Адам қарады: 18 | Жарияланды: 2017-07-27 03:19:47

Ауыл дәмі

- Балам, бүгін Наурыз көжеге барамыз, ертерек жұмысты аяқтайық.

- Алақай! – Қыс бойы үйден алыстап шықпаған мен үшін бұл жаңалық «Астанаға барып қыдырып қайтамыз» дегенмен бірдей болды. – Ана, наурыз көже деген не?

- Барған соң білерсің.

Көктемнің жанға да, малға да жайлы таңының атқаны қашан! Салқын шалапты сіміре сала, қора жақа қарай жүгіре жөнелдім. Кешеден бері қамауда жақан жетім қозы-лаққа сүт беріп, ауыл маңына өріске айдадым. Жатақ қораны жалғыз әрең тазалап болдым. Күнделікті тірлік осы. Бұғанда ет өліп кеткен. Әкем жәрдемші жігітпен бірге ертемен төлдейтін қой ізінен кеткен. «Қой қоздап, қорада шу» болған кезде ит-құс дегенің көбейіп, сақтанбасаң, бірі көктен, бірі жерден жас төлді жайратып кетеді.

Наурыз көже хабары анама мен ұйықтап жатқан кезде келген болуы керек.өйткені, әкем көк есекті қойға мінбепті. Көлік болсын деген ғой. Жарқынай әжемнің ауылы біздің ауылдың алдыңғы жағында, ойпаңдау жерге орналасқан. Арамыз тоғыз-он шақырым бар. Қораға шығып қарағанда үй, ат-түйесі қарауытып көрінеді. Күн ашық күндері тіпті үйге адамның кіріп-шығып жатқанын анық байқауға болады.

Маңыраған жас төлдерді өрістен ерте әкеп қораға қамап, ауызын тас қып бекіттік. Ауыл төңірегін көзден тағы бір рет кешіріп, жолға шықтық. Есекке мінгесіп алғанбыз. Мен шешемнің артындамын. Кейде теріс мініп аламын. Көзіңді тарс жұмып алсаң, есек кері қайтып келе жатқандай сезіледі. «Мұнысы не?», дереу көзімді ашып қалам. Жо – оқ бәрі орнында.

Есік алдында Сәуле жеңешем күтіп алды. Алдымен анама, кейін маған басы жерге жеткенше иіліп сәлем берді. Үп – үлкен әйелдің маған сәлем бергені ерсі түйілді. «Бұл ұлттық салтымыз» деді кейін шешем. Жеңешем маңдайымнан... искеді ме, сүйді ме аңғара алмадым. Іштей қатты күрсінгенннен шыққан болар-болмас даусын есітіп қалдым. Жалт бұрылып жүзіне қарадым. Қос жанарына жас айналыпты. Орамалының ұшымен бетін жапты.

Есік, керегесі кең түрілген, түндігі айқара ашылған таза, шағын киіз үйдің төрінде, өте толық келген кейуана отыр. Шешеммен ұзақ көрісіп әлденелерді айтты, түсінбедім. Кейін мені шақырып алып, бауырына басты. Қартайса да қайраты таймағанын сездім. Қысқанда әзер дем алдым.

- Үлкен жігіт бопты ғой, - деді.

- Биыл оқуға барады, әжесі!

- Мына алжыған кемпір қонақтарын тұрып күтіп алмағаны несі? – деп сөге көрмеңдер. Біріншіден, сексеннен асқан жас желкеге жар бермесе, мынау су қараңғы жанар да көп қинайды. Орнымнан тұрсам, сипалақтанып қалам. Сөйтіп жүріп, біраз жерді бүлдіремін.

Шешем айыпқа бұйырмастығын айтып жатыр.

Дастарқан – той мәзіріндей. Құрт – ірімшік, тоқаш – бауырсақ, қолдан піскен сары май, жаңа сүзбеден шыққан сыр, уылжып піскен жас қозы еті, іркілдеп тұрған уыз, екі-үш туралып қуырылған қозықұйрық, жусан арасында шығатын дала жуасы.

- Дастарқанға қараңдар! Бәрі – көктемнің жас тағамдары, - деді Жарқынай әжем қою қара шәй келгенде. Шынында қант-кәмпит, мейіз-жаңғақ дегендер атымен көрінбейді. Сосын жұлып алғандай:

- Е, алжығанның сөзі құрысын: құрт-ірімшікке тойып алмаңдар. Анау наурыз көжені кім ішеді? – деді.

- Әже, наурыз көже деген не?

- Тәйт әрі, жетіге шыққанша жемегенбісің. Бәріне онда мына шешең айыпты, - деп зілсіз ұрысып алды да, маған қарап ұзақ әңгімесін бастады. – Наурыз мерекесі – мұсылман халқының терең тарихқа ие ұлттық мерекесі. Ол жасару, түлеу, жаңа күн, жаңа жылмен бірге жаңару мерекесі де. Бұл айда күнмен түн теңеліп, жаңа жұмыс таңы басталады. Өзің де куә болып отырсың. Көктемде шопанның бір малы екеу болады. Ал диқан қауымы келер астық , келер ырыс-ризық үшін жер жыртып, дән себеді. Демек, бұл еңбек мерекесі. Бұл күні қырғынды соғыс та тоқтап қалады. Демек, бұл бейбітшілік мерекесі. Бұл күні араздасқан екі ел бір-бірімен қарым-қатынас жасап, қайта достасып кетеді. Демек, бұл ынтымақтастық мерекесі. Ілгеріде, айтысып қап ренжісіп жүрген жақын-жуық жекжаттар бірін-бірі кешіріп, татуласып кетеді. Демек, бұл – бірлік мерекесі. Жыл бойы ақ мол, ырыс көп болсын деп қазан толы тағам пісіріледі. Демек, бұл – береке мерекесі. Осы күн құрметіне асылған анау қара қазанда тоқсаннан - қыстың тоқсан күнінен сақталып қалған сұр қазымен ақпанның аязды айынан артылып қалған құнан қойдың құйрығы қайнап жатыр. Жалпы тоғыз түрлі нәрсе салынған. Міне, осы тағамды халқымыз жаңа жыл құрметіне наурыз көже деп атаған.

- Әже, неге тоғыз түрлі зат...

- Ата – бабамыз жеті, тоғыз сандарын киелі, қасиетті санаған. Сондықтан болар, - деп қарт ана саусағын біреулеп бүгіп санай бастады.

Аспанда шөкімдей бұлт, үп еткен жел жоқ. Күн де, табиғатта тамаша. Олар құндақтаулы бала болса еді, бауырыңа басып аяласаң. Өз – өзімен ойнап отырып, үйдегілердің оқыс шыққан даусына лажсыз құлақ салдым. Сәуле жеңшем тұңғиық ойға беріліп, қазан басында әлі отыр. «Қозғап тұрмаса көже қазан түбіне қатып қалады». Әжемнің манағы бір сөзі есіме түсті.

- Келін, сен бақыттысың ғой. Бауырыңда балаң бар. Оның үстіне әлі жассың. «Төрінен гөрі жақын» мен бейбақтың бағы ашылмас сірә, орта жаста жарым кетті жалғаншыға тастап. Бір күйдім. Егізімнің сыңары Мәриям тұлымы желкілдеп енді қатарға қосылғанда, түзелмес дерттен мерт болды. Тағы өртендім. Жылай – жылай көзіме қан толып соқыр болдым. Ішім жалынға толды. Жаман жалғызымнан немере сүйемінба деп мына екінші келінді алып едім. Бұлда бос құрсақ болып шықты. Отасқандарына бес-алты жыл болды, әлі өзгеріс жоқ. Әкеден қалған бір тұяқ еді, ол да қырыққа таяп қалды. Қу бас болып қала ма? – деп қорқамын. – Әжемнің қос иығы бүлкілдеп ауыр денесі қозғалды... Жылап жатыр-ау бейшара! – Мына наурыз көже мен үшін соңғы көже сияқты сезіледі. Қайтып дәм татпаспын. Үһ, жалғаншы дүние! Оны қойшы, шикі өкпе де болса, бір қызыл шақа иіскей алмайтыныма өкінемін ғой, мен бейьақ! Бүтін жерім жоқ.

- Қой, олай демеңіз. Періштелер жаманға да әумин дейтін көрінеді. Мына ұлыстың ұлы күні жақсы ниетте бол, - деп шешем жұбатып жатыр. Қанша сыбырлап сөйлестік дегендерімен, жарықшақ дауыс тылсым күнде жеңешемнің құлағына барып жеткен сияқты. Көзім түсіп кетіп еді, қорқып кеттім. Екі бүктеліп, бір уыс боп, қазанға түсіп кетердей күйде отыр екен. Қайтесін – ай, жапан түзде жалғыз үй, жұбаныш тағы жоқ.

Оларды ертеңіне қонаққа шақырып, түс ауа ауылға қайттық. Күн ілгері өзі сездіме екен, кім білсін, айтқанындай –ақ Жарқынай әжем жаз шыға мәңгіге көз жұмды. Құралай төбенің басында жалғыз мола пайда болды.

Әр жылы наурыз мерекесі күндері қиялымда мәңгі мөрленіп қалған сонау жайлаудағы, жападағы жалғыз үйде алғаш татқан наурыз көженің дәмін еріксіз еске аламын. Бір тырнаққа зар болып, өмір бойы өзегі өксікке толған Жарқынай әжем, қайғыны қанша сездірмеймін деп ойнап-күлгенімен , қатулы қабағы білдіріп қоятын Жүсіп ағам, барлығына бір өзі айыптыдай бүкіл жүкті мойнына артып, ерте қартайған томаға тұйық Сәуле жеңешем көз алдымнан тізбектеліп өтеді. Кейуананың түтіні сөнбесін деп қолдан келгеннің бәрін істеп баққан сол қос жанның соңғы тағдыры не болды екен? Алдымда – дәм, қиялым – шартарапта.

«Наурыз көже ішсең бойыңа күш-қуат бітеді. Бұл күш елдік пен ерлікке, тірлікпен бірлікке жетелейді. Халқымыздың мұнан асқан мұраты да жоқ!..»

Жарқынай әжемнің көже ішіп отырғанда айтқан осы бір сөзіне қосар ештеңем қалмағандай...

Алладан бақыт емес, бала тілеген ананың соңғы үмітін наурыз көжеге артқаны да тегін емес-ау сірә, деп ойладым.

 

Қазақ тілінде жазылған