Адам қарады: 854 | Жарияланды: 2017-07-29 02:15:44

Ақтық айқас

 

Хикаят

Қазақтың Көк Туын көкке өрлетіп жүрген

балуан бауырларыма арнаймын!

Автор.

«БАСҚА БӘЛЕ – ТІЛДЕН»

немесе  «жығылуды үйрену де – өнер» ме?!

Әу баста «Басқа бәле – тілден» деген сөзді кім айтса да тауып айтқан екен. Дәл сол күні тілін тістеп, үндемей қойса, Санжардың да үйдей бәледен құтылары айдан анық еді. Алайда көріп тұрғанын көрмегенсіп, естігенін естімегенсіп қоя салу мұның сүйегіне сіңбеген мінез болатын. Ақыры сол мінез Абат екеуінің арасын ушықтырып тынды.

...Ауыл шетіндегі алаңда бір топ бала доп қуып, әбден шаршаған соң көгалда дем басып отырған. Аяқ астынан атақты спортшылар туралы әңгіме басталмасы бар ма. Рональдо мен Месси сияқты футболшылардан тартып, Брюс Ли, Мұстафа Өзтүрік, Ардақ Назаров сияқты жекпе-жек шеберлерінің бәрі түгенделді. Өзін қатарлас балалардың барлығынан үстем  санайтын Абаттың да делебесі қозды. Ол әйгілі әлем спортшылары туралы әңгімеден мақұрым болған соң өзінің ағаларын мақтаған. Айтуынша, шеттерінен спортшы, осы ауылдың жігіттерін тақ тұрғызған жігіттің төресі көрінеді. Үйлерінде белтемір, зілтемір дегеннің неше атасы бар екен. Жұмыстан қол боста үнемі солармен шұғылданып, тыным таппайтын сияқты. Сәлден соң Абат қыза келе «Өткенде Москваға жарысқа барғанда Марат ағам Брюс Лимен жекпе-жек шығып, быт-шытын шығарды» деп салды. Мұнысы енді еш қисынсыз, шылғи өтірік. Бірақ отырғандардың ешқайсысы тіс жарар емес. Тек Санжар ғана шыдамай:

– Брюс Ли емес, бәлкім, басқа біреу шығар...– деп қалды.

– Сен не? Марат ағамның шеберлігіне күмәнің бар ма?– Абаттың аузы шошайып шыға келді.

Балалардың бәрі де абдырап қалған. Тек Мұрат деген бала ғана бір шикілікті сезгендей жымың-жымың етеді.

– Шеберлігін білмеймін... ағаңның жасы қаншада? – деді Санжар.

Ол қызыл шеке ерегестің басталғанын сезді. Бірақ қапелімде бұлтарудың жөнін таба алмады.

– Онда сенің не шаруаң бар?

– Жай, әншейін... Айтқың келмесе, айтпай-ақ қой...

– Жоқ, менің жасыратын дәнеңем жоқ. Ал жиырмада...

– Онда сен ренжіме, Абат! Брюс Ли 1973 жылы қайтыс болған. Ол кезде Марат ағаң әлі дүниеге де келмеген...

 Әлдекім шыдамай мырс ете түсті.

– Өй, сен Алматыдан келдім деп бөсе берме, ұқтың ба! Сен білгенді біз де білеміз,– Абаттың көзі ежірейіп кетті.

– Мүмкін мен емес, сен бөсіп отырған шығарсың?

– Не дейді-ей мынау? Мә, саған!– Абат күтпеген жерден оны құлақшекеден қонжитып жіберді.

Екеуі ұмар-жұмар бола қалды да, Абат баж ете түсті. Санжар оның қолын қайырып, жанын көзіне көрсетіп барып, ендігәрі бүйтпеске уәдесін алған соң бірақ босатты... Мұндай оқыс оқиғаны күтпеген балалардың бәрі үрпиісіп қалды. «Мынауың бір бәле ғой» дегендей Санжарға күдіктене, үдірейе қарайды. Абат сыр берместен сызданып үйіне қайтты. Қасынан бір елі қалмайтын Шотай дедектеп соңынан ерді. Басқа балалар да үн-түнсіз тарай бастады. Тек ең соңында қалған Ернар ғана іс-міс жоқ:

– О-о! Мына ауырту тәсіліңді маған да үйретші,– деп жабыса түсті.– Әлгі Абат сияқты сүйкенбей жүре алмайтындардың сазайын тарттырайын...

Санжар онша құлшына қойған жоқ. Бірақ Ернар тақымдап қоймаған соң бәлсінгендей болмайын деп, үйрете бастаған.

– Балуан болу үшін әуелі жығылуды үйрену керек. Міне, былай жалпаңнан түсіп, жазылып жығыласың.– Ол шалқасынан жығылып көрсетті.– Бүкіл күш барлық денеңе тұтас түссін! Ұқтың ба?

– Ой, сен қызық екенсің! – Ернардың қабағы қарс жабылды. – Маған жығылуды үйренудің не керегі бар? Үйретер болсаң, жығуды үйрет!

Ал ендеше! Мынаны қара, жығылуды үйренуді еш қажеті жоқ, басы артық бірдеңеге балап тұр. Енді қайтіп ұқтырса екен?!

– Мысалы, мына сен жығылуды үйренбей жатып, жығу тәсілін меңгердің дейік. Кейін жарыста мықты балуанмен белдескеніңде ол сені көтеріп әкеп жерге бір персе, әлгіндей жазылып жығылмай, допша домаланып құласаң, тыныс жетпей, талып қалуың мүмкін, ұқтың ба?

– Сондықтан да мен жығылмайтын тәсілді үйренуім керек қой!..

– Сол жығылмайтын тәсілді маған да үйретші,– деді біреу ту сыртынан.

Жалт қарағанда Санжардың көзінің оты жарқ етіп, басы айналып құлап бара жатқанын біледі. Біреу өзін «Мә, үйретесің! Мә, үйретесің!» деп тепкілеп жатқандай болған... Одан арғысын білмейді.

Есін жиса, шалқасынан  жатыр екен. Үсті-басы малмандай су. Біреу бетіне су шашқан секілді. Төніп тұрғанның бірі Абат та, екіншісі соның көп ағаларының бірі сияқты. Шамасы бұлардан 4-5 жастай үлкен.

– Өй, Батыраш, тірілдің бе?!– деді әлгі ағасы. Ағайынды екеуі жау түсіргендей мәз. Қарғаша қарқылдап тұрып күлді. Осы мезетте қара жолмен бір ат-арбалы кісі өтіп бара жатыр еді. Сол бұлардың даусын ести сала  тiзгiнін оқыс тартып:

– Әй, Самат, Абат! Бері келіңдер, бері,– деп шақырды.

– Қазір! Қазір!– десті екеуі де қатарласа.

– Қап, әкемнің көріп қалғанын қарашы! Бағың бар екен, бала! Әйтпесе, қазір жаның жаһаннамға кетер еді... Жә, әлі талай кездесерміз!– Екеуі бірінің артынан бірі тайып тұрды. Санжар мең-зең күйі сәл отырып, тілге келді:

– Не боп кетті өзі? Мені ұрған осы ма?!

– Иә, осы... Абаттың Самат деген жынды ағасы. Нағыз дүлей! Әуелі сені бір ұрып, мұрттай ұшырды... Сосын мені «жан керек болса, үніңді өшір» деп, ішімнен бір түйіп, бүк түсірді... Қолының қаттысы-ай, ішектерім түйіліп қалып, жаным көзіме көрінді... Әй, үзіліп кеткен шығар дегем, аман сияқты ғой...– Ернар «ұялған тек тұрмас» дегендей, ыржаңдап күлген болды.

Кенет Санжардың көз алдына әкесінің бейнесі келе қалды. «Ештеңе жоқ. Жігітсің! «Жетіге дейін жерден таяқ жейсің, жетіден соң елден таяқ жейсің». Ең бастысы – өзіңді жинақылыққа баулитын әрі денсаулығыңды шыңдайтын спорттан қол үзбе!– деп, әкесі қазір құдды қасына келіп, мұны әрі жұбатып, әрі қайрап отырған сияқты.– Қалғанының бәрі – бос сөз...»

Бала іштей ширығып, мынадай байламға келді: «Жетер, ертеңнен бастап қайта күреске барамын. Енді дайындықтан қалсам, адам болмай кетейін! Әбден күш жиып алып, осы Саматты дәл өзіндей жерге аунатып сабамасам, Санжар атым құрысын!».

 

САНЖАР НЕГЕ АУЫЛҒА КЕЛДІ?

Ертеңіне Санжар сабақтан соң «Қайрат» спорт клубына соқты. Әкесі екеуі өткен жазда атасы мен апасына келгенде осында бір-екі рет жаттығып қайтқан. Болат бапкермен де сол жолы танысқан. Сол Болат ағасы бұл келгенде есікті сыртынан құлыптап жатыр екен, берген сәлеміне сауалмен жауап қатты:

– Өй, батыр! Сен қайда жүрсің? Дайындық баяғыда басталып кетті ғой?!

  •  Көп болды ма, ағай?

– Иә, бүгін үшінші күн. Жарайды... кешкі бестегі дайындықтан қалма!

...Қаланың ат шаптырымдай спорт залында жаттыққан Санжар алғашында ауылдың аядай құжырасын қомсыныңқырап жүрді. Тіпті Болат бапкерінің дайындауына да көңілі қоңылтақсып қалған. Өйткені бұл кісі алғашында қайта-қайта жүгірте берді. Күн сайын спортзалдың алдынан бастап, ауыл шетіндегі саябақты бір айналып келгенше тілдері салақтап, әбден діңкесі құриды. Саябақтың әр қырының өзі әй бір шақырымнан аз емес-ау, аз емес. Сонда бұлар күн сайын кемінде 5-6 шақырымды артқа тастайды екен. Ондай жүгірістен соң балалардың көпшілігі-ақ өкпесі өшіп, бүйткен күресі құрысын деп тайып тұратын көрінеді. Әуелде топырласып, 100-ге тарта бала жүр еді. Айналасы бір-ақ аптаның ішінде 30-40-тайы зым-зия жоқ болды. Бір айдан соң сайдың тасындай іріктеліп, 20 шақты бала ғана қалды. Міне, сол кезде Болат ағалары да жүгіртуді азайтып, күрестің айла-тәсілдеріне көшті. Сөйтсе, бапкерлері «нағыз шыдамдылары ғана қалсын, спортты еріккеннің ермегі көретіндер мен шыбық тимей шыңқ етер аянкөстер кете берсін» дегендей, әдейі қинайды екен. Табиғи түрде сұрыптап, нағыз төзімді, табандыларды ғана іріктеу үшін. Өйткені көп ұзамай, суық түсіп, жаттығу залда ғана жасалады. Осылай күн жылы кезде іріктеп алмаса, жүз баланы мына аядай залдың қай жеріне сиғызбақ?!

...Санжарға спортзал да, жаттығу да таңсық емес. Ес білгеннен көргені осы. Ата-анасының айтуынша, бір кездері үшеуі спортзалдың киім ауыстырар бөлмелерінің бірінде тұрыпты. Сөйтіп жүріп-ақ әкесі мұны спорттың барлық түріне баулыпты. Қазір Санжарға бассейннің екі басына бірнеше рет дем алмай жүзіп бару да, үстел теннисі мен үлкен теннис ойнау да, тіпті конькимен мұзайдында шыр көбелек айналу да қиын емес. «Адам денсаулығына осының бәрі пайдалы,– деді бірде әкесі.– Бірақ мұның бәрімен шұғылдануға кісінің шамасы да, мұршасы да жетпейді. Ендеше спорттың бір түрін таңдауың керек...».

Сол таңдау мәселесі де табан астында шешілді. Бірде ата-анасы үйіне балуан жолдастары мен бапкерлерін қонаққа шақырды. Мамырдың жаймашуақ күндерінің бірі болатын. Қаланың шет жағындағы қазіргі үйге көшіп барған кез. Қуырдақпен шай ішілген соң бәрі дүркіреп далаға шықты. Әкелері алдын ала келісіп алған ба Санжармен қатарлас балаларын ала келіпті. Ауладағы көгалға кілем жайып жіберіп, күрес өткізді. Санжар сонда өзі қатарлы балалардың бір де біреуін бұйым құрлы көрген жоқ. Тіпті мектепаралық жарысқа қатысып жүрген бірер жас үлкен баланы да жықты. Сонда барлығы да бір ауыздан «міне, нағыз балуан» деп мақтасқан. Болмашыға елп етпейтін, балуандардың бәрі сөзіне тақ тұратын Тоқтар аға тоқ етерін айтты. «Тіфәй, тіфәй! Табиғи бейімі керемет! Соны қырнап-ұштау керек! Мені тыңдасаң, бұл баланы ертеңнен бастап Асқарға апар!» деді. Барлығы да осыған тоқтасты. Ол кезде бұл бар-жоғы он жаста еді. Төртіншіні бітіріп жатқан. Қатарластарынан гөрі бойшаң да зерек болған соң алтыға толмай  мектепке апарған. Сол жасының кішілігі бөгет болды. Ол оқу орнына алтыншы сыныптан бастап қана қабылдайды екен. Әкесі қайта-қайта мамандармен ақылдасты. Ақыры бір тоқтамға келіп:

– Жарайды, балам, әзірше бір жылдай үзбей секцияңа бар. Қалалық, облыстық жарыстан топ жарсаң, алтыншыдан бастап сонда оқисың,– деген.

Санжар қуанып кетті. Алдында ғана әкесімен бірге Алматыдағы Олимпиадалық резервтерді дайындайтын спорт мектеп-интернатына барып, танысып шыққан. Спортпен айналысам деген бала үшін бәрі жасалыпты. Оқу-жаттығу тобындағы балалардың жатақханасын, дайындығын көріп, қатты қызыққан. Керемет! Жарқырап тұр ғой, жарқырап! Биыл ғана іске қосылған су жаңа күрес залының өзі неге тұрады?! О-о, ондай жерде оқысаң, нәтиже көрсетпеудің өзі ұят шығар...

Бала зор құлшыныспен жаттығып, бір-ақ жылдың ішінде Алматы қаласының күміс жүлдегері атанды. Ақтық айқаста ұтылғаны – бұдан екі жастай үлкен және былтыр өзі барып көріп кеткен республикалық спорт мектеп-интернатының шәкірті. Онда да бар-жоғы бірер ұпайы жетпей қалды. Сондағы әкесінің балаша қуанғанын-ай.

– Өй, құлыным! Күресің айнымаған өзімдікі сияқты,– деп, төбесі көкке жеткендей мәз-мейрам болды.– Енді сені спорт мектепке алмай көрсін! Көр де тұр өздері-ақ жабысады.

...Осылайша арнайы спорт мектеп-интернатына барамын деп қамданып жүргенде аяқ астынан әкесі жым-жылас жоғалды. Алғашында анасы біресе жарысқа кетті, біресе жұмыстармен жүр деп қойған. Бірақ бұл жолғы «жарысы» да, «жұмыстары» да тым-тым ұзаққа созылып кетті. Бұрын оқу-жаттығу жиынына кеткенде ұзаса бір ай ғана көрмеуші еді. Осы жолғысы екі-үш айға ұласты. Бір күні артынып-тартынып ауылдан атасы келді. Ертеңіне әкесінің інісі Ерлан ағасы жетті басқа қаладан. Барлығының да жүздері сынық. Бұлардың бәріне не болған деп Санжар аң-таң. Жөн сұраса, күмілжіп, сырғыта жауап қатады.

Сол күні оңаша қалғанда анасы шынын айтты. Әкесі істі болып, сотталғалы жатыр екен. «Не істеп қойыпты?!» деді бұл жұлып алғандай. Өз даусы өз құлағына басқа біреудікі сияқты тосаң да жат естілді. Санжардың бір білетіні – бұған ғана емес, елдің бәріне жүрегі елжіреп тұратын, қолынан келсе, ешкімнен көмегін аямайтын әкесінің қылмыскер болуы мүмкін емес. «Айтсаңызшы, анашым, не үшін соттамақ?» Көңіл-күйі астан-кестен анасы жылап отыр. Ойсоқты болып, мәңгіріп қалған ба, енді ғана тілге келді: «А? Иә!.. Әкең жарысқа баруға ақша табу үшін де, бізді асырау үшін де не істемеді, балам... Камаз жалдап, темір де жинады, көмір де тасыды... Талай рет соның әуресімен жүріп жарыстан да қалды,– деді көзінің жасын сығып отырып.– Бәрібір жетпеді. Ақыры, міне, байлардың елдегі қарызын қайтартам деп, осылай істі болды...» Сол күні екеуі бірін-бірі жұбатысып, ұзақ отырды.

Ақыры әкесі үш жылға сотталды да, Санжар 6-сыныпты Шелектегі атасы мен апасының үйінде тұрып оқитын болды. Ал анасы әкесін қайда апарса, сол қалада пәтер жалдап тұрып, жұмыс істеуге шешім қабылдапты. Дәл қазір Павлодар қаласында. Бір рет келіп күзгі киімдерін реттеп беріп кетті. Екі күннің бірінде телефон соғып, амандығын біліп тұрады.

 

АУДАНДЫҚ ЖАРЫСТАҒЫ ТОСЫНСЫЙ

немесе «жығылған күреске тоймайды»

Бір күні Болат бапкері екі аптадан соң аудан мектептерінің арасында қазақ күресінен жарыс өтетінін айтты. Аудандық жарыс. Отыздан астам мектеп пен «Қайрат», «Дәулет» сынды спорт клубтарының жаөспірімдері қатыспақ. Облысқа да іріктеу осы болмақ. Өз салмағында кім жеңімпаз, сол облысқа барып, аудан намысын қорғайды. Ең соңында:

– Әр жаттығу сайын өз арамызда іріктеу жарысын өткіземіз. Сондықтан «ағам келіншек әкелді», «әпкем күйеуге тиді» деген сылтаулар қабылданбайды,– деп ескертті. Балалар ду күлді.

– Неге күлесіңдер? Араларыңда ондай сылтау айтатындар жоқ па?.. Бар болса, былай келісейік! Дайындыққа себепсіз келмеген бала қанша мықты күрессе де, жарысқа бармайды. Тәртіп солай! Ал тойды сылтау қылатындарға есік әне! Ұқтыңдар ма?!

– Ұқтық! Ұқтық!

...Екі аптадан соң «Дәулет» спорт клубына салмағын өлшеуге барған. «Дәулет» – Шелектің арғы басына жаңа үлгімен салынған спорт кешені. КСРО кезінде тұрғызылып, кейін жөнделген «Қайраттай» қораш емес, күрес, бокс, ұжымдық ойын залдары бөлек-бөлек, ыстық, суық суы, дайындықтан кейін жуынатын себезгісі бар недәуір үлкен кешен. Былтыр әкесі Санжарға мұны да көрсеткен еді. Әттең, ауылдың бір шетінде тұратын атасы мен апасының үйіне тым-тым алыс, қатынайтын көлік те жоқ. Сондықтан бұл амалсыз «Қайратқа» барып жүр.

Бұл жерде Санжарды тағы бір тосынсый күтіп тұр екен. Салмақ өлшетіп, таразыдан түсіп келе жатқанда алдынан Абат шықты. Ауыл сыртындағы оқиғадан соң көріп тұрғаны осы. Кейінірек бір баладан Абат «Дәулет» спорт клубына барып, жатпай-тұрмай күреспен шұғылданып жүр деп естіген. «Қайткенде де Санжарды ұтам, содан соң оны жекпе-жекке шақырам депті» деп келген әлгі бала. Шағыстырған сөз шығар деп онша мән бермеген. Сол рас болып шықты. Абат та салмақ өлшетпек сияқты. Араға недәуір уақыт түскенге оған деген ашу-ызасы да тарқағандай ма, қалай?! Бірақ Абаттың өшігуі өрши түспесе, басылмапты. Көрген бойда аман-саулық жоқ:

  •  Өй, сен мұнда не қып жүрсің?! «Қайрат» тақияңа тар келді ме?!– деп мұқатқансып қояды өзінше.

Санжар мырс етті де, оның сөзін елең қылмай кете берді.

  •  Айтпақшы... сен де 45-те екенсің ғой! Жан керек болса, маған жол бер! Ескертіп қояйын, Самат осында!– деп қалды. 45 деп тұрғаны – мұның салмағы. Таза күреспен ұтпай, тағы да ағасын алға салмақ.

Санжардың жыны қозып, жалт бұрылды.

  •  О, ағасының артына тығылған байғұс! Мықты болсаң, өзің ұт!

Абат қап-қара болып түтігіп кетті. Бірақ үндей алған жоқ.

  •  Ағаңа айта бар,– деп қосты Санжар.– Есейгенде, маған істегенін бұлжытпай өзіне істеймін! Ал сен мені қорыққаннан ұтылар деп, дәмеленбе!

Бұл қайырылмай кете берді. Соңынан Абаттың даусы зорға естілді:

  • Көрсек, көрерміз...

Жарыс көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай болды. Бірен-сараны болмаса, ауылдың балалары шеттерінен шымыр екен. Күні бойы тыным таппайтын ауыл тірлігі мен қара жұмыстың пайдасы. Бірақ олар көз ашқаннан спортпен шұғылданған Санжарға қарағанда әдіс-айлаға шорқақтау еді. Соның арқасында бұл қарсыластарының бәрін бет қаратпай ұтып, ақтық айқасқа дейін қиналмай жетті. Тек ширек финалда Майлин мектебінен келген қара баладан шыға сала жамбас ұпайына түсіп қалып, белдесудің соңына қарай жартылай жеңіспен ғана ұтты. Қалғанының бәрі – таза жеңіс!

Ақтық айқаста Абатпен белдесті. Қазақ күресінің дәстүрімен төс қағыстыра құшақтасып жатқанда ысылдай сыбырлап, сөзбен іліп үлгерді:

  • Иманыңды үйіре бер, бала!– Санжар естімеген сыңай танытты.

Ысқырық шалына сала бұл тірсектен іліп, тобықтан қағып, тексеріп көрді. Абат алғашында аса сақ, әрі мығым көрінді. Тіпті мұның өзін жұлқи тартып, сілкілеп, шаршатқысы бар. Тағы бірде ішке кіре берген Санжарды бар пәрменімен кеудесінен итеріп қалып, омақастыра жаздады.

– Өй, өйтуге болмайды ғой!– деп қалды біреу залдан. Кілемдегі төрешіде үн жоқ. Осы кезде Санжар айла-шарғыға көшті. Абаттың күртешесінің шолтиған жеңі мен жауырынан мықтап ұстады да, жамбасқа кірердей алдап қалып, ол соған қарсы тәсілге көшкенде тобықтан қағып топ еткізді. Жамбас ұпай! Кемінде жартылай жеңіс болуға тиіс еді, Абат та дер кезінде бұрылып үлгерді. Сосын сілкіп қалып, бір тізерлетіп алды. Бүк ұпай! Енді Санжар Абатты тек ұпай санымен ғана ұтуды өзіне намыс көрді. Күшіңді артқа сақтайтындай іріктеу кезеңі емес, ақтық айқас! Ендеше несіне сақтану керек? Тәуекел! Ол енді төпелеу тәсілін қолданбаққа бекінді. Төпелеу дегені – екі-үш тәсілді ес жидырмай қатарынан қолдану. Әуелі бір тәсілді істейді де, қарсыласы оған түспесе, дереу келесісін, сосын үшіншісін жасайды. Қанша сақ балуан болса да, үш тәсілдің біріне болмаса, біріне түседі. Дзюдо шеберлері көбінесе осылай істейді. Санжар да сөйтті. Әуелі сол жағынан, сосын оң жағынан шалып көрді де, Абат содан жалтарам дегенде жамбасқа зып беріп кіріп, қос жауырынымен қадады. Таза жеңіс!

– Өй, жарайсың! Мына бала мықты екен! Қоймады ақыры...

– Енді ше?! Бұл әлгі атақты Сайран балуанның баласы ғой!

– Ә-ә! Солай ма?! Асылдың сынығы деші?

Залдағылар дүрлігісіп басылды. Бірі өз баласының, бірі көршісінің баласының тілеулесі болып жүрген жанкүйер жұрт.

Кілемдегі төреші екі балуанды екі жағына шақырды. Абат оған жанталасып бірдеңе айтуда. Микрофон ұстаған бас төреші хабарлай бастады.

  •  Бұл ақтық айқаста Иманов Санжар жеңіске жетті!– Сол кезде Абат бас төрешіге жанұшыра жетіп барды. Микрофонға тақаған соң сөзі де ап-айқын естілді:
  •  Ағай, ағай! Мен байқамай қалдым. Қайта күрестіріңізші! Осы жолы мен жығамын! – деп қояды.

Жұрт оның өлермендігіне ду күлді. Бас төреші асып-сасқан жоқ.

  •  Иә, келесі жолы мүмкін сен жығарсың. Ал осы жолғы жеңімпаз – Иманов. Бар, келесі жарысқа мықтап дайындал!

Абат сонда да қоймады:

  •  Ағай! Ағай деймін! Тағы бір күрестіріңізші! Байқамай қалдым!

Залдан еріккен біреулер оны қостап, құтыртып жатыр.

– Күрессін, тағы күрессін!

– Иә, тағы күрессін! Қызық болады.

Бас төреші қайта сөз алды. Даусы байсалды да мығым.

  •  Халайық! Бұл – тойдағы кеу-кеудің күресі емес, облысқа  іріктеу жарысы. Өз салмағында кім жеңімпаз атанса, сол аудан  намысын қорғайды. Ендеше оны ойыншыққа айналдырмайық. Атам қазақ «Жығылған күреске тоймайды» деген. Имановтың қарсыласына соқыр ұпай бермей, таза ұтқанын көздеріңіз көрді. Енді не керек? Әлде титтей күмандарыңыз бар ма?
  •  Жоқ! Жоқ! Күман жоқ!
  •  Онда әңгіме осымен бітті...

 

 ЕКІ ЖЕП БИГЕ ШЫҒУ

немесе қос бірдей жаңалық

Марапаттау рәсімі өтіп жатқанда көпшіліктің арасынан бір таныс бейне көзіне оттай басылды. «О, о, міне, қызық!» Көрерменнің ортасында анасы отыр. Көзінде жас. Қуаныштың жасы. Санжардың жүрегі бүлк етіп, аунап түскендей болды. Қуанып кетті. Қатты қуанды. «Бұл кісі қашан кеп қалған? Бүгін бір нағыз мереке болатын болды-ау...» деп ойлап, дастархан жайылып, бәрінің мәре-сәре болып жатқаны елестеп өтті.

Анасы – бала сияқты салдырлаған, ақкөңіл адам. Ішінде еш сыр жатпайды. Кездесе сала ойындағысын ақтарып айтып тастамаса және көңілі көншімейді. Осы жолы да солай үйге жетпей бар әңгімесін айтып үлгерді. Анасының ең үлкен жаңалығы – Алматыға басы бүтін оралыпты. Әкесі кездесе сала: «Сен енді мұнда бөгелме! Мені жау алмайды. Одан да Санжарға қара! Күні-түні соның қасында бол...» деп, талап етіпті. Тіпті «Балаға бармасаң, мен бұдан кейін кездесуге де шықпай қоям!» деп, қорқытыпты. Содан анасы Алматыға келіп, бұрын өзі істеген жекеменшік клиникаға қызметке қайта кіріпті. Павлодарға кетерінде қала сыртындағы дағарадай үйді біреуге жалға беріп, анасы екеуі дүние-мүліктерін есік алдындағы жаздық тамға жинап, бекітіп тастаған болатын. Сондықтан орталықтан бір бөлмелі жатақхана жалдапты.

Одан да үлкен жаңалығы – Санжарды Алматыдағы Олимпиадалық резервтерді дайындайтын спорт мектеп-интернатына шақыртыпты. Мұны естігенде қуанғанынан Санжардың көзінен жас ыршып-ыршып кетті. Көшеде келе жатқан бойы анасын бас салып құшақтап, сүйіп-сүйіп алды.

– О-хо-о! Бағанадан бері осыны айтпайсыз ба? Мен облыстан І орын алсам, шақырар деп жүргем. Келесі жылдан бастап қой сонда?!– деді бала.

– Жоқ, жоқ! Келесі жыл емес, Құдай қаласа, дүйсенбіден бастап оқисың.

– Қалай сонда? Оқу жылы... басталып кетті ғой...

Анасының айтуынша, барлық мәселе былтыр шешіліпті. Санжар Алматы қаласының күміс жүлдегері болғанда-ақ бұған ен тағылған. Тек заң бойынша бұл жаз мезгілінде емтихан тапсырып, дәрігерлік комиссиядан өтуі керек екен. Дәл сол уақытта әкесінің соты болып, бұл сынаққа қатыса алмай қалған. Ақыры бір бала қатты ауырып, ауылына қайтқанда олар шарқ ұрып мұны іздеткен...

Атасының қара шаңырағына көршілері топырлап жиналып қалыпты. Бәрі дуылдасып, бір шай ішіп, аулаға шыққан беті екен. Анасы екеуі келгенде барлығы қауқылдасып, қоштау-қошамет айтысты:

  •  Міне, балуан баламыздың өзі де келді! Бұл батыр әрі жеңімпаз атанып, әрі оқуға түсіп, дойбышы Қасым атасынша, екі жеп биге шықты ғой!

– Өй, айналайын, нағыз атасының баласы осы болды!

– Апырай, қан деген жібермейді екен, ә!

– Енді бұрынғылар «Жаманнан жақсы туса да, Жақсыдан жаман туса да, Тартпай бір қоймас негізге...» деп, бекер айтқан ба!?

Қасым атасы Санжарды құшақтап, маңдайынан құшырлана иіскеді. Ол да жас кезінде күресіп, осы маңайдағы әйгілі балуандардың бәрінің жауырынын жер иіскеткен жан еді. Жетпістің жетеуіне шықса да қыңқыл-сыңқылын көрсетпеген қария немересінің жеңісіне мерейленіп, шаттанып қалды. Атасы дереу қорадағы қоңыр ісекті алдырып, ауылдың ақсақалы Сексенбай қариядан бата сұрады. Ақсақал саусақтары дірілдеп, алақанын жайып:

  •  Уа, Алла! Бір өзіңнің рахметіңді, пайғамбарымыздың шапағатын тигізе көр! Іргемізді тыныш, патшамызды парасатты, халқымызды иманды, бақуатты қыла көр! Мына Санжар баламыздың жолын ашық етіп, өз қатарластарының маңдай алды қыла көр, әумин!

Елдің бәрі беттерін сипап, қайтадан қауқылдаса бастады:

  • Ал, Санжар! Енді облыс пен республикадан осындай жеңіспен орал!
  •  Облыс пен республикаң не!? Шетелді жең, әлем чемпионы бол десеңші...
  •  Иә, Құдай қаласа, әлем чемпионы да болады!
  •  О, онда атаң қой емес, тай соятын шығар?!
  •  Соймағанда, сояды...

Ымырт үйіріле ел алғыстарын жаудырып, үйлеріне қайтты. Ал Санжар ертеңінде-ақ анасымен бірге Алматыға аттанып кетті.

 

САНЖАР МЕН ЕРАСЫЛ

немесе Алматыдағы арнайы спорт  мектеп-интернатында

Бұлар бәрі шешіліп қойды деп алып-ұшып жеткенімен, мектеп-интернатқа оп-оңай қабылдай салмайды екен. Ең әуелі бастан-аяқ дәрігерлік тексерістен өтті. Үміткердің ешқандай созылмалы сырқатының жоқтығына, ешбір дәрігерлік есепте тұрмайтынына көз жеткізді. Бейім-қабілетті тексеретін комиссияға барғанда тағы екі үміткер қосылды. Үшеуін белтемірге тартылдырып, жүгіртіп, секіртіп байқады. Алған грамота, диплом-дарын қарады. Ақыры бір-бірімен күрестіріп көріп, барлық жағынан озық шыққан Санжарға тоқтасты.

Бейтаныс ортада кез келген адамның сүйеніш іздейтіні белгілі. Санжар да алғашқы күні сондай сезімде төсегінде жалғызсырап отырған. Сол кезде Ерасыл деген бала қасына келіп:

– Мына отырғаның – Айдын деген досымның төсегі еді. Ол ауырып, үйіне қайтты. Енді екеуміз дос боламыз, бауырым,– деді. Ерасыл өзіне «бауырым» дегенде Санжардың жүрегі шым-м етіп, жылып сала берді. Мұндағы балалардың бір жақсы әдеті – бірін-бірі «бауырым» деп, іш тартып сөйлейді екен.

– Ол енді қашан келеді?

– Білмедім. Сары ауру болып, осында емделіп, ауылға алып кетті.

– Қай жақтыкі еді?

– Мақаншыдан. Екеуміз бір ауылданбыз...

 Осылайша екеуі шүйіркелесіп, тез тіл табысып кетті. Содан бері Ерасыл екеуі қайда барса да бірге. Төсектері қатар екені аздай, сынып жетекшісінен сұранып, бір партаға отырып алды.

Досының айтуынша, дзюдодан бірнеше бапкер бар екен. Асқар ағалары – солардың бәрінің басшысы. Бұлар жаттығатын жеткіншектер тобының жаттықтырушысы – Дулат ағалары. Ол өзі де тыным таппайтын, өзгеге де тыным бермейтін тұйғын көз, жау қабақ, қалақтай ғана ақ сары кісі екен. Балаларды басына шығарып алмайын дейді ме, әлде өзінің мінезі сондай ма әйтеуір Санжар оның әзірше елге ұқсап жадырап бір күлгенін көрген емес. Жөн-жосықсыз ұрсып-жекімейді де. Сөзі тақ-тұқ, қысқа да нұсқа.

Бір күні осы кісі балаларды сапқа тізіп:

– Алдағы сенбіде жылдағыдай «посвящение» болады. Сонда сен, сен өнер көрсетесіңдер,– деп оншақты баланы таңдап алып, бөлек дайындады. Қалғандарын Сырым есімді ересектеу балаға тапсырды.

...Жаттығу аяқталып, жүрек жалғауға бара жатқанда Ерасылдан «посвящение» дегеннің не екенін сұрады.

– Ол тұсаукесер ғой. Бәріміздің аяғымызға ала жіп байлап қойып, «Тәй, тәй! Жүре ғой, бөпем» деп тұсауымызды кеседі,– деп әзілдеді ол.

–Қылжақтама, бауырым! Оныңды үйінен аттап шықпаған үйкүшікке айт!

Екеуі қосыла күлді. Ерасыл қалтасынан қағаз алып, бүктеуін жазды:

– Міне, мектеп пен ұстаздар алдында мынадай ант береміз! Осыны сен де жаттап ал! Ұйықтап жатқан жерімізден оятып алып сұраса да жатқа білуге тиіспіз! Қалғанының бәрін сенбі күні көрерміз. Ал қазір алдымыздағы асты ішейік! Әйтпесе, келесі сабақтан кешігеміз...

 

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСУ

немесе  олимпиадашы Асхат Жіткеевтен алған қолтаңба

Сенбі күні таңғы астан соң барлық баланы сапқа тұрғызды. Күн жарықтық та бүгін ерекше жарқырап, барша шуағын шашып тұр. Күз ортасынан ауғанына қарамастан, күн жып-жылы. Қашан үлгергенін қайдам, салтанатты жиын өтетін алаңды да мерекедегідей безендіріп тастапты. Директордан бастап бүкіл ұстаздардың бәрі осында. Бірінен соң бірі суырыла сөйлеп, салтанаттың көрігін қыздыруда. Аудандық спорт комитеті мен оқу бөлімінен де өкілдер келіпті. Микрофон саңқылдап, ара-арасында құйқылжыған музыка ойнап, төңірек шаттыққа бөленді...

Бір кезде шет жерде Қазақстанның намысын қорғап жүрген осы мектептің түлектері ортаға шыққанда оқушылар гүу-у ете түсті. Ермахан Ыбырайымов, Ольга Шишигина, Асхат Жіткеев сияқты спорт саңлақтары маңдайлары жарқырап, қасқайып қарап тұр. Спорттың қысқы түрлерінен Санжар өң-түстерін анықтап ажырата алмайтын тағы бірқатар жүйрік бар. Әр баланың көкірегінде «шіркін-ай, осы спортшылардың орнында мен қашан тұрар екенмін» деген асқақ арманның бой көтергені анық. Санжар да осы қиял жетегіне еріп кеткенін сезбей қалды... Міне, жанкешті жаттығу жасап жүр екенмін дейді: тау-тастан қарғып, жаңбыр мен боранға қарамай жүгіріп келеді, енді бірде татамиде борша-борша терлеп, дзюдоның айла-тәсілін қайталап жүр. «Мың тәсіл білгеннен қорықпа, бір тәсілді мың қайтара істеп, мүлтіксіз жасағаннан қорқу керек» деп, әйгілі жекпе-жек шебері Брюс Ли айтқандай, әр айла-тәсілін мың қайтара жасап, шеберлік шыңына шығарған екен дейді. Сөйтіп, шетелге шығып, белдескен балуандарының бәрін бет қаратпай ұтып, әлем чемпионы болыпты. У-р-а-а!.. Міне, ақсия күліп, траптан маң-маң басып түсіп келеді екен. Алдында құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұстаған жанкүйерлері...

Сөйтіп қиялдап кетіп, бүгінгі салтанатта Ермахан ағасының сөз алғанын байқамай қалыпты. Олимпиада чемпионы сөзін: «Шетелде екі жағдайда Қазақстанның Көк Туы жоғары көтеріледі. Бірі – Елбасымыз ресми сапармен барғанда. Бірі – спортшылар жеңіс тұғырына көтерілгенде. Сондықтан араларыңнан осы қасиетті Көк Туымызды көкке өрлететін спортшылар көптеп шықсын!» деп аяқтады. Жұрт ду қол шапалақтады. Одан кейін мектеп-интернат тәрбиеленушілері спорттың әр түрінен өнер көрсетіп, Ерасыл досы бүкіл 6-7-сыныпқа жаңадан қабылданушылардың атынан салтанатты түрде ант берді. Сөзі жалынды да әсерлі шықты. Жүзі нұрланып, көздері от шашады. Осы антты салтанатты жиында өзінің айтатыны туралы әзілдеп болсын мақтанбаған досының ұстамдылығына разы болды. Сөйтіп жаңа досын тағы бір қырынан тани түскендей...

Жиын соңына қарай Санжар Бейжіңдегі олимпиаданың күміс жүлдегері Асхат Жіткеевке жүгіріп барып, қолтаңба алды. Асхат ағасы бұның қойын дәптеріне: «Санжар! Мен алмаған олимпиада алтынын сен алып, дзюдодан қазақтың алғашқы олимпиада чемпионы бол!» деп жазып беріпті. «Әумин, айтқаныңыз келсін, аға!» деді бұл шын ниетімен. Мұны көріп анасы көзіне жас алды.

 

ЖАРАУ АТТАЙ АРАМ ТЕРДЕН АДА БОЛ!

...Бірде Дулат  ағалары күнделікті бой қыздыру жаттығуынан соң:

  •  Балалар, Шығыстағы көршіміз Қытай елінің спорты неге соңғы кезде қарыштап дамып кетті, қалай ойлайсыңдар?– деп сұрады.

Әркім әрқалай болжам-долбарларын ұсынды.

– Оның біз білмейтін сыры көп. Меніңше, соның кейбірі мыналар: бізде  балаларды  арнайы спорт мектеп-интернаттарына  10 жастан  қабылдаса, олар 6-7 жастан қабылдайды,– деді бапкер.– Әр жаттығуды толыққанды меңгергенше қайталап, күндіз-түні тынбай тер төгеді. Мәселен,  жүгіруден Қытайдың қыздар құрамасының бас бапкері Ма Юнреннің жаттығу жүйесімен танысқан мамандар шалқасынан түсе жаздаған. Сөйтсе, құрама бапкері бірнеше ай бойы  биік таудағы жаттығу орталығында спортшы қыздарды күніне 42 шақырым, аптасына 300-дей шақырым үздіксіз жүгірткен. Өздерің ойлаңдаршы, бізде аламан жарыстың өзін бәйге аттар зорығып қалады деп, 40-45 шақырымнан асырмай жүр. Ал бұлар ерлерді қойып, қыздардың өзін күніне 42 шақырымға жүгіртеді. Неткен жанкештілік десеңші!? Сонда бәйге аттан адамның, онда да ер-азамат емес, желаяқ қыздардың мықты болғаны ма?!

...Шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады.

– Нәтижеде  осы қыздар бірнеше рет әлемдік рекорд жаңартыпты. «Мұның бәрін несіне айтып тұр?» деп отырған шығарсыңдар,– Дулат ағалары айналасына барлай қарап алды.– Адам  ағзасының мүмкіндігі туралы айтпақ едім. Баяғыда бір данышпан «Адам миы – жалқау, аясаң болды керенаулап, еш нәрсеге бейімделмейді. Неғұрлым мазасын алсаң, соғұрлым шеберлене түседі» деген көрінеді. Ми ғана емес, адамның тұтас ағзасы, аяқ-қолы, бұлшық еттері, сана-сезімі, тіпті сүйектері де сондай екен. Спортшының бос уақыты қаншалық көп  болған сайын оның болашағынан да ешқандай үміт күтпе. Қазақ айтады: «Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді» деп. Ендеше осы отырған баланың  бәрі, әсіресе, әлем мен олимпиадада  топ жарғысы келетіндер бір күнді бос жібермей, мақсатты түрде жүйелі жаттығуы қажет. Қазақ атбегілерінің бәйге аттарын қалай баптайтынын  көргендерің бар шығар?! Көрсеңдер, сендер де сондай арам терден ада болып, таза тер шыққанынша тыным таппауларың керек...

Сол күні бұлар Қытай елінің спорты туралы деректі фильм көрді.

 

АЛЫС ШЕТЕЛГЕ АЛҒАШҚЫ САПАР

немесе «Judo CREATIV» халықаралық турнирі

Арада сынаптай сырғып бір жыл өте шықты. Бұл кезде Санжардың бойы ғана сұңғақ тартпай, аяқ-қолдары да таралып, сомдала түсіп еді. Әдіс-айлаға да недәуір машықтанды. Бұрыннан қолданып жүрген екі-үш тәсілді сан мәрте қайталап, өзінің мүлтіксіз жасайтын сүйікті әдістері етіп алды. Бапкерлері «Солардың өзін оң-солмен қатар жасап үйрен» деген соң, енді дайындықта сол жағын көбірек іске қосып жүр. Бірақ жеме-жемге келгенде әдісті үйреншікті оң жағымен жасап жібергенін өзі де сезбей қалады. Соған қарамастан республикада топ жарып, көрші ТМД елдеріндегі бірнеше халықаралық турнирлерден олжамен оралды.

...Бүгінгі сапардың жөні бөлектеу. Бұл – Санжардың алыс шетелге алғашқы сапары. Шетел болғанда Еуропаның қақ төріне Аустрияның оңтүстігіндегі Фронлайтен қаласына аттанып барады. Осында Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы «Judo CREATIV» халықаралық турнирі өтпек. Бапкерлердің айтысына қарағанда, бұл сайыс Еуропадағы аса беделді әрі әйгілі турнирлердің бірі көрінеді. Кәрі құрлықтағылар оны дзюдодан жасөспірімдер арасындағы бейресми Еуропа чемпионатына балайды екен.

Таң құлан иектене қалалық балалар мен жасөспірімдер құрама командасы Алматы әуежайынан ұшаққа отырды. Құрама деген аты ғана. Бірен-сараны болмаса, барлығы дерлік – осылар оқитын арнайы спорт мектеп-интернатының тәрбиеленушілері. Сондықтан өздерінің Асқар, Дулат ағайлары бастап барады. Бірер баланың ата-анасы бірге барады екен дегенді естіп, Санжардың анасы Інжу де намысқа тырысқан. Бірақ Санжар: «Бармай-ақ қойыңыз, анашым. Сонша шығынданып барғанда, не бітіресіз? Тағы да жұмыстан сұралып, әуре боласыз...» деп, үзілді-кесілді қарсы болды. Анасы сонда да бірге бармаққа қамданып жүріп, Асқар ағасының сөзінен соң әрең тоқтады. Бүгін де сол таңғы 3-те әуежайға өзі шығарып салды.

Елдің аузына қарап, аңқиып жүрмейін деп, Санжар оқу-жаттығу жиынынан келе сала ғаламторды біраз шарлаған. Қыруар дерек тапты. Ең қажет дегендерін іріктеп-сұрыптап, ұялы телефонына сақтап қойған. Аспанға көтерілген соң Ерасыл екеуі біразға дейін түнгі Алматыны үстінен тамашалады. Ал иллюминатордың беті қап-қара түнекке айналғанда ғаламтордан тапқанын Ерасылға көрсеткен. Әсіресе, турнир туралы мына дерекке екеуі де таңырқасты: «Биыл «Judo CREATIV» турниріне Аустрия, Германия, Англия сияқты 20-дан астам Еуропа елдерінің 182 дзюдо клубы мен командасынан 1354 жасөспірім балуан қатыспақшы. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Украина секілді ТМД елдерінен де клубтар мен командалар бар. Тіпті бір Украинаның өзі ғана 9 команда әкелмекші...» «Ал ендеше, нағыз шайқас болады десеңші!» деді Ерасыл есінеп отырып. Айналасына қараса, балалардың көбі ұшақтың тербетуімен қалың ұйқыға шомыпты. Санжардың да кірпіктері айқаса бастады. «Не болса да бара көрерміз!» деп, екеуі де отырған қалпы ұйқыға кетті.

... Ояна келсе, «Келдік, келдік, жиналыңдар!» деп дүрлігісіп жатыр екен. Өткен түндегі ұйқысы шала болып еді. Ал керек болса, тырп етпей, 5-6 сағаттай ұйықтапты. Ерасыл әлі былқ етер емес. Дереу оятты. Майндағы Франкфурт қаласында ұшақ ауыстыруы тиіс болатын. Траптан түскенде көрді, немістің таңғы аспаны қабағын қарс жауып алыпты. Тым болмаса бір себелеп өтуге қамданып тұрғандай. Алматылық өрендер Алманияның ғана емес, Еуропаның аса ірі әуежайларының бірі саналатын ғимаратпен танысып та үлгерген жоқ. Айналасы бір жарым сағатқа жетер-жетпес уақытта алып әуе кемесіне қайта отырып, Аустрияға бет түзеді. Бұлар жерден көтеріле бере жаңбыр құйды.

Көп ұзамай аспансерік апайлары ас ұсынды. Жолаушылардың ар жағына ел қондырайық десе керек. Ауқаттанып болғанша ұшақ Грац қаласына қону үшін ылдилай бастады. Мұнда күн жарқырап тұр екен. Қала кіршіксіз тазалығы мен мүлтіксіз тәртібімен көз тартады. Қоғамдық көліктің аялдамалары да, жол жиегіндегі ғимараттар да, елдімекендер де – ұсынақты қолдың барын сездіріп, мұнтаздай болып тұр. Мұр өзені қаланы қақ жарып ағып жатыр. Ал Фронлайтен осы арадан қозы көш жерде көрінеді. Жолаушылар арнайы автобусқа мінді. Жол бойы немістік ептілікпен отырғызылған гүлзарлар мен жасыл желектер, шоқы-қыраттардың ұшар бастарына дейін өрмелей салған ортағасырлық қамалдар мен қорғандар.  Автобус ирелеңдеп алдын кес-кестей берген Мұр өзенін бірнеше рет қиып өтіп, тауды бөктерлеп келеді.

Фронлайтен шағын болса да, айрықша әсем қала екен. Мұнда да бірден көзге ұратыны – жасыл желектер мен әдемі гүлзарлар. Спорт кешенінде үлкендер жарысты ұйымдастырушылармен сөйлесіп, тіркеумен айналысып жатқанда балалар керіліп-созылып, бой жазып алды. Көп ұзамай бүкіл команда мейманханаға аттанды.

Мәссаған, Еуропаның қақ төрінде осындай да қызық болады екен-ау! Мейманхана деп барғаны – Фронлайтен муниципалды спорт кешенінің спорт залы! Турнир қатысушыларының көптігі сондай – жергілікті қонақүйлерде бірде-бір орын қалмаған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әр түрлі ұлттың өкілдері – жасөспірім дзюдошылар ғана емес, бапкерлер мен ата-аналар да спортшылар жаттығу жасайтын матылардың үстіне жатпақшы. Санжар анасының айтқанға көніп, Алматыда қалып қойғанына қатты қуанды. Бірақ оған Фронлайтенге аман-есен жеткенін хабарлағанда, бекер уайымдатпайын деп, бұл туралы ауыз ашқан жоқ.

Асқар мен Дулат ағайлары бастаған құрама түскі астан соң бір сағаттай тынығып алып, спортзалды бетке алды. Аустриялықтар атшаптырым залды волейболдыкіне ұқсас жібек торлармен оншақты бөлікке бөліп тастапты. Әрқайсында бір-бір татами. Соның біріне келіп, жаттығу жасады. Сол баяғы дене қыздыру, тер шығару, әбден машыққан айла-тәсілдерді еске түсіру сынды елдегі дайындықты пысықтаудың айналасы ғана.

Дайындық соңында бас бапкер балуандардың бәрін сапқа тұрғызды.

– Ал, балалар, «шіркін, қашан барады екенбіз» деп, алақан ысқылаған Еуропаның қақ төріне де келдіңдер! Көрдіңдер, бұлар да өздерің сияқты екі қол, екі аяғы бар адам. Артық-кемі жоқ. Қайта әлемдегі ең жүйрік те икемді, сезімтал да көркем жануар – жылқының етін жеп, сорпасын ішіп жүрген сендерде артықшылық бар,– деп, Асқар ағайлары айналасына бір қарап алды.– Ендеше қолдарыңнан не келетінін дәлелдеңдер! Ертең – жарыс! Тас түйін дайын болыңдар! Әрқайсыңнан жеңіс күтеміз! Іске сәт!

Кешкі астан соң бапкерлері бүкіл ұл-қызды ертіп Альпының бөктеріндегі бір төбеге шығып келді. Әрі сергісін, әрі тамақ қорытылсын дегені сияқты. Биікке шыққан адамның көңілі де көтеріледі екен. Соны да ескерсе керек. Бұлар спортзалға келгенде қас қарая бастапты. Ертеңгі жарысқа ертерек қамданып, жатып қалды.

Ертеңіне құрама команда 6-да (Алматыша 11.00) тұрып, жуынып-шайынып, таңғы асқа барды. Ұйымдастырушылар Арман, Асқар  ағайларына сағат 7-де «швед дастарханы» жайылатынын кеше ескертіп қойған сияқты. Барлығы да білектеріне қызыл қағаздан білезік-пропускі тағып, дәмханаға беттеді. Бірыңғай жасыл кеудеше-юбка киген апайлар жылы жымиып, жөн нұсқап, жол көрсетіп жүр. Швед дастарханы дегені – әр қилы сырлар, шұжық, шәй, кофе және тәтті-дәмді тіске басарлар екен. Ауқаттанып-әлденіп алған өрендер таудың таңғы саф ауасын жұтып, турнирдің басталуын күтті.

Алайда сол Альпының тым-тым таза ауасы мен Аустрияның айрықша бөлек климаты қаланың көк түтініне үйреніп қалған алматылық өрендерге жақпай қалды. Жарыс басталмай жатып-ақ балалар әлсіреп, алқына бастады. Фронлайтенді жерсіне қоймаған балғын өкпелерге ауа жетпей, жасаған айла-тәсілдері шықпай қойды. Сөйтіп алғашқы күні белдескен қанша қазақстандық балуанның  арасынан  бір-ақ бала қола жүлдеге зорға ілікті. Құдай оңдағанда Санжар мен Ерасылдың қатарластары бұл күні күреспей, тек 15 пен 17 жасқа дейінгі командаластарына жанкүйер болған еді. Спортзалдағы қапырықтан да, сонша жерден келіп, жүлдеге іліге алмағаннан да  ұнжырғасы түскен балалардың бәрі жарыс біте сала аквопаркқа лап қойды. Бір тәуірі жарысты ұйымдастырушылар күннің осынша шыжғырарын білгендей-ақ, барлық жарысқа қатысушылардың ақы-пұлсыз шомылуына рұқсат беріп қойыпты.

 

АУСТРИЯДАҒЫ АҚТЫҚ АЙҚАС

немесе «Ұтылсаң, елге қай бетіңмен барасың!?»

...Ерасыл екеуі де екінші күні 13 жасқа дейінгілердің қатарында белдесті. Санжар «Қашан шақырар екен...» деп кезегін күтіп тұрғанда ғайыптан тайып Мұстафа Өзтүрік есіне түсті. Осыдан үш жылдай бұрын әкесі екеуі теледидардан көрген. Алдындағы сытырлап жанған отқа қарап отырып ол кісі мынадай бір әңгіме айтып еді... 90-жылдардың басы. Елге келе сала қазақтың қарадомалақтарына таэквонда үйретіп,Түркияға жарысқа апардық. Бірден үш баламыз финалға шықты. Бір қарасам, елден ере барған комсомол жетекшісі әлгі үшеуін иіріп алып: «Сендер байқаңдар, бір жеріңді ауыртып алмаңдар! Бұл жолы жеңбесең, келесіде жеңесің!»,– де-е-п тұр. Мен күйіп кеттім. «Ау, бауырым! Бұл не сөз?– деп алып, әлгі 3 жігітке қарап айттым.– Бұлар жеңе алмаса, келесіде басқа спортшылар келеді! Қазақтың сайыпқыран сарбаздары құрып қалып па?! Егер осыдан ертең жеңбесеңдер, осы жерге өз қолыммен көміп кетемін!». Ертеңіне сол үшеудің екеуі 1-орын алды. Ал үшіншісі қанша жанұшыра ұмтылса да, ұтылып қалды. Жекпе-жек біте сала, сол үшінші баланы іздесем, бір қуысқа тығылып алып, солқылдап жылап отыр екен. «Сен – нағыз батырсың! Намысы, ар-ұжданы, ұяты бар жігіт қана жылай алады. Тұр, қане, құшақтайын!»– дедім. Ол мұндайды күтпесе керек, атып тұрып, бас салды. «Аға, сеніңізші маған! Келесіде міндетті түрде жеңемін!» дейді. «Әрине, жеңесің!» дедім құшақтап...

Санжар сонда қасында отырған әкесінің көзіне жас алғанын тұңғыш рет көрді. Әкесі толқып, даусы құбылып отырып: «Шіркін-ай, кісіні осынша құлшындырып, жігерлендіре білетін адам да болады екен-ау...» деп еді. Бұл сонда ештеңе ұға қоймай: «Сіз неге жылайсыз?!» деп сұраған. Әкесі күлді. Содан соң былайша түсіндірген: «Бұл жерде қайран азамат: «Әр жарысқа, әр белдесуге соңғы рет шығып тұрғандай барыңды сала айқас! Артыңда ел тұр! Ұтылсаң, елге қай бетіңмен барасың!?» деп тұр ғой! Қалай толқымайсың?! Сен де Мұстафаның осы сөзін ұмытпа!» деп еді. Ол кезде Санжардың шетелге шығып, ел намысын қорғаймын деген ойына кіріп-шығып па?! Міне, енді сол сөзінің мәнісін бақандай үш жыл өткен соң ғана түсінгендей...

Содан ба, Санжар татамиге1 шыққанда бойына тың күш құйылғанын сезді. Мұстафа Өзтүріктің «Осыдан жеңбей көр! Осы жерге өз қолыммен көміп кетемін!» деген үні құлағына жаңғырып, қан тамырлары арқылы бойына тарап жатқандай. Сөйтіп үш қарсыласын қатарынан бірінен соң бірін өте жылдам ұтып тастады. Алғашқы словакиялықты бір минутқа жеткізбей таза тастаса, екінші украйндықты бір «юко»2, бір «базаримен»3 тізе бүктірді. Ал үшінші италиялықты қос «юко», бір «базаримен» жеңді.

Ширек финалға шығарда Асқар ағасы қасына келді.

– Санжар, былтыр Ташкентте жартылай финалда айқасқан Махмудов есіңде ме?– деді ол. Санжар басын изеді.– Ендеше, сол да келіпті! Қазір сонымен шығасың! Ол – мықты қарсылас, бірақ сен одан да мықтысың! Ең бастысы – асықсаң да аптықпа! Аптықсаң, қателікке ұрынасың. Сақ бол! Бар!

Махмудов екеуі Фронлайтен татамиінде жан алысып, жан берісті. Былтыр да екеуі Ташкенттегі халықаралық турнирде дәл осылай шайқасып еді. Санжар онда да таза тастай алмай, бір «базариді» артық еншілеп, жеңіске жеткен болатын. Биыл Махмудов соның есесін қайтармаққа ұмтылды. Ал Санжар үстемдігімді айқын мойындатып, таза жеңсем деп үміттенген. Бірақ қалай лақтырса да, қарсыласы айналып келіп, ішімен түседі. Ақыры бір ғана «юко» артықшылығымен жеңіске жетті. Бұған да шүкір... Жеңістің аты – жеңіс!

...Түстен кейінгі жартылай финал өте қиынға соқты. Қарсыласы мажар-стандық балуан әдіс-айлаға жетік әрі өте сақ екен. Аңдысып жүріп зорға деп бір ғана «юко» алып еді, дәл уақыт бітерде есепті теңестіріп кетті. Енді кімнің жеңімпаз екенін төрешілер «Голден скор», «Алтын баға» деп аталатын уақытта ғана анықтайды. Оның шарты бойынша күші де, ұпайы да тең қарсыластың екеуінің қайсысы нәтижелі тәсіл жасаса, сол ұтады. Не екі  балуанның бірі шабуылдаған сыңай ғана танытып, шынында шабуылдамай, не қарсыласына тәсіл жасатпай жүріп алса, соған «шидо» деп аталатын ескерту беріп, қарсыласына ұпай жазып, жеңіс береді. Міне, сол жүйке сынасар сәтте мажарстандық өрен сыр беріп алып, Санжар жеңіске жетті. Көрші татамиде 60 келіде күресіп жатқан Ерасыл бір-ақ «шидо» артықшылығымен ұтылып қалыпты. Енді қолаға таласпақ.

 

 

1 – татами – дзюдо жарысы өтетін арнайы кілем, ол басқа күрес кілемдерінен қаттырақ.

2 – «юко» – дзюдо күресіндегі ең аз ұпай, қазақ күресіндегі бүк ұпайға парапар.

3– «базари» – дзюдодағы 10-мен өлшенетін ұпай,  қазақ күресіндегі жартылай жеңіске парапар.

Ал Санжар ақтық айқаста неміс баласымен белдесті. Ақтық айқасқа тек мықтылар ғана шығатыны мәлім. Бірақ сол мықты спортшының да бір осал тұсы болады. Алғашқы аңдысудан соң-ақ, Санжар оның осал тұсын сезіп қалып, төпелеу әдісімен есін шығарып, бір «юко», бір «базари» ұпайын алды. Енді осы басымдықты соңына дейін сақтаса, алтыннан алқа тағары анық. Бірақ көп ұзамай-ақ Санжар шұғыл еңкейгенде, лоқсып кетіп, аузына түсте ішкен сорпа-суанның бұрышы келгені. Сол кезде қарсыласы да бұдан бір «юко» олжалап үлгерді. Түске дейінгі белдесуді қызу талқылап отырып, тамағына бұрышты артығырақ қосып жіберсе керек. Әйтеуір енді әлгі бұрыштан жұтқыншағы удай ашып әкетіп барады. «Қап!» сақтықты ұмытып, «базариге» де түсіп қалды. «Санжар, қимылда, 20-ақ секунд қалды!» деп дауыстады Асқар ағасы. Бұл тұра ұмтылды. Бірақ қанша талпынса да, ештеңе шығара алмай, уақыт бітіп кетті. Жеңіс қарсыласында. Сөйтіп, қара басып, қолда тұрған алтыннан айырылды да қалды. Енді бұл жолы жұтқыншағы емес, өзегі удай ашыды...

Ертеңінде Алматы қалалық балалар мен жасөспірімдер құрама командасы Фронлайтеннен екі қола, бір күміспен аттанды. Екінші қоланы Ерасыл еншілеген еді. Жалғыз күмістің иесі – Санжар.

 

СЫЛБЫРЛЫҚ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ

немесе «Ұрыста тұрыс жоқ»

Бірер жылда Санжар жасөспірімдер арасындағы ел құрамасының белді мүшесіне айналды. Қатардағы мүшенің бірі емес, үш жыл бойы жан баласын алға салмаған үздік балуан болатын. Мықтылығын Азия мен Еуропаның үздіктеріне де, тіпті дзюдоның төркін жұрты жапондарға да мойындатты. Былтыр күзде Бангкокта өткен Азия біріншілігінде Какихараны «иппонмен» ұтқанда, салқынқанды жапон бапкерлерінің өзі мұның шеберлігіне тәнті екенін жасыра алмады. Өйткені Санжар төпелеу тәсілін жеріне жеткізіп, сүйікті әдістерін оң-солмен қатар жасауға әбден машықтанып алған еді. Бұрынғыдай оңқайына, оңайына жүгіріп жатпайды. «Балуанға оң-солы бір» дегендей, қай жағынан келсе де, лып еткізіп іліп алып, тастап жібереді.

Міне, бүгін тағы да жасөспірімдер арасындағы ел құрамасы таң құлан иектене Алматы әуежайынан ұшаққа отырды. Майндағы Франкфурт арқылы АҚШ-қа ұшпақ. Майамиде өтетін әлем чемпионаты – бапкерлері мен Санжардың алдын ала жоспарлаған биылғы ең басты жарысы. Әуелі ақпан айында Шымкенттегі Қазақстан чемпионатында осымен үшінші рет топ жарды. Алғашқы үштікке кірген балуандардан құралған ел құрамасының қатарында Сарағашта өткен оқу-жаттығу жиынына қатысты. Осы қазір ел құрамасының үкілеген үміті ретінде  арнайы құрылған, әбден ойластырылған жеке жаттығу жоспарымен дайындалып келе жатқан беті.

Ел чемпионатынан кейін Түркия, Испания, Чехиядағы аса беделді халықаралық турнирлер мен оқу-жаттығу жиындарына қатысып қайтты. Сол турнирлердің екі алтын, бір күміс медалін ғана емес, орасан зор тәжірибесін де елге ала келді. Әлемдегі ең басты қарсыластарымен бірнеше рет күш сынасты. Өзінің де, олардың да шама-шарқын барлады. Алғаш сонау Фронлайтендегі татамиде жеткіншектердің күресін сырттан бақылағанда-ақ байқаған – қазақ балаларының көпшілігінің қимылы сылбырлау. «Неге сылбыр болады екен?» деп қанша толғанса да, жауабын таба алмай жүретін. Өткенде әлем чемпионатына іріктеу кезінде, осы сауалға жауапты Асқар ағайларының аузынан естіді. Әншейінде салмақты, сабырлы ағайлары 50 келіге төл шәкіртін тықпалағысы келген бір әріптесіне сол күні өз пікірін дәлелдей алмай:

  • Сылбырлық қайдан шығады?– деп сұрады.
  • Ол мінезден ғой,– деді әлгі әріптесі.
  • Мінезге таласым жоқ. Бірақ сол мінездің өзі қайдан шығады?
  • Ит біліп пе?!
  • Жоқ, Жәке! Біз өйтіп қоя салмай, соның жауабын табуымыз қажет. «Ұрыста тұрыс жоқ» деп атамыз қазақ неге айтты дейсіз? Ұрыс та, күрес те – жан алып, жан беріскен майдан. Қарап тұрсаң, есең кетпей ме?! Ал сол «Ұрыста тұрыс жоқты» айтқан қазақтың баласы неге сылбыр болуға тиіс? Меніңше, сылбырлықтың басты себебі – не істейтінін білмеуден. Ал не істейтінін білмейтін баланың әлем чемпионатында атасының басы бар ма?! Ол ел намысын қайтіп қорғамақ? Әбден жаттықсын, ширасын, шыңдалсын. Қолынан не келетінін дәлелдесін. Ал дәлелдей алмаса, өз обалы өзіне. Баршаға қойылар талап – осы,– деген.  

Әттең, Ерасыл да осындай қатаң талапқа төтеп бере алмай, әлем чемпионатынан қалып қойды. Чехия сапарынан соң әдеттегідей жатақхананың  кең дәлізіндегі теледидардан бапкерлер мен балуандар төрт көзі түгел отырып, халықаралық турнирдің бейнежазбасын тамашалаған. Құрамадағы барлық балуанның белдесулері бастан-аяқ көрсетілді. Жеңгеннің мерейі тасып, жеңілгеннің мысы басылып, қызарақтайтын кезі,– осы.  Өйткені бейнежазба жай көрсетіле салмайды. Қажет тұсында тоқтатылып, бапкерлері қай балуанның  қандай мықты тәсіл қолданғанын айтып талдайды, не кімнің қандай кемшілік жібергенін көзге шұқып тұрып көрсетеді.

Дәл Ерасылдың күресі көрсетіліп жатқанда, Асқар ағайлары «тоқтат» деді.

  •  Міне, міне, көрдің бе, батыр! Қимылың тым сылбыр. Ширек финалға келген соң болдырған аттай салбырап қалыпсың. Шаршадың ба, не болды?
  •  Жоқ, ағай, шаршағам жоқ...
  •  Енді не?– Ерасыл күмілжіп, нақты жауап қата алмады.
  •  Маған осы жолғы Чехиядағы белдесулерің мүлдем ұнамады. Тосын да шалт қимыл жоқ, сылбырлық басым. Осыны саған бұрын да айтқам... Енді салмағың ауырлаған сайын ширақтығың мүлдем жоғалып барады... Әлде, ниеттен бе екен? Жә, сен екеуміз тағы да сөйлесерміз. Бүгін түстен кейін екі мен үштің арасында маған келіп кет...

Бас бапкер тың мағлұмат айтардағы әдетінше айналасына көз жүгіртті.

  •  Осы сендердің «отютют» дегенді естулерің бар ма?
  •  Жоқ! Естігеміз жоқ!
  •  Бәлкім, сәл басқаша айтылуы да мүмкін, бірақ ол маңызды емес. Меніңше, осы «отютют» қазақша ниет дегенге сәйкес келеді. Осы жиырма жылдық бапкерлік тәжірибемде мен талай-талай баланы көрдім. Талабы бар, икемі жоғы да, икемі бар, талабы жоғы да болды. «Біреу қыз алып қашады, біреу босқа қашады» дегендей, дүрмекпен жүргендер де баршылық... Туа бітті балуандыққа бейім, «дайын тұрған» балуан балалар да болады. Бірақ солардың біразы әлемің былай тұрсын, Азия, тіпті республика чемпионы да бола алмай кетеді. Неге? Оның себебі көп. Бәрін жіпке тізсем, мына бейнежазбаны бүгін көріп бітпейміз. Сондықтан мен ең бастысына тоқталайын.
  •  Меніңше, сол себептердің ең бастысы – ниет пен пейіл. Болашақ балуанның күреске деген пейілі ақ, ниеті таза болуы керек. Мені адам қылатын да, мүмкіндігімді ашатын да, көкке көтеретін де – күрес. Ендеше осыған барымды салуым керек. Мұнсыз күнім қараң. Қаншалық ыждағатпен, шын пейілмен еңбектенсем, соншалық биікке шығамын деп ойлау қажет. Бұл – ең басты шарт. Онсыз еткен еңбек пен төккен теріңнің бәрі бекер. Мысалы, біреу мақтан үшін ғана күреседі. «Ой, Пәленшекең керемет балуан ғой, бір де бір рет жауырыны жерге тимеген» деп айтсын деп. Бір рет оңбай ұтылсыншы, сол күні-ақ жүні жығылып, сүмірейіп шыға келеді. Немесе кей балуан жап-жақсы нәтиже көрсетеді де, бір жолдасы: «Өй, сен – чемпионсың ғой. Несіне қорқасың? Не бопты соншама? Жүр, жүр...» деп, азғырса, осы биікке қаншама қиындықпен көтерілгенін тарс ұмытып, жеңіл олжаға, жаман жолға оп-оңай түсе салады. Ал шын ниет, ақ пейілмен жүрсең, алдан кезігер қандай қиындыққа да төтеп бересің, қандай әзәзілге де ермейсің. Осыны мықтап еске сақтаңдар!

...Жасөспірім балуандар тым-тырыс тына қалыпты. Барлығы да өз ниеті мен пейілін іштей таразыға тартып, салмақтап жатқандай. Тек мына жерден шыға бере осы әңгіменің бәрін тарс ұмытып кетпесе болғаны.

Қателігін мойындау да – екінің бірінің қолынан келе бермес ерлік.  Ерасыл мәрт екен, әлдекімдерше әркімді бір жазғырмай, өз кінәсін бірден мойындады. Асқар ағайларымен сөйлесіп келген соң: «Дұрыс, бәрі өзімнен. Енді бар күшті келесі жылғы чемпионатқа салу керек» деді күлімсіреп. Санжар оның сырты күліп тұрғанымен, іші алай-түлей дауыл соғып, қан жылап жатқанын сезді. Өйткені келесі жылғы әлемдік сайысқа қатысу үшін бәрін қайта басынан бастау керек. Басқа амал жоқ. Іріктеу осындай қатал болмаса, нәтиже шыға ма?!

Әр нәрсені ойлап отырып, кештеу ұйықтаған Санжар Асқар бапкерінің даусынан оянды.

– Қане, балалар, ояныңдар! Жерге қонғанша, беті-қолды жуып, алдымыздағы асты ішіп алайық!– деп жатыр екен. Е, Майндағы Франкфуртқа да жеткен екен ғой.

– Сағат қанша?– деп сұрады балалардың бірі. Қасындағысы жауап қатты:

– Франкфуртша – таңғы 6, Алматыша – күндізгі 11.

Барлығы бір кісідей  таңғы астарын ішіп болғанда ұшақтың дөңгелегі жерге тиді. Санжар иллюминатордан сыртқа көз тастады. Неткен үлкен әуежай десеңші. Ғаламтордан оқығаны бар еді, бұл әуежай ірілігі жағынан Еуропада екінші орында екен. Ұшу-қону жолақтарын санай бастап еді, 15-ке келгенде бұлар мінген ұшақ бұрылып кетіп, шатасып қалды.

Бұл жолы Франкфуртта күн күлімдеп тұр екен. Тамыздың тамылжыған таңы.  Траптан түскенде балғын жүздерін таңғы самал аймалады.  «Мұнда 4 сағаттай болады екенбіз. Оған дейін Франкфурт әуежайының қуыс-қуысына дейін жаттап алуға  болатын шығар-ау» деп ойлады Санжар.

Сәске түсе әуе кемесіне қайта отырып, Майамиге бет түзеді. Әттең, осымен үшінші рет үстінен басып өтсе де, Франкфурт қаласын бір рет те емін-еркін араламай кетіп барады. Аралау қайда, тіпті,  әуежайдан ұзап шыққан да  жоқ. Әуелде жолбасшылардың бірінің «балаларды қалаға апарып қайтайық, тым болмаса спорт мұражайын көрсетейік» деп жатқанын құлағы шалған. Сөйтсе, қалаға бару  үшін де арнайы рұқсат қағазы қажет екен. Онсыз еуропалықтарды қайдам, қазақстандық транзит жолаушыларды әуежайдан аттап бастырмайтын болып шықты. Сөйтіп бақандай төрт сағаттай күту залында бос қаңтарылуға тура келді.

МАЙАМИ – КУРОРТТЫ ҚАЛА

немесе «мықты қарсылас – көзге көрінбес бапкерің»

...Жасөспірім қазақ балуандары Атлант мұхитын 10 сағатта кесіп өтіп, асқақ Америкаға да жетті. Түс ауа ұшақ Майамидің халықаралық әуежайына қонды. АҚШ-тың Флорида штатындағы әлемге әйгілі курортты қала Майами. Мұхиттың 40 шақырымдай жағалауына созылған жағажайлы, аспанмен таласқан ғимараттар мен сән-салтанатты виллаларымен көз тартатын Майами. Жерге табандары тие сала кей балалар телефондарына жармасқан. «Балалар, мұнда бар-жоғы түстен кейінгі үш болғанымен, Алматыда қазір түнгі екі. Сондықтан бүгінше елге хабарласып, шырт ұйқыдағы ата-аналарыңды оятпай-ақ қойыңдар. Ертең елдің бәрінде жұмыс» деп ескертті үлкендер.

Күн шақырайып тұр. Аңызақсыз аптап бар. Анда-санда мұхит жақтан жанға жайлы салқын леп келеді. Құрама команда автобусқа мініп, жасөспірімдер арасындағы ІІІ әлем чемпионаты өтетін гольф клубына тартты. Картадан қарағанда жарқабаққа жабыстыра салғандай көрінетін қаланың айналасында бірнеше шағын арал бар екен. Аралдар өзара көпір-жолдар арқылы байланысып жатыр. Сондай жолдардың бірімен заулап отырып, қала сыртындағы спорт кешеніне жылдам жетті. Тап-таза көшелер, биік-биік пальмалар мен гольф алаңдарының адамның шашынан арман күтілетін жап-жасыл шөптері көңіліңе айрықша қуаныш сыйлағандай. «Doral Golf Resort and Spa» деп аталатын кешеннің өзі сән-салтанатты мейманханалары мол кішігірім қалашық па дерсің. Солардың біріне Қазақстан құрамасы да жайғасты.

Түстен кейін жетсе де, құрама мүшелері бой сергітіп, айналамен танысып та үлгерді. Балалардың бәрі бірден бассейн іздеген. Сөйтсе, кешеннің үлкен ғимараттарымен бірге ол да күрделі жөндеуге жабылыпты. Ал жарыс бітпей, жағажайға баруға рұқсат жоқ. Сондықтан әзірге сәт сайын тершіп, жабысқақ, жылбысқы тартатын денеңді мұндай жайсыздықтан құтқаратын себезгі ғана...

Ертеңінде жергілікті уақытпен сағат 10.00-де әлем чемпионатының алғашқы жарыс күні басталды. Татами «Доралдың» бөлек ғимараттағы балға арналған залына жайылыпты. Бұл күні 40 пен 44 келі салмақтағы қыздар, 50 мен 55 келі салмақтағы ұлдар өзара күш сынасты. Әр елдің бапкерлері өздерінде қай салмақта бәсекелестік күшті болса, соған басымдық береді. Орыстар мен украйндар ауыр салмақтағы балуандарын қос-қостан апарса, қазақтар керісінше, жеңіл, жартылай жеңіл және орташа салмақтағы балуандарына көбірек үміт артады. Өкінішке орай қос-қостан баптап бәйгеге қосса да, бұл күнгі қандастарымыз үмітті ақтамады. Ең мықтағандары 7-8 орындарға жетіп жығылды.

Түстен кейін әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Бәсекелестіктің өте күшті екенін ағылшыншасын ұштап жүрген Санжар сонда білді: «Майамиге 80 елден ұл-қызы бар 536 балуан келіпті. Осы балуандар алдағы төрт күн бойы 16 салмақ бойынша медалдарды сарапқа салмақ. 10 ұл, 10 қыздан әкелген, Франция, Моңғолия және Ресей толық құраммен қатысуда,– деп хабарлады жүргізуші.– АҚШ, Канада және Қазақстан бір-ақ спортшысы кем құраммен келген.»

Салтанаттан соң жеке бапкері қасына келді.

– Айтпақшы, мен 55-тегі балалармен жүріп саған айтуды ұмытыппын ғой. Онда ежелгі қарсыласың Махмудов финалға өтті. Соның күресін міндетті түрде көр. Телефоныңа түсіріп ал!

Оны Санжар қалт жібермей бақылаған.

– Рахмет, аға, бәрін де көрдім. Қазір соның финалын тосып отырмын!

– Көр! Ол – мықты қарсылас. Ал мықты қарсылас – қарсылас қана емес, көзге көрінбес бапкерің. Өзің күреспегенде соның белдесуін көз жазбай бақылап, өзіңде жоқты содан үйрену керек, ұқтың ба,– деді Асқар ағасы.– Кім біледі, алдағы уақытта екеуің бір салмақта белдесуің де мүмкін ғой.

Көзді ашып-жұмғанша әлем чемпионатының алғашқы күні де өте шықты. Кешке қарай бапкері тағы бір қызық әңгіме айтты. Өзі Санжардың әкесі Сайранмен бала кезінде қарсылас болыпты. Екеуінің біреуі басқа балуанмен күресіп жатса, екіншісі соның айла-тәсілдерін көріп алып, қарсы амалдар ойластырыпты. Алғашында балалық білместікпен қарсыласты жау көріп, бір-бірін атарға оғы болмапты. Кейін есейе келе екеуі де жауласудың бәрі ақымақтық екенін түсініп, сенімді әріптеске айналған. Аса жақын араласып кетпесе де, сырттай жақсы сыйласады екен.

– Бәріміз қазақшадан бастадық қой. Кейін келе дзюдоны меңгердік. Сайран – сол қазақша мен самбодағы аса мықты қарсыласым еді. Мен одан көп нәрсе үйрендім,– деді Асқар ерекше толқи отырып. Сәлден соң ол қысқа етіп қырқылған қара шашын тарбиған саусақтарымен кейін тарап қойып:

– Ертең қасиетті жұма күні татамиге шығайын деп отырсың. Бұл да бір Алланың сыйы шығар. Біраздан бері жатар алдында дұға жасап, сенің тілеуіңді тілеп жүрмін. Өйткені ең үміт артатын шәкіртімсің, сенің жеңісің – менің жеңісім. Ана жақта әкең мен атаң да күн сайын бес уақыт намазынан соң саған дұға жасап, Алланың рахметі мен жәрдемін тілейді. Анаң да – айтты-айтпады Құдай деген адам. Оларды былай қойғанда бүкіл еліңнің де тілеуі сенің үстіңде. Ендеше, инш Алла, тілегіміз қабыл болар! Тек сенен бір сұрарым – татамиге әр шығардың алдында «биссмилаһи, рахман рахим» деші, тілің келмесе, «біссімілла» де, жарай ма? Іштен болсын айт!– деді.

– Жарайды, аға! Атам «лә, илаһа...» мен «біссімілланы» баяғыда үйреткен. Әкем де сөйлескенде бір-екі рет осылай өтініп еді. Содан бері әр істі бастаған сайын «біссімілла» деп жүрмін!

– Ә, онда тіпті жақсы! Ештеңеден кенде емессің. Елде қатарымен 3 рет топ жардың. Азияның біріншілігі мен Еуропаның кубогын ұтып алдың. Биылғы халықаралық турнирлерің анау. Ендігісі – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондығы. Иә, Алла, өзің жар бола гөр!

 

АҚШТАҒЫ  ӘЛЕМ  ЧЕМПИОНАТЫ

...Кешкісін әрнені ойлап, недәуір тыпыршып барып ұйықтаса да, ертеңінде Санжар ұйқысынан сеп-сергек оянды. Құдды мұның өзі емес, орнында басқа біреу жүргендей, қимылы жеңіл де ширақ, елгезек те елпек. Сол «басқа біреу» бұл үшін табаны жерге тиер-тиместен ұшып жүріп жуынып-шайынды, тұшынып отырып тамақтанды, мамықтай қалқып жарыс залына келді.

Ал «Доралдың» балға арналған залына кіргенде Санжар «биссмиллаһи, рахман рахим» деп, тізгінді өз қолына алды. Бірақ әлгі «басқа біреудің» қолтығынан сүйеп жүргенін де сезетін сияқты. Өз салмағындағы рейтингі жоғары болған соң ба, әлде жеребе солай болды ма, Санжар бірден екінші айналымнан бастады. Ол әлем чемпионатындағы алғашқы қарсыласы перулік жасөспірімді жарты минутқа жеткізбей алып ұрып, екінші кездесуінде украиндық балуанның алғашқы минутта-ақ жауырынын жер иіскетті. Ал ширек финалда америкалық Адонис Диасты иппонмен таза ұтып, жарыс қожайынының өрекпіген көңілін су сепкендей басты.

Түскі асқа бара жатып Санжар анасының сөзін еске алды. «Балам, көп ұзамай әкең біржола босап келеді,– деп еді осы сапарға аттанарда.– Ол келгенше, екеуміз бір-бір тосынсый әзірлейік...». Айтқандай анасы былтыр жүргізушінің курсын оқып, куәлігін алған. Енді Санжардың әкесін жеке көлігімен тосып алмақшы. Ал бұл ше!? Әкесін немен таңырқатуға болады? Ерлер арасында Азия чемпионы, әлемнің қола жүлдегері болған балуан әкесі мұның жасөспірімдер арасындағы қола не күміс медалін қомсына қояр ма екен?! Әй, қайдам...

Түстен кейінгі жартылай финалдық жекпе-жекте көңілге алғашқы алаң кірді. Өйткені қарсыласы грузин балуаны Эрекле Архозашвили биылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы болатын. Оның үстіне кейінгі жылдары шеберлігін әбден ұштаған грузин дзюдо құрамасы алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша жапондардан кейінгі 2-орында келе жатқан. Екі қарсылас әуелі «аяқпен қылыштасты». Ұстасқан күйі бір-бірін іштен шалып, іліп тартып, қырқа шалып байқасты. Ештеңе шығар емес. Сүйікті тәсілдерінен де еш пайда жоқ. Қарсыласы Санжардың дәл осы сүйікті тәсілдерін бейнежазбаға түсіріп алып, күні бұрын сонымен дайындалғандай-ақ дереу қарсы тәсілмен адымын аштырмай қойды. Әй, осы жолы қапысын таптым-ау деп, әуелете лақтырса, дереу қолын босатып алып, жауырынмен емес, ішпен түсіп үлгереді. Адам емес, мысық сияқты. Былтырғы Азия чемпионатындағы Какихарадан бір кем болсайшы. Үшінші минутта грузинді жамбасқа атып, қолын да жібермей, ұмар-жұмар үстіне құлады. Жауырынымен жартылай түскен. «Базари» шығар деп еді, «юко» берді. Екеуінде бір-бір «шидодан» бар. Әп сәтте қарсыласының ұпайы теңесіп кетуі не асып түсуі мүмкін. Тәуекел етіп, алдағы ақтық айқасты да ұмытып, төпелеу тәсіліне көшті. Қарсыласын жаңылдырып барып алып ұрып, тыпыр еткізбей «ұстап», «базари» еншіледі. Жеңіс! Бұл – ақтық айқастың жолдамасы еді.

Жарайсың, Санжар! Азаматсың!– Асқар ағасы арсалаңдап кеп құшақтай алды.– Баршамыз үшін ел жақтан өте қуанышты жаңалық бар. Ол не деп ойлайсың?  Қане, тапшы өзің...

– Көкем бе?! Көкем келіп пе?! – баланың көзі оттай жанды. Жанарындағы жарқыл айналасын нұрландырып жібергендей.

– Дәл таптың! Осы жаңа ғана Алматыдан Сайран телефон соқты. Інжу екеуі бізді  интернет арқылы тікелей эфирден көріп отыр екен. Қазір мына телефонға қайта хабарласам деді. Бара ғой. Дәлізге шығып, сөйлесіп кел!

Ел құрамасының бас бапкері Арман ағайы да, елшіліктің өкілі де құттықтап кетті. Барлығы да қуанысып: «Қоржынымызда кем дегенде күміс бар! Бірақ соны алтынға айналдыру сенің қолыңда! Біз саған сенеміз! Біз  сенімен біргеміз!» деп, қайрап қояды.

...Санжар үшін кешкі бестен кейін болған финалдық текетірес бұдан да қиынға соқты. Өйткені қарсыласы анау-мынау емес, Киевте өткен кадеттер арасындағы ІІ әлем чемпионатының күміс жүлдегері италиялық Элиос Манзи болатын. Санжар салған жерден төпелеу тәсіліне көшкен. Бірақ қарсыласы өте сақ екен. Алдырмай да шалдырмай да бұлт-бұлт етіп, шабуылды өткізіп жіберіп, мұның өзіне дәл солай тарпа бас салады. Мұндайда екі жақтың күші тең болғанда, кімнің жеңіске деген құштарлығы басым, кімнің жүйкесі мықты болса, таразы басы соған қарай ауады.

Тартысқа берілген төрт минуттың үшіншісі басталғанда Санжар сәтті тәсіл жасап, бір «базари» алған. Италиялық бапкерлер дау шығарып, бейнежазбаны қайта қарап, ұпайын «юкоға» ауыстыртқызды. Енді қарсыласы тәсіл жасағанда Санжар айналып кетіп, ішпен түссе де, кілемдегі төреші Элиостың есебіне бір «юко» жазды. Бес-ақ секунд қалған, тұра ұмтылса да ештеңе шықпады. Уақыт! Бірдеңе дей ме екен деп бапкерлеріне қараған. Асқар ағасы алақанын жайды. Қасындағы құраманың бас бапкері Арман ағайлары да төмен қарайды. Санжар әуелде аң-таң болған. Сосын есіне түсті. Бапкерлері ағылшын тілінен ақсайтын еді-ау. Тығыз шаруасы шығып, кетіп қалған ба, әлгі елшіліктің өкілі де жоқ. Иә, енді жекпе-жек тағдырын тек «golden skore» – «алтын баға» анықтамақ. «Қап, өстіп қашанғы есемізді жібере бермекпіз! Бүкіл құрамадан бір бапкерге тілді мықтап үйреніп алуға болады ғой! Ал үйренбейді екен, аудармашы жалдасын! Олар үшін спортшы неге жапа шегуі керек?» Осылай ойлауы мұң екен, қаны басына тепті. Бала кезден басының сақинасы бар еді, сәл ашуланса, сол бәле қозып шыға келіп, барлық құлшыныс-бұлқынысын жоқ қылып жіберетін...

Таңертеңнен бергі әр қайсысы төрт минуттан тұратын төрт белдесу, әсіресе, жартылай финалдағы қарсыласы грузинмен соңғы секундқа дейінгі шайқас бар күшін сарқып қойғандай, бой-бойы жер тартып, дел-сал болды. Ұйқысы қанбаған кісіше басы да сынып әкетіп барады. Жаңағы ашуланғанның кесірі-ау.  «Ой, құрысыншы бәрі!» деп, барлығына қол сілтеп, жүгіріп барып, бір қуыс тауып жата кетсе ғой шіркін деген бір жаман ой келді басына... Сол сол-ақ екен құлағына алыстан талмаусырап бір үн жетті. «Ау, Санжар балам! Сабыр, сабыр! – Қасым атасының үні екен.– Сабыр жоқ жерден береке қашады. Берекесіз жан ғана өзінің кемшілігін жуып-шаю үшін басқаға кіна артады. Одан да Абай бабаңша Патша Құдайға сиын...» Әлгі бір сәттік әлсіздігі мен бапкерлерін айыптағаны үшін баланың беті құлағының ұшына дейін қызарып кетті. Менің мұным не? Шын мықтыға тұсау жоқ емес пе?! Бүкіл ел бір саған қарап отырса, сыныққа сылтау іздемекпісің?!  

Қосымша уақыттағы белдесуді Санжар тың серпінмен бастап, үсті-үстіне төпелеуге кірісті. Сақтықты да ұмытпауға тырысты. Қарсыласы қайбір оңып тұр ғой дейсіз, әбден сілікпесі шығыпты. Санжар осылайша екі минуттай тынбай төпелегенде Элиос Манзи ес жия алмай, «базариға» түсіп қалды...

Ур-а-а, жеңіс! «Жеңіс!» Шіркін, қандай ыстық та сүйікті сөз еді. Қандай қуанышты да сүйкімді сәт еді. Санжар есі шыға қуанғанынан тұрған жерінде көкке шапшып, қарғып-қарғып алды. Тізерлеп отыра қалып, татамиге маңдайын тигізді. «Мен жеңдім, жеңдім, анашым! Әкеме тосынсыйым әзір!» деді. Содан соң атып тұрып, көзімен бапкерін іздесе, ол да қуанышы қойнына симай, қос қолын көтеріп, сұқ саусақтарымен аспанды нұсқап тұр екен. Көзінде жас. «Алла – ұлық! Аллаға шүкір!» деген белгі ғой. Санжар да соны істеді. «Иә, Жаратқан Алла! Бір пәс болсын ұмытқаныма, кешір! Саған мың мәрте тәубә! Мың мәрте шүкір!– деді күбірлеп.– Былтыр ең алғаш рет ораза тұтып, Қадыр түнін күзеткенде Сенен осы жеңіске жеткізуді және әкемнің аман-есен Алматыға келуін жалбарына сұрап едім. Қос тілегімді де бердің. Саған шексіз ризамын! Тәубә, тәубә!» Төреші қолын көтерген соң бақыттан басы айналып келе жатқан жеңімпазды Асқар ағасы жүгіріп келіп, көтеріп әкетті...

Қазақстанның Көк Туы көкке өрлегенде тұғырдың ең биік сатысында тұрған Санжардың көкірегі күйге толды. Жүрегі атқақтай соғып, көзі шоқтай  жанды. Омырауындағы алтынның нұры өңіне шауып, аққұба жүзі алаулап, нұрланып шыға келді. Ал Қазақ елінің Әнұраны шырқалғанда залдағы экраннан Санжардың бейнесін зорайтып, жап-жақын етіп көрсетті. Көкірегіндегі тебіреніс пен толғаныстан көзіне ып-ыстық жас үйірілді... Бұл – бүкіл әлем бойынша жасөспірімдер арасынан бар-жоғы үшінші рет қана өткізіліп отырған әлем чемпионаты болатын.  Ал Санжар Иманов – жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш қазақ балуаны еді.

 

х  х  х

...Әрине, балуан бала ол кезде бар-жоғы үш жылдан соң, он сегіз-ақ жасында олимпиада чемпионы болатынын білген жоқ. Сонда елмен бірге Алматы аэропортынан күтіп алған Қасым атасы: «О, құлыным, әмсе осылай абыройың асқақ, мерейің үстем болсын! Басқаны жеңуді тәп-тәуір меңгеріпсің! Енді өзіңді-өзің жеңіп, нәпсіңді ауыздықтауды үйренсең болғаны. Жеңістің ең үлкені – сол»,– деді.

Бұл тілектің мәнісін біреу ұғып, біреу ұққан жоқ.  

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған