Қарияның қайғысы
Арқалық қаласы. Кеңес заманында салынған ескі үйдің екінші қабатындағы үш бөлмелі пәтердің іші сұрғылт тартып тұр. Ептеп сыздың иісі шығады. Төр бөлмедегі шымылдықтың саңылауынан таң шапағы сығалайды. Қораз шақырар мезетте оянып, арабша әлденені күбірлеген Жолдыбай ақсақал көне кереуетін сықырлатып отырып киіне бастады. Кемпірі бір күрсініп қойып, әрі аунап жатты.
Таң намазын оқып болған тақуа шал асүйдің орындығына жайғасқан. Оң қолының шынтағын стол үстіне сүйеп қойып, қырындай отырған қалпында шоқша сақалын сипалайды. Әктелмегеніне әжептәуір жыл болған қабырғаға қадала қарап, көз алдынан өтіп жатқан көріністерді экраннан тамашалап отырғандай, тапжылар емес. Иә, шүйкедей кемпірі екеуінің жанын жегідей жеген сол бір үрейлі оқиға, тұңғыш ұлы Дамирдің опасыз тірлігі... Бір сәт өзінің Астанадағы газет редакцияларын аралап, табанынан тозған күндерін еске алды.
***
– Ақсақал, бұл – қиын тақырып. Мақаланы заңгер пікірін қосып, жан-жақты зерттеп барып жазайын. Әйтпесе, сіздің ұлыңызды ғана ақтайтын біржақты материал – үстірт дүние болады, – деді орта жастағы арық тілші.
– Сөйтсең сөйте ғой, айналайын! Бұл жерде мен баламды ақтап отырған жоқпын. Тек оның қасында бірдей қылмыс жасаған Айбат деген досына 25 жыл беріп, Дамирімді ату жазасына кескені қиын болып тұр. Шешім ортақ болсын деймін. Екеуін де бірге не 25 жылға қамасын, не ату жазасына кессін! Менің мұнда келудегі себебім – сол ғана. Міне, қолыма мына қасиетті Құранымды ұстап, әділдік іздеп шарқ ұрып жүргеніме бір жарым жыл болды. Осы мәселені біржақты етуге көмектеріңді аямаңдар, балам! Жақсылығың менен қайтпаса да Алладан қайтар...
Осылайша, парағы қалың, салмағы ауыр Құранын қолтықтаған шынашақтай шал таңнан кешке дейін тыртыңдап жүріп, төрт редакцияның табалдырығынан аттады. Бұл еңбегі нәтижесіз емес, әрине. Бірнеше жыл бұрын Қостанай облысының Амангелді ауданы маңайында болған қанды оқиға туралы мақалалар дүйім елге бірінен соң бірі тарап, құзіретті органдардың кеңсесіне дейін жетіп жатты. Тіпті, оқырмандардың көз алдына опасыз атылған оқ елестеп, сол бір сұмдыққа өздері куә болып тұрғандай әсерде жазылған көлемді мақала да бар.
***
90-жылдардың басы. «Рэкет» деген атаудың ТМД бойынша дүрілдеп тұрған кезі. Дала көкжалдарынша құтырынып, «жабайы нарыққа» топ-тобымен топалаң тигендей етіп жүретін қарақшылардың қатары айлап-жалдап көбеюде. Тіпті, қолына қару ұстай білетін үш-төрт жігіт топтасып алады да, қоғам тыныштығын жиі бұзады. Сол «рэкеттер» қарапайым бұқараны үрей құшағында ұстауымен қоймай, ірі байларды төңіректей бастады. Әсіресе, бірді бірге айдап салатын алпауыттардың қолшоқпарына айналғандары көп.
...Таң қараңғысында есік қоңырауы тоқтаусыз шырылдады. Сергек жатуға дағдыланып алған Дамир орнынан серпіле тұрып, тапаншасының ұңғысына оқжатардан бір оқты ытқытып жіберді.
– Кім бұл?!
– Мен Айбатпын. Тез есікті аш, Дәке!..
Босағадан ентіге аттаған Айбат шал-кемпір жатқан бөлмеге мойын соза бір қарап алды да Дамирге басымен сырт жақты нұсқап:
– Кіреберісте күтем. Жылдам шық! – деп сыбырлады.
Жаздың ұзақ күніндегі таң ертерек қылаң беріп қойса да көше жым-жырт. Әлі жұрттың бәрі ұйқысынан тұрып алатындай уақыт емес. Тымық ауадан кеуде кере жұтып, денесінің құрыс-тұрысын жаза керіліп алған Дамир тыпыршып тұрған Айбатқа бұрылды.
– Иә, Айеке, не болып қалды?
– Тапаншаңды алдың ба?
– Алдым...
– Кеттік онда! Машинада сөйлесеміз. Уақыт жоқ.
Үнемі суыт жүретін Айбаттың дікеңдей сөйлеп, қысқа-қысқа әр сөзін шегелей айтатынына кейде басқа сыбайластары тіксініп қалса да, онысы жан досы Дамирге таңсық емес. Екеуі жылдамдата жүріп барып, әп-сәтте жұлқына ытқыған «Жигулидің» орнына дөңгелек іздерін ғана қалдырды.
– Бек жарты сағат бұрын ғана Амангелді ауданына қарай шықты. Қасында әйелі мен Ерік қана бар, – деді көлік жылдамдығын арттырып, қала шетіне тақап қалған Айбат.
– Оу, қасында әйелі болса, оның кері қайтқанын күтейік те! Мүмкін әйелін төркініне қалдырып, бері қарай Ерік екеуі ғана шығатын шығар?
– Қойшы-ей, Дәке! Қазір соңынан қуып жетіп барып атпасақ, өткендегідей тағы да көз жазып қаламыз. Енді осы мүмкіндікті құр жібермеу керек.
– Тірі куә қалдырмас үшін көзін құртатындай, байғұс әйелінің не жазығы бар?!. Одан да аудандағы үйін аңдып, өзін түнде сыртқа шыққанда атсақ ше?
– Қысқасы, анау көз ұшында кетіп бара жатқан – Бектің машинасы. Дайындала бер!
Бұдан артық дауласудың ретін таппаған Дамир басын жақтауға сүйеп, трикосының қалтасына сүңгіте салған шағын тапаншасын қолына алып, оны жаңа көргендей айналдыра қарап отыр. Алдындағы көліктің қарасы жақындап қалғанына мән берген де жоқ. Жай ғана табиғат аясына серуенге шығып бара жатқандай қалып сақтауда. Тек екі көлік қапталдаса бергенде ғана Айбатқа:
– Алдына барып тұра қал! – деп үн қатты.
Айдалада шиқ етіп тоқтаған екі көліктің ішіндегілер қатарынан түсіп, бір-біріне қарсы қарыштай адымдады. Дамир боқтанып келе жатқан Бек деген лақап атты қарсыласына жауап ретінде бір оқты бағыттап жіберді. Онымен қоса қасындағы Ерік те мұрттай ұшты. Дамир дереу артына бұрылып қараса, Айбаттың қолындағы тапаншаның аузында да түтін билеп тұр екен. Көп ұзамай, аш қасқырша күжірейіп, көзі қанталаған қос қандықолдың алдында Бектің айы-күні жақындап қалған жүкті әйелі тұрды. Ағыл-тегіл жылап, бұларға қарай:
– Атпаңдаршы! – деп шырылдай жүгірді. Дамирдың төбе құйқасы шымырлап, жүрегі дүрсілдеп кетті.
***
Жасалған қылмыстың жазасыз қалмайтыны анық. Көп ұзамай, Дамир мен Айбат бір түнде өз үйлерінде жатқан жерлерінен тұтқындалды. Бұлай болатын себебі, әлгі атыс орын алған тас жолға жақын маңда бір елді мекен орналасқан. Оқиғаға таңертең малдарын өріске жіберіп, жол жаққа қора төбесінде дүрбі салып тұрған бір қария куә болыпты. Оның айтуынша, спорттық киімдегі Дамир мен Айбат Бек пен Ерікті бір-бір атып сұлатып салған.
– Ал, мәшинеден жүгіріп шыққан жүкті келіншекті Дамирдің дәл маңдайдан атқанын анық көрдім, – дейді ақсақал. Сосын екеуі жылдамдатып көліктеріне отырған да, кері бұрылып кеткен.
Жалпы, Арқалық-Амангелді тас жолында екі көлік түйіскенге дейінгі қос тарап өшпенділігі сол кездегі «рэкеттердің» әдетіне айналған дүниебөлістен басталды. Қаланың орталық базар мен бірнеше дүкені орналасқан шағын ауданына иелік етіп, қарауыл қойып жүрген Дамир мен Айбатқа Қостанайда отырған Бектің шабармандары келіп, доқ көрсетеді. «Бектің тапсырмасы солай. Мына ауданға енді біз крышевать етеміз!». Бітті. Ал, бұларға Бектің өзі келмей, қарамағындағы жігіттерін жібере салған менсінбеушілігі мүлде ұнамайды. Сосын бірден өз жігіттерін жинап, әлгі «шақырусыз қонақтарды» бір-бірлеп ұстап алып, қала шетінде қарумен жасқайды да, бір жолға аман жіберетіндерін ескертіп, келген жақтарына қайтарады. Одан кейінгі өзара талас-тартыс ұзаққа созылып, атыс-шабыстан қатарлары сиреген екі жақтың «серкелері» қалайда бір-бірінің көзін жоюды көздейді. Соның ретін, міне, алдымен Айбат тауып отыр.
Қылмыстары толық дәлелденгеннен кейінгі кесілген үкім: Айбатты 25 жыл бас бостандығынан айыру және жазықсыз келіншекті атқаны үшін Дамирді ату жазасына жіберу.
***
Соның бәрін ой елегінен өткізіп, қабырғаға қадала қарап отырған Жолдыбай ақсақал кемпірі келіп сөйлемегенде, міз бақпаушы еді.
– Жүдеп біттің ғой, шал-ау! Қайғың ішіңе түсіп кетсе, бір күні тырайып өлесің де қаласың. Одан да қалған балалардың амандығын ойласаңшы! Үйлі-күйлі болып кетсе де оларға ата-ана керек әлі. Ал, Дамир өз қолымен жасағанын мойнымен көтерсін! Оның дүниеге келмеген нәрестеге жарық жалғанды көрсетпей, анасының құрсағында өлтіруі – кешірілмес күнә! Соны менен жақсы білесің ғой...
Жолдыбай ақсақал үндемеді. Нұры сөнген жанарымен онсыз да іштен тынып жүрген кемпіріне бір қарап қойып, ауыр күрсінді.
...Иә, ұлына арашаны газет редакцияларынан ғана сұрауға шамасы жеткен қарияның қайғысы өте ауыр еді. Қабырғасына қатты батқан сол қайғыдан ақыры көз жұмды. Елдегі ату жазасына мараторий жарияланып, кейін баласының жазаны Айбатпен бірге 25 жыл өтейтін болғанын ести алмай кетті. Ал өзін басқа балаларынан артық көріп өсірген әкесін жер қойнауына тапсырып, басына топырақ сала алмауы Дамирдің де тынышын кетірді...