрт! Мен – Бөріжалмын! Мықты болсаң, менімен шайқас, - дейді оны ашуландырып.    

 - Бөріжал деген сен бе, мен сені қазір жеп қоямын! - деп тұра ұмтылады.

    Бөріжал тұлпарымен құйғыта келіп, Алып жыланқұрттың кеудесіне найза қадайды. Бірақ ол өлмей, алға жылжи береді.  Батыр тұлпарымен әрі-бері зуылдап, садағымен жаудың аяқтарына жебелерін қадай бастайды. Бір уақытта Алып жыланқұрттың жүрісі баяулайды. Осы сәтте Бөріжал ақ қылды қалтасынан шығарып, үйкеп қалғанда кенеттен қатты қыс болып, алай-дүлей боран соғады. Көктен қара жердің бетіне жауын жауып, мұз болып қатады. Жаудың аяқтары түгел қатып, жүре алмай қалады. Ақ бөрі пайда болып, Алып жыланқұрттың құйрығын талай бастайды. Осы сәтте Бөріжал қайқы қылышымен жыланқұрттың айыр тілін, сосын аяқтарын бірінен соң бірін шаба бастайды. Бір кезде Алып жыланқұрт гүрс етіп жерге құлап, мерт болады.  Бөріжал ақ қылды қайта сипағанда, ақ қасқыр көзден ғайып болып, түк болмағандай қайтадан жаз шығады.

   Бөріжал екінші жаудың шығыстағы мұхитта екенін естиді. Қоржынындағы қымызды сіміріп алған соң жау жаққа қарай шаба жөнеледі. Жау дегені екі басты, төрт қысқыш қолы бар, Алып шаян екен. Алып шаян қысқыш қолдарымен батырды ұстап алып, қысып өлтірмек болады. Сол кезде батыр сол қолындағы қалқанын Алып шаянның қысқыш қолдарының арасына қыстыра қояды.

-  Бөріжал деген сен болдың ғой?! Қазір сенің беліңді қысып, екіге бөліп тастаймын,  - деп мақтанады.

- Алдымен менің қалқанымды бөліп ал, - дейді Бөріжал. Алып шаян күшін көрсетпек болып мақтанып, бар күшімен болат қалқанды қатты қысады. Сол кезде батыр Алып шаянның қалқан қысқан қолына сүңгісін бойлатып жібереді. Алып шаян ойбай салып, қолдарын аша алмай, теңізге қарай қаша жөнеледі. Осы сәтте Бөріжал қара қылды үйкеп қалғанда кенеттен теңізде қатты дауыл тұрып, Алып шаянды жағаға қарай лақтырып жібереді. Қара қасқыр пайда болып,  Алып шаянның  тамағынан ала түседі. Батыр омақаса асқан Алып шаянның қолдарын бірінен соң бірін шауып түсіреді. Қансыраған Алып шаян сол сәтте жантәсілім етеді. Бөріжал қара қылды қайта сипағанда теңіз тыншып, қара қасқыр ұшты-күйлі жоғалады.

  Бөріжал аз уақыт тынығып, қоржынын ашып, шешесі Жермайса пісіріп берген қазы-қартаны жеп ауқаттанып алады.  Енді ол Бүртабан тұлпарымен солтүстікке қарай көзді ашып-жұмғанша жетеді. Мұндай бойы алты қарыс, тірнақтары сояу үш аю ауылдарды жайпап, кәрі-жас демей қырып жатыр екен. Батыр садақпен қанша жебе атса да, аюлардың қатты терісінен өтпепті.

-  Бізге ешкім қарсы тұра алмайды, біз жеңу мұмкін емес, - дейді аюлар.

- Ендеше, Бөріжал деген адаммен шайқасып көріңдер, - дейді батыр.  

   Бөріжал оларды құлатудың амалын ойлап, сұр қылды үйкепті. Сол кезде қара жер дүр сілкініп, жарыла бастайды. Аюлардың аяғы жердің жарығына кіріп, кептеліп қалады. Әрі жердің қатты тербелісіне шыдай алмай, етпетінен жерге гүрс етіп құлайды. Кенеттен сұр қасқыр пайда болып, аюларды талай жөнеледі.  Бөріжал болса аюлардың басын шауып тастайды. Сұр қылды қайта үйкегенде қасқыр көзден ғайып болып, жер қайта жабылып қалады. 

    Бөріжалға батыста екі басты, төрт қанатты қарақұс адамдарды көкке іліп әкетіп, ту биіктен жерге тастап жіберіп, өлтіріп жатқаны жайлы хабар жетеді. Батыр шұбаттан дәм татады да, көп бөгелмей ұшқыр тұлпарымен зулай жөнеледі. Келген бойда Алып қарақұсқа садақ атып, жебелерін жаудыра бастайды.

-  Мені әлі ешкім жеңген емес, сен менімен шайқасқа түсетіндей кімсің? – деп Бөріжалды менсінбейді.

- Бөріжал деген мен болам. Сендей өзімшіл құсты көрмеппін, - дейді батыр.

    Бірақ қу құс мұның жанына жоламай, көз жетпейтін биікке ұшып кетеді. Сол кезде Бөріжал көк қылды үйкеп қалғанда аспан түнеріп, қара бұлт торлап, найзағай ойнайды. Алып құсқа жай оғы тиіп, жарақаттайды. Қарақұс төмендеген сәтте Бөріжал тұлпарынан түсіп, ғайыптан пайда болған көк қасқырға мініп, тұра ұмтылады.  Көк қасқыр Алып қарақұстың бір басымен, ал батыр екінші басымен шайқасады. Ұрыс өте ұзаққа созылады. Себебі Алып қарақұстың төрт қанатында елу тырнақ, екі аяғында он найза тырнақ бар еді. Ұрыс әрең дегенде бітеді. Көк қасқыр Алып қарақұстың тамағын орып жібереді. Бөріжал да қайқы қылышымен екінші басын шауып түсіреді. Бөріжал көк қылды қайта үйкегенде қасқыр зым-зия жоғалыпты.

  Батыр Алып жыланқұрттың тілінің ұшын, Алып шаянның қызыл тырнағын, Алып аюлардың көзін және Алып қарақұстың бір тал қауырының үлкен қапқа салып, хан сарайына аттанады. Жолда келе жатып «Хан: қызымды жау алып кетті» деп еді, қызын көрмедім ғой ойланады.  Батыр сарайға жақындай бергенде алдынан Айбар кездеседі. Бала жаудың басшысы Қаратәж хан сарайын басып алғанын айтады. Бөріжал сарай жаққа қараса расында қақпаны жау әскері күзетіп тұр екен.

- Бөріжал аға, әлгі біздің ауылда тұрған Сараңбай жаудың берген алтын-күмісіне қызығып, күзетшілерді сатып алыпты да, түнде қақпаны ашып жіберіпті, - дейді Айбар.        

- Ол әлі сазайын тарады, - дейді Бөріжал. – Сен осында қал, мен сарайға барып,  жағдайды біліп келейін.

- Бөріжал аға, мен де барайыншы, онда әпкем Құмсағыз бар, - дейді бала.

- Саған онда бару қауіпті, сен осында қал, көп ұзамай әпкеңді де құтқарып аламыз. Әзірге, мына Бүртабанға ие бол, - дейді батыр. Жас бала амалсыз келіседі. Бөріжал аттан түсіп, жаяу хан сарайына барады. Қақпа алдындағы күзетшілерге келіп:  

- Мен – Бөріжалмын. Мені ханға апарыңдар, - дейді. Бөріжалдың атын естіген күзетшілер оған тап береді. Батыр оның бірін ұрып өлтіріп, екіншісінің тамағына қылышын тақап:

- Жаныңның барында не болғанын айт, әйтпесе тамағыңды орып жіберемін, - дейді. Күзетші қорыққанан:

- Бұл сарайды қара ниетті Қаратәж деген билеуші басып алған. Ол халықты қынадай қырып, жерін иеленіп алғысы келеді. Қазақтың ұлын – құл, қыздарын – күң қылмақ. Бас көтеретін ер-азаматтарды қырып жатыр. Мен шет елден келген жалдамалы әскермін, мені өлтіре көрме. Мен бала-шағым үшін осында қызмет етіп жүрмін, - дейді.

- Хан мен қызы қайда? – деп қаһарын төгеді батыр.

- Олар осы сарайда. Қаратәж оларды зынданға қамап қойған. Бірақ Қаратәжді ұстау мүмкін емес, ол бір орында тұрмайды.

- Сонда қалай?

- Ол жын-перілермен байланысқан. Зор қара күшке ие. Үстіне етегі ұзын қара киім кисе, көзге көрінбей кетеді, - дейді күзетші. Батыр оны шекесінен шертіп қалғанда талып қалады.

  Бөріжал тоғайда тығылып отырған Айбардан атын алып, әкесімен ақылдасу үшін ауылына келеді. Орман батыр қатты сырқаттанып жатыр екен. Бөріжал халін біліп, ақыл сұрайды.

- Егер Қаратәждің көзге көрінбейтін киімі болса, оны жеңу қиын. Жаудың саған қай жерден қару сілтегенін білмейсің. Сен былай істе: төрт жағы биік қабырғамен қоршалған сарай алаңына барып, оны жекпе-жекке шақыр. Әрине, ол әуелі саған әсерін жіберер. Тіпті, біз көрмеген құбыжықтың түр-түрін жасап, саған қарсы қояр. Сен олардың ешқайсымен шайқасып әуре болма, тек жолыңа кедергі болатындарын ғана шап. Әлгі алып жыланқұрты, шаянды, аюлар мен қарақұсты сиқырдың күшімен жасаған сол. Қаратәжді қабырғалары биік дуалға қарай қуала. Сол жерде ғана шайқас, егер ол көзге көрінбей кетсе, бірден төрт қылды үйкеп, көмекке шақыр, - дейді.    

   Бөріжал сарайға қайтып келіп, айғай салып, Қаратәжді жекпе-жекке шақырады. Ұзын бойлы, түрі сұсты, көздері оттай жанған, ұзын етекті қара киім киген Қаратәж әскерлерін Бөріжалға қарсы айдап салады. Батыр әскерлердің төбесімен жүгіріп Қаратәжге жақындап қалады. Сол кезде алдынан есек басты, екі ақты бір құбыжық шыға келеді. Бұл сыйқырланған Сараңбай еді. Батыр онымен де шайқаспай, оны алдап өтіп, Қаратәжді қуа жөнеледі. Сосын ол бір құпия есікке кіріп кетеді. Соңынан батыр да кіріп, темір есікті жауып қояды. Жау әскері ішке кіре алмай қалады. Биік қабырғалы сарайдың ішінде екеуі қылыштасып, Бөріжал жауды жаралайды.  Сол кезде Қаратәж ұзын етекті киіміне бүркеніп, көзге көрінбей кетеді.  Бөріжал біресе алдынан өзіне қарай ұшып келе жатқан жебені, біресе төбесінен төнген шоқпарды көріп, қалқанымен қорғана бастайды. Әкесінің айтқаны есіне түсіп, төрт қылды бірдей үйкегенде төрт қабырға бұрышынан төрт қасқыр шығып, көзге көрінбей тұрған қаратәжді ортаға алады. Қаратәж қашайын десе айбат шегіп, ешқайда жібермей қояды. Осы кезде Бөріжал төрт қасқырдың ортасындағы бос кеңістікке қылышын сілтеп қалады. Осы кезде Қаратәж көзге көрініп, жерге құлап түсіп, қасқырлар жоқ болып кетеді. Бөріжалдың қылышы дәл кеудесіне қадалған екен. Қаратәж сыйқырдың күшімен жасаған құбыжықтар күл болып, жоқ болып кетіпті. Жаудың барлық әскерлері күшінен айрылып, батырдың екпініне шыдай алмай, бытырай қашыпты. Сараңбайдың есек басы қайта орнына келгенімен, иқа-иқа деп есекше бақыруын қоймапты. Жұрт оны сол күннен бастап Есекбай деп атап кетіпті.  

   Бөріжал хан мен қызын зынданнан құтқарыпты. Қамаудағы басқа да қыздар бостандыққа шығыпты. Батыр ханның алдында қапты ашып, Алып жыланқұрттың тілінің ұшын, Алып шаянның қызыл тырнағын, Алып аюлардың көзін және Алып қарақұстың бір тал қауырын көрсетеді. Хан халықты жинап, ұлан-асыр той жасапты. Батыр ханның қызына үйленіп, бақытты өмір сүріпті. Бөріжалдың ұрпақтары қазақ жеріне таралып, әлі күнге дейін өздерін бөріден тарағанбыз деп айтып жүреді екен.

Қазақ тілінде жазылған