Адам қарады: 34 | Жарияланды: 2017-06-15 01:55:48

Боздағын күткен ана

Жеңіспенен жер әлемі нұрланып,

Кеуделерде қуаныш күй тұрды анық!

Солдат күткен әз аналар күніне,

Қайтушы еді дөң үстіне бір барып!

 

Үміттері бірде сөніп, бір жанып,

Әз аналар еңбектенер тырбанып.

Елең етер келе жатса сол жақтан,

Жолаушының көне арбасы ырғалып.

 

Тақағанда сонау жерге көз көрім,

Сағынышпен тігер еді көздерін.

Кеуделерде үміт оты жарқ етіп,

Іздер еді сом тұлғасын өзгенің!

 

"Келеме"-деп сол арбамен ағалар,

Шығар алдан зыр жүгіріп балалар.

Жеткенінше асыққандай ауылға,

Қамшы үйіріп жолаушы атын-сабалар.

 

Айдай түсіп жолаушы шал сары атын.

"Сүйінші",- деп әріден дабыр салатын!

Қан майданнан қайтқан солдат үйінде,

Малдың қарны да ақтарылып қалатын!

 

Асқақ ұшып қою қара түтіні,

Той болатын сол бір үйде жұпыны!

Би билейтін түз гүліндей  майысып,

Ару қыздар бөрік киген үкілі!

 

Кеудедегі үміт кеулеп санасын,

Сұрайды ана ол солдаттан баласын.

"Қамықпаңыз аман болса келер",-деп,

Жұбатады ол түрмен қарап жанашыр!

 

Жас ұлғайып қалсадағы қартайып,

Қалған ана әлгі сөзге марқайып,

Басқалармен әзіл ойны жарасып,

Сора берді келінінің бал шайын!

 

"Келеме",- деп, ертеңдері боташым,

Жылдар бойы күткен ана ботасын,

Отырды ана ақ жаулығы желбіреп,

Қарауыл қып биік дөңнің жотасын.

 

Кеудедегі улы дертін күдіктің,

Жеңер еді жанған оты үміттің.

Кей күндері ұлын көріп түсінде,

Оянатын таңмен бірге күліп тың!

 

Ресеймен осы ауылдың арасы,

Алыс па еді келмей қойды-ау баласы.

Ұлын көрмей жазылар ма ананың,

Шер боп қатқан жүректегі жарасы!

 

 

1985 ж.

 

Қазақ тілінде жазылған