Шәкәрім
Шәкәрім
Қазағымның Пушкин, Байрон, Гейнесі,
Өтінемін бір тіл қатшы сөйлеші!-
дедім іштей оңашада қолға алып,
Газеттегі Шаке атамның бейнесін.
Күннен ыстық шуақ шашқан мейірің,
Ұнамапты жауларға аппақ пейілің!.
Сөйлеші Ата, өтінемін тыңдасын
Сөзіңізге жастар қойып зейінін!.
Сол бір мезет сипап қойып сақалын
Оқтын-оқтын қозғалды да Шәкәрім.
Жырлап кетті ойлы кербез мақаммен
Бастан кешкен өткен өмір сапарын.
"Айта алмаймын надандықпен күресіп,
Тауыстым деп, бар ғылымды түгесіп.
Еңбегімді туған елім қабыл ет
Осы болды қолдан келер үлесім.
Өмірімде болған еді мен үшін
Орыс тілін үйренуім жеңісім!
Бас алмадым сусындадым, оқыдым
Шығыс-батыс ғылым-білім кенішін!.
Көш ілгері озық халық орыс қой
Сол халықтан шыққан ұлы Толстой.
Тәлім алдым шығармасын аудардым
Мұндай істер өзім үшін борыш қой!.
Қалай, қалай жазған екен бұрын кім?-
-деп, оқыса шығармамды бүгін кім.
Ұрпақтардан ұялмасқа тырысып,
Шығыс-батыс ғылымына жүгіндім!",-
деп, Шәкәрім аяқтады сұхбатын
Биіктерден орын алған мықты ақын!
Қапа болма болашаққа Шәке ата,
Шыншыл, сыршыл жырларыңмен шықты атың!
1986ж.