Ашаршылық
Кең жайлау, қыс қыстау иесіз қалды,
Көмілмей жер бетінде жаны қалды.
Кейбірі аштық жеңіп, аңға айналып,
Зарлаған ана – бала, жасы қалды.
Қырылған есепсіз жан мұңы қалды,
Қайғы боп ел аузында аты қалды.
Қайырымы қарындасқа болмаған соң,
Елден кетіп аға – бауыр жолда қалды.
Жүнісбай Қошымұлы (1878-1947)
(руы Сырым, ішінде Досым)
Көктемнің қара суығы. 1931 жылдың наурыз айының соңы. Түні бойы жолаушылар еш жерге тоқтамай, қара аяңмен «Бестаудан» таң ата «Борбасына» жетті-ау. «Борбасында» шағын ауыл болатын. «Шыған» ауылынан (қазіргі Көктөбе, Май ауданы) солтүстікке қарай 7-8 шақырымдай жерде орналасқан, ол ауыл сол кезде жоқ. Шымнан салған үйлері жермен жексен болған екен. Жайдақ келген шаналарын көрінбейтіндей жардан адам бойындай төмендеу жерге жасырып, көк бие мен құла атты доғарып, шалдырып, жұқарған қардың астынан қылтиып шығып жатқан көк шөпке жайылсын деп шідерлеп тастады. Өздері сегіз адам, аштықтан әлсіреген олар қатып жатқан өзеннің жағасына келіп, балтамен мұзды ойды да бір ожау су алды. Ерлі –зайыпты екі отбасы, әрқайсысында екі- екі баладан. Олар қатқан бір бәтір нанды сегізге бөлгенде тиген бір –бір тілім нанды суға жібітіп, жеп те алды. Сонда да әлгі жеген нанға тоймаған балалар қыңқылдап тағы сұрады. Бірақ өлшеулі нәрсені, балалар қанша қыңқылдап сұраса да, бермеді. Ойлары - осы жерде кешке дейін болып, ешкімнің көзіне түспей, түнделетіп жүріп, Керекуге жету. Одан әрмен қарай «Себкрайға» қайтсе иек артса дейді. Керекуге жетіп, көк бие мен құла атты сатып, біраз алтын –күмістерін ақшалап, тіршілік жасамақ. Сол «Себкрайға» Қонайдың туған ағасы, Бектемірдің қайынатасы Әубәкір ер жеткен үш ұлымен былтыр кетіп, сонда жан сақтаған болатын . Қазақтар ол өңірді «Іш жақ» деп те атайтын. Әубәкір «Іш жаққа» кетердің алдында «жүріңдер» дегенде бұл екеуі қозғалмап еді. Заман әлі де түзелер деген үміт басымдау болды ма, әйтеуір бөтен елге кетуге жүрексінген. Әубәкірдің кетуінің жөні бартын. Жаңа келген Үкіметке өкпесі қара қазандай. Әубәкір шылқыған бай болмаса да, өте ауқатты, бір ауылдың билеп –төстеп тұрған, абыройы өз басына жетерлік, беделді ақсақалы, кезінде болыстар онымен санасатын, ақыл сұрайтын еді. Қайран өмір -ай, дүние төңкеріліп түскендей болды ғой. «Компеске» дей ме, әйтеуір байлардың малын еріксіз айдап кетті. Әубәкірдің де әжептәуір үш түлік малын тартып алғанды. Енді, міне, тағы да жұма сайын милисасы келіп дікіңдеп: «сендердің үкіметтен жасырған малдарың қайда? дейді. Бірте -бірте тышқақ лақ та қалдырмай барады, бұл не басынғандық?!»
Осыдан бір –екі жыл бұрын шәй ішіп отырса, үйге салаң етіп, қылышын сүйретіп милиса кіріп келді. Бәйбішесі Ұрқия шошынып орнынан ұшып тұрды, зәрезап болған ба? Өзі танитын болыстың милисасы Базарбай емес, бірақ өңі таныс. Сорыңды ұрайын... мынау ауылға өкіл келсе, томпаңдап атын жайлап жүретін Жүрсін ғой, баяғы қу кедей Жаңбырбайдың ұлы.
-Жүрсінбісің, ей?- деді Әубәкір бұрынғы әдетіндей, үстем үнмен.
-Сөзді қой, тұр Әубәкір болсаң да!-амандық саулығы жоқ. Түсі суық, ызғарлы. Әубәкір түсінді, бұны Шәріп жіберген ғой. Шәріп енді осы ауылдың өкіметі. Ол да бір қу кедей. Солардың күні жүріп тұр ғой, қайран дүние-ай! Өткенде Шәріп дікіңдеген соң, Аукең оның бетін қайырып тастаған. Өйткені жүріп тұратып құлынды бие мен сауып отырған жалғыз сыйырына, 25-30 шақты саулығына көздері түсіп, колхозға бересің де, бересің деп кіжінді. Әубәкір болса оған:
-Аулақ жүріңдер, енді менің мазамды алмаңдар, өңкей көргенсіздер! Жарымағандар! Алатындарыңды алғансыңдар. Мына Жүрсінді жіберіп отырған Шәріп екенін сезді. Әубәкір сабырлық сақтап:
-Ау, мынауың қалай сөйлейді? Отыр оданда сен кім болсаң да, шәй іш, менде шәйімді адам сияқты ішейін! – деді Әубәкір милисия балаға жанынан орын нұсқап.
-Тұр, бол! Шәй ішетін жеріңе барасың, тәртіп солай. –деп дікіңдеді Жүрсін.
Милисияның иығында шошайған мылтық, белінде қылыш, үсті – басын шындаған қайыс белбеу, жылтырауық түймелер, қанын ішіне жұтқан, түсі суық. Әубәкірді түтіп жегендей. Әукең етігін киіп, шапанын жамылып үйден шыға бергенде милисия шап беріп екі қолын артына қайырып, қайыс белбеумен байлап тастады. «Жібер қолымды, оңбаған!» - дегеніне қараған ол жоқ. Әубәкір ызаға булықты, мұндай қорлықты өмірінде көрмеп еді. Әттең дүние-ай, қор болды –ау! Осы ауылды қас қабағымен айдаған Әукең емес пе еді?!
Ауылдың қара топай қарасақалдары, ақсақалдары Шәріптің үйіне жиналған екен. Шәріп өзі төрде. Жанындағылар жаңа өкімет жағына шыққан өңкей бұрынғы малшы, жалшылар. Әубәкірдің қолы байлаулы. Босағаға тұқыртып отырғызды. Босаға жағында әйелдер. Бұлардың бәрі оны табалау үшін жиналғандай. Ішінде көшеде өсек тасйтын қатқан қара кемпір Торғын да отыр. Үйде су сепкендей тыныштық орнапты.
-Жаз! Анау прөтікөлді! –деді Шәріп, көрші ауылдың хат танитын баласына.
-Не деп жазайын?-деді, қолындағы қаламын сияға батырып алып, бетін Шәріпке беріп.
-Ақ құлақ Әубәкірдің үлкен ұлы Бижігіт етікші Ыбырайдың баласын таяққа жығып ұрды, інілерімен жабылып сабады деп жаз!-деді Шәріп сілтідей орнаған тыныштықты бұзып.
-Әй, құрдас Шәке, бұрын прөтікөл-мөртөкөлсіз –ақ ақсақалдардың алқасында ақылдасып отырып шешпеуші ме еді? Сол Ыбырайдың баласының басы жарылып, көзі шыққан жоқ қой, балалардың арасында не болмайды дейсің, тым қатты кеттің ғой –деді, онсыз –ақ насырға шауып бара жатқанын сезген, кезінде Әукеңнің жылқышысы болған Қамқа.
-Жаз, өкіметтің бұйрығын орындамайды, балаларын өкіметке қарсы қояды. Қасарысып өкіметке малын бермей отыр деп, .-деді. « Шәріп. Шәке», деген сайын дандайсып. - Көрші ауылдағы Сейтахмет те өкіметке қарсы шығамын деп, ақыры «Итжеккеннен» бірақ шықты.
Осы ақымақтармен қайтем ұстасып, шынында анау Сейтахмет солай кете барған жоқ па? Сұраған малын алсыншы оңбағандар деген оймен Әукең үн қатты:
-Өздеріңе не керек, тор биеммен қасқа сиырымды қалдырып, қалғандарын айдап әкете беріңдер, босатыңдар қолымды, мына қорлықтарың не қорлық, тіпті кісі өлтірген адамдай екі қолымды байлап... Сол кезде қарасақақал, ақсақалдар шулай жөнеле кетті. Шу басылғасын Шәріп милисияға:
-Шеш қолын- деді,- Бір биесі мен бір сыйырын қалдырып, ертеңге қалдырмай бүгін айдап әкетіңдер, – деп бұйрық етті.
Қойшы, не керек содан кейін Әукең іш жаққа «Себкрайға» бала -шағасымен, ұрым –бұтағымен көшіп кетті де қалды. Қалып қойғаны осы інісі – Қонай мен күйеуі баласы Бектемір еді.
***
Күні кеше қимастай ауылдан түн жамылып шығып кетіп еді, енді міне, таң ата жеткен жерлері осы болды. Әйтеуір жазық жер емес, тоғай іші, жасырынуға болады. Тамақтан бес бәтір қатқан нан мен екі уыс құрт, одан басқа ештеңе жоқ.
«Бестауда» күнде- күнде аштықтан кісілер өліп жатыр. Біреудің баласы өліп жатса, енді біреудің «кемпірі өліпті» деген хабар жетеді. Солардың үйлеріне үн-түсіз барып, көңіл айтудан басқа амал жоқ. Аштықтан титықтаған, әлсіреген жұрт, жерлеуге де шамалары жоқ, әйтеуір өлгендерін зират басына жеткізіп, тастармен жаба- жаба салады. Жер жібігесін жерлерміз десе керек. Қонай мен Бектемірдің үйлерінде тышқақ лақ та қалмады. Қонай Бектемірдің қайын атасының інісі. Әукең көшіп кеткеннен кейін де «Анау - байдың інісі, анау- байдың күйеу баласы» деп олардың малына тиыштық бермеді, Ақыры олар да беріп құтылды. Күйеу баласы Бектемір болса, оның бір басына жетерлік өнері де бар болатын. Жасында жиын - тойларда домбра тартып, ән салып, қыздардың назарына ілігіп те жүретін. Әкесі Пұшықтан жұққан қасиет қой, ол кісі домбраны бақайының ұшымен де тартқан екен. Марқұм әкесінен қалған аңшылық қасиеті де бар бойында, тазы иттерді де баптап ұстады.
Балаларының «Қарнымыз ашты» деп жылағандары жанға батты. Ұнның біткеніне бір жұмадан асты. Алар жер жоқ. Енді бір амал жасамаса, бұлар да аштықтан кеуіп –ісіп өлетін түрі бар. Қыстың аяз күндерінде шығу қауыпты, өйткені жолшыбай далада бала-шағамен түнеуге тура келеді. Бір есептері Ертістен сең жүріп кетпей тұрғанда оң жағына өтіп алу. Бұл ойларын тіс жарып ешкімге айтпады. Осының бәрін ойластырып, Қонаймен ақылдасып, кеше сәрсенбінің сәтіне қарай шығып кеткендері ғой. Бұл ауылдың сәні кеткені қашан, бұрынғыдай азан- қазан; қойдың маңырағаны, иттердің үргені, жылқының кісінегені, қара малдың мөңірегені сияқты бүгін ауылдың даңғаза тірлігі жоқ. Ауыл жым-жырт, тым –тырыс, тым құрығында шәуілдеп үріп жатқан иті қалмаған ба дерсің Бәсе, біреулердің: «Анау иттерін сойып жеп алды, мынау иттерін сойып жеп алыпты» дегендеріне сенбеп еді. Масқара, не боп барады! Аштық не істетпейді. Көше қаңғырып, сүйретіліп, теңселіп жүрген иттер де көрінбейді.
Ымырт жабыла Бектемір колхоздың белсенділеріне көрсетпей тығып жүрген көк биесін шанаға жекті. Қонай да қараңғы түсісімен колхоздың құла атын ұрлап алып, шанаға жегіп, Бектемірге ілесті. Олар ауылдан шыға бүлкүл желіске салып екі- үш шақырымдай жүрді де, қара аяңға салды. Көк бие де, құла ат та қыстан титықтап шыққан арық, қатты жүрісті көтере алмайды.
Тоғайдың ұзын шүйгін шөбінен бастарын алмай аттары бір орында жайылуда. Әйелдер болса балаларымен астына кигіз төселген шананың үстінде ескі -құсқы төсектің астына жатса да бойлары тоңази бастады. Қонайдың әйелі Жәмилә:
-Әй, Әнзилә, мына түрімізбен қатып қаламыз. Кепкен ағаштар жина, от жағып жылынайық, тіршілік жасайық. Қурап жатқан ағаштарды жинап, от жағып, балаларымен жылынды. Жылынып енді естерін жинап келе жатқанда, қай жақтан екені белгісіз екі салт атты келе қалды. Келе сала:
-Әй, сендер қайдан келе жатырсыңдар? Байларың қайда? Байдың қатындары шығарсыңдар? Аттарыңды алып кетеміз,– деп, қоқаң-лоқаң көрсете бастады. Біреуінің қолында мылтық. Мылтық ұстағаны жанындағысына:
-Анау аттарды шідерінен босат та, жетекке ал-деп күжілдеді. Сол кезде қолында пышақ, Бектемірдің қатыны Әнзилә екі жасар ұлын қолына алып:
-Сендер аттарға тиіссеңдер, мына баланы бауыздап қанын сендерге шашамын – деп, аттылардың алдына келді.
-Өй, мынау қатынның есі дұрыс па? Қайтеді, бауыздаймын дей ме?-деп, сасқалақтады да, жанындағысына:
-Өздері де боқ басында өліп қалар, қайтеміз осыларды, жүре берсін.-деп, кете барды.
Қараңғы түсісімен аттарын жегіп бұлар да жүріп кетеді. Үшінші күні дегенде Ертістің ар жағына өтіп, Керекуге жетіп, Бәйділдә деген немерелес ағайынның үйіне келеді. Қалада қайткенмен тіршілік бар сияқты. Екі күн жатып, біраз естерін жинап «Себкрәйға» жол жүрмекші. Ол кезде базарда мал деген атымен сатылмайды. Бұлар екі атты Бәйділдә арқылы жасырын арзан бағаға сатып жібереді. Қолдарындағы алтын мен күмістерін әзірше сатпады, кім біледі ішке барғанда да керек болар, алтын қай жерде болса да алтын ғой! Жолда жейтін тамақтарын дайындап вокзалға келеді. Әубәкірдің барған жері Новосібір облысының Ордын ауданы, «Пролетар» совхозы еді. Қолдарында осы адрестері бар.
Вокзалға келгенде орысша шала- пұла білетін ішіндегі Бектемір еді. Ол кассаға келіп:
- Әрден станса, скөлкө пөез? – депті. Сондағысы Ордын станциясына дейін қанша тұрады? дегені ғой. Сөйтіп шала-пұла орысшасымен жеткізіп, билет алып, поезға отырады. Шылым станциясына келгенде Қонай қатын бала – шағасымен поездан түсіп тамақ алмақшы болады. Вокзалда тамақ аламыз деп жүргенде Қонай әйелі Жәмилә екеуі бір-біріне сеніп, екі жарым жасар баласы Қаратайдан көз жазып қалады. Олай жүгіріп, былай жүгіріп қыжынаған халықтың ішінен таба алмай ел-дал болады. Енді бөгелетін болса, поездан қалып қоятын түрі бар, жүгіріп поезға отырады. Сөйтіп, Шылым станциясында баласынан айырылып қан - қақсап кете барады. Жолшыбай жылап – сықтап Ордын станциясына келіп жетеді. Ар жағына жаяулап – жалпылап Пролетар совхозына келеді. Әубәкір сол совхоздың бір займкасында тұрып жатыр екен. Бастапқыда Әубәкірдің үйінде сығысып, үш –төрт күн паналайды да, жанындағы есік, әйнегі жоқ бос тұрған үйді жөндеп, пешін жағып, екі семья кіріп алып, жан сақтап қалады. Есін жиған соң Қонай Әубәкірдің орысша біледі деген үлкен ұлы Бижігітті ертіп, сол Шылым стансасына барып, ештеңе бітіре алмай қайтады. Көрдім –білдім деген адам кездеспеді. Баланың жоғалуы олардың естерінен кетпей қояды.
Төрт жыл өткесін Қонай мен Бектемір ол жақты жерсінбей қайта еліне қайтады. Қонай Май ауданы Жалтыр ауылына келіп қоныс тебеді. Бектемір отбасымен Керекудің жанындағы «Шақат» совхозының бірінші бөлімшесіне келіп қоныстанады.
Әубәкір үш баласымен «Іш жақта» қала береді. Елге қайтуға құлқылары болмады. 1952 жылы Әбеңнің немересі Серікбай жеті класс бітіргесін шопыр оқуын оқып алып «Пролетар» совхозында шопыр болып істеп жүреді. Бір күні түскі асқа жанына бір жігітті ерте келеді. Аудан орталығы Ордыннан совхозға жүк әкелген шопыр жігіт екен. Аты Вася болғанымен, түрі қазаққа ұқсас, бірақ қазақша сөйлемейді. Әубәкірдің көзіне Вася жылы көрінді, түр – әлпеті, тіпті жас кезіндегі Қонайға ұқсайды.
-Құдай-ау, мынау біздің Қонайдан аумайды ғой? Сұрашы кімнің баласы екен, өзі қазақ па екен? Қазақ болса неге қазақша сөйлемейді? –деп, сұрақты жаудырды. Серікбай:
-Тәте ол негізі қазақ, детдомда өскен, қазақша білмейтіні де сондықтан болар- дейді.
-Қонай 31 жылы осы жаққа келе жатқанда Шылым стансасында Қаратай деген баласын жоғалтып алған, сол болып шықпасын!? Сұрашы, жасы нешеде? Серікбай Васяға:
-Тебе сколько лет?
- 24 года стукнет. Армию отслужил, был ефрейтором.
- Айттым ғой, осы дәу де болса, Қонайдың баласы деп. Тірі болса, Қаратайы да жасы осы шамалас болар еді. Айтпақшы, оның оң жақ жаурында бір қалы бар деген сияқты еді, бар ма екен сондай қалы, сұрашы- дейді.
Қараса дәл оң жаурында қал бар боп шықты. Әубәкір әлгі Васяны бас салып құшақтады да, қуанғанынан көзіне жас алды. Ей, жаратқан құдайым:
-Сен менің інімнің баласы болдың, -деп қысып, қысып алып ұзақ тұрды. Содан соң Әукеңнің әйелі Ұрқия да Васяны бас салып құшақтап: «Тетелесім-ау, тетелесім –ау, табылдың –ау...», деп, дауыстап көз жасына ерік берді. «Тетелесім» дегені жеңгесінің қайнысы Қонайға қойған аты екен.
Вася болса жағдайдың мән - жәйін түсініп, әке –шешесінің бар екенін санасынан өткізгеннен кейін, жүрегі дүрсіл соғып: «О, какое счастье, о, какое счастье, неужели родители нашлись» деп, далаға атып шығып, кәдімгідей ішінен еңіреп жылап та алды. 14 жыл балалар үйінде тәрбиеленіп, ата – ананың мейірімін көрмеген Вася үшін бұл оқыстан болған оқиға еді. Жетімдіктің ащы дәмін тәуір татты ғой. Жаңағы бауырына құшырлана қысқан адамдар оған «дяда» мен «тетя» болып келеді екен. Енді әке- шешесін көруге асықты.
Содан соң інісі Қонайға «Сүйінші, балаң табылды, тез жет!»- деп, Жалтырға телеграмма соғады. Содан араға 22 жыл салып Қонайдың баласы табылып, ауылға 24 жастағы жігітті алып қайтады. Аулына үлкен той жасады. Ауылдағылар: «Мынау Қонайдың дәл өзі ғой, аузынан түскендей! Ой, Алланың әмірі --ай» деп шың көңілдерін білдіріп құттықтап жатты. Қонай мен Жәмиләның қуаныштарында шек жоқ. Васяға «Қаратай» деп, азан шақырып қойған өзінің атын қояды. Ол детдомда өссе де, бауырмал, қайырымды, кімге болмасын жақсылығын жасауға дайын тұрды. Қазақша да үйрене бастады. «Мне надо выйти на работу» дегенде: «Жұмысқа асықпа, мауқымыңды бас» - деп жұмысқа асықтырмады. Келгеніне жарты ай өтті ме, өтпеді ме? Ауылдағы көршісінің қара су өзенінің ар жағына өтіп кеткен малын атына мініп алып қайтарам деп жүріп атынан құлап суға батып кетіп, қаза болады. Сөйтіп, жоғалып табылған баласынан тағы айырылады. Қатты күйзеліп, тағы қала береді. Сонау «Себкрайдан» ажал айдап әкелді- ау. Алланың ісіне не шара. Тағдырдың жазуы солай шығар. Орны толмас қазаға, қайғы –қасіретке төтеп тұра алмады ма, көп кешікпей Қонай да дүние салды. Сонымен, ашаршылықтың кесірі бәлен жыл өтсе де, оның оғы тимей қоймады.